Сондықтан партиялық идеологтар тарих ғылымын қатаң бақылауға алды. Ал өмір талабы идеологияның ырқына көнбей жатты



Дата23.02.2016
өлшемі66.5 Kb.
Ә.Тәкенов: «Сондықтан партиялық идеологтар тарих ғылымын қатаң бақылауға алды. Ал өмір талабы идеологияның ырқына көнбей жатты. 1941 жылдың қысында Алматыға бір топ эвакуацияланған орыс ғалымдарының келуі бұдан бұрын оқу-ағарту халық комиссариаты белгілеген Қазақстан тарихын жазу ісін тездетті. Бұл істің бас-аяғында комиссариаттың қызметкері, 1937 жылы Воронеж педагогтік институтын бітірген, жас тарихшы Ермұқан Бекмаханов жүрді. ҚК(б)П Орталық Комитеті соғыс жағдайында тарихтың патриоттық тәрбие берудегі рөлін ескере келе мақұлдау жасап, академик Панкратова және Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов «Қазақ ССР тарихының» редакторы болып бекіді. Оны жазуға Греков, Дружинин, Вяткин, Кучкин, Зутис, Миллер, Лурье сияқты орыс ғалымдары атсалысты. Қазақстандықтардан Әуезов, Марғұлан, Покровский, Мұқанов, Мүсірепов, Исмаилов, Кенжебаев қатысты. Тез қарқынмен жазылған қазақ тарихы ерте дүниеден сол кезге дейінгі уақытты қамтыған еліміздің тұңғыш тарихы еді. Оны оқырмандар да үлкен ықыласпен қабылдады. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы бұл кітапты Панкратовадан алып, пікір айтып, жанашырлық көрсеткен екен. Өз халқының тарихын оқу қай қазаққа да баға жетпес қуаныш емес пе?

Бір ескеретін жай, бұл «егемен Кеңес республикаларының» ішінде жеке республика тарихына арналған тұңғыш кітап екен. Бірақ тап осы жай кейбіреулерге күдік туғызса керек. Кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, алғашқы сараптан өтіп, мәселе түпкілікті шешілер кезде бұған сенімсіздікпен караған КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі А.И.Яковлев болды. Бұл кісі Кеңес тарихының негізін салушылар: КСРО тарихының оқулығын жазған Панкратова, Тарих институтының директоры академик Греков, академик Дружинин, «Қазақ ССР тарихы очеркінің» авторы, қазақ тарихының маманы Вяткинге немесе бүкіл қазақ ғылымының қаймақтарына – Әуезов пен Марғұланға қарсы шығатындай қазақ тарихының маманы да емес екен Әңгіме білуде емес, бұл сыншының саяси көзқарасында болып шығады. Оған кітаптың әр жеріндегі он шақты беті, дәлірек айтсақ авторлардың тұжырымдамасы ұнамайды. Мысалы, Яковлев «мемлекеттік теория» тұрғысынан патшалық Ресей оның құрамына кірген (жаулап алынған) халықтар үшін прогресс, мәдениет әкелді, сондықтан оған қарсы күресу реакциялық сипатта болды деп түсіндіреді. Әрине орыс патшаларын дәріптеген сталиндік көзқарасқа бұл тезис сайма-сай келіп тұр. КСРО тарихы оқулығы туралы: «Орыс мектептерінің барлық окулықтары орыс ұлттық оқулығы болуы тиіс. Бұл мазмұнға тағы 100 халықтың мүддесін сиғызуға болмайды»,– деуі Яковлевтің республикалар тарихына қарсы позициясын айқындай түседі. 1944 жылы айтылған бұл пікір тек 1988 жылы белгілі болды (Письма Анны Михайловны Панкратовой. – «Вопросы истории», 1988, № 11, 54-79-бетте).
Бұл пікірге «Қазақ ССР тарихы» авторлары қарсылық білдіріп, Панкратова кеңес халықтары тарихындағы азаттық күресті қолдайды. Ғалымның талап етуімен 1944 жылы БК(б)П Орталық комитеті 29 мамыр мен. 8.маусымның аралығында 5 рет көрнекті совет тарихшыларының кеңесін өткізеді. Текетірес сонда басталады. Яковлев пен Бушуевқа қарсы шыққан Панкратова, Греков, Державин «Қазақ ССР тарихы» тұжырымдамаларын қорғайды. Кеңес нәтижесіз өткендіктен Панкратова Орталық комитет хатшысы ІЦербаковқа жазған ресми хатында, Яковлевтің пікірі ұлттық-отарлық саясат мәселелеріндегі марксизм-ленинизм негіздеріне сай келмейтіндігін, сондықтан «Қазақ ССР тарихын» нақты талқылауды талап етеді. Интернационалист ғалым бұл мәселе Қазақстан үшін маңызды, өйткені бұл: «Қазақтардың ұлттық сезіміне ауыр тиеді»,– дегені есте қаларлық оқиға, шын жанашырлық. Кеңестік империяның идеологтары «қазақтың ұлттық сезімі» (сол сияқты басқа ұлттардың) туралы сөз қозғап көрген емес. Тек «ұлы орыстық ұлттық сезім» немесе «ұлттық мақтаныш» хақында ғана айтуға жол берілетін (мысалы «орыс орманы», «орыс қысы», «орыс аспаны», «орыс даласы» деген сияқты тіркестер осының көрінісі). Басқа халықтардың ұлттық сезімі кеңестік патриотизммен шектелуі тиіс болатын. Кеңестік идеологтар «ұлтшылдыққа» қарсы күреспен ауызданғандықтан, ұлттық тарихты оқу ұлтшылдықты туғызады деп қорқатын. Соғыс жағдайында ұлттарға қысым жасау (депортация) саясаты да осы «ұлтшылдықпен» күрес ретінде жүргізілді. Ұлтшылдықтан қысымшылық көрмеген тек орыс халқы. Ал «ұлыдержавалық шовинизм» тек «шовинизм» болып айтылса да, нақты шовинистер «табылмады». Басты жау ұлтшылдық болып айқындалды.

Осы тұрғыдан алғанда 1945 жылы «Большевик» журналында қазақ тарихына еш қатысы жоқ М.Морозов дегеннің «Қазақ ССР тарихына» берген рецензиясы әлдекімдердің қолтығына су бүріккендей болды. Оның үстіне рецензия авторы 1944 жылғы Орталық Комитет өткізген кеңесте айтылған теріс пікірлерді теріп жазған партаппарат қызметкері болып шықты. «Большевик» Орталық Комитет органы емес пе? Сөйтіп, Кеңесте Орталық Комитет хатшылары Щербаков, Андреев, Маленьков жұмған ауыздарын ашпағанымен мына рецензия Орталық Комитет пікірі сияқты қабылданғаны шүбәсіз. Бұл арада Яковлев пен Морозовты да жамандай бермейік, басты кейіпкерлер олардан да жоғары лауазымды адамдар болып шықты. 1944 жылғы Кеңестің алдында Андреев, Маленков, Щербаковтардың атына хат түскен екен. Хат:«Кейбір кеңес тарихшыларының еңбектеріндегі күрделі кемшіліктер мен антилениндік қателіктер туралы» деп аталып, оған Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімін меңгерушісі Г.Ф.Александров, оның орынбасары П.Н. Федосеев, «Правданың» бас редакторы П.Н.Поспелов қол қойғаны кейін мәлім болды («Вопросы истории», 1991, № 1,188 – 205 беттер. 48).

Бұл хаттың «ұлтшылдық» қателіктерге арналған бөлімінде негізінен «Қазақ ССР тарихына» көңіл аударылыпты. Авторлар ұлт мәселесі жөніндегі сталиндік ережелерді түсінбепті, сталиндік тұжырымдар бойынша Ресейге басқа халықтардың қосылуы, тіпті күшпен қосылуының өзі «залалы шамалы», ал ол халықтарды, мысалы Грузияны – Персия, Украинаны – Польша жаулап алған болса, мұндай альтернатива «үлкен залал» болған болар еді. Бұған қарасақ бұрын отаршылдықты – «үлкен залал» деп келгеніміз қате болып шығады. Бұл орыс отаршылдығын жұмсарту, жақтау іспетті.

Бұл ресми пікірді Морозовтың рецензиясынан кейін ҚК(б) партиясы Орталық Комитетінің 1945 жылғы 14 тамыздағы «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымын дайындау туралы» қаулысы қолдады. Қаулының авторлары Қазақстанның – төңкеріске дейінгі дәуірін сынға алды. Ол кезең әлеуметтік-экономикалық даму, тап күресі тарихы тұрғысынан емес, қазақтардың тәуелсіздік үшін күресінің тарихы болып жазылған деп жазғырды. Қазақ сұлтандарының тонаушылық жорықтары мен (Қаратай сұлтан) шынайы ұлт-азаттық қозғалысты шатастыруға болмайды деп көрсетілді. «Қазақ ССР тарихында» халықтың санасында ұлттық қаһарманы болып келген Едігені мадақтаған деген орынсыз сын да айтылды. Кенесары туралы оған берілген баға «біржақты, бұл қозғалыстың ішкі қайшылықтары ескерілмеген» деген де ескерту жазылды. Бұл қаулының жайсыз салдары аз болмады. Ең бастысы, қазақ халқы тарихындағы оның ұлттық санасын оятатын қаһармандар қайта сынға түсуіне жол ашылды. Осы қаулыдан аттай бір жыл бұрын партия хатшысы Ж.Шаяхметов (Сталинге еліктеп) майдандағы қазақ жауынгерлерін олардың батыр бабалары – Абылай, Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай – аруағымен рухтануға шақырған еді (Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі. «Социалистік Қазақстан», 1944, 18.VШ.).

Кейін бірінші хатшыға бұл сөздерінен тануға тура келді. 1945 жылғы қаулы халқымыздың соғыс кезінде ояна бастаған ұлттық, тарихи санасына нұқсан келтіргенін алдағы оқиғалар дәлелдейді.

Ұлтшылдықпен күрес науқанының отына түскен талантты тарихшымыз Ермұқан Бекмаханов болды. Оның бірнеше себептері бар. «Қазақ ССР тарихының» дау туғызған Кенесары көтерілісі тарауын жазу Бекмахановқа тапсырылған еді. Ал 1943 жылы 28-маусымда ол «Қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған азаттық күресі (1837-1847)» тақырыбында Мәскеудің Тарих институтында кандидаттық диссертация қорғады. Іле-шала бұл мәселені кеңейтіп, 1946 жылы 31 жасар ғалым «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясы бойынша докторлық диссертация қорғады. Бұл еңбегі 1947 жылы М.П.Вяткиннің редакциясымен Алматыда жарық көрді. Кітаптың бір бөлігі Кенесары қозғалысын қамтиды. 1946 жылы Бекмаханов Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының директоры С.Юшковтың орынбасарлығына тағайындалды.

Осының бәрі, жас ғалымның зор табыстары, кейбір күншілдерге шаншудай тиді». Бұрынғы «Қазақ ССР тарихына» байланысты сын пікірдің енді тікелей жалғыз Бекмахановқа ауысуына мүмкіншілік туды. Тактикалық жағынан бір адамға ауыз салу бүкіл авторлар ұжымымен алысудан оңайырақ емес пе? Елдегі идеологиялық ахуал да Қазақстанда тағы да ұлтшылдыққа қарсы науқан ашуға сәтті болған еді.

Бұл науқандар қазақ топырағында жаңғырып, негізінен ескі феодалдық қоғамды дәріптеуге буржуазияшыл ұлтшылдыққа қарсы күресуге келіп бір-ақ тірелді. Осы бағытта ҚК(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысының негативтік рөлі зор болды. Дарынды зиялы қауым негізгі нысанаға алынып, көрінген белсенді ғалымсымақ топырақ шаша алатындай олар қорғансыз жағдайда қалды. М. Әуезов, Ғ.Мұстафин, С.Аманжолов, Ғ.Мүсірепов, Е.Исмаилов, Қ.Жұмалиев, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, А.Жұбанов сияқты ғалымдар сынға алынып, аяусыз талқыға түсті, қызметтерінен қуылды немесе саяси айыпталушы ретінде сотталды. Бұл дүрмек тарихшылардың да берекесін алып, дегбірін кетірді, 1947 жылы 5 наурызда М.Ақынжанов пен Ә.Тұрсынбаев «Казахстанская правда» газетіне «Профессор Маргулан извращает историю» деген мақаласында оны «пантюркист», орыс және қазақ халықтары достығының тамырын «қопарушы» деп айыптады. Тарих институтының сессиясында сол жылы мамыр айында Х.Г.Айдарова «Қазақстан тарихы мәселелеріндегі ұлтшылдық бұрмалаушылық» тақырыпта баяндама жасады. Мұндай сынау, орынсыз саяси кінә тағу ғалымдардың азаматтық арын таптап, сағын сындырудан басқа еш нәтиже бермеді. Ал бұл дарынсыз күншілдерге ғана жол ашты. Кадрлар жоғары оқу орындарынан да қуыла бастады. Ә.Қоңыратбаев, Қ,Жұмалиев, М.Әуезов, Т.Нұртазин, Е.Исмаилов, М.Балақаев университеттен шығарылды. «Идеологиялық айқаста» ғылымға қатысы жоқ партократтар жөнсіз белсенділік байқатты. Мысалы, Алматы қалалық парткомының хатшысы Ысқақов ҚазМУ-дің орта ғасыр тарихының оқытушысы Я.Д.Серовайскийді шетел тарихшыларының еңбегін пайдаланғаны үшін сынады. ҚК(б)П Орталық Комитеті идеология бөлімін басқарушы И.П.Храмков БК(б) П Орталық Комитетіне «түзету» жасап, тек Батысқа бас игені үшін емес, Шығысқа бас игендерді (әрине, қазақтарды) да айыптауға шақырды. Осындай өрескелдікті сезген Ж.Шаяхметов 1948 жылы наурызда ҚК(б)П Орталық Комитетінің Пленумында:«Өткеннің бәрін жамандай беруге болмас»,– деп тоқтау айтуға мәжбүр болды. Дегенмен, саяси науқанды тоқтатпақ түгіл, одан өзі де шыға алмады.

1948 жылы 31 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде М. Ақынжанов пен Т. Шойынбаевтың «Саяси қате, ғылыми құнсыз кітап» деген сыни мақаласы жарияланды. Осыған байланысты Ж.Шаяхметов М. Сусловқа өтініш жасап, осы сұраныс бойынша КСРО ҒА Тарих институты 28-ақпанда Бекмахановтың монографиясын талқылады. Дискуссияның негізі – Ақынжанов пен Шойынбаевтың рецензиясы болды. Оларға талқылауда бірінші болып сөз алған X.Айдарова қосылды. Олар Бекмахановқа буржуазияшыл-ұлтшыл деген айып тағумен шектелді. Бірақ С.Юшковтан басқа пікірталасқа қатысушылар автордың тұжырымдамасын қолдап шықты. Н.Дружинин: «Қазақстанның мәдени дәрежесі Ресейден төмен болды екен деп, оның қозғалысын прогресшіл сипаттан айыру заңсыз»,– деп көрсетті.

«Егер Айдароваға ілессек, индустардың ағылшындарға қарсы қозғалысы реакцияшыл болғаны да»,– деп кекетті, А.Кучкин: Айдарованың әрекеті дәлелсіз, бұл Бекмахановтың желкесін қию талабы екенін ашық айтты. С.Юшковтың Бекмахановпен өз арасындағы кикілжіңнің салдарынан арасы ашылумен бірге ол жаңа саяси коньюктураны тез сезгенін байқатты. Ол Бекмахановты докторлық диссертациясына берген оң бағасынан тайқып, енді «жаңа көзқарас керек» деп есептеді. 1948 жылы маусым айында Қазақстан Ғылым академиясында өткен пікірталас та Бекмахановты буржуазияшыл ұлтшыл деп айыптауға бармады. ҚК(б)П Орталық Комитетінің Г.Боранбаев басқарған комиссиясының: Бекмахановтың саяси қателігі, оның партиялық мәселесін қарау туралы ұсыныстары да әзірше қолдау таппады. Бекмаханов тарихшы Рязановтың архивтегі қолжазбасын пайдаланыпты – деген арыздың дәлелсіздігін Дружининнің сарабы айқындады. Бекмаханов финанс тәртібін бұзды деген айыптау да анықталмады.

1948 жылы 16-желтоқсанда КСРО Жазушылар одағындағы өзінің баяндамасында одақ хатшысы Б.Горбатов ойламаған жерден саяси мәселеге ауысып: Кенесары қозғалысы «орыстарды қазақ даласынан қууға бағытталды, ал Бекмаханов сол Кенесарыны барынша дәріптейді – деген өкпе-наз айтады. Осыдан сескенген Кеңесбаев, Покровский, Бәйішев «Қазақ ССР тарихының» дайындалап жатқан екінші басылымында Кенесары қозғалысын қалай бағалау туралы Ж. Шаяхметовтен «принципті нұсқау» сұрап, хат жазды. I.Омаровтың араласуымен Ж.Шаяхметов Кенесары қозғалысы:«XIX ғасырдағы қазақ халқының ең көлемді ұлт-азаттық қозғалысы болды»,– деп бағалап, бұл көзқарас 1949 жылғы «Қазақ ССР тарихының» I.Омаров пен А.Панкратова редакциялаған екі басылымындағы Бекмаханов жазған тарауға енеді. I.Омаровтың байсалды позициясы Қ.Шариповтың «Вопросы истории» журналында (1949, №4) «По марксистки освещать историю Казахстана» (ол Қазақстанда партия газеттері мен «Большевик Казахстана» журналында қайта басылды) жарияланған мақаласынан да байқалады. Рецензент Кенесары қозғалысына байланысты Бекмахановтың монографиясындағы кейбір кемшіліктерді айта тұра, қозғалыстың халықтық сипатын мойындайды. Бұл сынды автордың өзі де қабылдайды. Ал М.П.Кимнің рецензиясы Панкратоваға ұнамайды. Бұл туралы ол 1949 жылы 11 қазанда I.Омаровқа жолдаған хатында: «Тарихшылар арасында болған тарихи шындыққа кереғар, қалайда қазақ халқының тарихын төмендетуге тырысушылық орын алуда. Неге грузин патшалары мен өзбек хандары ұқсас тарихи жағдайда прогресшіл қайраткер болып есептелуі керек те, ал қазақтар Абылайды немесе Кенесары Қасымұлын қаралауы тиіс екенін мүлде түсіне алмаймын»,– деп (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, І.Омаров қоры.) жазыпты.

1950-ші жылы 21-ақпандағы ҚК(б)П Орталық Комитетінің «Қазақстандағы тарих ғылымының жайы және міндеттері туралы» қаулысында да мәселе орнықты сын-пікірлер айтумен шектелген. Мысалы, кеңес дәуіріне көңіл аз бөлінеді, Бекмаханов кейбір қателіктер жіберді деген сияқты ескертулер болмаса, тарихшыларға саяси айып тағылмайды. Бірақ идеологиялық күрес басылмаған еді. Дабыл орталықтан қағылды.

50-ші жылы 26-желтоқсанда «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан зерттелсін» деген мақаласы қазақ тарихшыларын, оған қоса басқа қоғамдық ғылымдар саласында қуғын-сүргіннің бастамасы болды. Мақала авторлары ғалымдар арасында негізінен Бекмахановтың монографиясын талдау кезінде көзге түскен ортақол тарихшылар болатын (Т.Шойынбаев, X.Айдарова, А.Якунин). Соған қарағанда бұларды қолдаушы белгісіз бір күш балса керек. Осылайша партия органы өз беделін пайдаланып, саяси науқанды ашты: «Мақала авторларының, Бекмахановтың «қателіктерін» Мәскеу мен Алматы ғалымдары ашпады. Енді ол қателіктер «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымына кірді»,– деген қатал тұжырымдары бұл «қатардағы» тарихшылардың үлкен беделді пайдаланғанын дәлелдейді.

Сыншылар пікірталастар кезіндегі ойларын қайталаудан әрі аспаса да «Правда» төменгі сөздерді ірі әріптермен беріпті. «Барлық тарихи деректер Кенесары қозғалысы революцияшыл да, прогресшіл де болмағанын баяндайды. Бұл қазақ халқын кері, патриархалдық-феодалдық тіректің бекуіне, ортағасырлық хандық өкіметтің қайта орнауына, Қазақстанның Ресейден және ұлы орыс халқынан қолүзуіне әкелген реакцияшыл қозғалыс болды»,– деген («Правда», 1950, 26- желтоқсан) .шегелеп айтылған сөздер тікелей нұсқау іспетті әсер етті, солай болды да, «Правда» бұдан әрі тарихты «бұрмалаушы», марксизм-ленинизмнің ғылыми позициясынан ауытқушы, тарихи оқиғаларда буржуазияшыл-ұлтшылдық тұрғыдан бағалаушы Бекмаханов деп қорытындылаған.

Бекмахановтың репрессияға ұшырауы да осыдан басталды. Ол барлық қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылды, барлық атақ-дәрежелерінен айырылды. 1951 жылы ол мектеп оқытушысы болып Алматы облысының Нарынқол ауданына, кейін Шу ауданына жіберілді. 1952 жылы 5 қыркүйекте қамауға алынып, 4-желтоқсанда 25 жылға сотталып, алыстағы ГУЛАГ-қа айдалды. Ең дарынды ғалым кезіндегі үлкен тарихшылар тобына ортақ көзқарасты жақтағаны үшін құрбан болды. Ол тұста оған ешкім ара түсе алмады.

1951 жылы ҚК(б)П Орталық Комитеті арнайы комиссия құрып, «Правданың» 1950 жылғы 26 желтоқсандағы мақаласы негізінде шаралар белгілеп, 10 көкекте қаулы алды. Кейін партияның V съезінде И. Храмков комиссия жұмысы барысында I.Омаров Бекмахановты қорғаштады деп сынға алды. Ал Орталық Комитет бюросында Бекмахановты партиядан шығару туралы ұсынысты Ж.Шаяхметов өзі енгізіпті. I.Омаров хатшылық қызметінен босатылды. Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы саяси зиянды деп табылып, барлық дүкендер мен кітапханалардан алынды. Тарих, әдебиет саласында кадрларды қудалау, басталды. 1951 жылы тіпті КСРО Ғылым академиясының тарих институтында Шойынбаев – Айдарова – Якуниннің мақаласы талқыланып, бұрынғы Бекмахановпен пікірлес ірі ғалымдардың өзі (Панкратова, Вяткин, Дружинин) «әшкерелеушілікке» ұшырап, қателерін «мойындауға» мәжбүр етілді.

1951 жылы 31-шілдеде ҚК(б)П Орталық Комитеті өзінің 1945 жылғы 14 тамыздағы қаулысында Кенесарыға берген бағасын өзгертіп, ол бастаған қозғалысты феодалдық-монархиялық, реакцияшыл деп біржақты бағалап шықты. Кенесарыны дәріптеген материалдар кіргендіктен сол қаулыда қазақ әдебиетінің барлық оқулықтарына тиым салынды. 1952 жылы мамырда Тарих, археология және этнография институтында Қазақстандағы ұлттық қозғалыстардың сипаты туралы пікірталас өтті. Бірақ бұрынғы екі ұдай пікір болмады. Пікірталастың қорытынды құжатында XVIII-XIX ғасырлардағы көтерілістердің бәрі, Сырым мен Исатай-Махамбет көтерілісінен басқасы реакцияшыл деп жарияланды. «Правданың» 1950 жылғы 26-желтоқсандағы мақаласы барлық оқу орындарында, кәсіпорындарында да талқыланды. Талқылау біржақты, сөзсіз мақұлдау, ұлтшылдықты әшкерелеу сарынында ғана жүргізілді.

1951 жылы 14 тамызда ҚК(б)П Орталық Комитеті «Қазақстан совет жазушылары Одағы жұмысындағы ірі қателіктер мен кемшіліктер және оларды жою шаралары туралы» қаулы; алды. Тек 1951 жылдың көкек-қазан айлары аралығында 30 пьеса мен 174 ән текстері репертуардан шығарылды».
Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> «алаш» партиясы бағдарламасының жобасы (Нұсқалардың салыстырма кестесі) «алаш» партиясының программасының жобасы
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> 1929 жыл 14 мамыр, Қызылорда қаласы
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Көз жасын төккен хатты кім жазған?
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> С. садуақасов м.Қойгелдиев. 45/ Садуақасов
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ҚҰжаттар қҰпиясы. Көз жасын төккен хаттар
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ІҮ бес арыс тұрсын Жұртбай
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Хайретдин болғамбаев
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай туралы Ә. Бөкейханов,
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Ал алаш көсемдерінің бірі Халел Досмұхамедовтың мына хатын


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет