Стамбекова асель серкебаевна


Практикалық мазмұнды есеп



бет2/4
Дата07.07.2016
өлшемі386 Kb.
#183493
түріДиссертация
1   2   3   4

Практикалық мазмұнды есеп деп мазмұны математиканы оқытуда пәнаралық байланысты ашып беретін, қазіргі заманғы өндіріс экономикасында, қызмет көрсету саласында пайдаланылатын есептерді түсінеміз. Мысалы, 3 спортшы Балқаш және Алакөл аралығындағы ұзындығы 120 км Қарақұмды жүгіріп өтеді. 1-ші спортшы күніне 15 км, 2-ші спортшы одан 5 км артық, 3-шісі 2-шіден 2 есе кем жүгіріп отырады. Әр спортшы Қарақұмды неше күнде жүгіріп өтеді?

Бұл есепті шығару нәтижесінде оқушылар Балқаш, Алакөл, Қарақұм сияқты географиялық атаулармен және Қарақұмның ұзындығы жөнінде нақты мағлұмат алады, спорттың жеңіл атлетикалық түрімен танысады, жүгіру уақытына байланысты жылдамдықты есептеу арқылы әр спортшының жылдамдықтарының әр түрлі екендігіне көз жеткізеді.

Практикалық мазмұнды есептер оқу материалын есте сақтауды қамтамасыз етіп қоймай, таным процестерін қалыптастыруға мүмкіндік жасайды, яғни оқушылар белгілі бір ақпаратты есте сақтайды, өндіріс орындарындағы, қоршаған ортадағы құбылыстарға байланысты берілген есептердің нақты жауаптарымен танысады.

Біз бастауыш сыныпта Г.И. Щукина көрсеткен танымдық қызығушылықтың дамуының үш деңгейін басшылыққа ала отырып, оны математиканы оқыту үдерісінде қолдандық. Оқыту барысында бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын практикалық мазмұнды есептер арқылы дамыту үшін жоғарыда көрсетілген үш деңгейді қолдану мақсатында практикалық мазмұнды есептерге қызығушылығы төмен оқушылар тобын анықтау қажет болды. Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған практикалық мазмұнды есептер мен тапсырмаларды орындаудың әдістемелік ерекшеліктерін және оқушылардың танымдық қызығушылығының даму деңгейлерін саралау арқылы олардың даму деңгейін бағалау үшін манадай көрсеткіштерді (1-кесте) бөліп көрсету қажет деп ойлаймыз: а) практикалық мазмұнды есептерді шығара алуы; ә) оқушылардың практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазуға, оған сызба сызуға, кесте толтыруға, сурет сала алуы; б) қарапайым диаграммаларды, графиктерді оқуға және сыза білуі; в) практикалық мазмұнды есептерді құрастыруы; г) практикалық мазмұнды есептердің мәтінімен және сөздікпен жұмыс істеуі; д) қалыптан тыс, логикалық практикалық мазмұнды есептерді шығаруы; е) танымдық маңызы бар есептерді шығару барысында алынған мағлұматтарды еске сақтай алуы.

Біз осы кестедегі оқушылардың танымдық қызығушылық деңгейлері мен оларға сәйкес көрсеткіштерге сүйеніп, оқушылардың танымдық қызығушылығының даму деңгейін бағаладық. Сол бойынша бастауыш мектепте оқушылардың танымдық қызығушылығын ары қарай дамыту үшін қалыптастырылуға тиіс білім, іскерлік және дағдыларына қойылатын талаптарды анықтау қажет болды.

1 кесте - Оқушылардың танымдық қызығушылығының даму деңгейін бағалау көрсеткіштері




Деңгейлерге байланысты көрсеткіштер

Деңгейлер

Қарапайым

Орта

Жоғары

Практикалық мазмұнды есептерді шығара алуы

оңай практикалық мазмұнды есептерді ғана өзбетімен шығара алады.

барлық типтік есептерді құлшына шығарады, өзбетімен әрекет етуге даярлығын көрсеткенімен стандартты емес есептерді талдау барысында қиналады.

қиын есептерді шығаруды жақсы көреді, оның шешуін іздеу барысында табандылық пен шығармашылықтық көрсетеді.

Оқушылар

дың практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазуға, оған сызба сызуға, кесте толтыруға, сурет сала алуы



оқушылар практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазуды, оған сызба сызуды, кесте толтыруды, сурет салуды дайын нұсқаулар арқылы орындайды, оқушының тарапынан ешқандай шығармашылық қиялдау көрінбейді.

оқушылар практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазады, оған сызба сызады, кесте толтырады, сурет салады; оны орындаудың мақсатын да түсінеді, өзбетімен олар бойынша дұрыс тұжырым да жасайды; бірақ оларда теориялық тұрғыдан ешқандай сұрақ туындамайды, яғни, практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазудың, оған сызба сызудың, кесте толтырудың, сурет салудың жаңаша жолдарын ұсына алмайды.

оқушылар практикалық мазмұнды есепті қысқаша жазуды, оған сызба сызуды, кесте толтыруды, сурет салуды біледі және жақсы көреді, өздері оны орындаудың басқаша жолдарын ұсынады, алынған нәтиженің тиімділігін бағалауға тырысады.

Қарапайым диаграмма

ларды, графиктерді оқуға және сыза білуі



қарапайым диаграммаларды, көрнекілік сипаттағы графиктерді оқиды, бірақ оның қажеттілігін түсінбейді; оларды сызу қиын бір іс сияқты көрінеді.

қарапайым диаграммаларды, графиктерді оқиды, оның қажеттілігін түсінеді, оларды мұғалімнің көмегімен сызады.

қарапайым диаграммаларды, графиктерді оқиды, онда бейнеленген бөліктердің әр түрлі болу себептерін, неге байланысты екенін дәлелді айтады, олар арқылы есептің дұрыс шешімін тез табуға болатынын да біледі; диаграммаларды, графиктерді дұрыс өзбетімен сызады, сызу барысында түрлі-түсті бояуларды қолданады.

1 кестенің жалғасы


Практикалық мазмұнды есептерді құрастыруы

мәліметтері және сан мәндері дайын немесе ұқсас нұсқасы бар есептерді құрастырады, өзбетімен практикалық мазмұнды есептерді құрастыруға қызығушылығы әрдайым бола бермейді, есепті құрастыру барысында туындаған қиындықтарды жеңуде, оны құрастырудың жаңа жолдарын іздеуде табандылық көрсетпейді; берілген тапсырманын аясындағы жұмыспен ғана шектеледі, құрастырылған есептердің шындыққа жақындығына мән бермейді.

практикалық мазмұнды есептерді құрастыруға қажетті мәліметтерді жинастырып, оларды орынды пайдаланса да, практикалық мазмұнды есептерді құрастыру барысында мұндай оқушылардың шығармашылық әрекеті эпизодтық түрде болады, құрастырған есептері шынайы болғанымен, оның соңғы нәтижесі (жауабы) қызықтыра бермейді, яғни, соңғы нәтижесін алуға талпынбайды (құрастырған есебін шығармайды).

құрастырылған практикалық мазмұнды есептерінде шығармашылық элементтері байқалады, «дүниетану», «ана тілі» және т.б. пәндерде, газет пен журналдарда, анықтамаларда кездесетін мәліметтерді (сан мәндерді) жинастырып, қажет уақытта пайдаланады, құрастырған есептердің шындыққа жақындығын қадағалайды, өзі құрастырған есебін шығарып, алған нәтижесін қуанышты сезіммен қабылдайды.

Практикалық мазмұнды есептердің мәтінімен және сөздікпен жұмыс істеуі

мұндай оқушылар практикалық мазмұнды есептің мәтінін бірнеше рет оқығаннан кейін ғана қабылдайды, кейде есептің мазмұнын қабылдау үшін қосымша көрнекілікті қажет етеді; егер есепте түсініксіз немесе таныс емес сөз кездессе, онда есепті түсініп қабылдауы біршама қиынға түседі; есепті түсіну үшін сөздікпен жұмыс істеуге талпынбайды, мұндай жағдайда есепті шығару, онда берілген сан мәндерін бір-бірімен қосып азайтып немесе көбейтіп бөлу амалдары әйтеуір бір жауап шықса деген мақсатпен орындалады.

практикалық мазмұнды есептің мәтінін үш не төрт рет оқығаннан кейін қабылдайды, есеп қиын болмаса, көрнекі құралдарды қажет етпейді; есептің мәтінінде кездескен таныс емес немесе мағынасы күңгірт сөздер кездессе олардың мағынасын түсінуге тырысады, яғни мұғалімнен не ата - анасынан мағынасын сұрайды.

практикалық мазмұнды есептің мәтінін бір не екі рет оқығаннан қабылдайды, түсініксіз сөздер кездессе, олардың мағынасын сұрайды, қажет болса жазып та алады, мұндай оқушылардың өздері бастаған сөздік дәптері болады.

1 кестенің жалғасы


Қалыптан тыс, логикалық практикалық мазмұнды есептерді шығаруы

кез-келген қалыптан тыс, логикалық практикалық мазмұнды есептерді шығаруда қиналады, оларды орындау үшін ойланғысы келмейді,берілген тапсырманы ойланбай орындайды, оның дұрыстығына көзін жеткізбейді.

қалыптан тыс, логикалық практикалық мазмұнды есептерді шығару үшін ойланады.

қалыптан тыс, логикалық практикалық мазмұнды есептерді шығаруда ойланады, ол оны қызықтырады, онда берілген тапсырмаларды дұрыс орындайды.

Танымдық маңызы бар есептерді шығару барысында алынған мағлұматтар

ды еске сақтай алуы



танымдық маңызы бар есептерді шығару барысында алынған мағлұматтарды еске сақтау үшін мұғалім тарапынан «еске сақта» деген тапсырманы қажетсінеді, ондай тапсырма берілмесе, оны еске сақтауды қажетсінбейді.

танымдық маңызы бар есептерді шығару барысында алынған мағлұматтарды қызықты болса ғана еске сақтауға тырысады, оның өзінде жадында көпке дейін сақталынбайды (ұмытады).

танымдық маңызы бар есептерді шығару барысында алынған мағлұматтарды өзіме келешекте керек болып қалады ғой деген мақсатпен есте сақтайды.

Соңғы 10-15 жылда практикалық мазмұнды есептер арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға қандай деңгейде талап қойылатынын анықтау мақсатымен 1981 жылдан бастап 2006 жылға дейінгі жарық көрген бастауыш мектеп математика оқу бағдарламаларына талдау жасадық.

Соңғы жылдардағы (1981-2006) бастауыш мектептегі математика бағдарламаларын оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту тұрғысынан талдау үдерісі мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік берді:


  • бағдарламаларда қамтылған білім мазмұны және оқушылардың білім, іскерлік, дағдыларына қойылған талаптар олардың танымдық қызығушылығын
    дамытуға бағытталған;

  • бағдарлама көлеміндегі материалдарды оқытуда оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға қол жеткізу үшін оны әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету қажет, ол үшін математиканы оқыту мазмұнын танымдық маңызы бар тапсырмалармен, есептермен, оның ішінде практикалық мазмұнды есептермен толықтырып, оларды қолданудың әдістемесін жетілдіру көзделеді.

Проблеманың психологиялық-педагогикалық негіздерін, оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың деңгейлері мен оларға сәйкес көрсеткіштерін және математика бағдарламаларында оқушылардың білімі мен іскерлігіне қойылған талаптарының негізінде бастауыш сыныптарда оқушылардың білімі мен іскерлігіне қойылатын талаптарды айқындадық.

Бұл талаптарды бастауыш сыныптардың математика пәнінен оқу материалының мазмұны, кейбір пәндерден (тіршіліктану, еңбек) және оқушыларға жоғарғы сыныптарда алгебра, геометрия, физика, химия жүйелі курстарын оқуына қажетті математикалық дайындықтарын ескере отырып анықтадық.

Бастауыш мектеп математика бағдарламаларын, олардағы оқушылардың таным қызығушылығын дамытуға бағытталған талаптар тұрғысынан талдай келе, бастауыш сыныпта математика курсын оқу үдерісінде оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту үшін практикалық мазмұнды есептерді қолдануға қойылатын талаптар мынадай болуы тиіс деп есептейміз (2-кесте):
2 кесте - Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту үшін қажетті білім, іскерлік және дағдыларына қойылатын талаптар


Сыныптар

1-сынып

Талаптар

- оқушының өз ойын екінші біреуге түсіндіре алатындай сөздік қорының болуы;

- оқушылардың практикалық мазмұнды есепті құрастыру барысында дұрыс сөйлеуі;

- сөзі неғұрлым анық, керексіз артық сөздерден таза болуы;

- оқушылардың шығаратын есебінің мазмұнын түсініп, қысқа түрде жазып беруі;

- шығаратын есептің мазмұнын түсініп, оны талдай білуі;

- есеп құрастыру үшін материал жинау дағдысы, яғни материал жинау барысында бақылаудың кейбір тәсілдеріне дағдылануы;

- қысқаша жазу бойынша практикалық мазмұнды есеп құрастыра білуі;

- берілген сурет бойынша практикалық мазмұнды есеп құрастыра білуі.



2-сынып

- оқушының өз ойын екінші біреуге түсіндіре алатындай сөздік қорының болуы;

- оқушылардың практикалық мазмұнды есепті құрастыру барысында дұрыс сөйлеуі;

- сөзінің неғұрлым анық, керексіз артық сөздерден таза болуы;

- оқушылардың шығаратын есебінің мазмұнын түсініп, қысқа түрде жазып беруі;

- шығаратын есептің мазмұнын түсініп, оны талдай білуі;

- оқушылардың ауызша құрастырып айтқан есептерінің немесе жазғандарының қатесін түзетіп, оларды жөндей алуы;

- практикалық мазмұнды есепті сызба көмегімен шеше білуі;

- есеп құрастыру үшін материал жинау дағдысы, яғни материал жинау барысында бақылаудың кейбір тәсілдеріне дағдылануы;

- практикалық мазмұнды есептің мәтіні бойынша сурет сала отырып есепті шығара білуі;

- кері, өзара кері есептерді құрастыруы, салыстыруы;

- берілген мәтіннің шартын сызбаға түсіру арқылы есеп шығару;

- практикалық мазмұнды есептің логикалық жүйесін, себеп-салдарлы байланысын сақтай отырып, мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы шешімін табуы.



3-сынып

- оқушының өз ойын екінші біреуге түсіндіре алатындай сөздік қорының болуы;

- оқушылардың практикалық мазмұнды есепті құрастыру барысында дұрыс сөйлеуі;

- сөзінің неғұрлым анық, керексіз артық сөздерден таза болуы;

- оқушылардың шығаратын есебінің мазмұнын түсініп, қысқа түрде жазып беруі;

- шығаратын есептің мазмұнын түсініп, оны талдай білуі;

- жинаған материалдарын жүйелей алуы;

- кестелердегі деректерді пайдаланып 2-3 амалмен шығарылатын практикалық есептерді құрастыра білуі;

- төрт амалға берілген есептерді шығарудың, шешудің ең тиімді жолын таба білуі;

- есеп құрастыру үшін материал жинау дағдысы, яғни материал жинау барысында бақылаудың кейбір тәсілдеріне дағдылануы;

- практикалық мазмұнды есептерді шығару барысында оның соңғы нақты нәтижесін елестете алуы;

- ойлау операцияларын (талдау, жинақтау, салыстыру, жіктеу және т.б.) орындау кезінде логикалық түрде пайымдауы;

-практикалық мазмұнды есептің құрамды бөліктері мен оны шығару кезеңдерін саналы айқындауы;

- берілген кестені пайдаланып есеп шығаруы (оқулықта орналастырылған кестені, көлік қозғалысының кестесін және т.б.);

- практикалық мазмұнды есептерді шешу барысында өрнек, теңдеу, формула, график және т.с.с. (математикалық модельдерді) құрастыру;

- белгісізі бар практикалық мазмұнды есептерді шығару кезінде оқулықтағы мағлұматтарды қолдана білу.


2 кестенің жалғасы





4-сынып

- оқушының өз ойын екінші біреуге түсіндіре алатындай сөздік қорының болуы;

- оқушылардың практикалық мазмұнды есепті құрастыру барысында дұрыс сөйлеуі;

- сөзінің неғұрлым анық, керексіз артық сөздерден таза болуы;

- оқушылардың шығаратын есебінің мазмұнын түсініп, қысқа түрде жазып беруі;

- шығаратын есептің мазмұнын түсініп, оны талдай білуі;

- есеп құрастыру үшін материал жинау дағдысы, яғни материал жинау барысында бақылаудың кейбір тәсілдеріне дағдылануы;

- берілген кестені пайдаланып есеп шығаруы (оқулықта орналастырылған кестені, көлік қозғалысының кестесін және т.б.);

- практикалық мазмұнды есептерді шешу барысында өрнек, теңдеу, формула, график және т.с.с. (математикалық модельдерді) құрастыру;

- белгісізі бар практикалық мазмұнды есептерді шығару кезінде оқулықтағы мағлұматтарды қолдана білу;

- төрт амалға берілген есептерді шешудің ең тиімді жолын таба білуі;

- тік төртбұрыштың (шаршының) ауданын және периметрін; текшенің, тік бұрышты параллелепипедтің көлемін есептеп табу;

- қарапайым графиктер мен диаграммаларды оқу және салу.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет