Тақырыбы: Кіріспе. Малды жалпы зерттеу



бет2/2
Дата21.09.2022
өлшемі18.47 Kb.
#461087
1   2
№1 лекция

Перкуссия – percussion – ішкі мүшелердің орналасуын және олардың жағдайын бағалау үшін қолданылатын соққылап зерттеу әдісі.
Перкуссиялық соққы бергенде ұлпалар мен органдар тербеліске түседі, бұл қозғалыс құлаққа дыбыс болып естіледі.
Тербеліс қозғалысы органның серіппелігіне байланысты және әртүрлі органдарда әртүрлі болады, перкуссиялық дыбыстың қасиеті органдағы ауаның мөлшеріне, органның кернеулігі мен серіппелігіне байланысты. Күшіне қарай қатты, жай, тембріне қарай тимпаниялық, атимпаниялық және металдық реңді дыбыс болып бөлінеді.
Қатты (ашық) дыбыстарды ішінде ауа, не газ бар органдар шағарса, жай (доғал) дыбыс бауыр, жүрек, талақ, бұлшық ет аймақтарынан естіледі.
Тимпаниялық дыбыс біркелкі тербеліс кезеңдерімен сипатталса, атимпаниялық қосымша кезеңсіз тербелістердің көптілігімен сипатталады.
Дені сау малдарда тимпаниялық дыбыс қарында, ішекте, көмекейде анықталады.
Тимпаниялық дыбыстың өкпеден естілуі – бұл органның ателектазын, қабынуын, ісінуін, пневмотораксті білдіреді. Өкпеде тегіс қабырғалы үлкен қуыс болса, тимпаниялық дыбыс металға соққы бергендегідей болып естіледі. Бұндай перкуторлық дыбысты металл реңді дыбыс деп атайды. Дені сау малдың өкпесінен қатты, ұзақ, атимпаниялық дыбыс шығады – бұл дыбыс ашық өкпе дыбысы.
Жүректің өкпемен жабылмаған бөлігін, бауырды, бұлшық етті соққылағанда төмен, қысқа, қатты дыбыс естіледі. Бұл доғал дыбыс деп аталады.
Перкуссия әдісіне қарай тікелей, дигитальды, құралды, орындалу техникасына қарай стаккато және легато, мақсатына қарай топографиялық және салыстырмалы болып бөлінеді.
Тікелей перкуссия қолдың екі, не бір саусағымен жасалады. Бұл әдісті маңдай, танаудың қосалқы қуыстарын зерттегенде қолданады.
Стаккато әдісімен перкуссия жасағанда балғашықтың соққылары қысқа, шапшаң, күшті болса, легато әдісінде соққыларды балғашықты плессиметрде тоқтатып, жай екпінмен жасайды.
Топографиялық перкуссияны органдардың орналасу шекарасын анықтағанда қолданады. Ал салыстырмалы перкуссия тек қана симметриялы аймақтарға жасалады.
Аускультация – auscultatio – органдар мен қуыстарда дыбыстарды тыңдау әдісі. Аускультация жасағанда жүректе, өкпеде, ішек-қарында олардың жұмыс істеуі нәтижесінде өз бетінше пайда болатын дыбыстарды зерттейді. Бұл дыбыстарды күштілігіне, ұзақтығына, биктігіне қарай ажыратады.
Аускультация тікелей және құралды болып екіге бөлінеді.
Бұл әдісті жүрек-тамыр, тыныс алу және ас қорыту жүйесінің ауруларын анықтағанда кеңінен қолданады. (Термометрия келесі тарауда берілген).
Термометрия – (грекше tehrme – жылу, metreo - өлшеймін) малдың дене қызуын өлшеу. Ауру малды тексерген кезде термометрия міндетті түрде жасалады(түрлі-түсті қосымша).
Ауырған малдың дене қызуын өлшеу оның жағдайын, аурудың барысын, емдеу тиімділігін қадағалауға мүмкіндік берсе, кейбір ауруларда клиникалық белгілері білінуден бұрын ауруды анықтауға мүмкіндік жасайды.
Патологиялық процестерден басқа дене қызуының көтерілуі дені сау малдарда байқалады. Дені сау малдың дене қызуы белгілі бір шама аралығында болады. Таңертеңгі сағат 4-6 кезінде дене қызуы кешкі сағат 17-21 аралығына қарағанда 0,5-0,7 градусқа төмен болады, сондай-ақ жас малдардың дене қызуы ересектеріне қарағанда сәл жоғары болады. Мал ұзақ уақыт қозғалыста болса (әсіресе, қоңды мал) дене қызуы 0,1о-3,0оС-ге дейін көтерілуі мүмкін, бірақ бұндай көтерілулер мал демалғаннан кейін 10-30 минутта қалпына келеді. Дене қызуының қатты көтерілуі майлы шошқаларды жаздыгүні айдағанда, немесе тасымалдағанда байқалады.
Ірі малдар ұзақ уақыт күн астында, немесе қапырық қораларда тұрса дене қызуы 1,0о-1,8оС-ге дейін көтеріледі.Дене қызуының көтерілуі, мал оқыс қозғанда да байқалуы мүмкін. Сондықтан термометрия көрсеткішін бағалағанда барлық физиологиялық мүмкін әсерлерді, малдың күтім-бағымындағы ауытқуларды ескеру керек.
Қызба – патогендік тітіргендіргіштің әсеріне дене қызуының көтерілуімен сипатталатын организмнің қорғаныс-бейімделу реакциясы. Қызба кезінде мал организмінің барлық жүйелерінің қызметі өзгереді, мал тежеліп, пульсі мен тынысы жиілейді, тәбеті төмендеп, не жоғалады, зат алмасу жеделдеп, метаболизм өнімдері жиналады.
Дене қызуы тез және қатты көтерілсе малдың бұлшық еттері қалтырап, жиырылады, тәбеті төмендейді,немесе жоғалады,перистальтикасы әлсірейді.
Дене қызуының көтерілу сатысында тамыр соғысы мен тынысы жиілейді, жүрек дыбыстары күшейеді, ал аурудың аяғына қарай жүрек жұмысы әлсіреп, қан тамырлары кеңейеді, қан қысымы төмендейді, ісіктер пайда бола бастайды.
Қызбаның негізгі себептеріне инфекциялық және инвазиялық аурулар, мүшелер мен ұлпалардағы қабыну процестері, әртүрлі жарақаттар, күйіктер, үсіктер, ауыр стресстер, т.б. жатады. Дене қызуының көтерілуіне қарай қызба бірнеше түрге бөлінеді: субфебрильді (әлсіз) – дене қызуының 10С-қа дейін көтерілуі; фебрильді - 20С-қа дейін көтерілуі; пиретиялық - 30С-қа дейін көтерілуі; гиперпиретиялық - 30С-тан жоғары көтерілуі. Гиперпиретиялық қызба сепсисте және ауыр өтетін жіті инфекциялық ауруларда кездеседі. Фебрильді қызба крупозды пневмонияда, тұмауда, субфебрильді қызба плевритте, микробронхитте, фарингитте, энтеритте, колитте және т.б. ауруларда байқалады.

Бақылау сұрақтары:



  1. Малды жалпы зерттеу әдістерін атаңыз?

  2. Пальпация әдісі дегеніміз не, оның түрлері?

  3. Перкуссия дегеніміз не?

  4. Термометрия дегеніміз не?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет