«Мен Тұрардың әйелі Әзизаның өз ауызынан мынадай сөзді естідім. Ол маған: – Біз Кисловодскіде демалып жатқанбыз. Сол күні Ораз Жандосов қонақ етті. Қайтарда: Түнде қаланың іші қорқынышты әрі қауіпті жерден өтесіңдер. Керек болар,– деп Тұрарға өзінің тапаншасын берді. Түн ортасында есік қағылды. Екі-үш адам келді. Тұрар: – Бұл бір түсініспестік болар. Жаңа костюм алайын,– деді. Олар:– Ескісін алыңыз,– деді. Маған: –Не киейін,– деді. Мен:– Жаңасын ки,– дедім. Тергеушілер тапаншасын алып алды. Ол маған:– Мәскеуге қайт,– деді. Ол баспалдақтан төмен түсіп бара жатқанда қарап тұрдым. Төменгі қабатта тұратын Голощкин де есігін ашып, қарап тұр екен. Мәскеуге келдім. Босандым. Үш ай бойы баланың атын қоймадым. Атсыз жүрді. Содан мені де ұстады. Камераның іші толған қандала. Түні бойы баланы тік көтеріп ұстап тұрамын. ...Содан түрмеден шыққан соң Әліби Жангелдинге келдім. Ол мені Тастаққа орналастырды,– деп әгімелеп берді».
«Байда – пейіл, балада – бейіл де жоқ, аңдыстырған екеуін құдайым-ай!»,– деп Абай айтпақшы, сол сәтте екеуінің көзі баспалдақта түйіскенде, қандай ойда болды десеңші. Голощекин өзінің дүрілдеп түрған кезінде түрмеге қамай алмаған адам, міне, екі қолы артында, тұтқындалып бара жатыр. Ақыры дегеніне жетті ғой! Ал аңдыған дұшпанына таба болған Тұрар қандай күйде болды? Әлде, өзін де осындай қорлық күтіп тұрғанын Голощекин білді ме? Қайдам. Тістескен тағдыр тәлкегі деген осы.
Сонымен үштіктің үкімі шықты. Таланттың тағдырын талқыға салған, тұлғаларды тұқыртқан жазалау науқанының кезектi бiр науқаны былай аяқталды:«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс – хатының көшiрмесi 1932 жыл. 20-көкек.Тыңдалды: № 2370-iс бойынша : Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3-статьялары бойынша; 2. Үмбетбаев Алдабергендi, Мурзин Мұхтарды ҚК 58/7, 58/11-статьялары бойынша; 3. Мұңайтбасов Әбдiрахманды ҚК 58/4, 58/11-статьялары бойынша; Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша; Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Нашимдi ҚК 58/11-статьялары бойынша; Ақбаев Әбдүлхамиттi ҚК 58/11 және 16-статья бойынша; Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 – статьялары бойынша; Қадырбаев Сейтазымды ҚК 58/7, 11-ст. бойынша; Омаров Әшiмдi ҚК 58/10, 7, 11-ст. бойынша; Тiлеулин Жұмағалиды ҚК 58/2-ст. бойынша; Ермеков Әлiмханды, Әуезов Мұхтарды ҚК 58/7, 10, 11- ст. бойынша Омаров Уәлиханды, Сүлеев Бiләлдi 58/2-статьясы бойынша; Ысқақов Даниалды ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша жауапқа тартты. Шешiм:
-
Тынышбаев Мұхамеджанды. 2. Досмұхамедов Халелдi. 3. Досмұхамедов Жаhаншаны. 4. Үмбетбаев Алдабергендi. 5. Мұрзин Мұхтарды. 6 Мұңайтпасов Әбдiрахманды. 7. Бұралқиев Мұстафаны. 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi. 9. Күдерин Жұмақанды. 10. Қожамқұлов Нашимдi. 11. Ақбаев Әбдүлхамиттi. 12. Ақбаев Жақыпты. 13. Қыдырбаев Сейдазымды. 14. Омаров Әшiмдi. 15. Тiлеулин Жұмағалиды – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады. 16. Ермеков Әлiмхан. 17. Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыттары 8/Х-30 ж. бастап есептелсiн. Ермеков пен Әуезовтiң үкiмi шартты түрде есептелсiн. 18. Омаров Уәлиханды. 19. Сүлеев Бiләлдi. 20. Ысқақов Даниалды қамаудан босатсын, тергеу кезiндегi отырғаны еске алынсын».
Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымын әшкерелеуге арналған бес жылға жуық созылған тергеу ісiнiң нәтижесi осындай үкiммен тәмәмдалды.
Ұлтының тағдыры талқыға түсер шақта түрмеге отырғызылған ардагерлер ел-жұрты ашаршылыққа ұшырап, жаппай қырылып жатқан кезде қапастан шығарылды. Бұл қасiрет оларға түрмеден де көрi қатты батты. Бiрақ қолдан келер қайран мен айла-амал, рухани қайрат пен қуат-күш жоқ едi. Олардың әрқайсысы солтүстiктiң орманының бас еркiнен айырылған балташыларына айналды. Кейбiрi қайтып оралды, кейбiрi мәңгiлiкке мұз жамылып, қиян шетте қалды. Оларға туған жердiң бiр уыс топырағы да бұйырмады.
Ал кеш те болса бұйырту өз қолымызда. Кезінде, «Әділет» қоғамының атынан Сәуле Рысқұлова, Сәуле Айтмәмбетова, Қараби Мұхаметқалиев Мәскеуге барып, Әлихан Бөкейханов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Бірімжанов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмақов, Л.Мирзоян, С.Нұрпейісов жерленген қабірді анықтап қайтып еді. Ал отызыншы жылы атылған Ж.Аймауытов, Д.Әділев, А.Байділдин, А.Юсупов – Ваганков зиратына жерленіпті. Кеш болса да, еш кетпес үшін, солардың сүйегін отанына алып келіп, жаназасын шығарып, жандарына иманын қоссақ, кім бізден құн сұрайды? Тым болмаса, бастарына өткен-кеткендер құран оқып, тағзым етер еді. Иә, кейде ұрандап жүріп ұлттық рухымыздың мәйегін имансыз қалдырып алатынымыз өкінішті. Өйткені бұлардың қай-қайсысы да қазақтың атойына айналатын қасиетті де киелі әруақтар.
Тiрi қалғандары ендi есiн жия бергенде кеңес өкiметiнiң екiншi бiр «ұлы құрбандығы басталды» Оған сол өкiметтi орнатқандар мен алдыңғы «құрбандықты» ұйымдастырғандардың өзi де iлiндi. Ол – заманның талқысы болатын. Бұл «қарадүлейден» (смерчь) кейiн ұлт зиялыларының қатары өрттен кейiн аман қалған жалғыз қарағай құсап сиреп-ақ қалды. Соның бiрi – Мұхтар Әуезов едi. Тiрi қалуы тiрi қалғанымен, заман талқысы зықысын шығарып-ақ кеттi. Ендi сол бiр жанталасқан заманның зауалын басынан кешуiне тура келдi. Басқа салған соң пенде шiркiн көнедi екен.
Көндi де.
Алаш идеясының рухы Әуезов сияқты тұлғалардың арқасында өшкен жоқ. Тәуелсіздік алғанша жалғасып келді. Сексен жетінші жылы мамыр айында өтуге тиісті Қазақстан Орталық Комитетінің пленумында жасалуға тиісті баяндамада ұлтшылдықты қоздырған жеті жазушының аты аталған. Соның соңы: «жас алашордашыл Тұрсын Жұртбаев…» деп аяқталатын. Демек, кейбір тарихшыларымыз айтып жүргеніндей, алаш идеясы отызыншы жылдардан бастап құрдымға кеткен жоқ. Сондықтан да алаш идеясының өшпегенін және өшпейтінін қаперге салғым келіп, «Талқы» атты үшінші кітапта М.Әуезовтің тағдырын ала отырып, сексенінші жылға дейінгі кеңестік идеялогиялық жазалау саясатын әшкерелейтін деректерді назарға ұсындым. Соңында: 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтайында бағдары анықталып, кейіннен талқы арқылы дамытылып, 1921-1922 жылдары тиянақталған Біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасы ұсынылды.
Негізінде бұл тарихшылардың «сыбағасы» еді. Олардың дәргейсіздігінен бұл міндетті жазушының атқаруына тура келді. Ал алаштың ұлттық идеясы бес түрлі тұжырымға негізделді.
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Жалпы, қазақтың тауқыметті тағдырын, тәуелділік пен тәуелсіздіктің арасындағы үш жүз елу жыл тартқан ел қасіретін деректер арқылы толғайтын «Бұзылған бесік...», «Бейуақ», «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ұмытпа!..» атты әфсаналар түзілімі осы «Ұраным – Алаш!..» атты үштағанмен аяқталады. Рас, оған бүкіл саналы өміріміз кетті. Бірақ оған өкінбеймін. Тек елімнің игілігіне жараса екен, ұлттық тәуелсіздікті орнықтыру мен нығайту үшін де кәдеге жаратса екен деп тілеймін.
Түйінді тарауда түсіндіре кететін сыралғы сөзіміз осы. Қалғанын – тарихшылардың қалам ұшының қайратына, санадағы санатына тапсырдық.
Ақпан, 1987жыл, Алматы – 13 маусым, 2009 жыл, Астана.
Достарыңызбен бөлісу: |