Кинесика – адамдардың қарым-қатынас барысында эмоциялық көңіл-күйлерін бейнелейтін дене мүшелерінің қимыл-әрекеті. Кинесикаға қимыл, ым-ишара, қозғалыс, кейіп, жүріс-тұрыс жатады. Қарым-қатынас жасауда адамның өз денесін тік ұстауы өте маңызды. Басын жоғары ұстап, тік жүретін адамдар үнемі өз күштеріне, біліміне сенімді, жұмысқа деген құштарлығымен ерекшеленеді. Егер адам үнемі ба-сын төмен салбыратып, еңкейіңкіреп жүретін болса ондай адамның ішкі әлсіздігі, жұмысқа зауқының жоқтығы байқалады.
Вербалсыз қарым-қатынасты зерттеген ғалым М.А.Поваляеваның ойынша, адамдардың 93%-ның қарым-қатынас барысында ақпаратты айтқанынан емес, оны қалай жеткізгенінен, айту кезінде өзін қалай ұстағанынан жақсы байқауға болады екен. Ғалымның пайымдауынша, адамның қарым-қатынас барысында түрлі жағдайларға байланысты өзін-өзі ұстауында жалпыға көп таралған кинесикалық қалыпты жағдайлар анықталған.
Интерактивті қарым-қатынас -адамдардың өзара тығыз әрекетте болуларын, тығыз байланыста, көпшілік ішінде жұмыс істей алуға бейімделуін қарастырады. Әр адам көпшілік ортада өзінің беделінің жоғары болуын қалайды, басқаларға тек жақсы жақтарын ғана танытқысы келеді. Ал адам өзінің қабілеттерін тек өзін еркін сезінетін ортада ғана жақсы көрсете алады. Сондықтан педагогикалық үдерісте толыққанды қарым-қатынас орнату үшін ынтымақтастық ортаның атқаратын рөлі жоғары. Педагогикалық әдебиеттерде көпшілік арасында тұлғаның өзін-өзі дамытуына қатысты ұжымның атқаратын екі қызметі анықталған.
Біріншісі, ұжымның өзі тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеу үдерісін ұйымдастыруға жалпы жағдайлар туғызады (ұжым тұлға бойында жағымды әлеуметтік іс-әрекеттерге деген оң көзқарастарын, ұжымдық іс-әрекетке қатысуға деген қызығушылықтарын, қоғамдық борыш, белсенділік т.б. қасиеттерді дамытады).
Екіншісі, ұжым осы үдерісті тікелей ұйымдастырады (тұлғаның санасын қалыптастырады, өзін-өзі жетілдіруге ынталандырады, өз талаптарының нәтижелерін жоспарлап бағалауда көмек көрсетеді).
Педагогика ғылымында А.С.Макаренко жеке тұлғаны ұжымдажәне ұжым арқылы тәрбиелеудің жүйелі теориясын құрастырып, оның даму заңдарын тереңінен теория және практика тұрғысынан зерттеген. Қазіргі кезде педагогика ғылымында ұжым мүшелері арасындағы белсенді қарым-қатынастар, ұжымды басқару ерекшеліктері, ұжымдағы шағын топтардың пайда болуы, ұжымдағы шиеленістік жағдайлар және оны шешу жолдары сияқты мәселелер зерттелуде.
Интерактивтік қарым-қатынас қазіргі педагогикалық технологиялардың негізін құрайды, оның барысында оқушылардың да, педагогтардың да өздерін дамытуға, іске асыруға тиімді, қолайлы жағ-дайлар жасалуы көзделеді.
Ұжым ішінде бір адамның екінші адамға оң, жағымды көзқарасының қалыптасуы симпатия деген ұғыммен анықталады. Ал антипатия – бір адамның басқа адамға теріс көзқараста болуы, жақтырмауы.
Белсенді қарым-қатынастың негізгі ерекшелігінің бірі ре-тінде оның бір топтағы адамдардың ортақ мақсатқа жетудегі бірлескен іс-әрекеттерін қарастыруға болады. Яғни, бұл жерде адамдардың өзара әрекеттестігі маңызды болып көрінеді. Белсенді қарым-қатынастың екі түрі болады:
кооперация– топ ішіндегі адамдар бір-біріне көмектесе отырып ортақ мақсатқа жетуді көздейді.
конкуренция– топ ішіндегі адамдар бәсекелестік жағдайында бірі бірінен озып шығуға тырысады. Бұл бәсекелестікке таласуды шиеленіске бармайтындай етіп ұйымдастыру мұғалімнің құзырында.
Педагогикалық үдерісіндебелсенді қарым-қатынас барысында оқушылардың өзара ақпраттармен алмасуларымен қатар олардың өза-ра ынтымақтастық әрекеттеріне бейімделулері маңызды. Сондықтан мұғалімдер оқытудыңбелсенді әдіс-тәсілдер жүйесін жақсы меңгеруі қажет.