Көп ұзамай, өлеңі теледидардан айтылып жатқанда, төсек тартып, есін білмей қалған кезі еді, өзі қатыса да, ести де алмады.
Мағжан мен Мария Монтессори
САЯСАТ ЖӘНЕ САБАҚ
Бұрынғы атам заманнан бергі ескі оқуларда мектепті саясаттандыру болмаған. Саясаттың түрі өзгерген сайын оқулықты қайта жазып, көзі тірі саясаткерді марапаттату ең алдамшы уақытқа тән-ау деймін. Тіпті дәстүрлі мұсылман оқуында адамзат дамуымен бірге келе жатқан көне оқулық, кітаптарды өзгеріске ұшыратуға құштар болмаған. Оларды сол қалыптасқан қалпында оқытуда үлкен білгірлік жатыр. Өйткені құбылма (маргинал) мінезімен ортасын тез өзгертіп отыруға бейім жандар қалыпты дүниені опыр-топыр етуге құмар «көсемдер» келеді-кетеді, адамшылық негіздері мәңгі қала беруге тиіс.
Төңкеріс басталып, жаңа қоғам орнату үшін жаппай дүрбелеңге түсіп жатқанда, қазақ зиялыларының ұлттық тіл мәселелеріне (А. Байтұрсынов), педагогикаға (М. Жұмабаев) үңілуінің өзінен саясаттандыру қаупін алдын-ала сезіп, адамдықтың іргетасын сақтап қалуға әрекеттенгенін көреміз. Тіпті төңкерістің ошағы Ресейдің өзінде ұстаздар мектепті саясаттандыруға қарсы шырылдай жазып, көтеріліске шығып та жатты.
Жаңа үкімет төңкерістің алғашқы жылғы желтоқсанында-ақ көтеріліске шыққан мүғалімдерді жұмыстан шығарып, пәтерінен қуып жіберген. Орнына қызыл саясатты уағыздауға құлықты мұғалімдер келген. Сөйтіп, құдайға дейін жоққа шығарылып, «көсемдерге» жер үстінен де, кеңістіктен де орын босатылып берілді. Наркомпростың жаңа оқу реформасын қабылдамаған ғалым-ұстаз П.Ф. Каптерев «Педагогикалық ой» журналының 1921 жылғы санында жазады:
«Мектеп саясатпен айналыспауы керек. Егер мектеп бүгін белгілі бір партияның көзқарасын уағыздап, оны шәкірттер санасына зорлап таңатын болса, онда ертең, арғы күні тағы бір партиялар шығып, оны да уағыздауына тура келер... Сонда мектебіміз не болып шығады? Ол нағыз педагогика мен шынайы білім беруден басқа құйтұрқылардың бәрімен айналысатын саяси базарға айналмақшы ғой».
Осы мақаладан кейін үкімет журналды жауып тастаған. Ал бүгінгі ұрпақ сондағы айтылған ойдың растығына көз жеткізіп отыр.
Өзім ұстаздық қызметімді жетпісінші жылдары бастадым. Бұл коммунистік идеологияның өктемдік құрып тұрған кезі екені белгілі. Қандай бір көркем шығарма туралы әңгіме бола калса, студенттердің сөзі «залым бай мен ақылды кедейден» басталады. Ол кезде еуропалықтардың: «Ақылды болсаң, неге кедейсің?» – дейтін сөзін білмейтінбіз. Одан кейінгі даттайтынымыз – қожа, молда мен бақсы, тәуіптер. Жамандаудың ішінде Абайдай дананы өсірген Құнанбай қажы да бар, Шоқандай білімпазды тәрбиелеген Шыңғыс сұлтан да, Тезек төре де бар. Коммунистік саясат ата-бабамызды жоққа шығарудан аянбады. Барлық оқулық кітаптар осылай деп үйретіп жатты.
«Молда» дегендегі молданың біреуі өзімнің нағашы атам Сүлеймен мен оның әкесі – Сақ молда (Ысқақ). Сақ молда Тәшкен, Самарқаннан оқып, Сұлутөбенің табанындағы, Сыр жағасына жақын Көксу деген жерде мешіт салған адам. Сол өзі салдырған мешіттің маңайында ағайындары Мұстафа Шоқайдың аталарымен ауыл үй қонып отырған. Сағди, Ясауи заманындағы бабалар дәстүрімен, рухани жиһангездердің жолын ұстап, Үнді, Ираққа сапар шеккен. Сол жақтан сіңірген салтымен Сүлеймен атамның мұрнын тесіп, сырға да салыпты. Өзі оқыған жерлерге апарып баласын да оқытыпты. Мешітке арнап сойылып жатқан есепсіз малды жетім-жесірге таратып отырған. Кісіге тесіліп тура қарамайтын, үстіне су жұқтырмайтын тақуа кісі болған деседі. Кәмпеске басталып, «молданы қойдай қу қамшымен» деп пионерлер өлең айтатын заманға тура келген соң, тігулі тұрған үйін қаусырған қалпында тастап, Тәшкенге қашқан. Сүйегі Қауыншы деген жерде қалды.
Ал Сүлеймен атам тұрдавойға барып, колхозшы да болып, қара жұмыстың бәрін атқарған. Бірақ жаңа заман сенімін өзгерте алмаса керек, намазы мен оразасынан жаңылмай, ескінің жұрнағы аша орындыққа қойып, ертелі-кеш Құран оқып отыратыны есімде. Әттең адамның бейім, талабын ескермей, сауыншыға ел басқартып, ел басқаратын білімпазға күрек беріп сапырылысқан кез болды ғой. Осы күні ойлап қарасам, бүкіл адамдық табиғаты молда болып, бала оқытуға жаралған кісі еді. Беріректе университетте үйренген арабшаммен алдындағы Құранын ежіктеп оқи бастағанда, иманынан басқа жазығы жоқ адамның заманынан көрген қорлығы еске түсті ме, көзіне жас алды.
Енді «алдаушы» деп жабыла, жамандаған тәуіп кім? Бала кезде күнде көріп, білген Тайман тәуіпті еске алсам, ешқандай алдамшы адам емес. Қызметтегі балаларының тыныштығын ойлап, ашық тәуіпшілік құра алмаған. Үлкен анамызды сыйлағандықтан ғана жасырын келіп, тамыр ұстап, шекеден шертіп қан алатын. Бала біткенді баудай жайпаған қызылшаның ажалынан алып қалған сол кісі деседі. Көргендер айтады:
«Қатты ауырып жатқанда, көңілін сұрай бардық. Кемпірі қасымызға келіп отырды. Екеуі әзілдесе беретін еді, Тайман кемпіріне айтты: «Мен өлгесін шалқақтап қыдырып жүремін дейсің бе? Жеті күннен кейін қасыма барасың», – деді. Тәуіп қайтыс болып, малымызды алып, жетісіне бардық. Құдая тоба, сол күні, шалының жетісін беріп жатқанда, ауырмай-сырқамай кемпірі де өлді». Сөйтіп, Тайман тәуіп те құдай берген талантын ішке тығумен өмірден өтіп кетті.
Осы кісілерді біліп тұрып, молда мен тәуіпті ғайбаттауға қалай аузың барады? Студентке не айттық, өтті-кетті. «Айтылған сөз – атқан оқ, кетер, кері қайырылмас» деген ғой. Нәрлі бірдеме айта алған болсақ, бізді адастырмаған алдымыздағы ұстаздарымыздың үлгісі болды.
Достарыңызбен бөлісу: |