Визуалды деректер. Кәсіби далалық этнографияға дейін және одан тыс
этнографиялық ақпараттар үшін маңызды болып саналатын визуалды
материалдар (фотолар, суреттер, жоспарлар және сызбалар) құрылды. Бұл
материалдар
этнографиялық
зерттеулерде
қосымша
дерек
ретінде
пайдаланылды. Этнограф аймақтың не этникалық топтың тарихи-мәдени
дамуын зерттеуде оның тарихы, мәдениеті мен тұрмысын көрсететін жиналған
визуалды материалдардың, коллекциялардың мән-мазмұнын білуі керек. Оның
ішінде этнография үшін фотографиялық коллекциялардың маңызы зор. Фотоға
түсіру технологиясы пайда болғаннан бастап, фотографтар этнографиялық
мазмұндағы, мәдени-тұрмыстық сипаттағы көріністерді суретке түсіріп
отырған. Мәселен, кәсіби этнограф болмаса да 1870 жылдары А.Л. Кунның
жетекшілігімен жасалған этнографиялық ақпараты мол, «Туркестанский
альбом» суреттер жинағын айтуға болады. Мұнда Орта Азия халықтарының
тұрмысы мен мәдениетінің барлық жақтары көрсетілген. Сол сияқты Ресей
губерниясының әртүрлі халықтары, Санкт-Петербург және Финляндияның
тұрмысы мен мәдениетін көрсететін В.А. Карриктің сурет коллекциялары, 1870
жж. әскери ведомстваның төменгі шендегі әскерилерге форма тіктіру үшін
жинаған «Альбом костюмов Россий», т.б. еңбектердің маңызы жоғары. Фото
материалдарын дерек ретінде талдағанда оның нақты атрибуциясын - орнын,
уақытын, түсірген авторды, суреттің жанрын анықтауды, оның мазмұнын
талдауды жүзеге асыру керек.
Этнограф үшін визауалды материалдардың басқа үлгілері ішінде
суреттердің орны ерекше. Онда хабарлама беретін мәтін, картографиялық
материалдар, орнаменттер, т.б. белгілер көрініс береді. Визуалды деректерді
басқа – далалық этнографиялық жазбалармен, жазба мәліметтермен
салыстырғанда этномәдени ақиқаттың кейбір аспектілерін нақты көрсетеді.