Төлеубаева күлжазира мейрамқызы қазақ және Орталық Азия халықтарының отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары


«Қазақтардың және Орталық Азия халықтарының отбасы және отбасылық қарым-қатынастары»



бет9/21
Дата02.05.2024
өлшемі0.74 Mb.
#500318
түріДиссертация
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21
«Қазақтардың және Орталық Азия халықтарының отбасы және отбасылық қарым-қатынастары» деп аталатын бірінші бөлімде осы тарихи-этнографиялық аймақ халықтарының дара және үлкен патриархалды отбасыларының түрлері, отбасылық туыстық қарым-қатынастар, ата балалары, патрон топтар, көп әйел алу салты, отбасындағы әйелдің жағдайы мен орны қарастырылады.
Отбасының материалдық жағын табиғи биологиялық және шаруашылық-тұтыну қатынастары құрастырады, рухани жағын – құқықтық, адамгершілік және психологиялық қатынастар құрайды. Дәстүрлі дүниетаным бойынша күнделікті отбасылық тіршілік ырғағының қалпы қоршаған ортаның үйлесімділік немесе үйлесімсіздік жағдайларына, әдет-ғұрыптарына, салт-дәстүрлеріне, діни наным-сенімдеріне байланысты болды. Тіршілік циклі салт-жоралғыларының әрқайсысының ішкі құрылымдық принциптері мен атқарылу тәсілдері әртүрлі болды, бірақ түпкі мақсаттары бір – ол отбасылық және қоғамдық қатынастардың, материалдық және рухани жағдайлардың, экономикалық іс-әрекеттердің принциптерін сақтау болды. Осы салт-жоралардың бәрі қазақтар мен Орталық Азия халықтарының қалыпты тіршілік тынысының, ғұрпы мен дәстүрінің, дінінің, негізі болды [29].
Орталық Азияның этномәдениетінің осы аймақтағы тамыры кемінде ерте темір дәуірінен, дәлірек айтсақ сақтардан және сақтектес тайпалардан басталады. Одан бері қаңлы, үйсін этникалық бірлестіктері, тохарлар, Согдиана, Бактрия мемлекеттері, Қошан, Моғолдар мемлекеті аясында бұл аймақ халықтарының этномәдени бірлестігі, ортақтастықтары қалыптасты.
Моңғол шапқыншылығының кесірінен біраз кідіріп қалған этноконсолида-циялық үдеріс ХІҮ ғасырда қайта жандана түсті, Орталық Азия халықтарының көпшілігінде халық болып қалыптасу үдерісі бұдан соңғы бір-екі ғасыр аясында аяқталды. Халықтың өзгеше қасиеттерінің бірі – ол әр халықтың өздігінше әдет-ғұрып, салт-санасының болуы. Міне осы өзгеше қасиеттер Орталық Азия халықтарының халық болып қалыптасу кезеңдерінде қалыптасты.
ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында қазақтарда кіші жеке отбасы басым болды, бірақ патриархалдық үлкен жанұяның көптеген қалдықтары сақталды. Қазақ қоғамындағы біршама отбасы жұбайлар тобы мен олардың үйленбеген балаларынан, отағасының ата-анасынан, кейде соңғыларының жеке үй болып бөлініп шықпаған кіші балаларынан тұрған.
Жалпы қазақтағы қара шаңырақты қадірлеу ата-баба аруағын қадірлеумен байланысты шыққан және өте әріден келе жатқан дәстүр. Үлкен патриархалды отбасының ыдырау кезінде қара шаңырақты қадірлеу тіпті күшейген, өйткені ол ыдырап бара жатқан қара шаңырақты сақтап қалуға бағытталып, ерекше идеологиялық мәнге ие болған.
Хиуа мен Хорезм өзбектерінде үлкен патриархал отбасы агнаттық туыстық принципі негізінде құрылған. Үлкен отбасы қауымының құрамында бірге туған туыстар, олардың әйелдері мен балалары, інілері мен қарындастары, үйленген балалардың әйелдері мен олардың балалары болған. Хорезмдегі үлкен патриархал отбасы ойла немесе катта ойла деп аталған. Үлкен отбасында 30 адамнан 45 адамға дейін болған, барлығы да бір шаңырақтың астында өмір сүріп, үлкен үйдің тұрғындары ретінде саналған [30].
Өзбектердің отырықшы және қалалық топтарында үлкен патриархалдық отбасының сақталуына, басқа факторлармен қатар, қауым-махалляның өндірісте және тұрмыста үлкен рөл атқаруы да себеп болды.
Дешті Қыпшақтағы өзбек тайпаларында үлкен патриархал отбасының салт-дәстүрлері отырықшы өзбектерге қарағанда әлсіздеу болды, десе де оларда үлкен отбасы Қазан төңкерісіне дейін отбасының негізгі түрі болып қала берді. Дегенмен, оның Ресейге қосылуына байланысты тауарлы ақша қатынастарының әсерінен, әсіресе Қазан төңкерісінен соң таулы тәжіктер мен Хиуа, Ферғана алқабындағы отырықшы өзбектердің үлкен патриархал отбасы біртіндеп ыдырап, орнына шағын дара отбасы келе бастады.
Біз қарастырып отырған кезеңде қарақалпақтардағы жанұяның негізгі түрі кіші отбасы еді. Қарақалпақтар да қазақтар сияқты кенже баласынан басқа балаларын бөлек шығарып жіберетін. Бірақ та қарақалпақтың нуклерлы – кіші отбасы өз бетімен, бөлек өмір сүрген жоқ. Ол әдетте көше деп аталатын үлкен отбасылық-туыстық топтың құрамында тіршілік етті [31].
Қарақалпақ халқында ХХ ғ. бас кезінде патриархалды үлкен отбасылық қауым сарқыншақтары Орталық Азияның өзбек, тәжік халықтарымен салыстырғанда әлсіздеу болды.
Мұрағат деректері мен этнографиялық материалдарға қарағанда қазақтар мен Орталық Азия халықтарының тарихының соңғы екі ғасыр аралық уақытында (ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басы) үлкен патриархалды отбасы ыдырады, оның орнына шағын дара отбасы келді. Үлкен патриархал отбасының түрлері – отбасылық-туысқандық бірлестіктер (топтар), көше, ата баласы сияқты атаулар пайда болды. Отбасының бұл түрлерінің негізінде ауылдық (аумақтық) қауым пайда болды. Төңкеріске дейін қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасында сақталған үлкен патриархал отбасының қалдығы ретінде әке үкімі, мұрагерлік, туыстық көмек, көп әйел алу сияқты әдет-ғұрыптарды атауға болады.
Біздің зерттеулер қырғыздарда, қазақтарда және қарақалпақтарда неке нормаларының, экзогамия қағидаларының және некелік тыйымдардың ұқсас екендігін көрсетеді. Бұл топпен некелік нормалардағы ұқсастықтар өзбектер мен тәжіктердің ғұрыптық нормаларында да байқалады, бірақ соңғыларында экзогамия белгілі бір дәрежеде жойылған деп есептеуге болады.
Таулы Тәжікстанның көптеген кишлактары соңғы уақытқа дейін бірнеше кішкене кварталдарға бөлінді. Олар қаны бір туыстардан құралған. Бір кварталда тұратын туысқан топтар бір мешіттің немесе алоухонның – бір қоғамдық үйдің иелері болды. Осының бәрі туыстық және көршілік қатынастар мен байланыстардың таулық тәжіктердің қоғамдық өмірінде үлкен рөл атқарғанын көрсетеді.
ХІХ ғ. аяғында – ХХ ғ. басында тәжіктердің тұрмысында моногамдық отбасы басым болды. Тек тау жайлаған тәжіктерде ғана үлкен патриархалы отбасылары кездесті. Оларда жер үлкен отбасының мүшелерінің арасында бөлінбеген күйінде қалса, мал жекелеген кіші отбасыларының меншігінде болды. Үлкен отбасылар жазықтықтағы тәжіктердің де арасында кездесті, бірақ олардың үлес салмағы өте аз болды. Оларда үлкен патриархалды отбасының өте тез арада ыдырауына товарлы-ақшалы қатынастардың шешуші әсері болды.
Орталық Азия халықтарындағы әрбір патрон топтардың өз аттары болған. Мұндай патрон топтарды түрікмендерде – бир ата, қырғыздарда – бир аталық балдары, қарақалпақтарда – көше, қазақтарда – ата баласы немесе ауыл-қыстау деп аталған. Осыған сәйкес Орталық Азия халықтары мен қазақтардың отбасында үлкен патриархалды отбасы, шағын аталас топтар, бөлінбеген отбасы, ауылдық туыстық топтар, шағын дара отбасы сияқты жүйе қалыптасты.
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қазақтар мен ортаазиялық халықтардың бәрінде де көп әйел алу салты болған, бірақ бұл салт тек ауқатты, бай адамдардың арасында ғана таралды.
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. бас кезінде қазақтардың патриархал отбасында әйелдердің жағдайына байланысты әмеңгерлік салт (левират) және балдыз алу (сорорат) дәстүрі кең өріс алды. Себебі, ол әдеттік заңның ғұрпы болды.
Қазақтардағы әмеңгерлік некені Орталық Азия халықтарындағы (өзбек, тәжік, түркімен, қырғыз, қарақалпақ) левират пен сарорат некесімен салыстырып қарасақ, бұл салттардың да орындалуының жалпы ұқсастығы байқалады. Дегенмен де, патриархалдық-рушылдық пиғыл қасиеттер, менталитет күштірек сақталған қазақ, қырғыз, түркімендерде левират, сорорат ғұрыптары көп жағдайда бұлжытпай орындалды [32].
Орталық Азия халықтарының, сонымен қатар қазақтардың тұрмыс-тіршілігінде жиен мен нағашының ерекше жақындығы байқалады. Бұл халықтардың дәстүрлі салты бойынша нағашысы жиенінің жар таңдауында, үйленуінде маңызды рөл атқарған. Осы, тағы да басқа нағашы-жиендік қатынастардағы ерекше жақындық аналық ру қауымының сарқыншағы екендігінде күмән жоқ.
Барлық түркімендерде де тайпалық эндогамия болған, яғни некелік қатынастар тайпаның ішінде іске асты. Түркімендердің кейбір топтарының арасында, әсіресе жаумудтар, гөклендер, текелерде тайпа мүшелерінің арасындағы некеге белгілі бір тиым болды. Сонымен қатар, түркімендер иран тектестермен, өзбек, қазақ т.б. халықтармен құдаласуды да аса жақсы көрмеді, тіпті ғұрып бойынша тиым да салды. Қазан төңкерісіне дейін түркімендерде көбінесе үлкен отбасы болды. Оның құрамында 15-20-дан артық жан болды [24, с. 324-237].
Таулы және жазықтықтағы тәжіктерде отбасындағы әйелдің рөлі әрқалай болды. Бір жағынан малмен айналысатын таулы тәжіктердің әйелдері өндіріске белсенді қатысты, сондықтан олардың қоғамдағы орны өндіріске мүлде қатыспайтын, көбінесе қапаста қамалып отыратын жазықтықтағы тәжіктер мен өзбектердің әйелдеріне қарағанда еркіндеу, жоғары болды.
Отбасындағы әйел адамның орны көбінесе оның өндіріске қатысуына байланысты болды. Осы тұрғыдан алғанда регион халықтарын екі үлкен топқа бөлуге болатын сияқты. Бірінші топқа мал шаруашылығымен айналысқан, көшпелі немесе жартылай көшпелі тұрмыста өмір сүрген қазақ, қырғыз, түркімен, қарақалпақтың басым көпшілігін жатқызамыз. Әдетте мал шаруашылығында – малды сауу, төлін күту, мал өнімдерін шығару, өңдеу жұмысында әйел затының алатын орны маңызды. Қоғамдық өндірістегі орнына қарай бұл халықтардың әйелдерінің отбасындағы орны да аса төмендетілген жоқ. Олар отырықшы-қалалық халықтардағы сияқты қапаста өмір сүрмеді, бетін пердемен жаппады. Патриархалдық, исламдық заңдар бойынша осылай істеу керек болса да көшпелі тұрмыста оған жағдай болмады. Сондықтан көшпелі, жартылай көшпелі, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан халықтарда әйелдің қоғамдағы, отбасындағы орны отырықшыларға, қалалықтарға қарағанда объективті түрде жоғары болды [33].
Үлкен патриархал отбасы дәстүрлі, қаймағы бұзылмаған қоғамда қазақ халқы мен Орталық Азия халықтарының бәріне де тән болды. Үлкен патриархал отбасы Орталық Азия халықтарының бәрінде де негізінен 3-4 ұрпақ өкілдерінен тұрды. Дегенмен де, отырықшы өзбектер мен тәжіктерде үйленген бірнеше балаларымен бір қорада тұрып, енші бөліспей, ортақ шаруашылық жүргізу әдеті жағынан басқа Орталық Азия халықтарына қарағанда үлкен отбасының қасиеттері басымырақ және күшті болды. Сондықтан да үлкен патриархал отбасы олардың бүкіл экономикалық, әлеуметтік өмірінде шешу рөл атқарды және ұзақ уақыт сақталды.
Үлкен отбасы уақыт өте келе бірқатар себептерге байланысты және жекеменшік формаларының өзгеруіне байланысты көлемі азайып, ұрпақ саны да шағындалып, біртіндеп кіші отбасына ауыса бастайды. Алайда ыдыраған кіші отбасылар ұзақ уақыт бойы шаруашылық және туыстық байланыстарын сақтап қалады. Өйткені үлкен патриархалдық отбасылық қауымнан кіші отбасыға өткен отбасылық-туыстық топтар экономикалық өзара мүдделілігін, идеологиялық бірлігін, ішкі байланыстарын толығымен ұзақ уақытқа дейін жоймайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет