Таланттар


ЖАМБЫЛДЫҢ НЕМЕРЕСІ – АТАГЕЛДІ



бет48/151
Дата24.05.2022
өлшемі1.99 Mb.
#458608
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   151
Таланттар

ЖАМБЫЛДЫҢ НЕМЕРЕСІ – АТАГЕЛДІ

«Отыз бірінші жылғы суық күз. Қырғызға ауып барамыз. Аштық. Жұртта қалған Қабылан ит, о да бізбен қоштасқандай әлсін-әлсін ұлып қояды. Тәтем (Жамбыл) бәріміз кеш батқанда Күртібай қорғанының қасынан шұбадық. Шешемнің арқасында – жүгі, жетегінде – қарындасым екеуміз.


Шешем – Мәтім Қарақыстаққа сіңген қырғыздың қызы екен, төре тұқымынан. Ал үлкен шешем Момын өлгенде, Тәтем елудің ішінде. Одан кейін Тілеуқабылдан Қанымжан деген кісіні алған.
– Әр жерге дем алып, тауға қарай жүріп барамыз, таң қараңғысында Қақпа тасқа жетіп қондық. Ас істеуге тобылғы сындырып, тас қалап, әркім өз тіршілігін істеп жатыр. Шешеміз жүгін шешіп, ішінен бір уыстай талқан алып, қайнаған суға салып, араластырып еді, сұйық болды. Басқа салатын нәрсе тапқан жок, соны ішіп, тыңайып қалғандаймыз. Әркім төсектерін салып, дем алуға кірісіп жүр. Тәтем бір адамды тосқандай, әлсін-әлсін төмен ауылға қарап қояды. Суықтан тоңып, балалар жылап, оны шешелері жұбатқан болады.
Таң да ағарып атып келеді. Жиналып, жүктерін арқалап, алға жүріп барамыз. Бар ойлайтындары – қырғыз еліне аман-есен жету. Күртібай сайының іші-әлсіз мұз, тастан-тасқа секірмесе, өте алмайды. Әлі барлар өтіп кетіп жатыр. Шешем жүгімен секірем деп аяғы су болып, ал бізді суға тигізбей өткізіп жүр. Жүре-жүре титықтаған адамдар Қарағайлының ішіне түнеді. Ертесіне шешем орнынан тұрмай қалды... Өзі сол кезде жүкті екен. Әбден суық өтіп, халі бітіпті.
Қырғызға да жеттік. Әкем бір жерден жолықты. Әкемді «халық жауы» деп ұстап, ауылдың қамбасына қамапты. Үш-төрт кісі болып қамбаны бұзып қашыпты. Бізден бұрын басқа жолмен жеткені сол болса керек. Тәтемнің ауыл жаққа қарайлап жүргені әкемді күтеді екен. Шешемізді көлікпен алып келді. Босанып, өзі де, баласы де өліп қалыпты. Осы күні ойлаймын: қайырымды, ақ сүт берген анашым, қай жерде жатқаныңды білмей де қалдым ғой деп. Алпыстан ассам да, бейнесі әлі көз алдымда. Қырғызда қарындасым да ауырып өлді. Әкеміз енді жалғыз қалған мені аман сақтау үшін, Қырғыздан қайта елге қарай, нағашыларыма жүруге дайындалды. Тәтем басқа ағайын-туыстарымен қалып қойды. Біз, әкем екеуміз, Алматы маңындағы қайын жұртына келдік. Өзі Іле бойына бір жұмысқа тұрды. Шамасы, алты жастамын. Орыс, қазақ аралас шөп шауып жүреді. Көп ұзамай ауырып жатып, қайтыс болды. Мен нағашымның үйінде қалдым. Нағашы шешеміз қатал адам екен, ұрып-соғып, маза бермеді. Бірде аш, бірде тоқ. Бір жолы жұмыстан келе жатқан нағашым шырылдаған мені керіп, әйеліне оқты көзімен қарады да, ертеңіне мені ертіп, балалар үйіне әкелді. Өз әкесінің атымен өткізіп кетті. Әкемнің, шешемнің қалған жері ойыма түскенде, жеке шығып, жылап-жылап аламын.
1934 жылы тәтем мені іздеп шығады. Қасына Сатышты ертіп алады. «Сені бір шал іздеп жүр», – дегенде жүрегім қуаныштан жарыла жаздады. Тәтем келе жатқанын көріп, жүгіріп барып, аяғына оралып жыладым. Құшақтап: «Жалғызымның тұяғы», – деп көзіне жас алды. Жетімхананың бастығына екі күн өлең айтып, мені бірсыпыра киім-кешекпен ауылға алып келді. Апамыз Бәтима бар екен (Қожаштың әйелі). Екі қызы тірі, басқа балалар – бәрі 33 жылы іш аурудан қайтыс болып кетіпті. Жетімнің жағдайы әрқашан да ауыр ғой, әке-шешені ойлап, қамығумен күн өткізіп жүрдім. Жағдайым онша болмаса керек, соны сезіп, Тәтем Қарақыстақтағы балалар үйіне тағы апарып өткізді.
Бір күні таңертең: «Сені бір апа шақырады», – деп бір бала жүгіріп келді. Далаға шықсам, әкемнің қарындасы Күнтай екен. «Шырағым, жалғызым, әкең қайда, сені қайда қалдырды?» – деп жыласын кеп, құшақтап, еңіреп. Дауыс айтып жатыр, бауырын жоқтаған сияқты болып естілді маған. Қолында орамалға түйген талқаны, бір жапырақ отқа көмген наны бар екен, соны маған беріп отырды. Әкемнің қай жерде қайтыс болғанын сұрады. Мен: «Білмеймін, бір өзеннің жағасында болатын», – дедім. Әпкем тағы келмекші болып әрең кетті. Біз болсақ, талқан мен нанды балалармен бөлісіп жеп, қуанып қалдық.
Бір ай өткенде астына көк есек мінген Тәтем келді. Тағы да талқан, нан беріп, «ешкім ұрмай ма, ұрыспай ма?» – деп сұрап жатыр. «Бұл жерде барлығымыз тату тұрамыз. Бәрі – әке-шешесінен айырылған балалар. Тимейді, қайта жыласам, жұбатады», – дедім. Тәтем: «Жарайды, ендігі келгенше, аман болып тұр», – деп, бетімнен сүйіп кетіп қалды.
Шапқылап жүріп қысты өткіздік. Көктем де келді. Құсы қаңқылдап, тырнасы тыраулап, қуаныштың хабаршысы сияқты. Жетім балаларға көктемнің шуағы әкең мен шешең келіп құшып тұрғандай әсер етеді.
1936 жылдың жаз айында Тәтем Мәскеуге кетті. Әне келеді, міне, келеді деп күтіп жүрдік. Бір күні мені мәшинемен алып кетті. Сөйтсем, Тезекбай (Жамбылдың кенже баласы) үйленген екен. Әйелі Айтжан сұңғақ бойлы, ақ құбаша, өңді кісі екен. Мені айналып-толғанып жатыр. Жеңгемнің мейірі түскеннен бе, әлде шешемді аңсаймын ба, жақсы көріп кеттім. Ділдахан (Қожаштың қызы) екеумізді жақсылап киіндіріп, Тәтемнің алдынан алып шықты. Қуанышымда шек жоқ. Алғадай бауырымыз баласыз екен, мені Тәтем Алғадайға: «Осы жалғызды сен тәрбиеле», – деп берді. Бірінші әйелінен бала болмаған соң, Саполат Қырғызбай деген кісінің қызын алды. 1941 жылы Қуаныш туды. Алғадай соғысқа кетерде қырқынан шықпаған бала еді.
Тәтем Ізтілеу ағаны да үйлендіріп, бөлек шығарды. Ізтілеу аға жас шағы ғой, ешкімді бетіне қаратпайтын, қолынан домбырасы түспейтін. Өзі трәктір айдайды. Әскерге 1941 жылы алып кетті, содан хабар-ошар жоқ. Әлі де күтудеміз.
Сөйтіп жүргенде Тезекбай ағаның үйіндегі Айтжан жеңгеміз кайтыс болды. Одан кейінгі бәріміздің анамыз Күлән жеңгем болды. Қуанышты да бауырына салып асыраған сол кісі.
1943 жылдың қай айы екені есімде жоқ, Алғадайдан қара қағаз келді. Тәтем Алғадайды өте жақсы көруші еді, өзі жұртқа жағымды, қолы ашық, біреуге болысуға бейім тұратын. Тәтем тұра алмай жатып қалды. «Бала – бауыр еті» деген ғой. Кәрі кісі әбден қалжырап, бірде жақсы, бірде ауырып, жүріп жатты.
Менің он алтыдағы кезім еді, Тәтем Алғадайынан айырылған соң, мені үйлендіруге көшті. «Жалғызымды көзім тірі тұрғанда, үйлендіріп қоямын», – деп өзінің балдыздарының қызын алып берді. 1943 жылы мартта Қуандық туды. Тәтем: «Қожамбердім екеу болды, бұл да жаратқанның болысқаны», – деп қандай қуанды. Бала неге жаман болсын, ішім елжіреп, жақсы көріп тұрамын. Сонда да аға-жеңгеден ұялып, ұстамаушы едім. Ешкім жоқта ғана бетінен сүйемін.
1943 жылдың аяғында Кәскелеңдегі тоғыз айлық мұғалімдер даярлайтын. курс ашылып, содан оқып келдім. Соғыс уақытында бір жылдай бала оқыттым. Келесі жылы университеттің даярлық курсына түсіп едім, орыс тілінде дым сызбаймын. Мұғалімдер орысша айтады, оны түсіне алмаймын. Ол оқуға сай емес екеніме көзім жеткен соң, ауылға қайтып кеттім. Тәтем ауырып, қалада болатын. Мені анда-санда апарып тұрды. Ағайын-туыстар ылғи қасында болушы еді, 1945 жылы қайтыс болып, арулап көмді. Басында екі айға дейін мілитса күзетіп тұрды. Сосын ескерткіш тұрғызды.
Тәтем кеткен соң, бізді бос тұрған Ізтілеудің үйіне бөлек шығарды. Туыстар көрпе-жастық жинап берді. Қалқозда жұмыс істеймін. Таңертең кетіп, кешке келемін, сондағы беретіні – бір қазан төңкерме. Сонымен де күн көрдік».
Атагелді ата дәптерді қолыма беріп отырып және былай деді: «Жақсыдан жасық туады, жаманнан пысық туады» деген. Білген кісіге аруаққа дақ келтіру жаман. Өмірімше қалқоздың қарапайым жұмысын істеп, зейнеткер болдым. Қуандық балам млитсадан бастаған, полковникке жетіп, менің артымша ол да шықты зейнетке. Енді кәріліктің ауруынан сақтасын деймін. Кәріліктің ауруы: тамақсаулық, қызғанған, үйіне келген елді жақтырмау, қарағым.

* * *
Жамбыл өлерінде ағайын-туысқандарын шақырып алып: «Өмірімде екі адамға қиянат жасаппын», – депті. Біреуі: жігіт күнімде, келе жатсам, шөптің ішінде екі қара бұйра қозы жатыр екен, қызығып кетіп, біреуін құйрығынан ұстап, өңгеріп кетіп едім, сол пәленшенің қозысы еді деп, сол кісінің баласын шақырып алдырып, бір қозылы қой бергізіпті. Екінші қиянатым, біреудің бөркін алып едім деп, оның балаларына да бір қозылы қой бергізіпті.


Жәкеңнің жасы жүзге жуықтағанда да кәрілікке көнгісі келмей, атқа мініп, жайлау аралап жүргенін айтады көрген кісілер. Бірде денсаулығы болмай жатып қалыпты. Көңілін сұрауға келгендер:
– Е, Жәке, тоқсан жас оңай емес, талай қызықты көрдіңіз...– деп, о дүниеге апарып бергендей сөйлейді. Сонда Жәкең:
Сендер не оттап отырсыңдар, тоқсанға келсем де, мына есіктен кіріп, ана есіктен шыққандай ғана болып отырмын,– депті.
Жәкеңнің өмірге деген осы жігерін құм қылған Алғадайдың қазасы еді. Оқ пен оттың арасынан аман қайтуы екіталай екеніне көзі жетіп тұрса да, соғысқа өз қолынан аттандырған болатын. Атақ-даңқын пайдаланып, ретін тауып алып қалуды ойлаған да жоқ. Партияға деген сенім сондай болған.
Соңғы жылдарға дейін Алғадайдың сүйегінің дәл қай жерде қалғаны белгісіз болып келді. 1987 жылы Днепропетровск облысындағы Синельниково қаласынан хат жазыпты. Сондағы №3 мектептің оқушылары Алғадайдың Синельниково қаласының маңайында қаза тапқанын дәл анықтаған. Сол қаладағы бауырластар бейітінің шығыс жағына жерленген. Жамбыл ұлы Алғадай әкеснің туған күніне жақын ақпанның 22-сінде, 1943 жылы Украинаны қорғау үшін шейіт болған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   151




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет