Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай Есімде менің Есілім



Дата03.07.2016
өлшемі82.59 Kb.
#174681
Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай

Есімде менің Есілім...
Бүкіл болмысымды анықтап, тағдыр мен таланттың талқысын тұңғыш рет және мәңгілік арылмайтындай күйге түсіріп сезіндірген, сескендірген, ол есіме түссе – бүкіл бозөкпе бозбалалық шағым, ауылым, әкем, алысты-жақынды ағайындарым, тобылғы гүлдеген көктемгі қырқалар мен аспанда тізіліп ұшқан тырналар мен аққу-қаздар, қарашаның көксоқта борасыны, арманшыл жүректі шым еткізген алғашқы ыстық та ащы тамшы есіме қоса түсетін, өмір бойы "есіл!"-деген сөз арқылы ойыма оралып тұратын бір бейне бар. Сол бейнесіз мен өзімнің балалық шағымды да, арманды, қиялшыл, келешегі үмітке толы пәк жеткіншек күндерімді елестете алмаймын. Аспандағы қиялымды жерге түсірген де, жер бауырлаған мақсатымды қанаттандырған да сол тұлға. Мен үшін қиялдағы таңғажайып әлемнен үзіліп түскен бір тамшы қызылды-жасылды, ып-ыстық сағым сияқты еді. Таудың бауырына құндақтала орналасқан оншақты үйге кезек-кезек көшкен әлгі сағымның соңынан қуып жүріп, оның қайта көрінуін күтіп, аязды, боранды күндері қораның ықтасынында сағаттап тұрған сәттерім – ең ынтызарлы, жұмбақ сәттерім сияқты. Ішімді қыздырған бір түйір ыстық сезім – өлең боп өртеп, жүрегімді күйдіріп тұратын. Кейде… әлгі сезім мұз боп қата да қалатын. Ол сағым, ол тұлға – мен үшін Төлеужан Ысмайылов болды. Қазір де сол сезім билеп, көмейіме өксік пен өкініштің ыстық тамшысы тығылып, абдыратып отыр. Тіпті ол туралы естелігімді ақ қағаздың бетіне түсіруге де қимайтын сияқтымын. Өйткені, "Қазақстан" деп аталатын шап-шағын, бірақ мен үшін әлемдегі ең сүйікті де сүйкімді, абзал да бауырмал, тату-тәтті адамдардың басын қосқан ауылдың аяулы жандарының арасынан Төлеужанды бөліп әкетуім қиянаттың қиянаты сияқты. Бөлу мүмкін де емес. Бірақ онсыз тағы да болмайды. Өйткені ол осы ауылдың түлегі еді. Сол адамдардың алақанында өсті, солардың арманын ақындықтың аспанына алып ұшты. Ал мен сол құстың қанаты талып, ұшқан ұясына талығып қайта оралған сәтінде көрдім. Сонда ол бар-жоғы отыз екі жаста екен. Ал мен он үш жасқа жаңа толған едім. Сол жылы қыста уыз жүрегіме әлде бір ыстық жалын құйылып, оңаша қалып, қызарып жанған ошақтың отына ұзақ қарап қойып, «Қыз Жібек» дастанындағы Қособаның түбінде жаралы қалған Төлегеннің аспандағы алты қазбен қоштасқан толғауын жатқа айтып Сансызбайға айтқан сәлемін қайта-қайта қайталап, көзімнен жасым боталап, күбірлей беретінмін. Әкем байғұс Мекіш пен Нығымет ақсақалды, Жәми апаны шақырып, қояр да қоймай ұшықтататын. Ал мен ғой…ойыма келген сөздердің басын құрап, Төлегеннің толғауын өзімше жырлап, сөз қосып, әлектеніп жататынмын. Алғыр да ақжарқын Жәми апа: «Ой, құдай-ай! Құдакелді-ау, мына ұлыңа өлең қонайын деп жүр! Сүйіншімді бер!» -деп әкемді жұлқылай жөнелгені есімде. Ал көктемде... тобылғы мен қараған гүлдегенде төбенің басына шығып, шалқамнан түсіп жатып ап, аспанда көшкен бұлттар мен аққу-қаздарға, тырналар тізбегіне қарап, Төлегеннің Қызжібекке сәлемін өлеңдетіп жолдап жататынмын. Рақыш мұғалімнің Рымбек деген ұлы: «Сөз қай жеріңен шығады… Бірақ тыңдағым келе береді!» - дейтін. Сөйтіп, булығып жүріп жаз өтті. Алғашқы өлең жарияланды. Күзде, қарашаның қарлысоқтасы күні, интернаттың балалары: «Ақын келіпті! Төлеужан ақын! Серіктің туған ағасы екен! Мектеп директоры Серікқазы мұғалімнің кластасы екен! Қабылдың туысы екен!» -деп жарыса жамырасты. Менің дымым шықпай қалды. Ақынды, шын ақынды сондай көргім келді. Бірақ неге екенін білмеймін, көшеден адам көрінсе болды ықтасынға тығыла қалатынмын. Ақынды көрсем болды, әлде бір қасиетті, таңғажайып көрініс көз алдымнан ғайып болатындай. Әуелі жүк машинасына отырғанын, одан кейін бір үйден күліп шыққан көңілді кезін, одан кейін жайдары жүзін, одан кейін шашы дудырап, бар дауысымен шабыттана өлең оқыған кезін көрдім. Ол қайда барса мен соның көлеңкесі сияқты боп көрінбей еріп жүрдім. Үнемі алыстан қарап тұратынмын. Алғашқы үш айда ол туралы ауылда кереметтей аңыз тарады. Бара-бара сөз тарады, бара-бара кәдімгі тіршіліктегі өсекке кезек келді. Жұрт одан тайсақтайтын болды. Ол тау ішіндегі жалғыз қыстақтағы қойшы інісі Серіктің үйіне тұрақтап қалды. Анда-санда бөлімше орталығына келгенде ауыл іші бір гуілдеп, дуылдап буырқанып қалатын. Кей-кезде буыны босап, аттың үстінде теңселіп, қолын сермеп өлең оқып бара жататын. Мен оның артынан алыстан орағытып еріп отырып, Тұяқтың тұмсығына дейін ұзатып салатынмын. Әйтеуір, қойшының көнтерлі аты үстіндегі адамның илеуіне көне беретіндігі ғана көңілге медеу ұялататын. Маған өз буына өзі буырқанып, бойын қысқан өлеңді қалай сыртқа шығарудың жолын таба алмай арпалысып жүрген адамдай көрінетін. Ауылдастарымның ол туралы неше түрлі сөздеріне қарамастан, ол менің бүкіл болмысымды баурап алды. Сиқырлап, көзімді байлап, арбап алғандай көрінді. Араға отыз жыл өтсе де, сол сезімнен әлі де арыла алмай жүрмін. Естелігімнің де елес оқиғаны жазып отырғандай көрінуі сондықтан болса керек, оған ғафу өтінемін, басқаша бастауға ерік-жігерім жетпеді. Сол қыстың аяғында Төлеужан ақын ел-жұртпен кәдімгідей қоштасты да белгісіз жаққа жолға шықты. Артынан естідім, көрші Шұбартау ауданына барып, аудандық газетке тұрыпты. Сағалап барғаны жан сырласы, тағдыры да, таланты да тамырлас Төлеубек Жақыпбайұлы екен... Бұл жолғы менің Төлеужаннан алып қалған «өнегем» - ақындар ғана киетіндей көрінген қара папах пен ...оңашада өзімнен-өзім дауыстап, шабыт шақырған «шабыну» болды. Ақындық дегенді мен күбірлеп сөйлеу, қолыңды сермеп отырып өлең жазу, қабағыңды түйіп түнеріп отыру деп түсіндім. Күндізгі-түнгі ермегім ақ қағазды шимайлау болды. Оның маған не бергенін білмеймін, бірақта, қалайда қалам ұстап өмір сүретініме еш күмәнім болмады. Өзге мамандықтың барлығы да мен үшін сондай жат әрі мазасыз көрінетін. Әрине, өмір өз дегенін істеп, өзге кәсіппен шұғылдануға мәжбүр еткен жылдар да болды, алайда әдебиетке деген махаббатты ешқандай құдірет суыта алмайтындай дертке ұшырағыным анық еді.

Ауыл кітапханасын ақтарып жүріп Төлеужаның алпысыншы жылдардың басында "Жұлдызда" жарияланған мақаласын тауып алып оқыдым. Ең соңында, ол аударған Теодор Драйзердің "Америка трагедиясы" атты романы түсті. Аударманың сиқырлап алғаны сондай, оны бір ай бойы қайталап оқи бердім. Мынадай шығарманы аударған және кітап етіп шығарған Төлеужанға деген ішкі сезімім өрттей лаулап жанды. Физика пәнінен дәріс беретін байсалды да байыпты, кейіннен менің өмірімдегі шешуші кезеңдерде дұрыс бетбұрыс жасатқан Серікқазы Мейірхановтың сабағында да "Америка трагедиясын" оқып отыратынды шығардым. Ол кісі - мектеп директоры еді. Оқушылар кереметтей сыйлайтын. Төлеужанның кластасы, сыйлас досы болатын. Бір жолы: «Тұрсын, андағы кітабыңды маған бере тұршы. Таба алмай жүр едім» - деген дауысына жалт қарасам, партаға бір қолын қойып, менің төбемнен төніп тұр екен. Өзге мұғалім болса, сабақ үстінде кітап оқып отырғаным үшін сыбағамды беретіні сөзсіз еді. Ал аңғарлы Серікқазы ұстазым басқаша құрмет көрсетті. Тек сабырлы ғана: "Қазір үзілісте келіп кетші» -деді. Жүрексіне бардым, "Америка трагедиясын" оқып отыр екен. Еппен жапты да күрсініп алып:

-Кітапты оқып бітірдің бе? Ұзақ ұстадың ғой, -деді. Сөйтсем ол кісі кітапханашы апайдан мұны мен алғанымды біліп алыпты. Соған дейін сұратпай жүріпті. Мен жасырмай бәрін айттым.

-Екі-үш рет оқысаң ұнатқаның ғой. Мұны кім аударғанын білесің бе?

-Білемін. Қойшы Серіктің ағасы, Хадиша апаның баласы, сіздің кластасыныз. Қыстай осында болды.

-Өзін көріп, әңгімелестің бе?

-Жоқ, - деп мүдіріп қалдым да оның сыртынан бағып, тіпті Серікқазы ағаның үйінде қонақта болғанда да қораның ықтасынында, тұрып қарап жүргенімді айттым.

-Оның мұнда неге жүргенін білесің бе? Төлеужанның өмір сүретін жері бұл емес. Ол сөйлесетін адам мен емеспін. Иә, денсаулығы нашар, айықпайтын дертке ұшрағаны да рас. Оны есейгенде білесің. Оған у беріпті, басын дауалапты, қастандық жасапты дегеннің бәрі де жалған сөз. Соны біліп қой. Атақ та, даңқ та ерте қонды. Өзін-өзі билей алмай кетті. Қайран, Төлеужан... Жетім өсті. Он төрт жасында университетке түсті. Он тоғыз жасында баспаның редакторы болды. Енді, міне, қайта айналып келіп, Орынкештің жүк машинасынан орын таба алмай жүр. Есіл ер-ай, сол есіңде болсын. Осыны айтайын деп шақырып ем. Кітабынды қисаң маған қалдырып кетші, - деді де көзі жасаурап сөйлей алмай қалды. Ұзақ мұңайып отырды да: «Бара ғой» -деді. Мен бәрін де түсіндім. Сол сөз мәңгі есімде қалыпты. Оның барлығын тәптіштеудің қажеті болмас. Бірақта Төлеужан ақын дәл осы оқиғаны маған үнемі айтқызып, көзінің жасын бір сығып алатын. Содан…

...Көктем келді. Оқушылардың жаздық дәстүрлі өнер байқауы мен спорттық жарыстары өтетін кез келді. Аудан орталығы Қарауылға бардық. Доп додасы, жүгіру, күрес іспетті ойындардың барлығы Қарауылдың сыртында өтіп жатқан. Адам деген ығы-жығы... Бір кезде батыс жақтан шуылдаған балалардың дауысы естілді. Қарасам... соңына бір топ балаларды шуылдатып ертіп алған, қолын сермеп қойып, алға нұсқап қойып, кейде дауыстай өлең оқып, кейде қамшылана алға ұмтылған бір салт аттыны көрдім. Жарыс өтіп жатқан жерді қақ жарып, соңынан ергендерге дауыстап өлең оқып Төлеужан келе жатыр! Жағдайы түсінікті еді. Намыс пен ызадан булыққаным соншалықты көзімнен жасым ыршып кетті. Біреу күліп жатыр, біреу аяушылықпен сөйлесе, біреу кәдімгідей кейіп сөйлеп жатыр... Жүгіріп барып аттың тізгінінен алдым да жетелей жөнелдім. Ол үнсіз қалды. Топтың ішінен ауашалау шығарып барып, тізгінді қоя бердім... Ол маған сондай бір таңданыспен қарады да:

- Қай мектептен келдің?, - деді.

- Шағаннан, - дедім қыстығып. Ол селт ете қалды да маған сүзіле:

- Кешіріңіз,-деп бәсеңси тіл қатты да аттың басын бұрып алып ен далаға қарай шаба жөнелді. Атын сабалап қояды, пальтосының етегі далақ-далақ қағады. Алаңдағылардың барлығы бұл көрініске мәз болып күлді. Бара-бара арыны басылып, аяңға көшті. Ақыры аттың жалына жармасып еңкейген күйі көзден ғайып болды. Маған ол жылап бара жатқандай сезілді. Балалар қайтадан жарыстың қызығына беріліп кетті. Мен қыстыққан күйі топтың ішінен сытылып шыға бердім. Менің бойыма батылдық берген де, намысымды оятқан да Серікқазы ұстазымның қысты күнгі сөзі еді. Ол кезде бұл кісі аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне ауысқан болатын. Досым Қабыл екеуміз сол үйде жататынбыз. Кешке қарай көңілсіз күймен үйіне келді де менен:

-Төлеужанды көрдің бе?-деді сыбырлағандай боп.

-Көрдім...

Ол тағы да күрсінді де бөлмесіне кіріп кетті.

Міне, мен өзім пір тұтқан Төлеужан ақынмен тұңғыш рет осылай бетпе-бет келіп, атының тізгінін ұстап едім. Ол кезде Төлеужан отыз үште, мен он төртке шығып едім.

ЕСІЛ...

Т.Ысмайыловқа



Есілім, есілім... жұтынып ағасың, жұтылып барасың,

Арнаң бір обырдың өңеші.

Анадай күтусіз тастаған баласын,

Жағаңды қуратып

Суыңды сен неге теңізге төгесің?!

Қаңсыған даланы қанжардай айырып,

Қақың жоқ, қабірдей ақымдар.

Сендердің тасқынын кеудеңмен қайырып,

Мұздардың құрсауын аспанға атыңдар.

Бұзыңдар! Тасыңдар! Асыңдар жағадан,

Ұрпақ бар

Артың да. Қорғанба. Тартынба.

Жаншылсын жағалар, кеудеңді қыспасын. Шық одан!

Бұрыс ақ, теріс ақ. Бұз ағыс шартын да.

Кез емес:

Жаситын тәу етер,

Төсіңнен иіскетші далаңа:

Емізіп, ал тыным,

Әзірше, жан тірі.

Тәуекел!


Сәтіңде:

Тастар да сынады қынасыз,

Қаппайтын иттер ашынар.

Ұяты кетпеген кінәсіз,

Арудың төсі де ашылар.

Бұзады сан жарды,

Жынданған су ұрып,

Қынаптан қанжарды

Жіберші суырып.

Сен де бұз заңдықты,

Мұхитқа қайтесің бас ұрып.

Олар да өзіңе табынсын

Ақ шабақтарың жолбарыстай атылып,

Есілім, қашан тасисың?

Жесірдің ерніндей кезерген,

Қуарған гүлдер мен

Тікендер сорады аспанның емшегін.

Сұрапыл күштердің тасқынын сезем мен,

Аңызақ өртесе жер шегін.

Жүрегін жұлып ақындар, тосады саған тас бөгет,

Арнаңды саусақтарымен езуден тартып жыртады.

Қуартпас ошағанды да; қанымен қоса жас төгет,

Құрымас үшін ұрпағы.

Есілім, есілім. –

... Жұтынып ағасың, жұтылып барасың,

Арнаң – тажал обырдың өңешіндей, Есілім,

Елеусіз қалдырып далаңды,

Сен теңізге суыңды төгесіңбе-ей, Есілім,



Есілім, Есілім...

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет