"Қырғыздырдың /қазақтардың-Т.Ж/ 1916 жылғы көтерілісі" деген кітапта Бройда жолдасЖетісу губерниясындағыжағдай жөнінде былай еске алады: казак-орыстар ығыстырып шығарғандарды жаңа жерге орналастыруға барған бір чиновник ол арада не су, не қоныстанатын жер жоқ, айналаның бәрі аңғар-аңғар жартас екенін айтты. Пішпек уезіндегі болыстағылардың пайдаланатын жері болмағандықтан оларды Сусамыр жайлауына көшіру туралы ұйғарылған еді. Бұл жердің қолайсыздығы сондай, оны жылына екі-үш ай жайлау есебінде қоныстануға болатын. Құнарсыздығына көзі жеткен әлдебір уақытша комиссияның мүшесі "Сусамырдағы жерді беру"--ауаны кесіп берумен бірдей"-деп бағалады.
|
Қалай ойлайсыздар, шындығында да "жомарттық" емес пе! Жайлы жерді әркім сыйлай алады, ал аспанды кесіп, оның өзінде де, өзгенің аспанына көлеңке түсірмес үшін өлшеп-пішіп бергенді кім көрген. Ол аздай Жетісу генерал-губернаторы Фольбум : "казак-орыстардың жерімен шектесетін қазақтардың жазық қоныстарын казактарға беріңдер, олардың жері көрініске жақсы болсын"--деп бұйрық шығарды. Енді қалай, патшаның құзырындағылардың сұлулыққа деген талғамын, дәлірек айтсақ тәбетін бұзуға бола ма! Бұған қорланасыз ба, әлде күлесіз бе, өз еркіңіз. Әйтеуір ақиқат екені анық. Әрине Ж. Қуандықов жолдасқа алыстағы елдің тауқыметі белгісіз болуы мүмкін. Ендеше, сол Қызылжар төңірегіндегі жағдайға қарайықшы. Тұрар Рысқұловтың дерегі бойынша: "1916 жылдың қарсаңында Солтүстік Қазақстанның 17 миллион 756 мың 964 десятина жерін патша өкіметі өзіне кесіп алды, соның үстіне 2 миллион 227 мың десятина жерді казактарға, 219 мың десятина жерді қаланың есебіне кесіп берді". Ағатай-ау, осыны айтқаны үшін де мені жазғырасыз ба. Сол науқанның кесірін дәл қазір сезініп отырғанымыз өтірік пе. "Қазақтар мен қырғыздардың 1916 жылғы көтерілісі" деген атпен Қостанайда басылып шыққан, әлі де толық жарияланбаған еңбегінің қысқарып қалған жерінде Тұрар Рысқұлов: "Патшалық отарлау саясатының осындай кесірінен қазақ пен қырғыз халқының саны бірте-бірте құлдырай түсті. 1902-1913 жылдардың аралығында қазақ-қырғыз елінің мөлшері шамамен 8-9 процентке қысқарды"-деп ашына әшкереледі. Ал, кешегі ашаршылық тұсында, қуғын-сүргінді "қателі кезеңде", соғыс пен тың игеру аласапыранынан кейін 1916 жылы 8-9 процентке кемігенде 6 миллион болған қазақтың саны 2 миллионға шейін құлдырауының себебі не? Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақтардың ара салмағы неге 15 процент қана? "Халқымызды қойдай қырғанын жазады, сүйенетін источниктері басқыншылардың жазбалары"-дейсіз. Ал менің келтіріп отырғаным Рысқұлв пен Жантілеуов сөздері. Ел азаматтары атанған бұл халықжанды қайраткерлерге сенетін шығарсыз. Олар да жетіскенінен, қай еріккенінен бұл қасіретті қазбалады дейсіз. Қайта намыстанған. Олардың намысы сіздің намысыңыздан көрі басқа. Қорлықты ашына жазып қор болудан, қорланудан сақтандырады. Байқадыңыз ба, намыстың өзі әр түрлы болады екен. Монархияға қарағанда озық ойлы, халық сайлаған Дума мүшелерінің де отарлау саясаты патша ағзамнан қаталдығы, қорқаулығы, қорлығы жөнінен асып түспесе кем қалған жоқ.
|
"Бұл тұрғыдан алғанда Мемлекттік Думадағы пікірталастары істің мәнісін ашып береді. Сонау 1910 жылы Думадағы министр Кривошеиннің баяндамасынан кейінгі Думадағы жарыссөз қызу өтті, әсіресе, оңшыл, күрескер /октябрисит/ Трегубовтың сөзінде таяу және Қиыр Шығыстағы "қозғалыстың" мақсаттары мен міндеттері туралы анық айтылады. Сөйтсек, бұл /отарлау-Т.Ж/ тек ішкі жер дағдарысын шешу үшін ғана емес, сонымен бірге жерді кеңейткеннің үстіне кеңейте беру үшін ғана аймақты жаулап алуды көздейді екен. Думаның кейбір мүшелерінің /ұлтшылдар/ ауызынан шыққан сөздерге қарағанда бұл орыстардың "мәдени" парызын орындауы болып саналады және ол /отарлау-Т.Ж/ азиаттық халықтардың арасында православие дінін таратып, шоқындыруға жағдай жасау керек көрінеді. /Сол Трегубовтың бес миллион қазақ халқын православие дінінде деудің орынына мұсылман деп етіп көрсеттің деп әкімдердің біреуіне қарсы ашуланып сөйлеп, қатты реніш білдірген сөзін оқыңыз./Жерге қоныстандыру және жер өңдеу басқармасының бастығы Кривошейн 1912 жылы Түркістанға келіп кеткен соңғы өзінің есебінде Қазақстан мен Түркістандағы отарлау ісін барынша күшейту керектігін атап көрсетті".
|
Жақшаның ішіндегі сөзі Тұрардың таңдамалы шығармаларының жинағындағы мақаласына енгізілмегенінің себебін енді түсінген боларсыз. Міне, қорлансақ осыған қорлануымыз керек қой. Отаршылар үшін сіз адамсыз ба, аңсыз ба, бәрібір, екі басты самұрық құстың тырнағына ілінген аймақта тұрсаңыз болды, есептесіп жатпайды. Мұсылмансыз ба, кәпірсіз бе, тәңірге табынасыз ба, оның қажеті шамалы. Патша қай діні қабылдаса сол дінді пір тұтасыз. Шоқындыру ісі қатты ісі қатты қолға алынып, жедел келімсектердің келуімен орайластырыла жедел жүргізлуіне қарсы болған ұлы Абайдың өзін де тінтіп, мырзақамаққа алмады ма. Ол діни шоқындыру ниетінен әлі де дәмелілер бар, үмітін үзген жоқ. Балалар үйіндегі қарадомалақтарды алдап, арбап мұғалімдер мен қалалық атқару комитетінің адамының өзі шіркеуге жетелеп жүргені де сол миссионерлік-отарлау саясатының жалғасы. Қорлық деген осы. Тіпті жар дегендегі жалғыз құдайды таңдап алуыңа қиянат жасайды. Егер де, заман бұрынғы ағысымен кете бергенде әлгіндей құқайға үнсіз көне беретін бе едік, қайдам. Мүмкін талай бала шоқынып та кеткен шығар кезінде. Өз басым баспаханада әжептәуір қызмет істейтін Омбыдан келген қазақ қызының шоқынатынын, ұлтын өзгертіп орыс деп жазылғанын анық білемін. "Фактіні намысты жықпайтындай, қайта біруақ жанитындай қылып бере білу керек қой. Ал олай бере алмасаң…" Ар жағы түсінікті, жазу сенің не теңің демекшісіз ғой.
|
Жарайды, жоғарыдағы қорлықтың, қорлаудың бәрін көре тұрып, мен үндемей-ақ қояйын. Сонда жаңағы шоқынған балалар мен қызға мен үшін сіз намыстанасыз ба, әлде, намыс туыңыз желбіреп тұра бере ме?
|
"Мен биыл" Қазақ әдебиетіне жазылмадым. "Неге?" дейсіз ғой, алдымен айтарым, ақшасының қымбаттығы маған есеп емес /айлығым-500сом/, ең бірінші намысымды таптайтын, жігерімді құм қылатын жазбалар қаптап кетті соңғы кезде"-деп бұлданасыз. Кімге бұлданасыз, кімге қыр көрсетіп отырсыз? Мұнымен Гогольдің: "Кімге күлесіз, неңе жетісіп күлесіз? Өзіңе өзің күлесің!"-деген әйгілі сөзінің кебін құшып тұрған жоқсыз ба. Сізсіз де газет жабылып қалмайды.Құдайға шүкір, қазақтың ойлы азаматы жетерлік. Оған мүмкіндік бере қоймас. Бірақ тың игерудің жөнсіз-жосықсыз жүзеге асырылуынан тозып, тозаңы аспанға шыққан тың өлкесінің тағдыры үшін жанұшыра айғайлағанның бірі осы газет емес пе еді. Әлде бұл сізді толғандырмай ма. Тың игеру социалистік-қоғамда ғана асқан ерлікпен орындалған науқан емес. Осыдан екі мың жыл бұрын империя атаулының көкейін тескен көкірек құрты болғанын сөз басында айттым. Тек мынаған жауап беріңізші: айналасы он жылдың ішінде құйқалы жердің қыртысы жұқарып, қара боранға ұласты. Мұның астарында үлкен мән жатыр. Туған жеріңді күтіп, баптап ұстау бар да оның бермесін тартып алу бар. Бір күндік нәпақа үшін мың жылдық асыл қазынаны қор қыламыз. "Су тегін арзан бағаға қазақтардың жерін, оның үстіне тың жерді жалға алу әлдеқайда тиімді еді, ал өзінің кесімді егістік жері тиянақты күтімді қажет ететін. Сондықтан да, крестьяндар өзінің жерін күтіп-баптауға тырыспай-ақ, жыл сайын жалға /арендаға/ алу үшін жаңа тың жер іздеді. Мұның өзі крестьян шаруашылығының тағылық талау негізіне құрылғанын көрсетеді"/Т. Рысқұлов/. Тек қана табысты көксеген колхоз, совхоздардың жерді қалай құртқанына дәлел іздеудің қажеті шамалы. Ал сол жерді бүгін арендаға берсек, он жылдан кейін ол арада, не өсетінін бір құдайдың өзі білсін. Жалғыз-ақ дерек келтірейін. Семей облысына бірінші хатшы болып барысымен Құбашев жолдас тың кезінде де жыртылмаған жерді жыртқызды. Тастақ, бетеге сен беденің ғана тамырын ұстайтын бір елі қатпары бар Шұбартаудың шағылына түрен салғызды. Сол күзде-ақ онсызда жұқанақ топырақты жел ұшырып әкетті. Тек ақ шағылдар ғана атызда аппақ боп жатты. Не егін шықпады, не мал жайылмады. Мақаншыдағы шилі, сортаң жерлер атыздалып,ақыры сораңға айналды. құбашев алар сыйын алып кетті. Ал артына қуарған, суалған жер қалды. Іштен тынған ел қалды. Енді келімсектер мен жалдамалыларға жалға беретін болсақ, онда ертеңгі ұрпаққа қай әкеміздің жерін көрсетеміз. Сонау Х ғасырдағы бесенелер мен құба қыпшақтар құсап қоныс аударамыз ба? Қайдам, ондағыдай иен жер қазір табыла қоймас.
|
Осыншама теперішті көріп, соған шыдаған қазақ сіз айтқандай, "не деген сорлы", "не деген жабайы", "қоян жүрек халық па" еді? Жоқ. Мәселе, айтылған сөз, берген серт, уағдаласқан антта. Қашан төзімі таусылып, намысын ашықтан-ашық аяққа таптағанша Анна Ивановнаға берген антына адал болды. Қан төгуден, ұрпаққа кетер өштіктен қашты. Алайда отаршылдарға қалайда қантөгістің керек болғандығы, сол үшін қасақана арандатқаны "Бейуақта" қал-қадірінше қамтылған. Бұл арада "халықтың атынан" сөйлеп отырған өзіңіз халыққа обал жасағансыз. Не көрсе де көшпелі жұрт сенгіштігінен, ақкөңілділігінен, әсіресе әуестігінен көрген. "аналардың бір аты өлгенде, біздің бір ауыл түгелімен қырылған". Дәл солай болған. Оған көзіңізді жеткізу үшін тағы бір "факті" келтірейін. Ташкент сот палатасы Думаның қозғауымен Жетісудағы қырғындардың себебі туралы тергеу жүргізген. Ол аяқсыз қалса да талай сойқанның басын ашып кетті. Соның біреуі мынадай:
|
"12 тамыз /август/ күні Бакуревич деген біреу Шамшы /Самсы/ асуында тек қана топтанып тұрғаны үшін 300 қазақты қырып салған. 13 тамыз күні Пішпек қаласында мына жай анықталды: дала жолымен келе жатқан автомабиль батып қалады, оның айналасына сол кезде бір топ қазақ жиналады. Дәл сол сәтте әлгі жерге арнайы отряд аттанады, олар 135 адамды тұтқынға алады, оның ішіндегі 35 адам ғана қалаға аман келеді, оларды Путинцев деген біреуге тапсырады. түнгі сағат 10-11 шамасында оларды жаппай соққыға жығып, шала жансар күйінде жерге көміп тастайды. 103 адамды жолда атып тастаған екен. Бұдан байқалатын нәрсе, қызық құмар қазақтар автомобильдің айналасына жиналған /Автомобильдің далада жүруі таңсық қой/, сөйтіп есінен адаса азғындалған патша чиновниктерінің құрбаны болды. 14-күні тұтқындалғандардың соңынан жаяу-жалпылап қырғыздар келіп, абақтыдағыларды босатуды өтінді. Базарда елеңдескен жұрт көп жиналып қалған еді, иірілген қырғыздардың саны 600 асатын. Оларды қоршап алды да болыс басқармасының ауласына айдап әкелді. Бұл тобырдың барлығын бір оқ шығармай таяқпен, кеспекпен, балтамен ұрып өлтірді. Адамдардың өлі денесі мен шалжансар қалғандарды тиеген арбаларды әлі де тірі жатқандардың үстінен басып өткізді. Ондағы мақсаты тірі қалғандарды жаншып өлтіру еді".
|
Міне, сорақылық. Бұл жолы жазалаушылардың "бір аты да өлмеген" сияқты. Әйтпесе алдындағы адамнан көрі астындағы атының құнын жоғары бағалайтын казактар оны міндетті түрде есепке кіргізсе керек еді. "Есер офицердің мақтана бергенінің бәрі шындық бола ма? Фактіні намысты жықпайтындай, қайта біруақ жанитындай қылып бере білу керек қой"-дейсіз. Тәңірім-ау бұдан артық сіздің намысыңызды қамшылау үшін қандай қасірет керек еді, айтыңызшы? Егер бұған да мен кінәлі болсам, амал не. "Фактіні" қалай құбылтамын, осының өзіне түсінік берудің өзі артық-ау. Ал, есер офицердің мақтанып жазғанының бәріне күдіктенсеңіз, онда мына Бройданың тергеудегі куәлігіне сенетін шығарсыз. Ақ сөйлейтініне ақ патшаның сотының алдында ант Берген адамның жауабы. Топырлаған қарусыз адамды қойдай қырудың онша таңсық емес екенін бүгінгі оқыған, дүниенің алды-артынан хабары бар заманда да білдік қой. Құрсаулы темір сауыт, болат қалқан, солқылдақ күрзі, бүрлі табанды етік, танкі дегендеріңізді бұрын түсімізде, қазір өңімізде көріп жүрміз.
|
Бұдан әрі қазбаламай, соның бәрін бастан кешкен біз шынымен намыссыз ба едік? "Жабайы", "қорқақ", "сорлы" ма едік? Жоқ, ағайын, елді бастайтын ақылды ағалар, әскер бастайтын сарбаздар болды. Бірақ, ең өкініштісі, ауызбірлік пен сенімді жоғалттық. Кейбірін осы уақытқа дейін қарғаумен келдіку. Олардың дұрыс ісін бұрыс дедік. Барын жоққа шығардық. Елдікке, есесін қайыруға ұмтылғандарды тыңдамадық. Әуеліде конституциялық-демократтардың маңына топталған Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұқаметжан Тынышпаевтар "Ақпан төңкерісі тұсында қазақтардың саяси дамуы және олардың саналы ұлттық сезімін ояту үшін "Алаш" партиясын құрды". Осы пікірді айтып отырған Тұрар ағамыздың өзі де аталған мақаласында "алдыңғы толқын ағаларын" шешімсіздігі мен қақтығысқа бел шешіп араласып кетпегені үшін, көтерілісті тоқтату туралы үндеу тастағаны үшін біраз сілкілеп алады. Заманның екпіні солай шығар. Алаштың азаматтары көтеріліске шықса қызыл қанға бататын, патша жазалаушыларының соны күтіп отырғанын білді. Думаға дейін арызданып жүріп, жазалаушыларды жауапқа тарту үшін тергеу жүргізгендер де солар. Кренскийді шақырып, М. Шоқаев пен М. Тынышпаев бар жайды түсіндіріп берді. Ташкентте ертіп жүрді. Қазір біздің қай мүддемізді шешу үшін қай басшымыз келді. Желтоқсан оқиғасын келіп тексертпек түгіл, жолына торлы тосқауыл қойды емес пе. Империяның басшысын ертіп жүріп, оның әскерлерінің сойқанды ізін көрсету ол кезде де оңай емес еді. Әскерге алынған қазақ-қырғыздар Ресейде қаңғып қалмасын деп солардың әрқайсысы бір-бір қалаға аттанып, теміржол вокзалының кассасы алдында айлап тұрған. Міржақып Дулатовтың Петербургтағы қызметін қырғыз-қазақтар бәрі көзіне жас алып еске түсірген. Қытай, Ауған елін аралап босқан елді қайтарған. Осыдан артық не келетін еді қолынан? Әншейінде бостандық, ынтымақ деп езеурескен партияластардың бәрі жеме-жемге келгенде империяның шоқпарын соғып шыға келді. Олар жалғыз қалды. Езілген таптар да езілген елдің қорғаны болмады. Бір кісідей большевиктік адалдығын сақтаған және жұмысшылардың мүддесі үшін ғұмыр бойы күрескен Тұрар Рысқұлвтың өзі мұны ашық жазды. Оқыңыз:
|
"Тегі европалық тұрғындарға келетін ьолсақ, олардың барлығы да"осынау азиаттық орланы", қазақтардың көтерілісін аямай жаншуды үзілді-кесілді талап етті. Европалықтардың ішінде патша өкіметінің жазалау саясатының қатыгездігіне сын көзбен қараған бірен-саран адамдар да кездесті… Сол кезде Қазақстанда европалық тұрғындардың арасында социал-демократтар мен эсер партиясының ұйымдары құрыла бастап еді, бірақ та олардың көтеріліске көзқарасы "отаршылдық міндеттерінің" аясында қалды, сол сенімді ақтап шықты, әкімшіліктің жазалау шараларының қатыгездігінен қазақтарды қорғау туралы жұмған ауыздарын ашпады. Керісінше, көтерілісті қатал жаншуды жақтағандардың саны көп болды… Қазақстандағы орыс жұмысшыларының тобына келсек, олар ол кезде отарлаушылардың рухына сай тәрбиеленіп еді және сынақтан өткен нағыз интернациональдық саяси партия жоқ болатын, сондықтан да қазақтардың көтерілісіне ешқандай іш тартпады, кейбір жерлерде көтерілісті жаншып-басуға ықпал жасады. Осының салдарынан, қазақтар мен қырғыздар ішінара орыс жұмысшыларына да шабуылдады. Мұның өзі, дәл осы кезде тегі европалық жұмысшылардың революциялық қозғалысы мен қазақ еңбекшілерінің арасында ешқандай болмағандығын көрсетеді".
|
Біз ғой, күні бүгінге дейін Аманкелдінің сарбаздарына мылтық жасап, оны оқтап берген орыстың мұжығы деп оқып, айтып, жазып, киноға түсіріп келдік. Сенбейтін өтіріктен ашып айтылған ащы шындық әлдеқайда "тәтті". "Отаршылдық міндетті" өтеп жүрген ағайындардың біразын желтоқсанның кезінде көзімізбен көрдік. Кеше ғана интернационализмді Інжілдің баптарын жатқа айтқандай тақылдағандар кенет демін ішіне тартып, қолына темір сымнан "қамшы" ұстап шыға келді. Коммунист басшылар, райкомдар заводтарға заказ бергізіп, "қаруланды" емес пе. Қайда таптық сана, партияның уставы неге бұзылды? Тіпті, республиканың басшысы Колбиннің өзі "жұмысшы жасақтары құтылсын, өзін-өзі қорғасын"-деп нұсқау берді. Мұның астарында қандай "қамқорлық" жатқаны түсінікті. Егер де, жұмысшылардың тоқсан процентке жуығы келімсектер екенін ескерсек, бұның өзі ашықтан ашық қоян-қолтық, жекпе-жекке айдап салу ғой. Сондай адамды да марапаттап, бір-екі жыл болса да қолтығынан демеп, инабат білдірдік-ау. Бұл да тағдырдың тәлкегі, біле-білгенге бұл да қорлық. "Әйтеуір жазылған соң оқисың ғой енді, сонда білмеймін, кімге әйтеуір біреуге деген қарсылықтың, жеккөрушіліктің сарыны еседі де тұрады. Әлгі бермей жатқан, жібермей жатқан арнайы біреу бар сияқты. Ол кім екен?". Ол - Назарбаев та, Горбачев та емес, ол-әбден қалыптасып, санамызға сіңіп қалған бодандық, тәуелділік пен отаршылдық психология. Бұл екеуі ешқашанда ымыраға келмейтін қарам-қайшы құбылыс. Оны жеңбей не екеуінің біреуін таңдамай намысыңызды жани алмайсыз. Ал, күресу үшін қолға "темір сым қамшы" алып көшеге айқайлап шығудың қажеті жоқ. Ол өзіңіз айтқан "қорлыққа бастайтын" жол. Ақылмен, мәдениеттілікпен, саяси сауаттылықпен жететін қиямет көпір тұр. Содан қалай өтеміз, мәселе сонда. Бірімізге біріміз кінә тағып, өз ішімізден жау, дұшпан іздесек, онда Абай айтқандай "Біріңді қазақ-бірің дос, көрмесең істің бәрі бос"-боп шығады.
|
Қайғы мен қасіретті тізбелеген архив деректерін оқысаң "қаның қайнайды". Кім үшін жүрегіңе запыран толып, кім үшін қорландық? Біздің де осыншама таусылып ашулануымыздың мәні де сол сұраққа жауап табу.Оны жалғаыз емес, сіз бпо, біз боп, қосыла іздеп, ортақ ойлы мәмілеген келсек, ертеңгі ел ұландарына тәлім қаларлық тағлым тапсақ деген ой еді. Ақылдың орнына жазғырып жазған хатыңыз біздің де намысымызға тиді. Сол "әскери серуеннің сергелдеңінің" себебін түсінбеді ме, онда несіне тәуекел етіп ек, сөздің бағасын білетін оқырманның қалмағаны ма деп те налыдық. Бірақ, Ж. Қуандықов жолдас мұның барлығын ет қызуымен, өзінінің буырқанған сезімін тұсай алмай, іштегі запыранды сыртқа шығару үшін жазды ғой деген ой мазалай береді. Мұндай көңіл-күйді түсінуге болады, әрине. Алайда, қағаз-қалам тегін екен деп, жауапсыздыққа жол беруге ешкімнің хақысы жоқ. Айттың ба, пікіріңді дәлелде. Бір ауыз сөзді орынсыз сөйлегені үшіната-бабаларымыз жығынды болып, ат-шапан айып төлеген. Еріккеннен бұлай істемеген. "Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлмесін деген". Ал, хатқа қатталып, тасқа басқан сөздің салмағы ауыр, зілі батпандай. Оны өшіре алмайсың. Түптің түбінде тартпаның бетіне қалқып шығып, жыландай шағуы мүмкін. Осы мақаланы жазудағы мақсатым сіздің көзіңізді "жазғанымның шындығына" жеткізу, екіншіден өзге ағайындарды да "айттым бітті, кестім тікті" деуден сақтандыру. Ешкім де, ерігіп, қолына қалам алып, "қыздырма" үшін кітап жазбайды. шығарманың да өз тағдыры бар. "Бейуақ" та сондай тезден өткен. Халықтың атын жамылып, қанша жазғырғанменде, ендігі тосқауылдың жөні келмес. Ол, кедергіден өтіп кетті. Келесі Қособаға жеткенше әлі талай заман бар. Адамның тот басқан намысын қалай жанып, жанықтыруға болады? Сірә, тағы да сол алдаспандай өткір ата сөзі шығар. Мен Ж. Қуандықовтың бұл тілегін орындау үшін ары ойланып, бері ойланып ақыры "ханның басын хан алады, қардың басын қар алады" дегенге жүгініп, сөздің уытын сөз қайырсын деп шештім. Және менікі емес, ауызы дуалы аталардың сауын сөзі, салған ұраны. Егер еритін мұз, жанитын намыс, ұғар құлақ, саралар сана болса, түсінер. Түсінбесе, түйсінбесе, амал қайсы. Бұдан артық ешкім де егіліп те, ашынып та айта алмайды. Ол--"әскери серуен" аяқталып, ел-жұрт, тоз-тозала боп, тозып, жаппай ашаршылыққа ұшыраған кезде Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов ұйымдастырған "Абай" журналы арқылы "Алашқа" арнаған атой-сауыны. Ж. Қуандықов айтқандай бұл "есер офицердің жазбасы" да, емес, "факті намысты жықпайтындай, қайта біруақ жанайтындай" ащы шындық. Өтірігі, жалған жаласу жоқ, бәрін де көзімен көріп, көңіл көбесін сөккен, шерлі көкіректен төгілген ащы запыран. Елдікке шкқырған ұран. Мүмкін, жазалау отрядтарының шапқыншылығы оятпаған намысты босқан жұрттың, еңіреген елдің, күндікке сатылған қыздардың көз жасы жуар. деп ойлаймыз. Міне сіз жиіркенген "әскери серуеннің" осындай тозаққа ұласқан. Тоз-тозы шыққан қырғыз қазақтың басын қосу үшінсол жылы жазда алаш азаматтарының барлығы Қытай, Ауған, Ресей, Иран жеріне аттанды, ат тұяғы жеткен жерлеріне барды. Олар да мынау отаршылдық өктемдік пен қатыгездікке ашынды, қорланды. Сөйте жүріп, елді тығырықтан ашаршылықтан шығаратын жол іздеді. Тапты. Ал елдік, бірлік, намыс туралы "Алашқа" арнаған үндеуден артық асырып айту мүмкін емес. Сіздің сауалыңызға толық жауап бере алатын шығар. "Жүрегіңнің түбіне терең бойла"--деп ұлы Абай өсиет еткендей, Сіз де жүрегіңізге бір үңіліп, қорытынды шығарарсыз деген үміттемін.Сөз соңындағы жаса құлақ-қағысым мынау: биылғы жыл "Қазақ әдебиеті" газетіне жазылмайтыныңызды мәлімдеген едіңіз. Жауабым Сізге жету үшін мақала шыққан газеттің кезекті санына "Бейуақ" атты кітабымды қоса жіберемін. Қалған жайды содан анық-қанығына жетерсіз. Әйтеуір, асылық болмасын, қорлансақ та қор болмайық!
|
|
|
|
|
|
"Алашқа"
|
Алты алашқа аян, 1916 жылғы 25-июнь жарлығы әлегінен Жетісу облысындағы қырғыз-қазақтың басына қиямет қайым күндер туды. "Жігіт бермейміз"--деп, қарсылық қылғаны үшін оққа ұшып, қаншасы өз жерінде бір қырғын көрді. Басшы адамдары дарға асылды. Рақымсыз хұкіметтің қарулы әскеріне қарсы тұра алмай көбі Қытай жеріне босты. Мал-мүлкінің орыс әскерінің қолына олжаға түсті. Көрші мұжықтар жау болып, тал түсте талады, өлтірді, адамын байлап малын айдап алды. Босқандар айдап көшкен мал-мүліктен жолшыбай айырылды.
|
Жаяу-жалпы, үйсіз-күйсіз Қытай жеріне жеткенде қар жауды, қыс түсті. Онда жанашыр жақын таба алмай жанталасты. Аштан өліп бара жатқан соң қалмақ, қытайға бала-шағаларын сата бастады. адам базары ашылып, баланың құны бір шелек бидайға шықты. Бойжеткен қыздарын, жас келіншектерін қаны қара қалмақтар қатынданып кетті. Аш-жалаңаш, ауызына не түссе соны жеп, қайда болса сонда жатып неше түрлі дертке ұшырап тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естір құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегі бастан кешкен қызық дәурен көздерінен бір-бір ұшты. Мыңдап айдап, жүз сапырып, шалқыған байлар бір үзім нанға зар болды. Әлпештеп балалары телміріп, көрінгеннің көзіне қарап, мойынына дорба салып қайыршы болып кетті. Бай-кедей, жас-кәрі, жақсы-жаман айырмасы бітіп, бәр бірдей сорлы болды. Бәрі бірдей мұңды болды. Атадан--ұл, анадан--қыз, жардан--жар айырылды. Жүрек-қанға, көз-жасқа толды. Жетім-жесір ботадай боздады.
|
Жұрттықтан, тіршіліктен күдер үзіп, бұл опасыз, дүниеге қош айтысуға таянып тұрғанда бостандық туды. Бұл хабарды естігенде жүректері жарылғандай қуанып, аһ дүние, тым болмаса елге жетіп, алаштың ортасында өлсек арман бар ма--деп қайта шұбыра бастады.
|
Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлім…Әлі жоқ, дымы құрыған сорлылар жаяулап қозы көш жерге жүруге жарамай, кез-келген жерде жығылды, жығылғаны тұрған жоқ, өлгені тірілген жоқ…
|
… Сендердің қатын-қыздарың алтын-күміске малынып, бойларын түзеп жылы үй, жәйлі төсекте отырғанда, олардың қатын-қыздары күңдікте, аш-жалаңаш абұйырын жаба алмай отырғанын ойлаңдар!
|
Атқа мінген азамат! Сендерге ел керек, жұрткерек болса басшылық қылып, алашты аман сақтау қамына кірісіңдер!
|
--Намыстан алаш!
|
--Жігерлен алаш!
|
--Тас бауыр болма, алаш!
|
Мадияр".
|
Сентябрь (1988) Абай музейінде
Мұхтардың туған күніне арналған мәжілісте
сөйлеген сөзден үзінділер.
Осы жылы август айында «Семей таңы» газеттің 161-санында жарияланған «Абайтану жолындағы қилы кезеңдер» атты мақаламызда, «Мұхтар Әуезов. Абайтанудан жарияаланбаған материалдар» (Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, Алматы, 1988) атты кітаптағы «Абай мектебі» деген мақала туралы жазған едік. Және 1951 жылы июнь айында Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институты мен Қазақстан жазушылар одағы бірлесіп өткізген «Абайдың әдеби мұрасы мәселесін талқылауға арналған ғылыми айтыс» деген жиналыс өткізілгенін, сол жиналыста Мұхтарға жалған жала жабылып, саяси айып тағылғанын баяндап айтқан едік. Мұхтар Әуезовке жала жабу, арандату әрекеті, одан кейін де толастаған жоқ, 1952-53 жылдары одан әрі үдей түсті. Осындай әрекеттердің нәтижесінде 1952 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Президиумының мүшелігінен шығарылды.
Достарыңызбен бөлісу: |