Смағұлов Ержан Мәлікұлы Қазақтың ас беру дәстүрі: әлеуметтік-саяси қызметі


«Ас беру дәстүрінің әлеуметтік-саяси реттеушілік мәні»



бет3/3
Дата14.06.2016
өлшемі482.5 Kb.
#135860
түріДиссертация
1   2   3

«Ас беру дәстүрінің әлеуметтік-саяси реттеушілік мәні» атты үшінші тарауда дәстүрлі қазақ қоғамының саяси әлеуметтік қатынастар жүйесіндегі ас беру дәстүрінің институционалдық реттеушілік қызметі сараланады.

Ас қоғамдық экономикалық, әлеуметтік-саяси тұтастықтың мызғымастығын, бірлігі мен өміршеңдігін қалыптастырып, қамтамасыз ететін салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық жосын-жоралар жүйесінде негізгі заңдық-құқықтық инструменттердің бірі ретінде қызмет атқарғанды. Сан ғасырлар бойғы өмір сүру тәжірибесінің нәтижесінде дүниеге келіп, екшеленіп, сұрыпталып шыққан халықтық заңдық-құқықтық шығармашылығының көптеген жүйелері қалыптасып, белгілі бір уақыттық-кеңістіктік өлшемде қоғамдық қатынастарды реттеп отырған, осы халықтық ұжымдық рухани-дүниетанымдық қоғамтанушылық шығармашылығының ішіндегі салт-дәстүр жосын-жораларының арасындағы ең бастысы өлген адамды шығарып салуға байланысты қалыптасқан ырым-жоралар жүйесі болып табылады, ал оның ішіндегі ас осы шаралардың ішіндегі көптеген вариацияларының арасындағы ең маңыздысы. Ас берудің әлеуметтік идеялық негізі - тамыры терең тарихтар қойнауында жатқан ру көсемдері мен жетекшілерінің культі десек, ас осы қоғамдық ұжымдасудың әлеуметтік сатылық моделін бейнелейді, аруақ рухының осы қалыптасқан жағдайды оның (аруақтың) абстрактылы қатыстылық (діни жарнамалық) тұрғысынан санкциялануын қамтамасыз етеді. Астың абыройлы өтуі өлген адамның артын күтуші қауымның күш-қуатына тікелей байланысты. Асты кез келген отбасы ғана емес, тіпті кішігірім рулардың да өткізе алуы екі талай болған. Бұл жерде біз келтіріп отырған материалдық шығындардың орасандығы ғана асты өткізуге қолбайлау болуы мүмкін емес, ол үшін асты өткізуші елдің (рудың) руаралық қарым-қатынастар барысындағы саяси бекемдігі, беделі астың тәртібінің салт-дәстүрге сай бұзылмай өтуінің басты кепілдіктің бірі болған. Сондықтан да кейбір аз рулар астың абыройлы, дау-дамайсыз өтуін қамтамасыз өтуі үшін, өзінен үлкен, күш-қуаты мол, ірі руларға арқа сүйеп отырған. Егер ас берудің осы тәртіптері сақталмаса ас бұзылып елдің іргесі шайқалады. Мәселен, «Айман-Шолпан» жырында Көтібар-Маман бай арасындағы даудың шығуына бір себеп, ас иесі шөмекейлердің мойынға алған міндетті ақырына дейін орындай алмауы да–дау шыққан кезде өздері ара ағайындық жағдайға жарамай, әлсіздік көрсетуі–осы дағдарыстық ситуациялық жағдайдың тууына себепші болады, тығырыққа тірелген жағдай пайда болады. Бұл жағдай–шөмекей руының жалпы руаралық қарым-қатынастар иерархиясында Көтібар бастап барған шекті, Маман байдың қолдаушысы тамалардан әлдеқайда төмен тұрғанын анықтап, ас осы ақиқатты тек ашып көрсетеді, тек осы жай анықталғаннан кейін-ақ дау-шар бітіп, (ас аяқталғаннан кейін) қоғамдық, әлеуметтік-саяси қатынастардағы гармониялық қалыпты тұтастық қалпына келеді–Айман, Арыстан, Әлібек сияқты тұлғалардың іс-қимылы нәтижесінде ел арасы бітісіп, табысады.

Ал Көкетайдың асында осы дисгармониялық ситуация басқаша сценариймен ойналады. Ел тұтқасы Көкетайдың жеке ақыл парасатына тәуелді болып тұрған ел бірлігі оның әлжуаз, саяз ойлы мұрагері Боқмұрынның тұсында түгелдей қожырауға ұшырайды. Қауымдық бірлік, тұтастықтың, ынтымақтастықтың бұзылып, ас аяғы соғысқа ұласып Манастың өлімімен бітеді. «Көкетайдың асы–көк жанжалдың басы» деген сөз осыдан қалса керек.

Қазақ қоғамының саяси қатынастар жүйесін сараптағанда осы әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесінің байланыстық, анықталу қағидасының өзгеше екеніне көз жеткіземіз. Әлеуметтік тұлғалану қазақ қауымында оның ерекше патриархалдық-рулық қатынастарға негізделген, таптық жіктелуден ада ұжымдық-ынтымақтастық психологиялық қағидалардан туындайтынын көреміз. Ру–оның әр мүшесінің әлеуметтік-саяси статусын жиынтық түрде бекітіп, тұлғаландырады. Мәселен, Орталық Қазақстанда XIX ғасырдың орта шеніне қарай берілген Алтай елінің Қорысбайға берген асында, қырқын беріп, асқа сауын айтылған кезде Тоқаның іргелі елге айналған үш ата баласы Барғана, Айтқожа, Сатыбалдылар тобына осы үш отаудың біріне кіретін шаруасы да, саны да шағын отыз үйлі Елгелді асқа шақырылмайды, тіпті ата жолын сақтап «ағайын өкпеге қиса да, өлімге қимайды»-деп асқа өзі келген Елгелділерді, олардың бәйгеден екінші болып келген атына арнайы жүлде де берілмей қалады. Бірақ бәйге үшін дау болып, ас шырқы бұзылмайды. Ал осы аста астан бір жыл бұрынғы барымтада қолды болып кеткен Алтай руының кедей жігіті Жортықтың торқасқасына, асқа келмесе де (Торқасқаны ас беруші жақ барымталап алған) бәйгенің шаппай берілуін талап еткен Алтайлардан ас иелері аса алмайды олардың талабын қанағаттандырып, торқасқа атты тауып оны тынықтырғанша асқа жиналған тоғыз дуан ел (Көкшетау, Омбы, Кереку, Семей, Қарқаралы, Әулиеата, Атбасар, Ақмола) он жеті күн бойы асты таратпай бәйгені күтеді. Бұл жерде, әрине бірнеше мәселе қатар шешіледі, өткен даудың да мәселесі осымен бітіп, ел арасы бітіседі. Тіпті, бәйге жүлдесін ала-алмаған Елгелді жұрты да «Білімнің ата-анасы-бірлік» деп, «бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген принциппен, ата-баласының намысын жыртып, аруақ қасиетіне құрмет көрсетіп, ел намысын, бірлігін қуаттайды. Ас үстінде оның ішінде әсіресе аламан бәйге кезінде көптеген дау-дамайлардың орын алғаны жайында ел аузындағы аңыз-әңгімелер көп. Әрине, бұл аңыздардың шындықтан алшақтау жері болғанмен ақиқатқа жақын тұсы оның дәстүрлі қазақ қоғамының қалыпты тұрмыс-тіршілік ету формасы мен оның осы формалық бейнесінің сақталуын қамтамасыз ететін тетіктерін ашып көрсетуінде. Әрине, аңыз желісіне арқау болған оқиғаның ас үстінде орын алуы әбден мүмкін, бірақ оның қоғамдық-әлеуметтік мәндегі саяси қойылым ретіндегі сценариі ғана басқаша болуы мүмкін. Бірақ негізгі мақсаты біреу. Ол қоғамдық-саяси және әлеуметтік статустар межесін белгілеу, әрі осы қатынастарды бекітетін тетіктердің өміршеңдігін тексеру. Осы аңыздардың межесінен (финалынан) көріп отырғанымыздай әртүрлі ситуациялық (арнайы «қойылған») жағдайда қоғамдық-әлеуметтік, саяси бірлік пен осы бірлікті тұтастандырып тұрған тетіктерінің арасындағы гармониялық тепе-теңдік, сәйкестік көрініс табады, «қолдан жасалған» дағдарыстық (кризистік) ситуациялық «қойылымдар» сәтті аяқталып отырады.

Ас өткізетін рудың абырой-атағын асыратын ұлы астар ру аралық жиын, мәжіліс қызметін атқарған. Белгілі кісілердің аруағына бағышталған үлкен астарда құрылтай шақырылып қолбасшылар, батырлар сайланған. Ел қорғау жөнінде шаралар белгіленіп ру аралық талас-тартыс мәселері шешілген. Бұның бәрі тек қана практикалық мән бар есептерге байланысты ғана емес, көбінесе діни мағынада (аруақ басында) істелген шара болып табылады. Өйткені ас иесі аруақ, болып жатқан оқиғалардың қатысушысы әрі куәгері ретінде қабылданған шешімдердің бұлжымастығын бекітіп отырған. Аста қабылданған шешім мен берілген антты бүкіл халық болып жоғары бағалап, мүлтіксіз орындап отырған.

Ас беру тек қана өлген адамның туыстарына ғана тиесілі емес, жалпы сол рудың мүшелеріне, тіпті асқа арнайы келген бүкіл халықтың да мойнымен көтерер қасиетті әрі құрметті міндеті болған. Сөйтіп, осындай шаралар арқылы ел бірлігінің ұжымдық-ынтымақтастық дәрежесі айқындалған. Ас өте жоғары ұйымдасу дәстүрі бойынша өткен.

Әбілмәмбеттің асында Абылайдың, Абылайдың асында Уәлидің хан сайланып, қазақ мемлекетінің ішкі-сыртқы саяси жағдайына байланысты үлкен мәселелер шешімі тапқаны, ал Кенесарының әкесінің асы үлкен саяси шараға айналып, үш жүздің басын қосқан, қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіріп инвеституралық мәселенің шешілуін іске асырғаны тарихтан белгілі- бұл аста үш жүздің басы қосылып, Кенесарыны ақ киізге салып қазақ халқының ханы етіп көтерген.

Сондай-ақ астарда билер алдында шешуі қиын мәселелер жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы сияқты мәселелер астарда өз шешімін тапқан. Ас өткізілуі үстінде ел арасындағы шешілуі күтіліп қордаланып қалған көптеген саяси мәселелердің санында, түрінде шек болмайтын. Мәселен, 1749 жылдың 5 маусымында шекті-қырғыз батыры Бейімбеттің асында тама Есет Көкіұлы батыр, есімі жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы күресте шекті елінің ұранына айналған Төлесұлы Бақтыбай батырмен орыс отаршылдықтарына қарсы күрес ұйымдастыру мәселесін талқылаған көрінеді. Алайда осы жылдың күзінде Есеттің қайтыс болуынан Бақтыбай батыр аруақ алдындағы антына адалдықпен тек шектінің емес, күллі Жетірудың Еділ қалмақтары, түрікпен, орыстарға қарсы атамекен үшін күресін өмірінің майданда қаза болған соңғы күніне дейін басқарады.

1851 жылдың жаз айында Құнанбай әкесі Өскенбайдың асында Шу өзенінің бойынан Арғын, Үйсін елінің адамдары келіп жер дауы мәселсімен Құнанбайға жүгінген-нәтижесінде арғын, үйсін тайпаларының Шу өзені бойымен өтетін жайылым шекарасы бекітілген. Әрі осы аста Құнанбай мен Алшынбай бір-бірімен құда болысса керек.

Ақсу–Аюлы өңірінде өткен жапсар–қаракесек Есбайдың асында Бәйсеит би бастаған билер тобы Қаракесек пен Қуандық арасындағы жер дауын қарап, шекаралық белгі ата-бабадан қалған зираттар негізінде өткізілген, ағайынның араздығы біржола басылған. Бұл аста, екі үлкен ру арасында өз дәуірлерінде туындаған қақтығысулардың артын бейбітшілікке шақыру мақсатында өткізгендігін көруге болады.

1916 жылы Жетісуда Дулаттың Қасқарау руынан шыққан Сұлтан деген атқамінер белгілі кісісіне берілген аста, көп ел бас қосып, Шапырашты Дулаттың ақын, әншілері, атқа мінер ел билеушілері түгел бас қосады. Патшаның маусым жарлығынан кейін толқып тұрған ел ішінің азаматтары асқа қару-жарақтарын сайлап, ел бірлігін бекемдеп, атамекен азаттығы үшін күреске сөз байласады.

Аста кез-келген келісім аруақ алдындағы антпен, батамен бекіп, сол арқылы ол шешімдер екі жақты жасалған құқықтық акт мәніне ие болған, оны бұзу дала заңында аса зор қылмыс түрі болып саналған, әрі соған сай қоғамдық көзқарас қалыптастырып, салдары өте ауыр болған.

Ас–көшпелі қазақ елінің аса ірі руаралық ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі үйлестіру кеңесі болып табылды. Көшпелі қазақ мемлекетіне танымал беделді басшылары жиналатын құрылтайға айналды, ел үшін ынтымағы, бірлескен жауапкершілігі мол, міндетті түрде орталықтандырылған жиын болды. Ас ұлттық бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтап, ел басын біріктіруде, ішкі және сыртқы қуатын бекемдеуде орасан, зор рөл атқарды.

Жұмыстың қорытынды бөлімінде астың дәстүрлі қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси реттеушілік қызметінің ғұрыптық қасиетінен басымдық белгісі дәйектеледі. Сонымен, ас–ғасырлар бойы қалыптасқан өмір тәжірибесі мен белгілі бір экологиялық кеңістікті игеру барысындағы пайда болған экономикалық-идеологиялық жүйенің халықтық-құқықтық нормалар қалыптастыру шығармашылығының ең басты, ажырамас элементтерінің бірі болып табылады, тіпті осы нормалардың іске асуы мен өміршеңдігін қамтамасыз ететін ең басты инструменттерінің бірі ретінде жоғары инстанциялық қасиетке ие. Өйткені, өлген адамға құрмет үстіндегі берілген сөз, кесілген кесім бүкіл қоғам мүшелері үшін, олардың қандай әлеуметтік топқа жататындығына қарамастан қалтқысыз орындалуға тиісті болған. Демек ол тек қана өлген адамды шығарып салуға байланысты міндетті түрде орындалатын діни-ғұрыптық жосын-жоралар жиынтығы мен оның атқарылуы ғана емес, үлкен қоғамдық-әлеуметтік, саяси институционалдық статусы одан әлдеқайда жоғары жалпы ұлттық маңыздағы саяси форум дәрежесінде болған, дәстүрлі қазақ қоғамының құқықтық реттеу кодексі іспеттес. Негізгі қызметі қоғам өмірінің ішкі өміршеңдігін сақтаушы. Этникалық құндылықтарды жаңғыртып отыру мен нормалардың күш-қуатын арнайы ұйымдастырылатын шиеленісті ситуацияларды туғызу арқылы қоғамның қалыпты жағдайын сақтап, реттейтін тетіктерін тексеру арқылы этностың динамикасын қамтамасыз етеді. Осы қоғамдық-әлеуметтік қатынастарды реттеушілік қызметін XX ғасырдың 20-жылдарына дейін сақтады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Уәлиханов Ш. Ш. Көкетайдың ертегісі // Уәлиханов Ш.Ш. Таңдамалы. 2-бас. –Алматы: Жазушы, 1985. 259–346–бб.

2 Радлов В. В. Из Сибири. Страницы из дневника / Пер. с нем. К.Д. Цивиной и В.Е. Чистовой / Прим. и послес. С.И. Вайнштейна. –М.: Наука, 1989. –С.315–319.

3 Бөкейхан Ә.Н. Таңдамалы. Избранное. –Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. 333–336 –бб.

4 Халид Қ. Тауарих хамса (Бес тарих) / Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. –Алматы: Қазақстан, 1992. 179–185–бб.

5 Көпеев М. Ж. Таңдамалы шығармалары: Екі томдық. –Алматы: Ғылым, 1992. Т.2. –84–90 бб.; Көпейұлы М. Ж. Қазақ шежіресі. –Алматы: Жалын, 1993. 76–б.

6 Руденко С. И. Очерк быта северо-восточных казахов // Казаки. Сборник статей археологических отрядов казахских степей. –Вып. 15. –Л.: АН СССР, 1930. –С.54–58.; Руденко С. И. Культура населения Горного Алтая в скифское время. М–Л: Изд. АН СССР, 1953. –С.341.

7 Фиельструп Ф. А. Из обрядовой жизни киргизов начала XX века. –М.: Наука, 2002. –С.98–181.

8 Марғұлан А. Х. Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана / Cоставители: Д.А. Маргулан, Д. Маргулан // Марғұлан А.Х. Сочинение. В 14-томах. Т.1. –Алматы: Атамұра, 1998. –С.386–390.; Марғұлан Ә. Х. Археологическая разведка в Центральном Казахстане (1946)
// Изв. АН КазССР. Серия историч. 1948. Вып. 4. –С.122.; Марғұлан Ә. Х. Ежелгі жыр-аңыздар. –Алматы: Жазушы, 1985. 368–б.; Марғұлан Ә. Х. Қорқыт туралы жазбалар // Қазақ әдебиеті –Алматы, 1982. –№46.; Марғұлан Ә.Х. Шоқан және «Манас». –Алматы: Жазушы, 1971. 164–б.

9 Арғынбаев Х. А. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи этнографиялық шолу). –Алматы: Ғылым, 1973. 107–144–бб.

10 Ақатаев С. Күн мен көлеңке (ғылыми-танымдық аңсар). –Алматы: Жалын, 1990. 168–173–бб.; Акатай С. Древние культы и традиционная культура казахского народа. – Алматы: КазНИИКИ, 2001. –С.266–280.

11 Толеубаев А. Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов (XIX-начало XX в. ). –Алма-Ата: Ғылым, 1991. –С.118–137.

12 Аджигалиев С.И. Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана(на основе исследования малых форм). –Алматы: Ғылым, 1994. –С.167–171.; Ажигали С.Е. Архитектура кочевников–феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). –Алматы: Ғылым, 2002. –С.434–439.; Ажигали С.Е. Основные особенности погребально-поминальной обрядности казахов Жетысу // Жетісу тарихы мен мәдениеті. Қазақстан халық батыры – Қаракерей Қабанбайдың 300 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция материалдары. 2 кітап. –Талдықорған, 1992. 108–б.

13 Артықбаев Ж.О. Қоғам және этнос (XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік құрылымы). –Павлодар, 2004. 40–50–бб.; Омари Жамбыл. Бұхар жырау (он екі тарих). –Қарағанды, 1994. 331–332–бб.; Артықбаев Ж. О. Казахское общество в XIX веке: традиции и инновации. –Караганда, 1993. –С.197–207.

14 Әлімбай Н. Қазақтың дәстүрлі тіршілік циклінің салт-жоралғыларының теориялық мәселелері жөнінде (этносемасиологиялық аспект) // Этнокультурные процессы на территории Казахстана (древность, средневековье, современность). –Алматы: Санат, 1995. 123–127–бб.; Алимбай Н. Казахский ас как модель мира кочевой культуры. (К семиотике одной из форм ритуального моделирования действительности у кочевников) // Всесоюзная научная сессия по итогам полевых этнографических и антропологических исследований 1988-1989 гг. Тез. докл. в 3-х частях. –Ч. 2. –Алма-Ата, 1990. –С.79–81.; Алимбай Н. Община как социальный механизм жизнеобеспечения в кочевой экосистеме // Алимбай Н., Муканов М.С., Аргынбаев Х. Традиционная культура жизнеобеспечения казахов: Очерки теории и истории. –Алматы: Ғылым, 1998. 234 с.

15 Геродот. История в девяти книгах / Пер. с греч. Г.А. Стратановского. –Л.: Наука,1972. Кн.1. 600 с.; Геродот. История в девяти томах / Пер. с греч. – Ф.М. Мищенко. –М., 1888. Кн.4. 391 с.; Геродот. Страна скифов.–Алматы: Изд. Дом «Кочевники», 2003. 168 с.; Иордан. О происхождении и деяниях гетов «GETІCA» / Вступ. статья, пер. коммен. Е.Ч. Скрижинской. –2-е изд. исправ. и допол. –СПб: Изд-во. Алетейя, 2001. –С.109–111.; Бичурин Н. Я. (Иакинф). Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена / Ред. текста, вступит. ст., комм. А. Н. Бернштейна и В.Н. Кюнера. т. I. –М.-Л., 1950. 390 с.; Әл-Мұхтадирдің Бұлғар патшасына жіберген елшісі Ахмад ибн Фадлан, ибн-Аббас, ибн Рашид, ибн-Хаммадтың кітабы // Атамекен (Жинақ) / Құраст.К. Боранбаев. –Алматы: Жалын, 1992. 45–79–бб.; Карпини, Джиованни дель Плано. История монголов.; Рубрук, Гильом де. Путешествия в восточные страны / Под ред. Н.П. Шастиной. –М.: Географиц , 1957. 272 с.

16 Спасский Г. И. Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой орды
// Сибирский вестник. Ч.X. –СПб., 1820. –С.262–263.; Броневский С. Б. Записки генерал-майора Броневского о киргиз-кайсаках Средней Орды // ОЗ.
–СПб., 1830. Ч.44. –С.203–204.; Левшин А. И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. –Алматы: Санат, 1996. –С.339–342.; Плотников В.Н. Поминки (Ас). Этнографический очерк из быта Зауральских киргизов // ЗООРГО. Вып. 1. –Оренбург, 1870. –С.137–150.; Ибрагимов И. Очерки быта киргизов // Древняя и новая Россия. –СПб., 1876. Т. III. –С.51–63.; Гродеков Н. И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Т. 1. Юридический быт. –Ташкент: Типо-Литография С.И. Лахтина, 1889. 398 с.; Алтынсарин Ы. Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі // Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. –Алматы: Ғылым, 1994. 158–162–бб.; Смирнов Е. Султаны Кенесары и Садык. –Ташкент,1889. –С.7–8.; Путинцев Д. Некролог воспоминания о покойном Мусе Чорманове // Акмолинские областные ведомости 1885. –№ 38, 39.; Леваневский М.А. Очерки киргизских степей (Эмбинского уезда)
// Землеведение.1894.Т.I.Кн.2. –С.91.; Русская земля: природа страны, население и его промысел / Состовитель Н. Благовидов. –М., 1904. 91–б.; Фон-Герн Вл. Из записной книжки // Памятная книжка Семипалатинской области на 1898 г. –Семипалатинск, 1898. –С.91.; Ивановский А. Киргизская байга
// Азиатская Россия. Иллюстрированный географический сборник / Сост.: А. Крубер, Д. Барков, С. Григорьев, С. Чефранов. – 4-е издание. –М., 1910. –С.45–79.

17 Диваев А. А. Древнекиргизские похоронные обычаи // ИОАИЭ. –Казань, –Т. XIV. Вып. 2. 1897–1898 гг. –С.45–79.; Диваев А. А. Похоронный обряд киргизов // Народный университет. –Ташкент,1918. –№ 45.; Диваев А. А. Древние игры киргизской молодежи // ТВ. 1907. –№ 54.; Диваев А. А. Киргизские причитания по покойнику. I. Киргизский текст причитания. II. Русский перевод причитания // ИОАИЭ. –Казань, 1898. Т. XIV. Вып. 5. –С.45–79.

18 Шарипов С. Екі томдық шығармалар жинағы. 2-т. –Алматы: Жазушы, 1982. 295–299–бб.

19 Казахско-русские отношения в XVIII-XIX вв. (1771–1867 годы): Сборник документов и материалов. –Алма-Ата: Наука, 1964. –С.103–106.; Цинская империя и Казахские ханства: Вторая половина XVIII- первая треть XIX вв. –Алма-Ата: Наука, 1989. Ч. 2. –С.103–106.

20 Ақышев К. А. Ертедегі ескерткіштер елесі. –Алматы: Қазақстан, 1976. 38–б.; Ақышев К. Қазақ мемлекеті: эволюциясының басталуы мен даму кезеңдері. Сақтар мен үйсіндер мемлекеті // Қазақ тарихы. –Алматы, 1994. –№ 3. 9–12–бб.; Қадырбаев М. К. Памятники тасмолинской культуры // Древняя культура Центрального Казахстана / Маргулан А. Х., Акишев К.А., Қадырбаев М. К., Оразбаев А. М. / Под ред. А.Х. Маргулана. –Алма-Ата: Наука, 1966.
–С.309–310.; Сорокин С.С. К вопросу о толковании внекурганнных памятников ранних кочевников Азии // Археологический сборник / Под. ред. Б.Б. Пиотровского. –Л.: Гос.Эрмитаж, 1981. Вып. 22. –С.23–39.

ДИССЕРТАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ БОЙЫНША ЖАРИЯЛАНҒАН

МАҚАЛАЛАРДЫҢ ТІЗІМІ

1. «Тайлақ тарту» немесе «қыз сыны»: қазақтың ас беру дәстүріндегі алатын орны // Этнос және қоғам, тарихи этнологиядағы әдіс, дерек әлеуметтік институттар мәселелері. Ғылыми еңбектер жинағы. –Қарағанды: ҚарМУ, 2003. 82–87–бб.

2. Қазақтың ас беру дәстүрі: шығу тегі // Қазақ тарихы, 2004.–№1.33–42–бб.

3. Ас берудің астарлы сипаттары // Қазақ тарихы, 2004. –№3. 35–40–бб.

4. Ә.Х. Марғұлан зерттеулеріндегі тарихи сабақтастық (ас беру дәстүрі негізінде) // Академик А.Х. Марғұланның 100 жылдығына арналған «Көшпелілер өркениеті мен рухани мәдениетінің тарихи» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. –Павлодар: С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2004. 78–94–бб.

5. Ас беру дәстүрі // Дала мен қала. –Алматы, 2004. –№24. 16–б.

6. Ас беру дәстүрінің зерттелу тарихи // Қазақ тарихы, 2004.–№5. 35–44–бб.

7. Ас беру дәстүрінің саяси реттеушілік қызметі // Өлкетану. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми–көпшілік журналы. –Павлодар, 2004. –№2. 15–36–бб.

8. Қазақ қоғамын реттеуші дәстүр // «Қазақстан жалпы адамзаттық тарихи ойлау аясында» атты халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары. 25–26-мамыр 2005ж. –Алматы: Қазақ университеті, 2005. 519–523–бб.

9. Ас беру дәстүрінің тарихи мәні мен маңызы // «Қазақстан жалпы адамзаттық тарихи ойлау аясында» атты халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары. 25-26-мамыр 2005 ж. –Алматы: Қазақ университеті, 2005. 527–529–бб.

10. Ас беру дәстүрінің қоғамдық тарихи реттеушілік қызмет // «Тарихшы және тарих: Қазақстандық тарих ғылымдарының–Тар жол, тайғақ кешу» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. –Павлодар: С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2005. 547–556–бб.

11. Көне және орта ғасырдағы ас беру дәстүрі // «Тарихшы және тарих: Қазақстандық тарих ғылымдарының–Тар жол, тайғақ кешу» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. –Павлодар:


С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2005. 596–612–бб.

12. Ақсақалдар кеңесі және асқа сауын айту // Қазақ тарихы, 2005. –№4. 52–56–бб.



13. Ас // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1-том: біртұтастығы және ерекшелігі / Құраст. С. Әжіғали. –Алматы: Арыс, 2005. 245–263–бб.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет