ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДƏУІРІНДЕГІ ХАНЫМДАР
Тарихымыздың хандық дəуірінде өмір сүрген асыл Аналарымыздың есімдері тарихи санамызда мəңгіге сақталып, олар мынадай дерек түрлерінде көріністер береді: 1) жазба дерек мəліметтерінде; 2) ауыз əдебиетінің үлгілерінде; 3) материалдық ескерткіш түрлерінде; 4) ру-тайпа атаулары мен ру-тайпа ұрандарында кездеседі. Төменде осы көрсетілген тармақтар бойынша аналарымыздың тарихымыздағы рөлі жөнінде жеке – жеке қарастырып көрелік. «Батыр да анадан туады» деген халық мəтеліне сай, хандық дəуірдегі əрбір хан, сұлтан мемлекет басшысы, мемлекет қайраткері болып қана қоймай, əрі батыр, əрі қолбасшы бола білген. XV-XVII ғасырлардағы атақты қазақ хандары мен кейбір сұлтандарының аналарының есімдері жазба дерек мəліметтерінде сақталған. Ол жөнінде тарихшы Қадырғали би Қосым ұлы Жалайыридың еңбегінде айтылады.
XV-XVII ғасырлардағы қазақтың 6 ханының,8 сұлтанының жəне 4 ханымының аналарының есімдері тарихта қалды.
. Олар мыналар: 1) Жаған бикем, ол – қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Жəнібек ханның əйелі, Қасым ханның анасы;
2) Ханық сұлтан ханым, ол –атақты Қасым ханның əйелі, Хақназар ханның анасы;3) Абай-хан-бегім – Шығай ханның, Мəлік сұлтанның анасы;
4) Байым-бике – Сейітқұл сұлтанның, Ондан сұлтанның, Алтын- ханымның анасы;5) Жақсым-бике (Яхшым-бике) – Тəуекел ханның, Есім ханның, Сабыр бике ханымның анасы;
6) Дадам ханым – Әли сұлтанның, Сулум сұлтанның, Ибрагим сұлтанның, Шахим сұлтанның анасы;
7) Алтын ханым – Оразмұхаммед ханның жəне Тəтті ханымның анасы;
8) Сүйім ханым – Тəуекел ханның əскер басшысы Көжек сұлтанның анасы
Дерек мəліметінде айтылған сегіз ханымнан туған мемлекет басшылары: Қасым хан, Хақназар хан, Шығай хан, Тəуекел хан, Есім хандар – 1511 жылдан 1628 жылға дейін Қазақ хандығын билеген тарихта белгілі тұлғалар. Бұл хандардың билігі тұсында Қазақ хандығы негізінен күшею, өрлеу кезеңдерін басынан өткергені белгілі. Олардың осындай тұлға балып тарихта қалуында аналарының рөлі болғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. XVI ғасырдың 20-30 –шы жылдары Қазақ хандығы үшін өте ауыр болғаны белгілі. Тахир ханның билігі тұсында Қазақ хандығының Ноғай ордасымен, Шығыс Түркістан аумағындағы Могулия мемлекетімен қарым-қатынастары күрделі болып, ол қатты шиеленіседі. Осындай жағдайда қазақ-моғол қарым- қатынасын жақсартуға Жүніс ханның қызы, Әдік сұлтанның, одан кейін Қасым ханның əйелі болған– Сұлтан-Нигар ханым белсене араласып, үлкен нəтижелерге қол жеткізеді. Сөйтіп, ақылды ханымның арқасында Қазақ хандығы мен Могулия мемлекеттерінің арасындағы шиеленісті қатынастар бейбіт жағдайға ауысады [3, 413- 414]. Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегінде Сұлтан–Нигар ханымның парасаттылығын айта келе, Тахир ханның оған туған анасындай құрмет көрсеткенін ерекше айтып өтеді [3]
XVIII ғасырдағы тарихымызда Кіші Жүздегі Әбілқайыр ханның əйелі – Бопай ханымның ақылдылығы мен парасаттылығы жөнінде орыс деректерінде көп баяндалады. Әбілқайыр ханның тұсында сұлулығымен қатар, ақылдылығымен көзге түскен Бопай ханым Кіші жүзде үлкен құрметке ие болады. Ал 1748 жылы Әбілқайыр ханның қазасынан кейін Кіші Жүздің ішкі саяси өмірінде, қазақ- орыс қатынасында билікте отырған ұлдарына кеңесші, ақылшы бола білген Бопай ханымның есімі жазба деректерде өте жағымды бейне ретінде жақсы баяндалады [4,]. Бопай ханым қайтыс болғаннан кейін де, оның моласы талай уақыттар бойы рухани ем іздеген нəзік жандарға азық ретінде қызмет етуін тоқтатпайды. Хандық дəуірден бері ел аузында кең таралған ауыз əдебиетінің үлгілерінде Ел Анасы болған – Домалақ ана жөніндегі аңыз- əңгімелер өте көп. Текті жерде туып-өсіп Адал жар, Ел анасы бола білген Домалақ ана ұрпақтарына ақылдылығымен, сабырлылығымен, көрегендігімен, кемеңгерлігімен, əулиелігімен есте қалады. Оның жерленген жері күні бүгінге дейін апаларымыз бен əжелеріміздің, қарындас – жеңгелеріміздің зиярат ететін жеріне айналған. Тарихымызда аналарымызға қойылған материалдық ескерткіштер – күмбездер, мавзолейлер, мазарлар күні бүгінге дейін жетіп отыр. Домалақ ана кесенесі, Рабиға сұлтан бегім мавзолейі, Бопай ханым мазары əлі күнге дейін өздерінің негізгі міндетін жоғалтпай, жаңа ұрпақ өкілдеріне рухани қызмет етуде. Аналарымызға деген құрметті қазақ халқының ру-тайпа жəне оның бөлімшелерінің атауларынан, тіпті ру-тайпалар ұрандарынан көруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |