шапағат, жақсылық ұғымдарын ақын Құдай жолымен
байланыстырып айтатыны рас», − дей келіп, олардың бүгінге
дейін қасиетін жоймаған асыл құндылықтар екенін дəйектейді [7,
28]. Ақынның «толық адам» ілімнің өзегі: «Ақыл, қайрат, жүректі
бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек... Біреуінің күні
жоқ біреуінсіз, Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек»[7, 28], −
дейтін өлеңінде өрнектелгенін байыптайды. Ақыл, қайрат, жүрек
туралы философиялық ойлардың бастауы, қазынасы мол екенін
ұқтырады. Зерттеушінің осы пайымдары Абай өлеңінің мəті-
ніндегі реминисценциялық элементтер мен дəстүр сабақтастығы
белгілерін де аңғартады. Заман мен заман адамының болмысын
тұтастықта танып, адамзатты зұлымдық пиғылдан аулақ болуға,
ізгілікке, жақсылыққа, дос-тыққа бейіл болып, «адамзаттың бəрін
сүюге» үндеген Абайдың «достан, дұшпаннан да көңілі қалғанда,
сенісерге жан таппағанда, Аллаға жалбарынатыны рас» [7, 46].
Зерттеуші Абайдың адам туралы ілімінің «заман жайын, адам
құлқын» толғаған Қожа Ахмет Йассауидің, Ахмед Йүгінекидің
еңбектерімен үндестігін аңғарғанмен, арғы-бергі уақытта заман
сырына, адам болмысына Абайдай терең бойлаған ақынды
табудың қиындығына көз жеткізеді. Абайдың «толық адам»
қағидасын оның өз шығармаларының бойымен тарқата талдаған
ғалым: «Адамзаттың, адам баласының адамдық мəні, адамдық
қасиеті туралы мұндай кемел ілім Абайдың заманында бір-ақ
адамда болды. Ол – Абайдың өзі» [7, 46], − деп тұжырымдайды.
182
Ж.Дəдебаевтың бұл зерттеуі нақты талдауларға құрылуы-
мен ерекшеленеді. Абай іліміндегі адам ерекше «таным, түзеу,
тəрбиелеу, суреттеу субъектісі» сипатында қарастырылады.
Жақсы мен жаман категориясы жан-жақты сараланады. «Жаны
аяулы жақсыға қосамын деп, Əркім бір ит сақтап жүр
ырылдатып» [7, 46], – деген Абай өлеңінің екі жолынан ғана
зерттеуші ақынның суреткерлік шеберлігімен қоса, жаман
адамның жан шошырлық əрекетін əшкерелеген ақынның сұңғыла
дүниетаным байлығының сырына оқырманды қанық етеді.
Ақынның осы өлеңінің рефлективті ерекшелігін: «Ақынның
сөзінен, ақын шығармаларының мəтінінен туындайтын
мазмұннан, оның астарынан, ақынның образды ойынан
туындайтын жəне қабылдаушының интерсубъективті ойлау
қызметі деңгейінде ғана ашылатын мағына əлдеқайда күрделі,
терең» [7, 46], − деп байыптайды.
Еңбекте Абайдың адам туралы ілімінің негізі саналатын жан
мен тəн мəселесі, ақыл, махаббат мəселесі, Абай жəне құран
жайы, адамның бес асыл ісі, адамның бес дұшпаны, ақындық
дүниетаным, мəн мен мағына поэтикасы мəселелері кең ауқымда
интерпретацияланады.
Көрнекті əдебиеттанушы Ж.Дəдебаевтың «Абайдың
антропологизмі» атты еңбегі Абай ілімінің антропологиялық
қырларын терең танытып, алғаш рет ғылыми категория дең-
гейіне көтеріп, тарихи-функциональды жəне пəнаралық зерт-
теулерінің маңыздылығымен танылады. Ж.Дəдебаевтың
«Абайдың антропологизмі» еңбегі герменевтикалық талдаудың
биік үлгісі ғана емес, өзінің заманауи жаңашыл ғылыми-
теориялық тұжырымдарымен Абайтану ілімінің деңгейін
көтергеніне көз жеткізуге болады.
Абай шығармаларын текстологиялық тұрғыдан интер-
претациялаудың да азды-көпті тарихы бар екені белгілі.
Дегенмен біз солардың бірі жəне бірегейі саналатын Қайым
Мұхамедхановтың «Абай шығармаларының текстологиясы
жайынан» деп аталатын еңбегіндегі Абайдың «Қара сөздерін»
текстологиялық тұрғыдан зерттеуде қандай герменевтикалық
əдістерге сүйенгенін пайымдамақпыз.
Қ.Мұхамедхановтың Абай өлеңдерінің текстологиясы
бойынша бірнеше талдауларына тоқталып өтейік. Зерттеуші
183
Абай өлеңдерін кітапта басылу реті бойынша талдайды. Мəселен,
1954 жылғы жинақты «ертеден белгілі қолжазбалармен»
салыстыра тексереді. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»
өлеңін Оразке қолжазбасымен салыстырады. Жинақта: «Қалың
елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,
Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі – қан, бірі − май боп енді
екі ұртың. Оразке қолжазбасында: Қазағым, қалың елім, қайран
жұртым, Аузыңа ұстарасыз түсті мұртың, Жақсы менен жаманды
айырмайсың, Бірі – қан, бірі − май боп енді екі ұртың. Бастапқы
екі жолдағы айырма-шылық өлеңдегі сөздердің орын ауысуында
екені көрініп тұр» [8, 38]. Зерттеуші Оразке қолжазбасындағы
өлең өрнегінің ақынның ақын ойының негізгі мағынасын дəл
беріп тұрғанын уəж етеді. Ал 1954 жылғы жинақта осы төрт
жолдан кейін келетін: «Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың» [8,39], − деген жолдар
Оразке қолжазбасында мүлде жоқ екенін айтады. Ал осы өлеңнің
жетінші, сегізінші жолдарындағы: «Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа
сөзді, Аузымен орақ орған өңкей қыртың [8, 40] (?), − деген
жолдардағы «қыртың» сөзінің қолжазбада «қыртым» болып
берілуінің дұрыстығын көрсетеді. Кітаптағы: «Көрсе қызар
келеді байлауы жоқ, Бір күн тыртың етеді, бір күн жыртың [8, 40]
(?)», − деген он бір, он екінші жолдар қолжазбада жəне 1945
жылғы жинақта: «Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың» [8, 40],
− деп келеді. Ғалым Абайдың тұрақсыз, байлаусыз адамның
мінез құбылысын айтып отырғанын діттейді. Өйткені, өлеңнің он
жетінші жолында: «Ағайын жоқ нəрседен етер бұртың» деп
«бұртың» сөзі тағы қайталанатындықтан оның орынды екенін
ескертеді. Ал, «жыртың» сөзінің жиырма сегізінші жолда
қолдануын орынды санайды. Өлеңнің он бес, он алтыншы
жолдары 1954 жылғы жинақта: «Өздеріңді түзелер дей
алмаймын, Өз қолыңнан кетпесе (?) енді өз ырқың» [8, 41], − деп
басылса, қолжазбада: «Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың»
[8, 41], − деп жазылған. Зерттеуші осы өзгешеліктерде «үлкен
саяси-əлеуметтік мағына жатқанын» аңғартады. Оқырманға
рито-рикалық сауал тастайды. «Өз қолыңнан кеткен соң енді өз
ырқың» деген қолжазбадағы жолдардың сол кездегі өмір шын-
дығына жақын екенін зерттеуші 1868 жылғы қазақ елінің
184
реформадан кейінгі ауыр жағдайынан нақты деректер келтіре
отырып, дəйектейді.
Ғалым ең алдымен, Абайдың қара сөзбен жазған еңбектерін
Мүрсейіттен басқа да көшіріп жазушылар көп екенін, алайда
оларды салыстыра отырып, «Абай бұл шығармаларын қалай
атағанын шешу қажет» деген мəселе қояды [8, 122]. Сондай-ақ
қара сөздерінің хронологиясын анықтауды да алға тартады.
Шынында, бүгінгі таңда текстологияда бұл мəселе шешілді ме
деген сұрақ тууы да заңды. Тіпті, жинақтарда басылып жүрген
«Қара сөздерінің» сөз реті ауысып жүргенін ескертіп, Мүрсейіт
пен Рахым Жандыбаевтың қолжазбаларындағы ретін
салыстырып, кесте арқылы нақты көрсетеді. 1954 жылғы
жинақтың II томында басылған «Отыз екінші сөздің» де жай-
жапсарын нақты деректермен дəйектейді. Аталған сөзінде Абай
«нұсқап отырған «Он тоғызыншы сөзін» дұрыс қалпына келтіру»
жайын ұсынады. Сөйтіп, «Абай сөздерінің басылу реті
Р.Жандыбаев қолжазбасындағы жазылу ретімен сəйкес
келмейді» [8,126], − деп жазады. Сонымен 1954 жылғы жинақта
«кітапта болса, қолжазбада жоқ, қолжазбада болса, кітапта жоқ»
сөздер кездеседі.
1933 жылдан бері ғана ақын жинақтарына кірген «Қара
сөздері» 1940, 1945, 1954 жылдары да басылғаны белгілі.
Қ.Мұхамедхановтың пікірінше Р.Жандыбаев қолжазбасы, 1940,
1945 жылғы басылымдармен дəл келгенімен, 1954 жылғы
жинақпен «қайшы келген». Сондықтан зерттеуші 1940, 1945
жылдардағы жинақ Мүрсейіт қолжазбасы негізінде басылғанын,
Р.Жандыбаев қолжазбасы Мүрсейіт қолжазбасымен сəйкес
келетінін топшылайды. Сөйтіп, Абай қара сөздерінде қате
басылған кемшіліктерді ашатындығын пайымдайды [8, 126-127].
Демек, мəтінтанушы ғалым 1954, 1940, 1945 жылғы жинақтарды
нақты мəліметтер негізінде салыс-тыра қарастырып, қажырлы
ізденістердің нəтижесінде текстология іліміне тың үлес қосады.
Осы орайда, зерттеуші «жинақтарда болсын, қолжазбада болсын
Абай сөзіне көрінеу нұқсан келіп тұрған жерлері байқалған
жағдайда ғылыми жорамалға сүйенетінін» ескертеді. Олай болса,
«герменевтикалық шеңбер» тəсілі, салыстыру, болжам əдістері де
арқылы интерпретацияға жетелейтінін, жаңашылдыққа жол
ашатынын пайымдауға болады. Олай болса, текстолог ғалым
185
Қ.Мұхамедхановтың текстология бағытындағы бірнеше гер-
меневтикалық талдау үлгілерін қарастырайық. «Екінші сөздің»
1954 жылғы жинақта: «Мен бала күнімде естуші едім, біздің
қазақтар сартты көрсе, (?) күлуші еді...» − делінген, Жандыбаев
қолжазбасында, 1940, 1945 жылдардағы жинақтарда: «...қазақтар
сартты көрсе, сартқа күлуші еді», − деп сөйлем ұғымды, толық,
дұрыс берілген. Осы сөздің екінші абзацының бастапқы екі жолы
жинақта: «...бізден басқа халықтың бəрі антұрған (?) екен...», −
деп басылып, екі сөз қалып қойған.
Қолжазбада жəне 1940, 1945 жылдардағы жинақтарда:
«...бізден басқа халықтың бəрі антұрған жаман келеді екен...» −
деп дұрыс берілген.
Осы абзацтағы ақырғы сөйлем жинақта: «Орысқа қарамай
тұрғанда қазақтың өлгенінің ақірет (?) тірісінің киімін (?)
жеткізіп тұрды», − деп басылса, қолжазбада 1940, 1945
жылдардағы жинақтарда: «...өлісінің ақіреттігін, тірісінің киімін
ол жеткізіп тұрды», − деген» [8, 126-127], − деп, 1954 жылғы
жинақтағы «Екінші сөзді» қолжазбамен, жинақтармен
салыстырып, қалып қойған сөздерді, сөздің дұрыс, бұрысын
қадағалап, жіті тексереді. Текстологтың мақсаты да болашақ
басылымдарда түпнұсқаны анықтау, оқырманды адастырмау,
«сөз түзеу» болса керек.
Қ.Мұхамедханов Абайдың 1954, 1940, 1945 жылдарғы
жинақтардағы қырық бес сөзіне түгел дерлік текстологиялық
талдау жасайды. Дегенмен, біз қара сөздердің əр ондығынан
бірнешеуін ғана назарға ала отырып, автордың парасатты
оқырман сипатындағы мəтінді түсінуі мен түпкі мəнін ашудағы
білім, таным байлығы мен дарын-қабілеті ерекшеліктерін тануға
ұмтылыс жасамақпыз. Сол іспетті автордың «Жетінші сөзді»
талдауын алайық: «Жетінші сөздің» абзацындағы: «бұл жанның
тамағы еді», − деген сөйлем 1954 жылғы жинаққа кірмей қалған.
Төртінші абзацтың бесінші сөйлемі 1940, 1945, 1954
жылдардағы жинақтарда: «Жанды түнге бас ұрғыздық, еш
нəрсеге көзбен де жақсы (1940, 1945 жылдардағы жинақтарда
«көзбенен» − «көзбен» деген. «Жақсы» деген сөз жоқ. − Қ.М.)
қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік, − деп басылған.
Жандыбаев қолжазбасында: «...ешнəрсеге көңілмен қарамадық,
көңіл айтып тұрса, сенбедік», − деп жазылған. Сөздің мағына,
186
мазмұнына қарағанда түпнұсқаны осы қолжазба дұрыс беріп
отыр. Абай бұл арада көзбен қарауды айтып отырған жоқ,
көңілмен қарауды айтып отыр. Көзбен қарап, сыртына мəз болма,
көңілмен қарап, сырын ұқ деген пікірді айтады. Ақын өлеңінде
де: «Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін
қойып, көңілін ашпақ», − демей ме? Жəне осы айтылған
сөйлемнен кейін келетін: «Көзбен көрген нəрсенің сыртын
көргенде-ақ тойдық», − деген сөйлем біздің осы келтірген
жорамалымызды тағы да бекіте түседі. Осы жоғарыда айтылған
сөйлемнен кейінгі сөйлемдер 1940, 1945, 1954 жылдардағы
жинақтарда: «Сыры қалай болады деп көңілге салмадық. Оны
білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу көргенін айтса да
ұқпаймыз», − деп басылған. Жандыбаев қолжазбасында екінші
сөйлем: «Біреу кеткенін айтып тұрса да ұқпаймыз», − деп
жазылған. Осы сөйлемдегі сөз мағына, мазмұнына қарағанда
түпнұсқа қолжазбада дұрыс берілген деуге əбден болады» [8,
132], − деп түйіндегенде, зерттеуші Абайдың сөзі мен ойының
философиялық-эстетикалық мəнін ғана емес, ақын сөзінің
семантикалық өрісін жіті аңғарып, дəйекті, дұрыс мағынаны
таниды. Қайым Мұхамедхановтың «Абай шығармаларының
текстологиясы жайынан» деп аталатын еңбегінде Абай
шығармаларының текстологиясы «тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан
жан-жақты сараланып, жалпы əдебиеттанудағы қазақ мəтінтану
саласының негізі қаланды. Осында айтылған пікірлер бойынша
Абай шығармаларының кейінгі басылымдарында ішінара
өзгертулер енгізілгенімен, 1995 жылғы академиялық басылымға
дейін сол қалпында жарияланып келді» [9
, 348]. Рецептивтік
эстетика ілімі тұрғысынан Қ.Мұхамедхановты Абай шығар-
маларының интерпретаторы сипатында танығанымызда ең
алдымен М.Əуезовтің берген бағасын айту абзал [9, 297].
Сонымен қатар ғалымның замандастары да оның еңбектерін
əлемдік гуманитарлық ғылымдағы озық классикалық, іргелі
зерттеулерден кем санамайды. Оны дүниежүзіне танымал
В.В. Бартольд, Е.Э. Бертельс, И.Ю. Крачковский, Д.С. Лихачев,
В.В. Радлов қатарындағы ғалым» [9,314], − деп бағалайды.
Көрнекті лингвист Р.Сыздықова «Абай өлеңдерінің син-
таксистік құрылысы» еңбегінің алғы сөзінде: «Қазақ фило-
логиясында күні бүгінге дейін белгілі бір ақын өлеңдерінің
187
немесе жеке поэзиялық шығармаларының синтаксистік құры-
лысын арнайы зерттеген монографиялық еңбектер жоқ. Бірақ
жалпы өлең құрылысына немесе өлеңнің жеке белгілеріне
арналған жұмыстарда поэзия тілінің синтаксистік құрылысы,
əсіресе оның жеке мəселелері жайында айтылған пікірлер мен
талдаулар бар» [10, 3-4], − дей келіп, Абай өлеңдерінің синтаксисі
мəселесін кең ауқымда қарастырады. Бұдан біз жалпы тіл білімі
жетістіктерінің заманауи əдеби герменевтикаға ықпалын
аңғарамыз. Р.Сыздықова өз еңбегіне Б.В. Томашевский,
М.Жирмунский, В.В. Виноградов, Л.В.Щерба, Ф.Е.Корш секілді
орыс ғалымдарымен қатар, М.Əуезов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмайылов,
Т.Нұртазин, З.Ахметов тəрізді əдебиетші, жазушылармен қоса
Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, М.Балақаев т.с.с. тілші
ғалым-дардың да еңбектерінде поэзиялық шығармалардың
синтак-сисі сөз болғанын пайымдай келіп, соның ішінде Абай
поэзиясының құрылысын арнайы зерттеген З.Ахметовтің «Қазақ
өлеңінің құрылысы» еңбегінің өз талдау үшін əдіснамалық мəні
зор болғанын атап өтеді [10, 4].
Р.Сыздықова Абай поэзиясының синтаксисін саралағанда
«жалпы өлең табиғатына сай барлық тілге ортақ факторлармен
қатар, өлеңнің əр тілдегі ұлттық ерекшелігін қоса тауып»
талдайды. Соған орай, Абай поэзиясының синтаксисіне қатысты
факторларды ескереді. Соның бірі «синтаксистік тұтастықтың
жігін ажыратып талдауда өлеңнің белгілі бір тəртіппен шумаққа
бөлінетін-бөлінбейтіндігінің жəне қандай шумаққа бөліне-
тіндігінің мəні бар» екенін түсіндіруін айтуға болады. Мəселен,
«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» деп басталатын
өлеңіндегі «11 буынды, төрт тармақты шумақта көбінесе
алдыңғы екі тармақ жеке-жеке екі сөйлем немесе синтаксистік
параллель құрайтын екі сөйлем болады, соңғы екі тармақ бір
сөйлем болып келеді жəне ол көбінесе құрмалас сөйлем болып
келеді» [10, 12 б.], − деп ақын өлеңіне тəн синтак-систік
құрылымды айқындайды. Ал Абай өлеңінің синтакси-сіне
қатысты ерекшелік өлең өлшеміне де байланысты болған-
дықтан, өлеңінің тармақтарындағы буын санының аз-көптігі де
сөйлем құрылымының шағын я күрделі болып келуіне ықпал
ететіндігін тұжырымдайды. Сондай-ақ өлең өлшемінің поэзия
синтаксисіне əсері тармақтағы бунақтарға да байланысты екені
188
пайымдалады [10, 14]. Əрине, зерттеуші Р.Сыздықова бұл
тұжырымдарын өз еңбегінде Абай өлеңдерінің мəтінін нақты
талдау арқылы дəйектейді. Ұлттық əдебиет пен тіл біліміндегі
жəне орыс əдебиеттанушы, тілші ғалымдарының поэзия
синтаксисі жайындағы тұжырымдарын назарға алады жəне
олардың пайымдауларын Абай өлеңінің ұлттық сипатына,
синтаксистік ерекшеліктеріне: симметрия, ықшамдау (үнемдеу,
тығыздалу) принциптеріне, сыйыстыру тəсіліне, инверсия, шу-
мақ, өлең өлшеміне (тармақ, буын, бунақ құрылысына) қарай
жаңғырта байыптайды.
Ғалым Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Т.Қорда-
баев сынды қазақ поэзиясын зерттеушілердің шумақ туралы
түсініктерін қарастырып, қазақ өлеңдерінің шумақтарында ұйқас
бірден-бір белгі болғанмен, ырғақтың рөлі күшті екенін
тұжырымдаған З.Ахметов пікірінің толымды екеніне назар
аударады.
Сондай-ақ
синтаксистік
тұтастық
туралы
М.В. Ломоносов, А.А. Потебня, В.В. Виноградов, Н.С. Поспелов,
В.М. Жирмунский тағы басқа да орыс зерттеушілерінің шумақ
туралы тұжырымдарын саралай келіп, Абайдың «Қан сонарда
бүркітші шығады аңға», «Əбдірахманға», «Қор болды жаным»,
т.с.с. өлеңдерін айтыс, жыр, халық ақындары өлеңдері
шумақтарының ритмикалық-синтаксистік ерекшеліктерімен
салыстыра қарап, Абай өлеңдерінің ритмикалық-синтаксистік
оқшаулықтарын айқындайды. Сөйтіп, Абайдың қазақ поэ-
зиясында өзіне дейін болмаған шумақтар түрін жасағанын
тұжырымдайды [10, 32]. Абай өлеңдерін тармақтарды тұтастыру
жағынан шумақты жəне шумақты болып келетін екі түрге
ажыратып, олардың əрқайсысына жеке тараулар арнайды.
Сондықтан Р.Сыздықова Абай өлеңдеріндегі «сөйлемдердің өз
іштеріндегі құрылымы жəне өзара іліктесу түрлері өлеңнің ұйқас
суретіне, композициялық құрылысына жəне стильдік
мақсаттарға тікелей қатысты болатынын, ақынның творчество-
сына тəн принцип түр мен мазмұн гармониясы өлеңдерінің
құрылысында да көзге түсетінін, тармақтардың ұйқас фигурасы
олардың синтаксистік құрылымына, ұйқас суреті мен өлшем
варианттары шумақтың композициялық құрылысына əсер
тигізетінін, шумақтың өз ішінен композициялық бөлімдерге
ажыратылуы оның синтаксистік құрылымын əлдеқайда күр-
189
делендіруі, Абайдың қазақ поэзиясының бұрынғы кəнігі
өлшемдерінің синтаксисіне де бірнеше жаңа амал-тəсілдер ен-
гізіп, оларды системаға айналдырғанын қорытындылап» [10,
158], Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылымын герме-
невтиканың аспектілерінің бірі саналатын өлең теориясы,
синтаксистік, тілдік-стильдік бағытта интерпретациялап, жаңаша
қырынан түсіндіріп, құндылықтарын танытуы герменевтика
ілімдерінің дамуына қосылған зор үлес болып табылады.
Көрнекті лингвист Р.Сыздықова «Абай өлеңдерінің синтаксистік
құрылысы» атты еңбегінде: «Күрделілігі, сыйымдылығы,
көркемдік эффектілігі жағынан Абай өлеңдерінің синтаксисі −
жазба поэзияға қойылатын талаптарға сай түсетін, өзіне дейінгі
поэтикалық дəстүрден жоғары көтерілген, кейінгі қазақ
поэзиясына бағыт-үлгі» [10, 158], − деп жазады.
Көрнекті жазушы, абайтанушы Т.Жұртбай: «Адамның
бойындағы қасиетсіздіктің бірі – қызғаныш. Бұған ем тауып, елін
дауалаған данышпан жоқ. Бірақ, оның себебін ашып кеткен
оқымыстылар да өткен» [11, 294], − дейді. Адамды сүйкімсіз
əрекетке жетектейтін рухани кедейлік қана емес, кəдімгі
жетімсіздік дейді. Пиғыл, қаскүнемдік, қанағатсыздық туралы ой
толғап: «Əр ұлттың бойында бар мұндай қасиетсіз түйсікті
тудыратын себеп рухани мұхтаждық па, əлде, табиғи заңдылық
па?» [11, 294], − деп сауал тастайды. Адамның тəбетіне
тəуелділігін айтып, Абайдың: «Қарны аш кісінің көңілінде ақыл,
бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын?» деген «Жиырма
бесінші сөзімен» түсіндіреді [11, 294]. Абай мен Ницщенің
мұқтаждық, қызғаныш, игілік, қайырым, мейірім туралы ойларын
салыстыра қарап, Абайдың игілік иелеріне: «Өзіңде бармен көзге
ұрып, Артылам деме өзгеден. Күндестігін қоздырып, Азапқа
салма езбеден [11, 295], − деп ақыл беретінін байыптайды. «Бұдан
шығатын қорытынды: пиғыл мен құмарлық, қызғаныш пен
көрсеқызарлық іспетті жексұрын мінездер адамға туа бітпейді,
оны бұзатын – рухани жəне тұрмыстық мұқтаждық. «Толық»
адам», тəуелсіз азамат атану үшін рухың тəуелсіз болуы керек.
Рухың ақылыңа, пиғылыңа билік ете алмаса, онда «ақ бұйрықты
өлім де» бұйырмайды. Демек, пендешіліктің күйкі тірлігіне
түспеу үшін тəуелсіз ұлт, «толымды қоғам», «толық адам» болуы
шарт екен» [11, 301].
190
Сонымен, біз Абай ілімін түсіну, білу, тану, бағалау,
талқылауды герменевтикалық тетіктер негізінде саралауға жəне
оны рецептивтік эстетика ілімінің танымы бағытында автор-
оқырман мəселесі тұрғысынан талдап, тануға тырыстық.
Дегенмен бұл мəселелер Абай əлемін зерттеуде əлі танылмаған
көкжиектер болғандықтан, əр дəуірдегі Абай оқырмандарының
(əрине, интеллектуалды оқырмандарының) Абай ілімі жөніндегі
көзқарастарын жинақтай танудың күрделілігі бой көрсеткенімен,
Абайтану ілімінің қазіргі уақытта қарқынды дамуы біз ұшығын
ғана шығарып отырған мəселенің – Абай мəтіндерінің
герменевтикасын зерделеудің Абай ілімін терең тану, түсіну,
бағалаудағы мəнін арттыра түссе керек.
Достарыңызбен бөлісу: |