Транзиттік әлеует Қазақстанның геостратегиялық басымдығы Мұсатаев С. Ш



жүктеу 119.72 Kb.
Дата20.06.2016
өлшемі119.72 Kb.
Транзиттік әлеует - Қазақстанның геостратегиялық басымдығы
Мұсатаев С.Ш. – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы
Түйін

Мақалада Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетті ұтымды пайдалануға бағытталған геостратегиясы, сондай-ақ, көлік және коммуникация саласындағы мемлекеттік саясатының өзекті мәселелері қарастырылған. «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі және «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізі», «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасы сияқты трансконтиненталдық инфрақұрылымды дамытуға ықпал ететін жобалардың бастамашысы Қазақстан болып табылады. Авторлар көлік және логистика саласында атқарылған жұмыстарға саясаттанулық тұрғыдан талдау жасаған.


Транзитный потенциал – геостратегический приоритет Казахстана
Мусатаев С.Ш., д.п.н.,проф. кафедры политологии и политических технологий Казахского национального университета им. аль-Фараби, Казахстан, г. Алматы
Резюме

В статье рассматриваются геостратегия Республики Казахстан, направленная на эффективное использование своего транзитного потенциала, а также, актуальные проблемы государственной политики в сфере транспорта и коммуникации. Казахстан является инициатором таких проектов как международный транзитный коридор «Западная Европа – Западный Китай», «Евразийский трансконтинентальный коридор», государственная программа «Нұрлы жол», которые способствуют развитию трансконтинентальной инфраструктуры. Авторы проводят политологический анализ проделанным работам в сфере транспорта и логистики.


Transit potential - geo-strategic priorities of Kazakhstan
Mussataev S., d.p.s., prof. Al-Farabi Kazakh National University, Department of Political Science and Political Technologies, Kazakhstan, Almaty
Abstract

The article examines geostrategy of the Republic of Kazakhstan, aimed at efficient use of its transit potential, as well as topical issues of state policy in the sphere of transport and communications. Kazakhstan has initiated projects such as the international transit corridor "Western Europe - Western China", "Eurasian transcontinental corridor" state program "Nurly Jol" that contribute to the development of the transcontinental infrastructure. The authors carried out political analysis of the work done in the field of transport and logistics.


Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы – Қазақстанның дағдарысты еңсеруіне бағытталған, бүкіл қоғам өмірі мен ұлттық экономиканың жаңаша даму жолдары кешенді қарастырылған бағдарламалық құжатқа тең. Елбасымыздың жаңа Ұлт жоспарында еліміздің көлік-транзит логистикалық әлеуетін арттыруға баса назар аударылып отыр [1]. Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан қазіргі заманғы көліктік инфрақұрылымды қалыптастыру мен дамытуды жүйелі түрде іске асыруда. Жалпы, Қазақстан тарихына шолу жасасақ геосаяси жағдайына байланысты қасиетті қазақ жері ғасырлар бойына тоғыз жолдың торабын, түрлі бағыттағы керуен жолдарын тоғыстырған. Алтай мен Атыраудың арасында жатқан кең-байтақ қазақ жері Шығыс пен Батыс өркениеттерін тоғыстырып, ұлы дала арқылы қазіргі заманғы халықаралық қатынастарға негіз болған Ұлы Жібек жолы өткен. Ал бүгінгі таңда Еуразия құрылығының көп елдеріне, ірі көліктік тораптары мен терминалдарына жол ашатын автомобиль және темір жолдардың Еуропалық және Азиялық аумақтық жүйелеріне белсенді интеграция процесі жүруде. Бұл процесте Қазақстанның алар орны мен атқаратын рөлі ерекше. Осыған байланысты мемлекет басшысының ұлт жоспарында «көлік тасымалдары жүйесі мен транзитті дамыту мақсатында, «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасында қаралғандай, республикалық маңыздағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңғыртылатын болады» деп көрсетілген. Сонымен қатар, Қазақстанды халықаралық көліктік-коммуникациялық ағындарға интеграциялау мақсатында мультимодальды «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізін» құру бойынша жоба басталды.

Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев саяси-экономикалық интеграцияның идеялық генераторы ретінде әлемге танылған саясаткер. Ұлт көшбасшысы 2007 жылы Қазақстанның ашық теңіз жолдарынан алыстығын кемшілікке емес, керісінше, тиімді ерекшелікке айналдыруды көздеп, еуразиялық көліктік қатынастарды нығайтатын Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасында транзиттік тасымалдың оңтайлы жолы ретінде «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізін салуды ұсынған болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты 2007 жылғы 28 ақпандағы ел халқына арнаған Жолдауында «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автожолын салу туралы Қазақстан Үкіметіне нақты тапсырма берді: «Үкімет жарты жылдың ішінде халықаралық маңызы бар негізгі автожолдарды халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге қажетті стратегия әзірлеуі керек. Сонымен қатар көлік-логистикалық кластерді дамыту ауқымында Батыс Еуропаны Батыс Қытаймен жалғастыратын Қазақстанның аумағы арқылы өтетін автомобиль жолы салынуға тиіс» [2].

Бұл халықаралық жоба қазір толықтай жүзеге асудың алдында тұр. «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі – бұл XXI ғасырдың құрылысы, әлемдегі бірегей жоба. Көлік дәлізінің жалпы ұзындығы – 8445 шақырым. Мұның ішінде Қазақстанның үлесіне 2787 шақырым тиесілі. Ресей Федерациясына жолдың 2233 км тиесілі. Ал Қытай арқылы көлік дәлізінің 3425 км өтеді. Жолды басынан аяғына дейін 10-14 күн ішінде жүріп өтуге болады. Бұл жобаны «Ұлы Жібек жолының» жаңғыруы деп бағалауға тұрарлық. Аталмыш жобаның баламалы дәліздерден, Транссібір автожол дәлізі, Суэц арнасы арқылы өтетін теңіз жол дәлізімен салыстырғандағы артықшылығы - оның ұзындығы мен жолда жүретін уақыты болып табылады. Қытай мен Еуропа арасындағы теңіз дәлізі арқылы жолда жүретін уақыт 45 тәулік, ал «Трансібір» темір жол магистралі бойынша екі аптадан астам уақыт керек. Мамандардың есептеуінше, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі арқылы Ляньюньгань портынан Еуропа мемлекеттерінің шекарасына дейін 14 тәулікте жетуге болады екен (егер 2 жүргізуші кезектесіп, тәулігіне 10 сағаттан, сағатына 70-80 шақырым жылдамдықпен жол жүрсе) [3].

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының стратегиялық маңызы еліміз үшін өте зор. Сондықтан Елбасымыз оны үнемі назарда ұстап отыр. Осы жерде салыстыру үшін айта кетсек: кезінде дүрілдеген кеңес өкіметі кезінде БАМ, яғни Байкал-Амур магистралінің құрылысының жалпы ұзындығы 3300 шақырым, оны салуға 150 мың жұмысшы күшімен 17 жыл жүргізді.

Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы 2007 жылы бастау алып, 2017 жылы толықтай бітеді деп жоспарланып отыр. Ондағы жұмыс күшінің саны 50 мың адамға дейін жетіп, жұмысқа 10 мың жол-құрылыс техникасы тартылды.

Жоба негізгі үш бағыт арқылы, Қытай-Қазақстан; Қытай-Орталық Азия; Қытай-Қазақстан-Ресей-Батыс Еуропа бағыттары арқылы жүк тасымалдауды қамтамасыз етеді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу барысында жүргізілген зерттеулер 2020 жылға қарай жүк тасымалдаудың көлемі жылына 13 миллион тоннадан 33 миллион тоннаға дейін артып, 2,5 есе ұлғаятынын көрсетіп отыр. Жобаның жүзеге асырылуынан болатын жалпы экономикалық нәтиженің жылдық орташа көрсеткіші инфляция деңгейінің ықпал етуін есептемегенде: жол жүру уақытын қысқартқаннан - 33,9 миллиард теңге; жол-көлік апаттары санының азаюынан - 49,9 миллион теңге; жол-көлік апаттарынан қаза тапқандар санының азаюынан - 19,3 миллиард теңге; автотасымалдау құралдарын пайдалануға жұмсалған шығынның қысқаруынан - 9,5 миллиард теңге; жалпы аймақтық өнімнің өсуіне байланысты - 82,9 миллиард теңге. Жалпы жобаның толық құны 825,1 миллиард теңгені құрайды. Осымен қатар, мемлекеттік бюджеттен ең төменгі шығындар жұмсалады. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында елдегі экономикалық пен саяси тұрақтылықтың арқасында халықаралық қаржы институттарынан тарихи қысқа мерзімде мол қаражат алып іске асыруға мүмкіндік беріп отырғандықтан болар. Халықаралық қайта құру және даму банкі өзінің тарихында алғаш рет бір жобаны іске асыру үшін 2 миллиард 125 миллион АҚШ долларын бөлді. Аталған қаржының есебінен Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары арқылы өтетін жолдың 1062 шақырымы қайта жаңартудан өткізілетін болады. Еуропа қайта құру және даму банкі 102 шақырым ұзындықтағы «Ресей Федерациясы шекарасы (Мәртөк) - Ақтөбе» аумағын 180 миллион доллар көлеміндегі несиемен қамтамасыз етті. Азия даму банкі Жамбыл облысындағы 303 шақырымға созылатын аумаққа үш траншпен қоса, 702 миллион АҚШ долларын бөлді. Ислам даму банкі Жамбыл облысында 172 шақырым ұзындықтағы аумаққа екі траншпен қоса, 394 миллион доллар көлемінде қаржы ұсынды. Республикалық бюджеттен жалпы ұзындығы 304 шақырым болатын дәліздің жеке аумақтарының құрылысы үшін, сондай-ақ қосымша қаржыландыру үшін 136,1 миллиард теңге бөлу жоспарлануда. 301 шақырым қашықтыққа созылатын «Алматы-Қорғас» және 209 шақырымды алатын «Ташкент-Шымкент-Жамбыл облысының шекарасы» аумақтарын жеке инвесторлардың концессия негізінде бөлген жалпы көлемі 267 миллиард теңге болатын қаржысы есебінен жүзеге асырылуда [5].

«Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық автокөлік дәлізімен қатар, Қазақстан халықаралық темір жол қатынасын дамытуға барынша күш салуда. Аймақтар арасындағы ішкі коммуникацияларды қамтамасыз ету, Қазақстанның экспорттық және тран­зиттік әлеуетін арттыру үшін Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмаларына сәйкес тәуелсіздік жылдары Ақсу–Дегелең (187 км), Хромтау–Алтынсарин (404 км), Шар–Өскемен (150 км), Өзен–Түрікменстанмен мемлекеттік шекара (146 км), Жетіген–Қорғас (293 км) жаңа теміржол желілері салынды. Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясын елге жариялай отырып: «Біз «Өзен-Түркіменстан шекарасы» теміржол желісін салып, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдеріне жол аштық. «Қорғас-Жетіген» жолын төсеп, Қытайдың және күллі Азия құрлығының нарықтарына еніп, Шығыс қақпасын айқара аштық. Біз «Жезқазған-Бейнеу» теміржолын салуды бастадық», – деуі тегін емес [4].

Еліміздің көлік жүйесін дамытуда транзиттік әлеуетті пайдалануға үлкен мүмкіндік беретін «Жетіген–Қорғас» халықаралық темір жол жобасының негізі Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының кездесуінде қаланған болатын. Президент Н. Назарбаевтың 2006 жылғы 20 желтоқсандағы ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі мен ҚХР Теміржол министрлігі арасында екі ел теміржолын шекаралық аймақтағы Қорғас стансасы арқылы жалғастыру мақсатында «Жетіген-Қорғас» желісі құрылысын жүргізу туралы меморандумға қол қойылды.



«Жетіген-Қорғас» темір жолының құрылысы 2009 жылы тамыз айында басталған болатын. «Жетіген - Қорғас» теміржолы құрылысы кезеңінде 5 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды. Жобаны жүзеге асыруға кіріскен 2009 жылғы тамыздан бері 293 шақырым теміржол төсемі тартылды, 5 станса, 9 разъезд, 28 көпір және 2 құбыржол салынды. 2011 жылы «Жетіген-Қорғас» темір жол магистралінің құрылысы аяқталды (293 км), ал 2012 жылы Қытаймен шекарада орналасқан өткізу қабілеті 20 млн тонна болатын «Алтынкөл- Қорғас» екінші темір жол өткелі пайдалануға берілді. Осы бағдарлардың негізгі мақсаты - Қытайдан және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінен жүк ағындарын тарту және оларды Орталық Азия, Ресей, Еуропа мемлекеттеріне және кері қарай өткізу.

«Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін 2011 жылғы желтоқсанда «Өзен-Түркіменстанның шекарасы» жаңа темір жол құрылысы аяқталды және 2013 жылғы мамырда Қазақстан мен Түркіменстанның арасында «Болашақ-Серхетяка стансасы» ашылғаны белгілі. Теңіз порттарының жүктемесін (негізгі порт - Ақтауда) екі есеге - жылына 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Жаңа жолдарды жылжымалы құраммен қамтамасыз ету үшін осында жақын арада локомотивтер мен вагондар өндірісі жолға қойылып отыр. «Жаңа Жібек жолы» авто жол мен темір жол салумен қатар, басқа да тоғыз жоба кіреді. Олардың кейбірі әзірге жоспарлануда, ал бір бөлігі басталып та қойды (мысалы, Ақтау портын кеңейту), енді бірі аяқталу кезеңінде. Қытайлық Ляньюньган портында қытайлық-қазақстандық бірлескен компаниясы салып жатқан терминал пайдалануға жақын. Ол Қытай және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің нарығына Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Ал «Қорғас халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы» мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнаулы-экономикалық аймағы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразияның экономикалық өсім орталығына айналары сөзсіз.

2014 жылғы 22 тамызда Жезқазған–Бейнеу (1036 км) және Арқалық– Шұбаркөл (214 км) желілері бойынша пойыз қозғалысы ашылып, уақытша пайдалануға берілді. Бұл желілердің жалпы ұзындығы 2 500 шақырымға жуық. «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы Қазақстанның шығысы мен батысының арасын 1138 км қықартып, жолға кететін уақытты 4 тәулікке азайтса, «Арқалық -Шұбаркөл» темір жолы Қазақстанның орталығы мен солтүстігінің арасын 550-600 км қысқартты. Нәтижесінде жолға кететін шығындар 35% азаяды. Жаңа құрыш магистральдар Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін іс жүзінде қолдануға қосылған үлкен үлес, қазақтың ұлы даласының бір шетін екінші шетімен қосты. Әзірге уақытша пайдалануға берілген бұл ғаламат темір жолмен негізінен түрлі жүктер тасымалдануда (темір, күкірт, түрлі кен-рудалар, көмір, астық, құрылым материалдары). Жалпы, осы темір жолмен 2014 жылғы 22 тамыздан бастап 2015 жылғы 11 сәуірге дейін 1556 жүк пойызы қатынаған екен (оның ішінде көмір тиеген 476 поезд, темір артқан 258, күкірт таситын 101, рудамен 10, контейнермен 12, аралас жүкпен 437, бос вагондармен 261 поезд өткен), олардың тасымалдаған жүктерінің жиынтығы 3 109 539 тоннаны құраған.



2014 жылы 3-ші желтоқсанда үш елдің президенттері Қазақстаннан- Нұрсұлтан Назарбаев, Түркіменстаннан - Гурбангұлы Бердымұхамедов, Ираннан - Хасан Рухани «Өзен-Берекет-Горган» шекаралық темір жол магистралін ашты. Жолдың жалпы ұзындығы – 928 км. Оның 146 км Қазақстан аумағы, 700 км – Түркіменстан, 82 км – Иран жері арқылы өтеді. Жаңа транзиттік дәліздің жобаға қатысушы елдердің жүк ағындарын өсіруде маңызы зор: «Оңтүстік – Солтүстік» пойыз бағдары 600 шақырымға қысқарады. Қазақстан Республикасы Парсы шығанағы елдеріне тікелей шығады. Өзен-Түркменістанмен мемлекеттік шекара бағытындағы темір жолы арқасында Қазақстанның жүк, ағымдарына Парсы шығанағына жол ашылып отыр.

2015 жылғы тамыз айының басында Баку қаласында халықаралық «Nomadexpress» контейнерлік пойызының ашылу салтанаты болды. «Nomadexpress» контейнерлік поезді Шихези (ҚХР) - Достық - Ақтау порты (ҚР) - Алят порты (Әзірбайжан) - Кишлы (Баку маңындағы қала) бағытындағы қатынасты жүзеге асырады. «Қазақстан темір жолы» таратқан мәліметке жүгінсек, бұл жүрдек жүк пойызы Қазақстанның құрлық жерімен және Каспий теңізі арқылы су бетімен өтетін 3500 километр жолды 5 тәулікте еңсерген екен. Яғни, Достық бекетінен Ақтау портына дейін темір жолмен, Ақтау портынан әзірбайжандық Алят портына дейін паром арқылы өтіп, одан әрі Баку маңындағы Кишлы станциясына 120 сағатта келіп жеткен. Бұл отандық темір жол саласында бұрын соңды болмаған жылдамдық пен уақыттың озық көрсеткіші. Ел мен елдің арасын қосып, алысты жақын еткен «Nomadexpress» контейнерлік пойызының пайдалануға берілуі де қазақстандық «Нұрлы жол» экономикалық саясаты мен қытайлық «Жаңа Жібек жолы» жобасының аясында жүзеге асқанын ерекше атап өткеніміз жөн. Транскаспий темір жол магистралінің ашылуы түркі тілдес екі туысқан ел Қазақстан мен Әзірбайжанның транзиттік әлеуетін арттырып, түркі әлемін Шығыс пен Батыс арасындағы дәнекерлік миссиясын күшейте түсті. Бұл магистраль Түркия мен Грузия арасын қосатын 105 шақырымдық Карс-Ахалкалаки темір жол бағыты іске қосылса, тіптен әлеуеті зор болмақ (түрік жерін – 76 км, грузин жерінде – 29 км). «Қазақстан темір жолы» АҚ басшысы А.Маминнің айтуынша, бұл халықаралық жобаны толықтай жүзеге асыру үшін Қытай, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түркия елдерінің кешенді ынтымақтастығы қажет: тиісті мемлекетаралық саяси шешімдер қабылдаудан бастап, темір жол саласының, теңіз порттарының, кеме навигациясы мен жүк терминалдарының үйлесіммен қызмет етуі, бәсекеге қабілетті тарифтік саясат ұстануы, мультимодальды логистикалық тізбек құрай білуі аса маңызды. Сонда ғана Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты толыққанды қызмет етуге көшеді.

Халықаралық валюта қорының эксперттерінің берген бағасы бойынша, Азия мен Еуропа арасындағы тауар айналысы жылына 600 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға екі құрлықтағы елдердің де экономикалық мүмкіндіктері жетерлік. Тек еуразиялық экспорт-импорттың әлеуеті мен мен мүкіндіктеріне жүк тасымалдау мен көлік транзиті қолбайлау болып келді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Е. Қариннің «Қазақстан-2050: Шығыс пен Батыс арасындағы жаңа континенталдық көпірлер» атты дөңгелек үстелде: «Түрлі эксперт экономистердің пікірінше, Қытай мен Еуропалық одақтың арасындағы сауда-саттық көлемі қазір 500 миллиард АҚШ доллары болса, 2020 жылы оның көлемі 800 миллиард АҚШ долларына жетпек. Ал Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы 170 миллион тоннаға жетпек. Жаңа көлік жобалары Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан арқылы Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Орталық азия аймағы тұтасымен континентальдық тәуелділіктен арылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясының басты мақсаты – Қазақстан мен тұтас Орталық Азия аймағын ірі еуразиялық көлік-транзит хабына айналдыру, барлық негізгі континентальдық транспорттық коридорларды жүргізу және біріктіру. Осылайша біздің еліміз өзінің күшімен бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырды. Түрлі саясаткерлер мен эксперттер дауласып, пікірталасып, сан-алуан варианттарды ұсынып жатқанда қазақстандық көшбасшы іс жүзінде Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға көшті. Орталық Азия енді континентальдық оқшауланудан құтылатын болды» деген пікірі көп нәрсені аңғартады [6].

Қорыта айтар болсақ, ұлт жоспарын жүзеге асыру арқылы Қазақстан өзінің геосаяси әлеуетін ұтымды пайдалана отырып түрлі жүктердің Азиядан Еуропаға кедергісіз транзитін қамтамасыз етеді, жүк жеткізу құнын екі еседен астамға төмендетеді. Елбасымыз жаңа ұлттық жоспарында ерекше атап көрсеткендей, 2022 жылға қарай жол жүруден түскен алымдар шамамен 41 млрд. теңгені құрайтын болады, ал ол республикалық маңыздағы автожолдардың бүкіл жүйесін ұстауға жағдай жасайды. Қазақстандық маршруттарға қосымша жүк ағындарын тарту көліктің барлық түрлерімен транзиттік тасымалды 2020 жылы қазіргі 18 млн. тоннадан 33 млн.тоннаға дейін және 2030 жылы 50 млн. тоннаға дейін ұлғайтады. Контейнерлік тасымалдарды мемлекеттік реттеуден босату таяудағы 5 жылда олардың көлемін 500 мың тоннадан астамға ұлғайтуға жағдай жасайды.


Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы // http://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-ult-zhospary-kazakstandyk-armanga-bastaityn-zhol-makalasy

2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты 2007 жылғы 28 ақпандағы ел халқына арнаған Жолдауы // Егемен Қазақстан. 2007 жылғы 1 наурыз. –Б. 1.

3. Трансконтинентальный коридор «Западная Европа – Западный Китай» – новый путь в Европу: от мечты к реальности» // http://www.europe-china.kz/info/69

4. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. 2012 жылғы 14 желтоқсан // http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/page_kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-n-a-nazarbaevtyn-kazakstan-khalkyna-zholdauy-2012-zhylhy-14-zheltoks_1357813742



5.  Экономические и социальные эффекты от реализации проекта «Западная Европа – Западный Китай» // http://www.europe-china.kz/info/86

6. Курамысова А. Казахстан рассчитывает увеличить объем грузопотока благодаря транзитному Центральная Азия выйдет из континентальной изоляции // Казахстанская правда. 3 ноября 2014 года. –С. 1.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет