СманқҰлова жанат ерекенқызы қазақстан республикасындағы кәсіби лицейлер мен колледждердің Қалыптасу және даму тарихы



бет1/5
Дата12.06.2016
өлшемі0.84 Mb.
түріДиссертация
  1   2   3   4   5
ӘОЖ 377.5 (574) «1991/2007» Қолжазба құқығында


СМАНҚҰЛОВА ЖАНАТ ЕРЕКЕНҚЫЗЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КӘСІБИ ЛИЦЕЙЛЕР

МЕН КОЛЛЕДЖДЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУ ЖӘНЕ ДАМУ ТАРИХЫ (1991 – 2008 ж.ж.)
07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесiн алу үшiн

дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазіргі заман тарихы және ғылыми ақпараттар бөлімінде орындалды.





Ғылыми кеңесші:

тарих ғылымдарының докторы, профессор Күнхожаев Н.Р.



Ресми оппоненттері:

тарих ғылымдарының докторы,

профессор Садуақасова З.Т.


тарих ғылымдарының докторы, профессор Байсарина Қ.Қ.
тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахметов Қ.А.



Жетекші ұйым:

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты

Диссертация 2010 жылы «27» тамызда сағат 14.00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы « » таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева



КIРIСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасындағы кәсіби лицейлер мен колледждердің 1991-2008 жылдардағы қалыптасу және даму тарихын, яғни Қазақстан мемлекетінің бүкіл құрылымы түбірімен қайта құрылған кезеңдегі бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандар дайындау ісін зерттеуге арналған.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бір қоғамдық құрылым екіншісіне ауысқанда оның саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-рухани өмірін жаңа уақыт талабына сәйкестендіріп бейімдеу объективтік қажеттілікке айналады. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1992 жылы жарық көрген «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты еңбегінде тұжырымдалды және бүкіл халықтың қолдауына ие болды. Қоғамды түрлендірудің бір бағыты республикамыздағы білім және ғылым саласы. Соған сәйкес, еліміз тәуелсіздік алысымен, халықаралық стандартқа және нарық қатынастарының талабына бейімделу үшін бұрынғы кәсіби-техникалық училищелер мен техникумдардың атаулары кәсіби лицейлер және колледждер деп өзгертілді. Екіншіден, олардың бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандарды дайындаудағы міндеттері айқындалды. Бұл шындық. Себебі, нарық жағдайында кәсіби оқудың сапасы мен құрылымы, болашағы жеке меншік иелеріне байланысты болатыны белгілі [1,3-б].

Мемлекет меншігіндегі нысандардың барлығы жаппай жекешелендірілді. Ондай жағдайда жұмыс берушілер мен кәсіби оқу орындарының арасындағы қарым-қатынасты реттеу, еңбек нарығы талабына сәйкестендіру объективтік қажеттілікке айналды. Зерттеп отырған проблеманың өзекті болуының бір себебі осында жатыр.

Қазақстан Республикасы кеңестік кезеңде өз экономикасының қай саласының тиімді екендігін ажырата алмады. Оған оның құқығы да болмады. Себебі, бәрін орталық шешті. Республика шикізат шығарушы ел ретінде ғана қаралды. Зерттеу жұмысының өзектілігі міне осы мәселеге де байланысты.

Тәуелсіздігін алған 19 жылдың ішінде Қазақстан экономикалық және әлеуметтік дағдарысты жеңіп, шикізат шығарушы елден жаңа технология еліне айнала бастады. Ел Президентінің бастамасымен индустриалды-инновациялық бағдарлама жасалып, оны іске асыру шаралары қолға алынды. Сонымен қатар республика халқына экономикасы дамыған 50 елдің қатарына ену бағдарламасы да жарияланды.

Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың тең мүшесіне айналып, АҚШ, Қытай, Франция, Германия, Англия, Корея сияқты дамыған елдердің ғылыми-техникалық серіктесіне айналды. Аталған елдер біздің мемлекетіміздің болашағы зор екенін мойындады. Міне, осы аталған стратегиялық міндеттер халыққа қызмет көрсетудің барлық салалары үшін бәсекеге қабілетті жұмысшылар және мамандарды дайындауды талап етті. Олардың білімі, икемділігі, қабілеті халықаралық стандартқа сәйкес келуі заңдылыққа айналды. Біз зерттеген ғылыми жұмыстың өзектілігі де осы талаптан туындап жатыр.

Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев, «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт», [2] – дейді. Одан соң «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты 2007 жылғы Жолдауында, «Еңбек нарығының даму серпіні мен келешегіне сәйкес келетін білім беру мен кәсіптік қайта даярлаудың халықаралық стандарттарынан қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат қажет» екендігін он жетінші бағыт деп тұжырымдаған болатын [3].

Қазақстан Республикасының Президенті 2008 жылғы 1 шілдедегі № 626 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасын» бекітті. Онда бұл жүйенің қазіргі жай-күйі, оны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктері, оның материалдық-техникалық базасын жаңарту, жүйеде даярланатын жұмысшылар мен орта буын мамандарының бәсекеге қабілеттілік сапасын көтеру, басқару мен қаржыландыруды жетілдіру мәселелері қамтылды. «Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту ұсыныспен емес, сұраныспен айқындалатын болады. Бағдарламада кадрларды даярлау мен олардың бәсекеге қабілеттілік сапасын қамтамасыз ететін техникалық және кәсіптік білім берудің моделін қалыптастыру болжанады», - делінген құжатта [4].

Өз еліміздегі орта кәсіби білімі бар мамандарға жағдай жасауымыз негізгі қажеттілікке айналды. Еліміздің экономикасына өзіндік үлес қосып жатқан да осы орта кәсіби білімі бар мамандар. Өйткені олардың көпшілігі болашақта теориялық жолмен емес, нақты іс жүзінде жұмыс істейтіндер. Дамыған елдермен бәсекеге түсу үшін де, ДСҰ-ға кіру үшін де технологиямыз мықты болуы керек. Мысалы, Қытай мемлекеті технологияны жақсы дамытқандықтан кез келген елмен әлеуметтік-экономикалық бәсекеге түсе алады. Оларда орта кәсіби білімі бар мамандарға барлық жағдай жасалған. Сондықтан өздерінің өнімдерін сыртқы рынокқа ұялмай шығара алады.

Зерттеу жұмысы барысында еліміз тәуелсіздік алған, 1991-2008 жылдар аралығында қалыптасып дамыған колледждер мен лицейлер тарихын тарихи материалдар мен құжаттық негізде саралап зерделеу диссертациялық еңбектің өзектілігін аңғартады.

Қоғамдық қатынастардың жаңа жүйесіне көшкеннен бері орта оқу орындарын бітірген маман жұмысшылар нарықтық жағдайға бейімделе отырып, еліміздің экономикасын өрістетіп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосты.

Экономика саласына аса қажетті бірден-бір мәселе – еңбек нарығындағы сұранымды анықтау, кәсіби лицейлер мен колледждерде соған сәйкес маман дайындаудың жолдарын көрсете отырып, оларды келешекте қажетті салаға жұмысқа орналастыру болып табылады. Ол үшін кәсіби лицейлер мен колледждерді мамандарды оқытуға лайықтап, өндіріспен тәжірибе алмасу барысын ұйымдастыру, оларды оқуға қажетті жабдықтарымен қамтамасыз ете отырып, осы оқу орындарына лайықты ұстаздар дайындау және оқушылардың үлгерімін, кәсіпті игерудегі икемділіктерін арттыру, бағалау жұмыстарын жүзеге асыру басты міндетке айналды. Міне, кәсіби деңгейі жоғары жұмысшылар мен мамандар дайындаудың басты талабы осы.

Жұмыс берушілер өз тарапынан оқу орындарымен әлеуметтік серіктестік қатынасты нығайтуға, оқытудың мазмұнын және технологиясын жаңғыртуға, оларды кәсіпорындардың өскелең талабына бейімделуге, шәкірттерді еңбек нарығының талабына сәйкес дайындауға жағдай жасайды. Сондықтан тәуелсіздігімізді алғаннан бергі кәсіби лицейлер мен колледждердің қалыптасу мен даму тарихын жаңа талап тұрғысында зерттеу отандық тарихнамаға қосқан үлес болып табылады. Қазір еліміз 2010-2020 жылдарға арналған жаңа экономикалық Бағдарламаны іске асыруға кірісті. Ол үшін кәсібі жоғары жұмысшылар мен орта буын мамандарын дайындау кезек күттірмейтін міндетке айналып отыр. Ондай мамандарсыз жаңа технологияны енгізу мүмкін емес.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. 1991-2008 жылдардағы Қазақстан Республикасындағы кәсіби лицейлер мен колледждердің қалыптасу және даму тарихы тарихшылар тарапынан зерттелген жоқ. Кәсіби лицейлер мен колледждер экономикалық, философиялық, педагогикалық ғылымдардың тұрғысынан ғана зерттеу нысаны болған.

Жалпы тәуелсіздігімізді алғанға дейін кәсіби-техникалық білім жүйесін зерттеу барысы 60-70 жылдары қолға алынып, нәтижесінде бірнеше ғылыми еңбектер жарық көрді. Бұл ретте Ф.К. Михайлов, Т. Қожамқұлов, М.Х. Асылбеков, С.Б. Нұрмұхамедов, Н.Г. Пан және т.б. ғалымдардың маман жұмысшыларды дайындау барысына, жас жұмысшыларды оқыту мен тәрбиелеуге байланысты іс-шаралар жайында жазған еңбектерін атап өтуімізге болады.

70-жылдары кәсіби-техникалық оқу орындарының тарихы ғана емес, оның теориялық, педагогикалық негізі туралы да бірнеше ғылыми еңбектер өмірге келді. Академик С.Я. Батышев, К.А. Айманов, К.Б. Балахметов, Л.З.Рүстемов және т.б. ғалымдар жұмысшы мамандығын алып жатқан жастарға педагогикалық тәрбие бере отырып, технологиялық процестердің мазмұнын түсіндіруге, аналитикалық ойлаудың қажеттелігіне, оларды ұйымдастырудың механизмдеріне де назар аудару керектігін ғылыми түрде негіздеген.

70-80 жж. кәсіптік-техникалық оқу орындарында мамандар даярлау барысы мен осы даярланып шыққандарды өндіріс орындарына немесе ауылшаруашылығына жұмылдыру, ғылыми-техникалық прогресстің жастарды оқытуда тигізген әсері С.М. Сүлейменов, Н.А. Гуляев, А.Г. Сармұрзин, Т.В. Шегай, Н.Р. Күнқожаев, Э.А. Түркебаев, Р.Т. Садықов, С.Бектұров, М. Құлбеков, М.Ж. Тәшенов, С.Қ. Жақыпбеков, М.Қ.Қойгелдиев және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты сараланып көрсетілді.



Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін қажетті өндіріс орындары, ауылшаруашылығы, мәдениет пен спорт, өнер саласына қажетті мамандар дайындау мәселесіндегі кәсіби оқу орындарының рөлі мен орнына арнап А.К. Асарбаев, С.Х. Байділдина, Ж.Е. Сманқұловалар кандидаттық диссертация қорғады.

Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Диссертациялық жұмыста Қазақстан Республикасының Заңдары мен Заң актілері, мұрағат құжаттары, республикалық, облыстық мерзімді басылым материалдары, тақырыпты ашатын ғылыми, саяси, педагогикалық еңбектер, статистикалық құжаттар дерек ретінде пайдаланылды. Кәсіби лицейлер мен колледждерге қатысты Қазақстан Республикасының Заң актілері, оның ішінде 1992-2001 жж. аралығындағы «Білім туралы» Заңы және оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, ҚР-да білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Бағдарламасы, Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы кеңінен қолданылды.

Диссертациялық жұмыстың деректік негізі ретінде Қазақстан Республикасы Президенті мен Орталық мемлекеттік мұрағаттары және Алматы қаласы, Алматы облысы және Талдықорған облыстық мұрағат қорларының құжаттары алынды.

Жұмыстың мақсаты мен міндетін ашуда ҚР Президенті мұрағатының (ҚРПМ) Қазақстан Коммунистік партияның Орталық комитеті (708-қ.), ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының 1137, 1692, 1720, 1721, 1890, 1982, 2253, 2265, 2270 қорларының, сонымен қатар Алматы облысы мұрағатының 499 қорының, Талдықорған облысы мұрағатының 2250 қорының кәсіби лицейлер мен колледждерге қатысты құжаттық деректері талдауға алынды.

Диссертациялық зерттеудің келесі деректік негізін Қазақстан Республикасының түрлі ақпарат құралдары құрайды. Республикалық, облыстық «Алматы ақшамы», «Орталық Қазақстан», «Қазақстан мұғалімі», «Семей таңы», «Атырау», «Оңтүстік Қазақстан», «Жетісу», «Жас Алаш», «Президент және халық», «Заң», «Ақтөбе», «Арқа ажары», «Қазақ елі», «Астана хабары», «Қазақстан кәсіпкері – Профессионал Казахстана» және т.б. мерзімді басылымдарда жарияланған кәсіби лицей мен колледждердің қалыптасуы мен даму жұмысына қатысты шыққан мақалалар кең қолданысқа енді.

Кәсіби-техникалық оқу орындарына байланысты қабылданған үкімет шешімдері мен қаулы-қарарлары, деректі материалдар мен Республика Президентінің халыққа Жолдаулары зерттеу жұмысында пайдаланылды. Мәселен, диссертация барысында Елбасының «Қазақстан ғасырлар тоғысында», «Қазақстан-2030», «Жаңару стратегиясы», «Қазақстан дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында», «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» (2007 жылғы халыққа Жолдауы), 2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты», «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» (6 наурыз 2009 жылғы халыққа Жолдауы) атты Жолдаулары кәсіби білім жүйесін дамыту мәселелерін айқындауда үлкен көмегін тигізді.

Зерттеудің нысаны. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі республикадағы кәсіби лицейлер мен колледждердің қалыптасу тарихы мен дамуына және онда маман жұмысшыларды даярлау барысына тарихи талдау жасау.

Зерттеудің пәні. Кәсіби лицейлер мен колледждердің нарықтық экономика, еңбек нарығы талабына сәйкес бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта буынды мамандар дайындауын ғылыми қорытындылау.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысы республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіби лицейлік және колледждік білім жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихын тарихи, теориялық, әдістемелік және деректемелік негізде қарастыра отырып, объективті түрде бағалауды мақсат тұтады.

Осы мақсатты іске асыру үшін төмендегі міндеттер қойылды:

- Қазақстан лицейлері мен колледждерін қалыптастырудың алғы шарттарын анықтау;

- Қазақстанда лицейлер мен колледждердің қажеттілігін нақтылаудағы көзқарастарға талдау жасай отырып, баға беру;

- колледждер мен лицейлерге қатысты үкіметтің қаулылары мен шешімдерінің мәнісін айқындай отырып, бұл оқу орындарын дамыту қажеттілігін дәлелдеу;

- лицейлер мен колледждердің дамытудың бағыттарын нақтылау;

- техникалық және кәсіби білім саласы жүйесіндегі бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандарды дайындаудың түрлері мен тәсілдерін анықтай отырып, жүйелеп көрсету;

- экономиканың әрбір салаларына қажетті кәсіп иелерін дайындаудағы колледждер мен лицейлердің рөлін көрсету;

- дағдарыс жылдарында кәсіби оқу орындарының қиыншылықтарын көрсете отырып, нарықтық экономика талабына бейімделуін дәйектеу;

- лицейлер мен колледждердің материалдық-техникалық базасының жағдайын және оны әлеуметтік серіктестердің қатысуы арқылы нығайтудың шараларын зерделеу;

- бәсекеге қабілеттілікті іске асырудағы лицейлер мен колледждердің білім беру түрлері мен тәсілдерін талдау, әлемдік стандартқа сәйкестігін анықтау;

- лицейлер мен колледждердің инженер-педагог кадрлармен қамтамасыз етілуін және олардың біліктілігін көтеру ісін анықтау және ғылыми баға беру.



Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Бұл жұмыс теориялық және әдістемелік тұрғыда 1991-2008 жылдар аралығындағы колледждер мен лицейлердің қалыптасу мен дамуын алғашы рет кешенді ғылыми негізде қарастырады. Жұмыс барысында еңбектің мынадай маңызы мен жаңалықтарын атап көрсетеміз:

- Қазақстан лицейлері мен колледждерін қалыптастырудың алғы шарттары жаңа методологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, жүйелі түрде тарихнамалық талдау жасалынып қарастырылды;

- алғаш рет лицейлер мен колледждердің қажеттілігіне қатысты туындаған пайымдаулар мен тұжырымдар жүйелене сараланып, баға берілді;

- кәсіби-техникалық оқу орындарына қатысты үкіметтің қаулы қарарлары мен шешімдерінің мәнісі нақтыланып, бұл оқу орындарын дамытудың қажеттілігі дәйектеліне отырып, тарихи тұрғыда жан-жақты айқындала зерделенді;

- лицейлер мен колледждердің дамытудың бағыттары 1991-2008 жж. қабылданған үкіметтің бағдарламалары негізінде нақтыланып, ғылыми айналымға енгізілді;

- техникалық және кәсіби оқу орындарында бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандарды дайындау барысының түрлері мен тәсілдері жүйелі түрде анықталып, бағаланды;

- өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, көлік салаларына қажетті кәсіп иелерін дайындаудағы колледждер мен лицейлердің рөлі тұңғыш рет талдана қарастырылып, дәйектелінді;

- дағдарыс жылдарында лицейлер мен колледждерде кездескен қиыншылықтар анықталып, оларды жоюдың негізгі жолдары және нарықтық экономика талабына сай бейімделу барысы жан-жақты сараланды;

- кәсіби-техникалық оқу орындарын дамытуда қажетті материалдық-техникалық базаны кеңейтудің негізгі бағыттары нақтыланып, оларды нығайтудың негізгі шаралары анықталды;

- бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен мамандар даярлаудағы лицейлер мен колледждердің жүзеге асырған іс-шаралары және білім берудің түрлі тәсілдері анықталып, олардың, әлемдік стандартқа сәйкестілігі ашып көрсетілді;

- маман жұмысшыларды даярлаудағы лицейлер мен колледждердің педагогтық құрамын мамандармен қамтамасыз етілуін және осы мамандардың біліктілігін көтерудегі жүргізілген іс-шараларын анықталып, ғылыми әдістемелік жолмен зерделенді.

Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі 1991-2008 жылдар аралығын қамтиды. Жұмыста аталмыш жылдар аралығындағы еліміздегі экономикалық және әлеуметтік дағдарыс барысындағы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің барысы, бұрынғы кәсіптік оқу орындарын колледждер мен лицейлік оқу жүйесіне, нарықтық экономикаға сай бейімдеу, осы оқу орындарының экономикалық және әлеуметтік жағдайы мен даму тенденциясы, жұмыссыздарды кәсіби оқыту мен қайта дайындаудағы, лицейлер мен колледждердің рөлі, даярланған мамандарды жұмысқа орналастырудың жағдайы, мамандарды даярлаудағы оқу-тәрбие жұмысы мұрағат және өзге де деректі материалдар негізінде қарастырылады.

Зерттеудің қолданыстық маңызы. Диссертацияда тұжырымдалған ой-түйіндер, пікірлер, ұсыныстар мен ғылыми нәтижелер техникалық және кәсіби оқу орындарының нарықтық қатынас, еңбек нарығы жағдайындағы адам және қоғам өміріндегі орнын көрсетеді, экономика мен халыққа қызмет етудегі мәнін түсініріп береді. Қазақстан Республикасындағы қазіргі еңбек нарығы икемділігі төмен мамандарды емес, бәсекеге қабілетті, біліктілігі, шеберлігі, дағдысы жоғары жұмысшылар мен мамандарды қажет етеді. Диссертацияда жасалынған негізгі тұжырымдар мен қорытындыларды және алынған нәтижелерді ғылыми еңбектер, оқу-әдістемелік құралдар, оқулықтар дайындауға сонымен қатар әлеуметтік гуманитарлық бағыттағы доктор, магистр, бакалавр мамандары үшін Отан тарихының теориялық және әдістемелік мәселелеріне байланысты арнайы курстар дайындауда, көпшілік тәжірибе жұмысында, оқу орындарының инженер-педагог кадрларының білімін көтеру курстарында және жалпы білім беретін мектептерде, оқу орындары мен ата-аналар арасында жастарға кәсіби бағдарлама беруде кеңінен қолдануға болады.

Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері. Зерттеу жұмысының әдістемелік негізін айқындауда бұрынғы кеңестік жүйеден бас тарта отырып, жаңа негіздегі тәсілдер қолданылды. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін Қазақстанда қалыптасқан лицейлер мен колледждердің даму тарихын нақты мұрағаттық фактілер, ғылыми зерттеулер мен мерзімді басылым материалдары, үкіметтік заңнамалар арқылы салыстыра көрсету басшылыққа алынды.

Зерттеу барысында саралау, талдау, қорытындылау, жүйелеу сияқты тәсілдер кең түрде қолданылды. Автор егемендігімізді алғаннан кейін қалыптасқан ой пікірлер мен тұжырымдарға, техникалық және кәсіби оқу жүйесіне туындаған көзқарастарға сүйенді және тақырыпқа идеялық, әдістемелік тұрғыда ықпал еткен іргелі теориялық еңбектерді кең түрде пайдаланды.



Қорғауға ұсынылған тұжырымдар. 1991-2008 ж.ж. Қазақстан Республикасыныдағы кәсіби лицейлер мен колледждердің қалыптасуы мен даму тарихы жөнінде мынадай тұжырымдар жасалынды:

- 1991-2008 жылдар аралығында Қазақстандағы лицейлер мен колледждерді қалыптастыру барысы тарихнамалық тұрғыда жан-жақты талданып, оның алғы шарттары анықталды;

- Қазақстандағы кәсіптік-техникалық оқу орындарын қалыптастыруға байланысты туындаған көзқарастарға тарихнамалық талдау жасалынып, ғылыми баға берілді;

- колледждер мен лицейлердің қалыптасуына қатысты үкіметтің қаулылары мен шешімдерінің мәнісі нақтылана айқындалып, экономикамызды дамытуда осы оқу орындарында мамандарды даярлаудың аса маңыздылығы дәлелденді;

- 1991-2008 жж кәсіби лицейлер мен колледждерді дамытудың негізгі бағыттары нақтылана көрсетілді;

- техникалық және кәсіби оқу орындарының нарықтық экономикаға лайықты бейімделген жұмысшылар мен орта білімді мамандарды дайындаудағы түрлері мен тәсілдері саралана, жүйелі түрде көрсетілді;

- өнеркәсіп, ауылшаруашылығы салаларына аса қажетті маман иелерін дайындаудағы колледждер мен лицейлердің орны мен рөлі мұрағат және ғылыми зерттеу арқылы жаңа қырынан негізделді;

- экономикалық дағдарыс жылдары барысындағы лицейлер мен колледждердегі қаражат мәселелеріне байланысты туындаған қиындықтар мерзімді баспасөз және мұрағат құжаттары арқылы ғылыми негізде дәйектелініп, осы оқу орындарының нарықтық экономика талабына сай бейімделуінің басты қырлары нақтыланды;

- кәсіби лицейлер мен колледждерді дамытудағы материалдық-техникалық базасы мен оның өндіріс орындарымен байланысы мұрағат материалдары мен басқа деректер негізінде зерделенді;

- лицейлер мен колледждердің білім беру түрлері мен тәсілдері әлемдік стандартқа сәйкестігілігі анықталды;

- кәсіби техникалық оқу орындарының маман оқытушылармен қамтамасыз етілуі барысы мен олардың біліктілігін көтеру мәселелері жаңа мұрағат деректерімен толықтырыла айқындалып, ғылыми баға берілді.

Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс БҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазіргі заман тарихы және ғылыми ақпараттар бөлімінде орындалып, осы және Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімдерінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Зерттеу нәтижелері мен қорытындылары жалпы 1 монографияда, 33 ғылыми еңбектерде, оның ішінде Ғылым және Білім саласындағы Бақылау комитеті бекіткен ғылыми басылымдар тізіміне сәйкес – 16, өзге ғылыми басылымдарда – 4, шетелдік басылымдарда – 4 жарияланып, халықаралық және республикалық конференцияларда 9 баяндама көпшілік назарына ұсынылып, материалдар жинақтарында басылды.



Диссертацияның құрылымы: Алға қойған мақсаты мен міндеттерге байланысты диссертациялық жұмыстың құрылымын кіріспе, 5 тарау және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімі құрайды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Жұмыстың кіріспе бөлімінде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі негізделіп, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, методологиялық негіздері, хронологиялық ауқымы, практикалық маңызы және қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар көрсетілген.

«Зерттеу жұмысының тарихнамасы, дерек көздері және әдістемесі» деп аталатын бірінші тарауда тақырыптың теориялық-әдістемелік негіздемесі мен тарихнамасы қарастырылып, дерек көздеріне талдау жасалды.

«Зерттеудің теориясы мен әдістемесі» атты бөлімінде зерттеу ижұмысына қатысты теориялық-әдістемелік ұстанымдар мен тұжырымдар баяндалды.

Теориялық, ұйымдық және жоспарлы зерттеу тұрғысынан алғанда ғылым шындықтың белгілі бір саласын тану үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Сондықтан ғылым туралы айтқанда зерттейтін пәнін ғана атап қоймайды, оны қабылдау әдісін де ескереді. Бұдан шығатын қорытынды, ғылымның тәсілі азды-көпті тұрақты және маңызды. Мәні жағынан ғылым пәнді және тәсілді де анықтайды.

Бір жағынан алып қарағанда ғылым тәсіл мен теорияның диалектикалық бірлігі болып саналады. Тәсілді жүйелі білім алу тұрғысынан қарағанда ғылымнан бөлуге болмайды. Себебі тәсілдің өзі де шындыққа жетудегі ілім болып саналады. Ғылыми танымның тәсілі туралы ілімді әдістеме деп атайды.

Диссертацияның әдістемелік негізін ғылыми танымның объективтілік, тарихилық, жүйелілік, детерменизм және даму тәрізді әмбебап қағидалары қалады. Мысалы, тарихи принцип республикамызда техникалық және кәсіби білімнің даму кезеңдерін, оның қоғам өміріндегі орнын, ондағы сапалық өзгерістерді, осыларға әсер еткен нақты тарихи жағдайды тұжырымдауға тікелей мүмкіндік жасады. Даму принципі кәсіби білімнің білім жүйесінің құрамдас бөлімінен экономикалық жүйенің құрамдас бөліміне айналып отырғандығын дәлелдейді. Еліміз демократиялық қоғамды толық орнатып, мемлекеттікті нығайту үшін шикізат шығарушы елден (бұл кеңестік кезеңнің 70 жылын және тәуелсіздіктің 15 жылын қамтыды) шығарылған өнімді жаңа технология негізінде өңдеуші елге айналды. Индустриалдық-инновациялық бағдарламаны енгізіп, бәсекеге қабілетті 50 елдің құрамына қосылу үшін жаңа технологияны меңгере алатын жан-жақты қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандар қажет. Онсыз халыққа қызмет көрсетудің сан қырлы салалары қарыштап дами алмайды. Бұл дамыған елдердің тәжірибесі. Бұл тарихи міндетті кәсіби білім жүйесі атқарады. Сондықтан да жоғарыда жазғанымыздай, бұл жүйе экономиканың да құрамдас бөліміне айналып отыр.

Өзара тең жекеменшік қалыптасып, үстемдікке айналып отырғанда кәсіпорындар бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандарсыз өз міндеттерін атқара алмайды. Біздің бұл жүйенің даму процесін зерттеуіміз оның жеке адам және қоғам өміріне тікелей тиімді экономикалық және әлеуметтік рөлі мен маңызын анықтауға мүмкіндік берді.

Диссертацияның әдістемелік тұғырына лайықты тәсілдерді қолдануға үлкен мән берілді. Автор ғылыми танымның талдау, салыстыру, зерделеудің сандық әдісі, синтез тәрізді әдістемелеріне арқа сүйейді. Талдау әдісі кәсіби білім берудің өзара байланыстарын, сапалық мәнін, табиғатын көрсетуге қол жеткізді. Салыстыру әдісі кәсіби білімнің экономикалық және халыққа қызмет ету саласының әр түрлі, әр қырлы салаларына тарайтындығын, қажеттілігін және олардың тиімділігін арттырудың негізі екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Талдау әдісінің тағы бір ерекшелігі – жекеменшік үстем болып тұрған қоғамда адам өмірі оның кәсібіне байланыстығын, соған сәйкес кәсіптің бірде тозып, бірде жаңару орын алатындығын анықтауға мүмкіндік берді. Бұл талапқа сәйкес адам бүкіл өз өмірінде оқумен, алған кәсібін дамытумен айналысу қажеттілігі туындайтындығын, қажеттілігін түсінеді.

Республикамызда кәсіби-техникалық білім жүйесінің даму кезеңдерін, кәсіптің адам және қоғам өміріндегі орнын, ондағы сапалық өзгерістерді, оларға әсер еткен нақты тарихи жағдайды тұжырымдауға тікелей жағдай жасады. Ғылыми танымның тарихилық принципін басшылыққа ала отырып, біз өз зерттеуімізде кәсіптік-техникалық білім жүйесінің қалыптасуының бірнеше кезеңдерін анықтадық. Халыққа білім беру жүйесі сияқты кәсіби-техникалық білім саласы да белгілі қалыптасу кезеңдерін басынан өткізді. Зерттеудің тарихи принципін анықтағанда кәсіптік-техникалық жүйенің тарихын зерттеген Ф.К. Михайловтың, Т. Қожамқұловтың, М.Х.Асылбековтың, С.Б. Нұрмұхамедовтың, Н.Г. Панның, С.М. Сүлейменовтың, Н.А. Гуляевтың, А.Г. Сармурзиннің, Н.Р. Күнхожаевтың басқа да осы саланы зерттеген белгілі ғалымдардың, кеңестік кезеңде жазылған қаламынан туған дүниелерді басшылыққа алдық.

Адам баласы қоғам дамуының әр кезеңінде халыққа кәсіби білім беру ісіне назар аударылған болатын-ды. Орта ғасырлық Шығыстың атақты ойшылдары Ибн Сины, Аль-Бруни, Ибн-Хальдун тағы басқалардың еңбектерінде балаларды еңбекке тәрбиелеу мәселелеріне айтарлықтай назар аударылған. Кемеңгер Ыбырай Алтынсарин тек адал еңбек ғана адам зат бақытының негізі деп есептеген. Ал ұлы Абай еңбек ету керек, кәсіптің иесі болу адам өмірінің бір саласы деді. «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерші қазақтың төресі сол», - деген Абай.

Ғылыми теория мен методологияның тарихи және жүйелілік тәсілі Қазақстанда білім беру процесі ұзақ жылдарда кеңестік үлгі (модель) білім жүйесі негізінде тарихи дамығандығын көрсетті. Оның жағымдық жағы халық бұқарасының білім алуына жол ашықтығы болды, кәсіби-техникалық оқу орындары әрбір ауданда, қалаларда, облыстарда болды, училищелер мен техникумдарға оқушы қабылдау кең түрде іске асырылды, әрбір кәсіби білім алам деуші жастарға толық мүмкіндік жасалды, тіректік мекемелер институты өмір сүрді.

Сонымен қатар бұл теориялық-методологиялық қатынас кәсіби-техникалық жүйенің төмендегідей кемшіліктерінің бетін ашуға да мүмкіндік берді. Кәсіби-техникалық оқу орындарының әлемдік білім процесімен байланысы болмады. Еліміз әлемдік қауымдастыққа енуіне байланысты бұл кемшілікті жоюдың мақсатында біз қашық және жақын шетелдер кәсіби-техникалық білім жүйесін қорыттық.



Каталог: userfiles
userfiles -> 574 18 " 19" Қолжазба құқында таңатарова жамиға тәжікқызы
userfiles -> Конкурс красоты «Миссис Стройкомплекс 2014»
userfiles -> Правила чтения Основной курс Урок 1 Урок 2 Урок 3 Урок 4 Урок 5 Урок 6 Урок 7 Урок 8 Урок 9 Урок 10 Урок 11
userfiles -> Е. Ахетов Аудан әкімі С. Тәуіпбаев 2011 жыл Тереңөзек кенті әкімі аппаратының
userfiles -> Бағдарламасының мониторингі бойынша жедел есептілік Есепті кезең 2013 жыл
userfiles -> Жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштер тізімі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет