Сөйтiп, «Алашорда iсi» атты әйгiлi тергеу осылай басталып, ұзынырғасы 44 адам жауапқа тартылды. Тек қанша шырғаласа да Әлихан Бөкейхановты шеңгелiне түсiре алмады. Тергеушiлердiң өзiн тергеп, тұтқындауға ерiк бермедi



бет2/5
Дата04.07.2016
өлшемі388 Kb.
#178418
1   2   3   4   5

А.Байтұрсынов пен М.Дулатов ұсталғаннан кейін ұйымның жұмысын Алматыда – Ермеков, Досмұхамедов Халел, Тынышбаев, Досмұхамедов Жаһанша, Ташкентте – Қашқынбаев Иса, Әуезов Мұхтар, Қожамқұлов жалғастырды. Ташкенттегілерге Сырдария округіндегі Кенесарин Әзімхан (Шымкент), Мұсаев, Шинғалин, Қоңырқожаев (?), Әулие-Атадан – Байсейітов Әзиз, Түркістаннан – Өтегенов Садық мүше ретінде қосылды. Қазақ-монғол тарихы туралы еңбегімде қазақтың шығу тегі жөніндегі пікірлерімді алашордашыл-ұлтшыл көзқараспен жаздым, кітаптың таралуына жол бермес деген күдікпен оның көшірмесін өзімде сақтап қалдым» - деген пікірді білдіреді.

Зады, баспадан шығып, таратуға тиым салынған, бірен-саран данасы бізге жеткен тарихи шежіренің кейінгі өңделген, толықтырылған нұсқасының жағдайы қатты алаңдатса керек. Өкінішке орай, толықтырылған нұсқа із-түзсіз жоғалып кетті.



«1930 жылғы 5 қараша күнгі инженер Тынышбаевтың тергеу хаттамасы. Жауап алған ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі жолд. Алшанский

1) Біздің Ташкенттегі ұйым 22-жылдан бастап жұмыс істеді. Голощекин жолдасқа белгілі болған құжаттарға қарағанда Орынбордағы ұйым 20-21 жылдары құрылған сияқты. Мен бұл мәселені 22 жылы сәуір айында Зәки Валидовтің сөзінен білдім. Бірде мені Халел Досмұхамедов үйіне шақырды. Сонда Міржақып Дулатов Зәки Валидов туралы әңгіме болмақ. Онда өзбектердің де өкілі келмек десті. Уағдаласқан күні бардым. Алғашқы мәселе Ташкент ұйымының жұмыс барысына арналды. Бұл Халел Досмұхамедовтің қазақ оқу-ағарту мекемесінің үйіндегі пәтерінде өтті. Отырысқа Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Есболов, Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, мен, Бірімжанов және Иса Қашқынбаев қатысты. Дулатов не Бірімжанов екеуінің біреуі: шығыс Бұқарада Әнуар паша жүр. Оның қасында Зәки Валидов бар. Соңғысының қасында Башкириямен байланыс жасайтын башқұрт көмекшісі бар. Өзбектермен бірігіп күреспек. Зәки Валидов бұған қазақтарды да тартуды ұсыныпты. Өзбек басшылары арасынан Мінауар Қари мен Ходжаев қолдамақ екен – дегенді айтты. Дулатов, Бірімжанов, Есболов бұл мәселеге қызу араласты. Жаһанша Досмұхамедов бұған қатты қарсы болып: мұның бәрі қыртымбай нәрсе, жалғыз атты қонаққа сеніп, бастан айрылуға болмайды – деді. Мен де сөзге араластым. Мен де сенімсіздік бар еді. Ақыры ұйымды құру керек деп ұйғардық. Жаһаншада соңында келісімін берді. Әр қаладан ұйымның бөлімшелерін ұйымдастыру керек. Қажет кезінде олар іске шұғыл араласуы тиіс деп шештік. Алматы мен Шымкент қаласындағы топты ұйымдасыру маған тапсырылды. Мен Алмтыдан – Сүлеевті, Шымкенттен – Кенесаринді ұйымға тарту керек деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ. Коммунистарді де ұйымға тарту мәселесі қозғалды. Біз оған қарсы болдық. Өйткені Қоджанов біліп қоюуы мүмкін деп қауіптендік. Сөйтіп алғашқы жұмысты Қазақстанның қалаларында ұйым бөлімшесін ашу әрекетінен бастадық. Ұйым ісіне Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер белсене араласты. Әсіресе үлкен теоретик, кеңсе мен ұйымдастыру жұмысына жетік, істен гөрі Халел Досмұхамедов теорияға бейім еді. Ал Жаһанша Досмұхамедовтің іскерлігі басым болатын. Ермековтің ұйымдастыру қабілетінің қандай дәрежеде екенін білмеймін. Бірақ ол өте шешен, айтқанына сөзсіз сендіре алатын тілмар еді.

2) Қалыптасқан тарихи жағдайды бағалауға келгенде Дулатовқа ешқайсымыздың күрескерлігіміз де, өреміз де жетпейтін. Ұйымға ешқандай ат қойылған жоқ. Қазақтардың астыртын ұйымы деген түсінік қана болды. Бұдан басқа мәселе талқыланған жоқ. Ұйым төрағасына Халел Досмұхамедов сайланды. Ұйымның хатшылығына Дулатов пен Бірімжанов ұсынылды. Бірімжанов: бұл мәселеге ақсақалдардың алаңдамауын, оны өзі жүргізетінін айтты. Ұйым алдына мынадй міндеттер қойды: 1. Зәки Валидовпен кездесу керек. Оған Бірімжанов барсын деп шешілді. Сөйтсек Бірімжанов Бұқараға барып келіпті. Бұл отырыста біз: Бұқарға Халел Досмұхамедов барсын, ол Зәки Валидовті бұрыннан таниды және дәрежелес деп пікір білдірдік. Халел Досмұхамедов қайтып келген соң бізге барлық жайды түсіндіріп берсін дестік. Бұған Досмұхамедов үзілді-кесілді қарсы болды.

3) … Ұйымның саяси – экономикалық бағытына келетін болсақ мынадай ұсыныс жасалды. Бірінші: Қазақстан Ұлттық Демокаратиялық республика болуы тиіс. Қазақстан географиялық және тарихи тұрғыдан Ресеймен де, Орта Азиямен де тікелей байланысты. Орта Азия федерациясының құрамына Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ және басқа да ұлттар кіреді. Заң шығарушы орган парламент болуға тиісті. Үкіметті министрлер кеңсесі басқаруы тиіс. Тіпті болмаған жағдайда Кеңес үкіметінің қазіргі құрлымын пайдалану керек. Ең жоғарғы орган құрылтай болуы тиіс деген ұйғарымға келдік. Бірақ та нақты ереже қабылданған жоқ».

З.Валидов: «Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсын, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мунауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады (445-бет)... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады...».



М.Тынышбаев (жалғасы): Болашақ үкіметтің өнеркәсіп жөніндегі міндетті талқыланбады. Ал мал шаруашылығы қазіргі қалпында қалсын дестік. Су шаруашылығы ауызға алынған жоқ. Қазақстанның жері кең. Ондағы халықтардың да көңіл-күйі әр қилы. Әсіресе жер мәселесі өте күрделі. Сондықтан да қоныс аударушыларды тоқтата тұру керек. Мал шаруашылығы мен жер өңдеуді қатар алып жүруге, жер өңдеу мәдениетін игеруге белсенді түрде көшу керек. 1922 жылғы жер туралы реформа біздің араласуымызсыз өтті. Біз ол реформаға мүлдем қарсымыз. Оның жобасына біздің ұйым мүшелері де белсене араласуға тиісті еді деген пікір білдірдік. Жалпы екі ұйым қатар жұмыс істеді. Орынбордағы ұйымға Байтұрсынов, Дулатов, Әділов, Бірімжанов, Болғанбаев, ал Ташкенттегі ұйымға Дулатов пен Бірімжанов жетекшілік етті. Екеуін де алдыңғы қатарлы ұйым деп есептедік. Айырмашылығымыз Жизақ пен Самарқан облысы Түркістанның құрамына енгендіктен де біз Зәки Валидовпен жақын байланыста болдық. Қызылордадағы үкімет екеуін де бір ұйым деп қабалдады. Дулатов екі ұйымда да белсене қызмет етті.

4) Ұйым террорлық іс-әрекетті ұйымдастыруға ұйғарым жасаған жоқ. Бірақ та Жаһанша мен Халел Досмұхамедовке үндеу жазып таратуға тиісті болды. Шымкенттегі Даулет Ибрагимов кейін бұлшарадан үмітін үзіп, бойын аулақ салды. Әнуар Паша күйрегеннен кейін және Зәки Валидовтің өкілдік мәселесі шешілмегеннен соң, ұйым қайтып кеңес құрған емес. Өз-өзінен тарап тынды. Біз Кеңес өкіметі жағына шығып өзіміздің іскерлік қасиетімізді көрсетуге тырыстық. Біз жобаның екінші нұсқасында көрсетілгендей ССРО-ның құрамындағы республика ретінде өмір сүру керектігін мойындадық. Коммунистер өкіметінде сайқымазақпен күн көре береміз деп шештік. Жер мәселесі жөніндегі 2-ші баптағы міндетті жоғарыда айтып өттім. Мал шаруашылығының қалыптасқан жүйесін бұзбау керек. Жер өңдеу мәдениетін жарыстыра жүргізу керек деген пікір сол күйінде қалды. Сондай-ақ жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге және ғылыми кітаптарды аударуға баса көңіл бөлу керек дестік. Әсіресе оқу-ағарту мен жер мәселесі жөнінде белсенді түрде жұмыс істеу керек. Жер ең алдымен жергілікті халыққа берілсін, содан кейін барып казак-орыстардың үлесін қарастыруға болады деген тұжырым ұстандық. Мен ол кезде темір жолда жұмыс істедім. Бұрын тарих пәнінен сабақ бердім. Өз дәрісімде ұлттық идеяны дәріптеп, қазақтар Кеңес өкіметінен гөрі 17 ғасырда жақсы, емін-еркіндікте өмір сүрген. Сендердің сыбағаларыңа сол өмір тиесілі еді – деген сияқты пікір білдіріп жүрдім. Тарихты нашар білгендіктен де олар менің сөзіме сенді. Мұның барлығы әрине өткен тарихи әңгіме. Жоғары оқу орындарна арналған кітаптарды құрастырып, аударуға Халел Досмұхамедов, Орынборда Байтұрсынов пен Дулатов белсене араласты. 25-ші жылдан кейін мен де араластым. Оқу пәндерін қадағалауға тиісті Сүлееев бізге бақылау жасаған жоқ. 25-ші жылдан бастап мен құрлыспен айналыстым. Онда саясатпен айналысуға мұрша болған жоқ. Болашақ мемлекеттің мүшелерінің кім болатынын талқыланған емес. Шет елдегі қазақтар туралы мен еш нәрсе білмеймін. Ертеректе Шоқаевқа хат жазған болатынмын. Мазмұны есімде қалмапты. Жалпы алғанда Шоқаевті мен жақтырмайтынмын. Мен оны таяз адам деп есептейтінмін. Шетелге өтіп кеткеннен кейінггі Шоқаевтің тағдыры не болғаны белгісіз және онымен ешқандай байланысым жоқ.

Келесі мәселеге көшетін болсақ, бұл жөнінде біздің пікіріміз қазақ өнеркәсіпшілері Смағұл Садуақасов пен Қаратілеуовтың көзқарасымен түйісіп жатты”.



5) № 1 кестеде көрсетілген негізгі ұйым мүшелері туралы айтарым мынау. Біз бұл мәселені ұйым ретінде емес құқық мәселесі жөнінде пікір алысқан аз ғана адамдардың арасындағы әңгіме деп есептеймін. Өйткені, заңды белден басып, колхоз құрлымын өтпелі саты ретінде ұсыну, сондай-ақ оған мемлекеттік құрылымның өтпелі басқышы ретінде қарау бұрын қарастырылмаған. Сондықтан да кеңес үкіметі жүйесі тарқатлыуға жақын деп ойладық… Менің миымда осы ой ұяалап алды да, мен он өшіруге тырыстым. Өнеркәсіпкер Қаратілеуов мүлдем басқа көзқараста еді. Сұлтанбековпен екі рет кездестім. Алайда бұл тақырыпта әңгімелескеміз жоқ. Бір рет мәжілісте, екінші рет көшеде кездескенімізде ол Смағұл Садвуақасовпен хат арқылы піків алысқанын айтты. Бөкейхановты Москвада 26-шы жылдан кейін көрдім. Сұлтанбеков түсінігі кең адам, сондықтан да танысқаның жөн деді. Сұлтанбековты мен алғаш рет Рұсқұлов төрағалық еткен жиналыста таныстым, тереңдеп әңгімелесудің реті келмеді.

6) Аспандияров нағыз пунктуальды адам. Түркістан республикасы тұсында жер мәселесімен тереңдеп айналысты. Аспандияров пен Қожановтың пікірі үнемі тоғыса бермейтін. Біз екеуінің қалай бірже жұмыс істейтініне таң қалатынбыз. Қожанов кей кезде тым тік мінез болатын. Ұйым туралы олар ештеңе білмейтін. Қаратілеуов сырттай ғана естуі мүмкін. Рұсқұловтың бұл туралы хабары болды ма, жоқ па он білмеймін. Рұсқұлов екеуміздің арамыздағы қатынас 26-шы жылдан соң жақсарды.

Рұсқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914-ші жылы Жетісу темір жолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара өте бір тамаша жер еді. 15-ші жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рұсқұлов деген жігіттің жүргенін, оның оқығысы келетінін бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айтты. Мен ат жібертіп, Рұсқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом бердім. Егер де оқу үшін ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кеттім. 1922-ші жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіттің облыстық комитете істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 22-ші жылы ол 30 жасқа келгенде Ташкентке кедестім. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік. Ұйым туралы онымен ешқандай да сөйлескем жоқ. Жандосовпен ресми жұмыста ғана кездестім. Біздің ұйымдағылар (оны ұйым деп те айта алмаймын). Ташкенттегі коммунистермен – Аспандияровпен, Қожановпен жиі кездесіп, әңгімелесетін. Біздің пікірлеріміз оларға әсер етуі мүмкін. Түркістандық коммунистерді шынайы коммунис деуге болмайды. Коммунистер идология туралы сөйлегенде біз құлағымызды басып отыратынбыз. Бір жолы Ташкентте бір адам жерге қоныстану туралы баяндама жасады. Оған мен, Қожанов және Аспандияров қатысты. Мен баян дама бойынша сөз сөйлеп: Жерге ең алдымен жергілікті халықты орналастыру керек, егер де келген қоныстанушыларға жер жетіспесе олар келген жақтарына байта берсін дедім. 22-ші жылы Аспандияров маған қазақтар жерді орыс шаруаларынан да тиімді пайдаланатыны туралы піків айтты. Мен оған Васильевтің Жетісу облысының отарлануы туралы кітабын тауып бердім. Онда қазақтар мөлшерлі жерден 55 пұт астық алса, шаруалар 51 пұттан ғана өнім алған. Халық жиналысында Аспандияров осыған сүйеніп баяндама жасады.

7) Бөкейханов пен Щвецов Қызылордаға келгенде Қаратілеуов, Садуақасов және мен қарсы алуға дайындалдық. Мемлекеттік құрылымның соңғы өзгерістерін талқыладық. Мұны ұйымдасқан мәжіліс друге болмайды. Жай ғана піків алысуда: ірілендірілген колхоздардан көрі шағын колхоздардың пайдалы екендігін, колхоздар ірілендірсе мал басынан айрылып, өзінің құнын жоятындығын, ал шағын колхоздар мал-мүлікті сақтап қалатындығын айттық. Ет дайындау мәселесіне келетін болсақ мал басы азайып, малшылар егін салуға көшеді дестік. Бұл турасында мәжіліс еп. емес. Қоныстанушылар туралы мәселе 24-25 ші жылдары қозғалды да тоқтап қалды.

Балқаш ауданындағы қазақтардың көтерілісі туралы ештеңе білмеймін. Мұндайды тоқтату керектігін Құдайбергенов Бекмұхаметке ақпан айында айтқанмын. Аз уақыт өткеннен кейін Ермеков пен Досмұхамедовқа айттым. Олар жауап қайтармады.

8) Интеллигенттердің кеңес үкіметіне қатынасы туралы. Мен бұл сұрақтың бүге-шігесін біле бермеймін. Кеңес үкіметінің құқықтық ауытқуларға барғаны анық. Олардың оңшылдыққа қарай бұрылуы қазақ халқына молшылық әкеледі депойладым. Бұл пікірді ашық айтуға жүрексіндік, бетімізден басып жүрдік. Дулатов пен Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ешқандай да мәжіліс болған емес. Соңғы екі жылда өзгеріске қатысты айтарым: Мен 28-ші жылы Қызылордаға келгеннен соң бір айдан кейін Дулатов сотталды. Сондықтан да ешқандай түбірлі мәселемен айналыспады. Досмұхамедов пен Ермеков ешқандай ұйым болван емес дейтін шығар, шындығында да халық бытырап кетті, коллективтендіру науқаны басталды, темір жол құрлысы қолға алынды. Мына оқиға ГПУ-шілерге белгілі ме, жоқ па соны айтайын. Бастабында мені темір жол құрылыс учаскесінің бастығы етіп тағайындауды ұсынды. Бірақ та жолдастардың: жер жағдайын жақсы білесің, сондықтан да басқармада қалғаның өте пайдалы деп ақыл беруіне байланысты, басқармада қалдым. 28-ші жылы Іле тармағындағы екі учаскіде жалғыз-ақ басқарма болды. Жер бедері күрделі, темір жол салуға қиын болатын. Мені сол учаскіге көмекке жіберді. Мен онда қаржыны үнемдеу мақсатында жаңа экономикалық талдау жасап, техникалық жағдайларды есептей отырып, бір жаром – екі миллион сомды үнемдейтін жоба жасадым. Кейбір техникалық шарттар мені Қызылордаға шұғыл шақыруға байланысты орындалмай қалды. Қайтып келсем, мені орнымнан алып тастапты. Жұмыс қаржысы бұрынғыдан да көбейіп, бір разъезд артық салыныпты. Менің ұсынысымды қабыл көрмепті, бұл зерттеуімді одан әрі жалғастырып, жобаны Мәскеуге жібердім. Кейін Мәскеуден: Тынышбаевтың жобасы дұрыс деген қортынды кеді. Инженер Гоми (?) жобаны негіздеп беруді өтінді. Мен он күн отырып бұрынғы жобамды дамыттым. Жоба бойынша жұмысшылардың еңбегі жеңілдеді, касса үнемделді. Иванов және басқа участе бастықтары менің жобама тосқауыл қойды. Сонда жұмысшылардың үш-төрт айлығы еш кетті. Жобаның көшірмесін Шәкир (?) мен Рұсқұловқа жібердім. Сөйтіп, бір жаром миллон сом мемлекет қаржысы үнемделді.

Қарсақбай туралы айтарым: мұндай өнеркәсіптер неғұрлым көп болса, соғұрлым пайдалы. Қазақ өнеркәсібі дамиды. Бір мемлекетте тұрғандықтан да байлық бәріне ортақ, тек мемлекеттік ұйымдар қазақ қауымын сыртта қалдырмаса болғаны. Инженер ретінде мұны қолдаймын.

Профессор Щвецовпен Қызылорда қаласында таныстым, сондай-ақ Бөкейхановпен кездестім. Олардың саяси бағыты туралы ештеңе білмеймін. Маған Алматы қаласынан электр жүйесін жоспарлауға тапсырма берілгендіктен де біреумен кездесуге, ұйым жұмысына қатысуға уақытым болған жоқ”.

Бұдан кейін М.Тынышбаев Алматыға келгеннен соң өзінің туыстары Тұрысбековтың, Тәңірбергеновтың, Құдайбергеновтың хабарласқанын, елдің тең жартысынан астамы Қытайға жер ауып кеткенін, жүріс-тұрыстың жарым-жартылай тоқтағанын, олардың қаражат жағынан көмектесуді сұрағанын айтады.

М.Тынышбаев (жалғасы): „Жақанша Досмұхамедов үнемі ұйымнан бойын аулақ салып, оған: бұдан ештеңе шықпайды деп сын көзбен қарады. Мәдениет саласындағы жекелеген коммунистермен пікір алысулар болды, бірақ түбірлі мәселелер көтерілген жоқ. Алматыда ешқандай ұйым болған емес. Ондай құжаттарды көрген емеспін. Ташкентте де ұйым болған жоқ. Бізді ұйым емес, пікірлестер деп атаса болады. Ешқандай контрреволюциялық қаулы қабылданған емес”.

12-ші. Совхоз құрлысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылық … Бұрын да үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтың колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын. Турксибтің құрлысына бәріміз де ықыласпен қарадық. Москвада бір адам: Түрксиб құрылысы тұрғындардың жерін азайтпай ма, бос жер бар ма?- деп сұрақ қойды. Мен: мұның бәрі бос сөз, қазақтар көтеріңкі көңілмен жерді игеріп, тау қопарып жатыр – деп жауап бердім. Турксиб туралы , бұдан басқа айтарым жоқ».

Тергеушілер бір жыл бойы Д.Әділевтің көрсетіндісінде аты аталған адамдардың бәрін де тұтқынға алған. Соның бірі – 1931 жылы 8 тамызда ұсталған Алдаберген (Алдарбек) Үмбетбаев. Бұл азамат М.Тынышбаевтің сөзі өтетін, «Алашорда» әскерінің сапында барлаушы қызметін атқарған айтулы азамат. Өкінішке орай бұл адамға қатысты өмірбаяндық деректер тергеу ісінде де қат. Бір-екі рет қана қосымша жауап берген. Оның жауапқа тартылуына Д.Әділевтің:



«Жаздай туған жерімде болып 1922 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қожановқа жолықтым. Тура сол кезде Москвадан Түркістан халық комиссариатының төрағасы Рысқұлов келді. Мен Рысқұловпен сәлемдестім. Қожанов екеуі өзара әңгімелесті. Менің сонда білгенім: Валидов Ташкентке жасырын келіпті, басмашылар қозғалысы күйрепті, Әнуар Паша із-түзсіз жоғалып кетіпті. Мен Ферғанада жүргенде Ташкент ұйымы Тынышбаевтің ескі досы Үмбетбаевты сонда жіберіпті. Соның көмегімен Валидов Ташкентке келіпті. Ол Ташкентке қайтып келген соң Кауфман станциясындағы Қожамқұловтың үйінде жасырынып жүреді» – деген көрсетіндісі.

Осы мәліметтің негізінде М.Тынышбаев пен А.Үмбетбаевті беттестірген.



«1931 жылғы 8 қыркүйек күнгі Тынышбаев пен Үмбетбаевтың беттесуінің хаттамасы.

Тынышбаевқа сұрақ: Сіз Үмбетбаевты білесіз бе?

Жауап: Білемін десем де, білмеймін десем де болады.

Үмбетбаевқа сұрақ: Сіз Тынышбаевты білесіз бе?

Жауап: Білемін. Тынышбаевтің көрсетіндісімен толық келісемін. Мұны Тынышбаевтің өзі де жоққа шығармайтын шығар. 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановтың өтініші бойынша Валидовты большевиктермен келіссөз жүргізу үшін жолықтыру туралы Тынышбаев маған тапсырма берді. Ешқандай астыртын ұйымда болғам жоқ, Тынышбаевпен жақын таныс емеспін. Тынышбаев мені жеке адам ретінде жұмсады.

Тынышбаев: Үмбетбаев біздің ұйымда есепте тұрған жоқ. Өйткені менде ешқандай ұйымға мүше болған емеспін, ешқандай құпия мәжіліс пен жиналысқа қатысқаным жоқ.

Үмбетбаевтің түсінігі: 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтың өзі де растайтын шығар.

Тынышбаевтың жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамедовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды. Бірімжановпен жеке өзім кездесемін деп жауап бердім. Ондағы ойым тез арада Шымкентке, одан Ташкентке жүріп кетуді ойладым. Алайда әйелімнің тосыннан қайтыс болуына байланысты Шымкентте ұзақ аялдап қалдым, ол ойым жүзеге аспады. Содан кейін қайтып жастармен кездескен емеспін».

М.Тынышбаев сөз арасында А.Үмбетбаевтің жауабын жоққа шығарып, оған бұл мәселені терңдетпеу туралы емеуірін танытқан. Соның нәтижесінде А.Үмбетбаев өзінің жауабын тез түзетіп алған. Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде: Заки Валидов Ташкентке жасырын келгенде Нәшір Қожамқұловтың үйінде жасырынып жүрді – дейді. Ал З.Валидов өзінің «Қатираларында»

«Таңертең «Иванов» бағына келдік. Мені мұнда күтіп отыр еді. Шілде, тамыз айларында досым Әбдіқадырдың көмегімен Түркістан қаласына келген Нәфиса да (З.Валидовтің әйелі, Башқұртстаннан жасырын келген – Т.Ж.) сонда келді. Бізге Ташкент пен оның төңірегінде төрт жерде жасырын орын дайындалды: бірі – осы бақ; екіншісі – Ташкенттің Бесағаш деген қышлағындағы жалдамалы пәтер; үшіншісі – Келес ауылы қазақтарының мыңбасы Әбдірахманның үйі; төртіншісі – Аблықтағы өзіміздің қора-жайымыз. Күндіз Келесте кездесіп, ж иындарды Бесағаш пен Иванов бағында өткізуге келістік» – деп жазады.

Осында көрсетілген мекенжайдың қайсысы Н.Қожамқұловтың үйі? Бес ағаш қышлағындағы жалдамалы пәтер ме, жоқ, Әбдірахманның үйі ме? Өкінішке орай Н.Қожамқұловтың тергеу ісіндегі жауаптарын хатқа түсіріп үлгермеппіз. Өжет, батыл, сауатты азамат болса керек. Оған оның түрмеде жатып аштық жариялаған мынадай бір тосын мәлімдемесі дәлел:



«Лаптев мырзаға. Егерде мәртебелі мырзамыз дәрігерлердің қорытындысын жалған деп есептеп, мені ауруханаға жібермесе, онда менің осында ит өліммен өлгенімнің сізге үлкен рахат силайтын болғаны ғой. Сіздің көңіліңізден шығу үшін, сізге рахат қана емес, қатты сүйсіндіретін бір жаңалық айтайын. Мен 11 мамырдан бастап аштық жариялаймын. Сіздің бейбастақ қылығыңыз бен қырсық мінезіңіздің жолына өз өмірімді құрбандыққа атаймын. Қожамқұлов Нашир. 11 мамыр, 31 жыл».

Бұл ерегестің қандай күйде аяқталғаны белгісіз. Бірақта Н.Қожамқұловтың ашық мысқылға көшіп, хал үүстінде жатса да қасарыса мінез көрсетуі, дерттің жанына қатты батқанын ғана емес, сонымен қатар осынау азаматтың рухының беріктігін де танытады.

Осындай беттесу Ж.Досмұхамедовпен де ұйымдастырылған.

«1931 жылғы 12 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің беттесу хаттамасы.

Тынышбаевқа сұрақ: Жаһанша Досмұхамедов сіздердің ұйымдарыңызға мүше болғанын растай аласыз ба?

Жауап: 22-жылы Ташкент қаласындағы Халел Досмұхамедовтің пәтерінде өткен бас қосуда Бұқарадағы Заки Валидовтің қозғалысы туралы Лапов (Дулатов ?) па, Бірімжанов па, біреуі хабарлама жасады. Онда Халел Досмұхамедов, Лапов (?), Бірімжанов, Нәшір Қожамқұлов (Нәшір Есімқұлов деп жазылған –Т.Ж.), мен және Жаһанша Досмұхамедов қатысты. Бұлардан басқалары есімде жоқ. Заки Валидовтің қозғалысын қолдайтын ұйым құру туралы мәселе көтерілді. Жаһанша Досмұхамедов ұйым құруға және қозғалысты қолдауға қарсы болғаны есімде. Оны құруға мен ұсыныс жасаған болатынмын. Ұйым құрылды. Жаһанша бұған жолдастық көңіл жықпастықпен қарады. Міржақып Дулатовқа, Халел Досмұхамедовке, Жаһанша Досмұхамедовке ұйымның жарғысын жасау тапсырылды. Бұдан кейін екеуміз де іссапарға кеттік, Жаһанша Досмұхамедов Алматыға кетті, сондықтан да жарғы жазылды ма, жоқ па, одан хабарсызбын. Қыркүйек айында Ташкентке келсем Заки Валиди Ташкентте жүр екен. Істейтін іс қалмаған соң ұйым өзінен өзі тарап кетті. Тынышбаевтан көмек болмайтыны анық болған соң, менен күдер үзгендіктен де, ұйым жарғыс жазылды ма, жоқ па, оны маған мәлімдеген жоқ.

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: 21-22-жылдардың бірінде «Ақ жолдықтардың» (Ташкентте шығып тұрған газеттің аты – Т.Ж.) біреуі келіп: бұрынғы алашордашылардың бас қосуына шақырды. Қайда өткені есімде жоқ. Халел Досмұхамедов пен Тынышбаев, Дулатов пен Бірімжанов болды. Қалғандары есімде емес. Онда сол кезде дүрілдеп тұрған Түркістандағы басмашылар қозғалысы мен оның құрамында жүрген Заки Валидов туралы, башқұрт профессорының Түркістанды игере алмай жүргендігі, ал бұрынғы алыпсатарлармен ешқандай да бірікпеу туралы мәселе көтерілді. Бұдан кейін Халел Досмұхамедов пен Мұқамеджан Тынышбаев: Біз кеңес өкіметіне еркімізбен өттік. Ферғананың басмашылар қозғалысының басшылары бұларға да салауат беруді өтінді. Оларды әуелі қолға түсіріп, содан кейін соттап, ату жазасына бұйырмақ. Біздің де өткендегі қайраткерлігімізді бандиттік қозғалыс деп бағалап, бізді де соттамақ. Сондықтан да «Алаш» үкіметінің бұрынғы бағдарламасын жаңа заманға лайықтай отырып «Алаш» партиясының жобасын жасайық – десті. Құрылтай бекіткен бұрынғы бағдарламаны өзгертуге, ұйым құруға мен мүлдем қарсы болдым. Олардың барлығы мені: Ол бағдарламаны қазан төңкерісінен бұрынғы Орынборда 1917- жылы өткен бірінші жалпы қазақ құрылтайының тапсыруымен Ғаббасов (Талғашев деп жазылған – Т.Ж.) екеуің жасаған болатынсың. Сен сондағы жарғының шешімін орындамай отырсың –деп мені айыптады Сейдазым Қашқынбаев. Мен өзгертуге келмейтін ескі жобадан бас тартатынымды айттым. Бірақта олардың қысымына шыдамай екі-үш күннің ішінде ескі жобаның нұсқасын дайындап беруге келістім. Онда қандай ұйымның, қандай әрекетпен шұғылданатыны туралы ештеңе де айтылмаған. Бұдан кейін мен Түркістан атқару комиисариатының тапсырмасымен Алматы арқылы Пржевальскіге іссапармен кеттім. Заки Валидовтің Ташкентке келгенінен хабарсызбын, егер келгені рас болған күннің өзінде, оны менен жасырған. Ташкенттегі бұрынғы алашордашылар маған ешқандай тапсырма берген емес, мен де ешкімге тапсырма бергемін жоқ. Осыдан кейін Тынышбаевпен де, Халел Досмұхамедовпен де араздасып кеттім де, 29-жылға дейін Алматыға келгенше олармен көріскен де жоқпын, көрсем амандаспайтын да. Сондықтан да Заки Валидовтің Рысқұловқа жолдаған хаты жөнінде еш хабарым жоқ (Жаһанша Досмұхамедов қолынт қойған).

Тынышбаевтің қарсы жауабы: Николай Семенович, Халел Досмұхамедовпен беттескенде бұл мәселе жөнінде айтылды ғой. Ал кеңес өкіметінің басмашыларға қарсы қолданған салауаты мен жүргізген сот ісіне келетін болсақ, онда оларға әуелі кешірім жасалды да, соңынан бәрі асқан қатыгездікпен атылды. Бас қосуда біз осыған тоқталдық. Бұрынғы «Алаш» бағдарламасын тағы бір қарап шығу туралы айтылды, оны тексеріп, қайтадан қарау Дулатовқа және Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерге тапсырылды. Жалпы «Алаш» бағдарламасы жөнінде ашық мәселе талқыланғаны есімде қалмапты. Ал Заки Валидовтің қозғалысына біз сенімсіздікпен қарадық та, ешқандай байланыс орнатпадық. Қызмет бабымен Алматыда да, Қарақұмда (?) жүргенде де Досмұхамедов Халелмен бұл мәселені талқыламағанымды, ұйым атынан ешкімге ешқандай тапсырма бермегенімді, тапсырма алмағанымды анық білемін (Тынышбаевтің қолы қойылған).

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Мен ешқандай да бағдарлама жасауға қатыспағанымды қатаң түрде мәлімдеймін. Ешқандай өзгертуге болмайтын «Алаш» бағдарламасын қайта жаңғырту туралы ешқандай ұйым тапсырма берген емес. Мүмкін сот бола қалған жағдайда бұрынғы «Алашорданың» бандиттік қозғалысқа ешқандай қатысы жоқ екендігіне айғақ ретінде ол бағдарлама керек болған шығар. Әйтпесе оны қалай түсінуге болады? (Жаһанша Досмұхамедовтің қолы қойылған).




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет