Арыстан баб туралы аңыздар
Арыстан бабтың дүние салуы Қожа Ахмет Иасауи хикметінде былайша суреттеледі:
«Бабам айтты: Ей балам, қасымда тұр өлейін,
Жаназамды оқып көм, жан тәсілім қалайын.
Медет берсе Мұстафа, ғарыш биігіне шығайын.
Арыслан бабам сөздерін есітіңіз - тәбәрік.
Жылап айттым: ей бала, жас көдекпін білмеймін.
Көріңізді қазармын, көтеріп сала алмаспын.
Хақ Мұстафа сүндетін, балапанмын, білмеймін.
Бабам айтты: Ей балам, періштелер жиылады.
Жебірейіл имам болып, өзгелер оған ұйиды.
Макаил мен Исрафил көтеріп көрге қояды». Отырар өңірінде біз естіген аңыз байынша Арыстанбаб дүние салған соң, оның денесін ақ бураға артып, еркіне жіберіп, соңынан ілесіп отырған. Ақ бура жүре-жүре осы жерге шөккен екен. Сол шөккен жерге Арыстан баб қойылыпты. «Алпамыс жырының» бір үлгісінде Байбөрі мен Аналық «Самарқанда сансыз баб», Бұқарадағы «Баһауәдин Нақишбент» молаларына зират қылады, және
"Түнейді үш күн Байбөрі
Әзіретті сұлтанға.
Түркістанда түмен бап,
Сайрамда бар сансыз бап,
Отырарда отыз бап,
Бабалардың бабын сұрасаң,
Ең үлкені Арыстан баб.
Әулие қоймай қыдырып,
Бабалардың бәрін қылды сап» Әзірет Сұлтан қорық-музейінің сақтаулы тұрған Баян ауылдан бір зияратшылдың қолжазбасында мынадай қызық мағлұмат бар: Арыстан баб дүние салған соң, оның моласының басына екі құс – бірі лашын, бірі қарға ұшып келеді. Бұл әңгіме бізді ежелгі түркі шаманизміне жетелейді. Көне түркілер бұл аталған құстарды киелі деп санаған. Мысалы, ескі жылнамаларда жазылған аңыз бойынша көне түркілердің Ашина тайпасына жау шауып, жаппай қырып кетеді. Сонда жалғыз қалған бала ғана аман қалады. Баланы қасқыр емізіп, аспан әлемінің елшісі – қарға ет әкеліп асыраған. Осы баладан түркілердің ұрпағы деседі. Қазақтардың қарғаны киелі құс санағаны жөнінде деректер аз емес. Қарға сөзімен байланысты мынадай мақал-мәтелдер бар: «Біздің де қолымызға қарға тышар», «Қарға тамырлы қазақ», «Қарғам-ау» деген сөз қарағым, қалқам деген мағынада қолданылады. «Қарғам, қарғашым, қарғатайым" деп қарттар немере-шөберелерін еркелеткен. Қанша балаң бар деп жауап қайтарған.
Құрылымы
Арыстан баб кесенесі - ғасырлар бойы түрлі өндеу-жөндеуді басынан кешірген құрылыс. Кейде Арыстан бабтың ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүргенін тілге тиек ете отырып, оның кесенесі Арыстан баб дүние салған соң іле-шала тұрғызылған деген жорамал айтылады. Алайда бізге жеткен қазіргі кесенеде ХІІ ғасырдың белгілері жоқ. Бұл арада біз ислам дінінің алғашқы кезде қабір үстіне төбесі жабық құрылыс тұрғызуға тыйым салғанын есте ұстағанымыз жөн. Осы тұрғыдан қарағанда, ХІІ ғасырда Арыстан баб ғимаратының болмауы да мүмкін. А.Черкасовтың жазбаларында Арыстан баб кесенесі әулие және шәкірттері жатқан екі бөлмеден, сондай-ақ алдындағы бастырмадан тұрғанын жоғарыда айтқан болатынбыз. Бұлардың жобасы ХІV ғасырдың құрылысына сай келеді. Осымен қатар бастырмадағы ұстындар да ХІV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың басында жасалған деген тұжырымды мамандар айтқан болатын. Яғни қазіргі Арыстан баб құрылыс кешеніндегі қабірханалар бөлігі ең көнесі, әуелгісі болып табылады. Бұған қоса халық арасында кең тараған мынадай аңыз бар: «Қожа Ахмет кесенесінің қабырғалары қаланып болған түні алып жасыл өгіз көтерілген дуалдарды мүйізімен соғып, құлатады. Ғимарат қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қалана бастағанда бұл оқиға тағы да қайталанып, бәрі үйелген төбеге айналады. Бұл жайт Әмір Темірді көп ойландырады. Түсінде бір шал келіп, аян береді, ол Қожа Ахметтің ең алғашқы ұстазы, Арыстан баб моласының үстіне мазар көтеруге әмір ететінін жеткізеді. Бұл талап орындалған соң ғана Әмір Темір Түркістандағы құрылысын ойдағыдай аяқтайды». Арыстан баб қабірханасының едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Тігінен көтерілген қабырғалары бір биіктікте сәулет өнерінде «желкен» деп аталатын өріммен иіліп барым күмбезге ұласады. Күмбез ауқымы кең һәм биік етіп тұрғызылған. Қабірхананың есігі күнбатысқа, дәлірек айтсақ, Меккеге бағышталған. Бұл қасиетті қабірлерге тағзым етудің мұсылмандық ережелерінен туындайды: зиярат етушінің беті сағанаға, арқасы құбылаға қарауға тиіс болған. Оның ұзындығы 3 м. 90 см., ені 1 м. 30 см., биіктігі 1 м. 20 см. Қабаттас, көлемі 5,4м х 5,4 м. Бөлмеде үш қабір бар. Ол да биік күмбезбен жабылған. Алайда күмбездің іші алебастрмен сыланып, геометриялық үлгідегі өрнектермен нақышталған. Әулиеге кірер есіктің екі жағында екі қабір орналасқан. Шырақшылар бұларды Лашын баб пен Қарға баб дейді. Олар әулие қабірімен салыстырғанда аса шағын болып келген. Лашын баб қабірінің көлемі 1,63м х 0,92м., Қарға бабтікі 1,70 м х 0,90 м. Осы қабірханаларға оңтүстік-батыс жақтан бірнеше бөлмелер қосылған. Екі қанаттағы бөлмелерді біріктіріп, байланыстырып тұрған дәліз-бастырма бар. Ол әдеттегі бастырма-айвандардан өзгеше, тұтасымен қыштан өріліп, төбесі иіліп жабылған. Оның көлемі 7,60м х 4,35м. Қабірханалар дәліз қышпен қаланып күмбезделсе, мешіт бөлігі негізінен қам кесектен тұрғызылып, төбесін жабуда ағаш кең пайдаланылған. Мешіттің ортасында В.В.Константинова жасаған жоба бойынша алты ағаш тіреу болған. Олардың үстіне қары қойылып, ағаштан қырлы күмбез қиыстырылған. Мешіт қабырғасында Мекке бағытын көрсететін ойық-михраб бар.
Достарыңызбен бөлісу: |