Түркістан өлкесіндегі патша әкімшілігінің тіл саясаты



Дата30.06.2016
өлшемі82.66 Kb.
#168638
Түркістан өлкесіндегі патша әкімшілігінің тіл саясаты
Назарова А.А.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Қазіргі таңда еліміздің күн тәртібіндегі өзекті мәселесі болып отырған мемлекеттік тілінің ахуалын сөз еткенде, алдымен оның даму тарихы мен қалыптасу жолында сан қилы қиындықтарға ұшыратқан тарихи кезең жағдайларына назар аударған жөн. Өйткені, әрбір тарихи кезеңге тән қоғамдық өзгерістер халқымыздың тарихында ғана емес, оның ұлттық санасында да өзіндік терең ізін қалдырып отырған. Сондықтан бүгінгі күндегі тіл саясатын жолға қоюда кездескен кедергілердің тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алатынын ескере отырып, оның біздің қоғамымыздан орын алу себебін ашып, сырын ұғыну үшін отаршыл патша үкіметі жүргізген орыстандыру саясатының бар болмысын ғылыми тұрғыда зерттеу қажет.

Отаршыл тәртіптің мәні жергілікті ұлт өкілдерінің қанау, жер ресурстарын иелену, метрополия мәдениетін, тілін, дінін енгізу болып табылады. Патшалық Ресей де осы тәртіптің негізінде дүниежүзілік отаршылдық саясаттың тарихын зерттеп, отар елдерде қолданған амал тәсілдерін қайта қорытып, жетілдірілген түрлерін пайдаланды, көзделген мақсатқа жету үшін ондаған жылдар бойы алдын–ала зерттеулер жүргізді. Ресей ипмериясы Түркістанды отарламас бұрын орыстандыру саясатының негізін анықтап, осы салада жүргізілетін әдіс–тәсілдерін жоспарлап қойған еді. Сол себепті «....орыстық–мемлекеттік міндет және бұратаналарға қатысты....талабы орыстандыруда, ...тағы бір міндеті қырғыздарды орыстармен бүтін бір саяси–мемлекеттік денеге біріктіруге жағдай жасау» [1, 25с] патшалық Ресейдің басты мемлекеттік саясаты ретінде жүргізілді. Осы саясатты іске асыруда ең алдымен отар елдің ұлттық тіліне қысым көрсетіліп, оны жою көзделді. Өйткені «..... ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді...» [2, 196б.]

Патша үкіметінің отарлау саясатында ең сенімді әдісі – бөтен мәдениет, тіл, дінді енгізуге ықпал етуші тұрғындар тобын қалыптастыратын көші–қон саясаты болды. Осы саясат нәтижесінде Түркістанның этникалық құрамы өзгеріп, басты бөлігін орыстар құрайтын мықты шығыс славян диаспорасы қалыптасты. Бұл орыс тілінің қолдану аясын кеңейтті.

Тіл білу адамды байытып, оның дамуына игі әсерін тигізеді. Бөтен тілді көршілермен байланыс орнатып, қоғамдағы психологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Дегенмен, метрополиядан қоныстанушылардың көпшілігі жергілікті халықтың тілі мен мәдениетіне жоғарыдан қарап, оларды үйренуге ұмтылмады. Қайта жергілікті тұрғындардан орыс тілін үйренуді талап етті. Мұндай жағдай Ресейдегі дискриминациялық тіл саясаты жүйесінің ықпалымен орын алды.

Өлкені басқару, іс–қағаздарын жүргізу империяның барлық аймақтарындағы сияқты орыс тілінде жүрді. Жергілікті тіл тек әкімшіліктің төменгі буындарында (болыс, ауыл) және жергілікті сот ісінде қолданылды. Нәтижесінде жоғарғы басқару сатыларында мәселелердің шешілуі жергілікті халық үшін тиімсіз болды. Болыс басқарушылары істі орыс тілінде жүргізе алмады, ал патша офицерлерінен тағайындалған үйез бастықтарының кейбіреуі болмаса, көпшілігі жергілікті тілді білмеді. Сондықтан аудармашылар арқылы жұмыс істеді, ал олар істі көбіне өз мүдделеріне пайдаланды. Бұл басқару ісінде көптеген қиындық туғызып, өлке басшыларынан шара қолдануын талап етті.

Түркістанның алғашқы генерал–губернаторы К.П.фон–Кауфман тұсында өлкенің әкімшілік шенеуніктерінің жергілікті халық тілдерін үйренуін ұйымдастыруға әрекет жасалып, оны жеңілдету үшін қажетті қосымша оқулықтар дайындауға ерекше көңіл бөлінді. Осындай шаралар нәтижесінде М.А.Терентьев құрастырған өлкедегі алғашқы жергілікті тілдер грамматикасы [3] мен орыс тілінің әліпбиі [4] жарық көрді. Сонымен қатар, болашақтағы орыстандыру саясатының бағытын нақтылап, түп негізін жасау мақсатында 1868–1869 жылдардағы ұйымдастыру комиссиялары және 1870 жылдары Бродовскийдің басқаруымен арнайы комиссия жергілікті тұрғындар, олардың тұрмыс тіршілігі, салт–дәстүрлері туралы құнды деректер жинады. Олар бірнеше іргелі еңбектерге арқау болды. Осы еңбектермен қатар отар халықтарды орыстандырудың маңызды құралы – халықтық орыс–түзем мектептері және оқытушылар семинариясын өздерінің күнделікті саяси–әлеуметтік мұқтажына қызмет ететін аудармашылар, қызметкерлер даярлау ниетімен ашып, оларға үлкен мән берілді. Түркістан өлкесіндегі орыс–түзем мектептерінің меңгерушілеріне «құпия» берілген нұсқауда: «Орыстармен жергілікті халықты біріктіріп жіберу үшін орыс тілін түземдіктерге үйретуге қатаң көңіл бөлінеді. Бұл мемлекеттік мәні бар шара. Сондықтан бұратаналарды орыстардан оқшаулайтын нәрселердің бәрін мектеп басшылары барынша меңгеруі тиіс. Бұл үшін мыналарды орындау ұсынылады: түземдіктердің сеніміне кіру үшін барынша ұстамды болу; сырттай болса да олардың діні мен салт-дәстүріне құрмет көрсету, себебі олар бізге балаларын сеніп тапсыру қажет; түземдік ақсүйектер тобымен жете танысу; бұратаналармен жұмыс істейтіндердің барлығы өздерінің қызметтерімен қоса шама шарқынша бұратаналар тілін және әдет–ғұрпын үйренген абзал, мұндай қасиеттер шығыстану ғылымына өзіндік үлес қосады әрі орыс мұғалімдерімен оқушылар арасында байланыс орнауына игі ықпалын тигізеді...» [5, 114-115 пп.] деп атап көрсетілуінде мәселенің саяси төркіні қаншалықты терең екені көрініп тұр.

Жоғары биліктің осы талаптары мен нұсқаулары әкімшілік қызметкерлерінің халықпен, оның тұрмыс тіршілігімен теориялық танысуын тереңдетуге ықпал жасағаны күмәнсіз, дегенмен олардың жергілікті тілдерді білуге қызығшылығын күшейте алмады. Өйткені, шенеуніктердің жергілікті тілді үйренуге мүддесі тұрақсыз болды, өлкенің жаңа бастығының көзқарасы әсерімен немесе орталық биліктің саяси бағытына қарай өзгеріп отырды. Осы мәселеге байланысты кеңес жүргізіліп, курстар ашылғанмен еш нәтиже болмады. Бұл туралы Н.С.Лыкошин өз мақаласында жеке тәжірибесіне сүйене отырып, әкімшілік шенеуніктеріне жергілікті тілдерді үйренуді қатаң талап ете отырып және де меңгере алған әкімшілік мамандарының жалақысына сыйақы қосып ынталандыру негізінде ғана тіл мәселесінің шешілуі мүмкін екенін айтады. Ол: «...түзем тілдерін үйренгісі келетін ересектер үшін және әсіресе офицерлер мен шенеуніктер үшін шығыс тілдері курстары өлкеде 1886 жылдан бастап ашылды. Ересек орыстарды және бұратана халық балаларын орыс–түземдік мектептерінде оқытудың негізін Б.П.Наливкин салды....» деп тіл үйрену мәселесіндегі жасалған іс–шараларға тоқтала келіп, оның нәтижесі туралы «....сонда бұл істе тек тілектің болуы жеткіліксіз, жұмсалған еңбегіне қарай сыйақы керек. Неліктен біз қызметкерлерді жергілікті тілдерді үйренуді сыйақы көмегімен мәжбүрлеп көрмейміз? Қандай сыйақы, қанша мөлшерде тағайындау керек? Міне, бұл әбден талдап талқылауды қажет ететін мәселе, бірақ қазірдің өзінде ақшаға кез–келген нәрсені сатып алуға болатынын сеніммен айтуға болады....» [ 6, 2с.], – дей отырып, басқа да шаралар қолдануға шақырды.

Өлкедегі тіл мәселесінің жағдайы туралы Түркістан генерал–губернаторы Д.И.Суботич Соғыс министрі А.Ф.Редигерге 1905 жылы 28 желтоқсанда жолдаған хатында былай мәлімдейді: «Біздің Түркістанды билегенімізге қырық жыл болғанына қарамастан, әлі күнге дейін бірнеше түзем тілдерін білетін әкімшілік шенеуніктерін саусақпен санауға болады. Сот мекемелерінде олар тіптен аз.

Мәселе жағдайы – күрделі. Бағыныштылар мен айыпталушылардың тілін түсінбей халықты қалай басқаруға, қалай сот шешімін қабылдауға болады, бұл туралы көп әңгіме қозғамай – жедел шара қабылдау қажет. Шаралар екі жақты: көтермелеу және жазалау сипатында болу керек. Алғашқысы үшін қаражат керек, екіншісі тегін, демек содан бастау қажет.

Әкімшілік шенеуніктеріне, үйез бастықтарына аймақ халқының тілін үйренуді ұсынған қажет деп ұйғардым. Келесі жылы тілді меңгермегендерің одан әрі өлке аймағында қызмет барысында жоғарылауы доғарылып, тіпті жұмыстан қуылады. Жұмысқа жаңадан тұрушыларға да осы талап қойылады. Осы шараларға шығыс тілдері курсын бітіруші және тілді білетін қызметкерлерге әкімшілік лауазымды қызмет ұсыну да қосылады. Марапаттау шараларына жергілікті тілдерді меңгергені үшін қосымша ақы тағайындау жатады. Бұл оң нәтиже беруі керек, оны ағылшын және басқа еуропа үкіметтері табыспен қолдануда....

....Әрине, түземдіктер арасында орыс тілін тарату үшін де шаралар қабылдау керек, бірақ бұл – келешектің үлкен міндеті, бүкіл ұрпақтар ісі, ал бізге жедел нәтиже қажет....» [7, 1-2с.]. Осы шараларды жүзеге асыру мақсатында 1906 жылы 7 ақпандағы Түркістан өлкесі бойынша берілген бұйрығында ол: «Менің қарауымдағы өлке әкімшілігінің көптеген шенеуніктері жергілікті тілдерді білмейді.

Мұндай жағдайды кемшілік деп тауып, мен, Сырдария облысы губернаторының көмекшісі стат кеңесшісі Хомутовтың төрағалығымен комиссияға қызметкерлердің жергілікті тілдерді үйрену шараларын қарауды жүктейміні» [7, 2c.], – деп нақты іс–әрекетке көшу қажеттілігін жақсы түсінді.

Комиссияның қызметінің нәтижелері көпшіліктің талқылауы үшін «Туркестанские ведомости» газетінде жарияланып отырды. Көтерілген мәселе жергілікті мерзімді басылым беттерінде қызу пікірталас туғызды. Көпшіліктің пікірлерін талдай отырып, комиссия жергілікті тілді үйренуді талап етіп қана қою жеткіліксіз деп шешті. «...Сондықтан тіл үйрену мәселесін нақты жолға қою қажеттілігі сөзсіз. .... Комиссияның жақын арадағы міндеті – белгіленген ценз (шарт) бойынша халықтық басқару бойынша қызметке үміткерлердің жергілікті тілді білуі міндетті жүйе, барлығына бірдей қызметтік борышы болу үшін қажетті шарттарды анықтап, іс–жүзіне асыру болып табылады.

Осы жүйені жүзеге асыру халықтық басқару бойынша қызметке үміткерлерге жұмыс беріп, оларды кейін жоғарылату қолдарында тұрған үкіметтің қадағалауында болғандықтан – бәрі еш қысымсыз болуы, яғни, тікелей қызмет мүддесін, табысты әкімшілік мансапты көздеген шенеуніктердің тілді үйренуге қызығушылығы оянары анық» [7, 18-19c.].

Сонымен бірге, патша әкімшілігі тіл мәселесіндегі келесі кезеңді жоспарлап, яғни «... Уақыт өте келе болыс басқарушылары тек орыс-түзем мектептерінде курстан өтіп, жеткілікті дәрежеде орыс тілін меңгерген адамдардан ғана сайланатын талап қоюға болады...» [7, 12c.], – деп енді төменгі басқару қызметкерлерінен орыс тілін үйренуді талап ете отырып, жергілікті халық арасынан орыс тілін кеңінен таратуды көздеді. Мұндай шараның табысты болуын былай тұжырымдады: «Қырғыз халқына тән құрметті қызметтерге ұмтылушылық пен атаққұмарлық мінезіне байланысты бұл шара бұратаналардың орыс тілін оқуға қызығушылығын тудырып, сол арқылы оларды орыстармен жақындастыру және орыс азаматтығын алуға итермелейтін бірден–бір тәсіл бола алады...» [8, 4п.]. Дегенмен бұл шара көптеген шенеуніктердің қарсылығын тудырды. Оны Жетісу облысының әскери губернаторы Г.А.Колпаковскийдің: «... Қырғыздардың арасында мемлекеттік тілді таратуға бағытталған шаралардың пайдасын жоққа шығармаймын, мен өзім барлық күшіммен тілді бірте–бірте таратуға ұмтылып, өлкеде қырғыз балалары үшін шәкіртақы тағайындадым. Мен бұл шараларды тілді біртіндеп енгізу, оларды орыстармен жақындастыру және біздің азаматтығымызды алу үшін ұтымды және жеткілікті деп ойлаймын.

... Жобаланған шараны мен артық және ең маңыздысы – асығыстықтан қолайсыз деп санаймын, ол әкімшілікке болыс басқарушылар қызметіне сайлау барысында күрделі қиындықтар туғызары сөзсіз. Себебі орыс тілін таза меңгерген қырғыз жоққа пара–пар деп толық сеніммен айтуға болады. 15 жылдан кейін де осындай болады. Өйткені мұндай уақыт аралығы бір халықтың екінші халық тілін толық меңгеруі сияқты күрделі мәселе үшін өте мардымсыз...» [8, 4-5пп.], – деп түсіндіруі, тіл саясатын өте сақтықты қажет ететін мәселе болғандықтан, патша әкімшілігі орыс тілін елеусіз түрде біртіндеп енгізуге ұмтылған мақсатты көздегенін көрсетеді.



Сонымен, патшалық Ресейдің орыстандыру саясаты отар елді тілі, діні, ұлттық салт–дәстүрінен айыру арқылы қазақ халқын ұлт ретінде тарих сахнасынан өшіруге бағытталды. Оны жүзеге асыруда бірінші кезекте, ұлттық тілін жойып, орыс тілін енгізуге үлкен мән берілді. Ал, тілдік ассимиляция – этникалық ассимиляцияға қадам екенін терең ұғынған және осындай құйтырқы саясатты көздеген патша әкімшілігі сан қилы амал–тәсілдерді пайдаланды.
Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Остроумов Н.П. Отчет Туркестанской учительской семинарии за XXV лет ее существования. – 206 с.

  2. Жұмабаев М. Таңдамалы. А: Ғылым, 1992. – 272 б.

  3. Терентьев М.А. Грамматики турецкая, персидская, киргизская и узбекская. – СПб., 1875, кн. 1, – 209 с.

  4. Терентьев М.А. Русская азбука для школ в Средней Азии Составлен по поручению туркестанского генерал-губернатора ген.-ад. Фон-Кауфмана 1-го М.А. Терентьевым. – СПб.,: тип. т–ва Общ. Польза, 1875. – 47 с.

  5. ҚРОМА. 44 қ., 1 т., 26012 іс.

  6. Лыкошин Н.С. Премия за знания языков // Туркестанские ведомости. - 3 марта, 1905 г.

  7. Сборник материалов по вопросу об изучении туземных языков служащими по военно–гародному управлению Туркестанского края. – Т: тип Туркестанского генерал–губернатора, 1905 г. – 239 с.

  8. ҚРОМА. 825 қ., 1 т., 49 іс.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет