Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 желтоқсандағы №1472 Қаулысы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»



Дата16.06.2016
өлшемі52.5 Kb.
#139836


Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 желтоқсандағы № 1472 Қаулысы


      «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 48-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің   
2011 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 1472 қаулысымен 
бекітілген 
Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер
      1. Осы Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдардың стационарды алмастыратын көмек көрсету тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) стационарды алмастыратын көмек - бір күннің ішінде ұзақтығы төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін болатын медициналық бақылауы бар дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны;
      2) күндізгі стационар - халыққа стационарды алмастыратын көмек көрсететін медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі;
      3) үйдегі стационар - халыққа стационарды алмастыратын көмекті үйде көрсету.
      3. Стационарды алмастыратын көмекті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде, оның ішінде республикалық бюджет қаражатының есебінен ұсынылатын медициналық қызметтің тиісті түрлеріне лицензиясы бар медициналық ұйымдар көрсетеді.
      Республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатының есебінен көрсетілетін стационарды алмастыратын көмектің емделіп шыққан жағдайларының (көлемдерінің) жоспарланған санын бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі айқындайды.
      4. Күндізгі стационарлардағы стационарды алмастыратын көмекті амбулаториялық-емханалық, стационарлық көмек көрсететін ұйымдар, үйдегі стационарларда - бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдар ұсынады.
      5. ТМККК шеңберінде стационарды алмастыратын көмек денсаулық сақтау ұйымдарының жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлерінің жолдамасы бойынша күндізгі стационар және үйдегі стационар жағдайында ұсынылады.
      6. ТМККК тізбесіне кірмейтін стационарды алмастыратын көмек көрсету қызметтері ақылы негізде көрсетіледі.
2. Стационарды алмастыратын көмек көрсету тәртібі
      7. Стационарды алмастыратын көмек жоспарлы және шұғыл түрде көрсетіледі. ТМККК шеңберінде стационарды алмастыратын көмек көрсету пациентте күндізгі стационарда емделуге жолдамасы, зертханалық, аспаптық зерттеулердің нәтижелері және осы пациентті емдеу үшін қажетті бейінді мамандардың консультациялары болған кезде жүзеге асырылады. Шұғыл стационарды алмастыратын көмек жолдамасыз көрсетіледі.
      8. Пациент:
      1) күндізгі стационарға түскен кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) бекіткен № 003-3/е нысаны бойынша күндізгі стационардағы науқастың картасы;
      2) үйдегі стационарға түскен кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган бекіткен № 003-2/е нысаны бойынша үйдегі стационардағы науқастың картасы толтырылады.
      9. Пациент туралы мәліметтер бастапқы медициналық есепке алу құжаттамасында:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган бекіткен № 001-1/е нысаны бойынша күндізгі стационардағы науқастың есепке алу журналында;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган бекіткен № 001-2/е нысаны бойынша үйдегі стационардағы науқастың есепке алу журналында тіркеледі.
      10. Стационарды алмастыратын көмек көрсеткен кезде күндізгі стационардың және үйдегі стационардың жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкері пациентті күн сайын қарайды, жүргізіліп жатқан емді түзетеді, қажет болған жағдайда қосымша зертханалық, аспаптық зерттеулерді және бейінді мамандардың консультациясын алуды тағайындайды.
      11. Пациентке қажетті барлық емшараларды амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері тағайындайды.
      12. Пациенттің жағдайы нашарлап, тәулік бойы бақылау қажет болған кезде пациент тез арада стационарға емдеуге жатқызылады.
      13. Жағдайы жақсарған және стационарды алмастыратын көмекті қажет етпейтін емді жалғастыру қажет болған жағдайда пациент амбулаториялық емделуге жіберіледі.
       14. Емдеудің ұзақтығы пациенттің келіп түскен сәтінен бастап:
       1) гемодиализде, химиялық және сәулелік терапияда, медициналық оңалту мен қалпына келтіре емдеудегі пациенттерді қоспағанда күндізгі стационарда кемінде 3 күн және 8 жұмыс күнінен артық болмауы керек;
      2) үйдегі стационарда кемінде 3 жұмыс күні және жіті аурулар кезінде 5 жұмыс күнінен, созылмалы аурулар асқынған кезде 8 жұмыс күнінен аспауы керек;
      3) жасалған операциядан кейін амбулаториялық-емханалық деңгейде хирургиялық патологиясы бар науқастардың 3 жұмыс күніне дейін күндізгі стационарда қысқа мерзімде болуы керек.
      15. Стационарды алмастыратын көмек алған пациентті шығару кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган бекіткен № 066-4/е нысаны бойынша күндізгі стационарда және үйдегі стационарда емдеуден өткен науқастың статистикалық картасы толтырылады.
      16. Қажетті ұсынымдарымен науқастың медициналық картасынан үзінді көшірме қол қою арқылы пациенттің қолына және бекітілген жері бойынша бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына беріледі.
      17. Үш жасқа дейінгі балалар күндізгі стационарға аналарымен (әкелерімен) немесе оларға тікелей күтім жасайтын өзге адамдармен бірге жатқызылады.
      18. Стационарды алмастыратын көмекті көрсету үшін медициналық айғақтар мен қарсы айғақтар аурудың нозологиялық нысанымен, аурудың ағымының сатысы мен дәрежесіне, негізгі аурулардың асқынулары мен қосалқы патологиясынның болуымен анықталады.
      19. Стационарды алмастыратын көмекті ұсыну үшін жалпы айғақтар:
      1) медициналық бақылай отырып, күні бойы ұзақтығы төрттен сегіз сағатқа дейін созылатын емшаралар жүргізуді талап ететін аурулар;
      2) тәуліктік стационардан шыққаннан кейін медициналық бақылаумен емдеу іс-шараларын жалғастыруды талап ететін аурулар;
      3) стационарлық емдеуден кейін медициналық оңалту мен қалпына келтіре емдеуді жалғастыруды талап ететін аурулар болып табылады.
      20. Стационарды алмастыратын көмек көрсету үшін жалпы қарсы айғақтар:
      1) тәулік бойы емшаралар жүргізуді және медициналық бақылауды талап ететін аурулар;
      2) эпидемиологиялық қауіп кезеңіндегі инфекциялық аурулар;
      3) «Әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 4 желтоқсандағы № 2018 қаулысына сәйкес айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулар болып табылады.
      21. Пациентті үйдегі стационарда қарап-тексеру үшін күндізгі стационар жағдайында медициналық көмек алу қажет болған жағдайда пациенттің амбулаториялық-емханалық ұйымға қаралуына кедергі келтіретін ағзалар функцияларының бұзылуы айғақ болып табылады.
      22. Төсектік режимді қажет ететін пациенттерге күндізгі стационар жағдайында медициналық көмек көрсетуге рұқсат етілмейді.
      23. Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайы қанағаттанарлықсыз болса, үйдегі стационар жағдайында стационарды алмастыратын көмек көрсетуге рұқсат етілмейді.


© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет