ПРЕСС-КОНФЕРЕНЦИЯ
Мұғалімдер күні пресс-конференциямен аяқталды. Ұстаздар үшін мынадай хабарландыру ілінді:
«Пікір алмасуға шақырамыз. Сұрақтар:
– Бүгін мектепте қандай көңіл-күйде болдыңыз?
– Оқушы мен мұғалімнің орын алмасқан рөлі көңілден шықты ма?
– Бала – мұғалімдер несімен ұнады?
– «Мұғалімдер күні» қайталанса не істер едіңіз?
– Бала – мұғалімге қандай сұрақтарыңыз бар"?
Ұстаздар журналистер болып келді. Әр елдің өкілі болып, сол елдің киімін киді. Давлетбиеки – Пекиннен, Зебо ханум – Өзбекстан, госпожа Айна – Ресей, Вахытчан – шешен қызы, Шахбанучечек – Қарақалпақстан, Айхан ханум – Туркия, Мадина сан – Жапониядан.
Әр елден келген журналист балаларға микрофон ұсынып, сұрақтар қойды. Мұхит мырзадан мынандай сұрақтарға жауап сұрап жатты:
– Сабаққа кіргенде қандай көңіл күйде болдыңыз?
– Өзіңізге көңіліңіз толды ма?
КЕШ
Арнайы үлкен дайындық жасаған жоқпыз. Ардақтарын еске алған отбасындағыдай қарапайым болсыншы дедік. Мұхит, Бағлан, Димаш шығарма жазып келіпті. Гүлшат өлең жазыпты. Биболат ойдан өлең шығарыпты. Мөлдір, Әлия «Желтоқсан желі» әніне дайындалыпты.
Әңгімені Айнаш бике бастады. Алаңда көзбен көргенін айтады:
– Күн суық. Адамдар тарамағаннан кейін суық су шашты. Киім дегенің сақырлап қалды. Мәшине, мәшине ғып сауытпен, резеңке таяқпен қаруланған солдаттарды түсіріп жатқанда ғана «совет өкіметінде адамға тек жақсылық ойлайды» деп өскен басым, жүрегім су ете түсті. Оған дейін «жастардың наразылығын бастықтар дұрыс түсінбей жатыр, түсінсе бәрі орнына келеді», – деп ойлаппын. Бір қызды жығып салып, екі аяғын қолмен тартып тұрып, керзі етікпен теуіп жатқанын көз көрді... Содан кейін барлық жерде тексеру басталды ғой. Студенттерді ондап, жүздеп оқудан шығарды. Менің жанымды бір жас мұғалім алып қалды. «Бұл алаңға барған жоқ, ылғи менің қасымда болды», – деп тұрып алды.
Гүлмира бике де алаңда болған екен. Этика сабағын оқытатын мұғалімі сол күнгі Республика музейіне баруды жоспарлапты (Кейін «әдейі ұйымдастырдың» деп ол мұғалімді де қудаласа керек). Музейге бара жатып, алаңдағы лекке араласып кетеді.
Милиция, солдаттар жастарды бері қуады, жастар кішкене күш жиып алып, оларды үкімет үйінің іргесіне қарай қайта тықсырады. Биік өкше киіп барған қыздардың топырлаған адамның арасында жығылып қалып, аяққа басылып, ыңырсып жатқандары қаншама. Онда жаманшылықты ойлап бармаған ғой. «Араларыңда медик бар ма?» – деп айқайлап еді, медицина институтының екі студенті келіп көмектесіп жатты.
Бір кезде солдаттар жастарды топырлатып қуып беріп еді, бір әйелдің: «Неге қашасыңдар! Қайт кейін!» – деген даусы естілді. Сол әйелдің даусы әлі құлағымда. Не деген батыр әйел деп ойлаймын. Жастарға әлгі дауыс қуат бергендей болды. Бәрі естерін жиып алып, қалт тура қалды. Жиылып, солдаттарды үкімет үйінің баспалдағына дейін қуды-ау.
Жатақханаға әрең жетіп құладық. Ертеңіне жатақханадан шығармай қойды. Студенттерді алдандыру үшін концерт қойды ма, кеш ұйымдастырды ма, не керек қамап отырды.
Гүлмира домбырамен «Қара бауыр қасқалдақты» айтты. Одан соң Динара бикеш Қайрат Рысқұлбековтің түрмеде жазған «Өкініш» өлеңін оқыды. Жанында отырған Зибаш көзінен домалаған жасына ие бола алмай, орамалының ұшымен кезек-кезек сүртеді. Оған дейін мықты тұрған жүрегі құрғырды жібітіп барады.
Мұхит шығып, шығармасының бір-екі дәмді жерін ауызша айтты. Соңғы сөйлемі бір ерекше болып көрінді. «Аналар ботасынан айырылған інгендей боздады», – деді.
Биболаттың өзі шығарған өлеңі жатық екен. Шашы тіп-тік қайратты, көз тимесін, денесі шымыр. Ортамызға келіп қалған желтоқсан жігіттерінің біреуі сияқты. Өлеңін сұрап алдым.
ЖЕЛТОҚСАН
Міне, бүгін желтоқсанның он алтыншы жұлдызы,
Еліміздің азаттығын алған күн деп біл мұны.
Мен таңертең жатқан кезде тәтті ұйқымды қия алмай,
Құлағыма естіледі құрбандардың мұңлы үні.
Сол күндерде талай адам жазықсыздан қан кешті,
Рысқұлбеков ағамыз бар іштерінде жанкешті.
Біз ешқашан жібермейміз жат пиғылды біреуге,
Абылайдай ата-баба сақтап келген намысты.
Қазақ атам бұрынғыдан сөзге шешен, ер еді,
Ақкөңілді, кішіпейіл, аққан білім кемесі.
Болса егер батыр бабам Қабанбай мен Бөгенбай,
Азғындарды кісі өлтірген жөргегінде жер еді.
Біз біреуге талай жылдар бодан болдық, алдандық,
Үгітке ердік, арақ пенен темекіге арбалдық.
Бұдан былай алданбайық, арбалмайық ешкімге,
Десең егер, болмасыншы желтоқсандай құрбандық.
Биболат өлеңін оқып болған соң, «Мұхтар Шахановтың мынадай бір өлеңі бар...» – дей беріп едім, Гүлшат: «Мен сол өлеңді оқып берейінші», – деп сұранды.
Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,
Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның...
Бірінші жолын ғана оқып үлгірді-ау. Әрі қарай даусы дірілдеп, іштей егіліп тұрып қалды. Демін алып, қайта кірісіп еді, оқи алмады. Жүректер жылай бастады. Болмайтын болған соң, Гүлшат орнына отырды. Өзімді тоқтатып, ар жағын оқып аяқтадым:
Жә, не деген нүктесі көп, бүкпесі көп өмір ең...
Төрт жыл өтті шындық күліп шыққанынша көгінен.
Оқ бойы озып тұрыпсың-ау сол аумалы кезеңде-ақ
Пышаққа сап бола алмайтын әкімдердің көбінен.
Өсер ұлдың қай сәтте де бүлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Өзімді іштей қайрай отырып, әрең дірілдей оқып шықтым.
– Алаңда «Менің Қазақстанымды» айтып едік. Сол өлеңді еске алайықшы, – деді Айсұлу.
Бәріміз қосылып сол өлеңді және «Желтоқсан желін» айттық.
Соңында 7-жылдықтағы Айдарбек мырза желтоқсанда құрбан болғандардың әруағына бағыштап құран оқыды. Бетімізді сипап отырып қалдық. Сөз қорытар ма екен деп Рақымның бетіне қарап едім, көзі жасаурап, басын шайқады.
– Ал желтоқсан құрбандарын еске алу жиынын аяқтаймыз. Олардың жасамаған өмірін сендерге берсін, көрмеген қызығын сендер көріңдер...
Бұл әлсіздік дегенді қойсаңызшы. Дауыс дірілдеп кетіп барады. Көмек іздегендей мұғалімдерге қараймын. Балаларға қарама-қарсы отырып алған екенбіз. Көздері қып-қызыл. Зал толы бала-шаға қылп етпей қарап қапты. Тым-тырыс. Әншейінде тыныштандыру қиын болар еді.
Қатыгездікті көп үйренген қазіргі жас баланың жүрек мұзын жібітетін нәрсе – мұғалімнің жылы жүрегі. Жасандылық әсер етпейді.
Жиынымыз: үлкендері аруақты еске алып, көздерін сулап отырып әңгіме айтқан, кішілері беріліп тыңдаған, жаңа бір әсерге бөленген тәрбиелі отбасының тірлігіндей болып шықты. Соған қуандым.
Осы ауылда желтоқсанға қатысқаны үшін бес жылға сотталған ағалы-қарындасты екі кісі бар дейді. Кейін ақталып шығыпты. Қарындасы камерада ұзақ уақыт цементтің үстіне отырғандықтан, денсаулығынан айырылған көрінеді. Құдай амандық берсе, келесі бір ретте сол кісілердің әңгімесін тыңдату керек екен деп ойладым.
Достарыңызбен бөлісу: |