ТАҒдырлы тұЛҒА (Қабдеш Жұмаділ)



жүктеу 98.08 Kb.
Дата23.02.2016
өлшемі98.08 Kb.
ТАҒДЫРЛЫ ТҰЛҒА

(Қабдеш Жұмаділ)


Қабдеш Күдеріұлы Жұмаділ туралы сөз болғанда, оның өзіне тиесілі тарихи міндетін орындаған ұлт азаматы, нағыз халықтық жазушы екендігіне ешкім күмән келтірмейді. Өйткені, Қабдештің жеке басының тағдыры да, көркемдік әлеміндегі кейіпкерлерінің тағдыры да ұлы атамекендегі қандастары үшін мүлдем тосын құбылыс еді. Өзіне бүкіл көшпелі қауымның соңғы бір көшінің рухани қуаты мен бақ-талайын, азаттықты аңсаған арманы мен азабын, қуанышы мен қайғысының көз жасын аманат етіп тапсырған міндетті Қабдеш Жұмаділ ар-ожданына кір келтірмей, табандылықпен және шын ер жігітке тән қайсарлықпен орындап шықты. Ол сол арман-мүдденің жыршысы ғана емес, соны жүзеге асырған нысаналы тұлға дәрежесіне көтерілді.

Тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды аңсаған, сол үшін күрескен және сондай бақытқа жетіп тұрып, империялардың тәлкегіне ұшыраған тағдырлардың, «Елім!» деп еңіреген ерлердің жан дүниесін жеті бірдей романына арқау еткен Қабдеш Жұмаділ, міне, бұдан сол ұлттың жеке мемлекет, оның ішінде тәуелсіз мемлекет болғанын көріп, көріп қана қоймай, оның рухани жырауына айналды. Зады, жазушының ең үлкен бақыты, орындалған арманы осы шығар. Өйткені, дәл осы тәуелсіздікке Қабдештің жазушы, азамат ретіндегі қосқан үлесі ерекше. Оны тұлға дәрежесіне жеткізген де сол мақсат.

Тағдыр талайынсыз талант тумайды. «Ақыл мен мінездің сауытына сыйып» (Абай), ағысқа қарсы жүзбеген парасат-пайым иесінің тұлға дәрежесіне көтерілуі де қиын. Бұл реттен алғанда Қабдештің басына түскен тағдыр талқысы да тауқыметті. Бірақ түбі қайырлы, жұбанышы басым болды. Егерде Қабдеш Жұмаділді қазақ қауымының рухани сахнасына дәл осы заманда шығарған ұлы ұстаз – қазақтың тарихы десек, ара ағайын мұны асылық демейтін шығар. Себебі, балапанын биік құздың басынан лақтырып жіберіп, жерге тақағанда қағып алып, қайтадан лақтырған ана қыран сияқты, Қабдешті екі елдің арасында кезек шайқап, баулыған да – сол қилы заманға ұшыраған ұлтымыздың тағдыры.

Елден елдің бөлінгені – қасірет. Алайда, сол көшке үйір қазақтың тапқан бір олжасы – ұлттық мәйегінің бір сығымын аман-есен сақтап қалды. Қапалы әлі қауырт көш жолында талай-талай текті тұқымдар телімге ұшырады. Ата мекеннен бастап – Анадолыға дейінгі Бұланай мен Гиндукуш тауларының арасында талай Қабдештер мен Әбіштер қалды ғой. Әбіш Кекілбайдың үйі де үрке көшіп, Иранға бет алып бара жатқан жолынан кездейсоқ тағдырдың себебімен елге қайтқанын оқығанда, бұған анық көзім жетті. Сондықтан да, Қабдештің арамызда тірі жүруінің өзі сол күндердің нысаналап жіберген бір сәлемі сияқты. Демек, Қабдеш – жай талант емес, тағдырлы, нысаналы талант. Бұл сөз ұзақ жылдар бойы «арғы беттен келген» деген кемсіткен сөзді естіп, бетіне шіркеу түскендей болып күн кешкен Қабдештің жүрегін жұбата қоймас, бірақ айтылуы және бүгінгі ұрпақтардың білуі тиіс шындықтың бірі. Әйтпесе, не ата тегінде, не білім мен тәрбиесінде, не ұлтжандылығында өзгелер миығынан күлетіндей еш кемістігі жоқ еді. Өйткені, Қабдештің бойындағы азаматтық қасиеттер де сонау Әлихан мен Ахмет сияқты «Алаштың» көсемдерінен рухани күш алған еді. Сауатын сол Ахаңның «Әліпбиімен» ашқан ұрпақтың ұлтының қамын ойламай өсуі де мүмкін емес. Бұған Қабдештің туған ортасы да әсер етті. Ортасыз өскен талант – жапандағы жалғыз ағаш сияқты, дараланып көрінгенімен де саясы аз, келешегі келте.

Ал Қабдеш болса қазақтың үш ғасырдан бергі тарихының кіндігі байланған, жеңісінің де, жеңілісінің де, күресінің де куәсі болған Жоңғар қақпасының қапталында туды. Қасиетті Тарбағатайдың бүйіріндегі Шәуешек атты осынау шағын қалада XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың ұзына бойындағы тарихи қозғалыстардың әр қилы мүдделерінін күресі жүріп, тай қазандай буырқанып жатты. Өзгелерді былай қойғанда, жер шарын бөліп билеуге ұмтылған үш империяның – Ресейдің, Қытайдың, Ұлы Британияның өзара пәтуаға келіп, қол қойысқан шаһары да осы Шәуешек еді. Мәнжу империясы мен қытай отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін орнату жолындағы күрестің, қазақ, ұйғыр, дүнген ұлттарының азаттық қозғалысының ұйытқысы тура сол ара болғанын ескерсек мұның өзі Шәуешек қаласының тарихтағы орынын анықтап береді.

1950 жылы Шығыс Түркістан мемлекеті құлатылғанша «Алаштың» ұлттық идеологиясы Шығыс Түркістанның ресми идеологиясы ретінде өмір сүрді. «Алашқа» қатысты тарихи кітаптар мен қолжазбалардың әлі күнге дейін сақталып қалуы да сондықтан.

Ал, Қабдеш болса, – Ахаңның «Әліпбиімен» сауатын ашты, Әлекеңнің саяси бағдарын ұлттық мұрат ретінде жаттап өсті, Жақаң сияқты «жаңқамның өзі алаштың керегіне жарасын» деп мақсат қойды. Ұлт-азаттық идеясын бойына сіңірген, Ресей мен Қытай империясының отаршылдық саясатын бүге-шігесіне дейін талдаған, азат мемлекеттің азаматы атанып қалған кезінде екі басты алып самұрық пен жеті басты айдаһардың қаһарына ұшыраған халқымен қоса Қабдеш те алпысыншы жылдардың басында тағдырдың сілікпесіне ұшырады. Алматыда оқып жүрген студентті кері шақыртып алып, «оңшыл ұлтшыл атандырып», басына «қалпақ кигізіп», көмір шахтасынан бір-ақ шығарды. Зады, мұндай айып тағылып, ұлтшылдығы үшін түрменің дәмін татқан тағдырлас жазушылардың ішіндегі «жолы болған да» да осы Қабдеш. Өйткені тағдыр бұл жолы да Қабдешті қамқорлығына алып, қазақтың «соңғы көшіне» ілесіп ұлы мекеніне ат басын тіреуге мүмкіндік берді.

Міне, сонда ғана өмірдің кақпақылында жүрген Қабдеш ауыр тыныс алып, өзінің өмірінің ең басты мақсатын жүзеге асыруға кірісті. Тағдырдың оған тартқан сыбағасы жеткілікті еді. Енді соны ел мүддесімен ұштастырып, қалың қазақтың рухани қажеттілігіне жарату міндеті тұрды. Жоңғар қақпасындағы «құс жолы» – «қазақ жолы» болған өлкенің тарихы мен тағдырын жазу Қабдештің пешенесіне жазылды. Бұған оны бойға біткен таланты ғана емес, ұлт алдындағы перзенттік парызы да мәжбүр етті.

Қазақ әдебиетінің алпысыншы жылдардың ортасындағы тағдыры – бақытты тағдыр. Ұлтымыздың бар мүмкіндігі ашылып, қазақ идеясының басы қайта ұлттық нысана ретінде құрала бастаған тұсы да сол кез. Зауалға ұшыраған отыз жылдың ішінде елдің санасын тұман басып, өткен ұмытылып, жалан идея ғана қалған еді. Тың қуатпен келген жаңа толқын да, айтары мол алдыңғы ағалар да өз шығармалары арқылы ұлтының мүддесін жеткізуге бет бұрды. Міне, сол қазақ идеясының қалыптасуына Қабдеш те батыл кірісіп, тосын тақырыбымен күні кеше ғана тәуелсіз ел болған қазақ мемлекеті бар екенін қалың қауымға көркем шындық арқылы баяндап берді. «Соңғы көш» романы қолына тигенше Шығыс Түркістан мемлекетінің өмір сүргенін шекара маңындағы жұртшылық болмаса, жалпы қазақтың мағлұматы аз еді. Осындағы Жасыбай, Жағыпар, Нұрбек, Нартай, Оспан, Дубек, Тұрсын, Шәкен бейнелері арқылы айтылған қазақтың қазақтық қасиетін сақтап қалу идеясы әркімнің жанына орындалмайтын армандай болып ұялап қалды. Жасы үлкендер мұның астарында «Алашорданың» ұлы мақсаты жатқандығын бірден аңғарды. Қабдеш тарихи шындықты жазып отырса да көркем шындық арқылы ол арманды ұлы жұрттағы қазақтың тағдырымен ұштастыра отырып суреттеді. Көшпелі өмірдің соңғы көші-қонымен қоса қазақ деген ұлттың тарихтан ысырылып бара жатқанын барынша қанық та анық айтты. Шығыс Түркістанның құлауын қасіретті көріністермен бейнелей отырып, Қазақстанның да мұрат-мақсатын жоқтады. Атауы басқа болғанымен де ата мекеннің де арыз-арманы соның ішінде құмыға қайнап жатты.

Ұлттық идея – саяси ұғым емес, үлкен мәні бар тәуелсіз рухани сана мәдениеті. Ұлттық идеясыз ешқандай халық дербес өмір сүре алмайды. Қазақ идеясы «Алашорданың» тұсында өте биік тәуелсіз мәдени, ғылыми рухани сана сатысына көтерілді. Ол – ұлттық құрылым, тектілік сыпат, дәстүр, психология, сөйлеу мәнері, экономикалық күнкөріс тәсілі, ойлау жүйесі, рәсімдік салттар, ғылыми атаулар, оның ішінде ұлттың өзіне тікелей қызмет ететін ғылым мен білім саласы, халық саны, тағы да басқа толып жатқан рухани сыпаттарды қамтиды. Міне, осындай күрделі мәселелерге біз әлі де жете көңіл бөлмей келеміз. Мұның ұлтқа тигізер кесірін Қабдеш Жұмаділ «Соңғы көш» дилогиясында көркемдік шешімінің негізгі нысанасы етіп алды. Қазір де өзінің көсемсөздерінде үзбей қозғап келеді. Қазақ идеясы – Қабдеш Жұмаділдің өмірлік мақсатының алтын діңгегіне айналды. Дүниені таң қалдырып жүрген Америка мен Жапон мемлекеттерінің алдындағы ең маңызды әрі соны қорғау үшін кез келген қысым мен Ирактағы сияқты соғыстарға қатысудан да бас тартпайтын мүддесі – осы ұлттық, мемлекеттік идея. Ендеше, қазақ идеясының қайраткерлерінің сыналар тұсы алда. Демек, бұл ретте Қабдеш қаламының қуатына туған халқы әлі де мұқтаж деп есептеуіміз керек.

Тәуелсіздік деген – тәтті де, ащы да, қасиетті де сөз. Бірақ бұл сөзді қазақ зиялыларының екі бірдей толқыны ашық айта алмай кетті. Діліміз (менталитетіміз) бен санамыздың жұтаң тартқаны сондай, дербес мемлекеттікке қол жеткен бүгінгі бақытты күндеріміздің (Иә, солай) өзіне қарсы болып, тәуелсіздікті тәбетіне айырбастап жүрген қандастарымыз бар. Оларды беттен тырнауға да болмайды. Өйткені, империялық идеологиядан басқа ешқандай тосын ой оларды мазалаған емес. Өзгеше ойлауға мүмкіндіктері де, мұршалары да келмеді. Ал Қабдеш Жұмаділ «Соңғы көш» арқылы қазақтың демократиялық ұлттық мемлекеті деген ұғымды адамдардың тағдырлары арқылы бейнелеп берді. Ұлт-азаттық көтерілістің рухы жалындаған бұл шығармадағы ұлыханьдық шовинизм мен империялық отарлаушылыққа қарсы күрес, астарын аударып қарасаңыз, ұлы орыстық шовинизмді де айыптау болып табылатын. Сол бір идеология қыспағында жарияланған романды дәл қазір оқып отырып, Қабдештің қалай әдібін жатқыза баяндағанына таң қаласың. Зады, ұлы арманның өзі ілгері жетелеп, жебеп отырған сияқты. Ал «Тағдыр» романы арқылы екі империяның өз мүддесі үшін жері, тілі, діні, өрісі, қыстағы біртұтас ұлтты қалай аяусыздықпен екіге бөлгенін көсіле суреттеді. Жайлауы – жатқа, қыстауы – өзіне қалып, баласы – басқа мемлекеттің қарауына кетіп, өзі Отанында қалған тағдырларды қылыштың жүзімен бөлген де – сол империялық қомағай пиғыл. Социализмнің өзін сол ұлыханьдық және ұлы орыстық мүддеге бағындырған аяр саясатты барынша әшкерелеген де Қабдеш Жұмаділ еді. Иә, жалғыз ол емес. Бірақ, Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманынан» кейін мәселені бүркемелемей, болған тарихи оқиғаны нақты жазған жазушы осы Қабдеш. Сол үшін талай сөз естіп, ыммен шеттетілді. Соның есесін марқайған шақта, мақтанға еліге қоймайтындай кемелді тұсында қайтарып, бағасын беріп жатсақ, әбден орынды ғой деп есептеймін.

Әр таланттың өзегіне біткен алтын жүлгесі бар. Қабдеш үшін ол жүлге – қазақтың елдігінің тағдыры. Кез келген жазушының кемеліне келгендігін танытатын және шығармашылық шыңына бағалайтын бір туындысы барлығы анық. «Соңғы көш» пен «Тағдыр» – сондай шығармалар.

Қазақ елінің екі ғасырлық өмірі қамтылған, тарихи оқиғалар мен бірін-бірі толықтырған бейнелер әдебиетіміздің беттерінен ықылым заманға дейін өше қоймайтын тұлға ретінде өмір сүретініне сенім мол. Енді соған «Дарабоз» дилогиясы келіп қосылды. Кітаптың жарыққа шыққанына жылдар өтсе де тым-тырыс жатқан әдеби сынның назарын түбінде бір аударатын роман бұл. Марқайған, әбден ақыл-тәжірибесі толысқан тұста қаламына арқау болған Қаракерей Қабанбай батыр туралы бұл шығарма, жұрт күткендей, атыс-шабыстан, найза мен қылыштың жарқыл-жұрқылынан, жоңғарды жапыра қырған батырды бейнелеген батальдық көріністерден тұрмайды. Қолдан батыр жасап, қолпаштап, теңеу таба алмай қиналып жүрген Қабдеш жоқ. Өзге-өзге, Қабанбайдың өмірі небір таңғажайып оқиғадан кенде емес.

Алайда, Қабдеш Жұмаділ «Дарабоз» романында мүлдем басқаша әдеби тәсіл қолданған. Аңыздан батырдың бейнесін аршып ала отырып, Қабанбайды алқын-жұлқын, ретті-ретсіз жекпе-жектерге қатыстырмай, кәдімгі сабырлы ақыл иесі ретінде суреттейді. Қабанбайдың білек күшінен гөрі ақыл қайраты басым. Қалың қауымның мұндай әдеби әдісті жатырқап қабылдағаны байқалады. Өйткені, оқырмандарымыздың талғамын атыс-шабысқа әбден кәніктіріп алған жайымыз бар. Қабдеш одан бас тартқан. Ол жауын ақылымен жеңген батырды бейнелеген. Шындығында да, қанша ержүрек болса да, «батыр бір оқтық». Ал Қабанбай – «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» алғашқы шайқасынан бастап атқа қонып, елу жыл бойы ақ туын көтеріп жүріп, қазақты қара қонысына қондырып барып, туған жерін жастанған ел тұтқасы. Ресей мен Қытай империясының әскеріне тосқауыл қою үшін, ең бастысы, ақыл-айла керек. Абылайдың бас қолбасшысының парасаты да ханға лайық болғаны лазым. Ал ретті тұсында жайрататын жауды аямай-ақ жайратып береді. Батырдың ойлы бейнесі арқылы Қабдеш Жұмаділ қазақ тарихындағы көмескі жайлардың көлеңкелеріне ой сәулесін жіберіп, соны толғана отырып, санадан өткізуді, шындықты бүркемелемей бүгінге жеткізуді мақсат еткен. Бұл – толған, толысқан, ұлттық рухани тұлғаға айналған Қабдеш Жұмаділдің туған ұлты туралы толғанысы. Ойлы, пайымды, елдігімізді үнемі еске түсіріп отыратын байсалды шығарма.

Қабдештің атын шығарған және қалың қауымға таныстырған алғашқы әңгімесі «Қаздар қайтып барады» деп аталады. Ашаршылық пен таптық қуғынға түскен қарт бір кезде арғы бетке өтіп кетеді. Сонда туған жерінің бір уыс топырағын белбеуінің ішіне түйіп алған екен. Етікші асуының қиын-қыспағынан жанталаса жүріп ата мекеніне қайтып оралады. Бұл – сол жылдары қиын-қыспақты кешіп жатқан Шығыс Түркістандағы
қандастарымыздың асыл арманының бірі еді. Тағдырлы талант кейінгі
жылдары романға ден қойғандықтан да шағын жанрдан қол үзіңкіреп
қалды. Ол заңды да. Әйтпесе, әзілді астарға толы әңгімелерін сүйсіне оқыған,
мен сияқты балапан талаптанушылардың талайының бетін көркем
әдебиетке бұрғанына, еш шүбәм жоқ. Сырттай қарағанда үлкен
шығармаларының алымды да ауыр тағдырларды суреттеуге арналғанына
қарап, Қабдешті тек қасіретті көріністердің жазушысы ретінде бағалайды.
Бұл – мүлдем теріс ұғым. Әзіл мен юморға, неше түрлі қиясбайлық мінезге,
махаббат машақаттарына құрылған әңгімелері кезінде сыншылардың талай
мақаласына арқау болған. Соңғы жылдары сол машығына қайта оралып жазған әңгімелерінен жазушының жандауысы естіледі. Бұл көркем ойдың есейгенінінің белгісі. Онда сыни пайымдаудың мысы басым. Оның қазіргі заманның көкейкесті мәселелеріне арналған, кішкентай адамдардың тағдыры арқылы үлкен қоғамдық ой қозғаған «Саржайлау», «Сәйгүліктер», «Қарауыл» атты повестерімен «Көкейкесті», «Атамекен» романдары – Қабдештің ізденістерінің жемісін танытатын шығармалар. Бұл туындыларда қаламгерлік шеберліктің түрлі қырлары барынша еркін көрінеді. Бір өкініштісі, осы уақытқа дейін санқырлы талантты тұлғаның көркемдік шеберлігі мен жазушылық лабораториясы жөнінде арнайы зерттеу жүргізілмей келді. Алайда тәуелсіздіктің шуағы оған да еркін түсіп, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Біздің ойымызша, алдағы уақытта да Қабдештің тілдік нақыштары, тарихишындық пен көркемдік шындықты қатар тізгіндеудегі шеберлігі қандай да болсын сыни жүкті көтере алатын зерттеу тақырыбы болып қала береді.

Ұлтымыздың бойындағы ең қасиетті ұғымның бірі – парыз деген сөз.


Менің пайымдауымша, Қабдеш Жұмаділ – өзінің ұлтының алдындағы
перзенттік, жазушылық парызын толық өтеген азамат. Ешқандай талант
өзінің еңбегін бұлдаған емес. Бірақ, өнер иесі шабыттың қанатында ұшып
жүретінін ескерсек, әр тұлғаны өзіне лайық биікке көтере білуіміз қажет.
Бұл – елдігіміздің белгісі, адамды сыйлаудың атамыздан қалған жолы.
Соны ұмытпағанымыз абзал.

Халықтан шыққан халықтық жазушы туралы осынау бір аз лебізімді Альфред де Мюссенің: «Өткеннің барлығы өшіп тынды, ал болашақта не болатыны белгісіз... Кешегі қоғам біткен жоқ, ертеңгі қоғам өз өмірін бастап кетті», – деген сөзін желеу ете отырып, Қабдеш – Қабаң да өзі аңсаған бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінде тойын тойлап отыр, кешегі тіршілікпен толық есебін айырысып үлгерді және оның рухын өлтірмей мына дәуірімізге жалғастырып әкелді, енді ертеңгі келешекпен де жалғастыратын тұлғалы тағдырын бастап кетті – деген тілекпен аяқтағым келеді. Өйткені, Қабдеш Жұмаділ сияқты тұлғалардың өз қамы үшін емес, ел қамы үшін қабырғасын сан қайыстырғанының куәсі болатынымызға толық сенемін. Себебі, ұлтымыздың түгелденбеген қомақты рухани есесі әлі де алда.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет