© Төлегенов А.К.
Сариева Г.М.
Несипакынова Ф.К.
Даленбаев А.Ә.
КІРІСПЕ
Еліміз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болғанынан бергі жылдар ішінде бұған дейін бұрмаланып келген Отанымыздың тарихы жаңа тұрғыдан зерттеліп, оған тиісті оң бағасын беру жүзеге асуда. Бүгінгі таңда еліміз қол жеткізген табыстар бізге жан-жағымызға зер тастауға, өткен жолымызды таразылауға әрі болашаққа батылырақ көз салуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, тарихи білім беруді дамыту, ұлттық тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын жетілдіру мақсатында мемлекеттік деңгейде бірқатар іргелі бағдарламалар қабылданып, іске асырылуда.
Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен айбарын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жоспарлар мен істерді ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі болып отыр. Осындай тамыры тереңге жайылған тарихи-мәдени орындарды, киелі орындарды халық арасында кеңінен насихаттап, оның құндылығын дәріптеудің болашақ ұрпақ үшін маңызы зор.
Тәуелсіздік алғашқы жылдары еліміздегі саяси-экономикалық, мәдени- әлеуметтік реформаларды іске асыру барысында «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» (1995 ж.) қабылданды, осы мемлекеттік тұжырымдама аясында «Тарихи білімнің негізгі басымдықтары», «Тарих ғылымының проблемалары», «Тарихи білім беру мен ағарту ісінің келешегі» сияқты басты бағыттарды қамтыды. Осы бағыттарды іске асыруда тарихымыздың бұрмаланған, ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруде ғылыми қоғамдастық өкілдері айтарлықтай іргелі ізденістер жүргізді. Басталған іргелі зерттеулерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, 2004 жылы 13 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің №1227 Жарлығымен бекітілген «Мәдени мұра», ал 2009 жылдан бастап «Ұлттық стратегиялық жоба» деп аталатын мәдени-рухани саладағы мемлекеттік бағдарлама қабылданды.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Егемен Қазақстан газетінде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында міндет етіп қойған «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасында жеткіншек ұрпақ әлем елдері мен олардың астаналарын, жер-су атауларын жақсы біледі, шет елдерге сапарлап барып келіп жатқандары да бар. Ал кейбіреулері өз туған жерінің тарихын, топонимикасын, табиғаты мен киелі орындарын біле бермеуі мүмкін. Мұндай мәліметтер айтылмай, өскелең жас өз өлкесімен жете таныспағаннан кейін оның ой-өресі шектеліп қалады, тіпті басқа бір әлемде жүруі ықтимал. Сондықтан «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы зор. Қазақстандық патриотизмді өз халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, туған жердің тарихын танып, білу арқылы жасөспірімдердің бойына сіңіруге болады [1, Б. 2]. Бұл бағдарлама білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, этнологияны дамытуға және жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Алдағы уақытта тұңғыш президентіміздің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкенің тарихи ескерткіштері, киелі орындары күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың тағзым ететін, отандық және шетелдік туристердің жиі келетін, қазақ тарихынан сыр шертетін киелі орындарға айналады.
Қазіргі кезде музейлерде жүргізілетін мәдени-ағартушылық бағыттағы ауқымды жұмыстардың арасында музейлік сабақтар үлкен сұранысқа ие болып отыр. Музейлік сабақтар оқу бағдарламасы бойынша түрлі пәндерден, әсіресе, тарих, өлкетану пәндерінен қосымша білім алу мақсатында ұйымдастырылады. Сабақ барысында әрбір жеке тарихи тұлға және тарихи кезең туралы оқушылардың терең мағлұмат алып, музей экспонаттары арқылы көрнекі түрде тақырыпты терең түсінулеріне мол мүмкіндіктер жасалады. Музей сабағын дайындау барысында музейлермен тығыз байланыс орнатылып, танымдық іс-шаралар бірлесіп өткізіледі.
Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған бұл әдістемелік құралда Алматы қаласында орналасқан музейлерге: «Алматы қаласы тарихы» музейі, «Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі», ҚазҰУ-дың «Биология музейі», «Ұлы даланың 7 қыры музейі», ҚР БҒМ Ғылым Ордасында орналасқан: «Археология музейі», «Табиғат музейі», «Сирек кездесетін кітаптар музейі», «Қазақстан ғылымының тарихи музейі», «Ә.Қастеев атындағы өнер музейі», Ы.Дүкенұлы атындағы ұлттық аспаптар музейі, «Д.А.Қонаевтың музей-үйіне» жасалған саяхаттарымыздың маңыздылығы, музейде сабақтарды қалай өткізу әдістемесі баяндалады.
Қорыта келе, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады». Батырлар мен ақындар бірі найзамен, бірі жырмен қорғап қалған ұлан байтақ даланың қазіргі иесі ретінде, әрбір Қазақстан азаматы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқару керек. «Туған жер» бағдарламасының жаппай халық арасында үлкен күшке ие болуы, жастардың бойына патриоттық тәрбие ұялату үлкен міндет.
Бұл әдістемелік құрал орта мектептегі «Қазақстан тарихы», «Өлкетану» пәндерін оқытудағы мұғалімдердің шығармашылық жұмысы, оқушылардың білім сапасының арттыруына көмегі зор деп есептейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |