«СІЗ КЕРЕМЕТСІЗ»
Біз балаларға мақтауды аямаймыз. Титтей жетістігіне бола жақсы сөздерді үйіп-төгіп тастаймыз. Айсұлу бикенің аузынан «керемет!» деген сөз түспейді.
Біздің 2-жылдықта он бір бикеш, бір мырза бар. Ер атаулыдан бір өзі болғандықтан, Шәміл мырзаға көңіліміз ерекше. Бірақ бикештер оны елей қоймайды, өздерімен-өздері әуре. Үзілісте мынандай сөздерді естисіз:
– Кешіріңіз, байқамай қағып кеттім.
– Оқасы жоқ.
– Өтіп кетуге рұқсат етіңізші.
– Қаламыңызды бере тұрасыз ба?
– Бағамды қойып беріңізші, мамам қуанатын болды ғой.
Алтыншаш «ң»- ды айта алмай тұр. «Көңілді» – «көңіл» дейді. Айсұлу екеуміз екі жақтап, ыңылдап жатырмыз (Сабақты екі мұғалім бірлесіп өткіздік). Аузымызды ашыңқырап, тілді таңдайдың ортасына дірілдетіп қойып ыңылдаймыз. Алтыншаш аузымызға үңіліп тұрып-тұрып: «н… н» дейді. Талабына риза болып алақанымызды шарт-шарт еткіземіз: «Жарайсың! Жарайсың!».
Айсұлу бике басқа балалардың өлеңдерін тыңдай бастады. Ділдаш мына жақтан жаңадан жаттаған өлеңін құлағыма сыбырлап айтып отыр. Ол – көңіл бөлуді тілейтін бала. Жаңа тақтаға шыққанда онша болмап еді, артынша екеулеп тез-ақ жаттап алыппыз. Бұрылып кетпесін деп құлағымның ұшынан ұстап алған:
Сақалы аппақ күмістей,
Тісі бар аппақ күріштей…
Ентігін әрең басып, айтып болды да, құлағымды жіберіп, «қалай» дегендей бетіме үңілді.
– Тамаша! Қалай тез жаттап алдың! Жазуың да күннен-күнге жақсы болып келе жатыр (алғашында бір бетке бір-ақ әріп салатын).
Ділдаш тағы тағы бір өлеңді ежіктеп оқи бастады. Арт жақтан:
– Алма бибі… – деп сыбырлаған дауыс шықты.
Қарасам, Алтыншаш екен. Аузын ашыңқырап, кішкене тілін таңдайына жеткізбей дірілдетіп: «ң… ң… ң» дейді.
– Керемет!
Мен арттағы екі баланың басынан асырып, төрт саусағымды жұмып, бас бармағымды қайқайттым. Алтыншаш күліп жіберді. Көздері қуаныштан жайнап тұр.
Біраздан соң арт жақтан хат келді: «Сәлеметсіз бе, Алма бибі, сіз өте кереметсіз…»
Үзілісте тақтадан: «Айсұлу бике, сіз керемет әдемісіз!» – деген жазуды оқыдық.
Достарыңызбен бөлісу: |