Тәуелсіздікке 20 жыл: аймақтағы кітапхана ісінің даму жолдары



Дата25.02.2016
өлшемі115.98 Kb.
#21984
Тәуелсіздікке 20 жыл:

аймақтағы кітапхана ісінің даму жолдары.
Исатаева Р.Ж.

Ж.Молдағалиев атындағы

ОҒӘК директоры

Тәуелсіздіктің 20 жылы тарих үшін өте қысқа мерзім болғанымен, тәуелсіз еліміздің тарихында әрбір жылы, әрбір күні алтын әріптермен жазылатын, мағыналы жылдар болды.

Тәуелсіздік - біздің еліміз бен халқымыздың басты мұраты, біздің тарихи таңдауымыз бен тағдырымызды айқындауымызға берілген зор мүмкіндік болды. Бейбітшілік, келісім мен жасампаздықтың жиырма жылы еліміздің экономикалық дамуын, ел азаматтарының өмір сүру деңгейін, өнері мен мәдениетін дамытуда таң қаларлық жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани және мәдени өміріндегі барша әлем мойындап отырған жарқын құбылыстар Елбасы Н.Ә Назарбаевтың көрегендік саясатының нәтижесінде дүниеге келді. Елбасы: «Қазақстан әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарынан лайықты орын алуы үшін өзінің қазба байлығымен қатар жазба байлығын да, яғни мәдениеті мен ғылымын, білімі мен білігін-рухани әлеуетін күллі адамзатқа жарқырата көрсетіп, елімізді айдай әлемге паш ете білуі керек» деген болатын.

Тәуелсіздіктің 20 жылы еліміздің рухани- мәдени дамуындағы елеулі жетістіктерге қол жеткізген жылдар болды. Ұлттық мәдениетімізді өркендету жолындағы атқарылған істер оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздіктің таңы атқан 90-шы жылдары еліміздің мәдени саласы көптеген қиындықтарды бастан кешті. Республиканың мәдени мекемелері, соның ішінде кітапханалар жүйесі құлдырауға ұшырап, 9,0 мыңнан астам мемлекеттік көпшілік кітапханалар жүйесінде барлығы 3,0 кітапхана ғана қалған болатын. Білім, мәдениет, денсаулық саласын оңтайландыру саясатына байланысты облысымыздағы ауылдық кітапханалар 1991-1995 жылдары 539-521-ге қысқарса, 1995-1998 жылдары 521-376-ға яғни облыс бойынша 147 кітапханаға қысқарды. Осы жағдайларға қарамастан жергілікті биліктің қолдау көрсетуімен біздің облысымыз республика көлемінде кітапханалардың тек саны ғана емес, біртұтас жүйесін сақтап қалудан алғашқы орында болды. 2001 жылы -10, 2002 жылы -5, 2003 жылы -5 кітапхана қайта ашылып, кітапханалар жүйесі дами бастады.

(слайд-1)1991-2011 ж .ж. кітапханалар саны

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысындағы 407 кітапхана 5245,9 мың дана кітап қорымен 307903 облыс тұрғындарының заман талабына сай ақпаратқа деген сұранысына жауап беріп, еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін баянды ету, оны ұрпаққа жеткізу, әдеби құндылықтарды насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұраны сақтау бағытында кітапханалық қызмет көрсетуде. Облысымыздағы мәдени мекемелердің ішіндегі саны жағынан және халыққа қызмет көрсету жағынан алғанда ең ауқымды, халық арасында мәртебесі биік сала - кітапхана саласы болып отырғаны облыс кітапхана мамандары үшін зор мәртебе.

Нарықтық экономиканың қиыншылықтарына қарамастан 1994 жылдан бастап кітапханаларда кітапхана ісін автоматтандыру ісі қолға алынып, нәтижесінде электронды ақпараттар базасы құрылып, жұмысқа кірісті. Бүгінгі күні халыққа кітапханалық қызмет көрсетудің дәстүрлі түрімен қоса электрондық жүйеге негізделген қызмет көрсету, электронды каталогтар, библиографиялық дерекқорлар жасау, интернет желісінің көмегімен ақпарат алмасу, сирек кездесетін кітаптар қорын электронды түрге көшіру сол кезден бастау алды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Республикасында болған елеулі тарихи оқиға - 1998 жылы 15-17 қазан күндері Алматыда өткен «Қазақстан кітапханалары ХХІ ғасырда» атты Қазақстан Республикасы кітапханашыларының ІІ съезі болды. Сьезд жұмысына облысымыздан көптеген кітапхана мамандары қатысып, «жаңа ғасыр табалдырығындағы кітапхана қандай болу керек?» деген тақырып төңірегінде пікір алмасып, ой бөлісіп, ортақ шешімге келіп қайтты. Кітапхана ісін еліміздің мәдени саласы ретінде тану, жаңа мыңжылдықта кітапхана ісінің қайта жанданып, мәдени мекемелер арасында жоғары дәрежеге ие болып, мәртебесі биіктей түсуі осы сьезд жұмысынан бастау алды.

Жаңа ғасыр шымылдығын ашқан егемен елді тығырықтан шығаруға, кітапханалар жүйесінің қайта жандануына Елбасының 2000 жылды - Мәдениетті қолдау жылы деп жариялауы болды. Осы жыл - Ақжайық өңірінің рухани өміріндегі мән - маңызы өлшеусіз оқиға болған Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы қазақтың ақиық ақыны, жерлесіміз, Тәуелсіздіктің алғашқы жаршысы - Ж.Молдағалиевтің есімімен аталуымен есте қалды. Биылғы жылы 140 жасқа толып отырған Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана тарихтың қаншама белестерінен өтсе де өзін аймақтағы ғылыми-әдістемелік орталық ретінде облыс кітапханаларына дәлелдеп келеді. Халықаралық, мемлекетаралық, аймақтық байланыстардың дамуы кітапхана ісі мен оның перспективалық дамуынан көрініс тауып, екі ел кітапхана мамандарына жаңа кәсіби кеңістік ашуға зор мүмкіндіктер беруде. Кітапхана мамандары халықаралық деңгейдегі, республика деңгейіндегі түрлі мәдени шараларға қатысып, әріптестерімізбен іс-тәжірибе алмасып отырады. Қазақстан – Ресей мәдени-тарихи байланысына жол ашатын электронды коллекцияларды пайдалану, ТМД елдері халықтарының мәдени мұрасын сақтау және көбейту мақсатындағы «Шекарадағы кездесу» Қазақстан – Ресей жобасына қатысып, көршілес жатқан Орынбор, Самара, Саратов, Волгоград, Астрахань облыстарының кітапханаларымен жаңа ақпараттық кеңістік ашып, кітапханалардың тату-тәтті, ынтымақтастық саясатты жүзеге асырудағы беделін көтере түсті.

2002 жылы облысымыздың мәдени өмірінде үлкен тарихи оқиға болған «Еуразиялық біртұтастық-кітапханалық ресурстар мен мәдениеттердің тоғысуы» атты республикалық конференция өтті. Орал қаласы Қазақстан кітапханаларының астанасы деп танылды Бұл конференция көпұлтты еліміздің кітапхана оқырмандарына кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетудің ғылыми-теориялық және тәжірибелік базасын құруға ықпал етті.

2003-2005 жылдар Елбасының қолдауымен ауылдық жерлерді қайта жандандыруға бағытталған «Ауыл жылдары» болды. Осы жылдары жабылып қалған мәдени орындар, кітапханалар қайта ашыла бастады.

2003 жыл – ауыл кітапханаларының жаңа типін дүниеге әкелді. Жаңа заман талабына сай оқырман сұранысына жауап беру үшін кітап қоры, ақпараттық ресурстары мол, жаңа технологиямен жабдықталған, материалдық базасы модельдік қалыпқа сай ауыл кітапханаларының келбетін қалыптастыру қажеттілігі туды. Осы жылы жергілікті билік орындарымен бірлесіп, Зеленов ауданының Зеленый кітапханасында «Ауыл кітапханаларын дамытудың жаңа аспектілері» атты облыстық зерделі кеңес өткізіліп, ауыл кітапханалары жұмысының модельдік стандарты талқыланды. Осы оқиғадан кейін облыста Теректі ауданының Подстепное ауылдық кітапханасы, Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық кітапханасы, Ақжайық ауданының Мерген ауылдық кітапханасы, Сырым ауданының Алғабас ауылдық кітапханасы Модельдік ауылдық кітапхана болып ашылып, оқырмандарын жаңа заман талабына сай ақпаратпен қамту жұмыстарын жүргізу жалғасын тапты.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2004 жылғы 13 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген 2004 -2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы Қазақстан мәдениеті мен мәдени құндылықтарын динамикалық дамытудың тарихи – мәдени жалғастығын жүзеге асыруға бағытталған болатын. Бұл мемлекеттік бағдарлама Елбасының бастамасымен іске асырылып, Тәуелсіз Қазақстанның тарихи шежірелі беттері қалыптасты. Әлемнің 12 елінде ғылыми – іздеу экспедициялары жүргізіліп, тарих, этнография, өнер салалары бойынша 5000 қолжазба мен баспа өнімдері табылды. Кітапханаға бағдарлама аясында «Арыс» баспасынан «Тұлға» сериясы бойынша 1413 дана кітап, «Атырау ақын-жазушылары» сериясымен 50 томдық жинақ 1200 дана кітап болып Батыс Қазақстан облысы кітапханаларының қорына қосылды.

Біздің кітапханамыздың баға жетпес байлығы -1871 жылы құрылған Орал Әскери Көпшілік кітапханасынан қалған асыл мұра- ХҮІІІ- ХІХ, ХХ ғасырларда жарық көрген 5200 дана сирек кездесетін, раритеттік кітаптар. Қазақстан Республикасы Электрондық кітапханасына революцияға дейінгі қордан 90 дана кітап сандық көшірме жасалып, Интернет желісі арқылы оқырмандарға ұсынылды.

Кітапхана - өткен мен бүгіннің, тарих пен жаңа дәуірдің арасын жалғап жатқан алтын көпір, Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы мен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың әдістемелік басшылығымен 2005-2006 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Ауыл энциклопедиясы – Шағын Отан» байқауы жарияланды. Байқауға қатысқан ауыл кітапханашыларының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде облыс тарихына қатысты құнды деректер табылып, кітапханадағы өлкетану қоры аудан тарихы туралы жинақталған энциклопедиялармен толықтырылды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Ауыл халық өмірінің айнасы, мәдени, тұрмыс-салттық, рухани өмірдің көзі, ұлттың нағыз табиғи әлемін танытатын негіз» - деп атап көрсеткен. Облыс көлеміндегі ауыл кітапханаларының тарихын зерделеп, саралап, бір еңбекке біріктіріп, осы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Ауыл кітапханаларының шежіресі» атты байқау жарияланып, жиналған деректерден облыстың мәдени тарихына қосылған құнды жинақ жарық көрді. Бұл аталған облыс деңгейіндегі байқаудың орасан зор тарихи маңызы бар. Күн өткен сайын санадан өшіп жатқан, ауыл мәдениетінің ошағы болған кітапханалардың тарихын жергілікті жерде халықпен араласып жүрген ауыл кітапханашыларынан артық ешкім де жаза алмас еді. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған бұл жұмыстар өлкетану қорына қосылған зор үлес болды.

Батыс Қазақстан облысының мәдени өмірінде болған елеулі оқиға-«Батыс Қазақстан облысы кітапханалары қазіргі қоғам кезеңінде» атты облыс кітапханашыларының І-форумы болды. Сан ғасырлар бойы адамзатты білім нәрімен сусындатып отырған рухани қазына ордасы - Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының 135 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген бұл шарада кітапхананың жүріп өткен тарихи белестері мен жаңарған қоғамдағы кітапханаларды модернизациялаудың негізгі бағыттары, қол жеткізген табыстар туралы ой бөлісіп, кітапхана мамандары іс- тәжірибе алмасты.

Астана қаласында 2007 жылы «Оқитын ел – бәсекеге қабілетті қоғам негізі» тақырыбымен тұңғыш рет Халықаралық Оқу конгресі өтті. Дүниежүзілік деңгейде кітап оқу мәдениетінің төмендеп кеткеніне алаңдаушылық білдірген кітапханалық қауымдастық әр жыл сайын ел болып қазақ әдебиетіндегі ең үздік деп танылған туындыны оқу және насихаттау, халқымыздың кітап оқуға ынтасын арттыру мақсатында ҚР мәдениет министрлігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының қолдауымен «Бір ел - бір кітап» акциясы өткізу туралы ұсыныс білдірді. Дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген. Бұл бастаманы Қазақстан жұртшылығы қызу қолдап, акция аясында бітрұтас ел болып, бұған дейін ұлы классиктер Абайдың «Қара сөздері» мен Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман», Мағжан Жұмабаевтың лирикаларын республика халқы оқыса, 2010 жылы ел болып оқуға Жұбан ағамыздың «Мен - қазақпын» поэмасы таңдап алынды. Қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген, кешегі кеңестік идеологияның жалын атып тұрған кезінде: “Мен қазақпын» - деп тұтас бір ұлттың атынан әнұранға пара-пар поэма жазған, ең алдымен ақындығымен, азаматтығымен, қайсарлығымен талайды тәнті еткен, көзінің тірісінде - ақ қазақ өлеңінің жыр - дариясы атанған Жұбан Молдағалиевтің 90 жасқа толуы қарсаңында республика жұртшылығының осы шығармасын таңдап алуы Ақжайық жұртшылығы үшін зор қуаныш болды. Биылғы жылы акция аясында Алаштың ардақты ұлы Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқиды.

2008 жылы Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның жас кітапханашыларының тұңғыш слеті өтті. Кітапханалардың болашағы жастардың қолында. Жаңа бағдарламасын ілгерілетудегі маңызды кезең болды инновациялық идеялар мен креативті ойлар арқылы жаңа технологияларды енгізу, кітапхана жұмысының жаңа бағыттарын меңгеру – жастардың еншісінде.

Слетке Батыс Қазақстан облысынан 13 жас маман қатысып, өзге облыстағы әріптестермен кәсіби – қарым қатынас жасап, тәжірибе алмасып қайтты. Қазақстан Жас кітапханашыларының Слеті еліміздегі кітапханалық кадр саясатын қалыптастырудағы, кітапхана саласын жаңарту бағдарламасын ілгерілетудегі маңызды кезең болды.

2008 жылы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың кітапхана ісін дамыту бөлімі Облыс кітапханаларының арасында «Үздік ауыл кітапханасы» байқауын жариялады. Байқауға қатысқан ... ішінен Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Бударин ауылдық кітапханасы « Үздік ауыл кітапханасы» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болды.

Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханасының базасында 2009 жылдың маусым айында «Оқу-ұлт мәдениетінің негізі» тақырыбында облыстық зерделі кеңес барысында кітаптың рухани құндылықты көтерудегі маңызы төңірегінде ой қозғалып, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханасындағы «Жанұя оқу орталығы» жанындағы тренинг орталықтың алғашқы сабағы, «Қазіргі отбасы нені оқиды» атты әлеуметтік зерттеу қорытындысы, «Оқу орталығын ұйымдастыру» жобалық бағдарламасын жасақтау бойынша тренинг ұйымдастырылды.

Зерделі кеңес барысында Алғабас ауылдық кітапханасына «Үлгілік қалыптағы ауыл кітапханасы» мәртебесі берілді.

2010 жылы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының әдістемелік басшылығымен Бөрлі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық кітапхана жүйесі базасында екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастығымызды нығайту бағытында және Ресей мен Қазақстанның «Шекарадағы кездесу» жобасы аясында «Кітапхана-мәдениет диалогының орталығы» атты зерделі кеңес оздырылды. Зерделі кеңес екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастығымызды нығайтып, іс-тәжірибе алмасу бағытында және Ресей мен Қазақстанның «Шекарадағы кездесу» жобасы аясында өткізілді. Зерделі кеңесте мәдени мұраларды сақтау және біздің өңірде қоныстанған халықтар мәдениетін өрістету, сондай-ақ кітапхана ісін дамыту, отансүйгіштік пен халықтар достығын нығайту, бауырлас ұлттардың тілі мен дәстүрін құрметтеу тақырыбында құнды пікірлер талқыланды.

Облысымыздың мәдени өмірінде болып өткен маңызы зор бұл шараға Орынбор облысының жасөспірімдер кітапханасынан, Орынбор облысының Н.К.Крупская атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Орынбор облысының Соль Илецк аудандық ОКЖ, Самара облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасынан, Саратов облысының Дергачев орталықтандырылған аудандық кітапханасы, Саратов облысының Озинки ОКЖ, Волгоград облысының Палласовка ОКЖ кітапханаларынан қызметкерлер қатысып, әріптестік байланыстың көкжиегін кеңітті.

Облыстық кітапхана облысымызға ат басын бұрған ақын – жазушылар, қоғам қайраткерлері Ә Кекілбаев, Қ. Мырза Әли, Ф.Оңғарсынова, М. Есламғалиев, С.Досанов, Қ.Жұмағалиев, М.Жолдасбеков, Ө.Нұрғалиев сынды әдебиет майталмандарын қошеметпен қарсылап, оқырмандарымен жүздестіріп, жарық көрген жаңа кітаптарының тұсауын кесіп, оқырмандарының жүрегінен орын алуына ықпал етіп отырады. Кітапханаларда заманымыздың заңғар жазушысы Ә.Кекілбаевтың 12 томдық, Мырза Әлидің 16 томдық шығармаларының, Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясының (2002) тұсаукесерлері өткізілді.

Тәуелсіздік алған еліміздің алғашқы күндерінен бастап көркем ой құндылықтарының асыл маржандарын ұрпақтан - ұрпаққа жеткізіп, кітапханаларды ақпараттық және мәдени орталықтарға айналдырып, қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленіп, адами қасиет, еңбекқорлық, шыдамдылықтың үлгісін көрсетіп жүрген кітапхана мамандарына ыстық ықыласымды білдіргім келеді.

Біздің облысымыз республика бойынша арнаулы жоғары және арнаулы орта білімді кітапхана мамандарының саны бойынша Оңтүстік Қазақстаннан кейінгі екінші орында тұр. Бұл жетістік Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің кітапханатану және библиография бөлімінің, Орал гуманитарлық академиясының, Құрманғазы атындағы саз колледжінің облыс кітапханаларына өз түлектерін дайындап шығаруы нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша 782 кітапханашы жұмыс істесе, оның 407 жоғары білімді, соның ішінде 329 жоғары кітапханалық білімді, 336 арнаулы орта білімді. Кітапхана қызметкерлерінің 30 жасқа дейінгілері -17,2 пайызды, 30-40 жасқа дейінгілері-25,4 пайызын, 40-50 жас аралығындағылары -33,8 пайызын құрайды. Бүгінгі күні кәсіби шеберлік, кәсіби құндылық кез келген маманның қоғамдағы сұранысымен орнын анықтайтын басты принцип. Сондықтан да жаңа технологиялар негізінде қызмет етуде жас мамандарға қойылатын талаптар да жоғары екені даусыз. Азаматтық қызметкерлерді жұмысқа қабылдау негізінде мамандар таңдау бағытында қойылатын талаптың да үлкен мәні сол кітапханашы өз кәсіби қызметін белгілі дәрежеде жетік игеруімен шектелмей, жаңа технологияларды өз жұмысында қолдана білетін білікті маман болуын қалаймыз.

Тәуелсіздік облысымыздың кітапхана ісін жаңа белеске көтерді, кітапхана егемен еліміздің рухани тірегіне айналды. Кітапханаларды модернизациялау кітапхана оқырмандарына ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсетудің жаңа үлгілерін енгізу, кітапханалық қызмет көрсету мен басқару құрылымын өзгерту болып табылады. Бұл, ең алдымен оқырмандарға олардың білімге, рухани дамуға қажетті ақпараттарға сұранысын қанағаттандыру үшін кітапхананың барлық бөлімдерінің жұмысын үйлестіру (координациялау) қызмет көрсету жүйесін табысты жүргізу үшін техникалық жағдай мен мамандардың біліктілігін көтеру мәселелеріне бағыт ұстау.



Елімізде Каз НЭБ-тің дамуы жаңа корпоративті жүйе арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Облыстық кітапханадағы революцияға дейінгі кезеңді қамтитын қордың сандық коллекциясы КазНЭБ-тің қорына жолданды. Бүгінгі таңда 200 толық мәтінді раритеттік өлкетану басылымдары КазНЭБ қорына берілді.

Кітапхана стратегиясы мен тактикасын дамытудың басты құралы жаңа ақпараттық технологиялар болып табылады. Бүгінгі таңда ел дамуының барлық саласы бойынша 2010-2020 жылдарға арналған қарқынды дамудың индустриалды- инновацияық бағдарламасын қабылдап, жүзеге асыру қолға алынуда. Біздің алдымызда Батыс Қазақстан облысы кітапханаларын дамытудың индустриалды-инновациялық дамытудың жаңа бағдарламасының жобасын жасап, қабылдау міндеті тұр. Отанымыздың көгінде Тәуелсіздік орнағаннан бері небір жарқын істер жүзеге асырылды, ал олардың орасан зор мағыналы маңызын келер ұрпақ беруге тиіс. Тарих таңдауы біздің ұрпаққа, күрт бетбұрыс кезеңінде ел тағдырын шешу біздің еншімізге түсті. Іргелі мемлекеттің демократиялық қоғамдық іргесін бекемдеу жолында әлі де бірге еңбек ете береміз. Сіздердің қалтқысыз қажырлы еңбектеріңізге зор ризашылық білдіріп, туған еліміздің игілігі жолындағы істе табыстан-табысқа жете берулеріңізге тілектеспін.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет