Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы Бейсеева Нұргүл Әбдіқадырқызы Тойғанбекова Майра Шоданқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ Әдебиеті



бет7/21
Дата20.01.2023
өлшемі0.92 Mb.
#468558
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   21
treatise105772

Екінші бөлім


ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ТАРИХИ-ӘДЕБИ ПРОЦЕСС ЖӘНЕ БАЛАЛАР ПОЭЗИЯСЫ
I.I Балалар әдебиетінің қалыптасып дамуы, зерттелуі және оқулық жасау мәселесі

Қазан төңкерісінен кейін елімізде, бұрынғы Кеңес одағында ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде экономика, саясат, мәдениет пен қоғамдық ой- санада орасан зор өзгерістер болды. Бұл өзгерістер тұтас үдерісті тоқтатып, жаңа әдебиет жасауға кедергі бола алған жоқ. Сол өзгерістер дәуірінде әдебиетіміз қаншама пікірталастарды, түрлі бағыттар мен ағымдар арасындағы қызу айтыстарды басынан кеше жүріп дамыды. Жаңа әдебиет өзіне деген қалыптасқан гуманистік, демокартиялық, ағартушылық, реалистік үрдістерді сақтап, оны одан ары дамыта алды. «Қазақ әдебиеті замана, уақыт, өмір, қоғам, адам тіршілігінің пәлсапасын эстетикалық игеру бағытында халық әдебиеті мен мәдениетінің інжу-маржандарын қолданды. Қазақ халқының сөз өнеріне етене жақындығы, ерекше қабілеті белгілі. Оның дүниені эстетикалық қабылдау, бейнелеу әрекетінің аса еркіндігі, өткірлігі, шеберлігі» [27,264 б.] арқасында қазақ қоғамдық санасы жоғары көтерілді. Әсіресе, «Ташкентте топтасқан алашшыл ақын-жазушылар мен қайраткерлердің қазақ мәдениетіне 1920-24 жылдары қосқандары мәнді де сүбелі болды. Ұлттық таным-білік интернационализм жетегінде кетпей, елге қажетті біраз дүниелер шығып үлгерді, айтпақ ой-пікірге тежеу салынбады» [28,73]. Сондықтан да ХХ ғасырдың 20-жылдарында әдебиетіміз биік белестерге көтерілді, алуан түрлі ұлылы-кішілі, ірілі-уақты тарих сахнасына шықты. «Өйткені тұрмыс-тіршілік те, сана-сезім де дәуір толқынына кезікті де, ескіні қирату, жаңаны орнықтыру процесі мейлінше қатты жүрді. Бұл – бір. Екіншіден, патша заманында тұншыққан ой-пікірдің демократиялық негізде ағыл-тегіл айтылуына мүмкіндік туды. 20-жылдары ойды тежеу, сақтана сөйлеу, көрбілтелеп айту машығы болмады» [28,6 б.].


Қазан төңкерісінен кейінгі күрделі оқиғалар мен түрлі әлеуметтік қарама-қайшылықтарғы қарамастан Қазақстанда халықтың мәдениетін жоғарлату мақсатымен білім саласында айтарлықтай елеулі жұмыстар жүргізілді. Кеңес өкіметі құрылған алғашқы жылдардан бастап-ақ оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылып, балалар үшін мектептер ашумен бірге, оларға арналған оқулықтар, әдебиеттер даярлау және оны басып шығару ісі қайта қолға алына бастады.
ХХ ғасырдың басындағы балалар әдебиетінің тууына ерекше ықпал еткен жағдайлардың бірі осы оқу-ағарту жұмыстарының, баспа ісінің дамуы болды.
«Біз балалар әдебиеті дегенде оны мектептен, өнер-білім мен халық ағарту ісінен бөліп қарамаймыз. Бұлар бір-біріне тығыз байланысты. Бірін-бірі толықтырып отыратын мақсаты мен идеясы – бір нәрсе. Сондықтан балалар әдебиеті дегенде өнер-білім, мектеп еске түседі де, мектеп дегенде балалар әдебиетін қоса қабат енгіземіз» [1,111б.].
Балалар әдебиетінің пайда болуына ел ішіндегі түрлі тарихи жағдайлар, ояну, серпілу, жас ұрпақ тәрбиелеуде ұлт зиялыларының көркем сөзді қуатты құрал етіп пайдалануы үлкен ықпал етті. Осы тұрғыда А.Байтұрсыновтың: «Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізді түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегенімізге қосылмай отыр. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып қайырылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойлатын жұмыс» [29,433 б.] деген пікірінің орны бөлек.
«Қай елде болмасын әдебиеттану ғылымы ең алдымен оқулық жасаумен, мектепте әдебиетті оқытудан, тарихын жүйелеуден, үйретуден басталады» [ 28,164 б.]. Сондықтан Қазақ тілінің тазалығы үшін күресіп, бөтен сөзбен тілді былғамай, таза қазақ тілінде жазу үлгілерін көрсеткен, қазақтың көрнекті зиялылары ел мүддесі мен халық қамы үшін ағартушылық-педагогтық салада жұмыла еңбек етті. Алғаш мектептерге әліппелер, тілашарлар, тіл құралдарын жазды, кейіннен 20-30 жылдары ашыла бастаған мектептер мен жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар, нұсқаулықтар жазып, оқу құралдарын аударумен, сөздіктер құраумен айналысты. Қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері – Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Е.Омаров, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Қ.Кемеңгеров, Б.Майлин, Х.Басымов, І.Жансүгіров, Н.Төреқұлов, Т.Шонанов, Ә.Ермеков, С.Қожанов, Қ.Жұбанов, Ж.Күдерин тағы басқалар ғылымның әр саласында заман талабына сай әрі аудармашы, әрі ақын, әрі жазушы, әрі сыншы, әрі драматург болып еңбектер жазды. Қазақстанның Халық Ағарту Комиссары қызметіндегі Ахмет Байтұрсынұлының 1921 жылы 31 қаңтарда Орынборда қазақ мектептері үшін оқулық жасау мәселесіне арнап мәжіліс өткізгені туралы ақпараттық хабар «Қазақ» газетінде (редакторы М.Әуезов) жарық көрді. Бұл мақалада Ахмет Байтұрсынұлының зиялы қазақ азаматтарын мәжіліске шақырып, 1-ші һәм 2-ші буын мектептер үшін оқу құралдарын даярлау туралы кеңес ашқаны жөнінде айта келіп, мәжілісте комиссар Байтұрсынұлы төмендегі жайды баяндағанын жазады: «Бұл күнге шейін қазақ тілінде 1-ші һәм 2-ші буын мектептер үшін оқу құралдары жоқ, сондықтан қазақша оқу құралдарын жазуға, һәм тәржімалауға тезінен кірісу керек. Әдебиет пәні үшін хрестоматия құрастырып жазу ісі Сәдуақас (Сәкен) Сейфуллинге, Жүсіпбек Аймауытұлына, әдебиет теориясы М.Жұмабаевқа тапсырылады» Міне, ұлттың рухани көсемі осындай жолмен барлық қаламгерлерді, зиялы қауым өкілдерін ортақ іске жұмылдырып отырды [ 30].
А.Байтұрсынұлының 1912-1928 жылдардағы жарық көрген әліппелері, оқулықтар, жазу, емле, терминология мәселелері жазылған сыни мақалалары, М.Дулатовтың «Қирағат» (1911,1923) «Есеп құралы» (1918-1925), М.Жұмабаевтың «Педагогикасы» (Баланы тәрбия қылу жолдары) (1922,1923), «Сауатты бол» (1923), Ж.Аймауытовтың «Тәрбие жетекшісі» (1924), «Психологиясы» (1928), «Жан жүйесі және өнер таңдауы» (1926), М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927) , «Новый аул» (екі кітабы, 1929), «Жеткіншек» (1930), С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932), Омаровтың «Пішіндемесі»(1924, 1928) «Физикасы» (1930), Х.Досмұхамедовтің «Жануарлары» (1922), «Табиғаттану» (1922), «Адамның тән тіршілігі» (1927). Қ.Кемеңгеровтің «Оқу құралы» (1928), «Қазақша-орысша тілмашы» (1927), Б.Майлин «Шаласауаттылар үшін оқу кітабы» (1928), Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Сыдықовтың «Сауаттандырғыш (сауатсыздар әліппесі)», «Мұғалімдер үшін қолданба» (1933), Ғ.Мүсірепов «Қызыл әскер әліппесі» (1928), С.Қожановтың «Есептану құралы» (1924), Т.Шонановтың «Әліппесі» ( ), Ә.Ермековтің «Ұлы математика курсы» жазылды.
Қазақ зиялыларының ұлты үшін еткен осындай қыруар еңбектері туралы ғалым Т.Кәкішев атап айта отырып: «...20-жылдардың алғашқы жартысы қазақ мәдениеті үшін айрықша құнарлы болды. Ең бір айрықша айта кетер ұлы құбылыс – қазақ мектептерін оқулық, оқу құралдары, хрестоматия, әдіснама тағы басқа керек-жарақтармен қамтамасыз ету болды. Бұл мәселе Әдебиетану мен сынның олжасы ескергенде халық мұрасын жинау, зерттеу мәселесіне қатысы аздау болғанмен, қазақ танымына пайдалы екендігін ұмытпау абзал» [28,162б.], - дейді. Мектептерді оқу құралдарымен түрлі көрнекті құралдармен қамтамасыз ету «айналасы екі-үш жылдың аясында жасалғанын» [28,163 б.] айта келіп: «Осы қарқын мен жігер, ақыл-парасат екпініне қарағанда сол кезеңдегі саясат зиялылары қуғын-сүргінге салмағанда, қазақ мәдениеті орасан зор биікке көтерілері сөзсіз еді» [28.163 б.], - деп жазды.
Республикадағы қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтар Қазан қаласында бастырылса, кейіннен Орынбор, Қызылорда, Ташкентте басылып шығады.
Баспа қызметі халық ағарту комиссариатымен тығыз байланыста жүрді. Өйткені, халық ағарту комиссариаты барлық мектептер үшін оқулықтар, әдебиеттер шығару мәселесін қолға алды.
1920 жылы Түркістан Республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан арнайы құрылған Білім комиссиясына мүше болған Халел Досмұхамедов 1921 жылы Түркістан Республикасында қазақ-қырғыз комиссиясының төрағасы болып сайланды. Х.Досмұхамедов басшы ретінде бірден қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарына арнап бағдарламалар жасау, түрлі салаларда оқулық кітаптар жазу мәселесіне ерекше назар аударды.
1920 жылдан бастап мектептерге арналған арнайы оқулықтар шығарыла бастады. 1921 жылдың өзінде Білім комиссиясы А.Байтұрсыновтың «Әліппе», «Баяншы», «Тіл құрал», М.Дулатовтың «Оқу құралы», «Есеп құралы» Иса Тоқтыбаевтың «Жалпы жағрапия», «Түркістан жағрапиясы, Х.Досмұхамедовтің «Табиғаттану», «Жануарлар» кітаптарын Орта Азия мемлекеттік баспасына тапсырды.
Х.Досмұхамедов 1923 жылы Комиссия жанынан «Сана» атты журнал ұйымдастырып, оның редакторы болады.
Халел «Сана» журналын шығару себебін былай түсіндіреді: «Оқу кітабын жазып шығару қиын және ұзаққа созылатын болғандықтан білім беретін сөздерді жинақтап журнал қылып, екі айда бір шығаруды «Қырғыз-қазақ комиссиясы» қолға алды». Халел журнал шығарудағы қазақ-қырғыз білім комиссиясының міндеттерін жалпы қауымға жариялады. Олар:
1. «Ең негізінен бастап әр пәндерден түсінікті қылып жалпы білім беру: а) ғылым-қисап (математика); ә) физика, химия туралы түрлі мағлұматтар беру; дүниенің жаралуы, түзілісімен аспандағы жұлдыздармен, жердегі болатын жауын-шашын секілді өзгерістермен таныстыру; в) жануарлармен, жер жүзіндегі ағаш, шөп секілді түкпенен, тас-топырақпен таныстыру, жердің қалай жаралғанын, неден түзелгенін білдіру; г) бұрынғы өткен халықтармен, олардың мәдениетімен, салтымен таныстыру, бұрынғыдан қалған тамтықтарды қалай іздеу жайында, қалай пайдалану туралы баяндама беру; д) қай жұртта қандай шаруа бар, қандай заң бар, қандай тұрмыс тіршілік бар – сонымен таныстыру; е) жер жүзіндегі елдермен, жерлермен таныстыру; ж) санақ туралы баяндама беру, жер жүзіндегі елдердің туысының, өлімінің, оқуының, сауатсыздығының түрлі қажетіне жұмсайтын бұйымдарының санағын беру; з) адамның, малдың аурулары туралы, саулық сақтау туралы мағлұмат беру; и) хәріп тізу, баспахана түзеу, кітап бастыру, сүгірет туралы мағлұмат беру.
2. Қазақ-қырғыз жұртының тарихымен, салты, әдетімен, туған жерімен таныстыру. Өз еліміздің өткен-кеткені туралы, басынан кешкен дәуірлері туралы қолдан келгенше толық мағлұмат беру, ата-бабаларымыздың істерімен танысып, еткен жаңалықтарына күйініп, жақсылықтарына сүйініп, ғибрат алмақ адамға сана береді.
3. Қазақ-қырғыз жұртының тілімен, әдебиетімен жақсы таныстыру. Тіл-жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Тілімізді бұзбай ұстарту шарттарын қарастыру, өрнекті түрлерімен таныстыру.
4. Білім таратып, елдің қолын мәдениетке жеткізетін – мектеп, сондықтан мектептің тарихы, түрлері, түзелісі, оқуы, оқыту реттері, мұғалімдердің күй-жайы туралы, оқу құралдары, кітаптары туралы толық баяндама беріп тұру. 5. Адамның табиғаттағы бір мінезі – ойын-сауық қылып, қызықтар көруі. Салтымызға, тұрмысымызға қарай түзелген елімізде көп ойындар бар. Біздің кейбір ойындарымызға Еуропа таңқаларлық «Сананың» бір міндеті – өз еліміздегі ойындармен оқушыларын таныстыру.
«Санада» қамтылған мәселелер өзінің жан-жақтылығымен, маңыздылығымен таңғалдырумен бірге онда қарастырылған нәрселер әлі күнге өзінің құндылығн жойған жоқ.
Осы салада зор еңбек сіңірген ағартушы-ғалым А.Байтұрсынов қазақ тілінің тұңғыш әліппесін жасады. Ең алғашқы әліппе «Оқу құралы» деген атпен 1912 жылы жарық көрді. Бұл оқулық 1925 жылдарға дейін бірнеше рет басылды және оқыту ісінде біраз жылдар бойы пайдаланылды.
А.Байтұрсынов 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Мектеп керектері» деген мақаласында мектепке аса қажетті құралдардың қатарына кітаптарды жатқызды. «...Пұлға табылмайтын қазақ мектебінде қазақ тілінде оқытуға керек кітаптар.
...Қазақ бастауыш мектебінде үйретілетін білімдер мынау дедік: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кәсіп, жағрапия, жаралыс жайы. Осыларды үйретуге керек кітаптар қазақ тілінде жоқ. Міне, қазір іздесек ақшаға табылмайтын құралдар осы. Осыларды дүнияға шығару керек. Біз бұларды уақыт жетуінше қолға алып, істеп жатырмыз. Бірақ бір жағынан басы ашық мәтбуғамыз болмағандықтан, тез үлгеріп бола алмай жатыр» [29,270 б.], - деген еді.
Ахмет Байтұрсынов жазған мектеп оқулықтар 1927-28 жылдарға дейін пайдаланып келді. Ахмет қазақ тілінің, тіл білімінің негіздерін тануға, оқып-үйренуге арналған «Тіл туралы», «Тіл танытқыш», «Тіл жұмсар», «Сауат ашқыш», «Оқу құралы» еңбектерін жазды. Сонымен бірге, оның «Қазақ» газеттері беттерінде жарияланған «Оқу жайы», «Орысша оқушылар», «Қазақша оқу жайы», «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері», «Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек?» т.б. мақалалары білім беру мен оқу-ағарту мәселелеріне арналды. Міне осылардың негізінде қазақ тілі, ауыз әдебиеті, мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері туралы ойларын мектепте оқушыларға ұлттық тәрбие беру мақсатында пайдалану жолдарын көрсетті.
А.Байтұрсыновтың өмірде алдына қойған басты мақсаты – қазақ халқының, қазақ жастарының ұлттық санасын ояту, тұрмыс жағдайын жақсарту болды. Ол бар ғұмырын ағартушылық ісінің жандануына бағыштады, оқу-тәрбие жұмысын жетілдіруге арнады. Бұл мәселеден қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі, алаштың асыл азаматы Міржақып Дулатов та сырт қалған жоқ. Балаларды оқыту ісіне тікелей араласып, үлгілі жұмыстарға қосқан зор үлесін «Қирағат», «Есеп құралы» еңбектерінен және «Серке», «Қазақ», «Ақ жол», «Айқап», «Қызыл Қазақстан», «Еңбекші қазақ» газет-журналдарында жарияланған көптеген мақалаларынан көреміз.
Міржақып мұғалімдік қызмет атқара бастаған жылдары қазақ балаларына арналған оқу құралдары тым тапшы кез еді. Ы.Алтынсариннің «Хрестоматиясы» ол күнде өте қат дүние болды. 1916 жылы Орынбордағы А.Ғ.Хұсаинов баспаханасынан алғаш рет бастауыш мектепте екі жыл оқитын «Қирағат» кітабы оқу құралы басылып шықты. 1924 жылы «Оқу құралы» деген атпен қайта басылған бұл оқулыққа автор «Мұғалімдерге» деген арнайы алғыс сөз жазып, А.Байтұрсыновтың «Жол басы» деген өлеңін беташар ретінде беріпті. «Бастауыш мектепте екінші жыл оқылатын қирағат кітабы» деген автордың ескертпесі бар бұл кітап оқушыларға жеңіл, түсінікті тілмен жазылған. Жинаққа халық ауыз әдебиетінің үлгілерімен бірге Абайдың «Жазғытұры», «Жаз», «Күз» , «Қыс» өлеңдері мен «Қарға», «Шегіртке» аударма мысалдары, Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім», «Жаз» өлеңдері шығармалары, Ахмет Байтұрсынұлының «Аққу, шортан һәм шаян», «Шыжбық пен көгершін», «Бұлбұл мен есек», «Өгіз бен бақа», «Қайырымды түлкі», «Маймыл», «Қасқыр мен қозы», «Қасқыр мен мысық» т.б. аударма мысалдары, автордың өзінің «Мектепке», «Мектептен», «Шешенің балаларын сүюі», «Аяңыздар жетімді» деген өлеңдері мен бірнеше шағын әңгімелері, Әкірам Ғалымовтың «Айт күні», Сералы Еруалыұлының «Сұлу ағаш», М.Жұмабаевтың «Жазғытұры», «Туған жер» деген өлеңдері кірді. Сонымен бірге, тәрбиелік мәні зор «Айқұлақ», «Дүмпілдек», «Марламқаш» сияқты өзі құрастырып, әдістемесін жазған ұлттық ойындар балаларды ерекше қызықтырады [31].
«Қазақ әдебиетінің тарихы мен әдебиеттану жүйесі бізде орта мектепте оқу құралын жасаудан туды [32.81б.]. Осы орайда біз балалар әдебиетінің тарихы бастауыш мектептерге арналған оқулықтарды жазудан басталады десек те болғандай. Қазақ әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі, ірі қоғам, мемлекет қайраткері, ақын С.Сейфуллиннің де оқу ағарту ісіне, баспасөздің жандануына қосқан үлесі зор. 1922 жылы өткен Кеңестердің Бүкілқазақтық ІІІ съезіне Ақмола губерниясынан делегат болып қатысқан Сәкен Қазақ АССР Халық комиссариатының төрағасы болып сайланады. Ол бұл қызметте ұзақ уақыт табандылықпен жұмыс істеді. Бұл қызметте жүрген кезінде ол халық ағарту ісін назардан тыс қалдырған жоқ. Осы салаға бөлінетін қаржыны ұлғайту мәселесін халық Комиссарлары кеңесі мен ҚазОАК-нің алдына әлденеше рет қойды. Соның нәтижесінде Мәскеу, Ленинград, Қазан, Омбы, Баку, Ташкент қалаларындағы педагогикалық оқу орындарында қазақ жастарын көптеп оқыту жүйелі жолға қойылды.
1925 жылдан бастап С.Сейфуллин әдеби және ғылыми педагогикалық қызметке көшеді. Атап айтқанда, Қазақ оқу-ағарту халық комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының төрағасы, «Әдебиет майданы» журналының редакторы болды. Осы жылдары ол қазақ зиялыларымен бірлесе отырып, қазақтың ескі әдебиет нұсқаларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен шұғылданды. «Қазақ әдебиеті» (1932) кітабы – осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, орындарға республикадағы кітап баспа ісі мен баспасөзді дамыту қажеттілігі турасында хат жолдаған. Қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне белсене қатысып, әдебиетші мамандарды даярлауға, жазушы-педагогтардың алғашқы кітаптарын құрастыруға көп күш салды.
1932 жылы С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ә.Мәметова, І.Жансүгіровтің бірлесіп жазған «Әдебиетті тану» оқу құралы атты еңбегі жазылса, 1933 жылы І.Жансүгіров пен Ғ.Мұстафиннің әдебиет хрестоматиясы жарыққа шықты.
С.Сейфуллиннің Ө.Тұрманжановапен бірігіп жазған «Көркем әдебиет» (1935) атты оқулық-хрестоматиясы (5-сыныпқа арналған) сол кезеңдегі балалар әдебиетінің таңдаулы үлгілерін мектеп балаларына ұсынды.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі Смағұл Сәдуақасовтың оқу-ағарту, тәлім-тәрбие саласындағы мол мұралары арнайы зерттеуді қажет етеді. С.Сәдуақасұлының 1920 жылы жазған «Бірінші мақсұттарымыз» еңбегінде ол ең алдымен оқу ісін дұрыс жолға қою керектігіне назар аударады. «Бірінші қадам – оқу. Оқу – дүниенің айнасы. Түгелімен дүниені соның ішінен табасың» [33, 209 б.] - деген тұжырым жасайды ағартушы ғалым. Сондай-ақ ол білімсіз ұлттың теңдікке ешқашан қолы жетпейтінін ерекше ескертеді.
1925 жылы Республика Халық ағарту комиссары болып тағайындалысымен республикадағы оқу ісінің алға басуын жан-жақты ойластыра бастайды. Сол жылы «Жаңа мектеп» журналының беташар санында (1925,№1) басылымның бас мақаласы ретінде жарияланған «Халық ағарту мәселелері» атты мақаласында С.Сәдуақасұлы Халық ағарту комиссариаты алдында тұрған міндеттер мен оларды шешудің жолдарын қарастырған.
С.Сәдуақасұлының оқу-ағарту мәселесіне арнаған ең көлемді де тыңғылықты еңбегі – 1927 жылы өткен мұғалімдердің І съезінде жасаған баяндамасы: «Қазақстанда халық ағарту мәселелері».
Бұл еңбегінде қайраткер С.Сәдуақасұлы Қазақстандағы оқу жұмысының өз тұсындағы жай-күйіне, болашағына ауқымды талдау жасайды. С.Сәдуақасұлының бұл баяндамасы 25 шағын бөлімнен тұрады. Солардың ішіндегі оқу-ағарту ісіне байланысты мақалалары мыналар: «Бастауыш мектеп туралы», «Бастауыш мектептің керегін түгендеу», «Оқу құралдары және тіл туралы», «Латын қарпі туралы», «Балалар әдебиеті туралы», «Бастауыш мектептің түрі», «Пионер, комсомол туралы» т.б. Баяндаманың «Балалар әдебиеті туралы» және «Оқу құралдары және тіл туралы» ерекше атаған орынды. «Оқу құралдарын жазатын адамдардың саны бізде шағын, - дейді автор. – Ылғи оқу кітаптарын жазуға ғана – жалғыз Байтұрсынұлы. Басқа адамымыз жоқ.
...Оқу кітаптарын жазу үшін құр хат танитын болу жетпейді. Жазушы оқыту ғылымына жетік болу керек. Балалардың психологиясын білу керек. Жалпы алғанда оқымысты адам болу керек. Балалардың психологиясын білу керек. Жалпы алғанда оқымысты адам болу керек. Әйтпесе, пайда орнына зиян шығаруы мүмкін» [33, 241 б.].
С.Сәдуақасұлының бұл баяндамасының жартысы «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы 3-4 санында басылған, ал сол жылы түгелдей кітапша болып басылып шықты. Сондай-ақ оның «Жастарға жаңа жол» (1921), «Жастармен әңгіме» (1925) деген жеке кітапшалары Орынбор қаласында басылды. Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ағартушы-педагог М. Жұмабаевтың да оқу-ағарту ісіне қосқан үлесі мол. М.Жұмабаев жиырмасыншы жылдары шығармашылықпен өнімді еңбек етті. Ол 1919-23 жылдары «Бостандық туы», «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақ жол» газетінде өзінің өлең-жырларын көптеп бастырады, халық ағарту жұмысына да белсене араласады. Оқытушылық қызмет атқара жүріп «Педагогика»(1922) оқулығын жазса, 1923-27 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүріп «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы»(1925), «Сауатты бол»(1926) оқулықтарын жарыққа шығарды. Ғалымның бұл еңбектерінде оқыту мен тәрбиелеудегі ұлттық болмыс ерекше көрініс береді. Мағжанның «Педагогикасы» - қазақ топырағында жарық көрген тұңғыш педагогикалық еңбек болуымен құнды. Қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Бейімбет Майлин  сауатсыздықты толық жою ұранын алға тартты «Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабын» (1929), «Күш» деген атпен сауаттылығы төмендерге арналған оқулықты (1930), «Жаңаша оқы және жаз» құралын (1931) және Ғ.Мүсірепов және А. Ситдыковпен бірге «Сауатсыздарға арналған әліппені» (1935-36) жазып шығарды. Сол заманның зәру мәселесі – білім беру мәдениетін көтеру, мектептерге арнап оқулықтар жазу ісіне қызу араласқан алаш ардақтыларының бірі – Телжан Шонанов. Оның ғалым, әдебиетші, педагог, ағартушы ретінде жазған қыруар еңбектерінің басым бөлігін оқу ағарту ісіне, бастауыш мектептерге арнап оқулық жазуға арнады. Жаңа арнаға бет бұрған ел өміріндегі білім жолын бір жүйеге келтіріп, мектептерге оқу бағдарламасын жасаумен ерінбей-жалықпай айналысқан. Педагог ғалым сол дәуірдегі қазақтың белгілі тілші-әдебиетшілерімен тығыз байланыста болып, олармен ағартушылық бағытта келелі жұмыстар жүргізген. Мәселен, көрнекті ғалым А.Байтұрсыновпен бірге 1926 жылы үлкен хрестоматиялық «Оқу құралын» дайындап шықты. Ахаңның ана тілін мектептерге оқытуға арналған «Әліппе астары», «Баяншы», «Нұсқаушы» деген әдістемелік шығармаларына көмекші ретінде кітаптар жазды. Сондай-ақ, ол әріптестері М.Жолдыбаевпен, Г.Бегалиевпен, С.Жиенебаевтармен бірге бірқатар оқу-әдістемелік еңбектер жазуға қатысты. Т.Шонановтың «Әліппе» ( 1924), «Жаңа арна» (1924) оқулықтары бастауыш мектептің алғашқы жылдарына арналады. Оқу материалдары түсінікті болу үшін балаларға мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді, мысалдарды пайдалана отырып, оқушының білімге, оқып үйренуге деген қызығушылығын арттыру мақсатында шағын әңгімелер жазған. Онда балалардың жасына, танымына қарай оқу-білімге, еңбекке баулитын, адамгершілікке жетелейтін тағылымдық ұғымдар қамтылған.
Жүсіпбек Аймауытовтың да оқулық жазу ісіндегі еңбектері арнайы сөз етуге тұрарлық. Қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі, ақын, прозашы, драмашы, сыншы, публицист, аудармашы – Жүсіпбек Аймауытовтың артында да мол мұра қалды. Ж.Аймауытов 1919-1920 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, «Кедей таңы» газетінің редакторы болып қызмет істейді. 1920 жылы күзде Қазақстан Советтерінің Құрылтай съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АССР оқу халық комиссариатының орынбасары болып тағайындалады. 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысып, кейін «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып істейді. 1923-1924 жылдары Орынборда халық ағарту институтында, 1924-1925 жылдары Ташкент халық ағарту институтында қызмсет істеді. 1925-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында директорлық қызмет атқарды. Ол қалың қазақ қауымын надандықтан шығарудың бірден-бір жолы – елді сауаттандыру, өнер-білімге тарту деп ұғып, өзінің саналы ғұмырын, еңбегін соған бағыштады. Қызмет істей жүріп, жас ұрпақты жаңа рухта тәрбиелеуге, олардың ғылымның әр саласында жан-жақты білім алуын көздеген еңбектер оқу құралдарын жазды. Оның «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау», «Жаңа ауыл» (1926) атты зерттеулер мен оқулықтары жарыққа шықты. Жүсіпбек бұл еңбектерді жазу үстінде жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшін тәрбиешілерді психология ілімінің негіздерімен таныстыру қажет деп санап, оның адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты түсінудегі адамның өзін-өзі тәрбиелеудегі рөлін атап көрсетеді.
Жүсіпбектің 1929 жылы жарық көрген «Жаңа ауыл» деген кітабы – мектеп жасындағы оқушыларға арналып хрестоматиялық үлгіде жазылған еңбек. Балалардың ұлттық психологиялық ерекшеліктеріне ескере отырып жазылған бұл кітапқа адам, қоғам, өмір, айнала әлемнің сырын ашатын алуан өлең, әңгіме, жұмбақтар, аудармалар да енген. Балалар әдебиетінің қалыптасуына зор үлес қосқан қаламгерлер С.Сейфуллин, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Қ.Әбдіқадыров, Ө.Тұрманжанов, Ә.Тәжібаев тағы басқалармен бірге, сол кездегі баспасөзден таныс тұлғалар Ә.Байысбайұлы, Битілеу, Төлеген, Ырысқұлбек тағы басқаларының да есімдері кітаптың авторлары құрамына кірген.
Мұхтар Әуезовтің әдебиетші-ғалым әрі педагог ретіндегі келелі еңбектерінің бірі – оқу құралдарын даярлау. Қазақ балалар әдебиетінің ғылыми зерттеулеріне зор көңіл бөлген М.Әуезов - 1930 жылы шыққан тұңғыш оқулықтардың авторы. Қазақ Оқу комиссариаты білім кеңесінің шешімі бойынша 1930 жылы Қызылорда қаласында «Қазақстан шаруа мектебіне арналған программа және түсінік хаттар» деп басылып шыққан. Бұл бағдарламада шаруа жастар мектебінде қоғамтану сабағынан, химиядан, математикадан, әдебиеттен нені оқыту, қалай оқыту туралы түсініктер берілген. Осы бағдарламаның қазақ әдебиеті пәніне арналған «Суретті әдебиет туралы» деп аталатын бөлімін жазған авторлардың бірі – М.Әуезов. Жазушы бағдарламада қазақ шаруа жастарының үш жыл ішінде қазақ әдебиеті саласынан нені біліп, нені үйрену қажет екенін көрсете отырып, қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесін ұсынады. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі бұл салада оқылатын шығармалардың да нақтылы тізімін береді. Бағдарламаның оқуға жаттығу, сөйлеуге жаттығу, тіл үйрету, жазуға жаттығу сияқты да бөлімдері бар. Оқуға жаттығу деген бөлімінде автор: «Оқуға жаттығу, оқи білу дегеннің өзі де өнер, ол да тәрбиені, баулуды керек қылады. Оқығанда жазушы берген жалпы суретті ғана, жалпы мағынаны ғана ұғынарлық қылып оқу емес, сөздің барлық нәзік ырғақтарына шейін айқындатып елестетіп оқи білу керек десе» [34,107б], десе, «Сөйлеуге жаттығу» деген бөлімінде: «Бірінші жылда сөйлеуге жаттықтыру: қойған сұраққа анық, толық жауап бергізіп үйретуден басталады... ...Баланың өзін де сол жолда ойландыру керек. Онымен қатар байқаған жоспарды байланыстырып, әңгіме қылып айта білу керек [34,112 б], - дейді.
М.Әуезовтің 1930 жылы шыққан тағы бір оқулығы «Жеткіншек» (Ересек жастар мектебіне арналған) [35] деп аталады. Бұл оқулық әліппеден кейінгі екінші оқу жылына арналған. «Жеткіншек» - жаңа үлгіде жазылған қызықты оқу құралы. Бұл оқу құралы жаңа заманға қадам басқан қазақ қоғамы өміріндегі саяси құбылыстарды бейнелейтін, сондай-ақ жазушының қоғамға деген көзқарасын анық танытатын тамаша құжат. Мұхтар Әуезовтің келесі бір оқулығы 1929 жылы Қызылордада шыққан «Новый аул» [35] деп аталатын еңбегі. Бұл Мұхтардың қазақ балаларына орыс тілін оқыту үшін хрестоматия негізінде жазған оқулығы еді. Бұл оқулықтардағы әңгімелер баланың қабылдау мүмкіндіктеріне сай қарапайым оқиғалы болып келеді. Түсінуге жеңіл әрі көркем, қысқа да мейлінше түсінікті. Әліппедегі мәтіндерді, әңгімелерді оқығанда автордың педагогикалық талаптарды қатал ұстанғанын көреміз. Бұл оқулықтар Қазақстанда ағарту ісінің алғаш қалыптаса бастаған шағында көрінген тұңғыш бастама екендігімен де құнды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», - деген Мұхтар Әуезовтің балалар әдебиеті жайында айтылған өрелі ойлары мен құнды пікірлері – бізге қалдырған баға жетпес мұра. Балалар әдебиетінің негізін салып, қабырғасын қалаған ірі өкілдерінің бірі Өтебай Тұрманжановтың 20-30 жылдардағы ағартушылық қызметі аса маңызды болғаны белгілі. Ол 1925-29 жылдарда Орта Азия университетінде сабақ береді. 1929-30 жылдары Ленин атындағы Орта Азия мемлекеттік университетінде дәріс оқиды, әрі қырғыз-қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болады. 1931-35 жылдарда қазақ мемлекеттік педагогтық институтында оқытушы болып істеген ол «Әдебиет майданы» журналы мен көркем әдебиет баспасында редакторлық қызметті қатар атқарады. Ө.Тұрманжанов еліміздің мәдени өміріне, оқу-ағарту саласына барлық күш-қуатын, білімін, талантын жұмсап атсалысты. С.Сейфуллинмен бірігіп орта мектепке арнап оқулық, хрестоматиялар жазды. Бастауыш мектептерге арналған оқулықтардың жазылуы – балалар әдебиетінің қалыптасуына салынған бірден-бір баспалдақ еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет