Сот төрелігі үстем бола бермек



Дата23.02.2016
өлшемі45.35 Kb.
#5872


Сот төрелігі үстем бола бермек
Қазақстан Республикасының Әділет министрі Бауыржан Мұхамеджановтың Қазақстан Республикасы судьяларының ІІ съезінде жасаған баяндамасынан («Заң газетінің» 1999 жылғы 27 қаңтардағы 4(227) нөмірінде жарияланған)

Қарап отырсақ, судьялардың бірінші съезі мен екінші съезі аралығында екі-ақ жыл өтіпті. Алайда, осы екі жыл тынымсыз ізденістер, сот жүйесін реформалаудағы батыл бетбұрыстар, жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру және соған лайық базасын дайындау жылдары болды.

1998 жылдың қараша айында Парламентте Қазақстан Республикасы Конституциясына толықтырулар мен өзгертулер енгізу мәселесі қаралды. Оның ішінде сот жүйесін демократиялық бағытқа бұру мақсатын көздеген біраз ережелер де бар.

Ал, тұңғыш рет баламалы түрде жасырын дауыс беру арқылы республикамыздың Президентінің сайлануы демократиялық принциптің қоғам тіршілігіне батыл енгенін барша жұртшылыққа паш етті. Әділет министрлігі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды іс жүзіне асыра отырып, осы індеттің соттар жүйесіне де тарап кетпеуіне күш салып, қадағалау жүргізді. Нақтылап айтар болсақ, өткен 1998 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын аудандық сотының төрағасы С.Жүсіпов, Қызылорда облысы, Байқоңыр қалалық сотының төрағасы Б.Тәжімбетов, Өскемен қаласы, Октябрь аудандық сотының судьясы Д.Қасымбекова, Қызылорда облысы, Сырдария аудандық сотының судьясы С.Ахметқалиев және Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық сотының судьясы Н.Жұбатов пара алғаны үшін түрлі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланды. Олардан бұрын 1997 жылы үш судья осындай айыппен жазаланған болатын.

Осы секілді қазіргі кезде 9 судьяның ісі тергеуде, 3 судьяның ісі сотта жатыр.

Шет елге түсті металды контрабандалық жолмен өткізу жөнінде қозғалған істе әділ сот төрелігінің болмауына орай Талдықорған қалалық сотының төрағасы Р.Биділданов атқарып отырған міндетіне сай келмегендіктен, қызметінен босатылды.

Сот жүйесінің кадр мәселесін қалыптастыру да оңай емес. 1999 жылдың 1 қаңтарына дейін 16 облыстық және оларға теңестірілген соттар, 207 аудандық (қалалық) сот, 52 сот бөлімшелері, 11 әскери сот жұмыс істеуде. Штат кестесі бойынша облыстық соттарда 554, аудандық соттарда 1169, әскери соттарда 50 судья қызмет істейді.

Республика бойынша 1998 жылдың басында 233 судьяның орны бос еді, ол сан қазір 122-ге түсті.

Көңілге бір медеу – судья болу үшін кәсіби сынақты сәтті тапсырған 296 адам Әділет министрлігінің резервінде тұр. Тағы бір қуаныштысы - өткен жылы бүкіл сот жүйесінде істейтін 1773 судьяның 1190-ына кәсіби дәреже берілді. Сонымен бірге облыстық соттардың төрағалары мен әділет басқармаларының бастықтарына кадрларды өздері таңдауына мүмкіндік беріліп отыр. Олар өздері іріктеген адамдары жөнінде Әділет министрлігіне ұсыныс жасайды. Кадр мәселесін осылайша ақылдаса, келісе отырып, жақсы жолға қоюға болады.

Ерекше бір ескере кететін мәселе – судьялардың жеке басының қауіпсіздігі. Сақтық үшін судьяларға атылатын қару алып жүрулеріне рұқсат берілгенімен, ол мүмкіндікті әлі күнге дейін ешбір судья пайдалана алмай келеді. Өйткені, қару сатып алатын қаржы бөлінбеген. Шынтуайтқа келгенде, әділ сот төрелігін жүргізгендігі үшін Алматы қалалық сотының судьясы А.Зиядановты өлтіріп кеткен, сол секілді әскери соттың судьяларына қастандық жасаған әрекеттер де кездеседі. Сондықтан, судьялардың өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін атылатын қару алып жүру мәселесін тездетіп шешуіміз керек.

Сот жүйесіне бөлініп отырған бюджеттік қаржының аздығынан қарамастан, Әділет министрлігі мен оның аймақтық органдары бюджеттік емес мүмкіндіктерді пайдалана отырып, материалдық-техникалық жағдайды жақсарта түсу жолында біраз игілікті жұмыстар жүргізді.

Жалпы алғанда, 1998 жылы соттардың мүддесі үшін 142 миллион теңге бөлінді, оның 80 миллионы, яғни, 57 проценті жергілікті әкімдердің әрекеті арқасында келіп отыр.

Соттардың жағдайын жақсартуға бар мүмкіндікті жасаған соң, соған лайықты оның да қайтарымы, яғни сапалы іс болуы керек-ақ. Алайда, Президенттің, Үкіметтің, Әділет министрлігінің атына көптеген шағымдар түсіп жатады. Оларда негізінен судьялардың шешіміне, үкіміне, жіберген арыздарының қаралмай жатып қалуына, кей судьялардың дөрекілігіне, азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келуіне байланысты реніштер айтылады. Солардың көпшілігі тексере келгенде шындық екені расталады.

ҚР ҚІЖК-нің 110 және 148-бабын қолдануда судьялар көпшілік жағдайда бұрмалаушылыққа жол беріп, ауыр қылмыс жасағандарды да қамаудан босатып жатады. Соның нәтижесінде жұртшылық алдындағы судьялардың беделі көпе-көрнеу төмендейді. Мәселен, Жамбыл облысының судьясы М. Серікбаев есірткі заттарын көп мөлшерде алып-сатып, шет елге өткізіп жүрген, қылмыстылар әлемінде «аса беделді», бұрын бірнеше рет сотты болған Сарымамедовті соттауда әділетсіздікке жол берген.



110-баптың төңірегінде біраз даулы сұрақтар туып отырғандықтан, алдағы уақытта осы бапқа өзгеріс енгізу жайында Әділет министрлігі мәселе көтермек.

Судьялардың жеке басының мінез-құлқы, орынсыз қылықтары да ел назарынан тыс қалмайды. Мәселен, 1997 жылдың 16 қыркүйегінде Ақмола облысы Шортанды аудандық сотының судьясы Е.Құзғанов қатты мас күйінде машина руліне отырып, адам қағып кеткен. Нәтижесінде жәбірленуші ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған.

Ал сол облыстың Жақсы аудандық сотының судьясы Г. Халықов әкімшілік жазаға тартылғандарды үйіне апарып, өз жұмыстарын ақысыз істеткен.

Міне, осындай адамдар судья қатарында қалуға лайық па?

Осыған орай, кадр мәселесін іріктеген кезде облыстық сот төрағалары мен әділет басқармалары бастықтарының жұмыстарын да жан-жақты сараптап, бағалау керек екендігі көрініп отыр. Бұл да көп кешіктірмей ойластыратын мәселе.

Қазір экономика ауқымының кеңейіп, шаруашылық түрлерінің көбейе түсуіне байланысты бір істі қарау бұрынырақтағы 3-4 істі қарауға кететін уақытқа барабар болып отыр. Әрі сот ісінде пайдаланатын заңдардың түрлері де жеткілікті. Уақыт талабына сай ондай заңдардың көптеген баптарына толықтырулар мен өзгерістер еніп жатады. Сол үшін де жаңа заңның жобасы болсын, бұрынғы заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізу жайлы жоспарлар, нұсқаулар болсын, оларды көпшілік талқысынан өткізіп отырамыз. Осындай жағдайда судьялардың белсенділігі керек-ақ. Сол үшін судьялар өздері күнделікті қолданып жүрген заңдар мен кодекстердегі өзгертуді, толықтыруды талап ететін тұстары жайлы пікірлері мен ұсыныстарын батыл айтып отырулары керек. Ол үшін қашан да жол ашық.

Сот әділдігін нығайту судьялардың кәсіби білімін жетілдіре беруге тікелей байланысты. Судьялардың білімін жетілдіру орталығы үшін қазір Қарағанды қаласында тамаша ғимарат дайын тұр. Демек, соттардың беделінің арта түсуі судьялардың Конституция мен заңдардың талабын қалтқысыз орындауына байланысты. Заңдылықты бұзбай, істердің қаралу уақытын созбай, әділ үкім мен шешім шығарып отырса, сот әділдігінің мерейі де, беделі де үстем бола бермек.

Судьялардың сауаты мен интеллектуалдығы жоғары болған сайын сот реформасын жетілдіре түсу мақсатындағы республика Президентінің бағдарламасы да тезірек орындала бермек.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет