Стоматология


Мұрын сүйектерінің сынықтары



бет133/173
Дата28.02.2022
өлшемі2.68 Mb.
#455816
түріОқулық
1   ...   129   130   131   132   133   134   135   136   ...   173
книга-хирургическая-стоматология

Мұрын сүйектерінің сынықтары
Анатомиялық тұрғыдан қарағанда мұрын сыртқы мұрын және мұрын қуысына бөлінеді. Сыртқы мүрын беттің ортасында орналасып, оның пішіні сүйек және шеміршекті құрылысына байланысты әртүрлі болады. Сыртқы мұрынның маңдаймен жалғасқан жерін мұрын түбірі дейді, төменірек мұрын жотасы орналасқан, ол мұрын ұшымен шектеледі. Бүйір бетінің төменгі жағында танауды шектеп тұратын қанатшалары орналасады.
Мұрын сүйектері көбіне соққы бүйірінен тигенде сынады. Бұл жағдайда сынық соққы тиген жағында ішіне қарай (ортаңғы сызыққа), ал қарама-қарсы бетінде сыртқа қарай ығысады. Егер соққы алдынан артқа қарай тисе мұрын сүйектері маңдай, жоғарғы жақ сүйектерімен жалғасқан жіктері бойымен сынады және мұрын пердесі зақымдануы мүмкін. Мұрын сүйектері кеңсіріктің, мұрынның қосымша қуыстарының, көз ұясы сүйектерінің, бас қаңқасының алдыңғы шұңқырында негізінен қатарласып сынуы мүмкін.
Носовтың мұрын сүйектері сынықтарының жіктелуі клиникада қолдануға өте қолайлы.
1. Мұрын сүйектерінің сынық бөліктері жылжымай және сыртқы мұрынның деформацияланбай (ашық, жабық) сынуы.
2. Мұрын сүйектерінің сынық бөліктері жылжып және сыртқы мұрынның деформацияланып (ашық, жабық) сынуы.
3. Мұрын пердесінің зақымдануы.
4. Мұрын пердесінің ашылған кітап тәріздес болып зақымдануы.
Мұрын сүйектері сынған науқастар ауыру сезіміне, косметикалық ақауға, мұрынмен тыныс алудың нашарлауына, кейде бастың айналатынына, лоқсуына шағым айтады. Мұрын сүйектері мидың зақымдануымен қосарлана жарақаттануы мүмкін, сондықтан зақымдану жағдайын және оның организмге әсерін мүқият тексеріп анықтау қажет. Мұрын сынуының ең айқын белгілерінің бірі одан қан ағуы. Сырттай қарап тексергенде мұрынның жұмсақ тіндерінің қатты ісінгені, төменгі қабақтың, сыртқы мұрынның теріасты клетчаткасының, төменгі және жоғарғы қабақ конъюнктивасының қанталағаны көзге түседі. Саусақпен басып тексеру тәсілі сүйек сынықтарының жылжымалығын, ығысып кеткен сүйектердің үшкір қырларын, сықырлауын, мүрын қуысының шырышты қабаты зақымданған жағдайда пайда болған теріасты эмфиземасын анықтауға мүмкіндік береді.
Қатты ісінген жұмсақ тіндер мұрын сүйектерін саусақпен басып тексеруге қиындық тудырады. Белгісі бары-жоғын анықтау үшін гаймор қуысының алдыңғы қабырғасын, алмұрт тәріздес тесіктің қырларын, көз ұясының төменгі қырларын саусақпен тексеру қажет. Алдыңғы риноскопия тәсілі қан кеткен, тыныс алуға кедергі жасайтын жерлерді, мұрынның шырышты қабатының жағдайын, мұрын пердесінің деформациясын анықтауға мүмкіндік береді.
Сынықтың бар-жоғын, оның сын-сипатын, орналасқан жерін және сынықтардың ығысуын алдыңғы және бүйір проекциясында жасалған рентгенограммадан анықтауға болады.
Мұрын сүйектері сынған науқастарға көмек көрсетуге артқы немесе алдыңғы тампондау әдісімен қан тоқтату және сынықтарды орнына салу іс-әрекеттері кіреді. Мұрын сүйектері сынғанда жұмсақ тіндер жарақаттанса алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізу керек.
Мамандандырылған көмек көрсеткенде барынша сыртқы мұрынның пішінін орнына келтіріп, оның физиологиялық қызметін жөндеуді мақсат ету керек. Мұрынның шырышты қабатын 1—2% дикаин немесе 5% кокаин ертіндісімен және сынық сызығы өтетін жердің жүмсақ тіндерін 2% лидокаин, тримекаин немесе новокаин ерітіндісін ендіру арқылы жансыздандырады.
Сынық бөліктерінің жылжыған, жылжымаған, ашық немесе жабығына қарамай сынықты мұрын ішінен (эндоназалды) салады. Ол үшін мұрын қуысына, басына дәке оралған Кохер қысқашының немесе элеватор ұшын кіргізіп сынықтарды, сынық бағытына қарама-қарсы бағытқа итеріп орнына салады. Осы іс-қимылдармен бірге екінші қолының саусақтарымен сынық бөліктерін орнына дұрыс орныққанын бақылап тұрады. Сынық бөліктері қайта ығысып кетпес үшін операциядан соң жоғарғы және ортаңғы мұрын тыныс жолдарына 7—8 күнде вазелинмен майланған йодоформды тампонмен толтырады, ал тыныс алуға мүмкіндік беру үшін мұрынның төменгі тыныс жолына хлорвинилді түтік салынады. Мұрынның сыртқы бүйірлеріне дәкеден жасалған тығыз білік қойылып, олар жабысқақ тартпамен бекітіледі. Уақытында көрсетілген көмек жақсы функционалдық және косметикалық нәтиже береді. Науқастың жүмысқа жарамсыздығы 10 күнге созылады. Жақ-бет жарақатында кездесетін асқынулар, алдын алу және емдеу
Қазіргі кезде асқынулардың ерте және кеш түрлерін ажыратады. Тікелей ерте асқынуларға тыныс алудың жеткіліксіздігі және асфиксия, қан кету, шок және коллапс, ертерек қан кегу, тыныс алу жолдары өткізгіштігінің жеткіліксіздігі және организмдегі су-электролит тепе-теңдігінің жедел өзгеруі жатады,
Кеш дамитын асқынуларға: екіншілік қан кету, бронхопульмональдық бұзылулар, жарақатты (оқ титең) остеомиелит, жоғары жақ қуысының жарақатты синуситі, церебральды өзгерістер т. б, (диплопия, парестезия, гиперестезия, сілекей жыланкөздері, анкилоз, шайнау бұлшықеттерінің контрактурасы жалған буында және т. б.).
Кеш асқынулардың негізгі 4 себебі бар:
1. Бет-жақ аймағының жұмсақ және сүйек тіндердің ақауларымен ауыр жарақаттануы.
2. Науқасты емдегенде мамандандырылған стоматологиялық көмектен қате кетуі.
3. Организмнің жалпы реактивтілігінің төмендеуі.
4. Ауыз қуысының патогенді емес микрофлорасының тез патогенді және жоғары вирулентті микрофлораға айналып, антибиотикке төзімділігінің артуы.
Ерте асқынулар. Асфиксия — өмірге қауіпті асқыну. Бет-жақ жарақатында асфиксияның даму себебіне байланысты 5 түрін ажыратады.
1. Дислокациялық асфиксия. Төменгі жақтың, әсіресе иек бөлігі сынған кезде тілдің артқа кетуінен пайда болады. Тіл түбі көмекейге қысым түсіріп жолды жауып тастайды. Шүғыл көмек көрсету: Науқасты қырымен жатқызады. Мүмкіндігінше тілді жібек жіппен тігіп омырауға бекітеді. Тіл тістің тістесу қырымен қатты жанаспауы керек әйтпесе жарақаттануы мүмкін. Тілді бинт-ке түйреуішпен бекітеді.
Төменгі жақ оқпен жарақаттанып сынғанда тіл де бірге зақымданады. Бұл жағдайда тілді тігудің пайдасы аз. Бұндай науқасты иегімен жатқызып, трахеостома жасайды.
2. Обтурациялық асфиксия. Жоғарғы тыныс жолдарына бөгде заттардың түсуінен болады. Оларды жұтқыншақтан саусақпен алса ауаның енуіне жағдай жасап асфиксияны жояды. Ал тілді тіксе бөгде зат көмекейге және кеңірдекке кетеді.
3. Стенотикалық асфиксия. Дауыс байламы кеңістігіне немесе көмекейдің артқы бөлімінде гематоманың пайда болуынан болады. Мұны клиникалық тексеруден өткізгенде көз жеткізеді. Мойындағы қан аққан тамырды тауып, тігіп, ісінуге қарсы ем жүргізгеннен кейін тыныс алудың жеткіліксіздігі басылады. Егер қысым түсіруші дене көлемі үлкен болса крикотомия жасауға болады. Трахеяны жуан инемен тесіп трахеостома салады, тіл тігілмейді.
4. Қақпақшалық асфиксия. Жұмсақ таңдай немесе жұтқыншақтың артқы қабырғасы жыртылғанда пайда болады. Бүл түрін обтурациялық асфиксиядан ажырату керек. Саусақпен қарағанда жүмсақ тіндердің қиындысы байқалады.
Мұндайда науқасты басын төмен қаратып немесе бүйірімен жатқызу керек. Экстремальды жағдайда коникотомия немесе жуан инемен трахеяны тесуге болады. Хирург-стоматолог жұмсақ тіндерді қалпына қойып тігеді.
5. Аспирациялық асфиксия. Трехея мен бронхқа құсық массалары, қан ұйындысы түскенде дамиды. Көмек көрсету: Трахеостома салынады. Трахеобронхиальды бағана санацияланады. Мұнда көбіне төменгі трахеостомия жасалады. Саусақпен қалқан тәрізді шеміршектің төменгі жиегін ұстап көріп алады. Тілік ортаңғы сызық бойынша сақина тәрізді шеміршектен төмен төс ойығына дейін жүргізіледі (үлкендерге 6—7 см, балаларда 3—4 см). Теріні, теріасты клетчаткасын, беткей фасцияны кеседі. Одан кейін екінші фасцияны кесіп ашады. Клетчатканы тұйық жолмен сыдырады, анатомиялық пинцетпен төмен сырғытып, тұйық ілмекпен веноздық өрімді әрі жылжытады. Одан әрі мойынның үшінші фасциясын тіледі. Сәл тереңіректе көмекейдің бұлшықеттерін ілмекпен ажыратып, трахея қабырғасына, қалқанша безге жетеді. Тұйық ілмекпен безді жылжытады. Трахеяны ашпас бұрын мұқият қан кетуді тоқтатады. Құрғатып сүртеді де операциялық алаңға салфеткалар қояды. Үшкір екі тісті ілмекпен трахеяны екі жағынан көтеріп қандауырмен кеңірдектің екі сақинасын (4—5-ші) кесіп, аспаптың ұшын 0,5—1 см енгізеді. Шырышты қабаттың тітіркенуінен тыныс түтігін кескенде жөтелу рефлексі пайда болады. Кеңірдектің жиегін Груссо кеңейткішімен ажыратып трахеостомалық түтік енгізеді. Одан бұрын ішіне — 5% кокаин ертіндісі немесе 2% дикаин ертіндісін тамызу керек. Сонда ғана жөтел рефлексі болмайды.
Жарақаттың бұрышы бірнеше жерден тігіледі. Трахеостомиялық түтіктің ұшын дәкеге бекітіп мойынға ұстатады. Тігіс сызығының бойын аздап таңып жабысқыш пластырмен бекітеді. Түтіктің түбіне ылғалданып қалмас үшін кленка жапқыш енгізеді.
Қан кету. Ерте және кейін қан кету, қан тамырлары жыртылғанда бірінші 24-48 сағатта өтеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   129   130   131   132   133   134   135   136   ...   173




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет