Тарихи таным Тарихы



жүктеу 0.71 Mb.
бет1/5
Дата23.02.2016
өлшемі0.71 Mb.
  1   2   3   4   5
 Тарихи таным

 

Тарихы. Қазiргi Қазақстан жерiн ежелгi адамзат баласы бұдан 1 млн-дай жыл бұрын мекен еткен. Оны Қаратау, Маңғыстау өңiрлерiнен табылған тұрақтардан алынған материалдар дәлелдейдi. Қазақстан жерiндегi ерте палеолиттiк (эоплейстоценнен бастап б.з.б. 150 — 130 мыңжылдықтарға дейiн) ескерткiштер Қаратау, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау, Ертiс алабынан табылған. Орта палеолитке (мустье) жататын (б.з.б. 150 — 130 мыңжылдықтардан б.з.б. 35 — 30 мыңжылдықтарға дейiн) ескерткiштер де бұл өңiрлерде көп. Кейiнгi палеолит (б.з.б. 30 — 35 мыңжылдықтардан б.з.б. 12 — 10 мыңжылдықтарға дейiн) дәуiрiнде адамзат жерiмiздiң барша аймақтарына тараған. Республика аумағындағы тас дәуiрi әртүрлi ендiктердегi әлемдiк дамудың (олдувей мәдениетi, ашель мәдениетi, мустье мәдениетi, т.б.) барлық заңдылықтарын сақтаған. Ежелгi тас құралдары Қаратау қыратының оңт.-батысындағы Арыстанды өз. алқабының төм. төрттiк дәуiрiне қатысты ең биiк сөресiн құрайтын, тұтасып қатып қалған конгломераттар қабатынан табылған. Қаратау сiлемдерiндегi ашель кезеңiнiң тұрақтары көп. Ең көрнектiлерi Бөрiқазған мен Тәңiрқазғаннан табылған бұйымдар төрт топқа: бiр жақты, екi жақты шапқыш құралдар; зiл мен сындырғыштар; домалақ iрi бұжыр тастар топтарына жатады. Мұндай шапқыш құралдар Оңт.-Шығыс Азия мен Африканың шелль-ашель кезеңiндегi бұйымдарға өте ұқсас. Түркiстан қ. маңындағы Қошқорған, Шоқтас ескерткiштерiнен табылған тас құралдардың жас мөлш. б.з.б. 500 мыңжылдықтан әрi асады. Ашель кезеңiнiң ескерткiштерi Орт. Қазақстаннан (Құдайкөл, Жаманайбат, Обалысан, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Қозыбай), Маңғыстаудан (Шақпақата, т.б.), Мұғалжар тауларынан (Жалпақ, Мұғалжар, т.б.) да табылған. Екi жақты шапқыш (бифас) құрал, әсiресе, соңғы аталған өңiрдегi бiрнеше орындардан зерттелдi.



Мустье кезеңiне жататын тұрақтардың ең маңыздылары Қаратаудан (Уәлиханов атындағы тұрақ, Шақпақ, т.б.), одан соң Бат. Қазақстаннан (Шақпақата, Құмақапа, Аққыр, т.б.), Сарыарқадан (Бұрма, Семiзбұғы 2-10, Аққошқар, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Бөдене-1, т.б.), Жетiсудан (Ақтоғай, т.б.) табылған. Кейiнгi палеолит жұрттарында бұрынғысынша, ұсақ малта тастардан жасалған шапқыш құралдар, салмақты қырғыштар, үш бұрышты қалақшалар көп, олар дөңгелек тұрпатты өзектастардан омырылып алынған. Омыру техникасы жетiлдiрiлген, көп қырлы призма пiшiндес өзектастар да табыла бастады. Соғып түзету техникасы кең қолданылған, ол жүзi жұқа құралдар — найза, сүңгi ұштарын жасауға мүмкiндiк берген. Бұл кезеңде палеогеогр. жағдай қолайсыздау болғанымен, Қаратау жотасынан (Уәлиханов атынд. тұрақтың жоғ. мәдени қабаттары, Ащысай, Ұшықтас, т.б.), Шығ. Қазақстандағы Ертiс өз-нен (Қанай, Свинчатка, Пещера, Шүлбi, т.б.), Сарысу өз. өңiрi мен Солт. Балқаш өңiрiнен (Семiзбұғы, Тораңғы, Баршын, Батпақ, т.б.) табылған тас бұйымдар осы кезең туралы мейлiнше толық мағлұмат бередi. Палеолиттен мезолитке (б.з.б. 12 — 10 — 5 мыңжылдықтар) өткен кезеңдерде қазiргi кездегiге жуық табиғи келбет орнықты. Садақ пен жебенiң ойлап табылуы аңшылық кәсiпке үлкен мүмкiндiктер туғызды. Бұл дәуiр ескерткiштерi Қазақстанда аз зерттелген. Оңт. Қазақстанда (Маятас, Жаңашiлiк-1-3, т.б.), Орт. Қазақстанда (Қарағанды-15, Әкiмбек, т.б.), Солт. Қазақстанда (Мичурин, Боголюбов-2, Явленко-2, Атбасар, т.б.), Торғай ойпаты аудандарында (Дүзбай-6, т.б.), Қостанай қ. маңында (Дачная, Евгеньевка, т.б.) орналасқан тұрақтар адамдардың шаруашылығынан, дүниетанымынан мол мағлұмат бередi. Неолит (б.з.б. 5 — 3 мыңжылдықтар) дәуiрiнде адамдар өнiм өндiруге бет бұра бастады. Микролиттiк (жебе ұштары, саптамалы құрал жүздерi) және макролиттiк мәдениет (тас балта, қашау, кетпен, дән уатқыш, келi, пышақ, қырғыш, т.б.) дами түстi. Тас өңдеу (тегiстеу, аралау, бұрғылау), сүйектен, мүйiзден, ағаштан бұйым жасау жетiлдi. Қыш ыдыстар жасала бастады. Мекендерiне байланысты неолит, энеолит қоныстарының бұлақтық, өзендiк, көлдiк, үңгiрлiк деп топталатын 600 орны анықталды. Қоныс орындары Қаратау алқабынан (Қараүңгiр, Арыс, Дермене, Тасқотан, т.б.), Арал маңынан (Жалпақ, Ақеспе, т.б.), Сарыарқадан (Жезқазған, Сарыбұлақ, Қарағанды кешендерi, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Соцчигиз, т.б.) табылды. Ақмола обл. Атбасар ауд-ндағы Атбасар мәдениетi (б.з.б. 7 мыңжылдықтың соңы — 6 мыңжылдық басы) жергiлiктi мезолит тайпаларының материалдық негiзiнде қалыптасқан. Мұнда 200-ге тарта тұрақ табылған. Торғай ойпатында неолит дәуiрiне жататын Маханжар мәдениетiнiң тұрақтары ашылған. Сондай-ақ, бұл заман ескерткiштерi Ертiс алабында (Усть-Нарым, Пеньки, Железинка моласы) да көп. Неолит дәуiрiнде дәстүрлi аңшылық, балық аулау, терiмшiлiк сақталды. Өндiрушi шаруашылық негiзi — қарапайым егiншiлiк пен мал ш. пайда болды. Бұл энеолиттiк (б.з.б. 3 — 2 мыңжылдықтар) тұрақтардан айқын көрiнедi. Көкшетаудағы Ботай бекетi жанындағы Ботай мәдениетi, Торғайдағы Терсек мәдениетi солт. өңiрлердегi далалық энеолиттi сипаттайды. Осы мәдениеттердiң көптеген материалдық деректерi байырғы адамдардың дiни нанымынан, шаруашылық жайынан хабар бередi. Күнделiктi өмiрде бiрқатар заттар мыстан жасала бастаған. Қола дәуiрiнде (б.з.б. 2 — 1 мыңжылдықтар) мыс пен қола металлургиясы дамыды (қ. Ежелгi кен қазбалары). Тайпалар мал және егiн ш-тарымен кешендi түрде айналыса бастады. Еңбек өнiмдiлiгi артты. Жеке отбасылар оқшауланды, отбасылық меншiк кеңейдi, рулық қауым iшiнде мүлiк теңсiздiгi өстi. Қола — еңбек құралдары мен қару жасау үшiн қолданылатын негiзгi шикiзат көзiне айналды. Қола дәуiрiнде Сiбiрдiң, Жайық өңiрiнiң, Қазақстан және Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын тегi жағынан және тарихи тағдырларының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендедi; бұл тайпалар өзiнше бiр үлгiдегi жарқын мәдениет қалдырды. Мұны 1914 ж. Сiбiрдегi Ачинск қ-ның маңынан табылған Андрон деревнясы атымен аталатын Андрон мәдениетiн қалдырған тайпалар ескерткiштерiнен көруге болады. Андрон мәдени-қауымдастығы таралған аймағына және өзiндiк белгiлерiне қарай үш тарихи кезеңге бөлiнедi: ерте кезеңi — б.з.б. 18 — 16 ғ-лардағы Петров мәдениетi; орта кезеңi — б.з.б. 15 — 12 ғ-лардағы Алакөл-Атасу, Федоров-Нұра мәдениеттерi; соңғы кезеңi — б.з.б. 11 — 9(8) ғ-лардағы Алексеев, Замараев, Сарығары, Беғазы-Дәндiбай мәдениеттерi. Ғылымда Андрон мәдени-тарихи қауымдастығы тарихи кезеңдерiне қатысты түрлi пiкiрлер бар. Дегенмен, ғалымдардың көбi бұл кезеңдер бiрiн-бiрi алмастырып отырды деген пiкiрге тоқтаған. Қола дәуiрiндегi әрбiр мәдениет жерлеу құрылыстарымен, қабiрге қойылған заттарымен ерекшеленедi. Бұл кезеңде түрлi металдардың қорытпаларынан еңбек құралдарын (пышақ, орақ, шалғы, балта), қару-жарақ (қанжар, найза, жебе ұштықтары), әшекейлiк бұйымдар (тоға, бiлезiк, моншақ, тарақ) жасау жетiлдiрiлдi. Ертедегi шеберлер металл құю, соғу, бедерлеу, өрнек салу, тегiстеу, әрлеу тәсiлдерiн жақсы меңгере бастады. Тас құралдары да (дән уатқыш, келi-келсап) бұрынғысынша пайдаланыла бердi. Мүйiз, сүйек, шақпақ, тас, қыш, терi, жүн, ағаштардан бұйымдар жасау iсi жетiле түстi. Мал ш. мен кен байыту iсi қоғамдағы ер адамдар рөлiн күшейттi. Бұл өз кезегiнде аналық тек үстемдiгiн аталық тек билiгiнiң алмастыруына алып келдi. Дiни ұғымда отқа, ата-баба аруағына табыну түрлерi кең тарала бастады. Қола дәуiрiнiң өзiндiк мәдени кезеңдерi Қазақстанның барлық аймақтарынан байқалады.

Қазақстанның қола дәуiрiндегi тайпалар бiрлестiгiнiң негiзiнде ертедегi көшпелiлер мәдениетi қалыптаса бастады (қ. Көшпелiлiк). Б.з.б. 1-мыңжылдықтың басында Қазақстан далалары мен шөлейт, таулы аудандарында негiзгi кәсiп көшпелi мал ш. болды. Темiр дәуiрiнде (б.з.б. 7 ғ-дың басы) адам еңбегi анағұрлым өнiмдi бола түстi. Темiр өндiру қосымша өнiм мөлшерiнiң артуына жағдай туғызды. Көлiк ретiнде жылқы кеңiнен пайдаланылды. Табиғи орта мен климат жағдайларына байланысты мал ш-ның негiзгi үш түрi: көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшылық дами түстi. Темiрден ер-тұрман әбзелдерi (ауыздық, т.б.), қару-жарақ, тұрмыс бұйымдарының жаңа түрлерi жасалды. Көшпелi тұрмыста киiз үй, арба, күйме кеңiнен қолданылды. Малға және жерге отбасылық меншiк нығайды. Қауымдар арасында жайылым, мал үшiн қақтығыстар жиiлей түстi. Ерте темiр ғасыры дәуiрiнде (б.з.б. 1 — мыңжылдық ортасы) Қазақстандағы тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстанның оңт., шығыс және орт. аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына (қ. Сақтар), ал батыс, солт. аудандарындағы тайпалар савроматтар тайпалық бiрлестiгiне бiрiктi. Археол. деректер бұл бiрлестiктерде мемл. нышандардың болғандығын аңғартады. Сақтардың оңт. өңiрлердегi Бесшатыр, Есiк обасы, Түгiскен, Ұйғарақ, т.б. ескерткiштерi олардың мәдениетi мен өнер жетiстiктерiнiң бiрегей туындылары болып табылады. Шығ. Қазақстандағы тайпалар материалдық мәдениетi майәмiр (б.з.б. 7 — 6 ғ-лар), берел (б.з.б. 5 — 4 ғ-лар), құлажорға (б.з.б. 3 — 1 ғ-лар) кезеңдерiне бөлiнедi. Майәмiр кезеңiндегi Шiлiктi обасы, Берел кезеңiндегi осы аттас обалардан алынған мағлұматтардан сақтардың әлеум. жағдайын, тұрмысқа қажеттi заттардан олардың шаруашылығы мен дүниетанымын аңғаруға болады. Орт. Қазақстан тайпалары Тасмола мәдениетiн қалдырды (жазба деректерi бойынша бұлар массагет тайпалары не исседондар). Мұны тастардың тiзбектеле, мұртқа ұқсай орналасуына байланысты “мұртты обалар” деп те атайды. “Мұртты” обалардың архит. кешенi қола дәуiрi тайпаларының табынушылық құрылыс өнерiнiң дәстүрлерiн айқын бейнелейдi. Савромат-сармат ескерткiштерi, әсiресе, Елек өз. бойында көп шоғырланған. Мұндағы Бесоба қорымы, Целинный қорымы, Сынтас қорымы, т.б. ескерткiштердiң құрылысы мен олардан табылған заттар бұл тайпаларда қолданбалы өнердiң жоғары болғандығын көрсетедi. Ертедегi көшпелiлердiң дiни нанымында отқа, күнге, от басы, ошақ қасы, ата-баба аруағына табыну орын алды, пұтқа, керемет күшке сенушiлiк сақталды. Қолданбалы өнерде скифтiк-сiбiрлiк аң кескiнiн бейнелеу нақышы кең тарады. Бат. және Солт. Қазақстандағы савромат мәдениетi тайпалары — аландардың арғы тегi, Шығ. Қазақстанды аримаспылар, Жетiсу мен Оңт. Қазақстанды тиграхауда сақтары, Арал маңын массагеттер қоныстанды. Темiр дәуiрiндегi ежелгi тайпалар бiрлестiгi жөнiндегi жазба деректемелердi екi топқа бөлуге болады: 1) көне деректермелер (Геродот, Ксенофонт, Птолемей, т.б.); 2) ахамен әулетi (ежелгi парсы) сына жазбалары. Соңғы деректемелерде сақтардың үш тобы: хаумаварга сақтар, тиграхауда сақтар, тиай-парадрайа сақтар аталады; (қ. Қазақстанның ежелгi тайпалары).

Жазбаша деректемелер археол. зерттеулермен ұштастырылып қазiргi таңда б.з.б. 8 — 1 ғ-лардағы тайпалар, тайпалық одақтар жөнiнде көп мәлiметтер алынып отыр. Б.з.б. 3 ғ-да Қазақстан жерiнде кейбiр тайпалар өз мемлекетiн құрып, алыс-жақын елдермен саяси қарым-қатынастарға түскенiн де жазба және археол. деректемелерден көруге болады. Шаруашылықтың бiртiндеп дамуы, тұрмыстың бiршама ортақтығы, этн. жақындық Қазақстан аумағында мемлекеттердiң құрылуының негiзгi себептерi болды. Олардың алғашқылары сюнну (ғұндар) болатын. Оның атау тегi әр түрлi тайпаларды бiрiктiрген және Тынық мұхит пен Солт. Қытайдан Алтай мен Жетiсуға дейiнгi аумақты, ал кейiннен одан әрi батысқа да ара-тұра таралып отырған саяси құрылымға қатысы бар. Зерттеушiлер ғұндарды түрiктердiң арғы ата-бабалары деп есептейдi. Бұл бiрлестiктi Модэ басқарған кезде ғұндар бүкiл әлемге танылды. Модэ шаньюй б.з.б. 206 ж. Қытайға, б.з.б. 201 ж. Алтай тайпаларына сәттi жорықтар жасады. Ғұндар бiрлестiгiне шыққан тегi әр түрлi тайпалар немесе этн. саяси құрылымдар кiрген. Конфедерацияның қоғамдық өмiрiне бiр орт-қа бағынғысы келмейтiн қуатты күштер, кең байтақ жердiң әр түкпiрiндегi аудандар арасында берiк саяси және экон. байланыстардың болмауы зор ықпал жасады. Ғұн қоғамында бiрлiк Фратрияаралық бауырластық ұйымның ерекше түрi болуы арқылы орнаған. Б.з.б. 1 ғ-дың ортасында сюнну қоғамы өз вассалдық иелiктерiнен айырылып, Хуханье шаньюй бастаған оңт. және Чжичжи басшылық еткен солт. топтарға бөлiндi. Оңт. сюннулер Ордос аумағында қалды да, солт. сюннулер өз тайпаластарының қысымымен солт. пен батысқа қоныс аударды. Б.з.б. 49 ж. Чжичжи ғұн конфедерациясын қайта бiрiктiруге деген талпынысы нәтиже бермедi. Ол қаңлылармен одақтасып, үйсiндермен соғысты. Хань империясының бодандығындағы оңт. ғұндар 304 ж. Лю-хан атты өз мемлекетiн құрды. Солт. ғұндардың Едiл — Жайықтағы үлкен бөлiгi 4 ғ-дың 2-жартысында Қара т. жағалауын, Днестрге дейiнгi өлкенi бағындырды. Жалпы, ғұндардың батысқа жорығы “Халықтардың ұлы қоныс аударуына” түрткi болды. Ол Қазақстанды мекен еткен тайпалардың этн.-саяси тарихына елеулi өзгерiстер енгiздi. Жетiсуда ежелгi тиграхауда сақтарының жерiн мұра етiп алған усундер (үйсiндер) Орт. азиялық тайпалар едi. Олар б.з.б. 160 ж. шамасында өз мемлекетiн құрған. Негiзгi жерi Iле алқабында болды, бат. шекарасы Шу мен Талас өзендерi арқылы өтiп, Қаңлы мемлекетiмен шектестi. Шығысында ғұндармен, оңт-тегi иелiгi Ферғанамен ұштасып жатты. Қытай жазба деректерi үйсiндер иелiгiнде 630 мың адам болғанын және бiр уақытта 188 мың жауынгерге дейiн шығара алатынын мәлiмдейдi. Үйсiндердiң археол. ескерткiштерi — қорымдар (Қапшағай, Өтеген, Тайғақ, Қарлақ, Ақтас, т.б.) мен қоныс орындарынан (Ақтас, Кеген, т.б.) табылған заттар олардың мал ш-мен, егiн егумен айналысқанын көрсетедi. Үйсiн байларының 500-ге тарта жылқысы болғандығы жазба деректерден де белгiлi. Үйсiн қоғамындағы әлеум. айырмашылықтар археол. материалдардан да айқын байқалады. Қаңлы (кангюй, канцзюй) мемлекетi жазба деректемелерде б.з.б. 2 ғ-да айтыла бастайды. Кейбiр деректерде қаңлы халқы 120 мың отбасынан, 600 мың жаннан құралатыны және саптағы әскерi 120 мың адам екенi айтылады. Қаңлылар б.з.б. 46 — 36 ж. Чжичжи бастаған ғұндарды қолдады, кейiн үйсiн және қытайлармен бiрiгiп, оларға қарсы шыққан. 85 ж. қаңлылар Қашғардағы қытай уәлиi Бань Чаоға қарсы көтерiлген ферғаналықтарды жақтаған. Қаңлылар Жiбек жолының Сырдария бойымен өтетiн Ферғанадан Арал өңiрiне дейiнгi бөлiгiн өз бақылауында ұстап тұру үшiн күрес жүргiздi. Қаңлылардың қала жұрттары мен обаларынан шетелдiк бұйымдар көп шыққан. Олардың археол. ескерткiштерi ғыл. ортада жетiасар мәдениетi, қауыншы мәдениетi және отырар-қаратау мәдениетi деген атаулармен белгiлi. Қаңлы мемлекетiнiң халқы егiншiлiкпен, мал ш-мен, қолөнер кәсiбiмен, саудамен айналысқан. Ғыл. әдебиеттерде қаңлы, үйсiн халықтарының этн. сипаты жөнiндегi мәселе күрделi де қиын. Олардың қай тiлде сөйлегенi жөнiнде де бiрыңғай пiкiр жоқ. Зерттеушiлердiң бiразы оларды шығыс иран тайпаларынан шыққан десе, екiншi бiреулерi олар түркiлердiң арғы аталары, олар түркiше сөйлеген деп есептейдi. Қалай болғанда да, қазақтың ең iрi тайпалары үйсiн, қаңлы деп аталады. Бұл тайпалар құрған мемлекеттер Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты елдермен саяси, экон. және мәдени байланыс орнатқан.

Ертедегi ортағасырлық мемлекеттер. Қазақстан жерi 6 ғ-да билеушiлерi ашин руынан шыққан Түрiк қағандығының билiгiнде болды. Түркi этносы 3 — 4 ғ-ларда қалыптасқан. “Түркi” этнонимi алғаш рет қытай жылнамаларында 542 ж. аталады. Қытайлар түркiлердi сюннулердiң (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған. Шежiрелерде Вэй князьдiгiнiң солт. өңiрлерiне солт.-батыс жақтан келген түркiлердiң (туцзюе) жыл сайын шапқыншылық жасап, ойрандап кететiнi хабарланады. 546 ж. тирек (теле, телi) тайпалары қазiргi Моңғолияның оңт. және орт. бөлiктерiн мекендеген және мұнда үстемдiк еткен аварларға (жуань-жуань) қарсы жорық жасады. Түрiк қағаны Бумын күтпеген жерден тирек әскерiне шабуыл жасап, кескiлескен шайқастан кейiн оны жеңедi де, тиректердiң 50 мыңнан астам әскерiн тұтқынға алады. Даланың әдеттегi құқығының қағидаларына сәйкес тұтқынға алынғандарды өзiне қосып алған түркiлер күшейiп, 552 ж. көктемде аварлар ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңедi. Сөйтiп, Бумын (553 ж. өлген) Түрiк қағандығының негiзiн салды. Оның мұрагерi Мұқан қаған (553 — 572) билiк құрған жылдарда қағандық Орт. Азияда саяси үстемдiкке ие болды. Олар Маньчжуриядағы қидандарды, Енисей аймағындағы қырғыздарды бағындырды. Солт. Қытай мемлекетi алым-салық төлеп тұрды. 561 — 563 ж. түркiлер Иранмен эфталиттерге қарсы одақ құрды. 587 ж. Бұхара түбiнде түркiлер эфталиттердiң негiзгi күшiн талқандады. 588 ж. Герат қ. түбiнде Иран түркiлердi жеңдi. 571 — 576 ж. Истеми (Iстемi) мен Түрiксанф қағандар басып алған Терiстiк Кавказ бен Қырым жерлерiне жорық жасаған болатын. Қағандықтағы өзара қырқыс кезiнде (582 — 593) мұндағы ықпалынан айрылды. Түркi қағандығындағы әлеум. қайшылықтар, ашаршылық, жұт, Суй әулетiнiң (Қытай) шекаралардағы шабуылдары (581 — 618) бұл мемлекеттiң 603 ж. Батыс және Шығыс болып екiге бөлiнуiне алып келдi. Батыс түрiк қағандығы “ежелгi усун жерлерiне” iрге тептi. Оның аумағы Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейiнгi жердi алып жатты. Қағандықтың негiзгi этн.-саяси ұйытқысы “он тайпа” (он оқ будун) болды. Шу өз-нiң шығыс жағында дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында бес тайпалы нушебилер мекендедi. Астанасы Суяб (Қырғызиядағы Тоқмақ қ-ның маңы), ал қағанның жазғы ордасы Мың бұлақ (Түркiстан қ. жанында) едi. Қағандықтың күш-қуаты Жегуй-қаған (610 — 618) мен Түн-жабғы (618 — 630) тұсында күшейе түстi. Тохарстан мен Ауғанстанға жасалған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндiстанның солт.-батысына дейiн кеңейттi. Соғды мен Бұхарада қаған өкiлдерi отырды. Халық (түркiлер, соғдылықтар) сауда-саттықпен, қолөнер кәсiбiмен, егiншiлiк және мал өсiрумен айналысты. Батыс түрiк қағандығында әлеум.-экон. және саяси қатынастардың ала-құла, үстемдiк ету мен тәуелдiлiктiң алуан түрлi болуына қарамастан, таптардың құрылу және ертедегi феод. қоғамдық қатынастардың бiршама тез қалыптасу үрдiсi жүрiп жатты. Iшкi тартыстар мен Жетiсудағы Тан империясы саясатына қарсы күресте Үшлiк (Үш-Елiк, Учжиле) бастаған түргештердi күшейтiп, ақыры 704 ж. Жетiсуда Түргеш қағандығы (704 — 756) орнады. Үшлiк қаған (699 — 706) Жетiсудан Бөрi-шадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Тұрфан (Сичжоу) мен Бесбалыққа (Тинчжоу) дейiнгi жерлерге өз билiгiн орнатты. Ол астанасын Суябқа орналастырды. Iле өз. бойындағы Күнгiттi екiншi орда еттi. Үшлiк қаған елдi 7 мың әскерi бар 20 түтiктiкке (еншiлiк) бөлiп басқарды. Сақал қағанның (706 — 711) тұсында Түргеш қағандығы батыста соғдылармен бiрге арабтарға қарсы күрес жүргiздi, оңт-те бұларға Тан әулетi зор қауiп төндiрiп тұрды, ал шығыста Орт. Азия түркiлерi қыспаққа алды. Сұлық (Сулық, Сулу) қаған (715 — 738) ел басқарған кезде қағандық бiршама күшейдi. Орда Таласқа (Тараз) көшiрiлдi. Сұлық қағанға екi майданда күрес жүргiзуге тура келдi: батыстан арабтар, шығыстан Тан сарайы қауiп төндiрдi. Елшiлiк жолымен (неке байланысы) және әскери шаралар арқылы Сұлық шығыстан келетiн қауiптiң алдын алып, батыста белсендi әскери әрекет жүргiздi. 723 ж. Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен тiзе қосқан түргештер арабтарды ойсырата жеңдi. Бiрақ 732 ж. араб уәлиi түргештердi талқандап, Бұхараға кiрдi. 737 ж. Сұлық арабтарға қарсы жорыққа шығып, тағы да жеңiлiс тапты. Оны өз қолбасшыларының бiрi Баға-Тархан өлтiргеннен кейiн сары түргештер мен қара түргештер арасында тартыс басталды. 746 ж. Жетiсу жерiне Алтай мен Тарбағатайдан қарлұқтар келiп қоныстана бастады. Өзара тартыстан әлсiреген түргештер оларға жөндi қарсылық көрсете алмады. 748 ж. Қытай империясының әскерi Суябты ойрандап, Шашты бағындырды. 751 ж. Атлах қ-нда (Тараз маңы) арабтар мен қытай әскерлерi арасында бес күнге созылған соғыс болды. Шешушi сәтте қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытай әскерi толық күйретiлдi. Осыдан кейiн қытайлар да, арабтар да мұнда табан тiрей алмай, керi шегiндi. 756 ж. қарлұқ тайпалары саяси үстемдiкке қол жеткiздi. Батыс түрiк қағандығының орнына төрт бiрдей мемлекет орнады. Хазар қағандығын қоспағанда, Төм. Едiл өңiрi мен Солт. Кавказда, Қазақстан жерiнде үш этн.-әлеум. бiрлестiк пайда болды: Сырдарияның төм. және орт. бөлiгiн, Арал өңiрi даласын Оғыз мемлекетi жайлады, ал Қазақстанның Солт. Шығ. және Орт. аймақтарында Қимақ мемлекетi орнады. Батыс түрiк қағандығының өзегi болған Жетiсуда Қарлұқ мемлекетi (766 — 940) құрылды.

Қарлұқтар туралы алғашқы деректер 6 ғ-ға жатады. 6 — 7 ғ-ларда қарлұқтар Түрiк, Батыс түрiк және Шығыс түрiк қағандықтары ықпалының аясына кiрдi. 7 ғ-дың ортасында қарлұқ бiрлестiгiнiң құрамында бұлақ, шiгiл (себек) мен ташлық тайпалары болған. Оларды көсемдерi елтабар (елтебер) басқарған. 742 ж. Моңғолия даласында қарлұқтардың, ұйғырлар мен басмылдардың саяси одағы ықпалын жүргiздi. 744 ж. басмылдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың бiрiккен әскерi талқандап, Орт. Азияда Ұйғыр қағандығы (744 — 840) құрылды. Ұйғыр көсемi — қаған, қарлұқтар басшысы — жабғұ атағын алды. Дербестiкке ұмтылған қарлұқтар кейiнiрек олардан бөлiнiп кеттi. Олар түргеш мұрасын иемдену үшiн оғыздармен күрес жүргiзiп, оғыздарды Сыр өңiрiне ығыстырды. 766 ж. түргеш қағандарының қос ордасы (Тараз, Суяб), бүкiл Жетiсу жерi қарлұқ жабғысының қол астына өттi. 766 — 775 ж. олардың бiр бөлiгi Қашғарияны басып алса, бiр тобы 8 ғ-дың аяғында Ферғанаға ықпалын жүргiзе бастады. 8 — 10 ғ-ларда қарлұқ тайпалары Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта ағысына дейiнгi, Ыстық көл мен Балқаш арасындағы жерлердi қоныс еткен. 810 ж. қарлұқтарға арабтар жорық жасап, Құлан қ-на дейiн жеткен. 812 ж. арабтар Отырарға шапқыншылық жасағанда, қарлұқ жабғысы қимақ елiне қашып кеттi. 840 ж. Енисей қырғыздары Ұйғыр қағандығын құлатты. Исфиджаб билеушiсi, қарлұқ жабғысы Бiлге Күл Қадырхан осыны пайдаланып, өзiн қаған деп жариялады. Осы жылы қаған қарлұқтарға “қасиеттi соғыс” жариялаған самани әулетiмен соғыс жүргiздi. 893 ж. саманилер Тараз қ-н басып алды да қала халқы ислам дiнiн қабылдады. Оңт. Қазақстан жерiнiң бiраз бөлiгiнде араб билiгi орнады. 10 ғ-дың алғашқы жартысында қарлұқтар жерiндегi бытыраңқылықты пайдаланған Қашғардың түрiк билеушiлерi 940 ж. Баласағұн қ-н басып алып, Қарлұқ мемлекетiн құлатты. Мемлекеттегi тайпалық еншiлiк жүйе орт. билiктi әрдайым әлсiретумен болды. Дербестiкке ұмтылған тайпа басшылары арасындағы өзара күрес, iшкi қырқыс, қоныс-өрiске байланысты талас-тартыс оны әбден әлсiреткен. Халқы этн. жағынан бiртектес болмады, мұнда соғдылықтар да тұрды. Дегенмен қарлұқтар тұсында қала мәдениетi дамып, көркейдi. Мұнда 25 қала мен қоныс болған.

8 ғ-дың 2-жартысы — 9 ғ-дың басындағы тарихи оқиғалар оғыз тайпаларында мемл. ұйым бөлiктерiнiң дамуына түрткi салды. Оған печенег-кангар конфедерациясымен соғыс едәуiр дәрежеде себепшi болды. 9 ғ-дың басында оғыз жабғылары қарлұқтармен және қимақтармен одақтасып, печенег-кангар бiрлестiгiн жеңдi де Сырдарияның төм. ағысы мен Арал өңiрiнде Оғыз мемлекетiн (9 — 11 ғ-дың басы) құрды. 9 ғ-дың соңында олар хазарлармен одақтасып, печенегтердi жеңiп, Орал мен Едiл арасын қол астына қаратты. Бастапқы кезде оғыздар 24 тайпадан құралып, екi фратрияға: бұзұқтар мен ұшықтарға бөлiндi. 10 ғ-да астанасы Янгикент (Жаңа Гузия) болды. Мемлекет басшысы — жабғы (ябгу, ябғұ), оның кеңесшiлерi — “күл-еркiн”, мұрагерлерi — “инал” деп аталды. Оғыз мемлекетi саяси және әлеум. табиғаты жағынан ертедегi феод. мемлекет болатын. Онда әскери-демокр. құрылыстың қойнауынан өсiп шыққан ел билеу ин-ттары сақталды, ал жабғы билiгiн iрi әскери-тайпалық ақсүйектер кеңесi шектеп отырды. Оғыздар қоғамында жеке меншiк қалыптасып, дами бастады. Негiзгi шаруашылығы мал өсiру едi. Жартылай отырықшы және отырықшылар егiншiлiкпен, қолөнерiмен айналысты. Құл саудасы кең қанат жайды. Оғыздар мәжусилiк нанымды ұстап, бақсы-балгерлерге табынған. Бiрте-бiрте ислам дiнi ене бастады. Оғыз мемлекетi Киев князi Святослав I-мен одақтасып, 965 ж. хазарларды, 985 ж. Новгород князi Владимир I-мен бiрге Едiл Бұлғариясын ойрандады. 10 — 11 ғ-ларда алым-салықтың күшеюiне қарсы Оғыз мемлекетiнде көтерiлiстер болып өттi. Салжұқтармен жүргiзiлген соғыстар мен iшкi қайшылықтар нәтижесiнде әлсiреген Оғыз мемлекетiн қыпшақ тайпалары бiржолата құлатты. Оғыздардың бiр бөлiгi Шығ. Еуропа мен Кiшi Азияға өтiп кетсе, екiншi тобы Мауераннахрдағы қарахан әулетi мен Хорасан салжұқтарының қол астына қарап, тағы бiр бөлiгi Дештi қыпшақ тайпаларының құрамына сiңiсiп кеттi.

Оғыздармен бiр кезеңде Солт., Шығ. және Орт. Қазақстан жерiнде Қимақ (кимек) қағандығы (9 — 11 ғ-дың басы) үстемдiк еттi. Қимақтар тарихының ерте кезеңi яньмо тайпасымен тiкелей байланысты. 7 ғ-да яньмо солт.-батыс Моңғолияны мекендеген. 7 ғ-дың ортасында имектер (кимектер, қимақтар) Алтай тауының терiскей аудандары мен Ертiс өңiрiне қоныс аударды. Олардың басшылары “шад-тұтық” деп аталған. 840 ж. Ұйғыр қағандығы ыдырағаннан кейiн құрамында жетi тайпа ұйытқы болған қимақ федерациясы қалыптаса бастады. Ендi қимақ тайпаларының басшысы байғұ (ябғұ) атағымен атала бастады. Бұл атақ лауазымдық дәрежесi жағынан шадтан жоғары болатын. 9 ғ-дың ақыры мен 10 ғ-дың бас кезiнде Қимақ қағандығы құрылғаннан бастап, олардың басшысы түркiнiң ең жоғ. лауазымы — қаған атын алды. Бұл кезде қимақ мемлекетiнiң өзегiн 12 тайпа құраған. Үкiмет билiгiн мұраға қалдыру ин-ты қағанның отбасы мен хан әулетi iшiнде ғана емес, тайпалар ақсүйектерi арасында да қалыптасты. Мыс., қағанның 11 басқарушысының еншiсi олардың балаларына мұра ретiнде берiлген. Әрбiр еншiлiк иелерi қағанға бағынды. Қимақтар мал өсiрдi. Олардың арасында тәңiрге, ата-баба аруағына табыну ғұрпы қалыптасқан. Жекелеген топтары отқа, күнге, жұлдыздарға, өзенге, тауға табынған. Шаман дiнi кең тараған. Кейбiр топтары христиан тектес дiн — манихейлiктi ұстанған. Жазба және археол. деректер шонжарлар арасында ислам дiнi де таралғанын байқатады. 11 ғ-дың басында бұл қағандық күйредi. Оғыздар жерiн басып алған қыпшақ хандары едәуiр күшейiп алды да, қимақтарды саяси үстемдiгiнен айырды.

  1   2   3   4   5


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет