Жүсіпбек Аймауытов Қазақ жастарының белгілі бір бөлігінің ірі орталықтарда оқып, саяси оқиғаларға тікелей араласуы, орыс демократиясының ыкпалында болуы оның қоғамдық көзқарасының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей коймады. Саяси қызметке араласу тек ірі қалаларда оқитын студенттерге ғана тиесілі құбылыс емес-тін. Қоғамда болып жатқан саяси оқиғаларға ден қою, түрлі саяси үйірмелер ісіне араласу Омбы, Семей, Орал сияқты жергілікті орталықтарда оқып жүрген жастарға да тән әрекет еді.
XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары қоғамдық-саяси қызметке даярлықпен келді, ал олардың дербес саяси күш ретінде белсенді әрекетке көшуі 1905 жылғы революциялық оқиғаларға тұспа-тұс келді. Оған қазақ халкының орыс отаршыл әкімшілігіне тәуелділігі және қоғамдық дамуда ортағасырлық деңгейде қалып қоюы түрткі болған еді. Саяси қызметі тура осы мезгілде басталған Міржақып Дулатұлы 1929 жылы кеңестік абақтыда тергеушілерге берген жауабында жалпы ұлт зиялыларына ортақ мынадай пікір білдірді:
«…Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткізу қиын. Қазақ бұқарасы губернаторлар мен уезд бастықтарын айтпағанда, ең төменгі урядниктің алдында діріл қағып, адам төзгісіз қорлыққа шыдады, оның бұл халге жетуіне өз арасынан шыққан надан тілмаш шенеуніктер, болыс басқарушылары және басқалары өз үлестерін қосып, ауыр салық, зорлық, парақорлық, құпия өсектер үйреншікті көрініске айналды; қазақ әйелі күң жағдайында болды, ең құнарлы жерлер ешқандай есепсіз қоныс аударушыларға алынып берілді, ал қазақтар шөлге ығыстырылды; патша үкіметі мектептер аштыруға бас-көз қамқоршы болудың орнына, қазақтарға өздері жиған қаржыға мектеп салуға тыйым салды; мектеп ашуға әрекет жасағандар Якут облысына жер аударылды (мысалы, Қосшығұлов, Науан хазірет, т.б.), дәрігерлік көмек жөнінде халықта түсінік те болған емес… Қазақ елі, міне, осындай түнекте ғұмыр кешті. Патша үкіметінің отаршыл саясаты гүлдеу шегіне жетті. Осының бәрін көре түрып өзімнің азын-аулақ біліміме қарамастан, қолымдағы барыммен ар-намысы аяқ асты болған сорлы халқыма көмектесуді өз борышым санадым».
1905 жылғы жазға қарай Қазақстанның барлык өңіріндегі жәрмеңкелерде қазақ жұртының мұқтаждықтарын талқылаған съездер өте бастады. Бірден жандарм мекемелерінің назарына іліккен бұл жиындарда патшаға, ортақ билік орындарына арналған арыз-тілектер жазылды; Жетісу және Семей облыстары атынан жазылған шағымдарды талқылауға 25 мыңнан астам адам қатысты.Бұл талап-тілектерде қазақ елінің қоғамдық өмірдегі ең негізгі мұқтаждықтары, яғни жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру, ұждан және дін бостандығы, бақылаусыз газет шығару және баспахана ашуға рұксат беру, қазақ елінің жоғарғы заң шығарушы орындарға депутат сайлау кұқын мойындау және басқа сол сияқты аса маңызды мәселелер көтерілді.Барлык арыз-тілектерде жоғарғы билік алдына қойылған үлкен де өзекті мәселе, әрине, жер мәселесі болды. Арыз-тілек авторлары «әкелер қанының өтеуімен азат етілген атамекенін» орыс үкіметінің ешқандай да дәлел-себепсіз мемлекеттік меншік деп жариялап, соған сүйеніп ең кұнарлы жерлер мен тұщы су кездерінің қоныс аударушыларға өтіп жатқандығына наразылықтарын білдірді. Арыз-тілек науқаны ұлт-азаттық козғалысында өзара айырмашығы бар екі ағымның қалыптасып келе жатқандығын аңғартты. Оның бір жағында қазақ жұртының болашағын еуропалық өркениеттің жетістіктерімен байланыста қарап, дін ісін екінші кезекке ығыстырған зиялылар тұрса, оған қарсы екінші бетте қоғамдық дамуда ұлттық-діни ерекшеліктерді негізгі құндылық ретінде бағалаған топ тұрды. Ә.Бөкейханов алғашқы ағымдағыларды батысшылдар, ал соңғы ағымдағыларды түрікшілдер деп атады.
1905 жылғы 6 тамызда жарияланған манифест бойынша қазақ еліне де Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығы берілді. Ұлт зиялылары Дума жұмысына белсене араласу арқылы үкіметтің Қазақстандағы саясатына, әсіресе жер мәселесіне ықпал етуге болады деп түсінді. Бірақ сайлау қарсаңындағы қазақ қоғамында Думаға депутат ұсына алатын өз бағдарламасы бар саяси партия жоқ болатын. Уақыттың тарлығына байланысты және баска даярлыктың жоқтығын түсінген ұлт зиялыларының басым бөлігі ресейлік конституциялық демократиялық партияның (кадеттер) бағдарламасын мойындап, қазақ облыстарында осы партияның бөлімшелерін құрып, осы ұйымның атынан депутаттыққа түсті. I—II Мемлекеттік Дума жанындағы Мұсылман фракциясы жұмысына белсенді араласқан қазақ зиялылары үкіметтен Қазақстанға ішкі Ресейден қоныс аударушыларды жіберуді, жергілікті халықты егіншілікке жарамды жерлерден ығыстыруды тоқтатуды талап етті. Қазақ депутаттарының бұл талабын қазақстандық Т. И. Седельников және сібірлік Н.Л. Скалозубов бастаған демократиялық бағыттағы орыс және баска ұлт депутаттары да қолдады.