Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару негіздерін жетілдіру шаралары



Дата17.06.2016
өлшемі66.13 Kb.
#143387
Саниязова Еркемай Қазбекқызы

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

Мемлекеттік Университетінің

оқытушысы



Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару негіздерін жетілдіру шаралары

Қазақстан Республикасы - табиғи ресурстармен қамтамасыз етілген әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі. Алайда, біздің еліміздің табиғи ресурстарының соншама молдығына қарамастан оған қамқорлықпен қарау қажеттілігі әрқашан туындап отырады. Әрине, қоғамның қазіргі дамуы табиғи ресурстардың шаруашылық мұқтаждықтарына белсенді түрде пайдалануына сүйенеді. Бұл процесс нарықтық қатынастар дами түскен сайын одан әрі күрделене береді. Сондықтан ғалымдар мен бүкіл қоғамның табиғи ресурстарын пайдаланудың адам үшін қажеттілігі мен табиғи ортаны қорғаудың қажеттілігі арасындағы қарама-қайшылықтарға байланысты дабыл қағуы өте орынды болып табылады. Осыған байланысты қоршаған орта байлықтарын өте көп мөлшерде шаруашылық мақсатқа пайдаланудың қоршаған ортаға тигізетін теріс зардаптары мен залалдарын жеңілдету, барынша азайту және табиғи байлықтарды молайту жөніндегі қамқорлық жасау міндеттерінің маңызы өте зор.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғанан бері табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды одан әрі жақсарту жөнінде бірқатар шаралар қабылданды. Осы қабылданған құжаттарда нарық жағдайына көшкен Қазақстанның табиғи ресурстарын пайдалану және ресурстарды пайдалану ісіне шетелдік инвесторларды тарту жөнінде де талпыныс жасалынған. Дегемен, қабылданған құжаттар да табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқару ісіне байланысты көптеген мәселелер толық шешілмеген болатын. Күні бүгінге дейін тиісті заңдар игеруге берілген табиғи ресурстар мен сол игерудің шаруашылық нәтижелердің жағдайына әлсіз ықпал жасап отыр.

Қоршаған ортадағы өзгерісі өте баяу жүретін болғандықтан қоршаған ортаға келген зиян көзге көріне бермейді. Ол бірнеше жылдар өткеннен кейін ғана біліне бастайды. Осыған байланысты зиянды өзгерістерді тоқтату үшін қабылданған шаралар тым кеш болып, нәтиже бермей, болмаса мезгіл өтіп кеткеннен соң көп күш, қаржы мен материал жұмсауға тура келетіні сөзсіз. Олай болса, қолда барды сақтау мен ұтымды пайдалану-бүгінгі күн талабы екенін есте ұстаған жөн. Табиғаттың үлкен табысы мен жетістігі – ол адамдардың ақылы мен санасы. Сол ақыл мен сана қоршаға ортамен ара қатынасты екі жаққа да тиімді етіп ұйымдастыратына күмән жоқ. Өкінішке орай, қазіргі таңда табиғат пен ара қатынастағы бұл талап ұмыт болып, бүгінгі пайдаға қызығып, ертеңгі күнге мән бермей, қоршаған ортаға орасан зор залалдар тигізу фактілері қазір қоғамымызда кеңінен белең алып жүр.

Қоршаған ортаны қорғау және оның байлығын тиімді пайдалану мәселесін шешуді қамтамасыз етеуде әртүрлі мемлекеттік органдар арнайы әдіс - тәсілдер арқылы жақсартуды мақсат етеді. Себебі, қоршаған ортаның сапасын қамтамасыз ету мемлекет пен оның органдары жүргізетін шаралардың жүйесіне тікелей байланысты. Осы жәйттің өзі қоғамдық қатынасқа қатысатын субъектілердің ерекше құқықтармен қамтамасыз етілуін қажет етеді. Олардың барлығының іс-әрекеттері экологиялық дағдарыс мәселесін шешуге белгілі бір дәрежеде ықпал жасайды. Алайда, олар тигізетін ықпалдар табиғатты қорғау органдарының өзара қарым-қатынасын дамыту мен жетілдірудегі мемлекеттік басқарудың рөлін көтеруге негізделуге тиіс./1/ Жер мен оның қойнауын ормандар мен су байлықтарын заңды тұлғалар мен жеке азаматтардың ұтымды пайдалану жөніндегі қызметіне бақылау жасаудың, есеп жүргізудің белгілі бір тәртібін енгізе отырып, қоршаған орта байлықтарын құнтты болу, бұзылғандарын дер кезінде орына келтіру, ауаға, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне қамқорлықты күшейтуде мемлекеттік органдар қызметін жақсы жетілдіруді талап етіп отыр.

Еркіндіктің көк туын желбіреткен күннен бастап, демократиялық құқықтық қоғам құру жолын таңдап, әлем мемлекеттерінің алдыңғы легіне ілесудегі қадамымыз сәтті басталғаны баршаға мәлім. Құқықтық мемлекет болғандықтан, заң актілерін ардақтап, әр кезеңде қабылданған заңдарды басшылыққа ала отырып, саяси-әлеуметтік салаларда осы үрдістің бұзылмауына атсалудамыз. Біздің негізгі Ата заңымызда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы-адам және оның өмірі мен құқықтарын, бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде жариялап, оларды жүзеге асыруға күш салып отырған әлем елдеріндегі танылған бастамаларының бірі.

Қазіргі таңда бүкіл ел жаңа тарих кезеңіне өтуде, сол себептен біздің өсіп-өнуіміз бен өркениетті дамуымыз үшін, экологиялық жағдай да жақсы болуы қажет. Кеңестік саясаттың салдарынан Қазақстанның көптеген аймақтары экологиялық зардап шеккені анық. Солардың қатарына Арал аумағын жатқызуға болады. Қазіргі уақытта бұл аумақта тұратын халықтың жағдайын да жақсарту мақсатында көптеген шаралар жүргізілуде./2/ Алайда, ластанған қоршаған ораны қалпына келтіру үшін көптеген жылдар қажет. Жалпы алғанда, қандай да болмасын сырқаттың алдын-алған жөн болады. Сол сырқаттарды туғызатын зиянды, қатерлі заттар мен құбылыстардың түрі өте көп, соның біріне электромагниттік өріс жатады. Тіпті қазіргі кезде өндірістің дамуына байланысты қолданып жүрген электромагниттік өрістерден: ұялы телефондар, байланыс құралдары, компъютерлер және басқа да радиотехникалық объектілерден бөлінеді және адам ағзасында белгіленген шектерде, зиянсыз мөлшерде кездесетіні анық.

«Дубна» халықаралық адам, табиғат және қоғам университетінің зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстан өмір сүру сапасы жағынан әлемде 78-орында екен. Ал еліміздің табиғи байлықтарды пайдалану тиімділігінің көрсеткіші-31 пайыз ғана. Бұл Жапония, АҚШ, Германия сияқты 133 елдің ішінде Қазақстан әлемдік экологиялық тұрақтылық индиксінде 70 орынға тұрақталған. Соған сәйкес, еліміздің балдық көрсеткіші 63,8 ұпай болып тұр. Тұңғыш рет жасалған тізім Давоста өткен экологиялық форумда таныстырылды. Тізімді Экологиялық заңдылық пен саясат жөніндегі Йель орталығы мен Колумбия университеттері дайындаған. Оған енген елдер денсаулық, ауа сапасы, су ресурстарынының басқару жағдайы, биологиялық тараптар, табиғи ресурстар және энергетикалық даму деген 6 топқа бөлінген. Оның сыртында әр ел 16 түрлі сыннан өткізілген. Алғашқы ондыққа Жаңа Зеландия, Щвеция, Финляндия сияқты елдер кіреді. ТМД елдері бойынша бірінші орында Ресей тұр. Сарапшылардың пікірінше, осы рейтинг көрсеткендей, қоршаған ортаға көп жағдайда әр елдің Үкіметі жүргізетін саясаты әсер етеді екен./4/



Қоршаған ортаны экологиялық басқару-бұл күрделі де көп салалы ұғым және ол мынадай мәселелерден: қоршаған ортаны қорағау мен табиғатты пайдалануды бақылау қызметтерінен; қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды пайдалану механизмдері кепілдемесімен заңдылықтарды қамтамасыз ету тәсілдерінен туындайды./5/ Қоршаған ортаны экологиялық басқарудың негізгі қызметі бақылау мына мәселелерді жүзеге асырады: экологиялық заң талаптарының сақталуын тексерумен қатар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі міндетті шараларды өткеру әдістерінен; қоршаған ортаның сапалық нормативтері мен зиянды іс-әрекеттерді тоқтату; кінәлі адамдарға әкімшілік жолмен шаралар қолдану. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару қызметі төмендегідей жолдары арқылы дамытылса:

  • Мемлекеттік органдардың табиғат ресурстарын басқару жөніндегі өкілеттігінің ауқымын кеңейту, соның ішінде көптеген кәсіпорындардың таратылып кеткен табиғатты қорғау жөніндегі бөлімдерін қайта қалпына келтіруді дамытса;

  • Мемлекеттік экологиялық басқару жүйесінде қалдықтармен жұмыс істейтін мемлекеттік басқару механизмі құрылса

    • Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін жан-жақты жетілдіру үшін «Өндірістік және тұрмыстық қалдықтар туралы» басты заң қабылдануы тиіс. Заңда осы жүйені реттеуге, қалдықтарды не істеу керектігі, оның экономикалық жақтары мен залалсыздандыру, қайта өңдеу және пайдалану мүмкіндіктерін қарастыруға ықпал етуге тиіс. Қазірдің өзінде жерді пайдалануға рұқсат берген және шартқа отырған шаруашылық жүргізушіге қалдықтарды жою, жерді қайта құнарландыру және мекеменің жойылғанға дейінгі табиғатқа келтірілген шығыны төлеуді міндеттеу сияқты шаралар заңдастырылса, қоршаған ортаны сауықтыруға мүмкіндіктер молаяр еді./6/

    • Өндіріс пен ауылшаруашылығына қуатты және табиғат ресурстарын үнемдейтін технологияларды жасап енгізуді және ресурстарды қайта пайдалануды экономикалық жағынан қолдау үнемі көрсетіліп тұрылса;

    • Халықтың сонымен бірге, табиғи ресурстарды пайдаланушы тұлғалардың экологиялық мәдениетін көтеруге байланысты мемлекеттік іс-шаралардың бағдарламалары мен оның орындалуы туралы мәселелер нақты жүзеге асырылса;

Жоғарыда атлған мәселелерді қорытындылай келе, Елбасы міндеттеген бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан нық орын алу үшін Отанымызға экологиялық саланы дұрыс жолға қойып, өндіріс орындарының, қалалардағы көліктердің ауаны ластамауын қатаң қадағалап қоймай, заманауи және технологиялық іске қосу жұмысы қоршаған ортаны мемлекеттік басқарудағы негізгі бағыттардың бірі болып саналады

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. Құқықтық Қазақстан газеті, М.Түспеков //Экологиялық қауіпсіздік-адам денсаулығының кепілі. 18 қаңтар 2007 жыл

  2. Атамекен газеті, Суханбердинов К, //Арал өңіріне көмекті кідіртуге болмайды. 12 наурыз 1987 жыл

  3. Егемен Қазақстан газеті Ә.Бейсенова. //Экономика және экология, 13 қаңтар 2007жыл

  4. Егемен Қазақстан газеті. Брагин А. //Қоршаған орта және әлем қауымдастығы» 22 қазан 2003жыл, 6-бет.

  5. Егемен Қазақстан газеті Б.Балғарина //Қалдықтарға орын қарастырылса» 12.10.2006ж

  6. Есеналиев А.Е //Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың құқықтық негіздері. Автореферат. Алматы,2002 жыл








Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет