ТҰмасы тұНЫҚ талант



Дата08.07.2016
өлшемі23.4 Kb.
#185873
ТҰМАСЫ ТҰНЫҚ ТАЛАНТ

Жүрек – жырдың тұмасы. Жас таланттың табиғатын ашып, енді қанатталған көркем әлемінің бояуын қанықтыратын, тебіреніске құштар көңілдің сусынын қандыратын ойдың қуат күші де осы жүрек тұмасының тұнықтығына байланысты. Қанаты қатайып, арман аспанында еркін шарықтаған тұстарда әр талант өзінше шалқып, өзінше шарықтайтын, әуелдегі арынын өзгерткендей әсер қалдыратыны бар. Дастанның соңғы топтамаларынан сондай құлшыныстың табын байқасам да, оның сонау балаң тұстардағы жүрек тұмасының тазалығы сақталып қалыпты.

Бозбалалыққа енді қадам басып, ақындықтың буы бойын жаңа қыса бастаған тұста ол Абай сияқты кермек ой, ащы ыза, салмағы ауыр күрсіністі көңіл күйі етіп алғандай ұмтылыс аңғартатын. Арадағы аз жылда Дастанның құлақ күйі де, ішкі сезім ырғақтары да, мұң-наласы да, өлеңдерінің әуені де, тіпті дүниені көркем қабылдауы да өзгеріпті. Мұның ішінде:

Оңай емес түсінем талап деген,

Тудыруға тырысам қанатты өлең.

Ақыретте әр жазған жырым үшін,

Жаратқанға өйткені жауап берем,-

деген іспетті жасанды албырттық та нышан танытыпты.

Бұл тұмасы тұнық таланттың есейгені де, өзін өзі қайрағаны да, тіпті, жетпей тынбайтын мұратын мекзегені де шығар, кім, білсін. Қалайда жас ақынның жандүниесінде бір өзгерістің болғаны, жыр-жүрегі бір буырқанып барып басылғаны аңғарылады. Тіршіліктің жүрекке түсірген мұңына да өзгеше астар беріп, жастықтың да ыстық табына суына қарап, өмірдің мағынасын пәнилік ақыл-ойдан таза ұстауға ұмтылған:

Жалған ләззат, жалған ой құрысыншы,

Иманыма жүрегім ұйысыншы.

Разы болса болғаны жазғаныма,

Алла деген теңдессіз ұлы сыншы!,-

деген арынды шумақтарды оқығанда Дастанның көркем ойлау жүйесі өзгеше бір сарынға ауысуға бет бұрғандай көрінеді, ерте есейгісі келгендей сыңай танытады маған. Сондай нысанды сырдың арасынан:

Қарақат жанар қара қыз,

Алтыннан қымбат бағаңыз.

Өзіңе іңкар жүректің,

Жырымен отын жағамыз,-

деген жолдарды оқығанда оның тұнық сезімінің ерке толқынын аңғарасың да іштей жандүниесін мұңның ысы ертерек баспағанына жұбанып қалады екенсің.

Жұбанасың да әлі махаббаттың ыстығы басылмаған дәуренді жастың:

Бұрымда бір кеткендей алты аласым,

Ой тербетсем – ұлт үшін жанталастым.

Баяндардың бұрымы Қозыларсыз,

Қодарлардың қолымен тарқамасын!,-

деген тілегіне тілек қосасың.

Осы тілек Дастанның өзіне де, өлеңіне де, жасына да жарасып тұрғандай.

Қаланың қызы, қаланың,

Мойылдай мөлдір жанарың.

Өзіңе ғашық біліп жүр,

Бір ұлы барын даланың,-

деген ойнақы жолдардағы Дастанның тұнық сырлы жырларын:

Құлақ асам құдіреттің шартына,

О, жаратқан! Береріңді сарқыма.

Бақытсыздық қалдыруға қақым жоқ,

Болашаққа, ұрпағыма, артыма,-

деген іспетті тағдырдың түрлі-түрлі тылсымдары торламаса екен деп тілеймін.



Ақындық та тағдырдың тезіне тартылған домбыраның шегі тәрізді. Ойыңды тиып тастап, түйіп тастап айту да, санаға салмақ салғандай көрінетін софылық сарын да, ашына сөйлеу де өлеңнің өзгермес өлшемі емес.Бойында өлеңнен өзге өнердің де шалығы бар ерте есейген таланттың өз бастауынан көз жазып қалмауын қалаймын.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет