ТӘлімі жерде таза сүрі танаптың тиімділігі



Дата01.07.2016
өлшемі45 Kb.
#171251
ТӘЛІМІ ЖЕРДЕ ТАЗА СҮРІ ТАНАПТЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Тәлімі аймақта ауыл шаруашылық дақылдарынан жоғары және тұрақты өнімге қол жеткізу үшін оларға қолайлы су режимін жасау қажет. Су режимін жақсартудың нәтижелі құралы – ол ауыспалы егіске таза сүрі танапты енгізу болып табылады.

Тәлімі жерлерде дұрыс ауыспалы егістерді жасаудың негізгі талабы – осы аймақтағы жетекші дәнді дақыл саналатын күздік бидай егісін – оның мейлінше жоғары өнімін алу мақсатында, ең үздік алғы дақыл бойынша орналастыру болып табылады.

Қазақстан диқаншыларының көп жылғы тәжірибесі күздік дақылдар жаздық дақылдармен салыстырғанда айтарлықтай тұрақты және жоғары өнім беретінін көрсетті. Бұл күздік дақылдардың биологиялық ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Қазақстанның оңтүстік-шығыс облыстарында көктемде және ерте жазда қуаңшылық жиі орын алады, ол жаздық дақылдардың өнімділігін төмендетеді. Сол кезде таза сүрі жерге себілген күздік бидай көктемгі-жаздық қуаңшылықтан азырақ зардап шегеді, өйткені ол екі ауыл шаруашылық жылдың жауын-шашынын тиімді пайдаланады: сүрілеу және вегетация мерзімдері.

Атмосфералық жауын-шашын түсіміне қарай тәлімі жерлер үш аймаққа бөлінеді: жауын-шашынның жылдық жиыны 200-280 мм ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жер, жартылай қамтамасыз етілген – 280-400 және қамтамасыз етілген – 400-600 мм және астам.

Тәлімі жерлердегі, әсіресе ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жердегі ауыспалы егісте ең тиімді алғы егіс сүрі танап болып табылады. Қазақ егіншілік ҒЗИ-ның көп жылғы зерттеулерінің нәтижесінде анықталғандай, ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жер жағдайында дәнді-сүрі танапты ауыспалы егістегі таза сүрі танаптың үлесі 20-25 пайызды құрауы қажет.

Қуаңшылық жағдайында таза сүрі жердің агротехникалық ролі үш негізгі мәселені шешуге әкеледі: су режимін жақсарту, арамшөптермен күрес және өсімдіктерді қоректендіру элементтерін мобилизациялау. Таза, жақсы сүрленген сүрі жерде микробиологиялық процесстер қарқынды жүреді, сондықтан да топырақта көбірек нитраттар жиналып, жоғары өнім алуға септігін тигізеді.

Тәлімі жерлерде таза сүрі жерлердің бірінші міндеті – күздік бидайды себу қарсаңында топыраққа ылғалды жинау және сақтау. Ылғалмен қамтамасыз етілмеген аймақта таза сүрі жердің агротехникалық маңызы оның климатының ерекшеліктерімен белгіленеді: мұнда егін орағы мерзіміне дәнді дақылдар топырақтағы өнімді ылғал қорын толық тауысады. Сонымен қатар, жаздың екінші жартысы мен күздің басында жауын-шашын болмайды және күздік бидайдың өскіндері сүрі танаптан өзге алғы дақылдар бойынша тек қана күзгі жауын-шашындардан соң шығады. Сиреген өскіндер мен түптеніп үлгермеген өсімдіктер қыстауға әлсіз болып кетеді, бұл, әсіресе көктемде жеткіліксіз жауын-шашын болса, өнімді қатты төмендетеді. Сүрі танаптан өзге алғы дақылдар бойынша күздік бидайдың өскіндері жиіленіп, келесі жылдың көктемінде ғана өскін береді.

Сүрі танапта топарықтың су режимінің мүлдем басқа жағдайлары жасалады. Біздің көп жылғы бақылауларымыз бойынша ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жердегі топырақтың метрлік қабатында көктемгі өнімді ылғал қоры 130-дан 147 мм-ге дейін құрайды.

Күздік бидайдың жақсы өскіндерін алу үшін топырақтың жоғарғы 0-10 см қабатында ылғалдың болуы өте маңызды. Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, сүрі танаптан өзге алғы дақыл бойынша күздік бидайды себу алдында жыртылған қабатта көп ретте өнімді ылғал болмайды.

Сол уақытта сүрі жер танабында ылғал құрамы екі есе көп болды, бұл күздік бидайды тиімді мерзім ішінде себуге және ылғалдылығы бойынша қолайлы емес жылдарда да орташа өскін алуға мүмкіндік береді. Өскіндер уақтылы пайда болады және жақсы түптелген күйде, күшті дамыған тамыр жүйесімен қыстауға кетеді. Күзгі-қысқы және ерте көктемгі мерзімде жинақталған топырақ ылғалы күздік бидай өсімдігінің дамуына оның вегетациясының соңына дейін жеткілікті болады. Осының барлығы таза сүрі жер бойынша жоғары және тұрақты өнім алу үшін жағдай жасайды.

Қазақ егіншілік ҒЗИ-нің көп жылғы мәліметтері бойынша тәлімі жердегі сүрі жерге себілген күздік бидайдың өнімділігі 17,8 ц/га құрады, ал оны сүрі жерден кейін екінші дақыл етіп және көп жылғы шөп қыртысында орналастырғанда өнімділік екі есеге, ал ауыстырмай өсірген кезде – үш есеге азайды.

Таза сүрі жердің тиімділігі қуаңшылық жылдары тез артады: егер осындай жылдары таза сүрі жер бойынша күздік бидайдың өнімділігі 10,5 ц/га құраса, ал оны сүрі танаптан өзге алғы егіс бойынша орналастырса, ол 2,7 есеге, ал ауыстырмай сепкенде – төрт есеге төмендеді.

Осылайша, сүрі жер танабы мен сүрі танаптан өзге алғы егістердің топырақ ылғалының түрлі қорлары осы танаптарда күздік бидай өнімінде үлкен айырмашылықты көрсетеді.

Жауын-шашынның орташа жылдық жиыны 414 мм құрайтын, ашық-қоңыр топырақта ылғалмен жартылай қамтамасыз етілген тәлімі жер жағдайында таза сүрі жер тиімділігі ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жермен салыстырғанда біршама төмендейді.

Егер сүрі танаптан өзге алғы егіс (сұлы) бойынша күздік бидайдың өнімділігі 20,5 ц/га құраса, ал таза сүрі жер бойынша – 29,6 ц/га құрады немесе 1,4 есеге көп. Бұл мәліметтер ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жерде күздік бидайдың алғысы ретінде таза сүрі жердің тиімділігі өте жоғары және бұл аймақта ауыспалы егістер міндетті түрде сүрі жермен болуы тиіс.

Жылына 400 мм жауын-шашын түсетін, ылғалмен жартылай қамтамасыз етілген тәлімі жер аймағында сүрі жер тиімділігі сүрі танаптан өзге алғы егістермен салыстырғанда едәуір төмендейді. Сондықтан, ылғалмен жартылай қамтамасыз етілген тәлімі жерде таза сүрі жердің тиімділігінің төмендігін ескере отырып, біз оны тек ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жерде күздік бидайдың алғысы ретінде қолдануға, ал танаптың сүрі жерге арналған, жартылай қамтамасыз етілген тәлімі жеріне дәнді, дәнді бұршақ немесе майлы дақылдар себуге кеңес береміз. Күздік бидайдың жақсы алғысы ретінде асбұршақ-сұлы бүркемесі немесе таза түрде сұлы, сондай-ақ ноқат, мақсары, ал жауын-шашынмен қамтамасыз етілген аймақтарда жасымық саналады. Біздің мәліметтер бойынша ылғалмен жартылай қамтамасыз етілген тәлімі жерде таза сүрі жер орнына сұлы отырғызғанда «сұлы – күздік бидай» ауыспалы егіс буынындағы дән шығымы «таза сүрі жер – күздік бидай» буынымен салыстырғанда 1,5 есеге артты.

2002-2010 жж. сұлы өнімділігі орташа есеппен 27,8 ц/га құрады, ал жауын-шашын түсімі мол жылдары – 43,0 ц/га. Одан басқа, сұлы жақсы фитосанитар, күйзеліс факторларына төзімді, ал күшті дамыған тамыр жүйесі қуаңшылық мерзімдерде жаздың екінші жартысының жауын-шашынын нәтижелі пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, таза сүрі жердің тиімділігі көбіне, егер шешуші деңгейде болмаса, оны көтеру мен топырақ өңдеуді қабылдауға байланысты болатынын атап өткен жөн.

Өкінішке орай, түрлі себептерге байланысты сүрі жерді өңдеу уақтылы жүргізілмеу фактілері тәжірибеде жиі кездеседі.

Өндіріс жағдайында, шаруашылықтардың көбінде таза сүрі жерді негізгі өңдеуді жазғы мерзімде, күздік бидайды себуден 3-4 ай бұрын қайырмалы соқамен жүргізеді. Сол уақытта едәуір нәтижелі болып күзден өңделген қара сүрі жер саналады. Осыған байланысты күзден сүрі жерлер өңделмеген шаруашылықтарда, сүрі жерлерді негізгі өңдеуге көктемде, яғни, көктемгі алқаптық жұмыстар аяқталған соң, мамыр айынан кешіктірмей кірісу керек. Ылғалмен қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ жартылай қамтамасыз етілген тәлімі жерде өңдеуді сыдыра жыртқыштармен 10-12 см тереңдікте жүргізу керек.

Таза сүрі жер ролін бағалау кезінде оның қолайсыз жақтарын да ескермеуге болмайды: жоғары эрозиялық қауіптілік, ылғалдың өндірістік емес шығыны, топыраққа өсімдік қалдықтарының түсуінің қысқаруы, органикалық заттың жоғары минерализациясы, нитраттардың тамыр жайылатын қабаттан тыс миграциясына байланысты азот жоғалту.

Ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жерде сүрі жермен ғылыми негізделген ауыспалы егісті және жартылай қамтамасыз етілген тәлімі жерлердегі өнімді ауыспалы егістерді (таза сүрі жерсіз) ендіру өңделетін тәлімі жерді тиімді пайдалануға және дән мен басқа да өсімдік шаруашылығы өнімін өндіруді арттыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, біздің облысымыздың тәлімі егіншілік аймақтарының табиғи-климаттық жағдайларының көптүрлілігі осы аймақта күздік бидайдың алғы дақылын таңдауда нақты қадам жасауды талап етеді. Жауын-шашынмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жерде таза сүрі жер бойынша күздік бидай себу – қуаңшылықпен күресудегі едәуір сенімді, әсерлі агротехникалық тәсіл.


Киреев А.Қ., ҚазЕжӨШҒЗИ егіншілік

бөлімінің меңгерушісі,

а.ш.ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР АШҒА академигі;



Хидиров А.Э., ҚазЕжӨШҒЗИ бас

ғалым хатшысы, а.ш.ғылымдарының



кандидаты.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет