Тұрсын ЖҰРТБАЙ
«ҰРАНЫМ – АЛАШ!..»
(Түрме әфсанасы)
ТАЛҚЫ
(Үшінші кітап)
АЛМАТЫ
ЕЛ – ШЕЖІРЕ
2009
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі
Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы” ғылыми орталығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің „Көнетүркі және қазақ тарихи-әдеби жазба мұралары – Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген.
Сондай-ақ Мемлекет тарихы институтының ғылыми Кеңесінде талқыланып, мақұлданды.
Рецензенттер:
С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Р.Нұрғали, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Б.Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Д.Махат, тарих ғылымдарының докторы.
Ғылыми редакторы филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Алпысбаев.
Қолжазбаны компьютерге теріп, баспаға дайындаған – М.Ермағанова.
АННОТАЦИЯ
Жазушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты түрме әфсанасының «Талқы» атты бұл үшінші кітабы – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған жазылған, «Ел-шежіре» баспасынан жарық көрген (2008), «Жегі», М.Тынышбаев, Х. және Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев сынды 30 тұлғаның тергеу деректері мен тінту кезінде тәргіленген салыстырыла талданған «Қайрақ» бөлімдерінің қорытынды әфсанасы болып табылады. «Талқыда» – жазушы-ғалым Мұхтар Әуезовтің қырық жылға созылған қудаланды (1917-1961) өмірі мен шыңармашылық тағдыры Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіндегі «аса құпия құжаттармен» жарыстыра талданып, кеңестік жазалау жүйесінің жетпіс жылдық идеологиялық қылмысты қысым саясатын ашады.
Біртұтас алаш идесын тұңғыш рет тұжырымдап берген «Ұраным – Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын бұл іргелі әфсана – алаш қозғалысы туралы жазылған энциклопедиялық зерттеу болып табылады.
БІРІНШІ БӨЛІМ: ТАЛАНТ ТАЛҚЫСЫ
(немесе әдебиеттен орынын іздеген Мұхтар Әуезов)
1.
Азаматтың, ұлттың, тұлғаның, таланттың, әр пенденiң рухынан қасиеттi және мәңгiлiк күш жоқ. Дүниенiң тұтқасы да сол рух. Рух өлген тұстан, рухани тәуекелдiкке телiнген сәттен бастап адамзат – ақыл парасаттың дербес шешiмiнен, ұлт – тәуелсiздiгiнен, тұлға – дара ойлау жүйесiнен, талант – танымнан, адам – ар – ождан бостандығынан айырылады. Алланың қолындағы аманатқа берген жаныңнаң өзi кеудеңе қонақ таппайды, күштiнiң шеңгелiне iлiнедi. Ал рух еркiндiгiнiң көрiнiсi – рухани мәдениет, өнер, әдебиет болатын. Рухани мәдениет еркiндiгiнен айырылған ұлт пен талант – жаны кеудесiнен суырылып алынып, жанын жалдап күн көрген ертегiдегi кейiпкерлердiң кебiн киетiн. Ол рухы үшiн емес, жанын сатау үшiн жалдамалы күн кешiп, сол «күштi өкiметтiң аса қауiптi жазалау құралына айналды. Қадым заманнан берi ешқандай мемлекет пен жаhангердiң ашқтан – ашық жүзеге асыруға дәрменi мен пәрменi жетпеген мәңгүрттiк жазалау тәсiлiн кеңес өкiметi қысылып - қымтырылмастан – ақ «iске қосты». Мiне, бұл ұлт пен ұлыстың, тұлға мен таланттың, тобыр мен жеке адамның жаппай басыбайлануының басы, мәңгүрттiк дәуiрдiң қарсаңы едi. Сондай алмағайып сәтте: «Әдебиет соңынан жарық алып түстiм», - деген Мұхтар Әуезовтiң де маңдайының бақыты мен сорының қаншалықты қалың екендiгiн екшеп жатудың қажеттiгi бола қоймас. «Дүние астан – кестен болған заманның адамдары» болғандықтан да пешенесiне осындай талқы жазылыпты. Мұны олардың өздерi де сездi. Өйткенi, жиырма екiншi жылдан кейiн, азаматтық соғыс аяқталылысымен олар ең шешушi және қасiреттi майданды, өздерiнше «мәдениет майданын», ал мағынасы бойынша «мәңгүрттiк майданын» ашты. Бұл ұзаққа созылатын, бiрақ ешқаншанда жеңiске жеткiзбейтiн рухани майдан едi.
Түбiнде жазасы құтылмайтынын бiлсе де, дүние дүр сiлкiнген дәуiрде, рухани күш иелерi де бiр серпiлiп жан – жүйесiн, санасын, өнердегi танымын талқыға салды. Ол iзденiстерi ақыры шарасыздыққа алып келдi. Келешектiң жолы кесiлiп қалды. Iрi тұлғалар атылды, асылды, өзiне өзi қол салды. Ол аздай, ұлты үшiн барлық түрме мен азапты, қорлықты көрiп, шыдап келген қазақ зиялыларына да қауiп төндi. «Алаш iсi» деген сылтаумен алдыңғы толқын түрмеге қамалып, үкiмi шыққанда екiншi толқынның да басына зауал төндi.
Рухында елдiк қасиетi бар белсендi зиялылар ойсоқты күйге түстi. Елдiң иесiз қалғандығын, «Қужақтың» есе-теңдiк бермей еңсерiп, жұртты қуырып бара жатқанын, рухани әлемнiң жүдеп-жадағанын, Қалмақан Әбдiқадiровтін ұлттық тұтқа шықпайтынын анық сезiндi. Кеңес өкiметiн өз қолымен құрған Сәкен Сейфуллиннiң өзi қызыл революцияны – жұтқа ұшыраған көтерем қызыл атқа балап дастан жазды.
Алайда, не рухани көсем – идеолог дәрежесiне көтерiле алмай, не өзiнiң дербес идеясын қалыптастыра алмай, Адам Атадан бастап Абайға дейiнгiнiң түгелiнiң бетiне түкiрген, бесiгiнен безгендер тобы шықты. Әдебиеттiң ет пен терiсiнiң арасында жүрген олар қазақ ұлтының рухани игiлiгiне қатты қауiп төндiрдi. «Жаңбыр бiр жауса, олар екi жауып», шолақ өрт қойып отырды. «Қужақ» оларды өте ептiлiкпен пайдалана бiлдi. Кейін өршелене өңешiн жыртқан бұл «қызыл кеңірдектердің» де үнiн өшiрдi. Мәскеудегi «Әдебиет энциклопедиясында» Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов туралы жоғары баға берiлген анықтама басылғанда өзектерi өртенiп кеттi. Ораз Исаев пен Iзмұқан Құрамысов шырға тастап, Ғаббас Тоғжанов пен Әбдiрахман Байдiлдин, Х. Жүсiпбеков жазып, С. Сапарбеков пен О. Жандосов қол қойған «Ашық хат» 1929 жылы 19 көкек күнi «Советская степь» газетiнде:
«Бiр топ жолдастар – «Правда» газетiнiң және «Әдебиет энциклопедиясының» редакциялық алқасына кейбiр жазушы қазақтардың творчествосына баға беруде «Энциклопедияда» жiберiлген қате пiкiрлерге орай қарсылық – хат жолдады. Көпшiлiктiң ерекше назарын аударған осы хатты толық жариялап отырмыз», – деген түсiнiкпен жарияланды.
«Жазушы – қазақтардың творчествосы туралы» бұл «Ашық хат» Голощекиннiң айызын қандырды. Алаш азаматтарын «құрбандыққа шалудағы» ең соңғы шешушi соққының мiндетiн атқарған бұл хатты бiз де толық келтiремiз.
«Құрметтi жолдастар! Бiздiң пiкiрiмiзше, Әуезов пен Байтұрсыновтың шығармаларына маркстiк көзқарасқа мүлдем жат баға берiлген.
Бәрiнен бұрын Әуезовке тоқталайық. «Әдебиет энциклопедиясында»: «Ол қазiргi замандағы аса көрнектi жазушы, оның көркем шығармалары таңғажайып дәлдiгiмен және тарихи шындығымен дараланды», – деп жазылған. Бiздiң ойымызша, бұл сыпайылап айтқанда Әуезовтiң өзiн де, оның творчествосын да бiлмеу, түсiнбеу болып табылады. Бiрiншiден, Колчактың тұсында, «Алашорданың» шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчаққа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше, сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi. Бiрақ та, кеңес өкiметi орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өттi де Кир ЦИК-тiң хатшысы мiндетiн атқарды, алайда бұған қарамастан Әуезов саясатта да, әдебиетте де буржуазияшыл ұлтшыл қазақ байларының идеологы болып қала бердi. 1922 жылы партияға қарсы алашорлашыл идеологиясы үшiн Әуезов партиядан шығарылып, жазушылық пен оқытушылық қызметке ауысып кеттi. Ол бұл өзiнiң барлық шығармаларындағы қазақтың тiршiлiгiн өткендi көксеген байдың көзқарасы арқылы баяндайды, қазақтың ескiлiгiн – азаматшылығын жырлайды, қазақтың хандарын, аңызға айналған батырларын, «данышпан» билерiн, ардагер ақсақалдарын және феодалдық сал-серiлерді мадақтайды, мадақтағанда да үнемi жағымды, бүгiнгi күннiң өзiнде де оларды қадiр тұтуға, үлгi етуге болатындай бейнеде суреттейді (Қараңыз: «Қаракөз», «Еңлiк-Кебек»). Бұл – бұл ма. Жазушы Әуезов өзiнiң осынау реакциялық идеологиясын «әдеби сын» саласында да уағыздаумен болды.
Байтұрсынов туралы берiлген баға да дәл емес. Рас, революцияға дейiн Байтұрсынов қазақтың ұлттық зиялыларының жетекшiлерiнiң бiрi болды, патшалық саясатқа қарсы күрестi, сол кезде ол қазақ тұрмысындағы алдыңғы қатарлы буржуазиялық революционер боп табылды. Алайда мұның барлығы ешкiмге де: «Байтұрсынов – қазақтың аса көрнектi ақыны» деуге құқық бермейдi. ... Ол ақын болған жоқ. Ол публицист болды және публицист болып қалады. Байтұрсынов буржуазиялық ұлтшыл-қазақ байларының идеологы болып қала бередi... Ол контрреволюциялық идеологияны уағыздады. Бүгiнгi қазақ қоғамы Байтұрсыновты бiздiң партиямызға қарсы күрескен және күресiп келе жатқан реакциялық алашордашыл интелегенцияның бiр көсемi деп санайды.
«Әдебиет энциклопедиясының» редакция алқасы жiберген қателiктердi түзету мүддесiн көздеген бiздiң бұл пiкiрiмiзге «Правданың» бетiнен орын беруiңiздi өтiнемiз.
Коммунистiк сәлеммен: О. Исаев, Ә. Құрамысов, Ғ. Тоғжанов, С. Сапарбеков, О. Жандосов, Х. Жүсiпбеков, А. Байдiлдин».
Сол кездегi қазақ зиялыларының қаймағы мен идеологтары мақұлдап қол қойған бұл ашық хат, шын мәнiнде, Мемлекеттiң атынан жасалған ресми айыптау мәлiмдеме едi. Бұрын Мәскеуге жалтақтаған жандар ендi олардың да сөзiне қарсы уәж бiлдiре алатындықтарын байқатып, жонын көрсеттi және мұқым Кеңес империясына оларды жау деп жариялады. Iле-шала бiр айдың iшiнде Ахмет пен Жүсiпбек, Мағжан қамауға алынды.
Қазақ ұлтының рухани тұтқалары тұтқындалған соң саяси сахнаны тылсым тыныштық басты. Сәбит Мұқанов, Әбдiлда Тәжiбаев, Сағыр Камалов, Iлияс Қабылов iспеттi әр нәрседен дәмелi ұрпақтардың әдебиет төңiрегiндегi шақпа тiлдi ұрандары баспасөзде жарияланғанымен, олардың пiкiрiнiң ұлы идеологияға ықпалы жүрмедi. Олардың сөзiне әлi тұлғалық салмақ бiте қоймап едi. Тек өшiп бара жатқан қазанның отын қағыстырғандай ғана әрекет-тiн. Ғаббас Тоғжанов қана киiп-жарып, қиғылық салып қойып отырды. Ал мемлекеттiң идеология саласын басқаратын қайраткерлер дымын iшiне тартып алды. Өйткенi, Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзi абақтыға қамалған соң, есерге де өмiр керек, олардың барлығы бұқпалап, қалтарыста қалды. Өздерiнiң де жазалау диiрменiне жем боп тартылып кететiнiн тез аңғарды. Диiрменнiң тасы етектерiне тиiп кетiп, тиiп кетiп жүрдi. «Қарғайын десе – жалғыз, қарғамайым десем жалмауыз» – дегендей, қамаудағы қайраткерлер оларды жақтырмаса да жалған айып тағып, бiз көргендi – сен де көр демедi. Онда қазақ ұлты мүлдем иесiз қалатынын бiлдi. Ал әйгiлi белсендiлер тiске жұмсақ байлардың тамырын шабуға кiрiстi. Сонда да түрме жақтағы дыбысқа қуыстана құлақ түрдi.
«Алашордашылардың» алдыңғы тергеу iсіндегі айыптау қорытындысын кейінгі лекке орайластыру үшiн тергеушілер Дiнше Әдiлев сызып берген кестеге сүйене отырып, Мұхамеджан Тынышбаев бастаған топқа түрлi арандату сұрақтарын қойды. Ахмет Байтұрсыновтан бастап Абдолла Байтасовқа дейiнгi адамдардың барлығының атын атап, олардың әр қайсысына жеке тоқталып, кімнің кімге қаншалықты «қылмыстық байланысы» барлығын адақтап шықты. Мұхтар Әуезовтің «Айыптау қорытындысына», бірінші, тергеу астындағы Әбдiрахман Байдiлдиннiң:
«Бiрде ол (С.Сәдуақасов – Т.Ж.) менiң бөлмеме келдi. Бұл құрылтайдан кейiн шамамен 11–12 өткеннен соң болатын. Әңгiмесiн зiлдi салмақпен бастады. Ол: отаршылдар менi қудалауын тоқтатқан жоқ, керiсiнше, менi партиядан шығарып тастауы да мүмкiн. Сондықтанда, бiр батыл қадам жасағым келедi, бiрақ не iстерiмдi өзiм де бiлмеймiн», - дедi. Әуезов оған: «Ташкентке ауыс, содан әрi қарай басмашыларға қосыласың», - деп ұсыныс жасапты. Әуезовтiң бұл ұсынысын қабылдауға қарсы еместiгiн, бiрақ та ол туралы менiң пiкiрiмдi бiлгiсi келетiнiн айтты. Мен Смағұлға не айтарымды бiлмедiм. Оның жағдайының сондай қиын екенiн және көңiлiнiң қобалжып жүргенiн бiлетiнмiн. Алайда менiң оның дәл осындай ойда жүргенiнен және басмашыларға қосылып кетуге келiсiм бергенiнен мүлде хабарсыз едiм әрi ондай арандатуға көне қояды деп ойламағанмын. Маған: дәл осындай келеңсiз кеңес берген обком партияның мүшесi және КЦИК-тiң саяси секретары Әуезовтiң кеңесi түсiнiксiз, оғаш көрiндi. Мен бiздiң мақсатымызды (ұлт мәселесi жөнiнде жүргiзiп отырған партияның бағдарламасын) басшылардың мүддесiмен сәйкестендiре алмадым. Мен өзiмше, осындай кеңес берген Әуезов әлдебiр шiрiк мақсатты көздедi ме деп ойлаймын. Сонымен қатар, осы пиғылы арқылы ол Сәдуақасовтың көзiн құртып, бiздiң арамыздағы көсем өзi болғысы келдi ме екен деп топшылаймын. Себебi: ол кезде бiздiң мақсатымыз ортақ болса да, жершiлдiк, рулық тұрғыдан алғанда әрқайсымыздың жекелеген iшкi мүддемiз бар едi: Әуезов – семейлiк, ал бiз Сәдуақасов екеумiз – ақмолалық едiк. Соңғы мәселе – Әуезовтiң көкейiн тескен шешушi мәселе сияқты боп көрiндi маған...Бұл оқиғадан кейiн мен Әуезовке күдiкпен қарайтын болдым. Ол менiң көз алдымда екiжүздi адам боп елестедi: бiрiншi Әуезов – партия мүшесi, жауапты қызметкер, ақылды кiсi, бiздiң көзқарасымыздың көсемдерiнiң бiрi, ал екiншi Әуезов - бiрiншi адамның қасиетiне ие, бiрақ, та әлдебiр астарлы оймен жүрген сияқты көрiндi», – деген көрсетуі негіз қалады.
«Правдаға» басылған хаттың негізгі авторы және («Мұхтардың меншікті сұрқылтайы») Мұхтардың өзімен түйдей құрдас, 1897 жылы туған, «Петропавл округiнiң арғын руынан шыққан» (тегi жөнiнде дәл осылай жазған) Ә.Байдiлдин екені анық еді. Тергеу барысында Байділдин өзін де, Әуезовтi де Колчактың сыбайласы, «сәдуақасовшылар тобының» белсенді мүшесі қатарына қосты. Өзiн «Алашорданың» жас қайраткерi әрi Колчактың барлаушысы, сонымен қатар кеңес өкiметiнiң белсендi адал қызметкерi ретiнде сезiнетiн «Қаламның» – Ә.Байділдиннің шегiнетiн жерi де қалмаған болатын. Өзiн өзi әшкерелеу арқылы Смағұл мен Мұхтардан iргесiн ажыратып алуға тырысқан ол, қырындысын қалдырмай қағазға түсiрген.
Осының өзі-ақ айып қорытындысын шығаруға толы жарап жатқан болатын. Бұл өте салмақты алғышарт еді. Сондықтан да тергеушілер ойланып жатпастан Мұхтар Әуезовке:
«Алашорданың» атынан Колчактың үкiметiмен келiсiм жүргiздi»,– деген айып тақты.
«Алашорда» үкiметiнiң Колчакпен уақытша одақ құрып, қазақ ұлтын қантөгiстен аман сақтауға ұмтылғаны тарихи шындық. Алайда Мұхтарды «Алашорда» үкiметiнiң саясаты үшiн жазғыруы жалпы қисынға келгенiмен, тергеуде ол дәлелсiз күдiк қана болып қалды. Саясат сахнасына ендi ғана шыққан жиырма жастағы семинария оқушысымен келiсiм жүргiзетiндей адмирал Колчактың басына ол кезде мұндай күн туа қойған жоқ болатын. Қалайда Әуезов пен Колчактың байланысын тікелей әшкерелейтiн ешқандай сылтау да, дерек те табылмады. Сондықтан да тергеушiлер Мұхтарды қаралап тынатын, бұлтартпайтын өзге қылмысты қарастырды.
Екінші баптағы: «Ұлтшыл-контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысты”, – дегенге Д.Әділевтің:
«Сөйтіп жағдай шиеленісіп кетті... 1923 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қазақ комиссиясы мен Оқу-ағарту институтына оқытушы, біраз уақыт директор болып істедім. Ұйымға қайта мүшелікке алындым. Оның жаңа құрамында Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев болды-ау деймін. Ташкентте мен оқу-ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми орталық пен қазақ ағарту институтына оқытушы боп орналастым. Онда Досмұхамедов, Әубәкір Диваев, Жұмабаев, Жандосов, Соколовский, Мұхтар Әуезов жұмыс істейтін. Мұхтар оған дейін Орталық комитеттің президиум мүшесі болған. Мен Қожановтың әйелінің ағасының үйінде тұрдым. Сол кезде Жандосов та Ташкентке келді», – деген жауабы себеп болды.
Ал тергеушілер «қыстап, барлық тәсiлдi қолданып,... жалған мәлiмет жаздырған Есім Байғасқинның:
«Әнуар паша мен Заки Уәлидидiң саяси сахнаға шығуына байланысты 1922 жылдың мамыр айында алашордашылардың арасында бiр қозғалыстың басталғанын, алашордашыл Әуезов Мұхтар мен Тоғжановтардың қазақ ауылдарында ұлы түрiкшiлдiк рухты насихаттағанын айтқамын (Менiң бiрiншi жауабымды қараңыз). Петропавлдық алашордашылардың арасына осы ұлы түрiкшiл үгiт – насихатты жүргiзген тұста, бiр жолы сол кездегi губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы Қазбеков Смағұл, губерниялық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Бейсенов Мұхамеджан және Әуезов, Тоғжанов, Жұмабаев, Қияқов, тағы да басқа мен аты-жөнiн ұмытып қалған адамдар өзара ұзақ кеңестi, бiрақ ортақ шешiмге келген жоқ, сонда да өзара пiкiр алысуларын жалғастыра бердi, ақырында Әнуар мен Закидiң iс-әрекетiнiң нәтижесiне қарай қимылдамақ боп, ешқандай шешiм қабылдамауға келiстi», – деген көрсетіндісіне байланысты:
«Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшiлiк еттi», – деген айып тағылды.
Тура сол күндері қазан мерекесіне орай сөйлеген сөзінде Голощекин:
«Тергеу кезінде Аймауытов: Екiншi съезд кезiнде тек қана қазақ уәкiлдерiнен тұратын кеңес шақырылғанын, оған Әуезов төрағалық жасағанын, ... онда отаршылдармен күрес туралы мәселе қаралып, ұлттық мүдденi көздейтiн шешiм қабылданғанын мойындады», – деген сөзi баспасөзге жариялана қалды.
Тергеушілер мұны Мұхтарға қосымша айып ретiнде тақты. Жүсіпбектің түрмеге қамалғанына үш жыл толған және олату жазасына кесiлуге ұйғарылып, үкімді Мәскеуден бекітуіне жіберген болатын. Мұхтардың егiзiнiң сыңарындай боп өмiр сүрген досының тағдыры Бутырьканың түрмесiндегi ажал жаңғырығын күтiп тұрды. Қужақ түрмедегi жауаптарды ашық жариялау арқылы қазақ зиялыларының арасына сенiмсiздiк пен алауыздық септi. Күдiксiз нәрседен күдiк тудырды.
Әйтпесе, Әбдiрахман Байдiлдиннiң көрсетуi бойынша хаттамаға түскен – 1921-1922 жылғы аштық пен қазақ халқын аштықтан құтқарудың жолын қарсатырған бұл кеңестiң ешқандай қылмыстық сыпаты жоқ болатын. Жүсiпбек Аймауытовтың өзi соның iшiнде жүрiп, белсене атсалысты. Сондықтан бұл деректiң айтылуы, қағазға түсуi заңды. Оның үстiне Жүсiпбек аштарға көмек көрсеткенi үшiн тергеуге алынып, өзiн-өзi ақтап шыққан болатын. Демек, бұл үшiн көңiл қобалжытатындай пәле Әуезовке төнiп тұрмаған едi.
Бұл кеңес өкiметiнiң ұлттық тұлғаларды толықтай жанышытап, талқыдан өткiзiп, Троцкий мен Фрунзе сияқты көсемдерiн аластатып, ендi «мәдиенет майданындағы» тұлғаларды тұқыртуға көшкен қатерлi бағытының күш алған тұсы болатын. Дәл сол кездерi «Байтұрсыновтың және басқа да алашордашылардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыртын ұйымының қастандық әрекеттері туралы қылмыстық істің» (Бас құжатқа бастапқыда «Д.Әділев бастатқан...», одан кейін «Е.Омаров бастатқан...» деп жазылып, ең соңында «А.Байтұрсынов бастатқан...» деген атауға тоқталған – Т.Ж.) тергеуi аяқталып, олар Мәскеудiң пәрменiн күтiп жатқан. Мағжан Жұмабаев ұйымдастырған «Алқа» әдеби үйiрмесiне, яғни тергеушілер көрстепкендей, астыртын контрреволюциялық ұйымға Мұхтар Әуезовтің қатысқаны да «анықталып», арнайы бап ретінде қарастырылды.
Ал тергеушілердің қатты ұстанғаны «Ашық хаттағы»:
«Колчактың тұсында, «Алашорданың» Шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчакқа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, Кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi... Бiрақ та, Кеңес өкiметi орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өттi», – деген сөздер де еді.
Сөйтiп, Мұхтар Әуезов аяқ астынан басмашы, ұлтшыл-контрреволюционер боп шыға келдi. Сонымен, бұрын Қазақстаннан сырт жерде жүрiп, назардан тыс қалып келген Мұхтар Әуезов те қарауылға iлiндi. Мұхтардың бостандықта жүруi оларға кешiрiмсiз жайт сияқты көрiнген іспетті.
1930 жылы 17 қыркүйек күнi таңсәрiде Ташкент қаласындағы Салар өзенiнiң бойындағы үйiнде Мұхтар Әуезов тұтқынға алынды. Осы оқиғаның көлденең куәсі болған сол кездегі шәкірт, кейінгі академік Шапық Шөкин:
«1927 жылдын тамызында Орта Азия университетіне түсуге келдім... Біз шағын үйдің ашық айванында түнедік, сол үйдің қарсы жақ қанатында университет оқытушысының үй-іші тұратын. Ертеңгілік колонка қасында жуынып жатқанда, біз бәріміз бірдей жамырап, толыса бастаған, маңдайы кере қарыс, қараторы қазақпен амандасушы едік. Таныстық. Мұқаңның бізден тілек-талаптарымыз болса айтуымызды сұрағаны есімде. Менің әлі оқуға түсе қоймағанымды білген ол, мені арқамнан қағып: "Ұнжырғаң түспесін. Ең бастысы – оқуға құмарлық. – сәл ойланып тұрды да ол кенет: – Ендеше мен университет кісілерімен сөйлесейін. А? Сол Ғазиза Сүлейменовамен де сөйлесейін?, – деді ол мені жігерлендіргісі келгендей. Қапелімде қысылып қалғандықтан, ол кісіге рахмет айтуды ұмытып, Ғазиза былай да мені қолдап жүр, шамасы, ұзамай мәселе шешілетін де шығар деп жауап бердім. Мұқаң қолын жайып қоштасып, аспай-саспай, Қазақ орман техникумы қорасынан шығып жүре берді.
Оның әйелі Валентина Николаевна ертеңгілік бауға сирек шығатын, көбіне кішкене қызымен айналысатын. Тағы бір айтатыным, со жылдары ол асқан сұлу әйел еді. Бірақ, мінезі тұйықтау болып көрінген. Күйеуі жұмыстан кеш қайтатын, біз қарсыдағы айванда пысылдатып примус әзірлеп жататынын еститінбіз. Енді бір сағат өткен шамада, Мұқаң бау ішінде сейілдеп жүрер еді. Оның көзіне тағы бір рет түсіп, көңілін аударатындай ынта-ықыласымыз болмады. Және сабақтарымыз да басталып кетті. Басқа нәрсеге көңіл бөлуге мына жаңа, жауапты ісімізден қол тимеді. Бастапқы кезде кәдімгідей шаршап жүрдік. Біз бұл жерде онша көп тұрмадық. Бір күні ертеңгісін портупеялы екі кісі, (олар милицияның ба не басқа бір форма киіп келді ме – білмеймін) келіп, оны алып кетті. Айван еденінен ұшып тұрып, мен әлгі екеудің, біреуі Мұқаңның алдында, екіншісі соңында, оны бау ішімен қақпаға қарай айдап бара жатқанын көрдім. Әуезов артына бұрылып қарамай, алдына байыптай қарап, баяу басып бара жатыр екен», – деп (Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. А., 1997 жыл. 288-289 беттер) еске алды.
Мұхтар Әуезовтің түрмеге қарай «байыптай қарап, баяу басып ара жатқан күні – 1930 жылдың 17 қыркүйегі болатын. Ташкентте алдын-ала шолақ тергеуден өтіп, одан кейін Алматының түрмесiне жеткiзiлдi. 1930 жылы 8 қазан күнi ПП ОГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң КССР бойынша өкiлi Поповтың қатысуымен анкеталық өмірбаян толтырылған.
Анықтамалық анкетадан: «Осы тергеу iсi бойынша жауапқа тартылған М.Әуезов – 33 жаста, Семей округiнiң Шыңғыс болысында туған, Ташкент қаласының тұрғыны, ұлты қазақ, орта шаруа баласы, партияда жоқ, . 1922 жылға дейiн ВКП (б) мүшесi болған, Ақпан төңкерiсiне дейiн оқуда болған, Қазан төңкерiсiне дейiн оқыған және мұғалiм болған, мамандығы педагог, жоғары бiлiмдi, ұстаз – журналист, үйленген, 2 баласы бар, , жалақымен күн көредi, қазақ болғандықтанда әскерге алынбаған, бұрын тергеуге алынбаған, сотталмаған».
1930 жылы 15 қазан күні Ерекше бөлiм бастығының көмекшiсi Волоховтiң келiсiмiмен жасалған «Алдын-ала айыптау қорытындысында»:
«Қылмысты iстер кодексiнiң 58 – 11 және 59 – 3 баптарымен айыпталған М.Тынышбаев пен Досмұхамедовтардың № 2370 тергеу iсiн қарай отырып:
Әуезовтiң:
қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысып, Қазақстандағы кеңестiк науқандар мен шаралардың мазмұнын бұрмалау мақсатын көздегенi;
өкiмет мекемелерi мен ВКП(б)-ның, жерге қоныстандыру мекемелерiн, мәдени-ағарту және оқу орындарын, баспасөздi өздерiнiң ықпалына қаратып, жаулап алуға ұмтылғаны;
Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшiлiк жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенгенi;
кеңес өкiметiн құлатуды алдына мақсат етiп қойғаны – толық әшкерелендi.
Сондықтан да УПИ-дiң 128 тармағына сәйкес азамат Әуезов Мұхтарды № 2370 тергеу iсi бойынша жауапқа тартып, оған қылмыстық iстер кодексiнiң 58 – 71 және 58 – 11 баптары бойынша айып тағып, бұл туралы ОГПУ мекемелерiндегi тергеу жұмыстарын бақылайтын Прокурорды хабардар етуге қаулы қабылданды», – деп көрсетілді.
Сонымен, Мұхтардың 1918 жылы жазған өз сөзi өзiнiң басына келдi. Ол:
«Елiн сүйiп, елдiгiн iздедi. Елдiкке келген қауiпке... күйiнiп, қарсы шықты. Елдiгi аман қалуы үшiн ендi бейнетке, өлiмге, иә басқа да түрлi қазаға шыдап кетiп, тарих жүзiнде» – соны дәлелдеуi ғана қалды.
2.
1930 жылдың 8 қазан күнгi шолақ тергеудегі алғашқы сұрақтар алыстан орағытылып барып қойылса керек. Мұхтар Әуезов «тергеу ісі бойынша нақты мынаны көрсетті:
М.Әуезов: «Мен Байтұрсыновты 1918 жылдан берi бiлемiн, ал онымен етене жақын араласқаным 1921 жылы Орынборға ауысып келген соң басталды. Тынышбаевпен Ташкентке ауысып барған кезде 1922 жылдың күзiнен бастап таныспын. Халел және Жаhанша Досмұхамедовтермен де, И. Қашқынбаевпен де, А. Омаровпен де, Д.-М. Әдiлевпен де сол Ташкентте таныстым. Қандай да бiр ұйымның бар екендiгiн мен олардан естiгенiм жоқ».
М.Әуезовке айып болып тағылған бұл сұрақтың қойылуына Ә.Байділдиннің:
«Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған үндеді, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi» , – деген көрсетіндісі себепкерлік етті.
Мұхтар Әуезов өзінің шәкiртi Қайым Мұхамедқановқа мақтана айтып, түрмеде Ахмет пен Мiржақыптың, Мағжан мен Жүсiпбектiң, өзге де алаш азаматтарының әңгiмесiн емiн-еркiн тыңдап, айызы бiр қанып қалғандығы туралы меңзеген кезi де «Байтұрсыновтiң iсiнiң» тергеуi аяқталып, олар Мәскеудiң пәрменiн күтiп жатқан осы дүбара сәт болса керек. Мiне, сол кезде Ақаң өзiнiң ақылын кейiнгi ұсталғандарға айтып үлгерсе керек.
Бұдан кейін «Алқа» әдеби үйірмесі туралы сұрақ қойылса керек. Бұл үйірме туралы Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаев туралы тарауларды барынша тиянақты салыстырыла талданғандықтан да, біз тек М.Әуезовтің өзінің жеке басы мен көзқарасына қатысты әр көрстеніділерде айтылған тұстарды іріктей жинақтап, тұжырымдай ұсынамыз.
М.Әуезов (жалғасы): «Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау. 1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтың хаты маған почта арқылы келдi. Ол: партияда бар және партияда жоқ 6 - 7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақта ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ.
Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы керек көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт-бағдарынан байқалып тұрғанындай, М.Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақ та мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақ та әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап-тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс екендiгiн ескерттiм.
Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте-бiрте өшiп тынды.
Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де. Күдеринмен арадағы қарым-қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын. Мұхтар Әуезов».
Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз-ақ ақтап шығады. Тергеу iсi жаңа басталғандықтан да, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармауы әбден мүмкін. Өйткені ол өзінің 1931 жылы 20 қыркүйектегі қосымша жауабында алдыңғы тәуекелден қайтпаған.
М.Әуезов: «Сәрсенбаев Жәкеннің көрсетуіндегі «Алқа» әдеби үйірмесінің платформасы туралы Мағжан Жұмабаевқа жазған хатқа келетін болсам, оның айтқаны шындыққа жатпайды. «Алқаның» бағдарламасын және оған қоса жіберілген Жұмабаевтің хатын мен Семейде жүргенде алдым. Екеуі бір конверттің ішіне салынған. Ол туралы алдын-ала хат жазысқан емеспін. «Алқаның» бағдарламасынан заңға қарсы келетін ештеңе де байқамадым. Жұмысшылар комитетінің нұсқауымен ол хатты ВКП(б) Семей губкомының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоқжігітовке тапсырдым. «Алқаның» бағдарламасы сонда қалды. Ал Жұмабаевқа: «Алқаны» негізінен қолдаймын және әдебиетшілердің үйірмесін құру үшін қазақ жазушыларын жинап, ресми тіркеу керек – деген мағынада жауап бердім. Хаттың толық мазмұны есімде қалмапты. Мен ол бағдарламаны бар ниетіммен қолдадым. Жұмабаевтің мені неге: «Ол бағдарламады қостамады және шикі деп есептеді», - деп айтқанын түсінбедім (Зады Мұхтарды «астыртын ұйымға қатысқан» деген айыптан құтқарғысы келген болса керек. Бұл қалыпты әрі түсінікті жағдай – Т.Ж.). Ұлтшылдық көзқарас менде болды және ол менің шығармаларымда да орын алды. Мен оны жасырмаймын. Ал менің ондай көңіл-күйім астыртын ұйымның бағдарламасы бола алмайды. Университетте оқып жүрген кезімде маркстік ілімнің теоретиктерінен және өнертанушы ғалымдардан дәріс тыңдаған тұста менің әлеуметтік танымым мен өнерге, әдебиетке, оның қоғамнан алатын орнына деген көзқарасым біртіндеп өзгере берді.
«Ақ жол» газетіне менің қатысым аз, тек бір-ақ рет «Кім кінәлі» атты әңгімемді жариялады. Мен негізінен «Шолпан» журналында қызмет істедім»,– деп жауап берген.
Осы көрсетіндісіндегі:
«Мен ол бағдарламаны бар ниетіммен қолдадым. Жұмабаевтің мені неге: «Ол бағдарламады қостамады және шикі деп есептеді», – деп айтқанын түсінбедім. Ұлтшылдық көзқарас менде болды және ол менің шығармаларымда да орын алды. Мен оны жасырмаймын», – деген жауабы оның өзін шырғаға түсірді.
Мұхтардың әуелгі жіберген қатесі де осы еді. Өйткені саясатқа шыныққан қайраткер түрме тергеушісіне бұлай жауап бермейді. Өйткені Мұхтар Әуезовке қойылған тергеушiлердiң бұл сұрақтарының астары да өзгеше. Алдыңғы топ пен кейінгі топтың сұрақ-жауаптарының арасын бiр жыл төрт ай уақыт бөлiп тұр. Осы мерзiмнiң iшiнде Жүсiпбек пен Мағжанның тергеу iсi аяқталып: «Алқа» әдеби үйiрмесi – жасырын контрреволюциялық ұйым ретiнде бағаланып», сотқа берiлді. Олардың iзi суымай жатып қолға алынған ұлтшылдардың екiншi тобына ойланбастан сол «айыпты» қылмыс ретінде таңа салатын.
Мұны, кез- келген талант иесіне тән аңғал адалдық десе де болады. Мұндай «формулировканы» тергеушілер мен соттар үшін Ә.Байділдин өзінің көрсетіндісінде:
«Тағы да («Дальше»): «Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелген астыртын ұйым болатын... 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын», – деп түсінік берді.
Иә, саяси терминді жақсы білетін Ә.Байділдин «Алқа» әдеби үйірмесін – «астыртын қоғам» етіп оп-оңай өзгерте салған.
М.Әуезов (жалғасы): «Байділдиннің «Алқа» туралы берген көрсетіндісі дұрыс, әдеби үйірмені принципті түрде қолдағанымды бұрынғы түсінігімде жазған болатынмын. Мен Жұмабаевқа бір-ақ рет хат жаздым, астыртын ұйым туралы ештеңе естігемін жоқ».
Бұл көрсетіндіде мәтіндік бұлдырлық бар. М.Әуезов Ә.Байділдиннің «Алқа туралы пікірін құптайды, бірақ, астыртын ұйым туралы естімегенін айтады. Ал Ә.Байділдин мұны: «Бұл әдеби үйірмені бүркемелген астыртын ұйым болатын», – деп нақты көрсетіп тұр.
Иә, алдыңғы тарауларымызда айтқанымыздай, «Алқа» үйiрмесi мен «Табалдырық» атты бағдарламада ешқандай «жасырынбақтың» жоғы анық едi. Алайда, тергеушiлер «контрреволюциялық ұлтшыл астыртын ұйым» ретінде қылмысқа жатқызды. Істің насырға шауып бара жатқанын аңғарған М.Әуезов 1931 жылғы 29 қыркүйек күнгі жауабында:
«Жасырын құрылған астыртын ұйым-мыс деп жүрген «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң бағыт-бағдары туралы мәселе жөнiндегi менiң пiкiрiмдi сол кезде Семей облыстық партия комитетiнiң насихат және үгiт бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдастан сұрап білуiңiздi табанды түрде өтiнемiн, «Алқаның» бағдарламасын оған көрсетiппiн бе, жоқ па, оған берiппiн бе, жоқ па, соны анықтаңыздар, демек, соның өзiнен-ақ мұнда ешқандай жасырып-жабушылықтың (нелегальщинаның) жоқ екендiгi байқалады», – деп куә іздей бастайды.
Бұл тым кеш ширығу болатын. Өйткені бұл кезде:
«Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени – ағарту мекемелерiндегi және ғылыми – зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi. Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды. Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiледi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға М. Жұмабаев және айыпталушылар Даниял Ысқақов, Х.Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов пен Қошмұхамед Кемеңгеров қатысты», – деген «Айыптау қорытындысы» жазылып қойған еді.
Сөйтіп, әуелде, «Алқа» әдеби үйiрмесiне қатысып, оның «Табалдырық» атты бағдарламасын оқығаны үшiн айыпталған Мұхтар Әуезовтiң «қылмысы ауырлап», ендi кеңес өкiметiнiң экономикасына қастандық жасаған бүлiкшiл, оқу-ағарту iсiндегi шараларға кедергi келтiрген, марксшiл iлiмге қарсы үгiт-насихат жүргiзген идеологиялық дұшпан болып шыға келдi.
Тергеу барысында мұның барлығын жоққа шығарған Мұхтар Әуезов осыдан тоғыз ай кейiн жазған «Ашық хатында» жоғарыдғы пікірлерінің бәрiн терiске санап, «қатесiн мойындады». Тiптi, «Алқа» үйiрмесi туралы да мүлдем басқаша пiкiр бiлдiрдi. Ол:
«Алқаның» бағытын әдебиеттегi жаңа төңкерiсшiл бағыт деп қабылдауым да терiс едi. Анығында ол марксшылдыққа құр ғана иек сүйеп отырып, негiзiнде бұрынғы тар ұлтшылдықты қайта тереңдетiп, қайта қалыптап, қайта нығайтамын деген жол болатын. Мен оның негiзгi бағытын қаталасып барып, көтере бағалаппын. Қазiр де қазақ жазушыларының алдында тұрған төңкерiстiк мiндеттердi түсiну жолында, мен ол «Алқаның» терiс ұлтшылдық бағытынан бойлап астым. Сондықтан бұдан былай онымен ешбiр байланысым жоқ деп санаймын», – деп алдыңғы пiкiрiнен айнып кеттi.
Шығар үкiм шығып қойған соң дәл осылай бүгежектеудiң қажетi бар ма едi. Бар едi. Өйткенi, бостандыққа шығарғанменде, еркiндiк бермейтiн. Бұл «Ашық хат» аз да болса тыныс алудың амалы едi. Біз «Алқа» үйірмесі туралы деректерді жинақы беру мақсатында сәл ілгерілеп кеткенімізбен, кейін ұзақ уақыт жауапқа тартылмайды. Өйткенi, олардың қолында М.Әуезовтің астыртын ұйымға, басмашылар қозғалысына, ақ гвардияшылардың жазалау әрекеттеріне, мойынсерік пен тәргілеу науқанына, жер телімі жөніндегі айтыс-тартысқа қатысқаны қақында нақты айғақтар да жоқ едi және олардың көкейiн тескен оқиғалар өткен тұста Мұхтар Әуезов Ленинград қаласында оқуда жүрген болатын. Бұл оған түрме тергеушiлерiнiң қойған сұрақтарына жалтара жауап беруге мүмкiндiк жасады. Алайда Голощекиннiң өзi партия конференциясында Мұхтар Әуезовті «контрреволюцияшыл ұлтшыл» деп ашық жарияланғандықтан да iстi тоқтатудың ешқандайда лажы жоқ болатын. Сондықтан да өткендегi оқиғаларды қоздырып-қотарып, қашан iлiк тауып, ресми айып таққанша бiраз уақыт өттi.
Сонымен, тұтқындалғаннан кейін үш айдан кейін барып ресми түрде айыптау қорытындысымен танысып, өзіне тағылған айыптардың шындыққа сәйкес келмейтіндігін айтып, оған қарсы уәж білдіреді.
«ГПУ-дiң өкiлеттi өкiлiнiң орынбасары Ольшанскийге және Попов жолдасқа
Тұтқын Әуезов Мұхтардан Мәлімдеме
6/ХII күнгi маған көрсетiлген айыптау қорытындысына қарағанда мен 58- статьяның 7 және 11 тармақтары бойынша жауапқа тартылыппын, оның мағнасына (формулировкасына) орай менiң түсiнгенiм мынау: мен Досмұхамедов пен Тынышбаевтiң ұйымының құрамына мүше болыппын-мыс және сол ұйымның тапсырмаларын орындай жүрiп, кеңес мекемелерiндегi бұл ұйымның идеялық ықпалын күшейтуге әрекеттенiппiн, жерге қоныстандыру, баспасөз, мектеп саласы бойынша жүргiзiлген аса маңызды шараларды жүзеге асыруға тосқауыл қойыппын, мұндай мемлекеттiк жоспарлы iстiң атқарылуына мен кедергi жасаппын-мыс».
Халел және Жаһанша Досмұхамедовтің де, Мұхамеджан Тынышбаевтың да тергеушіге берген жауабында Мұхтар Әуезов «астыртын ұйымның мүшесі» ретінде аталмайды. Тек Қазақ зерттеу орталығындағы ғылыми басылымдардың авторы қатарында бір-екі рет тізім ішінде көрсетілген. Сондықтан да бұл арада тергеушілер М.Әуезовті шырғаға түсіру үшін алаш көсемдерінің есімін алға тартқан сияқты. Ал ондай қағыстырулар мен шағыстырулардың дәстүрлі тәсілге айналғанына дәлелдер жеткілікті. Х.Досмұхамедовтің тергеушіге берген мәлімдемесін еске алсақ та жеткілікті. Сондықтан да бұл арада Х.Досмұхамедов пен М.Тынышбаевтің еш қатысы жоқ. Тек тергеу ісінің тысына «М.Тынышбаевті, Х.Досмұхамедовті және басқаларды айыптау туралы №06610 іс» деп жазылған жазу ғана олардың «қылмыстарының» басын қосып тұр.
М.Әуезов (жалғасы): «Мен өзiмнiң өмiрiмде қандайда бiр мекемеде iстемейiн, бiрде-бiр рет 7-тармақтағы айыптаудан туындайтын экономика саласындағы контрреволюциялық бүлiкшiл әрекетпен айналысқан емеспiн және бұл айыптың маған қатысы бар екендiгiне ешқандайда сенбеймiн».
Иә, Мұхтар Әуезовтің өзі солай есептегенімен де оның кеңес өкіметіне қызмет істеуінің өзін «қаражүзділік» деп бағалайтын «жанашырлары» жеткілікті болатын. Оның «контрреволюциялық әрекеттері» туралы мағлұматтар жиырмасыншы жылдың басынан төтенше мекеменің тартпасына жиналып жатқан. Тергеу барысында сол деректер мен басылымдардың барлығы да қаперге алынғаны анық. Мысалы, сабырлы азамат, салмақты жазушы қатарындағы Сабыр Шариповтің өзі «Алашорданы» әшкерелеуге ерте қамданыпты. Ол өзінің 1922 жылы маусым айында «Степной правда» газетінде жарияланған «Шығыс Қазақстандағы революциялық қозғалыстың тарихы» атты мақаласында алаш қозғалысын жексұрын етіп қана көрсеткен жоқ, сонымен қатар:
«Алаштың көсемі боп тұрған кезінде, 1918 жылы шілде айында Бөкейханов «Сарыарқа» газетінде №42 санында жарияланған: кеңеске қатысы бар барлық қазақтарды тұтқындау, олардың балалары мен әйелдерін таланға салу туралы өзінің атақты №1 бұйрығын шығарды. Соның салдарынан бұрынғы қызылармияшы Жәнібеков және басқалар тұтқындалды. Комитеттің көрнекті жетекшілері Әуезов, Сәдуақасов, Байділдин және басқалар болды. Бұл комитет ресми түрде мәдени-ағарту сипатында жұмыс істеді, бірақ та олар Алашорданың саяси үйірмесінің ізбасары ретінде ұлттық рухта әрекет етті», – деп «әшкерелеп», М.Әуезовті қанды қол жазалаушы етіп шығарды.
Алаш идеясы мен «Алаш» партиясының ыстық-суығы басылмай, «әшкерелеу науқаны» басталмай тұрған өліарада С.Шәріповтің «қаламұшын бұлай асыра сілтеуінің» себептері түсініксіз. Оны осы тұстағы Н.Ежовтың Семей губерниясының Қазақстанға қосылуына қарсы белсенді әрекетімен, С.Сәдуақасовтың ол басқарып отырған губкомды таратып жіберуімен, М.Әуезовтің губкомның төрағалығына сайлануымен, Ә.Байділдиннің бұл шешімді қолдап мақала жазуымен ғана түсіндіруге болады. Сонда Сабыр Шәріповтің ұстанымы қандай болғаны? Демек, қазақ жерінің тұтастығына мойынсынбаған – деген күмән ұялайды. Ал «Алаш ісі» тергеуі барысында бұл мақала тергеушілердің қолында болғаны еш күмән тудырмайды. Және идеологиялық әшкерелеу шынайы большевик Сабыр Шариповтің тұрақты құлақ бұрауына айналған тақырыбы. Кім өзін жендет етіп көрсеткен адамды ұнатады? Жоғарыдағы мақалаға орай «шығыс алашордашыл жендет» М.Әуезовпен екеуінің арасында үлкен «қақтығыс болған». Ол Мағжан Жұмабаев пен Жұмағали Тілеулиннің Қызылжарда өткен қазақ зиялыларының кеңесінде сөйлеген сөздерін «ауырсынып», өзінің «естімегеніне» өкініп:
«Көпшілігі мәселені талқылауға дәрменсіз қазақ интеллигенциясы мен жаңадан тартылған коммунистерді қатыстырып Қазақ кеңесін өткізудің қандай қажеттігі бар? Қазақ кеңесін шақыруды кім шығарғанын білмеймін, алайда өткен жылы Орынборда бұл идеяны ұсынған «Бөкейханов бабай» дегенді естігемін», – деп Губкомға арыз жазыпты.
Осы арыздың сыртына қарындашпен:
«Бұл фракцияда емес, кеңес те емес, тек орыс тілін білмейтін қызметкерлердің жиналысы ғана. Оларды үйірмеге ертіп келген Шарипов емес қой. Мен мұны үнемі жиналыс деп атаймын. Бұл Шарипов пен Әуезовтің арасындағы қақтығыстан кейін туындап отырған жоқ па екен? Шариповтің Айбасов туралы мәлімдемесі жалған емес пе? Ондай мәселе көтерілген жоқ қой. Жиналыстың мақсаты: партияда жоқ көпшілікті тарту ма? Жұмабаевтіы да. Уәкілдің келуіне байланысты дайындалған», – деп («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 105-106 бет) бұрыштама соғылыпты.
Сол жылдары «әдетке айналған» мұндай «қызылтұмсық арызға» назар аударуымыздың себебі, бұрыштамадағы «Шарипов пен Әуезовтің арасындағы қақтығыс» деген тіркес. Арызға дейін Ақмола азық-түлік комиссиясының торағасының орынбасары, арыздан кейін Губаткомның төрағасы болып шыға келген С.Шарипов: «Бөкейханов бабай», «өресіз қазақ интеллигенті», «өте ықпалды әрі беделді ұлтшылдар Жұмабаев пен Тілеулин», «шығыс алашордашыл жендеттер», «қазақ кеңесінің өткізілуі мүлдем орынсыз, оған жол беруге болмайды» – деген тіркестерді пвартиялық тазалау тұсында тегін қолданып отырған жоқ. Өйткені бұл мәлімеииердің барлығы тексеру комиссиясына түседі, онда саяси тұрғыдан өңделіп, төтенше комитетке беріледі. Сондықтан да М.Әуезовтің «өткен қызметімнен мін табуы мүмкін емес» – дегені өзін- өзі жұбатқан алдарқату. Ал «жымсытпа арызды» жауып тастап отырған кім? Орынбордағы халық комиссариатының атынан келген уәкіл А.Кенжин. Демек арызды басып тастауға қол қойған да сол болуы мүмкін.
М.Әуезов (жалғасы): «Оның үстiне мен 1924 жылдан бастап Қазақстанда қызмет iстегемiн жоқ (1924 жылға дейiн Ленинградта тұрып оқыдым, ал 1928 жылдан бастап тұтқындалған күнiме дейiн Ташкентте тұрдым, САГУ-дiң ғылыми қызметкерi болып iстедiм)».
Бұл жауаптың «саяси астары» Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермековке қатысты тұстарда кейінірек талданады.
М.Әуезов (жалғасы): «Сондай-ақ соңғы екi жылда мұнымен қоса қазақ мектептерiнде (оқу-ағарту институтында және орман шаруашылығы техникумында) қазақ әдебиетiнiң тарихының оқытушысы ретiнде өткiзiлген дәрiстерiмдi өкiметiң ағарту саласындағы бекiтiп берген бағдарламасына қарсы жүргiздi-мiс деген айыпты да мойындамаймын, керiсiнше, қазақ әдебиетiн маркстiк әлеуметтiк тұрғыда оқытуды негiз етiп алған менiң жұмысым өзiнiң пайдасын тигiзгенiне және Қазақстанның орта мектептерiнiң әлеуметтiк бағытына сай жүргiзiлгенiне ешқандай шүбәсiз сенемiн. Бұл бағдарлама қазақ әдебиетi мен қоғамтану пәндерiнiң оқытушыларының 1930 жылы жазда өткен өлкелiк кеңесiнде бекiген болатын. Екi жылдық ұстаздық қызметiм тек осы бағдарламаның негiзiнде жүргiзiлдi, ал бұл бағдарлама марксизмге жат идеология мен қондырғылардың барлығын батыл ысырып, терiске шығарады».
Бұл тұрғыдан алғанда кеңес өкіметінің М.Әуезов туралы көзқарасы мүлдем керағар. Оған БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің бөлім мегерушісінің орынбасары Мартыненко мен хатшысы Оңғаровтың 1929 жылы 21 ақпан күні Орта Азия мемлекеттік университетінің ректорына қарата, «өте құпия» түрде М.Әузовке:
«Сіздің Голощекиннің атына жолдаған ж.Әуезовке мінездеме беру жөніндегі сұрауыңызға мынаны хабарлаймыз: Әуезов жолдас коммунистік партияның мүшесі болды, оған дейін «Алашорданың» ықпалында жүрді. Әуезов өзінің әдеби жарияланымдарында белгілі бір деңгейде буржуазиялық-ұлтшыл идеологияны ұстанды. Тек кейінгі жылдары ғана оның көзқарастарынан бұрынғы буржуазияшыл-ұлтшыл бағытынан бас тартқаны байқалды. Осыған қарап және қазақ әдеби қайраткерлерінің тапшылығын ескеріп, ж.Әуезовтің ОАМУ-дің ғылыми қызметкері болып орналасуына келісімін береді», – деп (Алашорда қозғалысы», 3 том, 22-бет) берген мінездемесі дәлел.
Яғни, Әуезовтің өз білімін өзіне несиеге берген.
М.Әуезов (жалғасы): «Баспасөз беттерiндегi мақалаларыма орай сiздiң назарыңызды мына мәселеге аударамын: Қазақтың мерзiмдi баспасөздерiндегi идеологиялық күрес пiкiр алысу (дискуссия) үрдiсiнде бiреше жыл бойы жүргiзiлдi, менi сырттай қосақтап кiргiзiп қойған әдеби топтың көзқарасын көздеп бiр де бiр мақала жазған (1922-23 жылдан кейiн) жоқпып. 1926 жылғы қаңтар айынан кейiн жарық көрген жалғыз шығармам – «Қилы заман» повесi. Алайда ол тарихи шығарма болғандықтан да, бүгiнгi күнге ешқандай қатысы жоқ. Ал соңғы жылдары басылып шыққан оқу құралдарына келетiн болсақ, мен оны қазақ мектебiнiң бастауыш кластарына көмек көрсету үшiн ғана жаздым.
Жалпы алғанда, мен өзiмнiң әдеби шығармаларымда ешқашанда контрреволюциялық арандатуға барған емеспiн, егерде алғашқы кезде жiберген идеологиялық ауытқуларым болса, онда оның қандай дәрежеде зиян әкелгендiгiн, қандай пайда келтiрiлгенiн тергеу орындары емес, өлкелiк комитеттiң тиiстi бөлiмдерi анықтауы тиiс. Сондай-ақ, жоғарыда аталған туындыларды 7-тармаққа әкеп қосақтау – шектен шықққандық деп есептеймiн».
Шындығында, мәселе, Досмұхамедов пен Тынышбаевта да, «Қилы заман» мен «Соңғы соққыда» да емес, мәселе, тергеу iсi басталмай жатып кеңес өкiметiнiң идеология қайраткерлерiнiң атынан «Правдаға» жарияланған «Ашық хатта» болатын. Бұл – алдағы уақытта жік-жікке бөлініп қайырылатын жауаптың басы ғана еді.
Тергеу арасының ұзаққа созылуы Мұхтардың ойланып жауап беруiне мүмкiндiк жасағанымен, түрменiң жағдайы оған әсер етпей қойған жоқ. Халел Досмұхамедов пен Тынышбаев туралы пiкiрiне келетiн болсақ, бiрiншiден, мұны әр тұлғаның арасында бола беретiн қарым-қатынас ретiнде қараған жөн. Екiншiден «аразбын» деу арқылы олармен ара жiгiн ашып алып отыр. Бұл – сыналған, сынақтан өткен, өзiн өзi ақтаған «түрменiң заңы». Оны
бұдан кейін берілген, сырт қауымға, тіпті осы мәселемен дендеп жиырма жыл айналысқан бізге де басында түсініксіздеу, әр қилы желеуге жетелейтін төмендегі жауаптан анық байқаймыз:
М.Әуезов (жалғасы): «Соңғы айтарым: Досмұхамедов пен Тынышбаевтiң астыртын ұйымына қатысың бар деген айыпты маған жабылған жала деп есептесе, одан мүлдем бас тартамын, басқасын былай қойғанда, мен оларды сондай бiр сүйкiмдi саяси тұлға деп ешқашанда таныған емеспiн. Тiптi қиыннан қиылысып, жолымыз тоғыса қалған күннiң өзiн де, бұл екi адамға деген менiң көзқарасымның терiстiгiне байланысты, қасақана олармен бiрге жүрмес едiм. Бұл екi адамға деген өзiмнiң бағамды мен 1926 және 1927 жылдары-ақ берiп қойғанмын. «Сұғанақ сұр» повесiм мен Абайдың өлеңдерiне жазған алғы сөзiмде бідіргемін (Бұл екi қолжазбаны сiздердiң адамдарыңыз өзге жазуларыммен қоса алып кеткен болатын)».
Міне, дәл осы арада бір гәп бар! Қос ардагерге мұндай баға лайық емес екені, әрине, түсінікті. Тағдырлы, талантты тұлға дәрежесіне көтерілсе де, тура сол жылдарғы М.Әуезовтің ұлттық күрес жолындағы беделі М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті менсінбейтін деңгейге көтеріле қойған жоқ болатын. Мұның негізгі астары мынада: А.Байтұрсыновтан бастап М.Әуезовке дейінгі тұтқындар өздерінің жақтастарын әдейі шеттетіп, «он жек көремін», «онымен аразбын», «он мойындамаймын» деп жорта жауап берген. Бұл – әріптесін қосымша айғақтан құтқарудың амалы болып табылады. Ал көркем шығармаға тән өмірлік және көркемдік шындық тұрғысынан келетін болсақ, бізді мәтқапы қалдырып, тәнті етіп жүрген «Сұғанақ сұрдың» оқиғасы Ташкент қаласында өткен, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Ж.Досмхамедов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов арасындағы бір хаттың тарихына қатысты оқиға қамтылған. Оның жай-жапсары Д.Әділев, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Ж.Досмхамедов туралы тарауларда барынша қамтылып берілген. Бұл «кішкентай кілтипанның өзі», шындығында да көркемдік шындыққа сұранып тұрған бопсалы тақырып екенін мойындаймыз. Бірақ оның тергеушілерге келімді-кетімдісі шамалы болатын.
М.Әуезов (жалғасы): «Байларды тәркiлеуге қатысты көзқарасымды бiр повесть пен орыс тiлiнде жазылған «Соңғы соққы» атты либреттомен бiлдiрдiм, онда бұған аса маңызды революциялық шара деп баға бердiм. Бұл «Соңғы соққы» деген атпен «Шығыскиноға» тапсырылды. Мұнда ешқандай өшпендiлiк жоқ, сол шараларды жүзеге асырған кездегi адамдардың шынайы iзгiлiк сезiмi суреттеледi. Әуезов. 12/ ХII – 30 ».
Соңғы жаубы өте аңғарлы, ойластырылған, үмітке жетелейтін түлкі бұлтақпен жазылған. Осы алғашқы көрсетіндінің өзінен бұл тергеудің «Ашық хатпен» аяқталатыны аңғартады. Сондай-ақ бір іске тіркелген М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовке қатысты дәлелдесулер де осы көрсетінмен тәмәмдалады. Енді сақнаға Д.Әділев пен Ә.Байділдин шықты.
Тергеу ісіне 1930 жылы 12 желтоқсан күні Мұхтар Әуезовтің өз қолымен Голощекиннің атына жазылған хаты, 1931 жылғы 20 және 28 қыркүйек күнгі қосымша жауаптарының хаттамалары, 1931 жылғы 29 қазан күнгі тергеушіге берген арызы тіркелген. Мұндағы көрсетінділердің дені ұзына мазмұны жағынан бірін-бірін қайталайды. Дегенмен де әр сөздің астарын іздесе одан қазақ ұлтының тағдыры мен руханиятына қатысты шешуші оқиғалардың сорабы аршып алуға болады. Солардың ішінен «Алқа» әдеби үйірмесіне қатысты жауаптар нақтылана қамтылған. Тергеудің негізгі бағыты Ә.Байділдиннің көрсетіндісіндегі: М.Әуезовтің Колчакқа, «Алашордаға», Ташкенттегі астыртын ұйымға, кеңес өкіметіне қарсы идеологиялық бүлдірушілік әрекеттеріне, көркем әдебиеттегі ұлтшылдық пікірді насихаттауына байланысты көрсетіндіге қақпайлана жүргізілген. Бұл – «өз заманының сұрқылтайы» (М.Әуезовтің сөзі) Ә.Байділдин мен М.Әуезовтің түрмедегі бетпе-бетсіз шарпысуы мен қарпысуы, еркіндіктегі еркін ойдың түрмедегі булығуы. Жоғарыдағы көрсетінділердің мәтінінен күндері түрмеде өтіп жатқан «күндестердің» салғыласуға пара-пар арбасуы соны аңғартады. А.Байтұрсынов пен М.Тынышбаев тобының тергеу ісін өзара ұштастыру бағытында тергеушілер Мәскеуден алдыңғы топтың ісін алдырып, ондағы көрсетінділерді кейінгі топтың мүшелерімен байланыстыруға жарты жылдан астам уақыт кеткен. Өйткені, 1930 жылдың желтоқсанынан бастап 1931 қыркүйегі аралығында айыпкерлер сұрақ-жауапқа сирек тартылған, тіпті кейбіреулері мүлдем «ескерусіз қалған». Соның бірі – Мұхтар Әуезов.
Белгісіздік қашанда адамның жанын жегідей жеп, жүйкені тоздырады. Ал түрме кiмдi де болса түршiктiредi. Сондықтан да алты ай бойы сұрақ-жауапсыз отырған Мұхтар Әуезов өз тағдыры үшін алаңдап, тергеушiлерге ресми мәлiмдеме жасауға мәжбүр болды (Мұхамеджан Тынышбаевті және басқаларды айыптау туралы №06610 іс, І том, 602-605 беттер). Бұл мәлімдеме М.Әуезовтің барлық жауаптарының жиынтығы есепті және Голощекинге жолданған хатпен мазмұндас, оның түрмеде ұстанған бағытын анық танытатын болғандықтан да, көрсетіндіге ішінара анықтамалық сыпаттағы түсінік бере отырып толық келтіреміз. Ал «түрме тарихына» қатысты қалған «идеологиялық әфсаналық салыстыруларды» өзге жауаптарға орай жүргіземіз. Сонымен, тұжырымдала баяндалған Мәлімдеменің мазмұны төмендегiдей:
«ПП ОГПУ-дiң (Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың өкiлеттi өкiлдiгiнiң – Т.Ж.) тергеу iстерi жөнiндегi прокуроры Столбов жолдасқа және ОСО-ның (ерекше тергеу бөлiмiнiң) тергеушiсi Попов жолдасқа тұтқын Әуезов Мұхтардан Мәлiмдеме:
26/Ү- 31 ж. Алматы қаласындағы өкiлеттi уәкiлдiктiң (полпредства) жанындағы түрмеде қамауда жатқаннан бергi уақыттың iшiнде сұрақ-жауап алуға мен бiр-ақ рет шақырылдым. Бұл сұрақ-жауаптың кезiнде Попов жолдас: менiң жекелеген адамдардың көрсетуi бойынша тұтқындалғанымды, менiң қандай әрекеттерiм үшiн ұсталғаным бұдан кейiнгi тергеу барысында нақты көрсетiледi, – деп мәлiмдеген едi. Ташкенттегi тергеушi де менiң қандайда бiр нақты айыбымды ашып көрсетпеген болатын. Қазақстанның 10 жылдық мерекесiне орай өткен салтанатты мәжiлiстегi Голощекин жолдастың жасалған баяндамасында келтiрiлген Байдiлдин мен Аймауытовтың куәлiгiне орай түсiнiк беруге шақыруын өтiнiп Попов жолдастың атына жазған арызым да ескерiлмей, аяқсыз қалды».
Мұндағы сілтеме жасалып отырған жайлар, «айыптау қорытындысында» қамтылған Голощекиннің салтанатты мәжілістегі баяндамасында айтылып, баспасөзге жарияланған:
«Тергеу кезінде Аймауытов: Екiншi съезд кезiнде тек қана қазақ уәкiлдерiнен тұратын кеңес шақырылғанын, оған Әуезов төрағалық жасағанын, ... онда отаршылдармен күрес туралы мәселе қаралып, ұлттық мүдденi көздейтiн шешiм қабылданғанын мойындады», – деген сөзi.
Екіншісі, Ә.Байділдин дайындаған «Правда» газетіндегі:
«Колчактың тұсында, «Алашорданың» Шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчакқа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, Кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi...», – деген әшкере пікір.
...............
М.Әуезов (жалғасы): «Байдiлдин болса осы көрсетуiнде маған қарсы ойдан шығарылған қисынсыз бiрнеше айып тағыпты. Ол бiр кезде баспасөз беттерi арқылы жылдар бойы маған заманының сұрқылтайы есебінде қарсы ашық түрде жапқан жаласы мен көкмылжың көкезу көпiрмесiн (насквозь демагогическую травлю) түрмедегi көрсетiндiлерiнде одан әрi жалғастырып отыр».
«Ашық түрде жапқан көп жаласының» біреуін ғана келтіреміз.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Бiрақ та бұл екi оқиға (Сәдуақасовтың басмашыларға қосылуы туралы ойы мен менiң мақалама байланысты жағдайлар) осы кездегi бiздiң – Әуезовтiң, Сәдуақасовтың және менiң iс-әрекеттерiмiздi толық айқындап бередi. Әуезовтiң сол кездiң өзiнде-ақ (21-жылдың қарашасы) астыртын байланысы барлығын, дәлiрек айтсақ, алашордашылардан қол үзбегендiгi және контрреволюциялық жоспары болғандығы анық едi. Сәдуақасов екі ортада теңселiп жүрдi де, алашордашыларға қарай бейiмделе бастады, ал мен азды көптi болса да партия ұйымының бағытын ұстадым».
М.Әуезов (жалғасы): «Оның әдебиет туралы мақалаларының барлығы тек қана бiр-ақ мақсатпен – партияда жоқ әдебиетшiлердiң, оның iшiнде менiң есебiмнен өзiне саяси бедел жинау үш м мiн жазылды. Ол қысылып-қымтырылмастан-ақ, менiң «Қаракөз» атты пьесамның сыйлық алуы: Сәдуақасовтың тамыр-таныстарының арқасы – деп жала жапқан болатын, шын мәнiнде бұл сыйлықты құрамында Жандосов, Майлин, тағы да басқа мүшелерi бар комиссия берiп едi. Ол өзiнiң баспасөзде жарияланған арандатуларында мен туралы сұрқылтайланғаны сондай, мен тек қана ақша үшiн жазады дегенге дейiн барды, сөйте тұра бiрде-бiр нақты деректi келтiрмейдi, әншейiн, партияда жоқ Әуезов туралы не айтса да жарасады дегендi желеу етiп, сол сыпыра жамандап, жаттанды тұжырымдар жасайды».
Театрға арналған жабық конкурста «пролетариат әдебиетінің иісі де жоқ «Қаракөз» пьесасына Бас бәйге берілді. Бұл баспасөзде шулы дау-дамай туғызды. Бұл тұстағы Ә.Байділдиннің баспасөздегі байбаламын есепке алмай-ақ, жазушы С.Сейфуллин құрастырған «Құс жолы» атты жинақтағы Жұмабай Орманбайұлының «Қаракөз» атты мақаласынан тек бәйгеге қатысты тұсынан үзінді келтірсек, мәселенің басы ашылады ғой деп ойлаймыз. «Саяси бағыты теріс, байлардың қиялы, солардың әдебиеті» болып табылатын «Қаракөзге» бәйге неге берілді?»
Ж.Орманбайұлы, («Қаракөз», «Құс жолы» жинағынан): «Пьесеге бәйге жарияланды. Бәйгенің басына комиссия сайланды. Сонда біздер шет қалаларда жатып: «Бәйгені Мұхтар, Жүсіпбектер алады», – дедік. «Комиссия оларды жақсы біледі. Оларға бәйге шапса да, шаппаса да береді. Олар бәйгеге кітап жазарда бәйгені алатын болып комиссиямен келісіп жазады; басқалар бәйгеге түсіп әуреленбесе де болады», – дедік. Осыны айтушы жолдастардың осы күні бәрі тірі, «Қызыл Қазақстан» журналында бір жолдас: «Бәйгенің қарақшысы — пролетариат үстемдігі. Кімде-кім бәйгеге түсетін болса – сол қарақшыны көз алдынан кетірмей, нысана қылып жазсын. Сонда ғана бәйгеден келеді. Ол нысананы көрмеген, білмеген жортақыларға бәйгені бермеу керек», – деді. Анығында осы жолдастыкі дұрыс еді. Бірақ жоғарыдағы сәуегейлердің пікірі де далаға кеткен жок. Өтірік болса — айтушының жаны шықсын. Бәйгеге түскен 30 кітап қаралмай қалып, Мұхтар «Қаракөзді» жаза салып, бәйгені алды. Бәйге емес, комиссияның жай бере салған ақшасын алды. «Қаракөз» басылып шықты, сахнаға қойыла бастады. Көргеннен кейін көруші жұрт: «Бәйгені «Қаракөз» алған жоқ екен, Мұхтар алған екен! Мұхтардың сүйкімділігі алған екен!», – десті. Осыны айтушылар да тірі. Әлі де айтады... Пролетариат қарақшысының басында отырғандар, «Қаракөзді» байлардың қарақшысына шауып келсе де бәйге берді. Бұл арада комиссия өте қателесті. Қателескенде әдейі қателесті. Бәйгені емес, Мұхтарды сыйлап ақша берді. «Қаракөзге» бәйге бердік дегенге ұялмаған комиссия мүшелерінің беттерінің қалыңдығын айтсаңдаршы. Болмаса – ұялмақ түгіл өліп қалатын жұмыс қой», – деп жазды.
Сол бәйгеде бірінші, екінші орын алған Мұхтардың «Қаракөзі» мен Жүсіпбектің «Шерниязынан» шоқтығы биік туынды әдебиет тарихына әзірге белгісіз.
М.Әуезов (жалғасы): «Тiптi баспасөз бетiнде маған қарсы ешқандай негiзсiзден негiзсiз шабуыл жасап, қуғындаған адамның өзi әшкереленiп, қара бет болғаннан кейiн, әрине, қиялына ерiк бередi, өзiнiң iс-әрекетiн Ақтау үшiн жалғыз-ақ жол қалғанын бiледi, ол – өзi қуғынға ұшыратқан адамдардың үстiнен жала жабу, қаралау, контрреволюционер едi-мiс, қазақ буржуазиясының көсемi еді- мiс деп кiнә тағу деп түсiнетiнi анық».
«Қарсы барлаушы» Ә.Байділдиннің бұл «тәсілі» құпия мекемеге де мәлім болыпты. Тергеушілердің Ә.Байділдинге берілген:
«Осындай міңкілшілдердің қатарына баспасөз бетінде Байтұрсынов пен Дулатовты жиі сынап жазатын сыншы Байділдинді қосуға болады. Астыртын контрреволюциялық ұйымның жетекшілерінің бірі бұл адам туралы: «…Байділдин күндіз Байтұрсыновты сынайды, ал кешке қарай Байтұрсыновтың және тағы басқа да алашордашылардың құпия жиналысына қатысады» – деп көрсетті», – деген мінездемесі соған дәлел.
М.Әуезов (жалғасы): «Маған қаратыла қолданылған мұндай теңеулердiң әдiлетсiз әрi оған мүлдем сенуге болмайтынын мен өте жақсы бiлемiн. Өйткенi мен ешқашанда контрреволюционер болғамын да жоқ, болмаймын да. Менiң идеологиялық тұрғыдан алғанда ұстамсыз жазылған шығармаларым болды, алайда контрреволюционер болатындай, кеңес құрылысын жоққа шығаратындай дәрежеде жазылған бiр де бір шығармамды ешкім атай алмайды. Ал менiң 1928 жылдан басталған оқытушылық және ғылыми-зерттеу жұмысымның негiзi толықтай қалыптасқан маркстiк көзқарасқа құрылды».
Ә.Байділдиннің ««Алашорда әдебиетшілерінің идеологиялық ықпалы» туралы» 12 парақ (24 бет) сыни пікірінен: «...1922 жылдан бастап «Алашордалшылар» көркем әдебиетке ерекше көңіл бөлді, ескі әдебиеттің үлгілері, пьесалар, өлеңдер, әңгімелер, фельетондар т.т. олардың көзқарастарын көпшілікке таратудың таптырмайтын тәсілі болды (бұл туралы толығырақ айтылған 25/ҮІІ - 1/ҮІІІ – 29 аралығындағы және 23.Х. 29 ж күнгі көрсетіндімді қараңыз). Ахмет Байтұрсынов жазушыларды бұл майданға белсене қатысуға шақырып: «Қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек», – деп үндеу тастады («Партия» (- ?) журналының 1920 жылғы №5-6 санында жарияланған «Ложка дегтя в бочке» атты мақаладан алынған қиындыны қараңыз). Сол үндеуге қосылған М.Әуезов пен Д.Ысқақов өздерінің 1923 жылғы мақалаларында («Шолпан» мен «Сана» журналдарының 1923 жылғы сандарындағы олардың сын мақалаларын қараңыз) әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғысынан түсіндірді. Аймауытов, Кемеңгеров, Сәрсенбин де 1924-1925 жылдары жазған мақалаларында («Ақжол» газетінің 1924-1925 жж. тігіндісін қараңыз) тура сол жолды ұстанды. Алашордашыл бұл жазушылар өздерінің осы мақалаларында әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғыдан талдап қана қоймай, коммунист жазушыларды (Сейфуллинді, Мұқановты...) үнемі мұқатып отырды...».
Бұл айғақтардың мақсаты мен мазмұны түсініктемесіз де түсінікті шығар деп ойлаймыз.
М.Әуезов (жалғасы): «Қандайда бiр нақты саяси қылмыс жасағаным туралы күдiк те, ол туралы жүргiзiлiп жатқан тергеу iсi де менi бұған сендiре алмайды. Менiң үстiмнен тергеу жүргiзуге тек қана Байдiлдиннiң ойдан шығарған жаласы жеткiлiктi болады деп ойламаймын. Сондай-ақ, 1921 жылғы Бүкiлқазақстандық II съездiң тұсында тек қана қазақ қызметкерлерiнiң басын қосқан мәжiлiстi өткiздi деген мен туралы айтылған Аймауытовтың сөзi де (Голощекин жолдастың жоғарыда көрсетiлген сөзiнде келтiрiлген), жауабы да шұғыл түрде анықтауды қажет етедi (Бұдан кейінгі төрт жол қарындашпен танылмайтындай етіп өшіріліп тасталған – Т.Ж.)».
Әбдірахман Байділдин «1921 жылғы Бүкiлқазақстандық II съездiң тұсында тек қана қазақ қызметкерлерiнiң басын қосқан мәжілістің» мәнісін былай түсіндіреді.
Ә.Байділдин (жалғасы): «… М. Әуезов аса маңызды мәселелердi талқылау үшiн съезге келген барлық қазақ уәкiлдерiн төтенше жиналысқа шақырып, төтенше жиналыстың қайда, қай уақытта өтетiнiн хабарлады. Уәкiлдердiң барлығы да айтылған мезгiлде жиналды. Тек Меңдешев, Мырзағалиев сияқты, тағы да басқа жауапты қызметкерлер ғана жайбарақаттық танытты. Олар арнайы шақыру жiберiлгеннен кейiн барып келдi. Жиналысты М.Әуезов ашып бас қосудың мақсатын түсiндiрдi. Ол: «Бiз жергiлiктi жерлердегi, әсiресе қазақ тұғындары арасындағы жағдайдың хал – ахуалы туралы өзара пікір алысып, соның негiзiнде жалпы шешiм қабылдау үшiн жиналдық», – дедi. Мәжiлiсте: жергiлiктi жерлердегi жағдайлар туралы мағлұмат тыңдалды. Әрбiр уәкілдіктер өздерiнiң арасынан шешендердi алға шығарды, олар жиналған жұртқа тұрған жерлерiндегi хал-ахуалды баяндады. Алғашқы мағлұматты Әуезов жария еттi. Ол Семей Губерниясындағы, оның iшiндегi қазақ ауылдарындағы жұмыстың самарқаулығына тоқталды. Қазақстанның кейбiр губернияларына төнiп келе жатқан аштық қаупi барын ескерттi. Жергiлiктi жерлердегi жағдайды күдер үздiре суреттей келiп, Әуезов: «Мұның барлығы алдымен өзiмiздiң самарқаулығымыздан, салақтығымыздан, тәжiрибе бөлiсудiң жоқтығынан, ең бастысы – отарлаушылардың кедергiсi мен бүлдiрушi әрекетiнен болып отыр», – деп тұжырым жасады».
Бұдан кейiн өзге губерниялардың хабары тыңдалды. Олардың барлығы Әуезов баяндаған жағдаймен астасып жатты. Олардың барлығы да iстiң өте нашар жүргiзiлетiндiгiн айтып шағынды. Сондықтан да өкiлдердiң сөзiнде тың пiкiрлер өте аз болды. Тек Меңдешев қана өзгеше ұсыныс енгiздi. Ол: жергiлiктi жерлердiң өкiлдерiнiң пiкiрлерiн қостаймын. Отарлаушылардың жұмыс iстеуге кедергi келтiретiнi де рас, бiрақта жергiлiктi ұлтшылдардың да тосқауылы жайында тiс жармағандарыңызды да мақұлдамаймын – дей келiп, осы мәселенi жиылыс қортындысын да атап өтудi ұсынды. Бұған кейбiреулер қарсы шықты, бiрақ та ол көпшiлiк дауыспен қабылданды. Сөйтiп, тиiстi тұжырым жасалды. Әуезов жиналысты кiрiспе сөзiнiң рухындағы сарынмен қортты».
М.Әуезов (жалғасы): «Тергеу iсiнiң аяқталып келе жатқанына қарамастан менiң тұтқындалуыма себепшi болған нақты әрекетiм туралы бiр ауыз сөз естiмеуiме, сондай-ақ түрмеде осыншама ұзақ уақыт қамауда отыруыма байланысты менi сұрақ-жауапқа шақырып, менi жазаға тартқан оқиғаның мәнiсiн көрсетуiңiздi сұраймын. Мұхтар Әуезов».
Мұхтар Әуезовтiң бұл жолғы мәлiмдемесi барынша батыл әрi сенiмдi түрде баяндалған. «Адам үш күннен кейiн көрге де үйренедi». Алғашқы кездегi көңiлдiң алабұртқаны мен алаңдауы басылып, ендi тiкелей шарпысу мен қарпысуға бекiген сыңайы танылады. Тергеушiнiң «жекелеген адамдардың көрсетуi бойынша тұтқындалғанын» меңзеуi – олардың арасына сенiмсiздiк тудырып, өзара кiнәластыруды қарастырған аярлық екендiгiн Мұхтар да түсiнген. Голощекиннiң баяндамасындағы Жүсiпбек Аймауытов арқылы «әшкереленiп шығуы» сондай айла екендiгiн де аңғарған. Берiлген жауаптар да соны растайды. Оқиғаның барысына қарай екеуi бiрiнiң атын бiрi атағаны болмаса, жастық шақтан басталған достық көңiлдерiне шiркеу түсiретiндей жаңсақ жала мен әбес сөз айтпаған. «Аймауытовтың сөзi де, жауабы да шұғыл түрде анықтауды қажет етедi», – деп уәж айту арқылы Мұхтар тергеушiлердiң бопсасының бетiн қайырып тастады. Мүмкін, қарындашпен батырыла сызылған төрт жолда ет қызуымен жазылып, іле суынған сәтте өшірілген емеуірін сөздер болған да шығар. Біз парақты күнге қаратып жазудың ізін сораптағанымызда «ұлтшылдық» деген сөздің бұлдырын аңғарып қалдық.
Мұхтар Әуезов өзінің 1931 жылғы 26 мамыр күнгі көрсетіндісінде айтылғанындай «тергеу ісі аяқталып келе жатқан жоқ», қайта екінші тыныс алып еді. Мамыр мен қыркүйек айларының аралығында «Айыптау қорытындысын» дайындау үшін тергеушілер үкімі шығарылып, Мәскеуге бекітуге кеткен «Қазақ ұлтшылдарының…» тергеу ісін алдырып, онымен толық танысып шығып, айыпталушылардың бұрын «ұмытып» кеткен, не қамтымаған жайларын қайтадан «естеріне түсіріп», тергеуді жаңа бір қырынан жүргізеді. Бұл жолғы сұрақтардың «деректері» алдыңғы істен көшірме ретінде, яғни, бұлжытпайтын айғақ есебінде алынған. Сондықтан да әр жауапқа қысқаша ғана тоқталып, сұрақ ретінде ұсынылған көрсетіндіден үзінді келтіріп, сол оқиға баяндалған бірінші кітаптағы тарауды көрсетумен ғана шектелеміз.
«1931 жылдың 20 қыркүйек күнгі айыпталушы Мұхтар Әуезовтен алынған қосымша тергеу сұрағының хаттамасы:
«Ташкентке мен 1922 жылдың желтоқсан айында келдім, сол жылдан бастап «Шолпан» журналының редакциясында қызмет істей бастадым. Мен Ташкентте өз таныстарымның ішінен «Шолпан» журналында істейтін тек Мағжан Жұмабаевті ғана кездестірдім. Бұрынғы алашордашылар туралы көпшілігі, оның ішінде Жұмабаев та теріс пікірде болды. Ал менің өз жеке басым бұрынғы алашордашылармен ешқандайда ортақ мүддем болған жоқ. Бұрынғы алашордашылар Жұмабаев екеумізді жақтырмайтын, «жазғыштар» деп кекететін».
Әрине, «Алашордамен» байланысын жоққа шығаруы заңды. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев та олар туралы дәл осылай жауап берген (екінші кітаптағы «Абылайша тіккен ақын» тарауын қараңыз)
Д.Әділев (жалғасы): «1923 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қазақ комиссиясы мен Оқу-ағарту институтына оқытушы, біраз уақыт директор болып істедім. Ұйымға қайта мүшелікке алындым. Оның жаңа құрамында Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев болды-ау деймін. Ташкентте мен оқу-ағарту комисариатының жанындағы ғылыми орталық пен қазақ ағарту институтына оқытушы боп орналастым. Онда Досмұхамедов, Әубәкір Диваев, Жұмабаев, Жандосов, Соколовский, Мұхтар Әуезов жұмыс істейтін. Мұхтар оған дейін Орталық комитеттің президум мүшесі болған» (бірінші кітаптағы «Дала қашқыны» тарауын қараңыз).
М.Әуезов (жалғасы): «Ташкентте ұйымдастырылды-мыс делінетін астыртын ұйымға мүше болуды былай қойғанда ол жөнінен мүлдем хабарсызбын, естігемін де жоқ. Мені астыртын ұйымның мүшесі болды деп көрсеткен Әділевтің көрсетіндісі мүлдем жалған. Өйткені мен ешқандай ұйымға кірген емеспін».
Бірінші кітаптың «Кәрі көсем» және «Бәйбіше – тоқал» трагедисы» тарауларында Мәскеуде тұратын, жұмыссыз болғандықтан да қаржыдан қиналып жүрген Ә.Бөкейхановқа демеу ретінде ең жақын әріптестері қаржылай көмектесуді ойластырады. Олардың бұл мақсатын тергеушілер: «Астыртын ұйымның мүшелік жарнасын жинады», – деп түсіндірген. Бұл сұрақ ату жазасына бұйырылған Х.Ғаббасовпен байланыстырыла М.Әуезовке де қойылды.
«Х.Ғаббасовқа тергеушінің берген сұрағы: Тағы кімге көмек бердіңіз?
Жауап: Әуезовке 70-80 сом аудардым. Одан қаражатқа өте қат боп жүргені туралы хат алдым. Біз 10 теңгеден жиып бердік. Одан басқа ешкімге ақша бергемін жоқ.
Сұрақ: Сіздердің араларыңызда жер мәселесі туралы сөз қозғалды ма? Жауап: Жоқ»
М.Әуезов (жалғасы): «Ленинградта оқып жүрген кезімде ескі танысым, менімен ауылдас семейлік Халел Ғаббасовқа қаражат жағынан қысылып жүргенімді ескеріп, ақшалай көмек көрсету туралы хат жазғаным рас. Оны кейін қайырып беретіндігімді де ескерттім. Бұл 1927 жылы болатын. Жаңа ғана үйленгемін, әйелім екеуміз Ленинградта тұрдық. Университеттің соңғы курсында оқитынмын. Ғаббасов маған 125 сом жіберді. Бұл менің Ғаббасовқа жеке өзімнің қайтарып беруге тиісті қарызым деп есептедім. Ұмытпасам Ғаббасов жіберген ақшаны 1928 жылдың басында алдым. Менің ол қарызымды Ғаббасовқа қайырудың реті келмеді. Студенттік жағдайда жүрген менің ақшам болмады. Ал мен Ташкентке келіп, қызмет істей бастағанда Ғаббасов тұтқынға алынды да, қарызымды қайтара алмадым. Ғаббасовтан қарызға ақша алғанда мен қайдағы бір ұйымның бар екенін, Ғаббасов ол ақшаны сол ұйымнан алғанын білгемін жоқ, бұл жөнінде ол хат та жазған жоқ, ауызша да айтпады. Егерде ол ақшаны таныстарынан жинаса, оны да маған айтқан емес. Мен өзімнің жеке танысым ретінде тек қана Ғаббасовтан ғана қарыз сұрадым, алған ақша үшін мен тек қана Ғаббасовтың өзіне қарыздармын деп ойладым».
Бұдан кейін алдыңғы ретте «Алқа» үйірмесіне байланысты Ж.Сәрсенбиннің көрсетіндісіне орай берілген жауабы келтірілген. Ташкенттегі «ақтардың «Ақ жолы» атанған басылым да назардан тыс қалмаған.
М.Әуезов (жалғасы): «Ақ жол» газетіне менің қатысым аз, тек бір-ақ рет «Кім кінәлі» атты әңгімемді жариялады. Мен негізінен «Шолпан» журналында қызмет істедім.
Бұдан кейін Мұхтар мен оның «заман сұрқылтайы» Әбдірахманның көрсетінді жүзінде, яғни, ақ қағаздың бетіндегі шарпысулары басталады. Байділдиннің «Қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымы жөніндегі іске байланысты:
«25/ҮІІ-І/ҮІІ №-1929 жыл. Мен өзімнің бір жолғы көрсетіндім арқылы сәдуақасовшылардың бүкіл тарихын толық айтып шыға алмаймын. Оған қазір қажетті жағдай жасалмай тұр, ең бастысы, керекті құжаттар қолымызда жоқ. Мен бұл арада осы ағымның бұрынғы жақтаушысы есебінде оның жалпы даму сатысының нобайын түсіремін және өзімнің есімде қалған кейбір деректерді айтып беремін. Сонымен қатар, кезінде дос-жарандарымнан естіген деректерді де пайдаланамын, әрине, ол деректердің дәлдігіне кепілдік бере алмаймын. Сәдуақасовшылдық ағымы партияға қарсы бағыт ретінде ҚАСР-нің құрылған күнінен бастап ұйымдасусыз-ақ қалыптаса бастады... 1922 жылдың басында, мен қазақ өлкелік «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып жүрген кезімде, маған алашордашыл ұлтшыл Байтұрсыновтың нағыз контрреволюциялық бағыттағы бірнеше мақаласын жариялауға тура келді. Біз ол кезде ұлтшылдардың ықпалында жүр едік. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың ықпалымен мен көптеген ұлтшылдармен байланыста болдым. Әлі есімде, 1922 жылы Орынбор қаласында ұлтшылдардың кеңесі өтті», – деп басталатын қырық, тоқсан беттік ұзақ-ұзақ «толғауларын» толықтай келтрудің еш мүмкіндігі жоқтығы түсінікті.
Тек оқырманды оқиғаның ішіне қайтадан кіргізу үшін ғана бұл үзіндіні алып отырмыз. Ал оның психологиялық желісі бірінші кітаптың «Жер жегісі», екінші кітаптың «Заманының сұрқылтайы» тарауларында жеріне жеткізіліп баяндалған. Сонымен қатар оқиғаны ретімен баяндау үшін М.Әуезовтің жауабының кейбір тұстарын Ә.Байділдиннің көрсетіндісіне қиыстырып ілгерінді-кейінді пайдаланмыз.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Х патсьезге арнап Байтұрсынов ұлт мәселесі жөнінде бағдарлама жазды. Байтұрсынов жасаған платформаның көшірмесі менің қолыма түсті, олар мұны ұлтшылдар мен коммунистердің арасына таратты. Бұл құжаттың көшірмесі өзге документтермен бірге Орал қаласында жоғалып кетті. Байтұрсынов жазған бұл платформаны маған не Сәдуақасов, не Әуезов берді. Платформаны жазған сол кездегі партия мүшесі Байтұрсынов. Маған, Байділдинге берілген жоғарыда айтылған құжатқа Сәдуақасовтың, Бөкейхановтың, Досовтың, Әшімовтің, Омаровтың және Байтұрсыновтың қолы қойылған болатын. Мендегі тура сол құжаттың көшірмесі еді. Бұл құжат партиялық ұстанымдарға қарама-қайшы келетін, ол құжат партия және кеңес құрылымында ұлттық көзқарасты жүзеге асыруға бағытталған. Кеңестердің екінші құрылтайы кезіндегі қазақ өкілдерінің алдында жасаған Әуезовтің баяндамасы осы платформаның негізіне құрылды».
М.Әуезов (жалғасы): «Партияның Х сьезіне арналып Байтұрсынов жасаған ұлтшылдардың көзқарасын білдіретін баяндама туралы ештеңе де білмеймін, Байділдин маған ешқандай мәлімет берген жоқ».
Ә.Байділдин (жалғасы): «Ташкенттен Иса Тоқтабаев пен Бариев деген біреу келді. Рысқұлов өзінің ұлт мәселесі жөніндегі тезистерін тықпалап жүргені есімде. ХІ немесе ХІІ партия сьезінің қарсаңындағы Өлкелік комитеттегі мәжілісте ол осы тезистерінің негізінде сөйледі. ІІ партконференцияда менің де сөйлегенім есімде, менің сөзімді Авдеев Рысқұловтың жылжымалы тезисі деп бағалады. Бұл тезистер басшылыққа алу үшін партия мүшелеріне таратылып берілді».
М.Әуезов (жалғасы): «Ұлттық белгісіне орай Шығыс өлкелік партия комитетін құру туралы ұсынысы жөнінде ештеңе білмеймін. Орынборда өткен өлкелік комитеттің кеңейтілген мәжілісінде Рысқұловтың сөйлеген сөзін естідім. Алайда онда Күншығыс коммунистік партиясын құру туралы мәселе көтерілген жоқ. Ол мәселе жөнінде өз басым жарыссөзге шыққамын жоқ».
Ә.Байділдин (жалғасы): «Осы кезде кәдімгі, бірақ өте мәнді оқиға болды. Ташкенттен Мәскеуге кетіп бара жатқан Н.Төреқұлов, Г.Сафаров және С. Қожановтар жолай Орынбор қаласына тоқтады. Олар 12 партсъездегі партия бағдарламасының ұлт мәселесі жөніндегі жобаға толықтыру енгізуді талқылау мақсатымен қазақтың жауапты қызметкерлерінің кеңесін өткізді. Бұл кеңеске мен қатысқаным жоқ, ол туралы мағлұматты Әуезовтен естідім ғой деймін, сонда (кеңесте) қабылданған жобаның бір данасын да сол берді, Әуезов жобаны беріп тұрып: Бұл жобаның қарарын жасауға Ахаң да, яғни Байтұрсынов та белсене қатысты, – деді. Мұның бір данасы менің қағаздарымның ішінде бар. Бұл жобаның ішінде жергілікті ұлтшылдықтың күрес мүддесін қорғайтын бірнеше бап бар еді.
М.Әуезов (жалғасы): «Ұлтшылдық туралы мәселеге келсем, оның (Байділдиннің – Т.Ж.) мені жазғыратындай ешқандай айғағы жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені оның өзі барып тұрған ұлтшыл болатын. Газетте жүргенде ұлтшылдық туралы онымен пікір алысатындай қажеттілік туған жоқ».
Ә.Байділдин (жалғасы): «Бұл мәжiлiсте талқыланған екiншi мәселе – С.Сәдуақасовтың мәлiмдемесi болды. Ол отарлаушылардың өзiнiң соңынан шам алып түскенi және облыстық бақылау комиссиясының сергелдеңге салғаны туралы мәлiмдеп, мәжiлiске қатысушылардың осы жөнiнде пiкiрлерiн бiлдiрiп, тиiстi көмек көрсетуiн өтiндi. Мәжiлiс те қолдау керек деп шешiм шығарды (Бұл жиналыстың протоколы менде сақталған едi, ГПУ тергеушiлерi алып қалды). Мiне, бүкiлқазақтық көлемдегi сәдуақасовшылдық осылай қалыптасты. Алайда осы бағыттың басты рухтандырушысы – С.Сәдуақасовты бұл шешiм де қанағаттандырмады. Қанша өрекпiгенiмен де съезден соң оның ұнжырғасы түсiп кеттi. Өйткенi ол, бұрынғыдай Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң төралқасының мүшелiгiне өтпей қалды, және жауапқа тарту әрекетi жалғаса бердi, өзiн қанағаттандыратын үлкенді-кiшiлi қызмет орыны ұсынылмады. Осының барлығы жанына батып, не iстерiн білмей теңселдi де жүрдi. Күнi бойы қабағын ашпайтын, ал кешке Әуезовтiң бөлмесiнен шықпай, онда ұзақ отыратын».
Бұл мәжілістің жай-жапсары бірінші кітаптың «Жер жегісі», екінші кітаптың «Заманының сұрқылтайы» атты таруында және осы тараудың орта тұсында талданған болатын.
М.Әуезов (жалғасы): «Қазақ қызметкерлерінің мәжілісі 1921 жылы ІІ кеңес құрылтайынан кейін өтті. Құрылтай өткен залға барлық қазақ комунистері жиналды. Семейден сайланған өкілдердің тапсыруы бойынша Сәдуақасовты ақтап алу туралы мәселе қойдым. Семейге барған кезінде губернияны Қазақстанға қосу барысында жүргізген саясаты мен көрсеткен мінезі үшін ұлтшыл ретінде айып тағылды. Бірақ оның бұл ұлтшылдығы Семей губерниясындағы отаршылдық өктемдіктің жанында жай ғана көлеңке сияқты еді, қазақ тұрғындарымен ешқашан санасып жұмыс істелген жоқ. Жиналыста отаршылдықпен күрес туралы мәселені өз басым күн тәртібіне қойғамын жоқ. Байділдин өзін партияның жолына түскен адам ретінде көрсетуге тырысқаннан бастап барлық жерде мені өзінің сыни нысанасы етіп таңдап алды. Әсіресе баспасөз бетінде қатты белсенділік көрсетті. Өзінің сөздерінде шешендікке салып, тұрпайы марксизмді жамылып, жала жабуға көшті. Ол тіпті: «Қаракөз» пьесасына силықты Сәдуақасовтың жең ұшынан жалғасуымен алды – деп те жазды. Ал нағында силық арнайы құрылған сынақ комиссияның шешімімен берілді. Мұны Байділдиннің өзі де жақсы біледі.».
Қазақстанның құрамына өтуден бас тартып, уақытты соза берген Семейдің губком мүшелерін тарқатып, төрағалық міндетті бір айдан астам уақыт бойы өзі атқарды, басқару жүйесі толықтай Қазақ өлкесінің қарамағына көшкен соң орнына Мұхтар Әуезовті қойып өзі Орынборға қайтқан болатын. Мұны кешіре алмаған «коммунист колонизаторлар» (Смағұл Сәдуақасовтың сол мәжілісте қолданған саяси термині) құрылтай кезінде қатты сынға алып, оған орталықтан арнайы нұсқау келгенше барлық жұмыстан уақытша шеттетілген болатын..
Ә.Байділдин (жалғасы): «... Соңғы күдігімді мына жағдай, “Еңбекші қазақ” газетінің №1 санын шығарған кездегі оның іс-әрекеті дәлелдей түсті. “Еңбекші қазақ” газетінің №1 санында Қазақ Төңкерісінің 4 жылдығына арналған менің бас мақалам жарияланды. Ол мақаланы мен 10 күн бойы жаздым (Ол менің өмірімдегі жазған 1-мақалам еді), онда мен өзімнің сол кездегі көңіл-күйімді жеткіздім. Онда Ұлы Қазан Төңкерісінің Ұлы маңызы, оның жеңістері, Қазақстан республикасының табыстары, Қазан Төңкерісінің төлі боп келетін Қазақстан Республикасы, оған қарсы күрескен алашордашылардың ақымықтығы, тағы да басқа жайлар туралы жазып едім. Мақаламның соңын: “Жасасын Ұлы Қазан Төңкерісі! Жасасын кеңес өкіметі! ҚССР жасасын!”, – деген сөздермен аяқтаған едім.
Менің бұл мақалам сол кезде Орынборда тұратын алашордашылардың ренішін туғызды. Олар менен дәл осындай мақаланы күтпеген тәрізді. Ол аздай, менің бұл мақалам өзімнің коммунист жолдасым, жауапты қызметкер Әуезовтің де наразылығын тудырды. Газет шыққан күні ол мені шақырып алды да жеріме жете ұрысты. Ол менен: «Неге газеттің жауапты редакторына №1 санның материалдарын көрсетпедің, неге келіспедің, өзіңнің мақалаңды алдын-ала маған неге оқытпадың, бұл мақалада сен неге Қазан Төңкерісін жөн-жосықсыз даурыға “жасасындатқансың”, “Алашорданы” жамандап нең бар еді, – деп ұрысты да, түсініктеме беруімді талап етті. Ол бұған қоса: «Бұл мақалада айтылғандардың бәрі де құр көкмылжың қызыл сөз. Егерде “Алашорданың” атына қатысты тағы да осындай пікір білдіретін болсаң, онда сені редакция алқасының мүшелігінен шығаруды талап етемін, не өзім кетемін, мұндай газетте жұмыс істей алмаймын», – деді.
Менің мақалам туралы Әуезовтен дәл осындай көзқарасты күткен жоқ едім. Керісінше, мені қолдайтын шығар, сөйтіп менің көңіліме қанат бітірер, өйткені бұл менің тұңғыш мақалам еді ғой, әрі анандай маңызды тақырыпқа арналып отыр – деп ойлағанмын. Алайда ол күткенім болмады, жоғарыда айтқанымдай, керісінше боп шықты. Сондықтан да мен шыдай алмадым да Әуезовпен ұрысып қалдым. Мені шамдандырғаны менің мақаламды жақтырмағаны емес, Қазан Төңкерісінің маңызы туралы жазғандарымды мазақтауы еді және оның ескі «Алашордашыл» көзқарасынан бас тартпағандығы, әрі «Алашорданың» көсемдерімен байланысын үзбегендігі жыныма тиді. Ол орнынан тұрды да өзін оңаша қалдыруды өтінді. Мен шығып кеттім.
Мен бұл оқиға туралы редакция алқасының мүшелері: А.Асылбековке, Алдоңғаровқа, Нұрмұхамедовке, сол кездегі обкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасарына (аты-жөнін ұмыттым, ұлты латыш болатын), айттым. Соңғы аталған адам бізді обкомға шақырып алды да, әңгімелескен соң, екеуіміздің де кінәлі екенімізді айтты. Маған: «Газет материалын Әуезовпен келіспегенім үшін айыптысың», – деді. Бұл мәселе бізді бірден татуластырып кете қоймады. Біраз уақытқа дейін бір бірімізге қырын қарап жүрдік. Мен оның келісімінсіз-ақ №2 санды шығардым. Содан кейін біздің қарым- қатынасымыз қалпына келе бастады».
М.Әуезов (жалғасы): «Мен 1921 жылдың аяғында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Бірақ орнығып істегемін жоқ. Барлық жұмысты Байділдин жүргізді. Іс жүзіндегі редактор сол болды, қызметкерлерді де өзі жұмысқа алды. Газетте сондай сұрықсыз, әдеби тұрғыдан алғанда ешқандай сын көтермейтін дүмбілез мақалалар жарияланып жатты. Онымен ешқандай да принципті әңгіме болған жоқ, мен оған газеттің техникалық тұрғыдан нашарлап кеткенін, газетті өзінің ойы таяз, мән-мағынасыз шұбалаңқы мақалаларымен толтыра беретінін сынадым. Орнығып жұмыс істемегендіктен де өзімнің редакциядағы қызметтен кететінімді мәлімдедім».
Ә.Байділдин (жалғасы): «Тоқжігітов, Орымбаев, Ыдырыс Мұстамбаев, Мұхтар Әуезов және Аймауытов алашордашылардың нұсқауы бойынша коммунист болды. Ол кандидатуралар Семейде талқыланды. Ол туралы маған Нахимжанов айтты. Қазақтардың астыртын ұйымы қазір де жұмыс істейтін болуы керек, бірақ мен олармен 1923 жылдан бастап байланысымда үздім» – деп көрсетті».
М.Әуезов (жалғасы): «Байділдиннің көрсетіндісіндегі: мен және басқалар «Алашорданың» тапсырмасымен коммунист атанды – деуі шындыққа жатпайды. Өйткені бұрынғы алашордашылардың бізге ешқандай ықпалы болған емес. Мен партияға губкомның қызметкері Кожевник пен ...дің кеңесімен және кепілдік беруімен өттім. Менің партияға өтуім соған дейін Колчакқа қарсы жүргізген астыртын жұмысыммен тікелей жалғасып жатты».
Жауабының соңында М.Әуезов кеңес өкіметіне кірімді жолды таңдаған. Сөйтіп, өзінің көрсетіндісін:
М.Әуезов (соңы): «Қалған сұрақтар бойынша бұрынғы берілген жауаптарымды мақұлдаймын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына мүше болған емеспін және ұлтшылдық бағдарлама менде болған емес. Ғылыми марксизмді және кеңес құрылысын оқығаннан кейін артта қалған елдер үшін кеңес жүйесі бірден-бір ынталы құрылым екеніне көзім жетті. Менің көзқарасым түбірімен өзгерді, педагогикалық және оқытушылық қызметім тек маркстік көзқарасқа негізделді», – деген биресми сенімхатпен аяқтайды.
Жауаптың соңына:
«Хаттама маған оқылып берілді – Әуезов. Жауап алған – Попов», – деп екі жақ та растап қол қойған.
Тергеудің бұл хаттамасы машинкаға басылған. Бұл өте сирек кездесетін жай.
Талант пен төзiмдi таразылайтын тез – түрме емес. Ол жүйкесi темiрдей қатты, ерiк-күшi мықты, парасат пайымы терең деген талай-талай тұлғалардың рухын диiрменге үгiткен қиыршықтай етiп уатып жiбергенiн бiлемiз. Осыдан кейін, арада бір апта өткен соң, 1931 жылы 28 қыркүйек күні хатталған төмендегі жауап Мұхтар Әуезовтiң өз қолымен қағазға түсiрiлмеген. Оны тергеушiлердiң бiрi жазған. Тергеу iсi аяқталып келе жатқанда және М.Әуезовтің соңғы жауабы болғандықтан да ресмилiктi сақтауды қажет деп таппаған сияқты. Жалпы осы тергеу барысында Смағұл Сәдуақасовты, Сұлтанбек Қожановты, Тұрар Рысқұловты қалайда қылмысты етiп шығаруға тырысқан есекдәмелi пиғыл аңғарылады. Әсiресе, 1921-1922 жылдағы осы үшеуiнiң әрбiр әрекетiн тәптiштеп сұрап отырған.
Мұндай сұрақ 28 қыркүйек күні Ә.Байділдиннің төмендегі көрсетіндісінің негізінде Мұхтарға арнайы қойылды.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Сол кезде Мәскеуден Ташкентке поезбен кетiп бара жатқан Рысқұлов жолдас Орынборға аялдады. Ол белсендiлердiң мәжiлiсiнде ұлт мәселесi жөнiнде баяндама жасады. Адамдар өте көп жиналды. Мәжiлiс обкомының үйiнде өттi. Бұған қазақ белсендiлерiнен басқа орыс қызметкерлерi де қатысты. Баяндамашы өзiнiң сол кездегi аян көзқарасын баян еттi. Ол: партияның ұлт мәселесi туралы бағдарламасының маңызын, мәнін айтып, содан кейiн мұны өзiнше дамытып, түсiндiрдi. Соның iшiнде Шығыс елдерiнiң компаниясын құру туралы пiкiр қозғады. Баяндамадан соң жарыссөз басталды. Рысқұлов жолдасты мақұлдап Әуезов, Нақыпжан, т.б., ал, Әйтиев, Саматов және бiр еуропалық жолдастар қарсы шықты. Мен бұл жиналыста сөйлегемін жоқ».
Оған Мұхтар:
«...Партияның шығыс бөлiмшесiн құруды көздеген мәселеден хабарсызбын, Орынбор қаласындағы Өлкелiк комитеттiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде Рысқұловтың сөйлегенiн бiлемiн, бiрақ партияның шығыстық комитетiн құру туралы мәселе көтерiлген жоқ. Жеке басыма келсем, Рысқұловтың нұсқауы бойынша сөйлеген емеспiн. Қалғандарын өзiмнiң жауабымда айтқанмын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына ешқашанда кiрген емеспiн», – деп жауап берді.
Зады бұл екi жылға созылған тергеудiң соңғы сұрақ-жауабы болса керек. Өйткенi әлгi жазудың астына:
«Протоколдi оқып шықтым. Мұхтар Әуезов»,
«1931 жылдың 28 қыркүйегi күнi тергеудiң аяқталғаны туралы маған хабарлады. Мұхтар Әуезов», – деп қолын қойыпты.
3.
Араға бір ай өткен соң, яғни, 29 қазан күні Ерекше Мемлекеттiк саяси басқарманың тергеушiсi, сол баяғы ерекше өкiлеттi өкiл В.Попов мүлдем басқа мағынадағы жаңа айыптау қортындысын Мұхтар Әуезовке таныстырды. Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедовтер бастатқан, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров қостатқан 20 адамның әскери өнерден аулақ, оларға мұндай жаланы жабу мүмкiн емес екенiне көзi жеткен «ерекше өкiлдер» тергеу саясатын өзгерткені байқалды. Сөйтiп, жазалау идеологиясының түпкi пиғылын ашатын, тұлғаны құртуға арналған айып тағылыпы. Ұлтшыл – қылмыскер, халық жауы ретінде істері қайта қаралып, баптары өзгертіліпті. Енді бұл іс – «Алашорда» мен ұлтшыл-контрреволюциялық ұйымның құрамында болған және соған қатысқан қазақ ұлтшылдарының iсi» – деп аталыпы. Тiзiмнiң он екiншi кезегiнде тұрған Мұхтар Әуезовке:
«34 жаста, қазақ, партияда жоқ, астыртын контрреволюциялық ұйымның тапсырмасымен 1922 жылға дейiн ВКП (б)-ның мүшесi болған, жоғары бiлiмi бар, ұстаз – журналист, үйленген, семьясында үш адам бар. Ол:
-
Контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысып, оның мүшесi бола жүрiп ұйымның тапсырмасымен ВКП(б)-ның мүшелiгiне өткендiгi үшiн; Бөкейхановтың, Омаровтың, Әшiмнiң (?), Сәдуақасов пен Досовтың дайындаған бағдарламасының (платформасының) негiзiнде 12 партсъездiң ұлт мәселесi жөнiндегi қарарларын отаршылдықпен күресу деген желеумен ұлтшылдық бағытын жүргiзгенi және оны заңдастыру үшiн Орынборда өткен бүкiл Қазақстандық 2 съезiнде тек қана қазақ делегаттарын жиып алып, мәжiлiс өткiзгенi үшiн; «Алқа» атты астыртын ұлттық - әдеби үйiрменiң бағыт-бағдарын жасауға белсене араласқаны үшiн;
-
(Астыртын) ұйымның мүшелiгiнде бола тұрып, кеңестiк мемлекет мекемелерiне сол ұйымның мүшелерiн тықпалағаны үшiн және солардың ықпалындағы қызметкерлердi пайдалау арқылы кеңес аппаратының бағытын өзгертiп, контрреволюциялық ұйымның талап-тiлегiн қанағаттандыру мақсатын көздегенi үшiн;
№ 2370 iстiң – 140, 311, 28, 146, 159, 206 және 378; № 5411784 iстiң (А. Байтұсыновтардың тергеуi – авт.) 4 томындағы – 28, 106 және 134; I «а» томындағы – 112 және 366; I томдағы – 29, 93, 94, 189, 251, 255, 350, 352, 400, 401, 404 беттердегi куәлiк бойынша – қылмысты iстер кодексiнiң 58-7-10-11 баптарымен айыпталды.
ОГПУ-дiң 1924 жылы № 172 бұйрығы бойынша бұл iс соттан тыс қаралуы үшiн ОГПУ-дiң коллегиясының жанындағы Ерекше Кеңестiң қарамағына жiберiлуге тиіс.
Ескерту: Осы iс бойынша тұтқындалғандардың барлығы да Алматы қаласында қамауда отыр және ОГПУ-дiң коллегиясының қарамағына табыс етiлдi», – деген айып тағылыпы.
Әрине, мұнда айтылған «қылмыстарды» Мұхтар Әуезов мойындамады. Дегенмен де, бұл айыптау – Мұхтар Әуезовтiң қайраткерлiк iс-әрекетiне, атқарған қызметi мен жазған шығармаларының нысанасына қабысатын. Республикалық ОГПУ-дiң Ерекше бөлiмiнiң бастығы Хворостян мен тергеу барысында жай өкiлдiктен өкiлеттi өкiлдiкке көтерiлген тергеушi В. Попов бұл iске ерекше саяси мән берiп, оны Ерекше Кеңестiң қарауына жiбердi. Бұл – әйгiлi аты шықпағыр «үштiктiң» өзi болатын. Олардың үкiмiн сот та бұза алмайтын. Тек қана қаралау мен ату үшiн ғана құрылған мұндай жазалау «кеңесi» кеңес өкiметiнде ғана болды. Ол, соғыс жағдайында қолданылатын әскери соттың азаматтық мекемелердегi көшiрмесi едi. «Айыптауға» қол қойған прокурор – қазақ. Бiрақ оның қолын ажыратудың сәтi түспедi. Сөйтiп, жазушы, ғалым Мұхтар Әуезов мемлекетке аса қауiп төндiрген саяси қылмыскер болып шыға келдi.
Тергеушілердің жинақтаған айғақтары негізінен, бірінші кітапта көрсетілгеніндей:
«Ұлтшыл коммунистер мен партияда жоқ ұлтшылдардың:
«ақгвардияшыл казактармен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескен тұсындағы мәліметтер,
кейiннен контрреволюциялық армия мен үкiметке кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған кезіндегі мағлұматтар;
1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
Қазақстан кеңес қызметкерлерiнiң Орынбор қаласында өткен ІІ – съезiнде жеке өткізген «Отарлаушылардың шабуылы және онымен күресудiң әдiс-тәсiлдерi» туралы мәжiлiсінің мәжіліс хаты;
партияның 12 – съезiн өз мүдделерiн жүзеге асыру үшiн Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов қол қойған «Ұлттық-мәдени автономияны» талап еткен Үндеудің мәтіндері;
айыпталушы Әуезов Мұхтардың осы үндеудегi бағыт-бағдарды қолдай отырып, Қазақстанның партия және кеңес мекемелерiндегi отарлаушылық пиғылдармен күреске шақырған сөзінің мазмұны;
астыртын ұйымның мүшесi Сәдуақасовқа айыпталушы Әуезовтің оған Ташкентке барып, содан әрi қарай Ферғанадағы басмашыларға өтіп кетуді ұсынуының жай-жапсары туралы тыңшылық ақпараттар;
астыртын ұйымның мүшелерінің кеңес аппаратының бағытын өзгертiп, контрреволюциялық ұйымның талап-тiлегiн қанағаттандыру мақсатын көздеген құжаттар» – еді.
Мұхтар бұл «сұрқылтайлармен» бір жыл түрменiң дәмін татып, тұтқын есебiнде тәжiрибе жинақтап, өзiне тағылатын айыптар анықталып, тергеушiлерге жонын алдырмайтындай дәрежеге жетiп, ысылған кезiнде танысып отыр. Қайталауларға ұрынатынымызға қарамастан, біз Мұхтардың жеке басына қатысты тағылған айып пен оның көзқарас арнасынан хабардар ететін көрсетінделерді іріктей ықшамдап ұсынамыз.
«О.Г.П.У.-дiң коллегиясына қазақ ұлтшылдарының қылмысты iсi бойынша тұтқынға алынған Мұхтар Әуезовтiң мәлімдемесі
«Айыптау статьялары қайтадан өзгертiлiп (переквалификация статей) көрсетiлген соңғы жолғы маған тағылған кiнә бойынша, мен: 1) ұлтшыл Байтұрсынов пен Бөкейхановтың, тiкелей нұсқауымен кеңес мекемелерi арқылы аты аталған адамдар жетекшiлiк ететiн контрреволюциялық астыртын ұйымның тапсырмасын жүзеге асыру үшiн қаскүнемдiк мақсатпен ВКП(б)-ның қатарына өтiппiн».
Әлкей Марғұлан:
Достарыңызбен бөлісу: |