Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Мемелекеттік қауіпсіздік комитеті. Архив. № 124 іс. 22 том. 7 томнан тұрады. «Елдес Омаровты және т.б. айыптау ісі. 1929 жылы қаңтар айында басталды



бет6/13
Дата15.06.2016
өлшемі0.98 Mb.
#137669
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Мемелекеттік қауіпсіздік комитеті. Архив. № 124 іс. 22 том. 7 томнан тұрады. «Елдес Омаровты және т.б. айыптау ісі. 1929 жылы қаңтар айында басталды.

Бұл томға негізінен Дінмұхамед Әділевті тұтқындағаннан 3 ай бұрын, 1927 жылы 13 қазанда жауапқа тартылып, қайта босатылған Елдес Омаров пен 15 қазанда ұсталған Халел Ғаббасовтың тергеу ісіндегі жауаптары тіркеп, бір-біріне ешқандай қатысы жоқ жайларды өзара байланыстырып (мысалы, Бетпақдаладағы, Торғайдағы, Шыңғыстаудағы), «Алашордашылар көтеріліс ұйымдастыру үшін қырға астыртын өз адамдарын жіберген, сондай-ақ ағылшын империясымен және сол кезде Парижде, Германияда тұратын Валидовпен, Шоқаевпен байланыс жасау үшін шет елге оқуға (Бірімжановты, Битілеуовті, Мұңайтпасовты) жіберген деген), «Алашорда» қайраткерлерін жаппай тұтқынға алып, түрмеге қамаған.

«Қылмысты iске» «жаңа куәгерлер» тартып, оларға бөлек iс қағазын толтырды. «Қосымша қосылған» бұл адамдар кiм едi және Байтұрсыновтың соңынан шырақ алып түсiп, қалайда айыпкер, экстремист, контреволюционер етiп көрсетуге тырысулары қалай? Осы жетпіс екі адамның басын бiрiктiретiндей ортақ мүдделерi болды ма? Соны айғақтайтындай дәлелдi себеп бар ма?

Бар.

Ол – бұл адамдардың «Алашордаға» қатысты ортақ өмiрбаяны едi. ОГПУ-дiң де, Голощекиннiң де көздеген түпкi нысанасы және барынша әшекерелеуге тырысқан қылмысы сол тұс болатын. Өйткенi «ұлтшыл», «пантюркист», «контреволюционер» деген ұғымды саяси – идеологиялық сахнада «ойнату» үшiн әуелi оны «тiрiлту» қажет-тiн.

Алдын-ала ескерте кетеріміз: сот барысындағы отарлау тарихы, ел, жер, конфискация, ашаршылық, әдебиет пен мәдени руханият туралы алаш қайраткерлерінің тергеу кезіндегі пікірлер мен сұрақ-жауаптар арнайы бөлімдерде тақырып бойынша жеке-жеке кең ауқымда талданатын болғандықтан да, бұл бөлімде тек әр азаматтың түрмеге жабылуына себепкер болған іліктес жайларды, яғни, таза тергеу тарихын ғана қамтимыз. Сонымен қатар Заки Валидов пен «Қараноғай ісіне» қатысты сұрақ-жауаптарды ыңғайластыра желіге тарттық.


Бірімжанов Ғазымбек— 1896 жылы Қостанай округнің Торғай ауданында туған. Жоғары білімді мал дәрігері. Мемлекеттік сауда басқармасында, істеген. Заңгер Ахмет Бірімжановтың інісі. Ғ.Бірімжанов өзімен бірге суретке түскен алдыңғы беттерде іске тартылған барлық айыпталушыларға қойылған сұрақтарға бір сыдырғы жауап бере келіп, өзінің Германияда оқыған кезінде Берлинда саяси баспана іздеп жүрген Заки Валидовпен кездескенін, оның СССР-дегі «Алашорда» мүшелеріне ешқандай жасырын хат табыс етпегенін айтады

«Азамат Бірімжанов Ғазымбектің қосымша жауабы. 27 наурыз, 1929 жыл.

...Мен (шет елде жүргенде – авт.) шет елдерде шығатын газеттердің ешқайсысымен де жұмыс істескем жоқ, оның ішінде “Татарстан кизелімен” де байланыс жасамадым. “Ени Түркістан” журналын жаздырып алғам жоқ, оның кейбір сандарын ғана көрдім, оқуға талаптанып едім, маған түсініксіз болды, өйткені мен түрік тілін білмейтін едім. Сондықтанда “Ени Түркістан” журналының 10 данасын жаздырып алды дегенді жоққа шығарамын. Ол журнал туралы Валидовпен сөйлескеміз жоқ».

Бұдан кейі тергеушілер Ғ.Бірімжанов пен З.Валидовтің 1922 жылы Ташкентте кездескенін көргені туралы К.Жәленовтің ақпарын растату үшін екеуін өзара беттестірген.



«Ғ.Бірімжанов пен Жәленов Кәрімнің беттескеніндегі сұрақ жауаптың хаттамасы, 29 наурыз 1929 жыл.

Сұрақ: (Жәленовке) - Ташкентте жасырып жүрген Валидиді Сіздің пәтеріңізге Бірімжановтың алып келгені рас па, ондай жағдай болды ма?

Жауап: - 1922 жылдың жазында күндіз Бірімжанов Ғазымбек институтқа Валидимен бірге келді де маған: міне, Валидов деген кісі осы, бұл адам партияның Орталық комитетіне кіру үшін келді, ол туралы өтінішін де тапсырып қойды- деді. Мұны Валидов та растады, содан соң: жауап алғанша бір-екі күн жасырынып жүру керек боп тұр, сондықтан да институттың саяжайында паналай тұруға мүмкіндік бер – деп өтінді. Мен оған келісімімді бердім».

Сұрақ: (Бірімжановқа) - Онадай жағдай болды ма?

Жауап: - Ондай жағдай болған жоқ.

Сұрақ: - Сіз бен Жәленовтің арасында бас араздықтарыңыз жоқ па?

Жауап: - Жоқ, араздығымыз жоқ. Мен өзім үшін жауап беремін.

Сұраған – Саенко.
Сонда қайсының жауабы дұрыс? К.Жәленов алдыңғы көрсетіндісінде З.Валидовты саяжайдағы үйіне паналатқаны жөнінде ешқандай мағлұмат берген жоқ болатын. Тергеуде қасарыса жауаптасқан адамның бірі де осы Кәрім Жәленов. Бұл мәселенің байыбы кейінгі жауаптарда нақтылана түседі.

Топты суретте бейнеленген адамның бірі Юсупов Ахметсафа — 1894 жылы Қостанай округінің Бақбаққара ауданында туған. «Еңбекші қазақ» газетінің әдеби қызметкері. Тергелушілер де, сыпаттама берушілер де, естелік айтушылар да жақсы баға берген бұл адамның тарихы жұмбақ. А. Юсупов — М.Дулатовтың бажасы. Жақсы араласқан. Ж.Аймауытовпен бірге Торғайдағы аштарға мал айдап барып, сонымен қоса жауапқа тартылған. Үш-төрт жыл жазаға да кесілген. Бір түсініксіз тұсы, А. Юсуповке «НКВД-ның жасырын тыңшысы: дер кезінде хабар бермегені үшін ату жазасына кесілді» деген үкім шығарылған және ол үкім орындалған. Біз, анық деректі білмегендіктен де, А. Юсуповты ақтаудан да, қаралаудан да аулақпыз. Анығы: тергеу барысында ол ешбір куәгердің көрсетіндісін мақұлдамаған жаңа айғақ та бермеген. Яғни, мұның өзі де жоғарыдағы айыптың жалғандығына саяды. Әйпесе осынша «қылмысты» біле тұрып, «тыңшылық міндетін» орындамауы мүмкін емес сияқты.



«Азамат Юсупов Ахмет-сафаның берген қосымша жауабы. І көкек. 1929 жыл.

1925 жылы Әлихан Бөкейханов профессор Швецовты ертіп Қызылорда қаласына келгенде мен Қызылордада болатынмын, Әлиханмен жүздестім. Ол бұрыннан жақсы таныс менің әйеліме сәлем беру үшін біздің пәтерге келді. Оның келуінің басты себебі – Қазақстандағы жер бөлісіне қатысты кесімді жер мөлшерінің көлемін анықтау еді. Кімнен естігенім есімде жоқ, әйтеуір сол кезде: ҚССР-дің жер жөніндегі халық комиссариаты қазақ қызметкерлерінің кеңейтілген мәжілісін шақырыпты – деп естідім. Бұл кеңеске кім қатысты және онда қандай мәселе көтерілді – онысын білмеймін және ол туралы естігемін де жоқ. Ол жөнінде Бөкейханов маған ештеңе айтпады... Біреулерден: өзге де қазақ қызметкерлерімен бірге Бөкейханов Байтұрсыновтың үйінде қонақта болды – деп естідім, бірақта нақты кімдердің болғанын айта алмаймын, себебі, ол қонақта мен болғамын жоқ”.
Құлмұратов Тәжібай – 38 жаста. Қызылорда округінің Тереңөзек ауданының №1 ауылының қазағы. Үйленген. Партияда жоқ. Кешірімге байланысты түрмеден босатылған. Бұл – Д.Әділевтің көрсетіндісі бойынша оның түрмеде жатқан ағасы Байсейіт Әділевтің қашып шығуына көмектесті делінген адам. Оның айтуынша: Байсейітке түрмеден қашу туралы ақылқоспаған. Жазығы – оның қашуына қол ұшын бергендігі екен. Ол үшін бір құлынды бие алыпты. Көрсетіндісінің соңын:

Кәрібаев Нұрлан Қызылорда қаласында кіммен кездесті, ол жағын білмеймін. Мен Дулатовтың үйінде Нұрлан Кәрібаевпен бір-ақ рет, 1927 жылы Байсейіт беріп жіберген құлынды биені әкеп берген жолы ғана бірге болдым. Біз бірге бардық, Нұрлан: Байсейіттің тапсырмасы бар еді – деді, қандай тапсырма екенін ол маған айтқан жоқ. Біз келген кезде Дулатовтың үйінде қонақтар бар екен, мен ауыз үйде қалдым да Нұрлан ішкі үйге кіріп кетті, іле кері шықты да маған: Дулатов ертең таңертең кел деп айтты- деді. Есполовты тіпті көргемін де жоқ. Бұдан басқа ештеңе де айта алмаймын, хаттама маған оқылды...”-деп аяқтаған.



Әй, қазақ-ай! Жылқы десе – басын да бәйгеге тігіп жібереді- ау! Тәжібайда одан үлкен «саяси мақсат та» жоқ шығар. Міржақып Дулатовқа Нұрлан Кәрібаевтің жолыққанын айту арқылы «контрреволюциялық астыртын құпия ұйымның Голощекинді қастандықпен өлтіру және қырда көтеріліс ұйымдастыру туралы жоспарын талқылап, Д.Әділевке тиісті нұсқау бергенін» растағаны Т.Қалмұратовтың қаперіне де кірмеген.

«Жәленов Кәрім мен Әділов Дінмұхамедтің беттесуіндегі сұрақ – жауаптың хаттамасы.

27 мамыр (май) 1929 жыл.

Жәленовке сұрақ: Әділов Дінмұхамедпен қай уақыттан бері таныссыз?

Жауап: 1921 жылдың жазында Әділов Ташкент қаласында тұрды ма, жоқ па, мен білмеймін. Тек, 1921 жылдың күзінде, не қысында мен осы Ташкент қаласындағы Қазақ институтында көргенім есімде. Ол институтқа алба-жұлба боп келді, келді де киюге киім сұрады. Оған кім костюм алып берді, қазір есімде жоқ, алайда Д.Әділев оқушылармен бірге тұрдай-ау деймін. Келесі күні Әділев: өзінің Ферғанадан келгенін, Жанұзақовтың басмашыларының арасында болғанын айтты. Бір қышлақта бандылардың үстінен қызыл әскерлер түсіп қалыпты да Әділев ол жерден қашып құтылыпты да осында әзер жетіпті. Оның өзінің айтуы бойынша ол Жанұзақовқа жолығуға барыпты, бірақ не үшін барғанын айтса да қазір ұмытып қалыппын.

Осыдан кейін мен Қожановқа бардым да Әділевтің маған айтып бергенінің бәрін оған мағлұмдадым: Қожанов: Әділев өте қабілеттті қызметкер, бірақ та ол жас, сондықтан да бір нәрсеге ұрынып қалуы мүмкін. Оны институтқа оқытушы ғып орналастырып қойып, бақылап жүру керек” – деді.

Жәленовке сұрақ: - 1921 /?/ жылы көктем айында Әділев Ташкент қаласына келгенде оның Бұқараға бара жатып жолай аялдағанын білдіңіз бе, жоқ па?

Жауап: Әділов өзінің Бұқараға барғанын елдің бәріне айтып жүрді.

Жәленовке сұрақ: Мүмкін сіз Әділевтің басмашыларға қалай тап болғанын есіңізге түсірерсіз?

Жауап: Ондай әңгіме есімде жоқ.

Тағы да соған сұрақ: Ташкенттегі қазақ қызметкерлерінің бір тобы қатысып, Валидовтың кеңес өкіметіне деген көзқарасына байланысты мәселені талқылаған және астыртын ұйым құру жөнінде ұсыныс жасалған мәжіліс өтті ме, жоқ па?

Жауап: Менің қатысуыммен ондай мәжіліс болған жоқ. Ал мен жоқ жерде ондай жиналыс өтті ме – одан да хабарым жоқ».
Жалпы осы екінші томның соңына дейінгі көрсетінділер мен бетпе-бет жауаптасу кезіндегі айғақтарды салыстырсақ, Д.Әділевтің Бұқараға барғаны расталады. Мәселе: астыртын ұйымның қандай тапсырмасымен барды немесе битілеуовшілеп «жер көргісі келіп» тағы да «партизаншылап» кетті ме, нақты шындық осында. Тергеудегі айғақтамаларға жүгінсек, Д.Әділевке ешкімде ондай өкілдік бермеген.

ІІІ том: “Омаров Елдес Омарұлы және басқалар туралы іс”.
Тергеудің бұл томы Ахмет Байтұрсыновтың анкетасымен ашылған. Ол 1928 жылдың 5 қазанында Алматыға көшіп келіп, КазПИ-де сабақ берді. 1929 жылдың 2 маусымында Қызылорда қаласында өтетін әдебиетшілер мен тілшілердің жиналысына шақырылады да, сол жерде қамауға алынып, қайтадан Алматының түрмесіне жөнелтіледі.

Байтұрсынов Ахмет 1870 (нағында 1873 ж. - авт.) Қостанай облысының Торғай ауданында туған. Партияда жоқ. Арнайы орта білімді. КазПИ-дің оқытушысы. 1921 жылы Орынбор қаласында контрреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистік ұйымдардың басшысы Валидовпен байланыс жасағаны үшін, қылмыскер деп табылды. Сондай-ақ 1927 жылы далада (?) қарулы көтерілісті дайындау туралы мәселені талқылауға қатысты. Сол үшін РСФСР қылмысты істер кодексінің 58 статьясының 2, 4 және 11 тармақтарына сәйкес жасаған қылмысы бойынша жазаға тартылды.


«Байтұрсынов Ахметтің тергеудегі қосымша жауабы.

18/ҮІ-29 жыл.

Менің әдеби шығармаларымның ішінен самодержавие тұсында басылып шыққандары: Крыловтың мысалдарының аудармасы және “Маса” деген атпен шыққан өзімнің төл өлеңдерім мен аудармалардың жинағы. Кеңес өкіметі тұсында мен әдеби іспен айналысқамын жоқ. Көркем шығарма туралы мәселеге келетін болсақ, мен көркем дүниенің құндылығын оның қандай идеяны негізге алғандығымен емес, адамның жандүниесіне, сезіміне қалай әсер етуіне байланысты бағалануы керек – деген көзқарасты жақтаймын.

Қазақстандағы әдеби ағымдармен таныспын, бірақта олардың ешқайсысына да іштартпаймын, себебі мен үшін әдеби бағыттардың қайсысы: пролетарлық немесе ұлтшылдық сарын әдебиетте басымдық танытса да, бәрібір. Оқу орындарындағы жастарды тәрбиелеу жолындағы ұстаздықтәлімім және әдебиет жөніндегі дәрістер жоғарыдағы айтқан пікірімнің негізінде жүргізілген. Ал Орынбор мен Қызылорда қаласындағы Қазақ ағарту институтындағы дәріс берген “Мәдениет тарихы” пәнінің бағытына келетін болсақ, онда мен өзімнің негізгі арнамды – адамзаттың дамуының қозғаушы күші мен қуаты – ғылым мен техника деген пікірді жетекшілікке алдым.

Бірде, 1927 жылы Қызылорданың Қазақ халық ағарту институтында тарих пәнінен дәріс оқып тұрған кезімде маған: болашақта өкімет бола ма? – деген сұрақ қойылды. Бұл сұрақ, мемлекет билігі туралы оқылған дәрістерден: адам баласы барлық заманда да биліксіз өмір сүрмеген – деген сөзден туындады.

Мен ол сауалға: ғылым – тәжірибеге негізделеді, ал өткеннің тәжірибесіне жүгінсек – адамзат биліксіз өмір сүріп көрмепті. Сондықтан да, тәжірибеден өткізіп алмай, болашақта өкімет билігі бола ма, жоқ па, оған ғылыми тұрғыдан баға беруге болмайды - деп жауап бердім.

Егер де ұмытып қалмасам, менің жауабым сонымен тәмәмдалған сияқты болатын. Ал социалистік құрылыстың даму болашағы мен содан келіп туындайтын мемлекеттік биліктің тағдыры жөніндегі сұрақтар маған берілген емес.

Қазақ әдебиетінің ағымдары туралы мәселені мен ешкіммен де бірігіп талдағам жоқ. Оның ішінде, Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби плотформаны Бөкейхановпен бірігіп оқыған емеспін. Қалай болған күннің өзінде де, мен Мәскеуге барған кезімде Мағжан Жұмабевті Бөкейхановтың пәтерінен көрмегенім анық, сондай-ақ Жұмабаевтің де пәтерінде болғамын жоқ.

Нақтысын айта алмаймын, бірақ Жұмабаев пен Бөкейханов мен орналасқан жатаханаға (ол РСФСР- дің Халық ағарту комисариатының Мәскеудегі жатаханасы болатын, 1924 жылы күзде мен өлкетанушылардың құрылтайына қатысу үшін барғамын) келді ме, әлде бәрімізде өлкетанушылардың құрылтайының мәжілісінде кездестік пе, әйтеуір, бір жүздескенім рас. Сондай-ақ, “Табалдырық” әдеби үйірмесінің бағдарын оқығаным да есімде жоқ. Әрине, әдеби шығармаларды оқыған болармыз, алайда ешқандай қолжазбаның болғаны жадымда сақталмапты, ал Сәрсембиннің газетте жарияланған мақаласы есімде. Мен Мәскеуде болған кезімде оны Жұмабевпен бірге көріп қалғаным бар.

Орынбор қаласында тұрғанда Сәрсембин менің үйіме келген емес. Әйтеуір менің жадымда қалмапты. Тіпті, өлкетанушылардың құрылтайынан кейін мен соның өзін көрдім бе, жоқпа па, білмеймін.

Жұмабаевтің әдеби бағдарын (платформасын) талқылауға арналып Алдоңғаровтың үйіндегі мәжілістің өткендігінен бейхабармын, тіпті, Алдоңғаровтың үйіне бір рет бас сұққан емеспін.

Шоқаевқа қатысты білетінім: оның Парижде тұратындығы ғана. Тек 1924 жылы Парижде өткен дүниежүзілік өнер көрмесіне барған қазақ әншісі Әміре Қашаубаев ол жақтан қайтып келген соң Шоқаевті көргенін айтқан болатын. Бұдан басқа ол туралы ештеңе де айтқан жоқ, мен одан сұрағаным жоқ. Бұл сөзді Әміре менің үйіме әдейі келіп айтты ма, жоқ, көшеде кездейсоқ кездесіп қалғанда айтты ма, ол жағы есімде қалмапты.

Менің берген жауабым өзіме оқылды, менің айтқан сөздерім дұрыс түсірілген, сол үшін қол қоямын. – А. Байтұрсынов. Сұраған – Саенко.
Әңгіме тек “Табалдырық” әдеби үйірмесі туралы өрбіген. Бұл туралы арнайы бөлімде жеке талдау жасалатындықтан да түсініктеме беріп жатпаймыз. Қашан тергеу аяқталғанша Ақаң – Ахмет Байтұрсынов өзі ұстанған бағытынан танбаған. Ол кісінің берген жауабына орай бірде – бір көлденең сұрақ өзгелерге қойылмаған. Қолтаңбасы сондай әдемі. Алдыңғы томдарда айыптау көрсетінділері М.Дулатовқа қарай бағытталса, ендігі сұрақ-жауаптың дені А.Байтұрсыновтың төңірегіне топтастырылған. Соған орай бұрын жауап беріп кеткен Елдес Омаров та қайта сұралған. Тергеу хаттамасында суреті сақталған. Шашы қысқа, шоқша сақалды, мұрты басылған, жұқа өңді, қабағы түйілген, арық кісісі екен. Сұрақ 1929 жылы 20 маусымда алынған. Ол жауапта : Колчак үкіметі құлаған соң 40 адамның Атбасарға барғаны, одан Семейге келгені айтылады да, әрі қарай мынаны баяндайды.

... Ол адамдардың біразы кейіннен Семейге бет алды. Мен Танашев Сәбір мен Қалидқан және Қадырбаевтің әйелі бәріміз кері қайттық. Мен және Танашев Қалидқан екеуіміз Жангелдинге кешірім сұрап бардық. Ол бізді Орынбордағы Қазақ төңкеріс комитетіне жіберді. Орынборға бармас бұрын мен өзімнің ауылыма келіп, онда бір айдай тұрдым. Содан соң: Челябі уезінің құрамындағы қазақ болыстарының өкілі ретінде олардың Қазақстан Республикасының құрамына қосу туралы өтініштерін жеткізу үшін Орынборға, дәлірек айтсам Орынбор арқылы Мәскеуге аттандым. Орынборда жолай бір ай аялдауға тура келді, себебі, Байтұрсыновтың да Мәскеуге баратындығын біліп ол кісімен бірге жүру үшін күтіп жаттым, өйткені, менің өзімнің онда жалғыз баруым өте қиынға соғатын еді.



Мәскеуде Байтұрсыновпен бір айдай бірге тұрдым. Сондай-ақ бұл кезде қазақ қызметкерлерінің ішінде Ермеков пен Бөкейханов Абдолла (солай деп жазылған – авт.) Мәскеуде тұрды. Бізбен бірге Қалидқан Танашев та келді. Содан кейін біз жол-жөнекей келе жатып қабырғасын сындырып алған Сейдазым Қадырбаевтің Мәскеуден жүз шақырымдай жерде жатқанын білдік. Ол туралы тұрақты өкілдікке Қадырбаевпен бірге келе жатқан Заки Валидовтің өзі айтты. Қадырбаевтің Заки Валидовке қалай кезігіп жүргені есімде жоқ. Зады, ол Мәскеуге келе жатқан бетінде жолай соғып, өзіне кешірім жасауға көмектесуін өтінбек ойы болған шығар.

Мәскеудің сыртында біздің бастаңғы ұйымдастырғанымыз. Оған мына адамдар қатысты: мен, Абдолла Бөкейханов, Байтұрсынов, Танашев, содан кейін Ереков және Валидов болды-ау деймін. Сонымен бірге Башқұрстан мен Татарстанның өкілдіктерінің бірнеше қызметкерлері, оның ішінде Сейдғалиев пе, әлде Сұлтанғалиев па бір адам болды, ал осы екеуінің нақты қайсысы болды, оны ашып айта алмаймын. Бастаңғының аты - бастаңғы, іштік – жедік, түстендік. Бізбен бірге башқұрт пен татар қызметкерлерінің әйелдері болды. Осы бастаңғыдан кейін Валидовпен кездескен емеспін. Бұл бастаңғыда біз саяси мәселелерді, оның ішінде ұлттық өлкелер туралы мәселені талқыладық па, жоқ па, ол жағы есімде қалмапты. Мүмкін ондай әңгімелер айтылса – айтылған да шығар. Байтұрсынов ол кезде ВКП /Б/ - ның мүшесі болатын, сондықтан да барлық партияда жоқтарды оның мүшелігіне өтуге үгіттеді. Байтұрсынов ол кезде менің өзіме жеке ұсыныс жасады. Ермеков Байтұрсыновтың ұсынысын қызу қолдады, бірақ та оның өзі неге екенін білмеймін, өтпей қалды. ВКП /б/ туралы “Алашорданың” арнайы нұсқауы болған – болмағанын білмеймін. Менің өзім де Байтұрсыновтың сол ұсынысын жақтадым, Бөкейханов Әлихан да бұл пікірді қостады.

Қайталап айтамын, жоғарыдағыдай жағдайда Мәскеу қаласында кездескеннен кейін қайтып Валидовты көргемін жоқ. Онымен хат алысқамын жоқ және “Алашорда” қайраткерлерінің арасында онымен кім хат алысып тұрғанын да білмеймін. Байтұрсыновтың 1921 жылы Бұхарадан Валидовтен хат алғанын мен білмеймін. Біз екеуіміз қазақтарды тыл жұмысына алған дүниежүзілік соғыс кезінде Минскі қаласында бірге істедік. Ал 1921 жылы Орынбор қаласындағы кеңес - партия мектебінде де қызметтес болдық. Содан кейін ол Ташкентке кетті. Неге кеткенін маған айтқан жоқ, білмеймін. Валидовтан хат алғаннан кейін, астыртын ұйымның тапсырмасымен Болғамбаевтің Ташкентке кеткені туралы ештеңе де білмеймін”.
Ешқандай контреволюциялық астыртын ұйымның болмағанына, диверсиялық қастандықтардың жасалмағанына, айыпкер деп түрмеге қамалған адамдардың бетпе-бет жүздесуiнде қылмысты iстiң дәлелденбегенiне қарамастан, қылмыстық жазаға тартты.

1988 жылғы Қазақ ССР жоғарғы сотының анықтамасынан: «Қылмыстық iстердiң материалдарында Әдiлев пен Болғанбаевтың 1921 жылы Ташкентте бiрге болғаны туралы, содан кейiн олардың Валидовпен жолығуы үшiн Бұхараға барғаны туралы деректер бар. Ал ол кезде (Валидовтың – авт.) қасында бұл екеуi емес, Ташкенттен барған Бiрiмжанов пен Битiлеуов болған. Олардың (Әдiлев пен Болғанбаевтың) берген жауабына қарағанда, Валидовтың көмегiмен шет елге кетудi көздеген, сол үшiн онымен (Валидовпен) келiсiм жүргiзу мақсатымен қызмет орнының командировкасын пайдаланған. Кейiннен бұлардың екеуi, Бiрiмжанов пен Битiлеуов шет елге оқуға кетуге мұрсат алды».
Соңғы соттың бұл анықтамасы бойынша, Әдiлев пен Болғамбаевтың Валидовке баруында саяси-контреволюциялық iс-әрекет жоқ, жүзеге аспаған тiлек бар. Жоғарыда көрсеткеніміздей, Д.Әділевтің Бұқараға барудағы мақсаты мүлдем басқа болып шықты. “Партизан” бунтарь” Д.Әділев З.Валидовтің демеуімен шет елге өтіп кетуді көздеген. Алайда Бұқарадағы аумалы-төкпелі жағдай, өзінің шалдықпалы дертке ұшырауы ол ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген. З.Валидовтің кейін 1967 жылы Стамбулда шыққан “Естеліктерінде” бұл екі азаматтың Бұқараға келуі барынша тиянақты айтылған.

Ал ендi осы Болғамбаев кiм?

Болғамбаев Хайретдин – 1893 жылы Ақмола округiнiң Нұра ауданында туған. Петропавлдағы совет-партия мектебiнiң оқытушысы.Қазақ тұрмысы, оның саяси құрылымы, отаршылдық езгiнiң зардаптары, жазалау саясатының құрбандары, түркістандықтардың қасіретті тағдыры туралы мақалалары «Қазақ», «Сарыарқа», “Бірлік туы” газеттерiнде жарияланған. «Алашорданың» Ақмола комитетiнiң мүшесi. Бiлiмi арнайы орта, 1920-1921 жылдары Орынбордағы партия совет қызметкерлерiн дайындайтын мектепте сабақ бердi. «Голощекиннiң «Кiшi Октябрін» сынап мақала жазған, лекцияларында оған қарсылығын ашықтан ашық айтқан. Байсалды, iскер, ұйымдастырушылық қасиетi басым, ВЦИК-тiң кешiрiмiне iлiнген адамның бiрi.

Хайретдин Болғамбаевтың Ташкентке барғаны рас па? Рас екен. 1988 жылғы Қазақ ССР жоғарғы сотының анықтамасынан:



«Омаров, өзiнiң 1921 жылы Орынбордағы совпартшколдың оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болғанын, сол кезде Болғамбаевтың сонда оқытушы боп iстегенiн айтты. Сол жылдың көктемiнде Болғамбаев одан Ташкентке командировкаға баруға рұқсат сұрайды, бұл келiсiм бередi. Бiрақ та оның ұзақ уақытқа дейiн қызметке қайтып оралмауына байланысты, ол (Омаров) бұл жөнiнде саяси ағарту басқармасының меңгерушiсi Кенжинге ескертедi. Соңғысы (Кенжин) өзiнiң қарамағындағы қызметкерi Хохловскийге мұның (Омаровтың) көзiнше:Ташкентке кеткен Болғамбаевты тұтқындау және оны күзетпен алып келу туралы телеграмма салу туралы тапсырма бердi. Бұл тапсырманың орындалғаны – орындалмағанын ол (Омаров) бiлмедi, алайда соңғысын (Болғамбаевты) қайтып Орынбордан көрмеген.

Алайда, тергеушiлер Омарвтың бұл куәлiгiн растайтын немесе оны жоққа шығаратын дәлелдердi, сондай-ақ қызмет орнына қайтпағаны туралы деректердi iздестiрмеген.

Бұл туралы Омарвпен бетпе-бет болған куәлесуде Болғамбаев: өзiнiң Орынбордан жолданған телеграмма туралы ештеңе бiлмегенiн айтты, бiрақ та онда қайтып оралмағанын жоққа шығарған жоқ. Оған қоса, Валидовтың хатын Бөкейханов (әуелде Байтұрсынов болатын – авт.) оқыған кезде, бұрын мұлдем қарам-қарсы пiкiр бiлдiргенiне қарамастан, Омаровтың онда жоқ болғандығын куәландырады.

Омаров, бұдан кейiн Әдiлевтың Орынборға 1921 жылдың басында келгенiн, Болғамбаевпен бiр бөлмеде тұрғанын, өзiне жұмыс iздеп жүргенiн, ал көктемде Ташкентке кеткенiн айтқан».
Тергеудiң барысына қарағанда Байтұрсыновтың Валидовқа жазылған хатқа мүлдем қатысы жоқ боп шықты, тіпті, ол хаттың жазылған - жазылмағаны да анықталмады. Тек Болағамбаевтың қызметiне қайтып оралмауы ғана iлiкке – себеп болуы мүмкiн, оның өзi де соттың үкiмiне емес, әкiмшiлiк шараға лайық. Командировканың қаржысын (егер пайдаланған болса) мекеменiң өндiрiп алуы тиiс.Тергеушілер осыдан кейін хат иесін Бөкейханов пен Дулатов етіп көрсеткісі келген сыңай танытады.

«Азамат Болғамбаевтың тергеудегі қосымша жауабы. 23/YI.29 жыл. Сұрақ: Ташкентке барар жатқаныңызда сіз Бөкейхановтың Дулатовқа не басқа адамға жазған хатын апардыңыз ба, жоқ па?

Жауап: Ташкентке бара жатқанымда Бөкейханов Дулатовқа хат беріп жіберді ме, жоқ па, ол жағы есімде қалмапты. Бөкейхановтың Дулатовқа хат бергені тіпті ойымда жоқ”.
Сонымен Ахмет Байтұрсынов «астарын контреволюциялық ұйым» құрды ма, жоқ па? Пантюркист Валидовпен хат алысқаны рас па, жалған ба?

Оған жауап iздеп, қосымша тергеу жүргiзбей-ақ, Қазақ ССР Жоғары сотының 1989 жылғы 4 қарашадағы анықтамасына жүгiнсек те жеткiлiктi. Мәселенiң басы сонда толық ашылған, яғни, Дiнше Әдiлевтің көрсетуi түгелдей терiске шығарылған. А. Байтұрсыновтың жауабының мазмұны мынадай:



«...Әдiлевтың берген жауабына Байтұрсынов пен Бөкейханов төмендегiндей түсiнiк бердi: олар «Алашорда» таратылып, 1920 жылы Совет өкiметi жағына шыққаннан кейiн ешқандай да саяси iспен айналыспаған, ешқандай контреволюциялық ұйым құрмаған.

Бұл жөнiнде берген Әдiлевтың жауабы ойдан шығарылған, олар Валидовтен ешқандай да хат алмаған. Оларға (Байтұрсынов пен Бөкейхановқа – авт.) Валидовтың бағыты (платформасы) белгiлi болатын, бiрақ та оған бұлардың ешқандай қатысы жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет