Төменгі жақасты безінің созылмалы қабынуы. Паротиттегідей жүреді. Ол созылмалы экссудативті және паренхиматозды сиало-адениттерге бөлінеді.
Созылмалы қабынудың фиброзды және іріңді түрлері болады. Олардың клиникалық белгілері бірдей, бірақ түтіктен шығатын сілекейдің түріне қарай айырылады.
Клиникасы. Сілекей безі қатты қақсап ауырып, көлемі ұлғаяды. Дене температурасы жоғарлауы мүмкін, ауыздың ашылуы шектеледі.
Қабыну процесі төменгі жақасты безінде дамыса жұтынғанда ауыру сезімі болуы мүмкін. Шығару түтігін басып көргенде фибринді немесе іріңді тығындар, қою сілекей тамшылары содан кейін таза сілекей бөлінеді. Тығындар шыққан соң ауыру сезімі басылып, бездің көлемі кішірейеді.
Сиалограммада басты түтіктерінің қапшық тәрізді кеңейгені байқалады.
Емдеу шаралары. Шығару түтіктерін тығындықтардан босату (массаж). Шығару түтігінің өзегі тар болған жағдайда антисептикалық ерітінділермен шаю көрсетілген. Сілекей бөлінуін реттеу (диетаны сақтау, сілекей бөлінуін күшейтетін дәрі-дәрмектер), физиотерапия, йод препараттарын қолдану қажет.
Гужеро-Шегрен синдромы. Сирек кездесетін дерт. 1925 жылы Гужеро мен Шегрен анықтаған. Ауруға 40 жастан асқан әйелдер жиі шалдығады.
Этиологиясы белгісіз, гормональды бұзылыстар. А, В2 витаминдерінің жетіспеуімен және неврологиялық бұзылыстарға байланыстырады.
Ауру ауыз қуысының қатты құрғақтығына, сөйлей алмайтындығына, ауызды суламай тамақ қабылдай алмайтынына шағымданады. Ксеростомияның 3 дәрежесі болады. I дәрежесінде науқастар ауыз қуысының құрғақтығына шағымданады. Кейде ауыру сезімі болмауы мүмкін. Бірақ науқастарды глоссалгия мазалайды, ауыз қуысының шырышты қабатында күю сезімі болуы мүмкін. Осындай науқастарды көріп тексергенде, ауыз қуысының шырышты қабатының түсі қызғылт, аздап суланған, кіреберісі, тіласты және ұрттың шырышты қабатында көбіктенген сілекей анықталады. Сілекей бездерінің шығару түтігінен аз мөлшерде мөлдір сілекей бөлінеді.
II дәрежесінде науқастар ауыз қуысының тұрақты құрғақтығына, әсіресе тамақтанған кезде (құрғақ тамақтың артынан су ішуі) айқындалуына шағымданады. Осындай науқастарды көріп тексергенде, құрғаған, беті сарғыш қабыршақтармен жабылған ерінді байқауға болады. Тілі қүрғақ, науқас ұзақ әңгімелесе алмайды. Ұрт және таңдай шырышты қабатында құрғақ немесе өте аз суланған, түсі өзгеріссіз, қабыну процестері жоқ. Сілекей безін массаж жасағанда, бірнеше тамшы сілекей бөлінуі мүмкін.
III дәрежесінде түрақты құрғақтықтан басқа, ауыз қуысының шырышты қабатында қабыну процестері болуы мүмкін.
Осындай науқастарда негізінен мынадай шағымдар болады: тамақ қабылдағанда ауырып (әсіресе ащы және тұздалған тамақтар), ауыз қуысында күю сезімінің болуы. Тістер тез арада бұзылады. Еріндері жарылған, ауыздың қабатында эрозиялар пайда болып, гингивит дамуы мүмкін. Тіл құрғақ, қақталған, қызарған. Сілекей бездерін белсенді массаж жасаған кезде де сілекейдің бөлінуі байқалмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |