Түркістан өлкесіндегі ғылыми қоғамдар мен мекемелер



Дата25.02.2016
өлшемі75.43 Kb.
#19297
ӘОЖ 94(574) «1860/1917»

Түркістан өлкесіндегі ғылыми қоғамдар мен мекемелер

(XIX ғасырдың ІІ жартысы мен XX ғасырдың басы)

Ибрагим И.Ә., М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент қ.


Патшалық Ресейдің қарулы әскерінің күшімен жаулап алынған қазақ даласы, яғни Қоқан хандығы мен Бұқар әмірлігінің қарамағында болған аймақтар біріктіріліп, 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. Оның құрамына Сырдария мен Жетісу облыстары қарады /1/.

Түркістан генерал-губернаторлығы солтүстігінде – Торғай, Ақмола, Семей облыстарымен, шығысында Шығыс Түркістанның Жоңғар, Үрімші аймағымен, оңтүстігінде – Қашқариямен, Памир, Бұқара жері, Хиуа хандығымен, батысында – Арал теңізімен шектесті. 1868 жылы Түркістан генерал-губернаторлығына патша өкіметі жаулап алған Зеравшан округі, 1871 жылы Құлжа аймағы, 1873 жылы Әмудария аймағы қосылды. 1876 жылы бұрынғы Қоқан хандығының орнына Ферғана облысы құрылды. Түркістан генерал-губернаторлығында 3038119 адам тұрды. Халық санының көптігінен Сырдария (1094557), Жетісу (758250) облыстары, ал халқының тығыздығынан Зеравшан, Ферғана облыстары ерекшеленді. Өлке әкімшілігі Ташкент қаласында орналасты. Жерінің аумағы 952609 шаршы шақырым болды /2/. 1886 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы ресми Түркістан өлкесі деп аталды. 1886 жылғы «Түркістан өлкесін басқару жөніндегі ереже бойынша» Түркістан генерал-губернаторлығы Сырдария, Жетісу, Самарқанд облыстарына бөлінді.

Түркістанның алғашқы генерал-губернаторлығына орыс инженер – генералы, Петербор Ғылым академиясының құрметті мүшесі, Константин Петрович Кауфман (1818-1885ж) жіберілді. Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғаннан кейін оны жергілікті кадрлардың күшімен егжей-тегжейлі зерттеу туралы мәселе қойылды. Патшалық Ресей жаулап алған жерлерге отарлық саясат ұстанғаны белгілі. Жаңа жерлерді игеру үшін, пайдалы қазбаларын өз мүддесіне пайдалану үшін өлкені зерттеу мақсатында ғылыми қоғамдар құрылып, экспедициялар ұйымдастырылды. Түркістан әскери округі әскерлері қолбасшысының көмекшісі генерал-лейтенант Мациевский Шығыстану қоғамының Түркістан бөлімшесіне былай деп жауап қайтарды: «Жоғарғы мәртебелі мырза барлық мәселелер бойынша сіздермен келіседі, бірақ негізгі мәселе назардан тыс қалған. Қоғам Шығысты ғылыми зерттеу үшін емес, оның халықтарының Ресейге сіңіп, орыстануы үшін жұмыс істеуі қажет» /3/.

Бұл патша үкіметінің жергілікті өкілдерінің Түркістанда ұстанған саясатының нақты көрінісі еді. Алғашқылардың бірі жергілікті өлкетанушылардың едәуір көп бөлігін біріктірген Орта Азиялық ғылыми қоғам болды. Қоғамды ұйымдастыруда Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман белсенді роль атқарды, сондықтан да қоғамның бағыты Жарғының жобасында: «Қоғам Орта Азияның тарихы, географиясы, статистикасы, этнографиясы, табиғи байлықтары, саудасы мен өнеркәсібі бөлігіндегі мәліметтерді жинайды, өңдейді және таратады», - деп көрсетілген /4/. Қоғам едәуір ауқымды болды, 1871 жылы оның ашылу күніне қарай оған 41 мүше кірді. Қоғам мүшелерінің сипаты жағынан алуан түрлі қызметінің арасында Түркістанның халықтық салт-дәстүрлерін жазу жөніндегі бағдарламаның жобасы сондай-ақ «Түркістан өлкесі жөніндегі мәліметтер жинағын» басып шығаруға дайындау жобасы назар аударады. Ол 1868 жылы Түркістан өлкесі жайлы Ресей көлемінде баспа бетінде жарық көрген үлкенді-кішілі ақпараттарды жинап, әрі жүйелеп тізіп отыру туралы үкім жариялайды. Бұл үкімнің орындалуын К.П.Кауфман Владимир Межовқа жүктейді. В.Межов сол жылы-ақ Түркістан өлкесінің генерал-губернаторының тапсырмасын орындауға жедел кіріскені байқалады. Сөйтіп, Қазақстанның және Орта Азияның патшалық Ресей империясының қол астында болған уақытындағы тарихтың көне шежіресіне пара-пар көп томдықтың негізі қаланады. Алғашқы бөлімін 20 жыл бойы (1867-1887ж) орыстың алғашқы библиографы В.И.Межов жинақтап, 416 том етіп дайындады. Бұл рухани құндылыққа айналған құжаттың ресми атауы былай деп аталады. «Туркестанский сборник сочинении и статей, относящихся до средней Азии вообще и Туркестанского края в особенности» / сокращенно – «Туркестанский сборник» / В.Межов Түркістан өлкесіне қатысы бар материалдарды мұқият жинап қана қоймай, оларды мазмұнына, тақырыбына орай топтастырып, жылымен реттеп, том-томға жеке орналастырады. 1888 жылы Түркістан генерал-губернаторы Розенбах тоқтатып тастады. Жинақты шығару 1907 жылы қайта қолға алынды. «Түркістан жинағының» 2 - бөлімін құрастыруға Н.В.Дмитровский, көрнекті этнограф Ә.Диваев және И.П.Зыков пен Ю.Ф.Бонч-Осмаловский атсалысты. 1911 жылдан бастап бұл жұмысты А.А.Семенов жүргізді. 1917 жылғы дейін жинақтың 2 - бөлімінің 174 томы жарық көрді. Жинақта Қазақстанның өткен дәуірлердегі мәдениеті мен өнері, қазақ жерлерінің отарлануы, ұлт-азаттық қозғалыстар жөнінде құнды деректер бар.

1870 жылы ашылған Жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойлары қоғамының Түркістан бөлімшесі қызметінде Түркістан өлкесін зерттеу мәселелері мейлінше толық орын алды. Түркістан бөлімшесі орталық бөлімнің бағдарламалары бойынша жұмыс істеді және соның негізінде - ақ алуан түрлі ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. 1879 жылдан бастап бөлімше өзінің «Жазбаларын шығарып тұрды. Бөлімше бастамаларының бірі «Орыс Түркістаны» жинағының үш шығарылымын жариялау болды. Онда, Қазақстан тарихы жөніндегі материалдар ғылыми тұрғыдан көрсетілді. Бөлімше негізінен 1871-1879 жылдарда қызмет істеді, бұдан кейін ол біраз қысқарды. Қазақстанның оңтүстігін зерттеу жөніндегі басқа бір ғылыми қоғам 1895 жылы құрылған Түркістан археология әуесқойларының үйірмесі болды. Оның мақсаттары мен міндеттеріне Түркістан өлкесінің археология ескерткіштерін анықтау, есепке алу және сипаттау кірді. Үйірме өз еңбектерін жыл сайын шығып тұратын «Түркістан археология әуесқойларының үйірмесі отырысының хатттамалары» деген атаумен шығып тұрды. Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің еңбегі «Қазақстанды археологиялық тұрғыдан зерттеуде үлкен маңызы болды»,- деп атап көрсетті белгілі қазақстандық археолог К.Ақышев /5/.

1895 жылы Ташкентте құрылған Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің қызметі В.В.Бартольдтың есімімен тығыз байланысты. XIX ғасырдың 90-жылдарында бұл үйірменің мүшелері - Әулиеата үйезінің бастығы В.А.Каллаур, әуесқой археологтар Н.В.Аничков, В.П.Панков және тағы басқалар тарихи ескерткіштерді зерттеп, үйірменің ғылыми мәжілістерінде зерттеудің нәтижелерін баяндап отырды. Бұл кезеңде ғылыми еңбектер де жарияланып тұрды. Негізінен Талас жазығы мен Оңтүстік Қазақстандағы ортағасырлық ескерткіштерге арналған көп мақалалар мен ескертпелер жазған В.А.Каллаур еді. Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің хаттамаларында ол туралы былай делінген: «Үйірме мүшесі В.А.Каллаур Әулиеата және Перовск үйездеріндегі көптеген көне ескеркіштерді тауып, оны сипаттауға көп еңбек етті. Өлкедегі Орхон жазулары бар тастарды ашу бақыты осы шаршап—шалдығуды білмейтін зерттеушінің еншісіне тиді» /6/.

Әр түрлі көне ескерткіштер туралы мәліметтерден басқа В.А.Каллаур тарихи топография және топономика бойынша маңызды материалдар жинастырды. Ол өзі аралаған жерлердегі көне ескерткіштердің орналасқан орны мен аттарын, елді-мекендерді өзінің алдындағы зерттеушілердің (Романовский, Мушкетов және т.б.) карталарымен, ортағасырлық араб және басқа да саяхатшылардың сілтемелерімен салыстырды. Осылайша В.А.Калллаур Әулиеата үйезінің көне орындары туралы және басқа да мақалалар жариялады. Үйез территориясын дүркін-дүркін аралап, көне қалалардың жағырафиялық орнына және тарихына қатысты өз ой-болжамдарын қалдырған.

В.А.Каллаур туралы айта келіп, В.А.Крачковская мынаны ескертеді: «Ол бақылаушы ғана емес, мүмкіншілігінше жазулардың мүлдем жойылып кетуіне, (эпиграфикалық ескерткіштер туралы) құрылыс материалы ретінде пайдалануға жол бермеді» /7/. Талас өңірінің белгілі зерттеушісі А.Н.Бернштам Каллаурды «Талас жазығының және оған жақын облыстардың тамаша зерттеушісі», - деп атады /8/.

Қазақстаннның оңтүстігін зерттеуде Шығыстану қоғамының 1901 жылдан 1913 жылға дейін жұмыс істеген Ташкент бөлімшесі көрнекті орын алады. Оған қатысушылар арасынан Н.П.Остроумовты, С.М.Граменицкийді атауға болады. Қоғам Түркістан халықтарының тарихын зерттеуде үлкен рөл атқарды, ол Ташкентте шығыстану орталығын құру жөнінде бірнеше рет бастама жасады. Бұл ғылыми қоғамдардың бәрі қазақ зиялылары арасында ғылыми ой-пікірдің ықпал жасағанын атап өту қажет.

Орыс географиялық қоғамы жұмысының бір бөлігі мәдени – ағартушылық қызмет болды. Орталықта да, жергілікті жерлерде де жұртшылық өкілдері мұражай ісін дамытуға зор көңіл бөлді. Орыс географиялық қоғамының көрнекті қайраткері Д.А.Клеменц: «Мұражайлар бір ғылыми ізденістер үшін ғана емес, практикалық өмір үшін қажет»,- деп жазды. Мұражай жұмысымен бірге кітапханалар құру мен нығайту, сондай-ақ әр түрлі мекемелер арасында кітап айырбастау жұмысы жүргізілді. Мәселен, белгілі саяхатшылар П.К.Козлов пен В.М.Робровский «... Қарақол қаласында қаланың да, төңіректегі деревнялардың тұрғындарына арнап халықтың оқу үйін салуға жұмсалуы үшін әрқайсысы 100 сомнан бөлді». Сонымен бірге олар Жетісу облысының генерал-губернаторына «... осы оқу үйінің жанына мұражай ұйымдастыруды бастап берген жөн, онда Ыстықкөл алқабы мен өлке төңірегінің зоологиялық, ботаникалық және минералдық заттар үлгілерін жинауға болар еді», - деген өтініш жасады. Бұрынырақта Жетісу облысының әскери губернаторы Батыс Сібір бөліміне жолданым жасағанында 1885 жылы былай деп айқынырақ айтқан: «Орта Азиядағы бүкіл кең-байтақ мың шақырымдық иеліктер бойында біздің Түркістандағы иеліктерімізді зерттеу жөніндегі ғылыми жұмыстар үшін қайсыбір кітаптар мен оқу құралдарын алуға бір ғана Ташкентте кітапхана бар. Түркістанның уездік ғана емес, тіпті облыстық қалаларында да, басқа еш жерде өлкені зерттеу жөнінде аздаған болса да оқу құралдары бар кітапхана жоқ, ал мұндай оқу құралдарының болмауы әр қадам сайын сезіледі» /9/. Қиыншылықтарға қарамастан, бұл жұмыс қызу жүргізілді, сөйтіп Түркістан өлкесін зерттеу бөлімінің 20 жылдығына арналған жиналыста-ақ 1917 жылы: «Бай кітапхана жинақталып, пайдалануға берілді»,- деп хабарланды /10/. Қоғам өзара кітап алмасуды, сондай-ақ мейлінше әр түрлі мәселелер бойынша әдебиет жіберуді үнемі жүзеге асырып отырды.

Қазақстаннның және қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуге В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, Н.Я.Коншин, А.И.Добросмыслов, И.И.Крафт, Ф.К.Зобнин, Н.А.Аристов, Н.Н.Пантусов және басқалар үлес қосты. XIX ғасырдың соңғы кезеңдеріндегі қазақ этнографиясын зерттеушілердің арасында аса өнімді зерттеулер жүргізген, әрі көп деректер жинап жарыққа шығарған Ә.Диваевты атау керек. Оның «Киргизские причитания по покойникам», «Древне-киргизские похоронные обычаи» және т.б. еңбектерінде негізінен, Оңтүстік өңірі қазақтарының тұрмыс тіршілігін бейнелейтін, аса білгірлікпен жинақталып жүйеленген деректер жарық көрді. Олар ғылыми айналымға түсті. Зерттеушінің ең басты жеңісі қазақ тілі мен этнографиясын атүсті жай бақылаушы емес оның ішкі мазмұнын терең түсінуінде де болса керек /11/.

1882 жылы Мемлекеттік мүлік министрлігі жанынан Геологиялық комитет құрылып, ол өз зерттеулерінің көбісін Қазақстанда жүргізді. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Қазақстанда кең көлемді қоныс аудару саясатының объектісі ретінде Қазақстанның табиғи жағдайлары мен әлеуметтік мүмкіндіктерін зерттеу жөніндегі экспедициялар жұмыс істеді. Сонымен Қазақстан ғылымы зерттеудің аса ірі объектілерінің біріне айналды, онда мейлінше әр алуан, көбінесе Ресей империясының билеуші күштерінің саясатын идеологиялық жағынан нығайтқан салалар мен бағыттар шоғырландырылды.

Әдебиеттер

1. Гаврилов Н., Переселенческое дело в Туркестанском крае. СПб., 1911. С.1.

2. Қазақ совет энциклопедиясы

3. Өзбекстан мемлекеттік орталық мұрағаты, 361-қ, 1-т, 1а-іс, 7-п

4. Лунин Б.В., Научные общества Туркестана и их прогрессивная деятельность. Ташкент, 1962 , 72-б

5. Мустафаев Н. Так это начиналось. Памятники истории и культуры Казахстана Алма-Ата 1988. Казахстан с.153

6. ПТКЛА, X , 1905 с-23

7. Крачковская В.А. Эпиграфика Средней Азии, Эпиграфика Востока, VII, М-Л., 1953, с48-55

8. Бернштам А.Н. Архитектурные памятники Киргизии, М-Л., 1950, с138.

9. ЦГА РУз., ф.69, оп.1, д.40, л.29



10. ЦГА РК, ф.64, оп. 1, д.1056, л. 48

11. Диваев А.А. Древнекиргизские похоронные обычаи. //ИОАИЭ при Казан Ун-те. 1897. Т.XIV. вып II

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет