Клиникасы. Науқас көбінесе жақ сүйегінің ауыратындығына (бірінші күні тісінің ауыратындығына) және бет аймағының ісінгеніне шағымданады. Процестің орналасқан жеріне байланысты ауру сезімі ұдайы, интенсивті, шанышқылап, құлаққа, самайға әсер етуімен білінеді. Ауру сезімі сүйектің сыртқы қабығы астына жиналған экссудаттың (жалқық), оның кеңуінен пайда болады.
Науқас анамнезінен бұзылған тісте ауру сезімі күшейіп, тілмен, қарама-қарсы тіспен, тағаммен түйіскенде ұлғайғандығын білуге болады. Бет әлпетінде ісіну пайда болысымен, ауру сезімі бұрынғыдай емес, бәсеңдейді. Ісінген жерге жылу басса, ауру сезімі басылмай, домбығу үдей түседі. Дене қызуы 37,6—37,8° немесе одан да жоғары көрілуі мүмкін. Ол организмнің реак-тивтігіне (қарсыласу күшіне) байланысты. Организмнің улануынан әлсіздік, қалжырау, бас ауруы, тәбеттің бұзылуы байқалады. Сонымен бірге ауру сезімінен ұйқының бұзылуы да науқас жағдайын нашарлатады. Периоститте, остеомиелиттегідей дене түршігуі (қалтырау) болмайды.
Көбінесе қабыну процесі жақ сүйектерінің вестибулярлық бетінде орналасады. Ол сондағы қан және лимфа тамырларыңың көптігіне және сүйек қабырғаларының жұқалығына байланысты.
Төменгі жақ сүйегінде іріңді периоститтің пайда болуына көбінесе бірінші үлкен азу тіс себепкер болады. Екінші орында — үшінші азу (ақыл) тіс. Сирек жағдайда қабынуға себепші екінші үлкен азу, 1—2-ші кіші азу тістер, 1—2-ші күрек тістер және сүйір тістер болады.
Жоғарғы жақ сүйегінде қабынуға бірінші себепкер болатын — бірінші үлкен азу тіс, екінші — бірінші кіші азу тіс, үшінші — екінші кіші азу тіс, сонан кейін екінші үлкен азу тіс, кіші күрек тістер, сүйір тістер және ең соңғы орында үшінші үлкен азу тістер. Сырт көзбен қарағанда — науқастың бет-әлпеті коллатерльды домбығудан өзгерген, тері түсі өзгермеген, қолмен ұстағанда қатпарға жиналады: тіндердің тереңінде, яғни сүйектің сыртқы қабығының астында қабыну бар тұста, қолмен басқанда ауыру сезімі болады. Өтпелі қатпарды басқанда флюктуация байқалады.
Жоғарғы күрек тістердің әсерінен пайда болған периоститте жоғарғы еріннің, мұрын қанатшалары мен қалқаншасының асты домбығады. Егер периоститтің пайда болуына сүйір тіс және кіші азу тістер себепші болса, онда домбығу ұрт, бет сүйегі, көзасты аймақтарына, астыңғы қабаққа дейін жайылуы мүмкін. Егер қабыну процесі үлкен азу тістердің таңдай түбірінен, бірінші кіші азу тістен немесе кіші күрек тістерден пайда болса (тіс түбірінің ұшы артқа қарай қисайған болса) онда бет әлпеті ісінбейді, өйткені домбығу таңдай жанында орналасады. Іріңді периостит төменгі күрек тістерден пайда болса, онда төменгі ерін мен иектің, кейбір жағдайда иекасты аймағынан да домбығып ісінуі мүмкін. Ал қабыну процесі төменгі сүйір тіс пен кіші азу тістерге байланысты болғанда, коллатеральды домбығу ұрт аймағының төменгі жағынан езуге дейін созылып, жақасты аймағына жайылуы мүмкін. Жедел ағымды одонтогенді периостит төменгі азу тістерден туындаса, домбығу ұрт аймағының төменгі жағына, құлақ жаны — меншікті шайнау еті және жақасты аймақтарына жайылуы ықтимал.
Кейбір жағдайда, іріңді процесс төменгі азу тістерден төменгі жақ сүйегінің бұрышы, бұтағы және сыртқы қабығы астына жайылып, меншікті шайнау бұлшықеті мен медиальды қанатша бұлшықетінің жиырылуы, содан кейін қабыну әсерінен контрактурасын (қарысуын) тудырады. Жақ бұлшықеттерінің 3 түрлі қарысуы болады:
I — ауыз ашылуы аз ғана шектеледі.
II — ауыз қуысы I см ғана ашылады.
III — жақ бұлшықеттері түгел қарысып, науқас өз бетімен аузын аша алмайды.
Регионарлы лимфа түйіндері ерте үлкейе бастайды (жақасты, иекасты түйіндері). Оларды қолмен басқанда ауыру сезімі туады, көлемдері үлкейген, консистенциясы жұмсақ.
Ауыз қуысында қабынуға себепші болған тістің тұсындағы шырышты қабық қызарып, домбыққан. Егер қабыну жақтың вестибулярлық бетіне орналасса, оған себеп болған және оның жанында орналасқан тістердің тұсындағы етпелі қатпар ептеп тегістеліп, ірің жинала бастағанда көтеріледі. Ол жерді қолмен басса ауырады, кейінірек флюктуация пайда болады. Егер бір се-бептермен сүйектің сыртқы қабығы астындағы абсцесс тіндерді тілу арқылы шығарылмаса, онда 4—6 күн өткен соң сүйектен ажыраған сыртқы қабығы өлеттеніп, тесіледі де, іріңді зат альвеолды өсіндінің шырышты қабығының астына жиналады. Яғни шырышты қабықасты абсцесі пайда болады. Біраз уақыт еткен соң, ірің өз бетімен шырышты қабықты тесіп ауыз қуысына шығады да қабыну процесі кері дамиды. Егер де ірің қызыл иек арқылы шықпай жұмсақ тіндерге өтеп кетсе, шектелген не жайылмалы іріңді қабыну (абсцесс, флегмона) процесі пайда болады. Қабыну жақ сүйегін қаптап жатқан қабық альвеолды өсіндінің вестибулярлық бетінде ғана емес басқа жерінде де болуы мүмкін. Жоғары үйлескен және кіші азу тістердің жедел ағымды және қайта қозған созылмалы периодонтитінде, ірің гаймор қуысының ішіне еніп, іріңді гайморит пайда болуы мүмкін. Төменгі азу тістерден пайда болған периодонтиттерде, қабыну альвеолды өсіндінің тіл жағына орналасса, науқас жұтынғанда ауырсынады. Қабыну бар жердегі альвеолды өсіндінің шырышты қабығын қан кернеп қызарған, домбыққан, 2-З-ші тістің тұсында (тіл жақ бетінде) ауыратын инфильтрат білінеді.
Ал енді қабыну процесі үлкен азу тістердің таңдай түбірінен бірінші кіші азу тістен не болмаса кіші күрек тістен туатын болса, іріңді экссудат таңдай жағына қарай тарайды. Таңдайда жарты шар тәрізді немесе сопақша, келген, диаметрі 3—4 см аса қоймайтын ісік байқалады. Таңдайдағы абсцесс дамыған сайын іріңді экссудат сүйек сырты қабығын сүйектен ажыратады да, солқылдап ауыра бастайды.
Ісікке тілмен тиіскенде, тамақ жегенде, сөйлегенде ауыру сезімі үдей түседі. Таңдайдың шырышты қабығы тығыз әрі қалың болғандықтан, бұл жерде орналасқан абсцестер 7—10 күн өткенде ғана өз бетімен жарылуы мүмкін.
Ірің өз бетімен жарып шыққан тесік кішкентай болғандықтан, көп уақытқа дейін (бірнеше апта) таңдайдағы ісік қайтпайды және өте аз мөлшерде одан мезгіл-мезгіл ірің шығып тұрады. Қалғаны өлеттенген грануляциялық тінмен толы болады. Кейбір жағдайда осы грануляциялық тіннің ішінде таңдайдың кортикальды пластинкасының өлеттенген майда секвестрларын кездестіруге болады. Бұл остеомиелит дамуының белгісі. Бүл процестің өз бетімен ұзақ уақыт бойы жазылуы және іріңді заттың бірден шыға қоймауы. Осының әсерінен таңдай сүйегінің қан айналу процесі бұзылып, сүйек өлеттеніп секвестрацияға ұшырауы мумкін. Бірақ жедел ағымды іріңді периостит өз бетімен сүйекте үлкен өзгерістер тудыра алмайды остеомиелит екіншілік дамитын ауру. Бұл іріңді периоститтің остеомиелиттен негізгі айырмашылығы. Тіс қатарын тексергенде тіс жегі куысымен тіс қуысы байланысқан тісті көруге болады. Тісті аспаппен соққанда ауырады, егер қабыну процесі тіс түбірі ұшындағы инфекция ошағынан басталмаса, онда маргинальды периодонтиттің, пародонтиттің немесе альвеолиттің белгісі анықталады. Рентген суретінде қабынуға себеп болған патологиялық процестің, яғни периодонттің бір формасына тән, сарысулы ісікке немесе немесе альвеолиттің белгісі анықталады. Рентген суретінде қабынуға себеп болған патологиялық процестің, яғни периодонтиттің бір формасына тән, сарысулы ісікке немесе ретенцияға ұшыраған тістің көрінісін көруге болады.
Қанның құрамындағы гемоглобин мен эротрициттердің саны аз уақыт ішінде өзгере қоймайды. Лейкоциттер саны көптеген науқастарда 9-10х103 мкл немесе одан жоғары көтерілуі мүмкін (көбінесе сегмент ядролы нейтрофильдер әсерінен). Эротроциттердің тұнбаға түсу уақыты 15—20 мм/сағ дейін өседі, қан сары-суы құрамында С-реактивті белок пайда болады. Іріңді операция жолымен шығарған соң қан көрсеткіштері келесі күні қалпына келе бастайды. ЭТЖ уақыты бірнеше күн ішінде қалыптасады, ал несеп көрсеткіштері жедел ағымды іріңді периоститте еш өзгеріске ұшырамайды.
Тек кейбір организмі әлсіз науқастарда ғана зәр құрамында белок — 0,33 дейін кездесуі мүмкін.
Жедел ағымды іріңді периоститті — жедел ағымды іріңді немесе қайта қозған созылмалы периодонтиттен, жедел ағымды жақ сүйегі остеомиелитінен, жақ жанындағы жұмсақ тіндердің флегмонасынан ажырата білу керек (Периоститтің периодонтиттен және жақ сүйегі остеомиелитінен айырмашылығы кітаптың арнайы бөлімінде айтылады). Жақ сүйегі жанындағы жұмсақ тіндердің флегмонасында — беттің тері қабатында домбығумен бірге тығыз инфильтрат байқалады. Оның бетіндегі тері қабаты қан кернеп қызарған, жылтырап тұрады, қатпарға жиналмайды. Периоститте — тері қабатының түсі өзгермейді, қатпарға жиналады. Флегмона кезінде науқастың жалпы жағдайы қатты төмендейді, дене қызуы көтеріледі, улану белгілері пайда болып, қан құрамында үлкен патологиялық өзгерістер білінеді.
Іріңді периоститті емдеудің негізгі мақсаттары а) инфекцияның негізгі ошағын жою; б) сүйектің сыртқы қабығы астындағы инфильтратты ашып, іріңді экссудатты шығару; в) дәрі-дәрмекпен ем шараларын жүргізу.
Бірінші шарты — қабынуға себепші болған тісті жұлумен немесе оның косметикалық, функционалдық бағалығы және түбір өзегі кең әрі жақсы өтетін болса, периосттың қабынуы шектелген аймақта орналасса, онда тіс түбірі ұшындағы экссудатты тіс түбірі өзегі арқылы шығарады. Тісті сақтап қалып емдеп, пломбылайды. Ал сүйектің сыртқы қабығы астындағы іріңді экссудатты жергілікті жансыздандыру арқылы немесе көрсетілген жағдайда жалпы жансыздандыру арқылы тіліп шығарады. Ол үшін инфильтраттың ең жоғарғы, көтеріліп түрған жерінің кілегей және сүйектің сыртқы қабықтарын сүйекке дейін жеткізіп, қабынуға себепші болған тістің және ең кемінде екі көршілес тістердің тұстарынан тіледі. Оның ұзындығы инфильтраттың көлеміне сәйкес болуы керек. Қабынған жерді тек ірің жиналғанда ғана емес қабына бастаған жағдайда да тілген дұрыс.
Көптеген оқулықтарда тілінген жараға дренаж қою ұсынылады (дәкемен немесе резеңке қолғаптан жасалған). КазММУ-дың хирургиялық стоматология кафедрасы ауыз қуысындағы жараларға дренеж қоюды дұрыс деп есептемейді. Өйткені сөйлегенде тамақ ішкенде, ұйықтағанда дренаж жараның ішіне кіріп, қалып қоюы мүмкін. Егер де оны дәрігер не науқастың өзі байқамаса ол инфекцияланған бөгде дене ретінде, бірнеше ай не жыл бойы қабыну процесінің қайта қозуына себепкер болады.
Қабынған жерді тілген соң, науқас аузын жылы әлсіз антисептикпен шайқағаны дұрыс. Егер келесі күні жараның шеттері бірігіп, жабылып қалса, оны тегістеуішпен немесе „москит" тәрізді қысқашпен ашқан жөн. Науқас үйде аузын антисептик ерітінділерімен шайқауын жалғастыруы қажет.
Келесі күннен бастап дәрігер физиотерапиялық ем тағайындайды. Одонтогенді периостит гиперергиялық реакция түрінде жүретіндіктен организмнің иммунологиялық реактивтігін қалыптастыру үшін, сенсибилизацияға қарсы ем (кальций хлориді, димедрол, кальций глюканаты, супрастин) тағайындайды.
Көрсетілген жағдайда антибактериалды (антибиотиктер, сульфаниламидтер) ем, ауыру сезімін басатын дәрі-дәрмектерді тағайындауға болады. Қалыпты жағдайда қабынуға себепші болған тісті жұлып, іріңді ошақты тілген соң науқастың жағдайы жақсарып, қабыну басылады. Егер қолданылған емнен нәтиже шықпаса, онда периостит жақ сүйегі остеомиелитіне немесе жұмсақ тіндердің флегмонасына жалғасып кеткені.
Достарыңызбен бөлісу: |