қашықтан оқыту – бұл әдеттегі күндіз немесе сырттай оқудан көп айырмашылығы бар оқытудың жаңа, арнайы формасы. Ол оқушы мен мұғалімнің, оқушылардың өзара қарым-қатынасының өзгеше формасын, өзгеше оқу құралы мен әдістемені, оқытуды ұйымдастырудың өзгеше түрін ұсынады. Сонымен қатар оның құрамы кез-келген оқыту формасында, кезкелген оқыту жүйесінде бар компоненттерден, оқытудың барлық түрінде, әлеуметтік қажеттілікті өтейтін мақсаттардан; оқу орнының түріне қарай қолданыстағы программаларды қамтитын мазмұннан; әдістемелерден, ұйымдастыру формасынан, оқу құралдарынан тұрады.
Қашықтан оқыту формасының соңғы үш компоненті қолданыстағы технологиялық негіздерге (мысалы, тек компьютерлік коммуникацияға, баспа құралымен, компакт дискімен, кейстехнологиямен жабдықталған компьютерлік телекоммуникацияға) қарай айрықшаланған.
Сырттай оқу мен қашықтан оқуды шатастырмау керек. Олардың басты айырмашылығы қашықтан оқытуда жүйелі әрі әсерлі интерактивтік оқыту қамтамасыз етіледі. Қашықтан оқытуды оқудың жаңа бір формасы деп, тиісінше қашықтан білім беруді (оқыту нәтижесі сияқты жүйені де, процестің өзін де) білім берудің жаңа формасы деп қарастыру керек. Әрине, оны басқа оқу жүйелерінің жетілдірілген түрі деп қарауға болмас. Қашықтан оқыту да күндізгі оқытудағыдай мазмұн мен мақсаттар негізінде құрылады. Бірақ, интернеттің ақпараттық ортасының және оның қызметінің мүмкіндіктеріне байланысты, қашықтан білім беруді жүзеге асыру ерекше болады.
Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, қашықтықтан оқытудың тиімділігі – студенттің университетке бармай-ақ, өзіне ыңғайлы жерде отырып, берілген тапсырманы орындай беретіндігі, яғни уақыттың ұтымдылығы, екіншіден, оқу ақысының арзан болатындығы, шалғайдағы шетел жоғары оқу орнын елде жүріп-ақ оқып, диплом алу мүмкіндігінің болуы.
қашықтықтан оқытудың маңыздылығы – білім берудің біртұтас ақпараттық жүйесін құру арқылы студенттердің білім деңгейін көтеру. Сонымен қатар әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашып, оқушылардың ғылыми және шығармашылық ізденістерін арттырып, білікті маман дайындап, оны өз игілігімізге жарата білсек, ұтар тұсымыз да сол болмақ. Бүгінде, информация өңдеу мен халықаралық деңгейде еңбек түрлерін бөлу әлемдік экономиканың ең негізгі ерекшеліктері болып отырған кезде, білім алу кез келген маманның жеке және кәсіби табысының негізгі көзі болып қала береді. Білімнің адамнын жұмысқа тұру мен өмір сүру деңгейіне тигізетін әсері бұрынғыға қарағанда анағұрлым күшейе бастады. Әрине, білімге қойылатын талаптар да өзгеріске ұшырады: әрбір жанның негізгі білімі мен оның тұрақты жаңарып отыруымен қатар қазіргі маман информациялық қорларды табысты пайдаланып, заң және экономика негіздерін де игеруі тиіс. Қазіргі мамандардан шығармашылық тұрғыдан ойлай білуі, соның негізінде шешім қабылдауы және өмір бойы оқып үйренуі талап етіледі.
. Қашықтықтан оқыту ұғымы бұрыннан таныс. XIX ғ. ортасында сол замандағы ақпаратты тасымалдау, яғни пошталық қызметті АҚШ және Еуропада қандай да себептерге байланысты сабаққа қатыспаған оқушыларға қашақтықтан оқытуды талап еткен. Коммуникациялық технологияның — 1920 жылы радионың және 1940 жылы теледидардың дамуына байланысты — оқытудың жаңа формасы кең масштабта пайдалануға басталды, ал сұраныс білімнің интернационализациялағанына және глобальдау процесінің басталуына байланысты XX ғ. 60 жылдарында пайда болды. Бірақта қашықтықтан оқытуға сұраныс 80 жылдары Интернет желісінің пайда болуынан бастап көбейе түсті. Виртуалды өмірде біз қатынасамыз, ақпарат қабылдаймыз және сатып алуларды жасаймыз. Қазіргі кезде жаңа технологиялар қолайлы және арзан болып келеді. Интернет арқылы қашықтықтан оқыту барлық әлемде дәстүрлі білім бөлігі болып саналады. Қазіргі кезде Америка, Азия және Еуропа дамыған елдерінде танымал. Алайда XXI ғ. қашықтықтан оқыту бүкіл әлемді жаулап алады. Білім беруді цифрлау жағдайында оқытуды ұйымдастырудың тиімді түрінің бірі қашықтықтан оқыту екенін айтуға болады. Осы бағыттағы алғашқы техникалық құралдар ХХ ғасырдың 40-50 жылдары қолданылды. Бұл кезең қашықтықтан оқытудың, «аудиовизуалды құралдар» деген жалпы түсінік атпен әйгілі ақпаратты берудің әртүрлі техникалық құралдарының (магнитофондар, күйтабақ ойнатқыштар, теледидарлар және т.б.) пайда болу кезеңі еді. 1946 жылы Л.Ларсон (АҚШ, Индиана штаты) оқу процесіне әртүрлі ақпарат беретін техникалық құралдарды: «аудиовизуалды құралдарды» – дыбысты жаңғыртуды, бейнелерді проекциялауды енгізе бастады. Бұл оқиға – АҚШ-та аудиовизуалды оқытуды енгізу білім беру саласындағы технологиялық революцияның басы болып табылады.
Екінші кезең, 50-60 жылдарды қашықтықтан оқытудың қалыптасу кезеңі десе де болады. Бағдарламаланған оқыту идеясы жүзеге асырыла бастады. Бұл кезеңде оқытудың «оқу пакеттері» деген атпен белгілі түрлері көп қолданыла бастады, сонымен қатар ақпаратты алыс қашықтыққа беру жүйесі пайда болды, осының арқасында Еуропа және АҚШ-да қашықтықтан оқытудың алғашқы ұйымдары құрылды.
70-80 жылдарда мектептерде, колледждерде, университтеттерде «компьтерлік революцияның» кіруіне және Internet желісінің, компьютерлік “Apple” бағдарламасының пайда болуына байланысты қашықтықтан оқытудың дамуының үшінші кезеңі өтті деп айтуға болады[2].
90-шы жылдардың басынан бері қашықтықтан оқыту жүйесі жетіліп келеді.
2008 жылдан бастап қашықтықтан оқыту технологиясын енгізу шеңберінде «Қазақстан Республикасының оқу теледидары» атты жалпыұлттық жоба іске қосылды [3]. Алғаш рет мектеп пәндерінің білім беру бағдарламалары бойынша «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан эфирге хабар таратыла бастады, осы кезеңнен бастап қазақ және орыс тілдерінде аптасына бір сағаттан жалпы білім беру жүйесінің пәндерінің оқу бағдарламалары бойынша ақпараттар беріле бастады. Теледидардың одан әрі дамуы өндіріске компьютерлік теъхнологиялардың қолдануына және оқу ақпараттарының сақталуына байланысты болды. Бұл анимациялық әдістердің дамуы, визуалды процесстердің, объектілер мен құбылыстардың жетілуі теледидар бағдарламаларының дамуына тікелей әсер етті. Бұл әдістерді тек мектеп кабинеттерінде жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық пәндер сабақтарында модельдеу қиынға соғатыны мәлім еді.
Теледидардың көмегімен оқыту шетелдерде де, біздің елімізде де оқыту мақсатында кең қолданыла бастады. Барлық ақпараттық-коммуникациялық ресурстардың ішіндегі теледидар материалдарды берудің мазмұны және әдістері бойынша ең қолжетімдісі, жан-жақтысы болып табылады. Оның ерекшелігі - теледидарлық, ақпараттық-коммуникациялық және мультимедийлік технологияларды кіріктіруде.
Құбылыстарды көрнекі бейнелеу үшін жан-жақты құралдарды қолдана алудың арқасында теледидар оқу ақпараттарының көбеюіне ықпал етеді және оқыту процесстерінің белсенді болуына қажетті жағдай жасайды. Оқыту теледидары (бұдан әрі – ОТД) барлық дидактикалық функциялардың: ақпаратты берудің, бақылаудың, білімді бекітудің, қайталаудың, әртүрлі әдістемелік тәсілдерді: проблемалық, индуктивтік, дедуктивтік жүйелеудің орындалуы үшін қолданылды және ол оқушылардың тану белсенділігін және оларға жеке еркіндіктерінің әртүрлі дәрежесін көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазақстандағы ұлттық оқу теледидарын ұйымдастырудағы мақсат жүйелі түрде он-лайн режимінде интерактивті оқыту теледидарын жасау және оны тарату, сонымен қатар осы хабарларды жалпы ұлттық деңгейде қолжетімді жасау еді.
Шетелдердің тәжірибесін талдау жалпы білім беру ұйымдарында IT технологияларын қолдану арқасында қашықтықтан оқытуды қолдану тиімді екенін көрсетті.
Мысалы, Американың және еуропа елдерінің көптеген мектептерінде қашықтықтан оқыту көп жылдардан бері қолданылады. Бүгінгі күні оқытуға бағытталған көптеген бағдарламалық өнімдердің саны мен сапасы артып келеді; интерактивті бейне материалдар, телеконференциялар, спутникті теледидар; көптеген елдер бірыңғай халықаралық ақпараттық-білім беру кеңістігіне бірігуде.
Бұның өзі бай мультимедиялық электронды кітапханаға, білімді бағалаудың сапалы жүйесіне, сонымен қатар икемді оқу кестесіне, әлемнің кез келген нүктесіндегі оқу бағдарламаларына қол жеткізуге болады деген сөз. Алайда, Америкада қоғам бұл мәселе бойынша екіге бөлініп отыр: бір бөлігі заманауи технологияларды қолдайды, ал басқалар болса, олар оқытушы мен оқушының бірге жұмыс істеуін қалайды. Қашықтықтан оқыту негізінде жоғары сыныптарда қолданылады, ал төменгі сыныптарда интернет-оқыту тек қосымша білім ретінде қолданылады, себебі іргелі бастауыш білім тек дәстүрлі түрде ғана беріледі.
Польшада ауыл мектептерін интернетпен қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін орталықталған бағдарламалар, мысалы «Интер-кл@сс» сияқты бағдарлама жасалды.
Бразилияда ШЖМ оқытушының қатысуымен «Educopedia» вебсабағына қатыса алады, «Educopedia» деп мектеп бағдарламасына сәйкес сабақтарды цифрлық платформада беруді айтады [4].
Австралияда өткен ғасырдың бірінші жартысынан бастап, оқытудың бұл түрі радио арқылы дүние жүзінде бірінші рет қолданыла бастады. Оқытудың осы түрін қолданғанда, балалар үйлерінде болады, ал ата-аналары оларға көмектесуі тиіс. Қашықтықтан оқыту технологиясы енгізілген әр штаттың білім департаменттерінде арнайы бөлімшелер жұмыс істейді. Ол бөлімшелер әрбір пән бойынша қашықтықтан оқытатын материалдарды әзірлейді. Әрбір жұмыс күні таңертең бір сағат бойы балалар оқытушымен радиобайланыста болады, кері байланыс арқылы оқытушы оқу тапсырмаларының орындалуы туралы хабар береді және қиын сұрақтарды айтып түсіндіреді. Балалардың үй жұмыстары мұғалімдерге жіберіледі, мұғалімдер оларды тексеріп, тиісті бағаларын қояды. Мұндай байланыс үшін радиоаппараттарды Үкімет орнатады. Оқытудың қашықтықтан оқу технологиясын балалар 10-сыныпты бітіргенге дейін қолданады. 10-сыныпты бітіргендегі емтиханды да балалардың үйлерінде отырып тапсыруына мүмкіндіктер жасалған. Бұл жағдайда емтихан материалдарын осы өңірдегі мемлекет құрылымы департаменті таратады. Бұл міндетті медициналық орталығы (амбулатория), тіпті тепловоз жүргізушісі де орындауы мүмкін. Сенімді адам оқушының тапсырманы басқа адамдардың көмегінсіз орындағаны туралы кепілдік беруі тиіс. Әрине, қашықтықтан емтихан тапсыру барысында оқушыларға ата-аналары көмектесетін мүмкіндік бар екенін естен шығармау қажет. Бірақ Австралия халқы бұлай жасағанда балаларға нұқсан келетінін жақсы түсінеді: кім оқымаса, ол оқушы емтихан тапсырмаларын орындау барысында қиындықтарға тап болады. Тағы айта кететін мәселе, үй тапсырмаларын бағалау бойынша кері байланыс мақтау немесе жазалау болып табылмайды. Осыған байланысты оқу жетістіктері бойынша оқушыларды ранжирлеу қолданылмайды, сондықтан көшіріп алуға ешбір мотивация жоқ деп саналады [5].
Ресейде қашықтықтан оқыту жүйесі мемлекеттік саясат ретінде 1992 жылдан бастап енгізіле бастады. Нормативтік-құқықтық құжаттарда «қашықтықтан білім беру» түсінігі 1995 жылдан бастап қолданылады. 1997 жылы қашықтықтан білім беру саласында тәжірибе жүргізу туралы бұйрыққа қол қойылды. Осы бұйрықтан кейін қашықтықтан оқытатын жаңа оқу орындары, қашықтықтан біліктілікті көтеру орталықтары ашылды [6].
Қазіргі кезде қашықтықтан оқыту білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде және корпоративтік оқыту саласында қолданылады. Әсіресе қашықтықтан оқыту ауылдық шағын жинақы мектептерде өте өзекті мәселе болып отыр. Мысалы, Ресейде жалпы білім беру мекемелерінің құрылымында ауыл мектептері 68,9% құрайды. Қашықтықтан оқыту кешенін тұрғызу принципіресурс орталығы базасында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды орнатуға негізделген. Ол көпнүктелі бейнеконференциялар сериясын жүргізуге арналған серверлік жабдықтан, оқу сабақтары мен материалдарын сақтайтын жазу 11 серверінен тұрады. Мектептер өз тарапынан ресурстық орталыққа қосылған, ол мектептер базалық және шағын жинақы (мектеп-спутниктер) болып бөлінеді. Бұл мектептер бейнеконференциялар және интерактивті сабақтар өткізу үшін бар қажетті қондырғылармен, әртүрлі коммуникациялық сервистермен жабдықталған. Шағын жинақы мектептердегі әртүрлі жастағы оқушылар компьютерлік сыныптарда тьютордың жетекшілігімен жұмыс істейді. Әр оқушы (немесе оқушылар тобы) Интернетке қосылған компьютерлермен қамтамасыз етілген, оқушылардың (оқушылар тобының) оқу жоспарларына сәйкес олардың электронды қашықтықтан оқытатын жүйенің курс материалдарына қолдары жетімді. Оқу барысында әртүрлі білім беру ұйымдарының оқушылары «виртуалды» сыныптарға біріктіріліп оқулары мүмкін, олар қашықтықтан оқытатын мұғалімнің бірыңғай кестесіне сәйкес оқиды.
Қашықтықтан оқуды жеке оқушыларға немесе шағын топтарда қолдану ұсынылады. Бұл ретте сыныптағы (топтардағы) білім алушылардың саны оқу пәніне байланысты өзгеріп отыруы мүмкін.
Педагогтің ролі оқушылардың жеке немесе ұжымдық жұмыстарын ұйымдастыру, оқыту барысында проблемаларды анықтау және тез арада шешу, оқушылардың жұмыстарына рецензия беру болып табылады. Оқытудың барлық мазмұндық бөлігі электронды қашықтықтан оқыту жүйесіндегі курстарда өтіледі.
Оқушылар физикадан, химиядан және биологиядан зертханалық жұмыстарды үйлерінде орындауларына болады, мұғалімдер мен оқушылар сабақтарда интерактивті тақтаның көмегімен ресейлік және шетелдік мұражайларға саяхат жасай алады, алыс ауылдардан келген балалар елдің үздік мұғалімдерінің дәрістерін көріп, тыңдау мүмкіншіліктеріне ие.
Ауылдық мектептердегі физика-математика цикліндегі пәндерді таңдайтын балалардың санын көбейту мақсатында 2017 жылы Чуваш Республикасында физикадан қашықтықтан оқыту бойынша жоба іске қосылды. Әрбір муниципалитетте базалық мектеп таңдап алынып, бекітілді. И.Н.Ульянов атындағы Чуваш мемлекеттік университеті мен Чувашияның Білім беру министрлігі арасындағы келісім аясында физиканы қашықтықтан оқытуды физика-математика факультетінің жетекші педагогтері жүргізеді. Базалық мектептерге белгілі бір күндерде 9-11 сынып оқушылары алып келінеді, олармен ЖОО оқытушылары бейнеконференция режимінде сабақ жүргізеді. Оқыту арнайы элективті немесе факультативті сағат шеңберінде ұйымдастырылған.