Талабы таудай азамат өнер көкжиегінде



жүктеу 50.72 Kb.
Дата09.06.2016
өлшемі50.72 Kb.
ТАЛАБЫ ТАУДАЙ АЗАМАТ

Өнер көкжиегінде
«Әркімнің өнерде бар таласы» дегендей, өнер көрігін қыздырып, өзіндік айтар ойымен де бойына біткен таудай талабымен де, анасының ақ сүтімен бойға дарыған талантымен де, қазақ мәдениеті мен өнерінің өсуіне сүбелі үлес қосып жүргендердің бірі С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Бауыржан Сүлейменов десек, ақикаттың аулынан алшақ кетпеспіз. Бауыржан - қамал бұзып, тас жармағанмен идеология саласында шүмектеп тер төгіп, тәуелсіз еліміздің марқаюына айтарлықтай үлес қосып жүрген, кеудесінде ұлттық намысы атой салған нар азаматтың бірі. Қылшылдаған қырықтың қырқасында. Күректей екі дипломы бар зиялы қауымнан. Алғашында Қарағанды педагогикалық институтын тәмамдаса, сәл кейін Алматыдағы Жүргенов атындағы театр-өнер институтынын актерлық бөлімін бітірген болатын (1991ж.). Бауыржан негізінен текті әулеттің ұланы. Неге десеңіз, үлкен әкесі, ұлы атасы Сүлеймен ақсақал арабша хат таныған, өз замаңдастарының алды болған, елге сыйлы, халқы кұрмет тұтқан Кұран-Кәрімді бір кісідей білетін озық ойлы адам болған. Оның үстіне казақтың айтулы ақынының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлымен үзеңгілес жолдас болып, оның «Еңлік-Кебек» дастаны мен «Біржан мен Сара» айтысының бір нұсқасын жатқа айтатын харида болыпты. Өзі де тілді, сөзге шешен, сөздері мірдің оғындай бетті адам болған деседі. Сол Сүлеймен ақсақал ғасыр жасап, 1976 жылы пәниден бақиға аттанарында соңынан ерген ұрпақтарына аманат ретінде мына бір жайды айтып кеткен екен:

- Шәкәрім жарықтықтың өз қолымен сеніп тапсырған бір сандық қолжазбасынан айырылып қалдым. Болмаса ол сендерге талай жылға азық өзім де Алматының қақ төрінде отырар едім-ау,- деп ішкі сырын суыртпақтап сыртқа шығарыпты. Мұны естіген соң ел болып «Арқа еті арша, борбай ет борша. болып іздегенмен қанша іздесе де қолға іліктіре алмапты. Бәйбішесі тыққан сол сандық күні бүгінге дейін үшті-күйлі жоқ болды. Кәрі кейуананың көрсеткен үнгірінен табылмағанды. Бәлкім, үлкен адам тыққан жерінен көп жыл өткен соң жаңылыскан да болар, кім білсін? Кешегі қылышынан қан тамған Кенес дәуірі орнаған тұста Сүлеймен ақсақал да жеті-сегіз жылдай елден жырақ Сібірге кашып кетіп, бой тасалаған болатын. Шын мәнісінде билік ноқтасын ұстаған азаматтар Сүлеймен ақсақалдың үйіне ат жалдарын, әнгіме-дүкен кұрмай кетпейтұғын. Аумалы-төкпелі тұста да Сүлекен елге билік айтып, тоқтау салған жан болды. Ол кісінің сөзін елде зая етпейтін. Сол Сүлеймен ақсақалдың кіндігінен өрбіген Көпжасар, Ықын, Ыбырайхан, Әбдіхан, Сейдіхан, Мұратхан атты алты ұл, Зия атты жалғыз қыз бар. Әкесі Байжан «он үште отау иесі» деп Сүлекенді қазақтың ата дәстүрімен буыны бекіп, қабырғасы катпай ерте үйлендіріп жіберген. Арғы сүйегі қырғыз десек те Қарқаралының тумасы. Ең бастысы, ол кісі дінге берік, бес уақыт намазын қаза қылмайтын, өнеге-үлгісімен ауыл-аймағына кадірлі болған адам. Бауыржанның әкесі Мұратхан Сүлекеңнің алтыншы ұлы, яғни сүт кенжесі. Сүлеймен ақсақал бұл баласын да он жеті жасында үйлендіріп, ата кәсіп мал бағуға икемдегенді. Сонау 1960 жылдардан бастап Қарқаралы ауданының «Еңбек» совхозында кырық жылға таяу шопан болып еңбек етті. Кұдайға шүкір, бұған пайғамбар жасынан асқан Мүкеңнің өзі де ешқашан өкініп, қабақ шытқан емес. Қайта Алланың бергеніне тәуба деп жүрген, басына қонған бақыты мен бағына ризашылық танытқан қарапайым шаруа адамы. Бәйбішесі Мәрзия екеуі он екі бала тәрбиелеп өсірген ардақты жандар. Бүгінде сол он екі баласы өз алдына түтінін түтетіп, жеке шаңырақ көтерген атпал азаматтар, оның сегізі - ер бала, төртеуі - қыз. Әлбетте, екі-үш бала тәрбиелегенмен, он екі болашақ бейнетін тіпті салыстыруға да келмес. Қалай десек те Ардақты Ана Мәрзия анамыз бен Мұрат ақсақалдың он екі баласы да бір баладай болып ер жетті. Сөз жоқ мұның бәрі шаңырақтағы тәрбиенің каймағының бұзылмай, ата-салт дәстүрді мықты сақтағандықтан деу орынды болар. Мүкеңнің өзі де еңбекқор, құрбы-құрдас замандастарының арасында елге сыйлы болды. «Әр еткен еңбектің төгілген тердің зейнеті бар» демекші, талай жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 1988-89 жылдардағы жүз бас қойдан жүз он бес қозы алғаны үшін жеңіл автокөлік алғанды. Бір ғажабы, Мұрат ағаның балаларының бәрі иманжүзді, әрі өнерпаз. Сол құдіретті өнерді әбден бойына сіңіріп, ел аддында өнерін паш етіп жүрген ұлы осы Бауыржан.

Ол - қазақ өнерінің өркендеу жолында сүбелі үлес қосып, он жылдан астам Сәкен театрында өрелі өнер танытып келе жатқан жас таланттарымыздың бірі. Кешегі өнердің майын ішкен, аты қазақ жұртына етене таныс, маркаска өнер тарландары Кәукен Кенжетаев, Р.Машурова, Е.Сегізбаев, Кадыр Жетпісбаев, т.б. дәріс алған Бауыржан Мұратханұлы бойындағы бар өнерін елі үшін арнап, шамашарқы келгенше өрелі өнер танытуға тырысты. Бала кезінен әнші болуды арман тұтқан өнерпаз жігіт сахнаға шыкқан сайын жайнап, жарқырай түсті. Кәсіпқой аға буын өкілдерімен тізе түйістіре өнер көрсету оңай емес екені тағы белгілі. Бірақ бойында табиғи дарыны, жанарының оты бар өнерпаз жігіт күн өткен сайын өнер көгінде еркін қалықтай бастады. Ең бастысы еңбек екенін әбден қаперіне сіңірген жас актер берілген бейнені ыждаһатпен қабылдап, барынша әсерлі де нанымды етіп шығаруға күш салды. Еңбегі зая кеткен жок,. Сұңғақ бойлы, дене бітімі келісті азаматқа режиссерлар да жылы қабақ танытып, бірте-бірте бас кейіпкерлерді сеніп тапсырды. Атап айтканда Қодар, Қобыланды, Алмас, Алдан, Ілияс, Абақ, Аман, Шал, Әділет, Аталық, Багратион, Арыстан, т.б. бейнелер Бауыржанның қарымын танытып, шеберлігін айғактай түсті. Ол актер ғана емес, тамаша әрі келісті әнші. Оның орындауындағы термелер, халық әндері өзіндік шеберлігімен, өзгеге ұксамайтындығымен кұнды.

Баукен мен сүйген жары Айман екеуі Бейбарыс пен Мәдина атты екі құлыншақ тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Өмірлік серігі Айман білімдар, мектепті үздік бітірген оқу озаты болатын. Сол білімнің арқасында қос бірдей мамандық иесі атанды. Алғашқыда Қарағанды медициналық училищесін үздік тәмамдап, сәл-пәл кейіндеу Қарағанды мемлекеттік университетінің химия факультетін де өте жақсы деген бағамен аяқтаған. Білімін онан әрі жетілдіру мақсатымен электро-химик мамандығы бойынша аспирантураға түсіп, оны да өз дәрежесінде бітіріп шығып, бүгіндері Карағандыдағы ХИМ-де еңбек жолын жалғастырып жатыр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Бауыржан Сүлейменов - тамаша актер, сегіз кырлы, бір сырлы азамат. Әлі де берері мол, талантты, дарынды өнерпаздарымыздың бірі. Сахнаға лайық кескін-келбеті, болмыс-бітімі өз алдына бір төбе.

Сөз соңында, өнерге өзіндік бетәлпетімен келген Қарқаралы елінің ұланына - өрісің өрелі, шабытың толағайдай болсын, көрерменнің көзайымы бола бер дейміз.



Сламбек Әйнекбайұлы.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет