Тәжі палуан. Осы есімге бала кезден қ



жүктеу 86.57 Kb.
Дата14.06.2016
өлшемі86.57 Kb.
ТӘЖІ ПАЛУАН

... Тәжі палуан. Осы есімге бала кезден құлағымыз қанық болып өстік. Ауылдың шалдарының әңгімесін бір кісідей тыңдадық. Әр жерде айтып та жүрдік. Бүгінде жер ортасы жасқа келдік. Біздің білгеніміз ештеңе де емес қой, білетіндер палуан туралы айтатын, жазатын шығар. Қазір әр жерден палуан туралы мақала оқыған сайын, бірден бірге жетіп сұйылған деректерден осынау бір даңқты палуанның салмағы уақыт өткен сайын жеңілдеп, көмескіленіп, ұрпақ санасынан ұмытылып бара жатқандай. Сондықдан, кеш болса да естіп-білгенімді қағазға түсіруге тырыстым. Тәжі палуан туралы сол топырақта туған, Тәжінің ізіне ерген шалдардың қолына су құйған біздер жазбаса, кім жазады.

АЛҒАШҚЫ КҮРЕСКЕ ТҮСУІ

Тәжі палуанның алғашқы күресі туралы Шүкірәлі ақсақал былай айтушы еді...

- Ол кезде зор шалдар көп болған ғой. Солардың бірі-біздің әкеміз Отарбай палуан еді. Татыранның екі баласында одан сұлпатты адам болмаған. Зор кісі еді. Бір жазда отыз мың бау пішен орып, соны он екі қашарға айырбастап, содан байып едік,-деп отырушы еді. Шөкеңнің бүл әңгімесіне Шөкеңнің өзін көрген адам бірден иланар еді. Шүкірәлі ақсақалды қайратты кісі. О заманда бізге тіске басар дән қымбат қой. Бидай, тары дақылдарын біз сияқты қырға шығатындар күзге салым Үргенішке базаршылап барып, сол жақтан алып қайтушы еді. Бір жылы біздің әкеміз осындай бір сапарында, қосшы бала қылып ағаларынан сұрап, Тәжіні ерте кетеді. Тәжекеңнің сол кезде 15-16-лардағы кезі екен. Үргенішке барып базаршылап болған соң, жеті-сегіз түйе астығы бар, қайтып келе жатып қарақалпақ ауылдарының бірінде өтіп жатқан тойдың үстінен түседі. Осы жолмен бірнеше мәрте жүріп, талайлармен жүз таныс болған Отарбай әкеміз – Осы тойда кідіріп, түйелердің белін суытайық, тойдың тамашасын көрейік - деп еру қылады.

Той болғасын күрессіз бола ма, күрес басталады. Ауыл-ауыл өз палуандарын шығарып, күрес қызады. Ең соңында барлығын жыққан бір палуанға, жаршылар бір- неше мәрте айқайлап: «Мынаған қарсы шығатын адам барма?»-деп жар салады. Осы кезде ертелі той тамашасын көріп жүрген Тәжі жүгіріп Отарбай атасының алдына келіп, «Ата, батаңды бер, күреске түсейін» деп рұқсат сұрайды. Әкеміз: «Шырағым, өзің жассың, оның үстіне жат жер, күрес деген қанды қыздырып, намысқа тиетін нәрсе ғой, шатақ шығып кетер» деп рұқсат бермейді. Екі көзі шоқтай жанып, делебесі қозған Тәжі қайта-қайта рұқсат сұрап, ағасының мазасын алады. Тәжіні баласынған, әрі жат

жер деп қауіп ойлаған әкеміз кейіп; «Рұқсат жоқ, одан да барьщ түйелеріңді ыңғайла, той тарқауына жүрейік» деп кеийді. О заманда үлкеннің айтқанынан шыға алған ба, ашу қысқан Тәжекең жүгіріп түйелерді әкеліп, ағасына қарамай түйелерді жүктеуге кіріседі. Алапат күшке дүлей ашу қосқан Тәжі түйелерді шетінен тіздеп, қазақы қанар қаптарды бұйым құрлы көрмей, түйелердің беліне солқылдата қойып, тоғанақпен зырылдата тартып жүктей бастайды. Осы кезде тойдан қайтқан бір топтың назары Тәжіге түсіп, жас баланың күшіне таңырқап, іркіле береді. Топқа топ қосылып, лезде адам қарасы көбейіп қалады. Тәжі түйелерін жүктеп бола бергенде, бұл топқа қасында он шақты жігіті бар, жаңағы тойдың бас палуаны да келіп қалады. Ел болғасын егессіз бола ма, топтың арасынан әлдекім: «Әй, сен мықты болсаң, мына баламен күрес» дейді. Мейманасы тасыған әлгі палуан: «Өй, мынау ма менімен шығатын» деп шекесінен қарайды. Осы кезде соңғы қапты тік көтеріп түйе беліне қойып жатқан Тәжі жалт қарап, әлгі палуанға «Күресемісің?» дейді нық дауыспен. Қасындағы қосшылары кеу-кеулеген қарақалпақ палуаны да аттан қарғып түсіп, белін буып ортаға шығады. Ертелі жұмыстан денесі қызып, шып-шып терлеген, жүзі бал-бұл жанған Тәжі жалаңаш етке түйе жүн шекпенді киіп, белін түйенің тұсауымен буып, ортаға бет- тейді. Осы кезде, бір шеттен жүгіре басып жеткен әкеміз де енді тоқтатудың жөні жоғын көріп, «Алла, Алла, ата-баба аруақ жар бола гөр» деп баланың тілегін тілейді. Екі палуан ұстаса кетеді. Қарқалпақтың палуаны да белін аттың тұсауымен буған екен. Тәжі қолды белбеуден өткізе толғап, бір бұрап және толғап екінші бұрағанда, әлгі палуанның бөксесі бір бөлек, кеудесі бір бөлек болып еш қарсылық көрсете алмай шөге беріпті...

Жиналғандардың бірі: «Ойпырмай, біздің баланың көтені таңқиып кетті ғой» десе, екіншісі: «одан зоры бола ма деп қорқып едім» деп, дабырласа пгуласып, қарқылдай күлген қарақалпақтар тұс-тұсқа тарап бара жатады.


ҚҰДЫҚ БАСЫНДА

Бұл өзі кездейсоқ, білместіктен болған оқиға болса керек. Әйтпесе, бұл төңіректе Тәжіні біле түра. күресем деу үлкен көргенсіздік болар еді. Ақмамбеттің Исасы, руы Айдарбектің Алтынбайы, заманында қайратты, атан жілік, зор жігіттің бірі болса керек. Күні кешеге дейін өмір сүрген, Исаны көзбен көрген ардана Кәдір ақсақал бұл да бір адамзаттың алыбы еді, өз аузынан есітіп едім деп айтқан әңгімесі еді төмендегі.

...Аспан айналып жерге түскендей, шілденің ми қайнатар ыстығы. Екі күннен бері суға келмеген түйелер ентелей ұмтылып, құдық суының құйтанын құйғандай сіміріп шыдатар емес. Қүм ішіндегі құдықтан сәске түстен бері түйе суарып жатқан Иса түс ауа белін жазып, тер басып тұрған. Түйелердің пәті қайтқанмен, әлі де кете қоймай, қайта-қайта сораптай тартып суға қанар емес.

Бесін мезгілі. Кенет құм арасынан шыққан жолаушының астындағы түйе де ентелей суға ұмтылды. Үстіндегі жолаушы түйені еркіне жібермей, әудем жерден шөгеріп, өзі түсіп болғасын түйені суға қоя береді. Түйе суға бас қоя берген кезде, Иса қолындағы қауғаның сабымен басқа періп жібереді. Бақ ете қалған түйенің дауысы тым жаман шығады. Түйе ізінде келе жатқан екі иығына екі кісі мінгендей төртпақ жігіт: «Әй ағасы, ішсін да, жануар шөлдеп келе жатыр еді»-дейді бәсең дауыспен. «Жоқ, өзімнің түйелерім ішіп болмай, ішкізбеймін» деп Иса қауғаны қайта сілтейді. «Уай, ағасы, қойсаңшы енді, малдың жазығы не?» деген жігіттің уысы қатқыл шығып, қауға ұшынан ұстап үлгерген еді. Жұлқа тартып қауғаны ала алмай, іркіліп қалған Исаға жігіт жымия күліп: «Аға тұлғаң келісті екен, құдық басында төбелескеніміз ұятты, күресіп көруте болар еді, тек жасың үлкен болғасын амал құрып тұрғаны» дейді. «Е, ұялма, тап сенен жығылсам...»-дейді әлгі ашудан қайта алмай тұрған Исекең. Егестің ақырында, түйенің тұсауымен белдерін буған екі алып ұстаса кетеді.

Кейіннен Исекең айтады: Ойпырмай, жігітпен ұстасқанымды, сосын құдық басындағы түйелердің аяғы аспанға қарап бара жатқанын білем, ар жағы есімде жоқ. Есімді жиған кезде, шалқамнан жатырмын. Көк аспан, алыста ақшарбы бұлттар. Көпке дейін не болғанын еске түсіре алмай, шамалыдан кейін жан-жағыма қарасам, әудем жерде намаз оқып отырған жігіт, әр жерде суға қанып, күйіс қайтарып тұрған түйелер.

Шамалыдан кейін намазын оқып болған әлгі жігіт, түйесін шөгеріп кетуте айналады. Осы кезде барып не болғанын пайымдаған Исекең жүгіріп барып жігіттің шалғайына жармасып: «Ағажан, кім боласың, жөніңді айтып кетші» дейді. Жігіт: «Аға, ауылыңның ақсақалы Ақмамбеттің Мұстафасына сәлем айт, менің атым Тәжі. Тәжі палуан десең, өзі біледі» деп тартып жүре береді. Тәжінің атын естігенде ұят, қор- қыныш қабаттасқан Иса сол жерден бір атанды ұстап мініп, әудем жердегі ауылға шабады. Келе, ағасына: «Мені қара басты ағажан, осындай да, осындай» деп болған оқиғаны айтады. Сол арада Мұстафа жүрелеп отырған інісін қамшымен тартып- тартып жіберіп: «Ақымақ, Әлім-Шөменнің батасын алған палуанның белінен ұстайтын кімсің сен, топқа түсіп арды арлайтын болсаңдар қайда жүрсіңдер, тез ізінен шап, өл-тіріл, ауылға алып келетін бол» дейді. Атанды борбайлатып кері шапқан Иса көп жер ұзап кеткен Тәжіні қуып жетіп, «ағажандап», алды-артын орап, кешқүрым ауылға алып қайтады. Алдынан шыққан Мұстафамен құшақтаса қауышқан палуан әзілдей күліп: «Бүгінгі межем саған жетіп қону еді, ағаммен шатысып қалып, ұятты деп кетіп бара жатыр едім. Өзі келгесін қайттым» дейді. Сол күні қонақасысын жеп, түн жарымына дейін әңгіме көрігін қыздырған палуанды Мұстафа ертеңіне сый-сияпатымен шығарып салады.



СОҢҒЫ БЕЛДЕСУ

Тәжі палуанның бұл төңіректегі соңғы күресін көнекөз қариялар күні кешеге дейін тамсана айтудан жалықпайтын. Сөз соңында теңеу таба алмай аруақ қой, аруақ» деп бастарын шайқаушы еді.

Біз әңгімелегелі отырған күрес өткен кезде, Тәжі атамыздың толысып, қырықтың қырқасынан асқан кезі екен. Әлім-Шөменнің батасын алған ардақты палуанға Есенәлі, Айдарбектің ас-тойында бас бәйге күреске түспей-ақ берілетін. Кейінгі жастар өзара күресіп, бәйгесін алып жататын. Осындай ауыл арасындағы кезекті астың бірін атақты Пұсырман байдың шөбересі Дербіш әкесі Ыбырайға береді. Көктемде жайлауға шыққан төңіректегі елдің кәрі- жасы тегіс осы асқа жиналады.

Ас қызығы ат жарыс, көкпар, күрес өтіп жатады. Соңғы кезде той-домалақта ерекше көзге түсіп жүрген Аманның Махамбеті тағы да бар палуанды жеңеді. «Мен мықтымын» деген бірнеше палуанды қатарынан бірінен соң бірін жыққан Махамбет тосын өнер шығарып: «Менімен шығатын талапкер болмаса, Тәжі қайда, Тәжімен шығамын» деп ортада тұрып алады. Ақсақалдар жабыла кейіп: «Тәжіде нең бар, ағаң емес пе» деп тұс-тұстан кейігенмен, Махамбет алған бетінен қайтпайды. Тәжінің Махамбеттен он бес, он алты жастай үлкендігі бар еді.

Бұл бала қоймады ғой деп, ашуға булыққан палуан, астындағы күрең қасқа атпен ортаға кимелей келіп: «әй, Махамбет, бұл астың бәйгесі беріліп, баталасып қойып едік. Мені жеңсең құр қол кетпе, мына күрең қасқаны тіктім бәйгеге» деп, аттан қарғып түсіп, тізгінді қасындағы жігітке лақтырады. «Мен де тіктім атымды» деп, айқайлаған Махамбетке қарай жүре берген Тәжіні ағасы Ізмағамбет тоқтатады. «Абыройыңды төкпе, онымен Төлеу күрессін» дейді. Төлеу-Медетбай балаларының ең кішісі еді. Бұл кезде жиырмаға келе қоймаған бозбала Төлеу Махамбеттен жығылып қалады. Бұдан арғы егесті ақсақалдар үдетпей басып, ас тарқайды. Бірақ, ас тарқаған кезде ел аузында Махамбет кетеді. «Ойпырмай, күрескенде қайтер еді? » деген дүдәмал ой әр көңілде кетіп еді.

Келер жылдың күзінде «Әлсейіттің» арғы бетінде Кішкененің Асаны Өтеген байға ас беріледі. Көне- көздердің айтуынша, осы төңіректегі ең үлкен астың соңы осы еді дейді. Кәмпескенің алды, шамамен 1924 жылдардың жобасы болуы керек. Үкіметтің жаңа бел алып жатқан кезі еді. Осы аста Махамбет тағы да бар палуанды қирата жеңеді де, енді Тәжімен шығамын деп тұрып алады. Ақсақалдар жабыла кейігенмен, Махамбет алған бетінен қайтпайды. Адуын күш, асқақтаған көңілге Тәжі палуанға елдің жасаған құрметі бекердей көрінді ме, әлде небір «мен» деген жігіттерді жыққасын мейманасы тасыды ма, ешбір уәжге көнбей тұрып алады. «Бұл жолы ешқандай шегінудің реті жоқ» деген атамыз белді буып, ортаға шығады. «Ап» деп ұстаса кетіп Тәжі палуан жұлқа тартқанда, Махамбет тізерлеп отырып қалады. Ол замандарда бас палуандар тізе бүксе, жеңілдіге есептелетін. Тәжі атамыз «жеңдім» деп, алаңды тастап шыға береді. Осы кезде қапсағай, ұзын бойлы Махамбет ашудан қап-қара болып түтеп: «Қапы кеттім, қайта шығамын» дейді. Ақсақал, қарасақалдардың еш уәжіне тоқтамаған, дүлей ашу буған Махамбет: «Қапы кеттім, шықсын Тәжі, қайта күресем» деп ортада тұрып алады. «Сөздің құны бітті, ақсақалдар, мені ұстамаңдар» деп Тәжі де ортаға беттейді.

Екі алыптың бітіспеске кеткенін көріп, Есенәліден Құрман ақсақал атпен ортаға кимелей келіп: «Уа, Махамбет, сен өлсең Есенәлі құн сұрамайды, уай, қоймадың ғой сен, өз обалың өзіңе» дейді. Екі палуан шартта-шұрт ұстасып, күрес басталып кетеді. Көзбен көрген ақсақалдар айтады: «Ойпырмай, күрес деп осыны айт, кілем жөніне қалды, жер ор болып ойылды. Айқай-шудан құлақ тұнады. Бір ет қайнатымдай күрескен екі палуан солықтап түрған кезде, Барымбет атамыз кимелей келіп, Тәжіні қамшымен тартып өтеді де: «шешеңді... әлі жүрсің бе? Ат келетін уақыт болды ғой» депті.

Осы айқасты көзбен көрген Ақ Татыранның Құттыбайы Есмағамбетұлы Әбілда атамыз айтады: «Осы кезде анталай қарап тұрып, Тәжекеңнің Махамбетті қалай лақтырғанын байқай алмай қалдық. Айнала беріп, бастан асыра тастағандай болды. Ызы-қиқу, қым-қуыт. Ат келе жатыр деген айқай. 22-лердегі кезіміз. Тәжі ағамыз жеңді дедік те, аттың алдынан шығамыз деп шаба жөнелдік. Әудем жердегі төбе басына шауып шығып, артыма көз тастағанымда, жаңағы күрес алаңында жан қалмапты. Үш-төрт жігіт Махамбетті сүйемелдеп түрғызып жатыр екен».

-Сол үш-төрт жігіттің бірі мен едім,-деп отырушы еді ардананың Есенқүлы Әбілдаұлы Сәтмағамбет атамыз.

-Сол жылы 16 жастамын. «Шаңдыкөлден» Махамбеттермен қатар егіс салғанбыз. Асқа да бірге келгенбіз. Күрес алаңынан сүйемелдеп тұрғызғанымызда, Махамбет теңселіп зорға тұрды. Ас қызығы тарқауына қарамастан, ауылға жеткізейік деп, лаждап атқа отырғыздық. Жаңағы жерден 3-4 шақырымдай ұзап шыққан кезде, Махамбет ат үстінде мүлдем отыра алмады. Сол жерде жігіттер ақылдасып, екі атты қосақтап, ортасына адырғы сияқты кергі байлап, зембілше жасап, ақырын аяңдап «Шаңдыкөлге» жеттік. Барғасын сол төңірекке танымал сынықшыны (аты есімде жоқ) алдыртып көрсеткенімізде, төрт қабырғаға зақым келген деп, ем-домын жасады. Осыдан, Махамбет екі айдай ауырып жатып, тәуір болды...

«Махамбеттің бағы жанбай кетті ғой» деп отыратын шалдар. Жаңа даңқы шығып, өрлеп келе жатқанда, Тәжіге қарсы шығам деп, әруаққа шет болды. Онан кәмпеске басталды. Ашаршылық. Ас пен той жөніне қалды. Сөйтіп жүргенде, Асан көтерілісі болды. Қайран ер, сол көтерілістің бел ортасында болады. Көтеріліс басылып жыл өткесін, астыртын зерттеу жүргізді ме, әлде біреулер қолын шошайтты ма, әйтеуір бір түнде НКВД-ның адамдары келіп алып кетеді. Артында әйелі Зәуре Әбдірахман, Әбдірауыш деген екі баласымен қалады.

Тәжі палуанның да, Махамбеттің де ұрпақтары қазір Жаңақұрылыс елді мекенінде тұрып жатыр. Тәжі палуаннан-Шоқан, Ырсалды, Ұлтөре, Қожакелді. Шоқан, Ырсалды марқұм болып кетті. Ұлтөре апамыз Қызылордада тұрады. Тәжі палуанның қара шаңырағында Қожакелді ағамыз отыр. Балалары, бірнеше немерелері бар.



Нұргазы ЖАҢАБАЕВ.

Жаңақұрылыс ауылы


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет