«Тынышбаев Мұхамеджан, 1887 жылы туған, қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы огпу мекемесі оны: «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, Мемлекеттік Думаның мүшесі,


Ф.Осадчий Қазақтың тұңғыш теміржол инженері



бет2/3
Дата03.07.2016
өлшемі406.33 Kb.
#173777
1   2   3

Ф.Осадчий

Қазақтың тұңғыш теміржол инженері

Өркен, 1989жыл, 12 август, 9б.

Лениннің Жаңа экономикалық саясаты күш жинап келе жатқан кез. 1926 жылдың декабрінде СССР Еңбек және Қорғаныс Советі Түрксіб құрылысы туралы қаулы қабылдады. Қаулыға Алексей Иванович Рыков қол қойғанды. Ешқандай қиындық пен кедергісіз Түрксіб құрылысына үкімет тарапынан көмек көрсету комитеті құрылды да, оған РСФСР Халық Комиссариаты Советі председателінің орынбасары Тұрар Рысқұлов басшылық ететін болды.


Ер тұлғалы Тынышбаев салмақпен орнынан тұрып, жиналғандарды асықпай бір шолып өтті де, Түрксіб құрылысында алғаш рет қолданылған аэрофотосуреттердің оның есебінің дұрыстығын көрсеткенін айтты. Қордай дегеніміз өте қиын асу. Онда ұзындығы 50-60 метрлік жер асты жолдарын салу керек. Сондай-ақ, бір составқа үш паровоз тіркеуге тура келеді. Біреуі басында, екеуі артынан итеріп жүру үшін соңынан тіркеледі. Ал Шоқпарда ұндай қиындықтарға кезікпейміз. Бұл, – пайдалану жұмысы кезінде халық қаражатын көп мөлшерде үнемдеуге мүмкіндік береді деген сөз. Сондай-ақ, Шоқпар арқылы жол салу оңай болғандықтан, құрылысының жұмысына кететін қаржы 26 миллиюн сомға аз жұмсалады. Сондай-ақ бір жыл уақыт үнемделейін деп тұр.

– Сендер бес жылда да бітіре алмайсыңдар – деп салды Қордай вариантын жақтаушылар.

1930 жылдың 28 апрелінде белгіленген мерзімнен 540 күн бұрын ұлы магистральдың соңғы рельстері төселді. Түрксіб құрылысшылары үш күн қатарынан жеңіс күнін тойлады.
1931 жылдың бірінші январында, өте қысқа мерзім ішінде, Түрксіб пайдалануға берілді. Бұл іске инженер Тынышбаевтың қосқан үлесі өте зор. Алайда, рұқсат етілмегендіктен, тарихшылардың бірде біреуі оның есімін осы уақытқа дейін атап көрген емес.

Бұл туралы М.Тынышбаевтың «Босқын қырғыз-қазақ жайы» атты мақаласын «Ана тілі» оқырмандарына таныстыру орайында жазылған алғысөзінде тарихшы Мәмбет Қойгелдиев:



«М.Тынышбайұлы 1917 жылы Уақытша үкіметтің Жетісу облысы бойынша комиссары қызметінде жүргенде босқынға ұшыраған қырғыз бен қазақтың жоғын жоқтаушылардың бірі болды. «Қазақ» газеті 1917 жылғы тамыздың 11-ндегі нөміріндегі оның Петроградқа үкімет орындарынан босқындарға ақшалай жәрдем сұрай барып, 5 миллион сом алып қайтқанын жазды. Ал осы газеттің бетінен ол бұл қаржының жұмсалу барысынан нақты есеп беріп тұрғанын байқаймыз. М.Тынышбайұлы мен «Қазақ» газетінің әрекеттері белгілі дәрежеде Құлжа қаласында Садық Ювашев бастаған 38 адамнан тұрған «Босқын қырғыздарға (қазақ-қырғызға ортақ – Т.Ж.) жәрдем комитетінің» құрылуына себеп болды. Комитет Ресей мұсылмандарынан түскен қайырымдылық жәрдем арнайы дәптерге тіркеліп, оның жұмсалуы туралы комитет басшылары «Қазақ» және «Уақыт» газеттері арқылы есеп беріп тұруға міндетті болды», – деп жазды.

Ж.Дүзбаев

Жетісуға жетпей қалған...

Ақпан революциясынан жер-жерлерге Уақытша үкіметтің комиссарлары жіберілді. 30-наурызда Түркістан генерал-губернаторы Куропаткин тұтқындалып, өлке билігі Уақытша үкіметтің Түркістан комитетіне көшті. Оның құрамына кадет Шепкин, социалист О. Шкапский, 1-Мемлекеттік Думаның депутаты Ә. Бөкейханов және II Мемлекеттік Думаның депутаты М. Тынышпаев секілді зиялылар кірді. 1917 жылдың 21-сәуірінде Жетісудағы саяси-әлеуметтік жағдайдың аса қатты шиеленісіп кетуіне байланысты Мұхамеджан Тынышпаев пен Орест Авенырович Шкапский осы өлкеге Уақытша үкіметтің комиссарлары болып тағайындалды.



Келген бетте жаңа сайланған комисарлар осыған дейінгі шолақ саясаттың зардабынан туған үлкен дағдарыстан шығудың жолдарын қарастырып, батыл әрекеттерге дереу кірісті.

12-мамырда Петроградқа жіберген телеграмма:

«Петроград, (бес адреске)... Бұрын-соңды болмаған құрғақшылықтың зардабынан Жетісудан егіндік пен шабындық жерлер қурап қалды. Күзде алынатын өнім болмашы ғана, ал шөп мүлде жоқ. Барлығы дерлік күйіп кеткен. Қыста соның салдарынан мал түгел қырылатыны анық. Орыстардың көтеріліс кезін де тартқан шығындарын өтемей орыс пен қырғызды татуластыру мүмкін емес. Сондықтан да алдағы үлкен апаттан елді аман алып шығу үшін міндетті түрде шұғыл шаралар қолдану қажет... Өлкенің экономикалық, географиялық және саяси ерекшеліктерін ескере отырып өздігінен щешім қабылдай алатын, Түркістан Комитетіне тәуелсіз, арнаулы Жетісу Комитетін құруға рұқсат етіңіздер. Комитетті күшейту мақсатымен осы өлкеде туып өскен социал-демократ, меньшевик Илья Шендриковты үшінші Комитет мүшесі етіп бекітулеріңізді сұраймыз. 12-мамыр. 29-нөмір. Шкапский, Тынышпаев».

(Қазақ ССР Орталық мемлекеттік архиві. 9-қор, 1-тіркеу, 5-іс, 2-парақ).

Уақытша үкіметтің жаршысы болған қос комиссар ауыл-ауылды аралап жүріп қалың бұқараға теңдік, бостандық деген ұғымдарды насихаттап және оны біртіндеп іске асыра бастады. Мәселен, 31-мамырда Петроградтағы Шепкинге жіберген телеграммасында М. Тынышпаев:

«...Бүгіннен қалмай мен Қарқараға жүремін, қырғыздар арасында әлеуметтік реформалар жүргізу қажет. Феодалдың құрылысты әшкерелеп, оны түп-тамырымен құрту керек», – деп жазды. (Бұл да сонда. 9-қ., 1-тір., 5-іс, 2-пар). Осы сапардан маусым айының басында қайтып оралған М. Тынышпаев келген бетте жиналған материалдарды негізге ала отырып, Петроградқа II адреске, атап айтқанда Азық-түлік министрлігіне, Жер қатынастары министрлігіне, Юстиция министрлігіне, Ағарту министрлігіне, Түркістан Комитетінің председателі Шепкинге, Мемлекеттік Дума ішіндегі мұсылман фракциясына және беделді деген газет редакцияларына шұғыл телеграмма соғады:

«...Халықтың болашағы бірлікте! ...Ел ішіндегі жағдай өте ауыр. Бірінші маусымда уездік комитеттердің және басқа да комиссия мүшелерімен бірге Қытайдан қайтып оралған қырғыздардың қоныстарын аралап қайттық. Олардың ауыр тұрмысы біздің жанымызға қатты батты. Елдің үстіне ілген киімдері алба-жұлба болып тозған, балалар өте аз, олардың көпшілігі нашар тамақтанудың салдарынан рахит ауруына шалдыққан. Бойжеткен қыздар мен жас келіншектер жоқтың қасы, оларды Қытай Түркістанында нанға айырбастаған көрінеді. Киіз үй дегендері – таяққа қыстырылған алба-жұлба киіздің қиындылары, мал басы өте аз, оны да Қытай жерінде тонап алған дейді... Ең қорқыныштысы қырғыздардың жаппай аштықтан қырыла бастауы. Қарқараға бара жатқанымда жол шетінде құлап өліп жатқан жиырмадан аса өлікті өз көзіммен көрдім, бірнешеуі балалардікі. Орыстардың қырғыздарға көрсеткен зорлықтары шектен шығып кетті... Түпке менің келуімнен аз бұрын, демалыста жүрген бір топ солдаттар бандысы қырғыз ауылын шауып, бүкіл малын айдап әкетіпті. Ал, тоналған малды айдатқызып әкеткен үш адамды бала-шағасымен жол-жөнекей жайратып кеткен. Қылмыстылардың ізімен дереу қуғын жібердім. Бұл, өкінішке орай, жеке-дара уақиға емес...

Пржевальск уезінде үлкен дүрбелең басталды. Шаруалар егіс науқаны қызған шақта жұмыстарын тастап, ірі селоларға, қалаларға жиналып, жер-жерлерде жалда жүрген жүздеген қырғыздарды соққыға жығып, өлімші етіп сабап кеткен.

Бұл көтерілістің шығуының басты себептерінің бірі – әйгілі қоныс аудару саясаты арқылы қырғыздардан бірқатар шұрайлы, егістік жерлерді тартып алуда жатыр.

Көтерілістің тағы бір себебі, менің ойымша, жергілікті феодалдық құрылыс, бұл туралы 1906 жылғы «Известия географического общества» журналында басылған «Киргизы и крестьяне» деген мақаламда жазған болатынмын. Жергілікті бай-манаптармен осы жолғы сапарымда бастап кеткендегідей үздіксіз күрес жүргізу керек. Жүріп өткен жерлерімде митингілер ұйымдастырып, тіл білетін шешендерді сөйлетіп, елге жаңа үкіметтің саясатын түсіндіру барысында біраз жұмыстар жүргіздім. Жаңа үкіметтің атынан осы жылғы жиналатын алым-салықты қысқартып, манаптық басқару жүйесін тараттым. Елдің бәріне бірдей теңдік жарияладым. Мұндағы ойым – онсыз да қытайлықтар мен орыстардың тонауынан қайыршылық жағдайына түскен аш халықты манаптардың «шығын» деп аталатын алым-салығынан құтқару еді. Алайда, мұндай бірлі-жарымды істелінген шаралар жеткіліксіз, бай-манаптармен күресу үшін демократиялық өзіндік басқаруды енгізіп, бұл өлке өте мұқтаж болып отырған ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек. Аштықтан қырылып жатқан қара қырғыз халықтарына қол ұшын беріп, олардың қираған шаруашылығын қалпына келтіріп беру – орыс халқының ар-намысына жүктелген абыройлы міндет. Жетісуда азық-түлік мәселесін шешу үшін міндетті түрде астық монополиясын енгізу керек. Ол басы артық астықты жиып алып, мұқтаж болып отырғандарға теңдей бөліп беруге мүмкіншілік туғызады. Қырғыздардың күйзелген шаруашылығын қалпына келтіру үшін Қытай Түркістаны базарынан мал сатып алып, оны тақыр кедейлерге тегін үлестіріп берген жөн. Соңғыларына сонымен қатар баспана боларлық киіз үй жасап алуларына қаржы бөлу қажет. Қанат жайып кеткен тонаушылықпен күрестің алғашқы қадамдары жасалып жатыр, яғни шаруалар мен демалыстағы солдаттарды қарусыздандырып, мылтықтарын жиып алдым. Қылмыс үстінде ұсталғандарға дереу сот жүргізу керек... Соған байланысты тергеу ісін жүргізуде басшылық жасайтын прокурор жолдасты, уездік комитеттердің өкілдерінен уақытша құрылған присяжныйлардың сотына төрелік ететін сот өкілін командировкаға жіберулеріңізді сұраймын. Қылмыстыларды маусымның аяғына қалдырмай қатаң жауапқа тартқан дұрыс. Әйтпесе, бандылардың айуандығы шектен шығып барады.

Сот сонымен бірге бай-манаптармен күресу үшін де қажет. Алғашқы сапарда бастап кеткен осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруға орыс революциясының міндеті мен мақсатын толық ұғынған, жұмыс істейтін саналы жолдастар керек. Өкімет басшыларынан қырғыз халқы аса мұқтаж болып отырған азық-түлік дайындауға және шаруашылықтарын қалпына келтіруге жұмсалатын қаражат бөлулерін өтінемін. Орыс және мұсылман қоғамдарынан Жетісу өлкесіне бұл іске жан сала кірісетін қызметкерлер жіберіп, көмектесулерін сұраймын...

Социал-демократтар, меньшевиитер, халықшылдар және т.б. партиялардан осы үндеуді қолдап, қолғабыстарын тигізулерін сұраймын. Большевиктерді әдейі шақырмай отырмыз. Демагогиямен айналысып, бос сөйлеп жүргендер өзімізде де жеткілікті. Ұлы Русь, орыстар мен мұсылмандар, шалғай түкпірдегі Жетісу қырғыздарының басына ауыр іс түскен шақта бар көмегін аямай, олардың бай-манаптар езгісінен босанып, басқа да Россия халықтарымен қолтықтасып прогрестің кең жолына шығуына көмектеседі деп сенемін. 85. Уақытша үкіметтің Түркістан Комитеті мүшесі М. Тынышпаев». (Қаз. ССР Орт. Мем. Арх. 9-қ, 1-тір., 5-іс, 2-3-пар.).

Батыстан Шығысқа қарай соққан жылы леп Қытайдағы қазақ-қырғыз ағайындарымызға ақпатшаның құлағандығы, барлық халықтарға бостандық пен теңдік берілгендігі, 1916 жылғы көтерілістері үшін қазақтарға кешірім жасалғандығы және шетке босып кеткендерге елге қайтуға рұқсат берілгендігі туралы жақсы хабар жеткізеді. Хабар алысымен ар жақта да қысым көріп әрең жүрген жетісулықтар іле-шала кері көшеді. Үсті-үстіне ағылып келіп жатқан аш-жалаңаш елді орналастыру, оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету сол сияқты т. б. кезек күттірмейтін күрделі мәселелер Жетісу комиссарларының иығына ауыр жүк болып түсті.

О. Шкапскийдің сол күндері Ташкентке жіберген телеграммасы:

«...Ата-қоныс жерлеріне қайтып оралған қырғыздарға астық беріп жәрдемдесу керек. Ал, біздің осыған дейінгі қаржы сұрап жіберген телеграммаларымыздың бәрі жауапсыз қалуда», – деп дабыл қағады. (Бұл да сонда. 9-қ, 1-тір., 5-іс, 3-сырт. пар.)

Орталыцтан (Петроградтан – Ж. Д.) жанталаса қаржы, көмек сұраған М. Тынышпаев пен О. Шкапскийдің атына уездерден түскен телеграммалар: «Верный. Шкапскийге. Пржевальскіден. Жергілікті халық шығындарын өтейді дегенге сенбейтін болды. Екі село тұрғындары өз беттерінше шығындарын қайтару мақсатымен қырғыздардың малдарын айдап әкетті. Басқалар да осылардың қылығын қайталай ма деп қорқамыз. Үлкен қантөгіс болуы мүмкін. Жедел шара қолдану қажет. Долинин, Трусов». (Бұл да сонда. 9-қ., 1-тір., 8-іс, 22-пар.).

Немесе, «Пішпектен... қарулы солдаттар мен орыс шаруалары, тұтқындарды іздеп жүрміз деген сылтаумен үй-үйді аралап, ең соңғы мал-мүлікті тонап жүр. Куәлік беруді тоқтатуларыңызды өтінеміз... Сырттағы, Түптегі қырғыздар шетінен аштан қырылып жатыр. Күнтудиев, Бабжиев т.б.» (Бұл да сонда. 9-қ., 1-тір., 90-іс, 21-пар.)

Ал, мына бірінде:

«Уақытша үкіметтің комиссарларына. Пішпектен. Жергілікті қырғыздарды жаппай өлтіріп жатыр... Бір түннің ішінде Георгиевка селосында бір сарт, үш қырғыз; Күнту болысында сегіз қырғыз өлтірілді. Соңғы сегіздің үшеуі әйел, төртеуі еркек және бір бала. Ал, жалпы уезд болыстары бойынша солдаттар өз беттерімен ауылдарды тінтіп, көңілдеріне жаққан затты алып, ойына келгендерін істеп жатыр. Комиссар Садықов». (Бұл да сонда. 9-қ., 1-тір., 90-іс, 51-пар.).

Әсіресе, Қырғызстанның Нарынынан түсіп жатқан үрейлі телеграммалар, ондағы жағдайды басқа аудандармен салыстырғанда тіпті ауырлап кеткенін көрсетеді. Соған байланысты, Жетісу комиссары болып П. И. Шебалин, осы мазмұндағы өтініш, арыздармен таныса келе Нарындағы жергілікті уезд комиссарына мынадай қатаң нұсқау береді: «28-тамызда бізге мынадай телеграмма түсті: «13-тамызда Ыстық деген жерде, сырттан қайтқан қырғыздарға 20-шақты мылтықпен қаруланған орыс шаруалары шабуыл жасады. 42-адам қаза тауып, 15 қырғыз жарақат алды. 2100 қой, 30 жылқы, 10 түйе, 18 кесек күміс, 300 гр. жамбы, 7100 сом күміс ақша тоналды. Қарақшылар тобының шабуылынан құтқаруыңызды сұраймыз» – депті. Соған байланысты шұғыл түрде қылмыстыларды ұстауға шара қолданыңыз. Қажет болса ең ауыр жаза қолданудан да тайынбаңыз. Істің барысында, оның нәтижесі туралы телеграмма арқылы маған хабарлап тұрыңыз». (Бұл да сонда. 9-қ., 1-тір., 68-іс, 98-пар.).

Осындай аласапыран уақытта қарын қамын ойлап, ел кезіп, қараңшылықты кәсіп еткен, майданнан қайтқан, я қашқан солдаттар Түркістан өлкесінде көбейіп кеткен еді. Оларға елде басталған аштықты пайдаланып, қамбаларындағы артық астықтарын өкіметке өткізбей, базарға шығарып, удай қымбат бағамен сатып жүрген шаруалар қосылып, өлкедегі онсыз да ауыр жағдайды одан әрі шиеленістіріп жіберді.

Астық мәселесі – ашаршылыққа ұшыраған қазақ және қырғыз халықтары үшін өмір мәселесі еді. Сондықтан да қамбалары астыққа толы орыс кулактарын ауыздықтап, оларды тұрацқты бағамен мемлекетке астық сатуға мәжбүр ету үшін жас үкіметке батыл-батыл қимылдау керек болды:

«...7-маусымдағы 85-телеграммамен Жетісуға астық монополиясын сұраған едік, – деп жазды Жетісу комиссарлары Петроградтағы Азық-түлік министрлігіне жолдаған телеграммаларында. – Орыс шаруалары қырғыздарға арзан өкімет бағасымен астық сатудан бас тартуда. Себебі, тығып сатудың арқасында олар 300 проценттен астам пайда түсіріп, байып жатыр... Нан қазіргі уақытта қара қырғыздарды аштықтан алып шығатын негізгі азық. Тек астыққа монополия ғана шаруалардың артық астығын жиып алып, аш елге таратуға мүмкіншілік береді. Бұл мәселенің дұрыс шешілуі Россияға тек абырой әкелер еді. 127. Түркістан комитетінің мүшелері Шкапский, Тынышпаев. 22-маусым». (Бұл да сонда. 9-қ., 1-тір., 15-іс, 12-пар.).

Көп ұзамай астыққа монополия енгізіледі. Облыстық комиссар Шебалиннің Қапал, Лепсі, Жәркент, Пржевальск, Нарын, Пішпек уезд комиссарларына жіберген нұсқауынан:

«Облыстағы ауыр жағдайға, нан тапшылығына, бас көтерген ашаршылыққа байланысты астықпен алып-сатарлықтың жолын кесіп, астықты елдің бәріне біркелкі бөліп беру керек. Ол үшін, бірінші, астықты бұдан былай өз еркімен сатуға тыйым салынады; екінші, астықты елге азық-түлік комитеті бөліп береді; үшінші, бүкіл облыстағы ұнды, бидайды, сұлыны, тарыны, арпаны, күрішті реквизициялау; төртінші, барлық астық қоймалары, астық дүкендері реквизицияландырылуы керек; бесінші, уездерде осы жұмысты жүргізу уездік азық-түлік комитетіне жүктелінеді; алтыншы, Азық-түлік комктеттеріне реквизиция жұмысын орындау үшін көмек ретінде әр уезде құрамында 12 адамы бар тексеру комитеті құрылуы керек; жетінші, осы қаулы жарияланысымен барлық сословиедегі адамдар ұлтына қарамастан қоймаларында сақталған азық-түлігінің, астығының мөлшері жазылған ақпарды он күннің ішінде әкеп тапсырулары керек...

Қаулыны уақытында орындамай, астығын тығып қалғандар әкімшілік жолмен жазаға тартылып, үш айға түрмеге жабылады немесе үш мың сом айып төлейді...

Азың-түлік комитеттерінің мүшелері реквизиция жүргізуге қарсы әрекет жасап, өз міндеттерін атқарудан бас тартқан жағдайда осы қаулыда көрсетілген жазаларға қоса сотқа тартылады. 18113. Облыс комиссары Шебалин. 3-қыркүйек 1917» Бұл да сонда. 9-қ., 1-тір., 15-іс, 6-7-пар.).

Елдегі аштықтың қанат жая бастағаны соншалық, Қоғамдың қауіпсіздік сақтау комитеті берілген нұсқаулардың орындалуын мұқият қадағалап, керек болған жағдайда шұғыл шаралар қолданып отырды.

Өлкедегі ауыр жағдайды өз ауыздарымен жеткізіп, мүмкін болса қаржы алып қайту мақсатымен шілденің алғашқы күндерінде М. Тынышпаев пен И. Шендриков Петроградқа жүреді. Өзінің лаулаған жастық шағы – студенттік өмірі өткен, оқудан кейін де ІІ-Мемлекеттік Думаның депутаты ретінде жиі қатынап тұрған Петроградта М. Тынышпаев бір ай бойы министрліктердің табалдырығын тоздырды.

Бірақ, күн өткен сайын Жетісудегі саяси-экономикалық қайшылықтар одан әрі шиеленісіп, іс насырға шаба берді. Ал, жоғарғы орындар аса маңызды деген осы мәселелердің шешімін кейінге қалдырып созбалақтаумен болды. 1917 жылғы тамыз айында М. Тынышпаев пен О. Шкапсиийдің Ташкентке жіберген наразылық телеграммасы;

«Орыс-қырғыз арасындағы шиеленіскен ауыр жағдайды қалпына келтіру үшін бірінші кезекте олардың шығындарын өтейтін қаржы сұрап мамыр айының басынан Ташкентке 41, 61, 67, 70, 85, 96, 103, 123 нөмірлермен, Петроградқа 29, 42, 79, 113, 127, 256 және 344-нөмірлермен телеграммалар жөнелткен едік. Жауап жоқ... Қолға түскен орыс бандыларына сот жүргізу үшін жергілікті комитет мүшелерімен бірге уақытша присяжныйлар сотын құруын сұрап, Юстиция министрлігіне екі рет хабар жіберген болатынбыз. Өкінішке орай, оған да әлі жауап жоқ. Бұл, әрине, бандылармен күрес жүргізу жұмысына үлкен кесірін тигізуде. Ташкенттен отырып бұл жердегі жағдайды көріп-білу мүмкін емес, жауапсыз жандардың іске араласуы жағдайды шиеленістіргеннен басқа пайда бермейді. Сіздің игі ниетпен жіберген комиссияңыз, сот өкілдері мен солдаттарыңыз істі тек насырға шаптырады. Соның қырсығынан жергілікті халықтың сенімінен айрылып қалуымыз мүмкін. Тырнақтап жиған абыройымызды уыстап төгетін бұндай іске араласудан бас тартамыз. Өтінішіміз қанағаттандырылмаған жағдайда отставкаға береміз...

Жазалаушы экспедиция мен жауапсыз адамдардың орнына шынайы интеллигенция өкілдері: судьялар, дәрігерлер, тергеушілер, комиссарлар керек, мұқтаж болып отырған 11 миллион сом ақша керек; эпидемиямен күресу үшін дәрі-дәрмек керек, алыс аудандармен байланыс жасап тұруға автомобильдер керек. Илья Шендриков керек...

Ал, сіздердің экспедицияларыңыз орыс-қырғыз қатынасына кесірін тигізіп, біздің еңбегімізді еш ететіні анық. Шешімдеріңізді қайта қарағандарыңыз дұрыс болар еді. 349. Шкапский, Тынышпаев». (Бұл да сонда. 9-қ., 1-тір., 5-іс, 7-пар.).

Комиссарлар тек қана жоғарыға телеграммалар жолдап, талап етумен ғана шектелмеді. Қолдарындағы аз ғана билікті бар мүмкіншінігінше пайдаланып, елге аз да болса жеңілдіктер жасап үлгерген еді. Соның бірі, ерекше назар аударуға тұратын Мұхамеджан Тынышпаевтың күшімен Шығыс шекараға жақын аудандарда ашылған халықты тегін тамақтандыратын асханалар болатын. Соның нәтижесінде мыңдаған адам Ақпан революциясынан кейін елге қайтуға мүмкіншілік алып, тозып кеткен халық етек-жеңін жинай бастады.

Жетісу өлкесіне жаңа үкіметтің саясатын уағыздап және оны іске асыруға белсене атсалысқан Орест Авенырович Шкапский Ақпан революциясы сеніп тапсырған осы жауапты қызметі мен ұстаған идеясына өмірінің соңына дейін адал болды. Царизмнің бұратана халықтарды ғасырлар бойы аяусыз қанап, кемсітіп, болашаққа деген бірде-бір үміт сәулесін қалдырмай қараңғы қапаста ұстап келуі, соңғыларының жалпы орыс ұлтына деген өшпенділік көзқарасын қалыптастырған еді. Ал, сол өшпенділікті сейілтіп, халықтың сеніміне кіру үшін Ақпаннан кейін қыруар жұмыс жүргізу қажет болатын...

М. Тынышпаев пен О. Шкапскийдің телеграммаларының түрткісімен Ташкент пен Петроградтағылар осы қозғалған мәселелер бойынша дереу шара қолдана бастады.

Сөйтіп, комиссарлардың тек тіркеу нөмірінің өзі ұзыннан-ұзақ тізбек құрайтын телеграммаларының нәтижесінде, сол кезеңде Россиядағы саяси-экономикалық ахуалдың өте ауырлап кетуіне қарамастан, А. Ф. Керенскийдің коалициялық жаңа үкіметі Жетісу тұрғындарының шығындарын өтеуге – 11 миллион 150 мың сом қаржы бөледі:

«Копия телеграммы канцелярии Туркестанского Комитета от 7-го октября 1917 г. 1880 Шнитников из Петрограда телеграфирует о сделанном сношении Государственным казначейством в телеграфном переводе в Верный Ваше и Тынышпаева распоряжения девяти миллионов ста пятидесяти тысяч для оказания помощи населению пострадавшему от волнении в прошлом году. Два миллиона переведены раньше. 1880. Вербовский. Телеграмма адресована Верный, члену Туркомитета Шкапскому». (Бұл да сонда. 9-қ., 1-тір., 34-іс, 19-пар.).

11-қазанда Түркістан комитеті өзінің №47 қаулысымен Уақытша үкіметтің Жетісуға аударған 11.150.000 сом ақшасын бөлу үшін облыс комиссарының төрағалық етуімен және құрамына облыстағы барлық Советтердің өкілдері кірген облыстық арнайы комиссия құрды. Олар ақша бөлу барысында қалаған адамдарды, ия маман иелерін жұмысқа тартуға немесе кеңес сұрауға хақылы болды.

Комиссияның шешімі бойынша түскен ақшаның 5 миллионы қазақпен қырғыздың, 6 миллионы орыстардың шаруашылығын қалпына келтіруге жұмсалатын болды. Жергілікті халыққа бөлінген ақшаға Шығыс Түркістан базарынан мал, ал, орыс шаруаларынан арзан бағамен астық алынып аш елге тегін үлестірілетін болды. Бұған қоса сол ақшаға киіз үйлер, дәрі-дәрмек, т.б. қажетті заттар алу жоспарланған болатын.

Өкінішке орай, жоғарыдағылардың, бәрі жүзеге асқан-аспағандығы туралы тиісті деректер қолымызда жоқ. Айқынырақ айтсақ, осыған іле-шала тарихта қысылтаяң кезең туған. Артынша-ақ әйгілі Қазан революциясының дүрбелеңі басталды да, «байтал түгілі бас қайғы» болып кеткен заман туды...

Л.Құлмаханова, М.Қойгелдиев

Мұхаметжан Тынышбаев және қырғыз трагедиясы

Ақиқат, 1996жыл, №5ғ, 85-88б.б.

М. Тынышбаев пен О. Шкапский жергілікті жағдайды орталық билікке өз ауыздарымен жеткізіп, жәрдем алып қайту үшін Петроградқа аттанды. «Қазақ» газеті өзінің 1917 жылғы 24 шілдедегі санында «15 шілдеде» Орынбор арқылы Жетісу комиссары Мұхаметжан Тынышбаев Петроград кетті. Мұхаметжан үкіметке Жетісу облысының хал-жайын доклад қылып, 25-ші июнь жарлығына байланысты бүліншілікке ұшыраған қазақ-қырғызға һәм орыстарға қазынадан жәрдем сұрамақ. Сөйтіп бірін-бірі қырғынға ұшыратқан һәм бұл күнге шейін бір-біріне кек сақтап, іштеріне қан қатқан екі жұртты татуластыру қамына кіріспек», – деп жазды.

Тамыздың аяғында Түрккомитетке үлкен наразылық білдіріп Тьнышбаев пен Шкапский мынадай телеграмма соғады: «Қырғыз-орыс арасында шиеленіскен ауыр жағдайды қалпына келтіру үшін бірінші кезекте олардың шығындарын өтейтін қаржы сұрап майдың басынан Ташкентке – 41, 61, 70, 85, 96, 103, 123-нөмірлі, Петроградта – 29, 42, 79,113, 127, 256 және 344 нөмірлі телеграммалар жөнелткен едік. Жауап жоқ... Қолға түскен орыс бандыларына сот жүргізу үшін жергілікті комитет мүшелерінен уақытша сот құруын сұрап юстиция министрлігіне екі рет хабар жіберген болатынбыз. Өкінішке орай оған да әлі жауап жоқ. Бұл әрине бандылармен күрес жүргізу жұмысына үлкен кесірін тигізуде. Ташкенттен жіберілген өңшең жауапсыз қызметкерлерден құрылған комиссарларыңыз бен солдаттарыңыз істі насырға шаптырьп, шиеленістіріп жіберді. Соның қырсығынан жергілікті халықтың сенімінен айырыльп қалуымыз мүмкін. Тырнақтап жиған абыройымызды айрандай төгетін мұндай іске араласудан бас тартамыз. Өкініштеріміз қанағаттандырылмаса отставка сұраймыз...»

Жан айқайындай ұғылатын бұл хабар Ташкенттегі Түрккомитетті Жетісудағы ауыр жағдайды түзеуге бағытталған бірнеше шараларды іске асыруға итермелейді. Олардың арасында Петроградтағы Орталық үкіметтен Жетісу комиссарлары сұраған қаржыны тез арада бөлуді өтінген тілек те бар еді. Ең ақыры 1917 жылы 7 қазанда Ташкентке Керенский үкіметінен 1916 жылғы көтеріліс нәтижесінде жапа шеккен Жетісу облысы тұрғындарына көмек көрсету мақсатында қазынадан 11 миллион 150.000 сом қаржы бөлінгендігі туралы хабар келіп жетті. Арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша бұл қаржының 5 миллионы қазақ және қырғыз, ал 6 миллионы орыс тұрғындардың шаруашылығын қалпына келтіруге жұмсалатын болды.


Ел арасындағы аштыққа қарсы бұл шаралардың басында тұрған Мұхаметжан Тынышбаевтың өзі еді. Оны біз мынадай фактіден де байқаймыз. М. Тынышбаев Петроградта жүргенде Нарында аш босқындарды тамақтандыруға байланысты қиындықтар туады. Соған орай О. Шкапский Нарынға жедел телеграмма жолдап, онда мынаны көрсетеді: «Комиссар Зиминге. Комитеттеріңіздің тамақтандыратын пунктерді азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастырудан бас тартуы орыс революциясының рухына лайықты іс емес. Бірнеше адамның қырсығынан бүтін бір елдің нансыз қалуы қатыгездік. Тынышбаев әзірге Петроградта, ол жанашыры қайтып оралғанша қырғыздар аштан қырылып қалмасын. Нарындағы орыс демократтар адам сүйіспеншілігін іс жүзінде дәлелдейді деп сенемін. 249. Шкапский, 19 шілде 1917 ж.».

Ойымыз дәлелді болу үшін 1917 жылғы маусымда Ташкенттен Петроградқа Керенский атына Түркістан Өлкелік Мұсылмандар Кеңесі жолдаған мынадай мазмұндағы телеграммаға көңіл аударалық: «Біздің жіберген делегаттарымыз Жетісу қырғыздарының өте ауыр жағдайынан хабар беріп отыр. Қытайдан қайтқан қырғыздарды өз жерлеріне жібермей, аңдып жүріп қыруда. Қырғыздар өте ауыр жоқшылықты бастан кешуде. Тамақ жоқ. Аш-жалаңаш. Әйелін, балаларын сатуда. Адам етін жеу алдында. Жетісудың орыс келімсектері қаруланған. Қырғыздар болса қарусыз. Қырғыздардың жағдайын айтып жеткізерлік сөз табу қиын. Қайғы таудай. Көз жасы көл. Жедел шаралар қажет. Түркістан Өлкелік Мұсылмандар Кеңесі» (Президент архиві, 811-қор, 20-тізім, 136-іс 35-парақ).




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет