«Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.
«...1926 жылы оқу-ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924-1926 жылдары жүргiзiлдi (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370-iс, 1 т., 220-бет).
Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.
Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынына, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.
Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiлдi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев Мағжан және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Халел, Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты.
«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм» (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ).
«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды... Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған үндеді, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi» (Байдiлдин, № 5441 784-iс, 4 т., 134-парақ»).
«Бұдан кейiнгi жылдарда кеңес өкiметiне қарсы ашық пiкiр бiлдiре алмадық, оны жүзеге асыра қоятындай күш болмады, сондықтан да барлық күштi кеңес мекемелерiндегi қызметке ие болып, сол арқылы кеңес өкiметiнiң науқандары мен шараларына бөгет жасауға тырыстық» (Тынышбаев, № 2370-iс, 1 т., 131-парақ).
«...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым-жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлев апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу-ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370-iс, 1 т., 378-парақ).
«...бiздiң ойлаған мақсаттарымыз кеңес өкiметiнiң мемлекеттiк басқару аппараты арқылы жүргiзiлiп, iске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында бiз көп iс тындырдық.
а). Оқу-ағарту комиссариатының ғылыми комиссиясында Байтұрсынов, Досмұхамедов және Ысқақов қызмет iстедi.
б). 22-жылға дейiн Оқу-ағарту комиссариатын Байтұрсынов басқарды, одан кейiн Сүлеев Оқу-ағарту комиссариатының орынбасары болды, одан кейiн Сәдуақасов келдi, ОАК-ға Дулатов та жақын жүрдi, бiр кезде Ташкенттегi институттың директорлығының мiндетiн Әдiлев те атқарды.
в). Қазақ мәдениетi мен ағарту iсiнiң жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерiнiң құрамында: Х. Досмұхамедов төраға, Есполов орынбасар, Әуезов, Тынышбаев және Ж. Досмұхамедов пен Қашқынбаев болды.
г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылорда да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.
д). Оқулықтарды – Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт-бағдар бойынша) жазды.
е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап) керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды».
ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды.
з). Ескi араб әлiпбиiн жақтап қорғағандар: Байтұрсынов, Е. Омаров, Байсейiтов Әзiз.
и). Тiлдiң тазалығы үшiн күрескендер (бұрынғы атаулар мен ұғымдарды): Байтұрсынов, Жұмабаев, Х. Досмұхамедов.
к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев оқулық жазды.
л). Баспасөзде пiкiр бiлдiргендер: («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиялық ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есполов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б.
м). Көпшiлiктiң алдында лекция оқып, баяндама жасағандар (қазақтың мәдениетi мен тарихын, өмiрiн «Алашорданың» идеологиясы» тұрғысынан түсiндiргендер): Досмұхамедов, Есполов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев – бұлар Ташкенттегiлер, Орынбордағыларды бiлмеймiн, Қожанов та баяндама жасаған, Асфандияров пен И. Тоқтыбаев және басқалар да араласты.
н). Университетте (Алматыдағы) сабақ бергендер: Байтұрсынов, Ермеков, Досмұхамедов Х, (университеттiң ашылу кезiнде Байтұрсынов «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан сөйледi).
Осы кезде шыққан кiтаптардың көпшiлiгi «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектерi сол идеямен қаруланып шықты (Тынышбаевтің 3. Х. 30 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 277-278-парақтар).
Соңғы уақытта, Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелерi түрмеге қамалғаннан кейiн, ұйым мүшелерi Оқу-ағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның iшiнде қазақ мемлекеттiк университетiнiң маңына топтаса бастағаны байқалады.
Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттiк университетiне, бiз өзiмiздiң идеологиямызды кеңiнен таратуға мүмкiндiк беретiн оқу орыны ретiнде қарадық. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрiп шыққан соң мектептерде сабақ беретiн, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтан да, бiз үшiн жастарды «Алашорданың» рухында тәрбиелеудiң маңызы ерекше болды.
ҚазМУ-дiң ректоры Асфандияров пен оның орынбасары Жандосов бiзбен жақсы араласып тұрды және бiзге сендi, сондықтан олар бiздiң пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшiн, бiздiң оқу орындарындағы жүргiзген әрекетiмiз туралы маған Доcмұхамедов хабарлаған бiр жайды айта кетейiн: Досмұхамедов ҚазМУ-де рефлекстанудан дәрiс бердi және шәкiрттерге маркстiк емес тұрғыда түсiнiк бердi. Мұны байқап қалған студенттер, одан сабақты маркстiк тұрғыдан түсiндiрудi талап етiптi. Сонда ол: мен марксшыл емеспiн, сондықтан маркстiк тұрғыдан түсiндiрiп бере алмаймын, рефлекстануды маркстiк негiзде оқытатын адамды өздерiң тауып алыңдар, – дептi (Тынышбаевтің 4/Х – 30 ж. жауабынан № 2370-iс, 1 т., 312-парақ).
Тағы да ол: «Оқу-ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша бiз оқу орындарында қызмет етуге және кейбiр кiтаптарымызды шығаруға мүмкiндiк алдық. Досмұхамедов пен Ермеков – ҚазМУ-де, Сүлеев – Семейдiң Аймақтық оқу-ағарту бөлiмiнде қызмет еттi» (Сонда, 31 - парақ), – деп көрсеттi.
Досмұхамедов Х.: «...байдың балаларын ҚазМУ-ден шығарып тастаған кезде мен оны (Асфандияровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т.Ж.) бұлар: байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 209-парақ)»,– деген арнайы айыптау айғақтары келтірілген.
Мiне, қазақ ұлтының рухани мұрасын сақтап қалған тұлғаларға деген көрсетiлген «құрметтiң» сиқы осындай. Әрине, тергеушiлер үшiн мұндағы айтылған жайлардың байыбына барудың пәлендей қажетi жоқ. Тек тiзiм мен дерек болса жетiп жатыр. Егерде, дәл сол кезде Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлi мен әдебиеттану ғылымының негiзiн салмаса, бiз бұл күндерi бастауыш пен баяндауышты – бастаушы мен қостаушы, анықтауыш пен толықтауышты, айқындаушы мен толықтырушы, зат есiм мен сын есiмдi – негiздi есiм мен түрлi – түс, қимыл есiмi деп атап жүрер ме едiк, кiм бiлсiн. Ал, шылау мен үстеудi, етiстiктi қалай атарымызды бiр алланың өзi бiлсiн. «Тiл мен ұғымның тазалығы» үшiн күрескенiне «айыпкер, алашордашыл» атанған Ахаңсыз есептiң төрт амалына – алу мен қосуға, бөлу мен көбейтуге ат тауып көрiңiзшi. Алынғыш, қосылғыш, көбейткiш, бөлiнгiш деп тәржiмаланып жүрген ұғымдардың санамызда мәңгi тұрақтап қалмасына кiм кепiл? Мағжанның өлеңдерiнсiз, «Ақбiлексiз», «Қилы замансыз», «Аламансыз», «Қазақ тарихынсыз», жаратылыстану, физика, психология, геология саласындағы алғашқы оқулықтардағы атаусыз (терминдерсiз) қазақтың бүгiнгi рухани, мәдени-ғылыми iлiмдерiнiң дәрежесi қандай «табалдырықта» жатар едi?
5.
Мұхамеджан Тынышбаевті «Түрксiб» темiр жолының тағаны төселiп бiткенше «қалпақ астында» ұстады да, тура салтанатты ашылу рәсiмiнiң қарсаңында қақпайлап шетке шығарды. Өйткенi, «Алашорданың», уақытша үкiметтiң қайраткерi, Қоқан Республикасының премьер-министрi: Кеңес үкiметiне темiр жол салуға белсенді түрде қатысты дегізу – асқан «саяси сауатсыздық әрі арандатушылық, кеңес өкіметінің беделін түсіретін идеологиялық қастандық әрекет» болып табылатын. Сөйтiп, «ұлы құрбандықтың» екiншi легi түрменiң торына:
-
Ермеков Әлiмхан – 6/Х. 30 ж.
-
Тынышбаев Мұхамеджан – 4/ VIIІ – 30 ж.
-
Досмұхамедов Халел – 14/IХ – 30 ж.
-
Досмұхамедов Жаhанша – 31/Х – 30 ж.
-
Қожамқұлов Нашир – 20/Х – 30 ж.
-
Сүлеев Бiләл – 27/IХ – 30 ж.
-
Кеменгеров Қошмұхамед – 17/IХ – 30 ж.
-
Әуезов Мұхтар – 17/IХ – 30 ж.
-
Омаров Әшiм – 14/IХ – 30 ж.
-
Күдерин Жұмақан – 17/IХ –30 ж.
-
Бұралқиев Мұстафа – 17/IХ – 30 ж.
-
Ақбаев Әбдухамид – 14/VIII – 30 ж.
-
Ақбаев Жақып – 8/VIII – 30 ж.
-
Қадырбаев Сейдазым – 14/IХ – 30 ж.
-
Тiлеулин Жұмағали – 2/VII – 30 ж.
-
Мұрзин Мұхтар – 14/IХ – 30 ж.
-
Омаров Уәлихан 30/III – 31 ж.
-
Үмбетбаев Алдарбек – 8/VIII – 31 ж.
-
Искаков Даниал – 29/III – 31 ж.
-
Мұнайтпасов Әбдiрахман – 23/IХ – 31 ж.» – күндерi түстi.
Алдыңғы толқыннан кейiнгi алаштың ең көрнекті де үмiттi топ осылар едi.
Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1972 жылы 18 ақпандағы Партия институтының директоры С.Б.Бейсембаевқа жолдаған құпия хатында:
«Тынышбаев Мұхамеджан, 1887 жылы туған, қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ мекемесі оны: «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, Мемлекеттік Думаның мүшесі, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, Уақытша үкіметтің комиссары ретінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алған. 1932 жылы 20 көкекте сотталған», – деп көрсеткен.
Демек, М.Тынышбаевқа: астыртын ұйым, басмашылармен байланыс, контрреволюциялық әрекеттер туралы тағылған айыптың қолдан жасалғанын құпия мекемелердің өздері де мойындап, жалтара жауап берген.
ЕКІНШІ ТАРАУ: «ТАТУЛЫҚТЫ СҮЙГІШ, СЕЗГІШ ЖҮРЕКТІ...»
(Мұхамеджан Тынышбаев)
1.
Сонымен, қазақ ұлтының рухани көсемдерiнiң барлығы бiр жылдың орайында жаппай түрмеге қамалып, жазалау саясатының құрбандығына шалынды. Қоғамның саяси және рухани, мемлекеттiк өмiрiндегi орыны мен күрес тәжiрбиесiнiң, көзқарастары мен iс-әрекеттерiнiң, тiптi, жас мөлшерiнiң айырмашылықтарына қарамастан, бастары бiр көгенге қосақталып, ортақ айып тағылды. Мақсаты мен тiршiлiк тоғысы, мекенi мен мекемелерi ортақ болғандықтан да олар бiр-бiрiн бiлетiн, аралас-құралас ғұмыр кешкен. Сол таныс-бiлiстiгiнiң өзi оларға қылмыс ретiнде таңылды.
«Алашордашылардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыртын ұйымы туралы тергеу ісінің» бірінші тобы – Ә.Бөкейхановтан, екінші тобы – «Алашорда» үкіметінің әскери кеңесінің мүшесі, Қоқан (Түркістан) автономиялы республикасының премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаевтан басталды. Өйткені «Алашода тарихшысы» С.Брайниннің «қолындағы және ішінара жұмысына пайдаланған» жандармерияның «құжаттарына жүгінсек»:
«...олар Уақытша үкіметтің отарлау аппаратында қазақ еңбекші бұқарасының баскесер жендеті міндетін ар-ұятымен (за совесть) атқарды. Бөкейханов Торғай облысындағы көтерілісті жанышты, ал Тынышбаев – Шкапскиймен қосылып Жетісудағы қазақ пен қырғыз бұқарасын талқандаған» еді» (Алаш қозғалысы, 4 том, 93-бет).
Мұндай арсыздықпен пайымдалған «ғылыми тұжырымды» «голощекиндік националдар» да, тергеушілер де қапы жібермей, ұтымды пайдаланды. Сөйтіп, 1930 жылы 4-тамыз күні Мұхамеджан Тынышбаев тұтқынға алынды. Біз тарихи құжаттар мен деректерді Мұхамеджан Тынышбаевқа айып ретінде тағылған анкеталық анықтамаға жауап ретінде рет-ретімен салыстыра отырып пайдаланамыз. Сонда алаш қайраткерінің көзқарасының қалыптасуы мен «қылмыс баспалдағын» толық қамтуға мүмкіндік туатын сияқты көрінді.
Анкеталық анықтама: Мұхамеджан Тынышбаев – 1879 жылы туған. 1890-1900 жылдары Верный гимназиясында оқыған. 1906 жылы Петроградтағы байланыс қатынастары институтын бітірген. Инженер-теміржолшы. 1905 жылғы революциялық қозғалыстарға белсенді түрде қатысқан және Жетісу қазақтарының арасында тұңғыш рет азаттық пен бостандық идеясын насихаттап, таратқан. «Сын отечества» (шығарушы с-р Юрицев), «Радикал» (шығ. Маргулиев), «Речь» және «Русский Туркестан» (Морозовтың басшылығымен) газеттерінің тілшісі болған. Проф. Бодуен де Куртенмен (поляк), А.Кусовпен (украин), журналист В.Жаботинскиймен (еврей) және басқалармен бірігіп 1905 жылы автономияшыл-федералшылардың одағын құрды. «Русский Туркестан» газетіндегі «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндамасының қолжазбасы одақтың құрылтайында тәргіленіп, айып салынды. 1905-1906 жылдары Верныйда тұтқындауға астыртын бұйрық берілген, Петербургте жасырынып жүрген. 1907 жылы Жетісу қазақтарының атынан мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайланды.
Кеңес тарихшылары қазақ зиялыларының ұлт-азаттық қозғалысын мүлдем жоққа шығарып, сол арқылы Біртұтас алаш идеясы жолындағы «Алаш» қайраткерлерінің жанкешті күресін тарихтан сызып тастауға ұмтылды. Белгісіз белсенді большевик-тарихшы Н.Гредускула қазақ депутаттарын Думада:
«Тіл құқығы, дін құқығы, ұлттық мектептер, ұлттың өзін өзі билеуі мен тәуелсіз дамуы, бір сөзбен айтқанда, ұлттың жанын ауыртып отырған нақты мәселе, халықтың нақты ұлттық тілегі туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 86-бет) күстаналады.
Бұған қарсы С.Асфандияров:
«Дау тудыратын мұндай айғақсымақтар бізге пайда әкелмейді. 1905 жылдан бергі ұлт-азаттық қозғалыс туралы Брайниннің баяндамасында методологиялық қателіктер жіберілген. Бұлардың тұжырымымен келісу дегеніміз – Қазақстан халқы өзінің бостандығы үшін күресті деген тарихи шындықтан бас тарту, демек, бұл – Қазақстан мен Орта Азиядағы Қазан төңкерісін қызыл армияның штыгіне сүйенген тек орыс пролетариатының бір өзі ғана орнатты деген тұжырыммен келісу. Қазақстанның отарлық қанауда болғанын, импералистік елде буржуазия ешқандай да төңкерісшіл әрекетке бармайтынын, ал отар елдердегі буржуазия белгілі бір межеге дейін революциялық іс-қимылға баратынын ұмытпау керек... Ұлттық қозғалыс неден басталды?.. Қазақстанда қалай басталды? Әуелі буржуазия пайда болды. Жадидизм пайда болды, бұл – мектеп үшін, әдеби тіл үшін күрескен жалпыға ортақ қозғалыс»,– деген пікір білдірді.
Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтының тезистерінде М. Тынышбаевқа:
«1916 жылғы патшаға қарсы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында: алашордашылар көтеріліске белсенді түрде қатысты, оған жетекшілік етті – делінеді. Керісінше, байлар мен алашордашылар соғыс басталғаннан бастап патша өкіметі жағында болды және оны белсенді түрде қолдады. Көтеріліс тұсында байлармен қосылып қазақтың еңбекші бұқарасының жендеті, барлаушы, патшаның жазалау отрядының жол көрсетушісі қызметін атқарды, өздері де жазалау отрядын ұйымдастырды... Мысалы, алашордашыл Тынышбаев Орта Азия мен Қазақстан бұқарасының жендеті генерал-губернатор Куропаткиннің ресми түрде аудармашысы болып, ал шын мәнінде «ауылды тұншықтыру үшін» Жетісу облысын аралап шықты...»,– деп (Алаш қозғалысы,4 том, 28 - бет) жымысқылықпен баға берілді.
Мұндайда, лениндік шындық пен адалдықтың парқы – жалақорлықпен, қаскүнемдікпен өлшенетін сияқты көрінеді. Анығында тарихи шындық мүлдем басқа болатын.
Сонда шындығы қайсы? Бұған 1933 жылы 8-29 желтоқсан аралығында марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған кеңес жауап беруге тиісті еді. Онда Сталиннің:
«Кеңес өкіметінің қуат-күшінің артуы өліп бара жатқан таптардың ең соңғы қарсылығын тудырады»,– деген қағидасын басшылыққа ала отырып, олар Молотовтың:
«...Сондықтан да, ең алдымен ұлыдержавашыл, антисемитшіл шовинистерге, сонымен қатар жергілікті жерлердегі – петлюровшілерге, алашордашыларға, муссаувтшілерге қарсы күресті күшейту керек»,– деген нұсқауын жүзеге асыруға тиіс болды.
«Алашорданың» атын санадан мүлдем өшіріп, тарихтың күлтөбесіне көму үшін алаш идеясынның қалыптасу жолын талқыға салып, оны күресінге лақтыру арқылы алаш қайраткерлеріне шығарылған үкімді заңдастыруға бағытталған бұл кеңестегі «тарихи пікірлерді» тарихи тұрғыдан нақты дәлелмен екшеу мақсатында М.Тынышбаевтің көзқарасымен, оның тергеудегі сұрақ-жауаптарымен салыстыра отырып тәпсірлейміз. Өйткені кей тұстағы пікірлердің бұрмаланып, астарланып айтылғаны сондай, одан шындықтың қылын суырып ала алмайсың. Сөйлеушілердің пікірі қандай бағытта дамығанын айтыс пен тартыс барысында парасатты ғалым Қ.Жұбановтың өзінің:
«Алашордашылар Шоқанды қазақ халқының қорғаушысы етіп көрсетті. Шындығында мүлде олай емес. Шоқан саяхатшы болды, Синьцзянға барды, Іле Алатауын жазды, Алтынсарин осылай деп жазды. Бөкейхановтың Потанинмен, сібірлік казак-орыстармен достасуы кездейсоқтық емес. Бөкейханов: миссионерлік (шоқындыру – Т.Ж.) саясатты міндетті түрде қолдау қежет, – деп есептеді. Алайда Бөкейханов Потанинен де сорақы, реакцияшыл болды. Потанин өзінің 1904 жылғы хатында: Ақмола қаласында мемлекеттік университет ашылса – деп армандады, ал Бөкейханов оған басын қатырғысы келмеді. Оқулықтар құрастыру, қазақ тілін жүйелеу – бұл «Алашорданың» революциялық орынын анықтауға негіз қалай алмайды, бұл іс миссионерлерге тиесілі бастама»,– деген уәжінен байқауға болады.
Иә, Потанин: қыр елінің болашақтағы астанасы – Ақмола болуы тиіс, онда университет ашылатын күн де туады,– деп армандады. Ал Бөкейханов: бұл келешектің ісі. Дәл қазір оған Ақмола дайын емес, - деп есептеді. Араға тура тоқсан жыл салып барып қос дегдардың болжамы шындыққа айналды. Мәселе, Қ.Жұбановтың Ақмоланың астана болатындығына мысқылдай қарағанында емес, мәселе – Ә.Бөкейхановты, сол арқылы Шоқан мен Ыбырай бастатқан мұқым қазақ зиялыларын, оның ішінде өзі де бар – миссионер деп бағалауында. Бұл кеңестің басты мақсаты «Алашордашылардың» атын өшіре отырып, сонда айтылған пікірлерді тасқаяша қағыстырып, болашақ алашордашылардың, яғни, «барған сайын шиеленісе түсетін таптық күрестің барысында» алдағы уақытта анықталуға тиісті алашордашылардың үшінші толқынының тізімін жасау үшін құрылған сияқты әсер қалдырады. Өйткені осы келеңсіз келеге қатысқандардың барлығы да төрт жылдан соң «алаш идеясын жүзеге асыру үшін құрылған астыртын ұйымның мүшесі», «Жапонияның барлау қызметінің агенті» болып шыға келді. Өйткені Қазақстанға жаңа келген Мирзоянға Сталин:
«Ұлыорыстық шовинизммен тек қана жергілікті партия ұйымдары ғана күресіп жатқан жоқ, бәрінен бұрын БКП(б) Орталық Комитеті жаппай шұғылданып отыр. Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі – ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес. Бұқараны интернационалистік тұрғыдан тәрбиелеу жұмысы Украинаға қарағанда Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатыр деп айтуға болмайды. Қайта керісінше шығар. Егерде, бұған қарамастан, дәл қазіргі кезеңде Қазақстан үшін ұлтшылдық басты қауіп болмаса, оның басты себебі – Украинаға қарағанда қазақ ұлтшылдарының шетел интервенттерімен байланыс жасауының қиындығында. Алайда Қазақстан үшін қолайлы мұндай жағдайға қарамастан қазақ коммунистері қазақ ұлтшылдығымен және оларға іштартушылармен күресті босаңсытпауы тиіс. Керісінше, қазақстандық ұлттар бұқарасының санасына лениндік интернационализмді сіңіруге барлық жағдайды жасау үшін жергілікті ұлтшылдықпен күресті барынша ауқымды түрде күшейту қажет. Басшылыққа алу үшін БКП(б) Орталық Комитетінің Тәжікстан туралы қаулысын жолдап отырмыз»,– деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 442-бет) тапсырма берді.
Мұндай нұсқау кезінде Қужаққа да – Голощекинге де беріліп, алашордашыларды жаппай жазалау науқаны басталған болатын. Мирзоян да сол жолдан ауытқыған жоқ. «Алашорданың» контрреволюциялық іс-әрекетін әшкерелейтін жинақ құрастыртып, оны талқыға салған ғылыми кеңес өткізді. Ал төрт жыл өткен соң Мирзоянның өзін де ажал сыбағасы күтіп тұрды.
Келеңсіз де келелі сол кеңесте Мұхамеджан Тынышбаевтің ұлттық идеяны қалыптастыру мен ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты қайраткерлігі қақында кереғар пікірлер білдірілді. Тіпті қыжыртпа қақтығыстарға да себепкер болды. Біз өздерін де сондай тағдыр тауқыметі күтіп тұрған шешендердің пікірлерін М.Тынышбаевтің түрмеде қойылған сұрақтарға берілген жауаптарымен жарыстыра, салыстыра дәйектейміз. Міндетіміз – Біртұтас алаш идеясының қалыптасуын қамту болғандықтан да, алаш идеясының атаусыз қалған үшінші толқынының ой-тұжырымын қамти кетуді парыз санадық.
Біртұтас Алаш идеясы жолындағы өмірлік күрес бағдарламасын М.Тынышбаев өзінің «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты 1905-жылғы 19 қарашада автономиялардың І съезінде жасаған баяндамасында тұжырымдап алған болатын. Дума мүшесі ретінде ол қазақ жұртының саяси-әлеуметтік, рухани талабын империя депутаттарының алдына тұңғыш рет жастыққа тән өжеттікпен батыл әрі батыра айтты. Саяси бағдарламаның кіріспесінде ол:
«Қазақ даласы ерекше мәдени, әлеуметтік-саяси және қоғамдық-экономикалық жағдайларға ие, ерекше заңдар негізінде басқарылады. Сондықтан да қыр еліндегі қазіргі қозғалыстың жалпы сипатын түсіндіру үшін, одақ мүшелерін оның өкілдерімен жұмыс істеуге тура келетін және Ресейде оларды өте аз білетін халықпен таныстыру үшін қазақтар жөнінде, басқару жүйесі және саяси, әдет-ғұрып, дін жөнінде, сол сияқты қырдағы қалыптасқан жағдайдың басты себепшісі болып отырған экономикалық қысым туралы қысқаша мәлімет беру қажет деп есептеймін. Қазақтар... 1897 жылғы жалпыға бірдей санақта 4.100.100 тұрғын халқымен Ресейде 6 орынға шықты... Бірақ, бұл санның дұрыс еместігі талассыз: қазақтарда соңғы кездерге дейін метркелік жазбалар болған жоқ, ал көптеген жерлерде әлі күнге дейін де енгізілмеген. Санақ кезінде қазақтар: үкімет әскери міндеттілікті енгізгелі жатыр екен – деп ойлап, балаларын жасырып қалған (қазақтар әскери міндеттен босатылған). Торғай облыстық басқармасының бұрынғы кеңесшісі И.Крафт оларды 6 миллион деп есептейді, қазақтар тарихы мен тұрмысын өте жақсы білетіндердің бірі Я.Я.Полферов оларды 5,5 миллион дейді, біз де шындыққа жақындау сан осы ғой деп ойлаймыз. 1730 жылға дейін қазақтар өзіндік саяси тәуелсіз өмір сүрді және 3 ордадан тұратын одақ (үнемі болмаса да) құрды. Оларды шығыс монғолдар тегінен шыққан сұлтандар биледі. Қазақтардың өзі монғолдар тегінің әріден қосылатын бір бұтағы болып табылады және бәрінен де Қазан татарларына, әсіресе, қырым татарларына жақын. Ең жоғары билік ақсақалдар жиналысының қолында. Сұлтандар соғыста қол бастады және оларға орындаушылық билік берілді. Жан-жағынан жаулары – қытайлар, жоңғарлар, қалмақтар, башқұрттар мен орыс казактары қыспаққа алған қазақтар 1730 жылдан орыстың қол астына кіре бастады, ал 1865 жылы Қоқан хандығы аймағында көшіп жүрген ең соңғы еркін көшпенділер де бағынды. Нақтысында ешқандай соғыс болған жоқ, өйткені қазақтар бұдан әрі өзінің тәуелсіздігін сақтап қала алмайтындығын жақсы түсінді, сезінді. Осының нәтижесінде орыс өкіметіне тұтастай 5,5 млн. адамды кәдімгі адамгершілік праволарынан айырып қосып алу еш қиындыққа түскен жоқ. Қаншалықты ауыр, қаншалықты мұңды болса да, қазақтар еркін өмірімен еріксіз қоштасып, қасіретті кең даланың тынысындай бостандықтарынан бас тартуға мәжбүр болды»,– деп тарихи анықтама берумен бастады.
Шындығында да, қазақ үшін бостандық пен кең даланың тынысы егіз ұғым болатын. Жас инженер өзінің алғашқы саяси пікірін бұдан әрі:
Достарыңызбен бөлісу: |