Төтенше жағдайлардың алдын алудың және оларды жоюдың мемлекеттiк жүйесiн дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған бағдарламасы туралы


Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi



бет2/3
Дата26.06.2016
өлшемі411.69 Kb.
#159741
1   2   3

4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi

      Көзделiп отырған ТЖМЖ-ны дамыту табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың, оның iшiнде кең ауқымды жер сiлкiнiсiнiң әсерiнен Қазақстан Республикасының халқын, экономикалық әлеуетiн және қоршаған ортаны тиiмдiлiкпен қорғауды қамтамасыз етедi.


      Бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасының халқын, экономикалық әлеуетiн және қоршаған ортаны ТЖ әсерiнен тиiмдi қорғауды арттыру және қамтамасыз ету, олардың алдын алу, зардаптарын жою, залалын азайту үшiн күштер мен құралдарды дамыту болып табылады.
      Бағдарламаның мiндеттерi:
      ТЖМЖ-ның қызметiнде орын алған кемшiлiктердi жою; оның қызметiнiң тиiмдiлiгiн қарқынды арттыру;
      басқару органдарының, авариялық-құтқару және болжау қызметтерiнiң жұмысын жетiлдiру және тиiмдiлiгiн арттыру;
      халық арасында төтенше жағдайлардан қаза тапқандар мен зардап шеккендердiң санын қысқарту;
      экономикалық шығынды азайту және қоршаған ортаның экологиялық тепе-теңдiгiн сақтау жөнiндегi iс-шараларды iске асыру болып табылады.

5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары мен тетiгi

      Бағдарламаны iске асыру бүтiндей алғанда, екi сатыда жүзеге асырылады:


      Бiрiншi сатысы (2004-2006 жж.) мына iс-шараларды:
      1) нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру;
      2) TЖМЖ-ны институционалдық дамыту, төтенше жағдайлардың, оның iшiнде жер сiлкiнiсiнiң мониторингiн жетiлдiру;
      3) ТЖМЖ-ны материалдық-техникалық қамтамасыз ету, елiмiздiң авариялық-құтқару қызметiн дамыту және жетiлдiру;
      4) материалдық-техникалық резервтер жасау;
      5) үйлер мен ғимараттарды сейсмикалық берiктендiру, жаңа құрылыстың сапасына және пайдаланымдағы объектiлердiң жай-күйiне тиiстi бақылауды қамтамасыз ету;
      6) төтенше жағдай саласындағы орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн жандандыру және жетiлдiру;
      7) TЖМЖ-ның iс-қимылын жоспарлау, ғылыми-техникалық зерттеулер жүргiзу;
      8) байланыс, хабарлау және информатикалау жүйесiн дамыту және жетiлдiру;
      9) мемлекеттiк басқару органдарын дайындау, TЖМЖ мамандарын қайта даярлау, халықты оқытып-үйрету;
      10) төтенше жағдайлар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты iске асырумен байланысты.

      Екiншi сатысы (2007-2010 жж.) TЖМЖ-ны және жер сiлкiнiсiнен қорғау жүйесiн дамыту мен жетiлдiру жөнiндегi аяқталмаған iс-шараларды iске асыру кезеңi болады. Сонымен қатар ТЖ жоюға және зардап шеккен халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етуге арналған авариялық-құтқару күштерiн одан әрi күшейту және облыстар мен мемлекеттiк ведомстволардың материалдық-техникалық және қаржы резервтерiн нығайту жөнiндегi жоспарланған iс-шаралардың бiрқатарын iске асыру басталатын болады.


      ТЖМЖ-ны институционалдық дамыту, жер сiлкiнiсiнiң мониторингiн жетiлдiру саласында:
      сейсмикалық стансаларды қазiргi заманғы жабдықтармен жарақтандыру;
      жаңа сейсмикалық стансалар құру;
      Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң "Сейсмикалық тәжiрибелiк- әдiстемелiк экспедиция, мемлекеттiк мекемесi қызметкерлерiнiң санын бiртiндеп арттыру;
      iс жүзiндегi әдiстемелердi талдау және жаңаларын енгiзу негiзiнде жаңғыртылған бақылау жүйелерiн құра отырып, жер сiлкiнiсiн қысқа мерзiмдi болжау әдiстемелiгiн әзiрлеу бойынша iс- шаралар жүргiзу жоспарлануда.
      Материалдық-техникалық резервтердi нығайту үшiн:
      ТЖА, мемлекеттiк материалдық резервте және сейсмикалық қауiптi облыстар мен қалаларда зардап шеккен халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етуге арналған резервтер құруды аяқтау;
      қазiргi заманғы техникалар мен жабдықтарды сатып алу арқылы TЖМЖ-ы және авариялық-құтқару қызметтерiн материалдық-техникалық қамтамасыз етудi нығайтуды жалғастыру бойынша iс-шаралар жүргiзу жоспарлануда.
      Үйлер мен ғимараттарды, бiрiншi кезекте мектептердi, ауруханаларды және адамдар көп жиналатын басқа да объектiлердi сейсмикалық берiктендiру бойынша iс-шаралар жүргiзудi жалғастыру жоспарланды.
      Сонымен бiрге:
      мамандарды қайта даярлау және басқару органдары мен авариялық-құтқару күштерiнiң оқу-жаттығуын және жаттығуларын өткiзу;
      халықты оқытып-үйрету;
      ТЖ алдын алу және жою, сейсмология және жер сiлкiнiсiн қысқа мерзiмдi болжау саласында халықаралық ынтымақтастық бойынша iс-шаралар орындалады.

Нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру

      Нормативтiк құқықтық базаны дамыту жөнiндегi iс-шараларға:
      "Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына Үкiметке төтенше жағдайларды жiктеудi белгiлеу функцияларын берудi көздейтiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;
      TЖ жiктемесiн әзiрлеу;
      ТЖ саласындағы, оның iшiнде өнеркәсiптiк қауiпсiздiктегi құқықтық реттеудегi кемшiлiктердi жою;
      TЖМЖ және ТЖА алдына қойған мiндеттердi шешу жөнiндегi нормативтiк сипаттағы Үкiмет актiлерiнiң жобасын әзiрлеу;
      ТЖА құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде нормативтiк құқықтық сипаттағы актiлер қабылдау;
      АҚ және ТЖ алдын алу және оларды жою саласындағы ведомствоаралық және ведомстволық нормативтiк құқықтық актiлердi бекiту және келiсу;
      Қазақстан Республикасының және шет елдердiң құтқару бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасынан өту, iзгiлiк жүктердi жеткiзуi кезiнде кеден рәсiмдерiн, шекаралық және визалық бақылауды жеңiлдету және тездету мәселелерiн пысықтау кiредi.

ТЖМЖ-ның институционалдық дамуы, ТЖ, оның iшiнде жер


сiлкiнiсi мониторингiн жетiлдiру

      Төменде көрсетiлген жұмыстардың толық кешенi орындалатын болады:


      ТЖМЖ және жалпы құрылымын дамыту және жетiлдiру, өмiрдiң алға қойған проблемаларын толығымен қамту үшiн бұрын бар бөлiмшелердi нығайту және жаңаларын құру;
      ТЖ саласында бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру кезiнде қалыптасқан жағдайды жан-жақты талдау, оларды реттеу, оңтайландыру және одан әрi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      тиiмдi түрде ТЖ алдын алу және залалын азайту, орталық және жергiлiктi атқарудағы органдардың тиiстi қызметтерiнде Агенттiктiң үйлестiрушi рөлiн арттыру мақсатында оның құрылымын дамыту және өкiлеттiгiн кеңейту;
      байқау, жағдайды бақылау және төтенше жағдайды болжау тиiстi қызметтерiн құру және тиiмдi қызметiн қамтамасыз ету, ТЖ мен АҚ қорғаныс саласындағы ведомстволық бағынысты құрылымдар мен бөлiмшелердiң жұмысын жақсарту, ТЖ және АҚ қызметтерiнiң толыққанды қызметiн қамтамасыз ету;
      бар сейсмикалық стансаларды қазiргi заманғы аппаратуралармен, автокөлiкпен, байланыс құралдарымен қайта жарақтандыру және жаңа байқау стансаларын ашу;
      жер сiлкiнiсiнiң қысқа мерзiмдi болжау әдiстемесi мен әдiстемелiгiн әзiрлеу мақсатында ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргiзудi қамтамасыз ету;
      республиканың батыс аймақтарындағы мұнай және газ кен орындарында бұл аймақтар үшiн сейсмикалық аудандарға бөлу және сейсмикалық ықшам аудандарға бөлу карталарын жасай отырып, геодинамикалық мониторинг ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
      қозғалыстардың сейсмикалық құбылыстармен генетикалық байланысын орнату және жер сiлкiнiсi болжамын әзiрлеу үшiн геодинамикалық полигондар құруды қамтамасыз ету;
      қандай да болмасын қираудың қазiргi заманғы белсендiлiгiн анықтау, қирау аймағында болып жатқан өзгеру процестерiнiң кеңiстiгiндегi уақытша өзгерiстi айқындау үшiн жоғары нүктеде геодезиялық байқау (геодезиялық мониторинг) жүргiзудi қамтамасыз ету;
      қалаларды, өнеркәсiптiк объектiлердi, гидротехникалық құрылғыларды сейсмикалық ықшам аудандарға бөлу кезiнде пайдаланылатын 1:500000 көлемiндегi жер қыртысының қазiргi заманғы қозғалысының картасын әзiрлеу;
      ғарыштан ақпарат қабылдайтын аппарат кешендерiмен, қазiргi заманғы байланыс құралдарымен және есептеу техникаларымен жарақтандыра отырып, "Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң төтенше жағдайлардың ғарыштық мониторинг орталығы" мемлекеттiк мекемесiн құру;
      Алматы қаласының және Қазақстанның сейсмикалық қауiптi аймақтарының сейсмикалық қауiптiлiгiн және сейсмикалық қауiп-қатерiн болжау әдiстемесiн әзiрлеу үшiн ғарыштық мониторингтi пайдалану;
      Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары үшiн 1:1000000 көлемдегi егжей-тегжейлi сейсмикалық аудандарға бөлу картасын әзiрлеу;
      Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы үшiн 30 мыңнан астам адам саны бар қалалар мен қала үлгiсiндегi поселкелердi шағын сейсмикалық аудандарға бөлу және сейсмикалық қауiп-қатер карталарын әзiрлеу;
      радиациялық, химиялық, бактериологиялық қауiптiлiк мониторингiн ұйымдастыру және аса қауiптi табиғи құбылыстардың және өнеркәсiптiк объектiлердiң мәлiметтер банкiн құру; радиоактивтi материалдарды жинауға, қабылдауға, сақтауға, тасымалдауға және пайдаға асыруға бақылауды күшейту.

ТЖМЖ материалдық-техникалық қамтамасыз ету және


елiмiздiң авариялық-құтқару қызметiн жетiлдiру

      Бұл бағытқа мына жұмыстар кiредi:


      ТЖМЖ құрылымдары үшiн материалдық-техникалық құралдардың тиiстiк нормасын әзiрлеу;
      TЖМЖ-ны материалдық-техникалық ресурстармен оңтайлы қамтамасыз ету бойынша қажеттi есептеулер жүргiзу;
      республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаражат бөлу үшiн қажеттi негiздеме дайындау;
      республиканың авариялық-құтқару қызметiнiң күштерiн өткiштiгi жоғары көлiкпен, ұшақтармен, тiкұшақтармен, катерлермен, арнайы құтқару жабдықтарымен, техникамен және керек-жарақтармен жарақтандыру;
      өрт сөндiру бөлiмдерiн өрт сөндiру, авариялық-құтқару техникасымен, байланыс құралдарының жабдықтарымен толықтыра жарақтандыру;
      ТЖА Республикалық дағдарыс орталығын және "051 қызметiн" толықтыра жарақтандыру және дамыту. Бiрiншi сатысында бұл қызметтi 50 мың және одан артық адам тұратын барлық қалаларда құру керек;
      жер сiлкiнiсiнiң зардаптарын жоюға арналған ТЖА күштерiнiң топтарын қосымша құралымдар мен бөлiмшелер құру арқылы күшейту;
      сейсмикалық қауiптi аймақтарға орналасқан саны 5 мың және одан артық адам тұратын елдi мекендерде Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiн құру;
      "Республикалық апат медицина орталығы" ММ жанынан ТЖ кезiнде медициналық көмек көрсету үшiн тәулiгiне 500 зардап шеккендерге - жинақы госпиталь және тәулiгiне 300 зардап шеккендерге - темiр жол госпиталiн құру;
      TЖ алдын алу және оларды жою жөнiндегi iс-шараларға қатысушы ТЖА қызметкерлерi, әскери қызметшiлерi және азаматтар үшiн "ТЖА Республикалық медициналық және оңалту орталығы" ММ құру;
      патрульдеудi ұйымдастыру, авариялық-құтқару құралымдарын, инженерлiк техниканы, iзгiлiк жүктердi апат және табиғи өрттердi сөндiру аймағына жеткiзу үшiн "Қазавиақұтқару" ММ авиациялық кәсiпорнын құру;
      TЖМЖ-ны толығымен материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшiн қаржыны тиiмдi және ұтымды пайдалану.

Материалдық-техникалық резервтерiн құру

      Мыналар бойынша:
      күнделiктi пайдаланудағы және жұмылдыру қорындағы жеке қорғану құралдарының, радиациялық және химиялық барлау аспаптарының, азаматтық қорғаныстың басқа да мүлiктерiнiң орнын толтыру және кезең-кезеңiмен жаңарту, кейiн АҚ жедел қорларын және мүлiктер резервiн құру;
      ТЖ мұқтаждығы үшiн елiмiздiң мемлекеттiк резервiне материалдық-техникалық құралдарды, жабдықтарды, азық-түлiк өнiмдерiн, дәрi-дәрмектер мен тiршiлiктi қамтамасыз ету құралдарын салу;
      ТЖА құрылымдық бөлiмшелерiне дереу ТЖ аймағындағы халықтың алғашқы тiршiлiгiн қамтамасыз етудi ұйымдастыру үшiн 8000 зардап шеккенге есебiмен тiршiлiктi қамтамасыз ету құралдары мен жүйесiнiң жедел резервiн салу;
      Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстары әкiмдерiнiң 2007 жылға 30 мың зардап шеккенге есебiмен материалдық-техникалық құралдардың, тiршiлiктi қамтамасыз ету құралдары мен жүйелерiнiң резервiн салуы;
      Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс-Қазақстан және Қызылорда облыстары әкiмдерiнiң 2010 жылға 10 мың зардап шеккенге есебiмен тiршiлiктi қамтамасыз ету құралдары мен жүйелерiнiң резервiн салуы;
      Алматы қаласы мен басқа да сейсмикалық қауiптi облыстардың зардап шеккен халқының алғашқы тiршiлiгiн қамтамасыз ету үшiн тiршiлiктi қамтамасыз ету құралдарын сала отырып, Алматы қаласы үшiн 200 мың зардап шеккенге және басқа облыстар үшiн 50-100 мың зардап шеккенге есебiмен коммуналдық-энергетикалық жүйелермен жабдықталған алаңдар құру;
      50 мың зардап шеккендi тiршiлiкпен қамтамасыз ету және кең ауқымды ТЖ кезiнде дер кезiнде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу мақсатында мемлекеттiк материалдық резервтегi материалдық құралдардың нормасы мен номенклатурасын қайта қарау; оларды белгiленген нормаға дейiн толтыру;
      ТЖ болған жағдайларға дәрi-дәрмек пен медициналық мүлiктiң резервiне тексеру жүргiзу және оның тиiстi нормативтерге сәйкес көлемде облыстарда және "Республикалық апат медицина орталығы" MM-e салынуын қамтамасыз ету;
      ТЖА құрылымдық бөлiмшелерiнде ұзақ сақталудағы мүлiктердi белгiленген нормативтерге дейiн жеткiзу және жаңартып отыру бойынша жұмыстар орындалады.

Үйлер мен ғимараттарды сейсмикалық берiктендiру,


жаңа құрылыстың сапасына және пайдаланылатын объектiлердiң
жай-күйiне бақылауды күшейту.

      Мынадай:


      республиканың сейсмикалық қауiптi аймақтарына орналасқан үйлер мен ғимараттар объектiлерiнiң жай-күйiн зерттеу және олардың сейсмикалық орнықтылық деңгейiн айқындау;
      облыстардың және Алматы қаласының үйлер мен ғимараттарды сейсмикалық берiктендiру жөнiндегi 2004-2010 жылдарға арналған бағдарламаларын әзiрлеу;
      үйлер мен ғимараттарға, ең алдымен бiлiм беру мекемелерiне, медицина мекемелерiне, тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiне сейсмикалық берiктендiру жүргiзу;
      сейсмикалық қауiптi аймақтардағы Индустрия және сауда министрлiгiнiң Мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау аумақтық органдарын нығайту жөнiнде ұсыныс енгiзу жұмыстарын жүргiзу болжанылады.

Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың


ТЖ саласындағы қызметiн жандандыру және жетiлдiру

      Республиканың орталық және жергiлiктi атқарушы органдары бұл салада мынадай нақты шаралар қабылдайтын болады:


      төтенше жағдайлардың туындау қатерiн мүмкiндiгiнше азайту, адамдардың өмiрi мен денсаулығын сақтау, зиянның көлемi мен материалдық шығынды азайту;
      тұрғын үйлер мен коммуналдық шаруашылық объектiлерiнде газды қауiпсiз пайдалану жөнiндегi аумақтық техникалық инспекциялар құру;
      мемлекеттiк және қорғаныс маңызы бар объектiлердiң сондай-ақ коммуникацияларды және тiршiлiктi қамтамасыз ету жүйелерiнiң сенiмдi күзетiн ұйымдастыру және қамтамасыз ету, биотерроризмдi қоса алғанда терроршылдыққа қарсы iс-қимылды күшейту iзгiлiк акцияларына әзiрлiктi қамтамасыз ету;
      қалалық, қала сыртындағы басқару пункттерiн, азаматтық қорғаныстың қорғану құрылыстарын салу, жетiлдiру және әзiрлiкте ұстау; күнделiктi пайдаланудағы, жұмсалмайтын қордағы және жұмылдыру резервiндегi жеке қорғану құралдарын және басқа да АҚ мүлкiн толықтыруды және кезең-кезеңiмен жаңғыртуды жоспарлау және жүзеге асыру;
      051-қызметiн, суда-құтқару қызметiн, сүңгуiр авариялық-құтқару жасақтарын құру және жетiлдiру жөнiндегi жұмыстарды жандандыру;
      халықтың эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз ету; санитарлық, ветеринарлық қадағалау мен бақылауды күшейту, алдын алу шараларын уақытында жүргiзу; жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу, санитарлық-карантин пункттерiн дамыту, оларды барлық қажеттi мүлiкпен жарақтандыру.

ТЖМЖ қызметiн жоспарлау, ғылыми-техникалық


зерттеулер жүргiзу

      ТЖМЖ қызметiн жоспарлау:


      ТЖМЖ және оның бағынысты жүйелерi қызметiн жоспарлаудың жалпы әдiстемелiгiн жасауды;
      басқарудың түрлi иерархиялық деңгейi және қызмет бағыты бойынша ағымдағы және ұзақ мерзiмдi нақты жұмыс жоспарларын, ТЖ жою кезiндегi мемлекеттiк басқару органдарының, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң, күштер мен құралдардың өзара iс-қимылы жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеудi;
      қиратушы жер сiлкiнiсi болған жағдайда мемлекеттiк басқару органдарының iс-қимыл жоспарларын, министрлiктер мен ведомстволардың, облыстардың бөлетiн күштерi мен құралдарының құрамы мен санын қайта қарау және түзетулер енгiзудi;
      көршiлес мемлекеттердiң шекаралас облыстарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, трансшекаралық ТЖ жою жоспарларын әзiрлеудi қарастырады.
      Ғылыми-техникалық зерттеулер жүргiзу:
      ТЖА жүйесiне, сондай-ақ мүдделi ұйымдарда iстеп тұрған және жаңадан құрылған ғылыми-зерттеу құрылымдарының өзектi ғылыми-техникалық жұмыстар орындауын;
      қызметтiң бекiтiлген басымдықтарының негiзiнде ұзақ мерзiмдi стратегиялық ғылыми-техникалық жоспарлар әзiрлеудi;
      алынған жұмыс нәтижесiн қолданысқа енгiзудi;
      шетел мемлекеттерiнiң ғылыми-техникалық ұйымдарымен тәжiрибе алмасуды қамтиды.

Информатикалау, байланыс және хабарлау жүйесiн жетiлдiру

      Бұл бағыт:
      ТЖА корпоративтi есептеу желiлерiн құру, қазiргi заманғы есептеу техникасын, телекоммуникация және байланыс құралдарын сатып алу;
      халықты және республикалық, облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегi мемлекеттiк басқару органдарын, хабарландыру жүйелерiн, сондай-ақ барлық аса қауiптi объектiлердегi жергiлiктi жүйелердi жаңғырту;
      халыққа селдiң қауiп-қатерi туралы аймақтық хабарлау жүйелерiн және сел тасқыны мен сел қауiптi объектiлердi қадағалайтын автоматтандырылған спутниктi жүйелер құру;
      бiрiншi кезекте жылжымалы басқару және байланыс желiлерiн, радио мен спутниктiк байланыс құралдарын сатып алуды қоса отырып, ТЖА байланыс жүйесiн жаңғырту жұмыстарын қамтитын болады.

Мемлекеттiк басқару органдарын даярлау, ТЖМЖ


мамандарын қайта даярлау, халықты оқытып-үйрету

      Бұл жұмысқа:


      Көкшетау техникалық институтын, базасында бұрынғысынша АҚ және ТЖ мамандарын даярланатын Құтқарушылар академиясы етiп қайтадан құру;
      мамандарды жоғары және арнайы орта оқу орындарында тиiстi мамандықтар бойынша жаңадан ашылған немесе жаңғыртылған оқу курстарында даярлау; саланы бiлiктi кадрлармен тұрақты негiзде толықтыру;
      даярлау және оқыту, жұмыс iстейтiн мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту;
      Республикалық құтқарушылар дайындау орталығын құру;
      ТЖ кезiнде басқару органдарымен және халықпен iс-қимыл жасау бойынша оқу-жаттығу және жаттығулар жүргiзу;
      халықты ТЖ-ға даярлау жөнiнде жадынамалар шығару, үгiт-насихатты күшейту, табиғи және техногендiк сипаттағы ТЖ кезiндегi iс-қимылға басқару органдары мен ұйымдардың персоналдарын, халықты оқытып-үйрету, оның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, кiретiн болады.

ТЖ саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Бағдарламада:
      Қазақстан  Республикасының басқа елдермен, Еуроодақпен, НАТО, БҰҰДБ, ҚКжҚЖАХҚ, Азаматтық қорғаныстың Халықаралық ұйымымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы екiжақты және көпжақты ынтымақтастығы;
      Агенттiктiң төтенше жағдайлар жөнiндегi құрылымын дамыту мен жетiлдiруде әлемдiк тәжiрибенi, ең алдымен неғұрлым прогресшiл және ТЖ алдын алу және жою саласындағы барлық iс-қимыл саласын толығымен қамтитын Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайларды және дүлей зiлзалалардың зардаптарын жою iстерi жөнiндегi министрлiгiнiң тәжiрибесiн (РФ ТЖМ) кеңiнен қолдану, осыған байланысты ТЖА материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша осы министрлiкпен тығыз байланыста болуды жүзеге асыру; ТЖА мамандарын РФ ТЖМ Азаматтық Қорғаныс академиясына оқуға жiберу практикасын кеңейту;
      ТМД және Балтық елдерiнiң мемлекеттiк қадағалау және бақылау органдарымен өнеркәсiптiк және өрт қауiпсiздiгi саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру;
      Ресей Федерациясымен, ҚХР, Жапония, AҚШ және басқа да алдыңғы қатарлы елдермен, халықаралық ұйымдармен сейсмология саласындағы ынтымақтастықты нығайту және дамыту;
      ғылыми-зерттеу бағдарламаларына қатысу, ақпарат және жаңа технологиялармен өзара алмасуды жүзеге асыру; сейсмологиялық бағдарламаларды iске асыру үшiн әдiстемелiктiк көмек тарту;
      ТЖ алдын алу және оларды жою саласында оқулар, семинарлар мен конференциялар өткiзудi дағдыға айналдыру;
      мамандар мен құтқарушыларды шетелде оқыту мен тағылымдамаға жiберу көзделген.

6. Қажеттi ресурстар және қаржыландыру көздерi

      Бюджеттiк қаржыландырудың жыл сайынғы көлемiн тиiстi жылға республикалық және жергiлiктi бюджеттердi жасау кезiнде Республикалық бюджеттiк комиссия анықтайтын болады.


      Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мемлекеттiк жүйесiн дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған бағдарламасын қаржыландыру көздерi Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарында келтiрiлген.
      Бұдан басқа, көзделген кредиттер және меншiктiң барлық нысанындағы ұйымдардың жеке қаржылары қаржыландыру көздерi ретiнде жүруi мүмкiн.

7. Бағдарламаны iске асырудан күтiлетiн нәтиже

      Бағдарламаны iске асыру, тiзбесi олардың басымдылығына қарай жасалған нақты iс-шаралар жоспарының негiзiнде жүзеге асырылатын болады.


      Бағдарламада көзделген iс-шараларды орындау:
      төтенше жағдайлар және ТЖ, оның iшiнде кең ауқымды жер сiлкiнiстерiнен халықты, объектiлердi және аумақтарды қорғау саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзудiң тиiмдiлiгiн арттыруға;
      бақылау-қадағалау функцияларын және болжау қызметiн реттеуге, олардың ТЖ болдырмау жөнiндегi мүмкiндiктерiн кеңейтуге;
      өнеркәсiптiк және өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, мұнай операцияларын қауiпсiз жүргiзуге бақылау мен қадағалауды күшейтуге, болуы мүмкiн ТЖ және қоршаған ортаның мониторингiн жақсартуға;
      жер сiлкiнiсiнiң ошағын алдын ала анықтауға және аса қауiптi аумақтарда шаруашылық қызметтерiн ұтымды жоспарлауды жүзеге асыруға;
      басқару органдарының, ТЖМЖ авариялық-құтқару күштерi мен құралдарының жедел дайындығын арттыруға, мiндеттердi кешендi түрде және қысқа мерзiм iшiнде қосымша келiсусiз және анықтаусыз шешуге, қабылданатын шешiмдердiң сапасын жақсартуға;
      ТЖМЖ қызметтерiнiң информатикалау, байланыс және халыққа, басқару органдарына хабарлау жүйелерiн осы заманның деңгейiне көтеруге;
      зардап шеккен халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз eту жөнiндегi материалдық-техникалық және медициналық резервтердiң қажеттi қорын құруға;
      жыл сайын төтенше жағдайлардан күтiлетiн материалдық шығынды 2-3 пайызға, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың санын 3-4 пайызға азайтуға, құтқарылғандардың санын 5-6 пайызға арттыруға мүмкiндiк бередi.

8. Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары

__________________________________________________________________


р/с Iс-шаралар      Аяқталған  Орындалуына Орындау Болжам Қаржылан.
N                   түрi       (iске       (iске   шығыс. дыру
                               асырылуына) асыру)  тар    көздерi
                               жауапты     мерзiмi (млн.
                                                   теңге)
__________________________________________________________________
1     2              3          4           5        6      7
__________________________________________________________________
               1. Нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру
__________________________________________________________________
1.1 ТЖ, оның iшiнде Үкiмет қау. ТЖА, ДСМ,  Жыл            қажет емес
    техникалық қау. лыларының   ККМ және   сайын
    iпсiздiк, елi.  жобалары,   басқа да
    мiздiң сани.    орталық ат. орталық
    тарлық-эпиде.   қарушы ор.  атқарушы
    миологиялық     гандардың   органдар
    саулығы және    актiлерi
    көлiктегi
    қауiпсiздiк
    саласындағы
    нормативтiк
    құқықтық ба.
    заны дамыту
    және жетiл.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет