Тергеу сұрақтары: Бұрын «Алашорданың»


«Құрбандығыңды алдын-ала белгiлеп, барлық қастандығыңды дайындап ап, жауыңды табан астында аяусыз жайратқаннан соңғы ұйқы» – екенiн Дзержинский мен Каменевке айтыпты



бет9/9
Дата19.06.2016
өлшемі0.59 Mb.
#147936
1   2   3   4   5   6   7   8   9

«Құрбандығыңды алдын-ала белгiлеп, барлық қастандығыңды дайындап ап, жауыңды табан астында аяусыз жайратқаннан соңғы ұйқы» – екенiн Дзержинский мен Каменевке айтыпты.

Сөйтiп, кеңес қайраткерлерi ашаршылықты жоюмен күресудiң орнына, аштарға көмек көрсетудi ұйымдастырған ұлт зиялыларының соңына тыңшы қоюмен, тiмiскiлiкпен шұғылданды. Қыс бойы Қазақстанның партия мен кеңес ұйымдары азық-түлiк жөнелтiп, ажал тырнағынан арашалаудың орынына: «Ұлтшылар ашаршылықты өсiрiп көрсетiп отыр», – деп даурығып, оларға идеологиялық тұрғыдан шабуыл жасап, қалайда аяқтан шалуға кiрiстi. Нақты iс әрекетiмен халық арасында үлкен құрметке бөленген оқыған ұлт қызметкерлерiнiң беделiн қызғанып, қорланды.

1922 жылдың қаңтар-ақпан айында Орынборда өткен Атқару комитеттiң мәжiлiсi мен II партконференцияда аштыққа қарсы шара қолдануға дәрменсiз үкiметтiң пәрменсiз өкiлдiгiне ыза болған Түркiстан Республикасының уәкiлдерi К.Жәленов, Ғ.Тоғжанов, Е.Қапин iспеттi өкiлдер оларды қатты сынға алды. Шыдамы таусылған қазақ оқығандары ендi жиналыс ашып, даурығудан пайда жоқ екенiн түсiнiп, өзара ақылдасып iске кiрiстi. Ахмет Байтұрсынов қызметтен кетті. Ол өзiнiң бұл қадамын: «Ғылыми – педогогикалық жұмыспен еркiн айналысуым үшiн» деп түсiндiруi жай ғана сылтау едi. Шын мәнiнде бұл оның: :

«Ақ болсын, қызыл болсын бәрiбiр, мен тек қазақ ұлтының мүддесiн қорғайтын мемлекеттi ғана жақтаймын», деп ашық жариялаған әйгілі аяси мәлiмдемесі болатын.

Мұны сол тұстағы қазақ қайраткерлерiнiң бәрi де түсiндi. 1921–1922 жылдары «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерi ішкi-сыртқы жағдайды кеңiнен талдай отырып:



«Бұрынғы аты танымал қайраткерлердi кеңес өкiметi түбiнде бәрiбiр жазаға тартады. Сондықтан ұлттың санасын тұмандатпас үшiн: ұлтазаттық-қозғалысының мақсаты толық орындалмағанын, оған кеңес өкiметiнiң мүмкiндiк бермейтiнiн халыққа үнсіз жария ету және кеңес өкiметiмен жiк-арасын ашу мақсатында ғылыми-ағарту саласына ауысып, рухани тәуелсiздiктiң ұрығын себуге ұмтылсын. Ал екiншi толқын мемлекттiк мекемелердiң iсiне белсене аралсып, саяси сахнаға шығып, ұлттың мүддесiн көздесiн. Дәл қазiргi жағдайда бұдан басқа амал жоқ», деген ішкі ұйғарымға келеді.

Бұл – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов ұсынған күрес тәсiлi едi.


4.
Мұқым ұлтты осындай мүсәпiрлiкке ұшыратқан партия мен үкiметтi өкiметiмен қосып жек көрмеске еш амал жоқ едi. Мұндай сараместiк пен сатқындыққа, қатыгездiк пен қаскөйлiкке, жалдамалық пен жәдәгөйлiкке шыдамаған, жүрегi шошынған қайраткерлер кеңкелес кеңестен мүлдем түңiлдi. Сондықтанда ұлттың арнамысы болған алаш азаматтары билiктен бас тартып, бетiн терiс бұрып әкеттi. Олардың ұлт мүддесiн ойламауы рухани игiлiгiне жұмсап, ұлттық рухты өлтiрмеу үшiн күресуге ұмтылды. Солтүстiк және Оңтүстiк облыстар Қазақстанның мемлекеттiк шекарасына енген соң, өздерiнiң белдi мақсаттары орындалғанын қанағат етiп, бiр ыңғай мәдениет, оқу-ағарту саласына ауысып, сүйген iстерiмен шұғылдануға жұмылды. Партия мен үкiметтен көңiл қалған Мұхтар Әуезов ешкiмнен рұхсат сұрамастан әуелi Семейге, одан соң Ташкентке кетiп қалды. Iле Ленинград университетiне ауысты. Партиялық билетiн өлкелiк комитетке хатпен қоса салып жiбердi. Тергеу барысында: «еңбек тәртiбiн бұзғаным мен мүшелiк жарна төлемегенiм үшiн партиядан шығарып тастады» – деген уәж айтты. Әрине, бұл да жай ғана алдарқату едi.

Ұлт зиялыларының Ташкентке жаппай ауысуы секемшiл өкiметтiң күдiгiн тудырды. «Алашорда» қайраткерлерiн түрмеге бiр-бiр сүңгiтiп алса да оларды сотқа тартатындай сылтау табылмады. Ол өкiнiшiнiң орынын тергеу орындары 1929-1931 жылдардағы «ұлы құрбандықтың» тұсында толықтыруға тырысты. Ақыры ештеңе таба алмаған соң «қысым көрсетiпе, азапқа салған» Байғасқин Есiмге:



«Мен өзiмнiң бұл куәлiгiмде алғашқы жолғы жауапта ұмытып кеткен мына бiр жайды қосқым келедi. Мен өзiмнiң алғашқы жауабымда: Әнуар паша мен Заки Уәлидидiң саяси сахнаға шығуына байланысты 1922 жылдың мамыр айында алашордашылардың арасында бiр қозғалыстың басталғанын, алашордашыл Әуезов Мұхтар мен Тоғжановтардың қазақ ауылдарында ұлы түрiкшiлдiк рухты насихаттағанын айтқамын (Менiң бiрiншi жауабымды қараңыз). Петропавлдық алашордашылардың арасына осы ұлы түрiкшiл үгiт-насихатты жүргiзген тұста, бiр жолы сол кездегi губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы Қазбеков Смағұл, губерниялық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Бейсенов Мұхамеджан және Әуезов, Тоғжанов, Жұмабаев, Қияқов, тағы да басқа мен аты-жөнiн ұмытып қалған адамдар өзара ұзақ кеңестi, бiрақ ортақ шешiмге келген жоқ, сонда да өзара пiкiр алысуларын жалғастыра бердi, ақырында Әнуар мен Закидiң iс-әрекетiнiң нәтижесiне қарай қимылдамақ боп, ешқандай шешiм қабылдамауға келiстi. Маған мұның барлығын солардың iшiнде жүрген Байтасов айтты және оны жұрттың бәрi бiлетiн.

Байтасовтың сөзiнен ұққаным мұның мәнiсі қарулы әскер жасақтау, ауылды көтерiлiске дайындау екен. Менiң бұдан түйген тұжырымым мынау: егерде Әнуар паша мен Закидiң әскерi жеңiске жетiп, iлгерi басқан қадамы сәттi болса, онда алашордашылар халықты сөзсiз көтерiлiске шығарар едi. Жаңылмасам, маған Байтасов: Қожанов пен Рысқұловтың, Әнуар паша мен Заки Уәлидидiң арасында байланыс бар – деп айтқан сияқты. Бұдан басқа айтарым жоқ», – деп жалған куәлiк жаздырды.

Айналып, 1921–1922 жылғы астыртын ұйым мәселесіне алып келді.

Мiне, тұтқындағыларға тағылған басты үшінші айыптың астарында жатқан оқиғалар осындай едi. Бұған: қоса жазушылық, ғалымдық, оқытушылық қызметi арқылы кеңес өкiметiнiң саясатын бұрмалауға, сол арқылы кеңес өкiметiн құлатуға тырысты делiнген «қылмыстық әрекет» тағылды.

Сөйтiп, ұлттық мемлекет пен ұлттық мұқтаждығын терең түсiнетiн ұлттық қайраткерлердiң барлығы қызметтен қуылып, Сталиннiң өзi ғана «мекемелiк көсем» боп қалды, ұлттық партия, ұлттық автономия, дербес мемлекет деген сөздерден төбе шашы тiк тұрды.



Көңiлде күдiк қалмас үшiн ОГПУ-дiң Қазақстандағы төтенше өкiлi Мироновтың бекiткен «Айыптау қорытындысын» ретiне қарай барынша толық келтiрудi жөн көрдiк.
«АЙЫПТАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Бұрын «Алашорданың» құрамында болған және ұлтшыл контреволюциялық ұйымға кiрген, сонымен қатар олармен байланысы бар ұлтшылдардың үстiнен қозғалған № 2370 - iс.

1. Тарихи анықтама

Ақпан төңкерiсiнен кейiн ұлтшыл «Алаш» партиясының құрамына кiрген, «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi болған, сондай-ақ орыстың ақгвардияшыл казактарымен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескен, кейiннен контреволюциялық армия мен үкiметке кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкiлдерi кеңеске қарсы қылмысты әрекеттерiн жалғастырып келдi.

Қылмысты iс бойынша айыпқа тартылып отырған бұрынғы алашордашыл Әлiмхан Ермеков 1921 жылдың басында, Мәскеу қаласында әйгiлi ұлтшыл Байтұрсыновпен (қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымына қатысқаны үшiн ОГПУ–дiң коллегиясының шешiмi бойынша 1930 жылы сотталған) бiрге башқұрт ұлтшылы Валидовпен кездесiп, контрреволюциялық ұйым ашуға келiскен, оның орталығына Орынбор қаласын таңдап алды. (№ 541784 –iс, 1т, 10 парақ).

Мұның артынан iле-шала айыпқа тартылып отырған Досмұхамедов Халел мен М. Дулатов (ОГПУ коллегисының шешiмiмен сотталған) Ташкент қаласында осы астыртын контрреволюциялық ұйымның бөлiмшесiн құрған, оның құрамына айып тағылып отырған: Досмұхамедов Халел мен Жаhанша, Тынышбаев Мұхамеджан, Үмбетбаев Алдаберген, Мұңайтбасов Әбдiрахман және басқалар кiрген, Орынбормен тiкелей байланыстары болған және айыпкер Досмұхамедов Халел мен Жаhанша және Тынышбаев Мұхамеджан дайындаған бағдарламаны қабылдаған, оның негiзiне «Алаш» партиясының бұрынғы бағдарламасының талаптары өзек етiп алынған, яғни, олардың түпкi мақсаты – кеңес өкiметiн құлату, құрылтай жиналысын өткiзу арқылы қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құру, бұл мақсаттарына жеткенше ұлтшылдарға сықап тұрған кеңес өкiметiнiң мекемелерiн пайдаланып, мәдениет майданын қолына алып, жастарды көтерiлiске дайындап, кеңестiк саясатты «Алаштың» бағыт-бағдарына сай бұрмалап отыруды көздедi. (№ 2370 – iс, 1 т., 106, 1126, 123 және 179 – парақтар, № 541784 – iс, 4 т, 21, 80, 90 және 92 – парақтар)

Семей және Петропавл қалаларында осы ұйымның бөлiмшелерi құрылды, оларға жауапқа тартылып отырған Ермеков Әлiмхан мен Тiлеулин Жұмағали жетекшiлiк еттi.

Өзiнiң iс–әректiн кеңейту мақсатымен Ташкент бөлiмi Алматы, Әулиеата, Шымкент, Түркiстан, Қазалы және басқа да қалалардағы ұлтшылдарды бауырына тартып, ұйымның құрамына енгiздi, жергiлiктi жерлерде өзiнiң бөлiмшелерiн ашуға тырысты.

Қазақстанның ашттыққа ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету үшiн 1922 жылы құрылған аштарға көмек көрсету комиссиясын астыртын ұйымға жаңа мүшелер тарту пайдаланды, айыпқа тартылған Әуезов Мұхтар мен А. Байтұрсыновтың ұсынысы бойынша Қазақстанның түпкiр – түкпiрiне үндеу жолданды, Орынбор қаласында тұрған аштарға көмек көрсету комиссиясының құрамындағы астыртын ұйымның мүшелерi ұйымға адам тартумен айнаналысты, мысалы, айыпкер Досмұхамедов Жаhанша бұрынғы Жетiсу облысындағы аштарға көмек көрсету комиссиясының өкiлi, Алматы қаласының тұрғыны айпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген. (№541784 – iс, 1т., 403 және 404 – парақтар, № 2370 – iс, 1 т., 177, 178 және 179 – парақтар).

Ташкент қаласындағы қазақтың» ағарту институтының жанынан студенттердiң контрреволюциялық ұйымның студенттер жасағы құрылды, бұл «Қазақ халқының сатқындарына» қастандық ұйымдастыратын жауынгер жассақтың мiндетiн атқарды.

Соның iшiнде, Оқу-ағарту комиссары С.Ходжановты өлтiру туралы шешiм қабылдады, оны айыпқа тартылған Мұңайтпасов Әбдрахман өлтiруге тиiстi болды.

Бұл жасақтың құрамына айыпқа тартылған Қожамқұлов Нәшiр мен тағы басқалар кiрдi (№ 2370 – iс, т., 383 – парақ, 2 т., 659, 660 және 701 – парақ. Соңғы парақтар өшiрiлiп тасталған. Зады айтылған айыпты дәлелдеуге еш қатысы болмаса керек – авт.)

Кеңес өкiметiн мақсатына орай контрреволюциялық ұйым Орта Азиядағы басмашылар тобын әскери күш ретiнде пайдаланбақ болған, сөйтiп Ферғана басмашыларының басшысы Жанұзақовқа және басмашылардың жетекшiсi – Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымның көсемi Заки Уалидовке өкiлдер жiберген, сонымен соңғы адамға (Уалидовке – авт.) барған Үмбетбаев Алдаберген оны ұйымның мүшелерiмен жолықтыру үшiн Ташкентке жасырын алып келген, оны айыпқа тартылған Қожамқұлов Нәшiрдiң үйiне жасырып ұстаған (№ 2370 – iс, 1 т., 23, 42, III және 259 – парақтар, 2 т., 678 – парақ).

Тура сол мақсатпен 1922 жылы қиыр шетте жатқан Адай, Сарысу және Қызылқұм аудандарында әскери күш жасақтау үшiн жетекшi әскери мамандарды дайарлауды ойластырған.

Соның нәтижесiнде, ұйымның мүшесi Әдiлев Дiнмұхамед (ОГПУ-дiң коллегиясының шешiмiмен сотталған) Сарысу ауданда бандылардың тобын құрып, жетекшiлiк еттi, iшiнде оның туысы Әдiлев Байсейiт те бар, ал жауапқа тартылған Үмбетбаев Алдаберген ұйымының тапсырмасы бойынша Қазақ ағарту институтындағы студенттерге әскери жаттығу сабағын жүргiзген, мұндағы мақсат – ұлттық командирлерлердi дайындау едi.

Қазақстанның партия ұйымдарындағы оңшыл элементтермен тығыз байланыс жасай отырып, оларға жасайтын ерекше ықпалын ескере келiп, астыртын ұйымның мүшелерi оңшыл оппозициялық элементтердi партияның 12 – съезiнде өз мүдделерiн жүзеге асыруға пайдалану үшiн арнайы дайындық жүргiздi, сол үшiн ұлттық мәселе жөнiнде тиiстi ұсыныстар жасады, оның басты мақсаты - «ұлттық - мәдени автономияны» талап ету болды. Үндеуге Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов және айыпкер Омаров Әшiм қол қойды.

Осы үндеудегi бағыт-бағдарды қолдай отырып, айыпталушы Әуезов Мұхтар Қазақстанның партия және кеңес мекемелерiндегi отарлаушылық пиғылдармен күрес дегендi желеу етiп, астыртын ұйымның мiндеттерiне сай келетiн шараларды жүзеге асыруда аса белсендiлiк танытты. Орынбор қаласында өткен Қазақстан кеңес қызметкерлерiнiң 2 – съезi ол съезге қатысқан уәкiлдердiң iшiнен тек қана қазақтарды – ұлтшыл коммунистер мен партияда жоқ ұлтшылдарды жеке жиып алып, мәжiлiс өткiздi, онда «отарлаушылардың шабуылы және онымен күресудiң әдiс тәсiлдерi» туралы мәселе қаралды. «Отарлаушылықпен» күрес жөнiндегi Әуезовтiң ең жақын қолдаушылары астыртын ұйымның мүшесi Сәдуақасов пен айыпталушы Омаров Әшiм болды. Сәдуақасовтың мақсаты сәтсiздiкке қшырап, партиядан шығып қалу қаупi төнгенде, Әуезов оған Ташкентке баруды ұсынды, содан әрi қарай Ферғанадағы басмашыларға жетiп аласың деп кеңес бердi, ал олармен сол кезде Ташкенттегi қазақтың астыртын ұйымы олармен байланыс жасап тұратын. (№ 541784 – iс, 1 т., 251, 255, 398 – 405 парақтар).

Уалидов пен ұлтшыл Мұстафа Шоқай шет елге қашып кеткен соң, ұйым олармен астыртын байланыс орнатты, ол үшiн шет елге оқуға барған ұйымның мүшелерi Бiрiмжановты, Битiлеуовты және айыпталушы Мұңайтпасовты пайдаланыпты.

Басымашылар талқандалған соң, ұйым өзiнiң өмiр сүруiн тоқтатты, бiрақта бұрынғы мүшелер бiрiн-бiрi тез тапты, өзара тығыз байланысвта болды, ұйымның ортақ мүшесi ретiнде бір-бiрiмен тез тiл табысты. Ұйымның бұрынғы мүшелерi алашордашылар кеңес өкiметiмен ашық күрес туралы әрекет қимылын өзгертiп, ендi кеңес мекемелерiне (әсiресе, Жер жөнiндегi халық комиссариаты мен Оқу- ағарту комиссариатының мекемелерiне) және партия ұйымдарына кiрiп алуды ойластырды, ондағы ойы – өздерiнiң мақсаттарына сәйкес партия мен кеңес өкiметiнiң саясатын өздерiнiң мақсаттарына сәйкес бұрмалап, өзгертiп отыру болды.

«Әнуар паша мен Уалидов бастаған көтерiлiс жеңiлiс тапқан соң. Бiздiң ұйым мұндай бағыттан бас тартты да қазақ халқының тағдырына қатысты мәселелердi мүмкiндiгiнше «Алашорданың» идиологиялық рухына сәйкестендiрiп жүргiзу үшiн кеңес мекемелерiн пайдалануды көздедiк те, оған өз адамдарымызды орналастыру, сөйтiп адам арқылы мекемелерге және жекелеген жауапты партия қызыметкерлерiне - қазақтарға ықпал жасау жөнiнде шешiм қабылдадық. (Тынышбаевтiң 1930 ж. 7.3. күнгi жауабынан, №2370 – iс, 1т, 275 – парақ)».

«Бiздiң басты мақсатымыз – кеңес өкiметiнiң саясатына өзiмiздiң ықпалымызды жүргiзу үшiн және оны бiз ойлаған бағытта жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк басқару аппаратына өз адамдарымызды барынша көп кiргiзуге ұмтылдық. Бұған қызыметкерлердiң (қазақ - авт.) жетiспеушiлiге де септiгiн тигiздi, соның нәтижесiнде аппаратқа өз адамдарымызды өткiзудiң сәтi түстi.

Содан кейiн бiз өзiмiз жақсы танитын аппарат қызыметкерлерiне тiкелей ықпал жасадық. Сөйтiп, мақсатымызға жеттiк. Тынышбаев, Ходжиков пен Есболов – Жер жөнiндегi комиссариатқа, Қашқынбаев – Денсаулық сақтау комиссариатына, Бiрiмжанов – газет редакциясына, мен – ғылым жөнiндегi комиссианың құрамына, Ж. Досмұхамедов те соның құрамына кiрдi.

Бiз өзiмiз идиологиямызды осындай жолмен жүзеге асырдық. Сонымен қатар бiз әр түрлi жиналыстар мен мәжiлiстердi де пайдаландық, оларға өз адамдарымызды қатынастырып отырдық». (Досмұхамедов Халелдiң жауабынан. 22.IХ.1930.№2370 – iс, I Т, 220 – парақ.).

1928–1929 жылдары ОГПУ мекемелерi астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерi Байтұрсыновты, Дулатовты, тағыда басқаларын тұтқындаған болатын. Бостандықты қалған ұйым мүшелерi уақытша бұға тұруды көздеп, ешқандай әрекет етпеуге тырысты, сол уақытта айыпталушылар – Ермеков пен Досмұхамедовтың арасында Байтұрсыновтардың ұсталу себебiне байланысты өзара талас туды. Олардың ұсталуына Ташкенттегi ұйым мен оның жетекшiсi Досмұхамедов кiнәлi деп айып тақты, ал екiншi құрамына Ермековтың өзi жүрген Орынбордағы ұйым мен Семейдегi бөлiмше кiнәлi деп жауап бердi.

Бұл жөнiнде Ермековтың пiкiрiн Қадырбаев Сейтазым қолдап сөйледi. (№370 – iс, I т, 262 және 263 – парақ, II т, 702, 703, 721 – 727, 733 – 735 және 736 – 740 – парақтар).

Жаhанша Досмұхамедовтың кеңесi бойынша Халел Досмұхамедов 1929 – 1930 жылдардың қасында Мәскеудегi Ә. Бөкейхановқа барып, Ермеков пен арадағы таласты қалай шешудiң жолын және Байтұрсыновтың тобының тұтқындалуына байланысты әрi қарай не iстеу керек екендiгiн ақылдасты. Ол (Бөкейханов – Т.Ж.) ұйымның өзге мүшелерi де тұтқындалуы мүмкiн екендiгiн ескере келiп Халел Досмұхамедовке: тұтқындала қалған жағдайда өздерiңдi өздерiң мықты ұстаңдар, еш нәрсенi де мойындарыңа алмаңдар, ал кебiр құжаттар сақталып қалса, оны Ә. Ермековке сақтауға берiңдер, Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң мүшесi ретiнде Қазақстандық үкiмет оған сенедi, – деп нұсқау бередi.

Алматыға келе салысымен Досмұхамедов бұл жайды Ермеков пен Тынышбаевқа, кейiннен Ж.Досмұхамедовке айтты, олардың барлығы да Бөкейхановтың нұсқауын мақұлдады және алда – жалда тұтқындала қалған жағдайда ештеңенi де мойындамауға келiстi. (№2370 – iс, I т, 208, 222-парақтар, II т, 702 және 703 – парақтар).

Өзара байланыстары мен iс- қимылдарын құпия ұстау үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi тек қана екi-екiден екеу ара ғана кездесiп, мүдделi мәселелердi талқылады, оған айыпталушы Тынышбаевтың:

«Соңғы уақытта бiздiң ұйымымыз ешқандай да жиналыс пен кеңес өткiзген жоқ, екi-екiден екеу ара ғана жолығып, мүдделi мәселелердi талқыладық. Сондай-ақ, Ермековпен, Досмұхамедовпен де жеке–жеке кездесiп, олармен болған әңгiмеде... Кеңес өкiметiнiң саясатын айыптадық». (Тынышбаевтiң жауабынан . 3.IХ.1930.№2370, I т, 125- парақ), деп жауап бердi».
Мәскеу мен Алматының жазалау саясатын жүзеге асыратын заң және тергеу, сот орындарының М. Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов жетекшiлiк еткен «Алашорданың» Ташкенттегi астыртын контреволюциялық ұйымының кеңес өкiметiне қарсы iс-қимылдарына берген «Тарихи анықтамасы» осындай. Қиыннан қиыстырылған қисынсыз баптардың тек қана айыптау бағытына құрылғандығын дәлелдеп жатудың өзi артық. Тек екiұшты ой туғызбас үшiн осында көрсетiлген «қылмыстардың» кейбiреулерiне қысқаша ғана түсiнiк бере кетемiз. Олар мыналар:

1.1922 жылы астыртын контреволюциялық ұйым құрылды деген мағұлматты осының алдында ғана тергеуi аяқталған Ахмет Байтұрсынов бастаған «Алашорда» қайраткерлерi жоққа шығарған болатын. Ал Әлихан Бөкейханов мұндай сұраққа жауап беруден мүлдем бас тартты: «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерiне кешiрiм жасаған кеңес өкiметi. Ол үкiмет әлi құлаған жоқ. Демек, оның шешiмi де күшiнде. Оның үстiне бiзге кешiрiм жасаған Лениннiң өзi. Сендер сол Лениннiң жолымен жүрiп келемiз деп ұрандатып жүрген жоқсыңдар ма. Ендеше, әңгiме осымен бiттi», деп тергеушiлердiң меселiн қайтарып тастаған болатын.

Алаштың көсемдерiнен «тiстерi сынған» тергеушiлер екiншi топты, өздерi «Ташкент тобы» деп атаған адамдарды қасақана арандатып отыр. Шындығында да, ресми түрде астыртын ұйым құрылған жоқ. Бiрақ кеңес өкiметiнiң «коммунистiк – отаршылдық» саясатымен елдi күйзелтуге әкелiп соқтыратын экономикалық шараларына, ұлттық рухани тәуелсiздiгiн сақтап қалуға қарсы бағытталған «таптық мәдениеттiң жiктелушiлiгiне» сын көзбен қарады, оны қатерлi бағыт деп санап, ашық түрде мәлiмдедi. Тарих «Алашорда» үкiметiнiң ұлттық экокномика мен мәдениет туралы бағдарының дұрыстығын дәлелдеп бердi.

2. 1920–1922 жылдары Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Әлiмхан Ермековтiң, Мәскеу қаласында башқұрт ұлтының көсемi Заки Уәлидимен кездескен, әңгiмелескенi рас. Тiптi бiр рет көгалға шығып, көңiлдi серуен де жасаған. Әрине, олардың ұлт тағдыры жөнiнде пiкiр алысқандары аян.

3.Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов 1921–1922 жылдары Аштықпен күрес жөнiндегi комиссиясына мүше кезiнде астыртын ұйымға кiру туралы үндеу таратты деген айып – айып емес, кәдiмгi жала. Мұнда олар, қырдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақ аудандарына көмектесу үшiн оқыған азаматтарға салауат жариялап, оларды азық-түлiк жинау науқанына ат салысуға шақырған болатын. Ол үндеудi Өлкелiк комитет ресми түрде бекiткен. Мұхтар Әуезов пен Сұмағұл Сәдуақасовтың қазақ қызыметкелерiнiң арнайы кеңесiн шақыруы да осы ашаршылыққа байланысты. Онда, расында да, «коммунистiк колонизаторлықтың» зардаптары туралы да нақты мәселелер қаралды.

4.Ташкентегi, Сарысудағы, Адай жұртындағы, Қызылқұмдағы әскери жасақтардың бүлiншiлiгi хақында баяндалған «тарихи анықтама» да шындыққа жанаспайды. Бұл аудандардағы көтерiлiстiң басты себебi – аштық пен тәркiлеу науқанының әдiлетсiз жүргiзiлуiнен едi. Ол адамдардың «Алашорда » үкiметi мен «Алаш» партиясына ешқандай қатысы жоқ. Ал Сұлтанбек Қожановқа қастандық жасау әрекетi жоспарланды деген айып мүлдем қисынсыз. Мұны ешқандай дерек растай алмайды. «Алашорда» үкiметiнiң «қылмысын» неғұрлым ауырлатып көрсету үшiн жасалған құйтұрқы жала.

5. Бiрiмжановтың, Битiлеуовтың, Мұңайтпасовтың Алманияға барып оқығаны, онда Зәки Уәлидовпен кездескенi, Уәлидовтiң бұларға көмектескенi шындық. Бiрақ олардың әр қайсысы әр қандай жағдаймен әр мезгiлде елге қайтып оралды. Әрине, Уәлидовтiң «Алашорда» үкiметiнiң қайраткерлерiнiң хал-ахуалын сұрауы, сәлем айтуы табиғи. Ал астыртын бiрiгiп iс-әрекет жасау туралы уағдаласуы шындыққа жанаспайды. Екi жақ та мұның мүмкiн емес екендiгiн жақсы бiлетiн. Ал Уәлидовтiң жасырын түрде Ташкентке келгенi, Қожанов пен Рысқұловқа хабарласуға ниет қылғаны шындық оқиға. Мұны түрмедегi айыпқа тартылушылардың жауаптары да, сыртқы деректер де растайды.

«Тарихи анықтамадағы» тарихи шындықтар осылар. Ал өзге-өзге, ОГПУ-дiң тергеушiлерi «әдеби өңдеудi» өте жақсы меңгерген болатын. Сондықтанда өтiрiктi шындай етiп баяндау оларға пәлендей қиындыққа түскен жоқ.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ: ЕС ЖЕГІСІ
Ел де – жаман,

Ер де – жаман,

Аңдығаны өз елі.

Абай.

Мiне, мұның ақыры кеңес өкiметiнiң өзi шығарған ең алғашқы декларация мен қаулы-қарарларының аярлықпен, топастықпен аяққа тапталуына әкеп соқты. Аз ұлттарға көмектесудiң орнына, оларды жаппай жазаға тартып, шетiнен қуғынға ұшыратты. Орталықтағы «ұлыорысты» орыс емес өкiлдерiнiң арандатушы әрекеттерi – туған әке- шешесiн «танымаған» асыранды қаскөй баланың қылығын еске түсiрдi. Олар өздерiнiң бойында дамымай қалған ұлттық сезiм мен қасиетi үшiн қандастарын қан қақсатып бiр қастандық жасаса, өтiрiк ақпарат пен арзан ақыл берiп, екi қиянат жасады. Мұндай дүбара мамандар ұлттық республикаларда да қалыптасып, ет пен терiнiң арасындағы арам бездiң мiндетiн атқарды

Ресей жаhангерлiгiнiң барлық отаршыл аяр саясаты кеңес өкiметiнiң де дiттеген жерiнен шықты. Көкiрегiн жеген өкпе құртына айналған ұлт мәселесiн олар қашан естерiн жиғанша еске алмауға тырысты. Бiрақ орайы келгенде орып, қылтасынан қиып тастауға ұмтылды.

«Әлсiз жау – ең сенiмдi дос, есепті дос жауымыздан да бетер қатерлi», деген П. Я. Чадаевтiң кекесiндi пiкiрiнiң желiсiмен жүрген большевиктер, аз санды ұлттарға келгенде бұл қанатты сөздi толық мағынасында жүзеге асырды.

Төңкерiс, азаматтық соғыс тұсында езiлген ұлттарды есiркеуге уәде етiп, «әлсiз жау» ретiнде дос тұтты. Ал, «есептi досқа» айналып, бауырына кiргенде дұшпанынан бетер түршiге өшiктi. Ресейдiң құрамындағы 140 миллион халықтың 75 миллионы орыс едi де (Олардың iшiнде өзiн орыспын деп есептейтiн Ленин, Троцкий, Бухарин, Каменев, Свердлов, Дзержинский, Фрунзе, Голощекин т. б., жүздеген мың сiңбелер бар), қалған 65 миллионы өзге ұлттар едi. Ресей үшiн тек қана шикiзат қажет болатын. Онсыз; ақ немесе қызыл жаhангердiң өмiр сүруi мүмкiн емес-тiн. «Әлеуметтiк теңдiктi» желеу жарымаған жарлылардың өкiметiнiң құлқыны – iшi майлы патшаның өңешiнен көрi де кең әрi ашқарақ едi. Сондықтан да, кеңес өкiметiнiң қомағай көмейлi кеңесшiлерi: кез келген «ұлттық мүдде мен құқыққа», сол ұлттардың дәстүрi мен тарихи мекенiн тануға, өзiн-өзi билеу еркiне, дербес мемлекеттiк саяси-экономикалық даму жолына, әскери-шаруашылық құрылым құруына, тiлiне де, дiнiне де, тiптi ұлттық теңдiгiне де қарсы өршелене күрестi.

Бұл да табиғи заңдылық. Олардың әрбiреуiнiң кесiрi – ұлттық көсемдердiң мұқым бiр толқынын жер жастандыруға жетiп жатыр еді.

Мәселенки: не орыс ұлтына, не еврей жұртына қайыр көрсетпеген, атасының атымен атасаң – Шая Ицкович, орысша есiмi – Филип Исаевич Голощекин, қазақтардың сиға тартқан аты – Қужақ, қазақ ұлтының мәйегiн төгiп, сүйегiн қу далаға шашып кеттi. «Ұлттар мүддесiнiң қорғаушысы, «лениндiк ұлт саясатының көсемi» Лениннiң өзi де мұндай аярлықтың әккiленген тәлiмiн өте ептiлiкпен қолданды. Ол езiлген ұлттарды сондай жәдiгөйлiкпен жауырынынан сипап тұрып, жауырынымен жер қаптырды. Тәуелсiз Башқұртстан мемлекетi мен «Алаш» үкiметiн де екiжүздiк саясаттың құрбандығына шалды. Сырттай барынша жақсылық жасағансып «езiлген ұлттардың өзiн – өзi билеу еркi, бостандығы бар» - деп жалпы декларацияға кiргiздi де, жеме-жемге келгенде башқұрттардың азаттық қозғалысы туралы Бухаринге:



«Тiптi, башқұрттардың өзi қанаушыларды құлатса, сонда да бiз оларға мұны жүзеге асыруға көмектесер едiк. Тек бұл төңкерiс пiсiп-жетiлген жерде ғана мүмкiн нәрсе. Бiрақ та мұны өте сақ, өзiмiз жылдамдатуға мүдделi боп отырған жайды тездетуге өзiмiздiң араласуымызбен бөгет жасамайтын жағдайда ғана жүзеге асыруымыз керек. Ал осы уақытқа дейiн өздерiнiң моллаларының ықпалынан шыға алмай жүрген тюркиздер мен сарттар сияқты халықтарға қарата бiз не iстей аламыз», - деп қитұрқы емеуiрiн бiлдiрдi.

Астарына аңғарлының аңғарлысы ғана түсiнетiн жәдiгөй саясат. Ақыры Ленин өзiнiң дегенiне жеттi. Сипап отырған жоқ, сыбап отыр.



-------------------------

---------------------------------------------------------------------------------------------------



(Әрине, бұл пікірлер партиялық тазалау тұсындағы парткомиссияның құжаттарына тіркелген, Голощекиннің тапсырысымен «Алашорда» ісін Т.Рысқұловпен байланыстыра тергеу барысында жинақталған ОГПУ-дің қызметкерлерінің көрсетінділеріне жауап ретінде жазылған. Сондықтан да әшкерелеушілік сарыны басым. Әсіресе, «Алашорда» мен Қожановқа, «Ақ жол» мен «Бірлік туына» қарсы пікірлерді пайымды тұлғаның байсалды пікірі ретінде қабылдауға болмайды. Одан көрі уақыттың төтенше құйыны тұсындағы саяси сауға тілеген жанның қысас пікірі десе де болады. «Алашорда» ісіне тікелей қатысы болғандықтан да және З.Валидовтің естеліктеріндегі тарихи оқиғалардың ішкі ырғағын түсінуге мүмкіндік беретіндіктен де, Т.Рысқұловтың хатынан үзінділер келтіруді жөн көрдік. Өйткені, тарихи шындықтың беті сонда ғана ашылады. Сонымен қатар осынау бір аласапыранды, арпалысты тұстағы оқиғалардың біразы қазір теріс тұжырымдалып, «шындықтың беті боялып» (Абай) кетіп жүр.Сталин мен Кагановичке бұл хат 1934 жылы 15 желтоқсан күні жазылған. Көлемі отыз беттен асатын хаттың тек тергеу мен ондағы жауаптарға тікелей қатысы бар тұстарын ғана іріктеп алдық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет