1.Поэмалық шығарманы талдаудың ерекшеліктері
Қазақ әдебиетінде сюжетті, эпикалық поэмалармен қатар нақты сюжеті жоқ, лирикалық, публицистикалық поэмалар да кездеседі. Лирико-публицистикалық поэмалардың алғашқы нұсқалары ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде дами бастады. С. Торайғыровтың «Адасқан өмір», «Кедей» шығармалары лирико-публицистикалық поэма үлгісіндегі туындылар. Лирико-публицистикалық поэмаларда автордың лирикалық ой толғанысы, публицистикалық шалқулары анық танылады, белгілі бір сюжетке құрылмайды. Автордың, ақының өзінің сезім дүниесі, сырлары, жанын толқытқан өмір көріністері жинақталып алдыңғы орынға шығады. Мұнда лирикалық шегіністер, лирикалық шалқулар кең орын алады. Ал, эпикалық кейіпкер бола қалған күнде де олардың өмірі тікелей баяндала суреттелмейді. Лирико-публицистикалық поэмалардың бір ерекшелігі мұнда жекелеген адамдардан гөрі көбіне бүкіл қоғам өмірі және тұтас бір дәуір сөз болып отырады. Ақын поэмаларында кішігірім жайларды емес, өмірдегі үлкен, ауқымды, маңызды мәселелерді қозғайды. Қоғамның, халықтың тарихи өсу жолын кең түрде алып, эпикалық поэзияда жинақтап көрсетеді. Қазіргі қазақ поэзиясындағы лирико-публицистикалық поэманың жасқы үлгілерін тудырған Ж.Молдағалиевтің «Мен – қазақпын», Х.Ерғалиевтің «Жылдар, жылдар» шығармаларының ізімен жанрдың көркемдік дәстүрін М. Айтхожинаның «Алатаудың Ақбатасы», «Абылайхан даңғылы», «Сағыныш», «Жетісу суреттері» поэмалары жалғастырды. Өзінің эпикалық құлашымен, терең лирикалық тебіренісімен берілген толғау-сырлары арқылы туған елдің, тұтас бір ұрпақтың, дәуірдің бет-бейнесін танытудағы бұрынғы көркемдік дәстүрді жалғастырған автор өзіндік, соны шығармашылық ізденісін көрсетті.
«Қазақ халқының санасына қатты әсер еткен саяси-әлеуметтік жағдайлардың бірі, әрі ірісі де жер саясаты, сондықтан халық күн көрісіне, шаруашылығына соншама өзгеріс әкелген уақиғаның халықтың қоғамдық санасының бір түрі – әдебиет пен өмірде ізсіз кетуі мүмкін емес. Ендеше, оның көрінісі көркем әдебиетте сақталуы керек» – дейді әдебиет зерттеушісі З. Бисенғали. Өзіндік өмірлік ұстанымы болып келген туған жер мәселесі М. Айтхожинаның «Жетісу суреттері» поэмасында жалғастық тапқан.
«Жетісу суреттері» лирико-публицистикалық поэмасында тартысты оқиғадан гөрі публицистикалық сарын, лирикалық толғаныс басым. «Құсбегі», «Тау қызы», «Талдықорған» атты бөлімдерден тұратын поэмада ақын атақонысы Жетісудың табиғаты мен сол елден түлеп ұшқан қырандары жайлы жырлайды. Сағыныштан туған шығармада М. Айтхожина елдің төл тумаларын бос мадақтаудан аумақ, ол жыр жолдары арқылы тарихи шындықты негізге ала отырып суреттейді. Автор қоғам өміріне деген көзқарасын жинақтап, ой түйіндейді. Сезім дүниесі, сырлары, жанын толқытқан өмір көріністері жинақталып жырланғандықтан да, поэмада лирикалық шегініс, толғаныстар кең орын алған. Поэманың лирикалық қаһарманы – Жетісу. Табиғат көріністері, барлық оқиға-жағдайлар, көркем образдар Жетісудың құдіретін айқындай түсетін тұлғалар. Абай, Ілиястарды оқып өскен ақын табиғатты образды, шынайы бейнелеуімен де ерекшеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |