Таланттар



бет25/151
Дата24.05.2022
өлшемі1.99 Mb.
#458608
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   151
Таланттар

Гүлнар берген бата:
«Өмірдің шеті де жоқ, шегі де жоқ, толассыз зулап жатады. Осы өмірде, ең алдымен, ақ сүт беріп аймалаған анаңды сыйла, асқар тау боп күш-қуат берген әкеңді сыйла! Өзің адам деген ардақты атқа ие болған соң, өмірді тек қана адалдық жүрегіммен, адамдық сезіміңмен түсін! Адамгершілік деген ұлылықты дарыта біл!»
Құралай берген бата:
«Дүниеде бәрі де болады: қуаныш та, қайғы да. Басыңа бақ қонған бақытты, шадыман шағыңда өмірде қайғы барын ұмытпа! Төбеңе қара бұлт үйіріліп, түңілген шағыңда өмірде қуаныш барын ұмытпа!»
Марал берген бата:

«Жан дүниеме тыным бермей


Көп тілектің тұрғаны-ай,
Ақ қағазға түспей жатып,
Жамырап кетті-ау бұл қалай?

* * *

Өмірде байыдым деп қуанбашы,
Қымбат, әсем мүлікке уанбашы.
Адамды затқа теңей көрме, жаным,
Адалдық болсын сенің ар-иманың!»


Айман берген бата:
«Қазағымыздың қара шаңырағының уықтарын қадаса білейік! Шаңырағы түсіп кетпей, күлдіреуіштері босап кетпестей етейік! Өзіміз ардақтаған тілімізді ала-құлалықтан тазарта білейік! Қазақтың салтын ұмытпай, салиқалы ана бол! Ана – әрқашанда болашақтың жолы!»

* * *
Осы батаны берген дөңгелек көзді, ер мінезді әдемі қыз Айман дипломын алғалы жүргенде, кенеттен бала үстінде қайтыс болып кетті. Қыршынның соңғы батасы екенін білсемші!




ЖЫЛЫНУ

– Өркениетті елдерде мыңдаған адамдардың күнделікті қаптаған тіршілігінен уақыт тауып, дінді уағыздаушының алдына жиналып, оның айтқан сөзін жалықпай тыңдауының себебі неде екен?


– Уағызшының кісілік тұлғасы, мәдениеті, терең біліміне қоса мына сөздері ғой деймін: «Құдай сіздердің әрқайсыңызды сүйеді! Мен сіздерді сүйемін!»
Аудитория маңайында бірінші курстағы Сәуле кездесіп қалды. Кекілі жалбырап, жиі-жиі ақсия күлгенімен, ар жағында бір қобалжушылық бар. Мінезі жұмсақ баланың бірінші курстағы жаңа ортада кездескен қиыншылықтардан, тез-ақ жасқанып қалатын кездері болатын еді ғой. Осы жерде анасынан ажырап қалған еліктің лағындай болып жаутаңдап тұрған кекілді қызды сондай жақсы көріп кеттім. Қолым еріксіз өрулі қысқа бұрымына қарай барып, шашынан сипадым. Көзіне көзім ұшырасты. Саусағым бір жылу қуатын алғандай, денем де жылып кетті. Қызымның да бет ұшы қызара қалып, бір-бірімізге жылына қарадық. Іштей:
– Маған көңіл аударшы. Менің жақсы болғым келеді.
– Сен жақсы баласың. Сені жақсы көремін, – деген диалогтер жүріп жатқандай.
Әрбір адам жылы сөзге, тіпті маңдайынан сипағанға зәру. Өмірде жылы сөзді аз еститін балалар ызалы болады. Мейірім көрмеген адам қатал болады дейді. Үйінен бірінші рет ұзап шыққан қыз анасының алақанын аңсамас дейсің бе?..


ЭТЮДТЕР

Бір оқытушы аудиториядағы студенттерге:


– Немене, бәрің бірдей ғалым, жазушы болам деп отырсыңдар ма? Ауылға барып, көп мұғалімнің бірі боласыңдар! – деді.
Беделді ауыздан мұны естіген студенттің ойында: «Түк шықпаса, мұғалім болады екенмін ғой», – деген көңілсіздік қалды.
Бұдан былайғы бірінші курстағы сабақты:
– Дүниедегі ең тамаша мамандықты қалап алғандарыңызбен құттықтаймын! – деп бастағым келіп тұрады. – Мұғалім көп. Бірақ жақсы мұғалім қашанда аз. Бала аңсаған ұстаз болшы!

* * *

Мұғалімнің еңбегі журналға оның өзі қойған көтеріңкі бағалармен есептеліп келе жатыр. Ұстазының қандай екенін шәкірттің өзінен артық кім біледі? Баланың еркіне салса, кейбір апайы мен ағайының сабағына кіргісі келмес еді. Міне, біздің әділ бағамыз – осында! Ал қорқыту мен міндеттеу арқылы оқытатын мектепте қатал мұғалімнің бағы жанбақ. Осындайда бала болып кетіп: «Қайдасың, қызық са-ба-а-ақ!» – дегің келеді.

* * *
Өскен елдер ендігі 20-30 жылда мемлекеттің қандай болатыны бүгінгі жеті жасар балаға бөлінген көңілге байланысты деп есептейді.


* * *
Мектеп педагогикасын зерттеушілердің айтуынша, 5-6-класқа барған оқушылардың 80 процентінің жүйкесі бұзылған. Он төрт жастағы әрбір үшінші баланың ілінбелі ауруға ұшырай бастағаны байқалса, бітіретін баланың жартысының көзі алыстан дұрыс көрмейді. 30-40 процентінің жүрек тамырының қалыпты жұмысы бұзылған, 20-30 процентінің жүйкесі нашар. Көп ұзамай, осы баланың біразы класты аудиторияға ауыстырып, студент орындығына келіп жайғасады. Күнделікті 6-8 сағат аудиториялық сабақтан, мамандығы үшін қажеттілігі шамалы пәндерден, есепсіз тапсырмадан шаршап, мезгілімен дұрыс тамақтанбаудан әлгі проценттердің қаншаға өсетінін айтпаса да түсінікті. Бесінші курстан дені сау студентті таба алмаймыз ба деп қорқамыз.

* * *
«Тапсырманы көп берсем, көп біліп шығады» – дейтін әдістің білімге білім қосары шамалы. Студенттің кінәсін оңай есептеп, мұғалімнің жұмысын жеңілдететін, ізденуден «сақтайтын» оңай жол. Бұл да – оқудағы өктемдік тәсілдің бірі. Ал кейбір емтиханда еске сақтауға оқиғаның болған күндерін жатқа сұрап, шәкірттің сабақты білген-білмегенін соған қарап анықтайтын мұғалімнің мақсаты тіпті түсініксіз. Қажет болғанда, анықтама кітапшалар бар емес пе?


* * *
Адамдық қасиетінен айнымайтын үлкен жүректі ұстаз еш уақытта студенттің арына тимейді. Мақтауменен бала өседі. Семинардағы бір ауыз пікіріміз үшін көкке көтере мақтаған ұстаздың қанатты сөзінен кейін биіктеп, қиялмен қалықтап, жұпыны жатақхананың алдына жеткенде ғана жерге түсуші едік. Сол ұстаз берген кішкентай қанат таң атпай кітапханаға қарай алып ұшатын. Қауырсын қалам беріп, небір «ұлы ойды» қағаз бетіне шимайлататын.


Самайы күмістенген сол ұстаздардың айналасында өңшең бір талантты балалар жүреді. Енді ойлап қарасам, талаптыдан талант ашқан ұстаздың өзі екен.

* * *
Студенттің жалқаулығын айтып ренжіп отыратын мұғалімге: «Балаңызды мақтайсыз ба?» – дегің келеді.


С.Н. Лысенкова былай деп жазыпты: «Сабағыңның нәтижелі болуы класта жанға жайлы жағдай жасай алуыңа, адал ниетіңе, көмектесуге әзір тұрушылығыңа байланысты. Ондайда балаңыздың жүзі жарқын, өзі еркін, ынталы және ықыласты. Өйткені мұғалімнің назары олардың кемшілігі мен қатесін аңдуға емес, кішкентай ғана жетістігі мен жеңісін байқауға бағытталған».
– Бұл сөздің бізге қатысы жоқ, онда мектеп туралы айтылған, ал біз жоғарғы оқу орнымыз, – деп, сұқ саусағын төбеге қарай көтеруі мүмкін біреудің.
Қайдам? Әр уақытта Мағжан «Педагогикасын», Ш. Амонашвилиді, С.Н. Лысенкованы оқыған сайын күшейтілген тоққобдидай шабыт аламын.

Жоғарғы оқу орнында оқытушының мүмкіндігін студенттер жазған анкетамен анықтауға талаптанған кездер болды. Мұндай науқандық шара оқу сапасына өзгеріс әкеле алған жоқ. Себебі әр мұғалім өз жауапкершілігін өзі ойлап, өзіне-өзі анкета жүргізіп отыруға жетпесе, еш нәрсе өзгермесі анық. Мұғалімнің сабақтағы шығармашылығы жазушының шығармашылығы сияқты, жан-жүректің ізденісін қажет етеді.


* * *
Студенттің өмірі стреске толы. Соның бірі – емтихан. Емтихан қабылдаудың көпшілікке таныс қалпын еске алайықшы:


Емтихан алушы мұғалім студентпен ара қашықтықтың неғұрлым алшақ болуын естен шығармайды. Қатаң тәртіп, «жалған ұстанымға» мықты болуға тырысады.
Мұның өзі жауап берушінің беймәлім қорқынышын туғызатынын білсек те, сыр бермей, сұстана қалатынымыз бар. Содан емтиханның маңызы арта түсетін сияқты. Әсіресе сабаққа келмегендерге: «Көрейінші бәлем-ді!» – деген ашу түрімізден оқылады. Жүйкесі әлсіз балалар есіктің аузында екі шекесін тас қылып қысып-алып, көзі бақырайып, аузы жыбырлап, кіруге бата алмай тұрады. Сабақ жаттағаны, иә болмаса, құдайға жалбарынғаны белгісіз. Алдыңа келгенде, білгенін айтып та жеткізе алмайды.
Осы көріністі бақылаудан кейін дәптеріме «Өзіме талап» деген тақырып жазылып, асты сызылды:
«Студент – өзімдей адам. Ертең-ақ маман болып шығады. Әзір білім-тәжірибесі аздығына кінәлі емес. Аз білгеніне, тіпті білмегеніне таңғалма. Оған көмек керек, айтқаныңа қызықтыр».
Ғалым болумен бірге педагогтің құдіретін сіңіре алған ұстаздың шәкірттері бақытты ғой. Педагогтің тамаша қасиеті алдындағы адамның жанын түсінушілігі дер едік. Кез келген ғалымның педагог бола алмайтыны сондықтан болар.
Мұғалім білімді баланың жаны мен жүрегіне жеткізу үшін өз жүрегінің сыр сандығын ашады.

* * *
Ұстаздың да өз ұстазы бар. Біздің ұстаздарымыз Мұхтар ағайын, Есмағамбет ағайын айтып, тәнті болады. Ал біздің көз алдымызда: мейірімді жүрегі талапты баланы іздеген Бейсембай ағайдың, әр лекциясы кісілік сабағындай Зейнолла ағайдың, айтқанынан «Мен – адалдық» деген азаматтық үн естілетін Тұрсынбек ағайдың келбеті тұрады.


– Олардай болу қайда? – дейтін шәкіртіме:
Анау аспанға қарашы, жұлдыздың бірінен-бірі жарық. Сенің де өз жұлдызың табылғай», – деп тілеймін.

* * *
– Мұғалімнің бақыты неде? – дейді студенттер. Ойымша, алдыңда кеше ғана отырған ұялшақ баланы көп жылдан кейін кездестіріп, адам болғанын көріп қуану.


Көз алдыма жетпісінші жылдары оқыған Айнаш келеді. Бриджит Бардоға ұқсап, кекілін қасын айналдыра кесіп қойған ойнақы қыз еді. Қалалы жерде өскен, ойындағысын айта салатын ерке. Кекілінің астынан қиғаш көздері секіріп кеткелі тұратын.
Айнашты он шақты жылдан кейін көрдім.

– Сен бе, басқа ма? – деймін, Бриджит Бардоны тани алмай. Шашын артқа жабыстыра қайырып, желкесіне үйіпті. Екі-үш баланың анасы болып толысыпты.


– Мектепте мұғаліммін. Күйеуім де – мұғалім. Түркістанда тұрамыз, – дейді. Сөзі салмақты. – Сабақ бергенде, сіздерді еске аламын. «Мұғалімге рақат қой, сабақ оқымайды» деуші едім, – деп күледі.
...Педагогтің бақыты осы шығар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   151




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет