Қазақ халқының табиғи-географиялық ерекшелігі
Қазақстан Республикасы Еуразияның орталық бөлігінде, Орал тауларынан оңтүстікке қарай, ал оның астанасы - Астана қаласы Еуразия құрылығының географиялық орталығына мейлінше жақын орналасқан.
Қазақстан Ресей Федерациясымен, Түркменстанмен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Қытаймен шектеседі, Каспий теңізіне шыға алады.
Республика аумағы батысында Еділдің төменгі ағысынан шығысында Алтайға дейін, солтүстігінде Батыс-Сібір жазығынан оңтүстігінде Тянь-Шань тауларына дейін созылып, 2 миллион 725 мың шаршы километр жерді алып жатыр. Жер көлемі жағынан Қазақстан дүние жүзінде 9-орын алады.
Республика аумағының басым бөлігі жазық және ойпатты болып келеді. Елдің орталық ауданында Қазақтың шоқылы қыраттары, оңтүстігінде Қазақстан аумағындағы ең биік нүкте – биіктігі 6995 метр болатын Хан тәңірі шыңын қоса алғанда Тянь-Шань тауларының сілемдері жатыр.
Республика аумағы арқылы ағып өтетін, Солтүстік Мұзды мұхит бассейніне жататын шығысындағы - Ертіс, ал солтүстігіндегі - Есіл өзендерін қоспағанда, Қазақстан өзендерінің көпшілігі Каспий, Арал теңіздері мен Балқаш көлінің ішкі тұйық бассейндеріне жатады.
Мұхиттардан қашық, жер аумағының кең болуы және табиғат ерекшеліктері климатының күрт континенталдығы мен аймақтық ерекшеленуіне, жауын-шашын мөлшерінің аз болуына әсер етеді. Республиканың көпшілік жеріне желдің күшті болуы тән. Аумақ төрт табиғи аймаққа - орманды-далалық (солтүстік, шығыс), далалық (солтүстік, шығыс, батыс, орталық), шөлейтті (батыс, орталық, оңтүстік, шығыс) және шөл (батыс, орталық, оңтүстік) аймақтарға бөлінеді.
Қазақстан Республикасының аумағындағы соңғы кездегі дүлей табиғат құбылыстарының қатарына Каспий теңізі деңгейінің одан әрі көтерілуі, жер сілкіністері, гидрометеорологиялық дүлей құбылыстар жатады. Арал теңізі бассейнінің құрғауын және атом полигондары қызметі зардаптарының экологиялық жағынан жайсыз әсерін ең ірі антропогендік зардаптар қатарына жатқызуға болады.
1978 жылы басталған Каспий теңізі деңгейінің көтерілу процесі орташа қарқыны жөнінен жылына 0,14 метр болып үдемелі түрде жалғасып келеді. Теңіздің деңгейі төрт метр дерлік көтерілді.
Республика аумағының үштен бірі сейсмикалық жағынан қауіпті аймақта орналасқан. Оған 6 миллиондай халық тұратын 400-ден астам елді мекен - үлкенді-кішілі қалалар енеді.
Қазақстан аумағының бір бөлігіне желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге ететін ақтүтек борандар және минус 37-38 градусқа дейін төмендейтін үскірік аяздар секілді гидрометеорологиялық дүлей құбылыстар тән
Қазақстан этнографиясын зерттеуші ғалымдар- П.Н.Рычков, А.И.Левшин, В.В.Радлов, Н.А.Аристов, А.Н.Харузин, Ш.Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Ә.Х.Марғұлан, Х.А.Арғынбаев, Ө.Жәнібеков, М.С.Мұқанов және т.б. Олар өз еңбектерінде қазақ халқының ертеден келе жатқан аңыз-әңгімелері, отбасы мен неке қию ерекшеліктері, қолөнері, ою-өрнектері, ұлттық ойындары, эпостық жырлары, және музыкалық аспаптары туралы тарихи-этнографиялық зерттеулерін жүргізді.
Шаруашылықтың және әлеуметтік қатынастардың өзгеруіне орай көрші елдермен жаңаша қарым-қатынастардың пайда болуы қазақ киімдеріне және оның өзгеруіне үлкен әсерін тигізді. Халық киімінің ерекшелігі ол этностың сыртқы болмысының бір түрін көрсетеді. Заттар күнделікті қолдануға қолайлы белгілерімен жасалған. Киім қолайлылық, эстетикалық, дәстүрлі сыйынушы деген мағынаны иеленді. Сонымен қатар жастық, заттық және т.б. арнаулы қызметтерді атқарады. Қазақ киімдері көшпелі өмір сүруге және климаттық жағдайларға сай, қозғалуға ыңғайлы болған.
Ертеден қазақтарда киім тігуге тері мен үй жануарларының жүндері пайдаланылған. Бас киімдері түлкі және тағы басқа мамық жүнді аңдар терілерінен тігілген. Көрші мемлекеттермен сауда қатынасының дамуына байланысты киім тігуге шыт, биязы, барқыт, парша, жібек, т.б. фабрикалық маталар қолданыла бастаған.
Қазақтың ұлттық киімдері адамның жас ерекшелігін көрсетеді. Әйел киімдерінің ерекшеліктері: қыз киімі, бойжеткен қыз және қалыңдық киімі, тұрмыстағы әйел киімі, бірінші баласын туғанға дейінгі келіншек киімі, сонымен бірге жасы ұлғайған әйелдер киімдері болып бөлінеді. Ер адамдар киімін жасқа қарай бөлу нақты сақталмаған.
Қазақ киімдері кәсіптік мағына бойынша да бөлінеді. Мысалы, бақсыларға, хандарға, жауынгерлерге және аңшыларға арналған арнайы киімдер болған. XX ғасыр басында ұлттық киімдердің кейбір ыңғайсыз және қымбат формалары күнделікті қолданыстан шығып, қарапайым әрі ыңғайлы еуропалық киімдермен өзгертілді.
Киізден жасалатын киімдер:байпақ,кебенек,киіз етік,киіз қалпақ,пима.
Теріден жасалатын киімдер: Сырт киімдер: Аба; Бота ішік; Жарғақ; Тайжақы; Тақыр шалбар; Тон. Бас киімдер: Бөрік; Құлақшын; Малақай; Тақия; Тымақ. Аяқ киімдер: Кебіс; Мәсі; Мықшима; Саптама етік; Шарық (Шоқай); Шоңқайма.
Жүннен жасалатын киімдер: Жабағы күпі; Жадағай шапан; Жүн қолғап; Жүн шұлық; Мойынша; Түйежүн далбағай; Түйе жүн кеудеше; Шекпен; Шидем шекпен.
Қазақ халқының ғасырлар бойғы қалыптасқан ұлттық мәдениетінің, материалдық қазынасының қомақты бөлігі –ұлттық қолөнері. Қазақтың қолөнері де өзінің төлтума бітім-қасиетімен, көркемдік мән-мағынасымен ерекшеленеді, қолөнер үлгілері тек эстетикалық мұра ғана емес, сонымен бірге халықтың белгілі бір тарихи кезеңдегі таным-түсінігі, өмір-салты, сұлулық туралы талғамынан хабар беред.
Өнер ескерткіштері ұсталық, зергерлік, ағаш және тоқыма өнерінде көрініс алған. Қолөнершілер, негізінен, жазғы және қысқы тұрғын үй жиһаздарын, ат әбзелдері, киімдер, яғни, үйге қажетті затар жасаған. Кеңінен тарағаны- жүннен жіп иіру, тері илеу, тоқыма тоқу, сүйектен және ағаштан ою, зергерлік өнер, т.б. Әсіресе, түкті заттарды тоқу ерекше орын алды; киіз басу, киіз үй жапқыштарын жасау, текемет, түсті алаша, сырмақ, тұскиіз, ою-өрнек бұйымдарды тігу.
Шиге тоқыма жіптердің көмегімен белгілі бір өрнек немесе сурет салу да кең тараған. Теріні ашыған сүтке салып жібітіп, оны қолмен илеп, тон, етік тігуге арналған терілерді табиғи бояулармен бояған. Кілемдер көлденең станокта, өрмекте жүннен иіріліп, түрлі-түсті боялған жіптерден тоқылған. Кілемдердің бірнеше түрлері болған. Түксіз кілемдер жерге төселіп, түкті кілемдер керегеге ілініп, үйдің көркін кіргізген. Кілем тоқумен қатар аяққап, қоржын, сандық қоржын және т.б. жасау тығыз байланысты. Бұл заттар кілем тоқитын станокқа ұқсас, бірақ көлемі кіші құралда тоқылған.
Қазақ тұрмысында ертеден-ақ ағаш ұсталығы жақсы дамыған. Ағаш ұсталары киіз үйдің сүйегін, арба, қайқыбас төсек, кебеже, жүкаяқ, сандық, үстел жасаған. Ер қосатын ершілер де ағаш ұстасы болған. Сонымен қатар ағаш шеберлері тұрмысқа қажетті астау, ағаш табақ, тегене, ожау, ағаш шелек, көнек, піспек, күбі, саптыаяқ, т.б. заттар жасаған.Ағаш ұсталығында пайдаланылатын негізгі құралдар: балта, шот, балға, қашау, үскі, бұрғы.
Қазақ ағаш өнерінің ең бір кең тараған түрі-ершілік өнері. Ерді қайың, үйеңкі, қара мойыл сияқты мықты ағаштарды таңдаған. Бұл ағаштардың түбірі (томары) қатты болады. Ерге арналып қиылған ағаш мұқият кептіріледі. Қазақ ері, әдетте, бес бөліктен тұрады: алдыңғы қасы, артқы қасы, екі қаптал ағаштары және белдік ағашы (бел ағаш).
Музыкалық аспаптар тек той-думандарда ғана пайдаланылып қоймай, жау шапқанда дабыл, дауылпаз, ұран, керней сияқты түрлері арқылы елге хабар беріліп отырған. Ал бақсы- балгерлер зікір салғанда даңғара, асатаяқ, шаңқобыздарды пайдаланған. Әнші-күйшілер өлең-жыр, терме айтқанда немесе күй шерткенде домбыра, сыбызғы, сырнай, қыл қобыз сияқты шекті аспаптармен сүйемелдеген.
Музыка аспаптарын ағаштың қайың, шырша, емен сияқты түрлерінен жасаған. Сонымен бірге аспап жасауға қамыс, саз балшық, малдың терісі мен сүйегі, мүйізі, қылы пайдаланылған.
Балшықтан, қамыс, мүйізден үрлемелі музыкалық аспап сазсырнай, сырнайлар, сыбызғы, адырна, ұран, керней жасалады.Ішекті музыкалық аспаптар- жетіген, шертер, екі және үш ішекті домбыралар, қобыз, шалып ойнайтын шаңқобыз, соқпалы аспаптар –даңғыра, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл, асатаяқтың бірнеше түрлері бар. Ішекті шертіп ойнайтын көне музыкалық аспаптың бірі-жетіген.
Достарыңызбен бөлісу: |