Төреханова Б. Жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, ҚазҰУ Қазақ тілінің қалыбын бұзбай жазайық



Дата14.06.2016
өлшемі82.17 Kb.
#136055
Төреханова Б.

Жалпы тіл білімі және шетел филологиясы

кафедрасының аға оқытушысы, ҚазҰУ
Қазақ тілінің қалыбын бұзбай жазайық
Биылғы жылы Ұлы даланың ұлы мұратын арқалап, төткүл дүниені кезіп, ұлан- ғайыр білім жиған ұлы ойшыл, әлемнің екінші Аристотелі атанған бабамыздың атын иеленген қазақ даласының тұңғыш білім ошағының біреуі ғана емес бірегейі саналатын әл –Фараби университетінің 80 жылдық мерей тойы. Осы дүбірлі тойдың аясында университетте ұзақ жылдар қызмет істеп, өз шәкірттеріне тағлымы мол дәрістер оқыған, қарапайым қазақтың мыңдаған қара домалақ балаларын тәрбиелеген, осы арқылы Қазақ журналистикасына өлшеусіз білім қосқан аяулы ұстаз Темірбек Қожакеевке арналған “Темірбек Қожакеев оқулары” журналистика факультетінде ерекше салтанатты жағдайда аталып өтіп жатыр. Ұлағатты ұстаз саналы ғұмырында тек журналистика саласының бір нақтылы қырымен айналысып қоймай, өзі өмір бойы қызмет еткен университетте алдына келген кез келген шәкіртін өз ұлтына, туған жеріне, өзінің туған тілі–ана тіліне, дәлірек айтқанда қазақ тіліне адал қызмет етуге баулумен айналысқаны аян. Сондай-ақ Темірбек ағамыз өмірінің соңына дейін өз ісіне, туған елі мен тіліне адал қызмет өтумен өтті. Білікті ұстаз ретінде де, қарапайым адам ретінде де халқының адал ұлы екенін мойындатып кетті. Өмірінің соңына дейін туған тілдің тазалығы үшін күресіп өтті. Бұл ол кісінің өзіне- өзі айқындап алған ешқашан, ешқандай жағдайда өзгермейтін азаматтық ұстанымы болатын. Тіпті бұл кредодан ағамыз қазақ халқының басына төнген 1986 жылғы “тар жол, тайғақ кешуде” де таймады, ол кісі үшін атақ та, соған жеткізетін мансап пен өзімшіл мақсат та жайына қалды. Өр мінезді, өзіне де, өзгеге де қатал ағамыз ер екенін танытып, халқының адал азаматы екенін ел басына күн туғанда тағыда бір дәлелдеді. Журналистика айдынында қызмет етіп жүрген әрбір шәкіртінің өз кәсібінің ғана білікті маманы болуымен қатар ана тіліне де жетік болуын қадағалап отырды. Олардың әрқайсысынан ана тілді дұрыс қолдануды қатаң талап етті. Сондай нағыз ұлтжанды ұстаздың шеберханасынан шыққан шәкірттері де кезінде үдеден шығып отырды. Өйткені олар тіл тазалығының қатал сақшысы, журналистика деп аталатын дамыл таппай күні-түні ізденуді талап ететін, өмірдегі түпкір-түпкірдегі қат-қабат оқиғалардан хабардар болып, үнемі жаңғыруды, жаңа білімділікті талап ететін мамандықтың иегері. Сөйте отырып, олар нағыз халықтың арасында жүретін, оның тілі, тарихы, әдебиеті мен мәдениетімен бірге жасайтын сардарына айналып, қоғамдық өмірдің сан-алуан қырлары туралы ауызша-жазбаша пікір таратып жүрген кәсіби мамандар екенін тура түсінді. Сол кездегі газет-журналдарда, радио-теледидарда қызмет істеген мамандардың көпшілігі өз ісінің адал маманы бола білді. Ал бүгінгі журналистикада, әсіресе соңғы жылдары, журналистика саласында жүрген жас мамандар ана тіліміз–қазақ тілін қолдануда жауапкершілікті жоғалтып алғандай әсер қалдырады. Біздің пайымдауымызша, журналистикаға қатысы бар кез келген маман халыққа қызмет етуге келгенін естен еш шығармау керек. Олар қарапайым көрермендер мен оқырмандар үшін сауатты сөйлеудің ең дәл үлгісі қандай екенін еш уақытта, жадынан еш шығармағаны абзал. Жалпы айтқанда, осы мамандықты таңдаған әрбір болашақ маман өздерінің барлық жағынан, атап айтар болсақ, қаламының ұшынан, әрбір мақала-деректерінен, аузынан шыққан әр сөзінен, өзінің түр-тұлғасы мен жұрт алдындағы қимыл-әрекетімен ерекше дараланып тұру керек сияқты. Шындығында олар журналистика мамандығының тіпті эталондық деңгейге жеткен, ешбір ағаттықты кешірмейтін сардарына айналатынын білуге тиіс.

Шап-шағын мақаламызда орыс тілі мен қазақ тілінің сөздерін араластырып сөйлеп, сөзден «салат» жасайтындар туралы емес, қазақ тілінде әртүрлі шығарма жазып жүрген, тілді бір кісідей меңгеріп алған, негізінен жоғарғы оқу орындарының журналистика факультетін бітірген, соған қарамастан бір нәрсе жазу керек болғанда, қазақ тілінің атам заманнан қалыптасып қалған сөз тіркестерін бұзып жазатындар туралы, дәлірек айтсақ, солардың жазу тілі туралы біраз мәліметтерді сөз етсек дейміз.


Сөзіміздің бісмілләсін датаның (жылдың, айдың, күннің) қалай жазылып жүргенінен бастайық. Бүгінгі таңда бірен-саран газет-журналдардан басқа көпшілігі датаны орысша жазып жүр. Орыстар датаны жазғанда да, айтқанда да алдымен күнді, содан кейін айды, ең соңында жылды көрсетеді, бұған мысал келтірмей-ақ қояйық, мемлекеттік мекемедегілер оны жақсы меңгеріп алған. Қазақтар болса, алдымен жылды, содан кейін айды, ең соңында оқиға болған немесе болатын күнді көрсетіп жазады. Демек орыстардікіне мүлде қарама-қайшы. Бірақ біздің қазақтар сөйлегенде де датаны орысша айтады. Мысалы, бүгін 2014- жылғы сәуірдің 2-сі дейік, бізден бұрынғы аға буын өкілі осындай тәртіппен жазып, осындай тәртіппен сөйлеген. Ал бүгінгі сауаты шалалар (осылай демеске амал жоқ) бүгін 2014 жылғы 2 сәуір деп жазып, оны оқып немесе айтып берген кезде: бүгін екі мың он төртінші жылғы екінші сәуір дейді. Бұрын реттік сан есімдерді жазғанда, ыншы-інші деген жұрнақтардың орнына сызықша қойып, оны ыншы-інші деп оқушы едік: Осы ереже Р. Сыздықова жазған орфографиялық сөздікте сақталғанына қарамастан, датаға келгенде, реттік сан бола тұра, бүгінде сызықша қойылмайтын болған. Пәленің басы дәл осы ережеден басталады. Реттік сан есімдерден кейін сызықша қойылады деген ережеге сол тілдегі кез келген реттік сан есім бағынуға тиіс. Грамматикадағы кез келген ереже сондай. Егер сөз қатаң дауыссыз дыбысқа аяқталып тұрса, оған жалғанатын жалғаулар мен жұрнақтар да қатаң дауыссыз дыбыстан басталады. Бұл да ешқандай дау тудырмайтын ереже, дәл осы секілді Реттік сан есімдерден кейін сызықша қойылады деген ереже де ешқандай дау тудырмауға тиіс. Дәл сол секілді екінші сәуір дегенді сан арқылы жазсақ, 2- сәуір болады. Осылай жаза берсек, қазақтарда сәуірдің саны 30-ға бір-ақ барады, сонда елден ерекше қазақтарда ғана 30 сәуір бар ма?! Қаңтардың саны 31 болады, бұл- нағыз ақымақтық қой. Орыстардағы сегодня второе апреля 2014 года дегендегі я жалғауы сәуірдің бір-ақ күнін, екісін айтып тұр.

Мысал үшін тағы бір сөз тіркесін алайық: Қазақстанның 2000 жылғы тарихы дейік. Осы сөз тіркесін біз жоғарыда атап өткен орфографиялық ереже бойынша жаздық. Ал енді осыны мектептегі оқушы балалар немесе өзін сауаттымын дейтін азамат қалай оқу керек? Сөз жоқ, қалай оқырын білмей сасқалақтап шатасады: біреуі : Қазақстанның екі мың жылғы тарихы десе, екінші біреуі: жоқ, бұл: Қазақстанның екі мыңыншы жылғы тарихы деп оқитын болады. Осындай келеңсіздік орфографиялық ереженің босаңдығынан туып отыр. Бұндай жағдай бір нәрсені оқып отырғанда, алдыңнан кездеседі де отырады, мұндайды болдырмау үшін: Қазақстанның 2000 жылғы тарихы деген сөз тіркесін түлкі бұлаңға салмай, бір рет: Қазақстанның 2000 жылғы тарихы, екінші рет Қазақстанның 2000- жылғы тарихы деп жазу керек, сонда біріншісі Қазақстанның екі мың жылғы тарихы, ал екіншісі: Қазақстанның екі мыңыншы жылғы тарихы деп оқылады. Екеуінің арасындағы айырмашылық аспан мен жердей. Екеуі екі түрлі ұғымды білдіреді.

Екінші бір айтайын дегеніміз ілік септігінің ның-нің, дың-дің, тың-тің деген жалғаулары туралы. Тіл ғылымында «изафеттік конструкция» деген ұғым бар. Аға буын тіл зерттеушілері оның үш түрі бар екенін айтып кеткен. Бірінші түрінде бұл жалғаулар міндетті түрде жалғанады да, оң жақтағы сөздің білдіріп тұрған затының сол жақтағы сөздің білдіріп тұрған затына тиесілі екенін білдіреді: Алматы метросы емес, Алматының метросы дейміз. Метроның Алматы қаласының меншігі екені рас қой. Кейде ілік жалғаулы сөз қосарланып келеді де, соңғы екі сөз алдында тұрған сөзге телінеді: Сапардың әкесінің машинасы десек, әке Сапардікі, ал машина оның әкесінікі. Соңғы кезде ілік септігінің осы жалғауларын жөнді-жөнсіз түсіріп айту көбейіп кетті. Бір-ақ мысал келтірейік: Дегенмен Израилдегі қазақстандық азаматтар арқасында «Шахтер» қолдаусыз қалған жоқ. Азаматтардың арқасында болу керек еді.

Изафеттік конструкцияның екінші түріне: Алматы қаласы, Абай көшесі, «Жас Алаш» газеті, «Ромашка» кафесі, «Арзан» дүкені, «Мерседес» машинасы, демалыс паркі, өнер музейі, физика факультеті деген секілді сөз тіркестері жатады. Осы тіркестердегі оң жақтағы сөздің білдіріп тұрған затының сол жақтағы сөздің білдіріп тұрған затына тиесілі емес екенін білдіреді. Абай көшесі дегенде, осы көше данышпан Абайдың жеке меншігінде емес қой. Бірінші түрінде меншіктілік бар болса, екіншісінде оның исі де жоқ. Басты айырмашылық осында. Ал осы конструкцияның үшінші түрін алдыңғы екеуімен ешкім шатастырмайды деп ойлаймыз. Бұл түрге жататындар: ағаш төсек, темір жол, ас үй, нағашы ата, арлан қасқыр секілді сөз тіркестері. Екі зат есім қатар тұрады да, сол жақтағысы оң жақтағысына анықтауыш болады. Жалпы осы үшеуіне ортақ қасиет мынау: әр түрлі сұраққа жауап бергеніне қарамастан сол жақтағы сөз оң жақтағы сөзді анықтап, соның грамматикалық анықтауышы болып тұр, сондықтан үшеуін біріктіріп, изафеттік конструкция деп атайды. Жазу-сызумен шұғылданатын ағайындардың атақ-дәрежелеріне қарамай, осы қарапайым ережені біліп, сауатты жазып жүргендері жөн.

Үшінші бір айтайын дегеніміз - қазақ тіліндегі анықтауыш болып тұрған сөздің тұрған орны. Қазақ тілінде анықтауыштың өзінің қатып қалған, қозғауға болмайтын орны бар: анықтауыш өзі анықтап тұрған сөздің тура алдында тұруға тиіс, егер олар бірнешеу болса, жасалғанына қарай орналасады, бірақ анықтауыштың барлығы анықталатын сөздің алдында болады. Бізде осы ереже жиі-жиі бұзыла береді. Бір мысал: ... кеңінен талқыланып, жалпыға ортақ спортты дамытуға қатысты тиімді шешімдер айтылды. Осы жерде жалпыға ортақ деген анықтауыш сөз спортқа емес, шешімге қатысты болып тұр, сондықтан ол ... кеңінен талқыланып, спортты дамытуға қатысты жалпыға ортақ, тиімді шешімдер айтылды деп жазу керек еді.

Айтуға тұратын мәселе көп қой, қайсыбірін айтайық, мақаланың көлемі көтермейді ғой. Дегенмен төртінші кезекте арқасында, кесірінен деген сөздердің қолданылуы туралы қысқаша айта кетейік. Баспасөз бетінде де, теледидардан сөйлеп жатқан мемлекетшіл мырзалар да осы екі сөзді мүлде ажырата алмай қалған. Арқасында дегенде, біз біреудің, бір нәрсенің немесе бір іс-әрекеттің адамға тигізген жақсылығын ғана айтамыз. Ал енді соның жақсылығы емес, кесірі, зияны тиіп жатса, соның кесірінен дейміз. Соңғы кезде кесірінен дегеннің орнына арқасында дегенді көп айтып, көп жазып кеткендейміз. Осыған сақ болған жөн.

Тілге тиек ететін тағы бір мәселе – орыстың вопрос деген сөзін қазақшаға дұрыс аудара алмай қалған сияқтымыз. Орыс тілінің түсіндірмелі сөздігінде бұл сөздің 4 мағынасы көрсетілген. Күнделікті өмірде алғашқы екі мағынасы өте жиі қолданылады: 1- мағынасы – сұрақ; 2- мағынасы – проблема, мәселе. Әдетте сұрақты қоямыз, оған жауап береміз, оның бар-жоғын білеміз. Ал мәселені, проблеманы талқылаймыз, күн тәртібіне қоямыз. Өзіміз күнде тыңдап жүрген ток-шоулардан бір-ақ сөзді естиміз, ол – сұрақ сөзі, көбінесе мәселе, проблема дегеннің орнына сұрақ деп жүр, дәл сол ток-шоуда осылай қате сөйлеген адамға «Бұныңыз қалай?» деген бір пендені көрмедік, тіпті мамандығы журналист жүргізушінің өзі солай деп тұрады. Осы ток-шоуды тыңдап отырған жастар осындай қате айтылған сөздерден теріс үлгі алары сөзсіз.

Сөз соңында тағы бір нәрсені еске салайық. Қазақта жақсы көру деген күрделі етістік бар. Біз әдетте бір адамды, адамнан басқа бір жанды мақұлықты, бір затты немесе бір іс-әркетті жақсы көреміз. Әсіресе бір іс-әрекетті жақсы көретінімізді айтарда, орыс тілінің арбауына түсіп, солар қолданатын конструкцияны қолданып жібереміз. Олар «Мальчики любят играть в футбол» десе, біздің орысшыл азаматтар «Балалар футбол ойнағанды жақсы көреді» дегеннің орнына, олар бет-аузы бүлк етпей: «Балалар футбол ойнауды жақсы көреді» деп тұрады. Қазақ тілінде мұндай жағдайда етістіктің ған-ген, қан-кен жұрнақты есімше тұлғасы қолданылатынын ұмытпау керек.

Біз бүгін жанымызға батып жүрген біраз мәселені тілге тиек еттік. Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз демекші, қазақ тілінің әлі де біз айтпаған тоқсан тоғыз проблемасы бар, соларды көп болып БАҚ бетінде көтеріп, ата-бабаларымыз төгілте сөйлеген, бізден бұрын өткен ағаларымыз аялап өткен тілімізді шала сауаттылардың шабуылынан құтқарып алайық.

Осы мақаланы жазғандағы басты мақсат- ана тіліміздің ақпарат майданында жүрген әрбір журналистің өз мамандығының қас шебері болу керек екенін еске салу. Қас шебер болу дегеніміз - оңды солды қолдана салатын қызыл сөзге әуестену емес. Бірақ ол үшін ақпарат майданында ұзақ уақыт аянбай тер төгу керек. Сенің абырой- даңқыңды асқақтататын, таңдаған кәсібіңнің шебері дәрежесіне көтеретін –ана тіліңе деген шынайы құрметің, оның алдындағы ерекше жауапкершілік сезімің. Оны жұрт өзің үшін ғана емес, көпшілік үшін жасаған әрбір туындыңнан, сәтті шыққан әрбір ұзынды/қысқалы хабардан, сәтті түсірілген бейнебаяннан, жазылған мақаладан, өзің өрген әрбір сөз бен сөз тіркестеріңнен байқайды және бұны дәл және әділ бағалайды. Қорыта келгенде айтпағымыз - журналистика факультетін тамамдаған жастар өздері журналистиканың қай саласында қызмет етсе де, өздерінің рухани, кәсіби, азаматтық жауапкершілігін терең түсініп, қазақ тілінің табиғи қалпын бұзбай жазса екен.


Әдебиет:

1.С.И. Ожегов и Н.Ю. Шведова Толковый словарь русского языка Москва 1999



2.Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі Алматы «Қазақстан» 1988

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет