2.1. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының батырлары
Өз жолымен биіктерге жете білген қарапайым адамдар. Олар арамызда өмір сүріп, күн сайын кішкентай ерліктерін жасайды. Біреу шалғай елді мекендерге мектеп пен балабақша салып жатыр, біреу мүлдем соқыр болып сурет салады, біреу спорт Олимпын бағындырады.
Талаптардан өткен лайықты маман иелері жобадан кейін рухани тұрғыдан өз-өзін жетілдіруге, ал бизнеске байланысты азаматтар насихатталу арқылы ісін дамытуға мүмкіндік алады. Оған жобаның алдыңғы қорытындысы дәлел.
Мәселен, Қазақстанның өткен жылы жаңа есімдердің бірі атанған химик, ғалым Диас Тастанбеков бүгінде өзінің ғылыми зертханасын құрып, жаңа өнертабыстар ойлап табу үстінде. Ол әл-Фараби атындағы Казақ ұлттық университетінің химия факультетін тәмамдап, «Болашақ» бағдарламасы арқылы магистратураны табысты бітірген. Назарбаев Университетінің зерттеу орталығында төрт жылдан астам қызмет етіп, кейін ҚБТУ, ҚазҰТУ-да «Полимерге баламалы материалдар» зертханасының меңгерушісі болды. Бүгінде ол өзі қатарлас жас ғалымдарды жинап, түрлі ғылыми-зерттеулер жүргізетін зертхана ашып алды.
«Остеосинтез үшін табиғи ыдырайтын полимер» жобасы Диастың докторлық диссертациясының негізіне айналмақ. Ол технологияны ойлап шығарып, қолданысқа енгізумен айналысатын зерттеу орталығын ашуды жоспарлап жүр. Әзірше Диастың негізгі жобасы – аэропонды жылыжай. Бұл жобасы үшін ол «Болашақ» стартабын жеңіп алып, Қазақстанның 100 жаңа есімі қатарына кірген еді.
Экологиялық таза өнім өсірумен айналысатын жылыжай Алматы облысында табысты жұмыс істеуде. Жас ғалымның айтуынша, өсімдіктерді қаз-қатар өсіру арқылы өнімді екі еселеп алуға болады. Яғни, орын, су, адам ресурсын үнемдеуге болады. Еліміздің кез келген жері ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы деп айтуға келмейді. Сол себепті бұл технологияның маңызы жоғары.
Жүз есімінің бірі атанған кардиохирург Гүлжан Сәрсенбаева жүрекке ота жасау арқылы күн сайын нәрестелердің өміріне араша болып жүр. Ол Қазақстандағы педиатриялық жүрек хирургиясы саласын зерттеп, дамытуды қолға алған алғашқылардың бірі. Гүлжан Сәрсенбаева еліміздегі ультрадыбыстық зерттеу арқылы жүрек патологиясын анықтауды игерген санаулы кардиохирургтің бірі. 15 жасында медициналық колледжге оқуға түскен Гүлжан 18 жасынан бастап күрделі хирургиялық оталарда мейірбике болып жұмыс істейді. Кейін медицина университетіне түсіп, оқу орнын үздік бітіріп шығады. 2000 жылы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына келіп, нәрестелерге ота жасай бастайды. 2005 жылы жүрек-қан тамыр хирургиясы бойынша Ресейде «Болашақ» бағдарламасымен 3 жылдық аспирантураны бітіріп, Қазақстанға оралды.
Бұл туралы: «Ізгі ниет дәрігері» жобасына қатыстым. Ол уақытта Қазақстанда балалар кардиохирургиясы бөлімдері жоқ болатын, «Милосердие» қорының қолдауымен туабітті жүрек ақауы бар нәрестелерді шетелдік клиникаларға жібере бастадық. Үш жыл ішінде 300-ден астам бала емделіп келді. 2011 жылы Денсаулық сақтау министрлігі бұйрығымен елімізде бөлімдер аша бастадық. Осылайша, Алматыда ашылған балалар кардиохирургиясы бөлімін ашушы әрі бөлім меңгерушісі болдым», дейді Г. Сәрсенбаева.
Осыдан 18 жыл бұрын біреудің жүрегіне ота жасаймын деген өңі түгілі түсіне кірмеген жас қыздың жүріп өткен жолы бүгінде балаларымыздың шетелдік емханаларға сабылмай, елімізде дертінен айығып кетуіне мүмкіндік берді. Бұл мақтануға, жариялауға, сондай-ақ елге үлгі етуге тұрарлық жетістік.
Оған әу бастан 1 673 өтінім қабылданып, 2-ші кезеңде 700 мыңнан астам отандасымыз онлайн дауыс берген. Ал 3-ші кезеңде әділқазылар отырысы өткен. Нәтижесінде биыл еліміздің ең талантты, ең жігерлі әрі әмбебап 32 тұлғасы үздіктердің қатарынан көрінді. Олардың арасында елімізді шетелде танытып жүрген жалынды жастар көп. Сонымен жаңа есімімен жарқыраған кімдер?
Ол – Марқакөл жағасында дүниеге келіп, балалық шағынан табиғатты құлай сүйген ару. Әсел Баймұқанова жыл сайын Каспий теңізі жағалауына барып, итбалықтың тыныс-тіршілігін бақылайды екен. Бірде жағалауда ауға шырмалып, жан тапсырғалы жатқан жануарды көріп, өзіне серт береді. «Қатары сиреп бара жатқан итбалық жер бетінен жойылмауы керек», – деп түйеді.
Әсел Баймұқанова, эколог, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Мен 6 жылдан бері Каспий теңізіндегі итбалықтардың мінез-құлқын зерттеп жүрмін. Мен үшін азайып кеткен табиғат жаратылысын сақтап қалу өте маңызды. Каспий теңізіндегі эндемик итбалығы түрі қайталанбайды. Табиғатта ол жалғыз. Біз оны қорғауымыз керек!
Күрең күздің қара суығында суық су кешіп, итбалықты бақылайтын ол табиғаттың сырын жақсы түсінеді. 100 жыл ішінде 1 млн итбалық жер бетінен ғайып болған. Сондықтан күресу қажет!
Ал 32 жастағы Динара Шүкежанова машина құрастырады. Техникаға бет бұрғанына 9 жыл болыпты. Қазір ол – ірі көлік зауыты холдингтің вице-президенті.
Динара Шүкежанова, көлік құрастырушы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- 2011 жылы 23 жасымда алғаш рет зауытқа келдім. Жетекшім мені комбайн құрастыратын цехқа алып барды. Сенің тура 1 апта уақытың бар, осы аралықта комбайн деген не, құрылғылар қалай жұмыс істейді, гальваникалық цехтың металлургиялықтан айырмашылығы қандай екенін түсіндіріп беруің керек деді. Содан бері 9 жыл өтті. Бұл саланы жетік меңгеріп алдым. Қол астымда 2000-нан астам жұмысшы бар.
Динара Шүкежанова басқаратын зауыттағы әр 4-ші бойжеткен – ер азаматтармен иық тірестіре алатын механик. Нәзік жандылардың көмегімен биыл 45 мың автокөлік, 1000 трактор мен комбайн, 1000 автобус құрастырылған. Қазір 2,5 млн қазақстандық осы көліктерді тізгіндеп жүр.
Ал қазақстандықтарға ғана емес, шетелдіктерге де заң саласында кеңес беріп жүрген Әйгерім Берекешова: «Өмірдегі сенімділік жетістікке жеткізеді», – дейді.
Әйгерім Берекешова, корпоративті заңгер, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Қазір жасым 30-да. Бұл істі 2012 жылы қолға алдық. Біз халықаралық деңгейдегі құқық қорғау, заң саласындағы жетістігіміздің барлығына осы 7 жылда жеттік. Біздің кеңселеріміз Қазақстанмен қатар, Италия, АҚШ-та жұмыс істейді. Жақында Қытайда өкілдік ашуды жоспарлап отырмыз.
Соңғы 20 жылда кәсіпкерлік саласында әйелдердің үлесі артты. Бірақ бұл ер адамдар бизнесті доғарды деген сөз емес. Қазақстандық аниматор Қанат Нұртазин шеберлігімен әлемді мойындатқан. Ол сурет өнерінің кәсіби маманы болмаса да, жаһандық жарнама нарығында өз қолтаңбасы бар. Ал Бауыржан Рақышев – дерті дендеп, жүрегі сыр берген науқастарға операция жасайтын білікті кардиохирург.
.
Достарыңызбен бөлісу: |